Ә. COVID-19 кезінде қазақстандық БАҚ-тардағы коммерциялану
құбылысы туралы дискурстарды талдау
1) Неолиберал капитализм, денсаулық сақтау жүйесі және мемлекеттік
функциялардың коммерциялануының негатив ықпалын ашып
көрсететін дискурс
Жалпы, неолиберал капитализм, нақты алғанда, денсаулық сақтау жүйесі
мен мемлекеттік функциялардың коммерциялануының негатив ықпалын
ашық сынайтын дикурс қазақстандық БАҚ-та өте сирек кездеседі (мысалы,
Воронин, 2020). Денсаулық сақтау саласы, экономика мен мемлекеттің кей
функцияларының неолибералдану және коммерциялануының негатив
ықпалының ең жарқын және жіті сыни талдауын Данияр Әшімбаев
жасаған.
365info.kz ақпарат агенттігі жариялаған мақалаларда неолиберал
119
капитализмнің негатив ықпалы туралы дискурс мемлекеттік
функциялардың коммерциялануын талқылау деңгейіне дейін көтерілген.
Мысалы, Әшімбаев мемлекет функцияларының коммерциялануы [немесе
неолиберал бетбұрыс] Қазақстанда көптен бері байқалып отырғанын
көрсетті. Оған қоса, халыққа көрсетілетін қызметтің «табысы» туралы
әңгіме де анда-санда айтылып жүрді, яғни мемлекеттік қызмет пайда
түсіруге тиіс [неолиберал капитализм логикасына сай]. Әшімбаевтың
денсаулық сақтау секторын ашып көрсеткені маңызды (Алехова, 2020a).
Коммерциялизация масштабын талдаған Әшімбаев «өмірдің
коммерциялануы максимал шегіне жетті... ұғымдардың жаппай
алмастырылуы мен қоғамдық қатынастар деградациясын байқап
отырмыз
14
. Мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі мен есеп беруі,
өзара міндеттеме жойылып барады» деген (Алехова, 2020a).
«Пандемия халыққа көрсетілетін қызметтің коммерциялануы мен
қоғаммен қатынас деградациясының негатив жағы мен қаупін көрсетті».
«Мен бәріне 1990 жылдардағы коммерциялизацияны айыпты санаймын,
сол үрдіс қазір бүкіл салаға еніп алған... Біз мемлекет пен қоғамның екеуі
де деградацияға ұшыраған жағдайға жеттік» (Алехова, 2020a).
«Соның бір мысалы – денсаулық сақтау саласы. Бұрын да кейбір
стоматологиялық қызметтен өзге медициналық мекемелер мемлекет
меншігінде еді, содан кейін жеке сектор дами бастады. Бұл экономиканың
аса табысты саласы болып шықты... содан кейін медициналық қызмет
саласының коммерциялануына келдік».
2020 жылдың сәуірінде қажет қорғаныс киімі берілмей, үстемеақысы
дұрыс төленбеген қазақстандық дәрігерлер мен өзге де медқызметкерлер
наразылығынан кейін халық ашу-ызасы күшейе бастаған шақта ehonews.
kz жариялаған материалда өте кәсіби түрде былай деп жазылған:
«Денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарыс – талай жылдан бері осы саланың
ауқымын кішірейтіп, коммерцияландырып, жекешелендірген неолиберал
саясат нәтижесі» (Баиров, 2020).
Өз материалдарында Әшімбаев денсаулық сақтау саласының
коммерциялануына қатысты сын жекеменшік денсаулық сақтау
институттары немесе жекеменшік медициналық мекемеден бас тарту
ретінде түсінілмеуі керегін ескертті, ол барша халықтың қолы жететін,
жүйелі түрде ұйымдастырылған қоғамдық денсаулық сақтау секторының
қажетіне мән береді, әлгі тұтас жүйеде жекеменшік институттары
қосымша, көмекші ұйым рөлін ғана атқаруы керек (Ергешова, 2020).
Қазақстандық денсаулық сақтау жүйесінің коммерциялануы туралы
аталған сын, бюджеттен қаржы алып, ақшаны текке шашатын неолиберал
институттардың құрылуына да тікелей әсері бар. Неолиберал реформалар
нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесінде «Ұлттық медициналық холдинг»
АҚ, «СК-Фармация» ЖШС, «КазМедТех» АҚ сияқты квазимемлекеттік
неолиберал институттар құрылды, оларды медицина саласы мамандары
емес, неолиберал экономиканың, қаржы мен менеджменттің мамандары
басқарады
15
(Ергешова, 2020).
Осы квазимемлекеттік неолиберал институттарды құру,
реформашылдардың жоспары бойынша, медициналық қызмет сапасын
14 Коммерциялану мен мемлекеттің жауапкершілігінің жойылуы арасындағы
байланыс туралы алдағы мәтіннен оқыңыз.
15 Толығырақ осы мақаладан қараңыз.
120
жақсартуы керек болғанмен, шын мәнінде, денсаулық сақтау саласындағы
мемлекеттік саясат бір ғана мақсатпен жүзеге асырылған сияқты. Ондағы
мақсат – денсаулық сақтау институттарын жөндеудегі, тұрғызудағы,
медициналық жабдық сатып алу мен азаматтарды емдеудегі мемлекеттің
қаржылық шығынын минимумға азайту.
Әшімбаев мемлекеттің денсаулық сақтау саласының
коммерциялизациясы механизмін қолмен қойғандай түсіндіріп берді,
«Ауруханалардағы орын санын азайтып, ауруханаларды жауып, емхана
сияқты денсаулық сақтау институттарын жекешелендірген мемлекет
халықты жеке секторға бағынышты етіп отыр. Мемлекет аурухана салу,
оны жөндеу және медициналық жабдық сатып алу шығынын өз мойнынан
алып тастады. Алайда жеке бизнес ең алдымен табыс табуға тырысады.
Негізі, карантин болмағанда, осы экономика (неолиберал рельске түскен)
сол қалпында жұмыс істей берер еді» (Алехова, 2020a; Майская, 2020).
Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында коммерцияланудың
бірнеше басты қағидасы (неолиберализм элементтері), негізгілерін атап
айтсақ, медициналық сақтандыруды қайта енгізу, денсаулық сақтау
институттарын жекешелендіру тұрақты түрде жүзеге асырылды. Алайда
Әшімбаев сияқты бірнеше сарапшыны айтпағанда, қазақстандық
ғалымдар мен сарапшылар бұл процеске сын айтқан жоқ. Мемлекет
тегін медициналық көмектің кепілдік берілетін мөлшері ұғымын
қабылдағанмен, ондағы қызмет көрсету операторлары да – жекеменшік
медициналық орталықтар (Алехова, 2020a). Бұл жайт жеке институтардың
денсаулық сақтау саласын табыс іздеу мен табысты максимумге жеткізу
көзіне айналдыруына жол ашты (табыс іздеу және табысты максимумге
жеткізу логикасы дәрі-дәрмек сатып алуға қатысты істерден де
байқалады).
2) Коммерцияланған денсаулық сақтау саласының кемшіліктері және
оның пандемия кезіндегі теріс ықпалын сынайтын дискурс
Пандемия кезінде қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік медиада жарияланған
көп материалда денсаулық сақтау жүйесінің кемшіліктері қатты сынға
алынды. Алайда денсаулық сақтау саласының коммерциялануын сынаған
материал өте аз болды. Д.Әшімбаев, К.Көнеев талдаулары – Қазақстанның
денсаулық сақтау саласының коммерциялануының негатив ықпалын
талдаған ең жіті талдаулар.
Мысалы, Әшімбаевтың айтуынша: «Егер пандемия болмағанда, осы
[неолиберал] экономика жұмыс істеп тұра берер еді. Бірақ коронавирустың
тарауы денсаулықты сақтандырудың жекеменшік жүйесі дағдарыс
жағдайында емес, экономикалық өсу жағдайында ғана тиімді болатындай
етіп құрылғанын көрсетті. Онда эпидемияға қарсы күреске шығатын күш
пен қауқар жоқ. Жүйе құлады» (Алехова, 2020a; Майская, 2020).
Д.Әшімбаевтың айтуы бойынша: «Жекеменшік денсаулық сақтау
институттары, жалпы алғанда, пандемиямен күреске мүлде жоқ. Карантин
кезеңі мен шекара жабық кезде [Қазақстанның денсаулық сақтау
саласының коммерциялануы мен неолибералдануынан пайда көріп
отырғандарға], шет елде емделу де мүмкін болмай қалды. ... Мемлекеттің
талай жылдан бері реформалап [және неолиберал үлгіге бейімдеп
келе жатқан] денсаулық сақтау жүйесі мемлекеттің өзіне [неолиберал
идеологиясына да] ақтық соққы берген сияқты» (Алехова, 2020a).
121
Дегенмен пандемия кезінде медиада сирек байқалған жекеменшік
клиника өкілдерінің пікірінше, жекеменшік денсаулық сақтау секторы
тиімді. Мысалы, Алматыдағы жеке клиникалардың бірінің директоры
таза неолиберал дискурсқа сай әңгімесінде Қазақстан денсаулық сақтау
саласы жекешелендірілген немесе бәсекелес ортада жұмыс істейтін елдер
тәжірибесін алу керек деген. Себебі мемлекет денсаулық сақтау саласына
араласқан сайын жемқорлық өршіп, тиімділігі төмендейді (Алимов,
2020). Жекеменшік клиникалардың табыс табуды көздеген сақтандыру
компаниялары бар неолиберал медициналық сақтандыру жүйесін
қолдауы логикаға сыйымды, жалпы, сол сақтандыру компанияларының
қайта сақтандыру компанияларымен аутсорсинг келісімшарттары бар
(Алимов, 2020).
«Әлемдік денсаулық сақтау жүйелерінің пандемия кезіндегі тиімділігі»
атты қызықты салыстырмалы талдауды ratel.kz сайты жариялаған
(мұндай талдау қазақстандық БАҚ-та тапшы). Автор Байжүнісовтің
(2020) жазуынша, негізінен, жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарынан
құралған модельдермен салыстырғанда, мемлекеттік-әлеуметтік
модельдегі денсаулық сақтау жүйелері тиімдірек болып шықты. Мақала
авторы мұны мемлекеттік денсаулық сақтау саласы мықты елдер төтенше
жағдайда басқаруды дереу бір орталықтан ұйымдастыра алатынымен
түсіндіреді. Алайда бұл материалда денсаулық сақтау саласының
коммерциялануына қатысты өткір сын жоқ.
COVID-19 вирусының жаздағы шарықтауының алдында «Караван»
газеті Польшадағы атышулы саяси белсенді Матеуш Пискорскийдің
сұхбатын жариялаған. Бұл интервью неолиберализм мен денсаулық сақтау
саласының коммерциялануын ашық және жанама түрде сынауымен
өзекті. Пискорский пандемия мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы
өкілетін күшейтіп, капитализмге соққы береді деп, салыстырмалы
талдауында мемлекеттік және баршаның қолы жететін тегін денсаулық
сақтау қызметінің пайдасын түсіндірген (Омарова, 2020).
3) «Денсаулық сақтау саласы – мемлекеттің лайықты деңгейде
қаржыландыруын қажет ететін ұлттық экономиканың стратегиялық
секторы» пікірін өрбітетін дискурс
Қазақстандық БАҚ-та денсаулық сақтау саласының маңызы туралы
дискурс жиі кездеседі және ондағы пікірталас қызық (Exclusive, 2020).
Пандемия кезінде жарияланған көп мақала мен медиапосттар денсаулық
сақтау жүйесінің стратегиялық рөлін атап көрсеткен. Оның түйінін
Baygenews.kz жариялаған мақала жақсы көрсетеді: «Бүкіл ұлттық
экономиканың денсаулық сақтау саласының тиімді болуына тәуелді
екені мәлім болды, сондықтан денсаулық сақтау саласына бюджет
ақшасын қайтусыз жұмсайтын масыл сектор ретінде қарау дұрыс емес»
(Бекболаева, 2020).
Сонымен қатар көп мақала мен әлеуметтік медиапосты денсаулық
сақтау жүйесін қаржыландырудың мөлшері мен басқару сапасын едәуір
арттыруды талап еткен (Бекболаева, 2020; Мазоренко, 2020; Майская,
2020). Vlast.kz сайтындағы көзге бірден түсетін мақала атауы – «COVID-19
вирусымен күрестегі миллиардтар. Посткеңестік елдердің коронавирусқа
тойтарыс беруде қиналу себебі не? Себепті медицина секторын жеткіліксіз
қаржыландырудан іздеу керек» (Мазоренко, 2020).
122
Қазақстандық БАҚ денсаулық сақтау саласының тиімсіз
қаржыландырылуын пандемиядан бұрын да сынаған еді. «2017 жылы
Қазақстан экономикасындағы денсаулық сақтауға жұмсалған қаржы ЖІӨ-
нің 3,7% шамасында болды, бұл даму деңгейі шамалас елдердегі мөлшерден
(ЖІӨ-нің 6%) әлдеқайда төмен. 2017 жылдың соңында денсаулық сақтауға
жұмсалған қаржыдағы азаматтардың жеке шығынының үлесі 41% болған,
бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) ұсынған шектен екі
есе көп» (Абжекенова, 2018). Жеке төлемдердің 30 пайызынан астамы
медициналық көмектің кепіл берілген мөлшеріне кіретін медициналық
қызметтерді сатып алуға жұмсалған. Яғни қазақстандықтар денсаулыққа
қатысты қаржы тәуекелінен сақтандырылмаған және алдымен бұлар
– халықтың әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған санаттары. Дегенмен,
парламент депутаттарының бірі айтқандай, денсаулық сақтауға
жұмсалған қаржыдағы азаматтардың үлесі ресми түрде 41 пайыз ретінде
көрсетілсе де, зертхана мәліметтерін қосса, бұл көрсеткіш 70 пайызға да
жетуі мүмкін (Абжекенова, 2018).
Дегенмен үкімет денсаулық сақтау секторын қадағалауды өз қолына
алу керек деген идеяны талдаған материалдар да бар. Денсаулық сақтау
саласын жекешелендірудің залалды ықпалы (Алехова, 2020a and 2020b)
мен қаупін ашық талқылап (мысалы, Д.Әшімбаев, М.Спанов, К.Көнеев),
мемлекет бүкіл денсаулық сақтау жүйесін күшейту керек (мысалы,
Бекболаева, 2020) дегендердің саны салыстырмалы түрде өте аз.
Денсаулық сақтау саласы стратегиялық сектор деген дискурсты
«денсаулық сақтау жүйесі медицинаны түсінбейтін немесе одан мүлдем
алшақ адамдардың қолында» немесе «денсаулық сақтау жүйесін талай
жыл бойы экономист, қаржыгер немесе корпоратив менеджер басқарып,
мемлекеттің денсаулық сақтау саласын деградацияға ұшыратты»
(мысалы, К.Көнеев, Д.Әшімбаев) деп те түсінуге болады. Бұл бағыттағы
сынды денсаулық сақтау саласының коммерциялануын сынаған деп
пайымдауға болады.
4) Дискурс: әлеуметтік қорғауы әлсіз олигархиялық экономика
Пандемия кезінде Қазақстанның экономикалық жүйесінің жалпылама
сипатына сыни талдау жасалғаны байқалады. Бұл сыни талдауды
мемлекеттің кейбір функцияларының расында да «коммерциялануының»
дәлелі деуге болады. Осындай медиаматериалдар – мемлекеттік
функциялардың коммерциялануын сынаудың бір қыры, бірақ онда
коммерциялизация тұжырымдамасы ашық қолданылмаған.
Қазақстан экономикасына екіұшты емес, нақты сипаттама беру мүмкін
емес деген көзқарас бар (мысалы, Исабаева, 2017). Соған қарамастан,
COVID-19 пандемиясының қатаң сабақтарын талдаған мақалаларда кей
сарапшылар Конституциясында Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде
аталғанмен, мұндағы әлеуметтік қамсыздандыру саясаты, шын мәнінде,
осал және олигархиялық монополиялық капитализм негізіне құрылған
деп меңзейді (Алехова, 2020b). Әшімбаевтың түсіндіруінше, мұнай
мен газ де-юре мемлекет иелігінде болғанмен, де-факто біреулердің
қадалауында. Әлгі тұлғалар басқарушы элитаға жақын болғандықтан,
халықтың мүддесі қаперге де алынбайтыны белгілі (Алехова, 2020a).
Пандемия қиындықтарына алаңдаған тағы бір қазақстандық экономист
квазимемлекеттік компаниялардың оффшорлық операцияларына үзілді-
кесілді тыйым салуды ұсынған. Трансұлттық корпорациялардың табысы
123
сыртқа кетіп жатқанын баса айтқан ол қадағаланбаған капитал ағынының
(олигархиялық топтар мен трансұлттық компанияларға пайдалы) қаупін
де ескерткен. Алайда әлгі табыс ұлттық кіріс болып есептеледі (Алехова,
2020 b).
Қазақстанның неолиберал бетбұрысының нәтижелерінің бірі –
кәсіподақ ұйымдарының әлсіз мәртебесі мен жұмыскерлердің әлеуметтік
және экономикалық құқықтарын қорғау стандарттарының төмен болуы.
Осы себепті пандемия басталып, дәрігерлер мен басқа да медперсонал
нашар халдегі денсаулық сақтау жүйесінің тұтқынына айналғаны белгілі
болған кезде әлеуметтік белсенді және дәрігер Қайырғали Көнеев медицина
қызметкерлерін тәуелсіз қауымдастыққа біріктіріп, олардың әлеуметтік
құқықтарын қорғау процесін басқаратынын жариялады (Баиров, 2020).
Жалпы алғанда, пандемиямен күресіп жатқан қазақстандық медицина
қызметкерлерінің сұмдық жұмыс жағдайы айтарлықтай әлеуметтік медиа
қолданушылары мен қазақстандық БАҚ-тың назарын аударды.
5) Қаржыны тиімсіз жұмсау, ақшаның зая кетуі, алаяқтық пен
жемқорлық туралы дискурс
Қазақстандағы «дәстүрлі» және әлеуметтік медиада пандемия кезінде
қаржыны тиімсіз жұмсау мен ақшаның талан-тараж болуы туралы
мықты дискурс бар. Бұл дискурстағы сын денсаулық сақтау секторының
жекешеленуі мен коммерциялануын (жалпы алғанда, неолиберал
институттар) және сананың коммерциялануын (пандемия кезінде де
табыс іздеуін) сынағанмен, дәл осы концепцияларды тікелей қолданған
материал саны аз.
Vlast.kz тәуелсіз медиаұйымының талдауына сәйкес, бастапқыда
пандемияны еңсеруге бөлінген аз ғана қаржы тиімсіз бөлініп, бүкіл
жағдайды күрделендіріп жіберген. Кей жерге қаржы керек емес те еді, кей
жердің есебі ашық болмады, кей жерге қомақты қаржы тиді, кей жерге
қаржы уақытынан кеш түсті. Осының салдарынан қорғаныш заттар,
дәрі-дәрмек, тест пен ИВЛ қондырғыларының тапшылығы пайда болды
(Логинова, 2020). Жалпы алғанда, қазақстандық БАҚ пандемия кезінде
қаржының жөнсіз, тиімсіз жұмсалуы туралы жақсы, сапалы материал
жазды (мысалы, Логинова, 2020; Мазоренко, 2020; Алехова 2020a).
Айталық, қазақстандық журналистер антиретровирусты препараттардың
өз құнынан үш есе қымбатқа сатып алынғанын анықтаған. Әлеуметтік
белсенділер Қазақстандағы квазимемлекеттік институттардың бұдан
бұрын да антиретровирусты препараттарды шарықтаған бағаға сатып
алғанын жазған. Оған қоса, осы «біртүрлі» маркетингтік саясатқа
халықаралық ұйымдар да назар аударған (Логинова 2020).
Qatar Airways жапсырма қағазы бар жәшіктері (жүкті, яғни Катар
әмірлігінің гуманитарлық көмегін жеткізген әуекомпаниясының)
Алматыдағы жекеменшік дәріханалардың бірінен байқалған соң,
Қазақстан нарығына дәрі-дәрмек жеткізуге өкілетті жалғыз провайдер
– квазимемлекеттік институт «СҚ-Фармация» (неолиберал логикамен
толықтай үндес форматта, ЖШС түріндегі жекеменшік кәсіпорын ретінде
тіркелген) гуманитарлық көмектің өзін сатады деген күдік туған (KTK,
2020). «СК-Фармация» бұл айыптауды жоққа шығарды (Информбюро,
2020). Жалпы, «СК-Фармация» жұмысын Қазақстандағы әлеуметтік
медианың көптеген қолданушылары мен БАҚ қатаң сынады.
124
6) Пандемия кезіндегі квазимемлекеттік институттар мен мемлекеттік
қызметкерлердің негіздеуге келмейтін кірісі жөніндегі дискурс
Мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлығы мен халық алдында
есеп беруінің төмен болуының бір себебі – жекешелендіру мен
коммерциялизация болып шықты (мысалы, Dorfman & Harel, 2015).
Жалпы алғанда, CEO мен өзге де топ-менеджерлердің супербонус
сияқты әділетсіз және шектен тыс мөлшердегі кірісі – неолиберал
капитализмге тән құбылыс, ол әлеуметтік жауапкершілік пен
моральдық экономикамен мүлде үйлеспейді. Қазақстандық БАҚ-тың
квазимемлекеттік институттар мен мемлекеттік қызметкерлердің
пандемия кезіндегі негіздеуге келмейтін кірісін жерден алып жерге
салған дискурсы қатты сезілді. Миллиондаған адам қиналып, дәрігерлер
мен басқа да медперсонал қаржы, құрал-жабдық, тіпті ас-су тапшылығы
жағдайында аурумен күресіп жатқанда, квазимемлекеттік немесе
мемлекеттік органдар менеджментінің қомақты бонус алуына халықтың
наразылығы туралы жазған мақала көп (Алехова, 2020a; Сугирбаева, 2020;
Асылбек, 2020).
КазТАГ агенттігі «КазТАГ редакциясынан «СК-Фармация»
қызметкерлерін ақшалай марапаттау туралы материалды «алып
тастауды» өтінді» деген тақырыпта қызық материал жариялады (Касенов,
2020). Мақалада «СҚ-Фармация» ЖШС баспасөз қызметінің аты-жөні
аталмаған қызметкері бас редакторға телефон шалып, мақала авторынан
және редакция алқасынан коронавирустан адамдар өліп, дау-дамай өршіп
жатқан тұста «СҚ-Фармация» ЖШС қызметкерлерін марапаттау туралы
материалды «алып тастауды» сұраған кезде бас редактордың төбесінен
жай түскендей реакциясы сипатталған. Мақалада «дәрі-дәрмек, оттегі
баллоны, ИВЛ қондырғыларының тапшылығынан және гуманитарлық
көмекті кеш таратудың кесірінен адамдардың көз жұмуына басқа
институттармен қатар «СҚ-Фармация» ЖШС-ны да айыптап отырғанын
атап көрсету керек» (Касенов, 2020) деген.
Бұл дискурс – мемлекеттік функциялардың коммерциялануы мен
сананың коммерциялануының (миллиондаған адам қиналып жатқан
пандемия кезінде де материалдық табыс іздеуде көрініс тапқан) тағы бір
қыры. Дегенмен медиаматериалдар мен әлеуметтік медиапосттарының
басым бөлігі неолиберализм, коммерциялизация немесе жекешелендіру
терминдерін ашық қолданбаған. Бірнеше сарапшы қана талдауында
неолиберал коммерциялизацияның теріс ықпалын көрсеткен. Мысалы,
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің пандемия кезінде тиімді
медициналық қызмет көрсете алмауы туралы контексінде Әшімбаев
Қазақстандағы әлеуметтік мемлекеттік институттардың коммерцияланып
кеткенін және «артықшылыққа» ие кейбір тұлғалар мен топтардың
өз еңбегімен таппаған кірісті комиссия ретінде лауазым иеленгеніне
байланысты алатынына назар аударған (Алехова, 2020a).
7) Есеп бермейтін шенеуніктер, мемлекеттік органдардың халық
алдындағы жауапкершілігінің құлдырауы жөнінде дискурс
Қазақстандық БАҚ материалдары мен әлеуметтік медиапосттарда
халық алдында есеп бермейтін немесе халық талабына енжар қарайтын
және халықтан алшақ мемлекеттік органдар мен шенеуніктер туралы
125
айқын дискурстар болған. Көп мақала мен пост халықтың мемлекеттік
және квазимемлекеттік органдардың пандемия кезінде баяу жұмысына
наразылығы туралы жазды (мысалы, Асылбек, 2020). Одан да маңыздысы,
мемлекеттік органдардың халық алдында есеп беруі мен халық алдындағы
жауапкершілігінің деградациясы мен құлдырауы осы дискурстың
өзегіне айналды. Осылайша бұл дискурс денсаулық сақтау жүйесінің,
жалпы алғанда, мемлекеттің неолиберал институттарына қатысты
сынды меңзейді. Мемлекеттік қызметкерлердің халық алдында есеп
беруінің және жауапкершілігінің құлдырауына өзге факторлармен қатар
неолиберал коммерциялизацияның теріс ықпалы әсер еткен. Басқаша
айтқанда, әлеуметтік институттар коммерцияланып, кейбір таңдаулы
адамдар мен топтар негіздеуге келмейтін кірісті комиссия ретінде алып
табыс тапса немесе әлгі институттардың иесіне айналған елде халық
алдында есеп беретін мемлекет пен халық алдындағы жауапкершіліктің
деградацияға ұшырап, жойылатыны туралы айта аламыз.
Алайда бірнеше мақала мен постта ғана неолиберализм,
коммерциялизация және мемлекеттің есеп берушілігінің құлдырауы
сияқты нақты терминдер тікелей қолданылды. Әшімбаевтың айтуынша,
«СК-Фармация мен Әлеуметтік сақтандыру қорын кім басқарса да, дау-
дамай шығады. Халықтың миллиондаған ақшасын кеңсе жөндеу, қымбат
көлік алу және басы артық имидждік оқиғалардың түр-түрін мемлекеттік
сатып алу құжаттарына жұмсағаны туралы тұрақты түрде жарияланып
тұрады... Мемлекеттік аппарат өз ісінің дұрыс екеніне сеніп алған»
(Алехова, 2020a).
Бұл дискурсты «терең және жүйелі коммерциялизацияға ұшыраған
мемлекетте көрнекі қоғамдық келісім болмайды» деп те атауға
болады. Басқа сөзбен айтқанда, мұндай деградацияның кесірінен
қоғамдық келісімнің бүтіндігі туралы сөз қозғау да қиын. Кез келген
заманауи демократиялық мемлекеттің іргетасы іспетті қоғамдық
келісім ұғымын жүзеге асырудың қиындығы туралы Әшімбаев қана
мемлекет пен денсаулық сақтау жүйесінің коммерциялануына қатысты
медиаматериалдарында айтқан. Бұл дискурсты былай да түсінуге болады:
«Заманауи демократиялық мемлекет [гипотетикалық тұрғыдан алғанда]
қоғамдық келісім негізінде құрылады, бірақ мемлекеттік функциялар
коммерцияланып, денсаулық сақтау сияқты адам өміріне аса қажет
секторлар жекешеленсе, қоғамдық келісім мен мемлекетіміздің сыйқы
қандай болғаны?», «Егер мемлекеттің өзі коммерцияланса, мемлекет
қоғамдық келісім аясындағы халық алдындағы міндеттемелерін қалай
орындайды?» (Алехова, 2020a).
Бұл дискурсқа сай, мемлекеттің халық алдында есеп беруі мен
жауапкершілігінің жойылуының басты себебі — жекешелендіру мен
коммерциялизация. «Мемлекет қоғам алдындағы жауапкершілігін мүлде
ұмытқан сыңайлы – шенеуніктер сәтсіздікке ұшыраған мемлекеттік
бағдарламалары үшін қоғам алдында есеп бермейді. Оған қоса, халық
мемлекеттік аппараттың қаржы ағындарына масыл болған қажетсіз
әлеуметтік жүк саналып отыр. Мұндай жағдайда қандай да бір көрнекі
қоғамдық келісім туралы сөз қозғаудың өзі қиын» (мысалы, қараңыз:
Алехова, 2020a; Ашимбаев, 2020).
Әшімбаевтың пандемия кезіндегі сараптамасынан алынған бұл
дискурс Иерусалимдегі Еврей университетінің ғалымдары Дорфман
және Харелдің (2015) зерттеу нәтижелерімен үндес. Олардың айтуынша,
жекешелендіру мен коммерциализацияның салдарынан бірі – бұл саяси
126
жүйе мен әлеуметтік мәдениетті күшті ортақ жауапкершілікпен және
жоғары деңгейдегі саяси қатысумен ерекшеленетін сипаттан, бөлшектену
мен әлеуметтік жіктерге бөлінумен ерекшеленетін сипатқа айналдыру
болып саналады. Басқаша айтқанда, жекешелендіру құбылысы мемлекетті
қоғам алдындағы жауапкершіліктен айыру ретінде қарастырылуы мүмкін,
бұл, сөзсіз, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен қоғамдық
жауапкершілікті төмендетеді.
COVID-19 пандемиясы әлі де көп ескерілмей жүрген бұл құбылысты,
яғни жекешелендірудің азаматтардың саяси процесстерге қатысу аясын
тарылтатынын және саяси жүйенің жауапкершілігі мен әлеуметтік
жауапкершіліктің құлдырауына жол ашатынын (Dorfman & Harel, 2015)
анық көрсетті. Басқа сөзбен айтқанда, қазақстандық БАҚ-та жарияланған
2020 жылдың жазында COVID-19 вирусы өршіген кездегі денсаулық
сақтау және дәрі-дәрмек секторындағы сұмдық ахуал туралы талдауларда
мемлекеттік қызметкерлердің халық алдындағы жауапкершілігі аурумен
күресіп, халыққа көмектесуден қашқақтағандарды жазалауды талап
еткенмен, денсаулық сақтауға қатысты мәселелерде халық алдындағы
жауапкершілігіне кесірін тигізген құбылыс жекешелендіру мен
денсаулық сақтау секторының коммерциялануы екенін ашық талқылаған
материалдар саны аз болды.
8) Соңғы дискурс: «ештеңе өзгермейді». Денсаулық сақтау саласы мен
мемлекеттік функциялардың коммерциялануының басты себебі –
неолиберал капитализм тұзақтарын білудің маңызы
Қазақстандық БАҚ-та ашық түрде сирек айтылғанмен, әсіресе кеңес
заманында өмір сүрген сарапшылардың көбі қолдайтын бір дискурс
бар. Ол дискурсты былайша жеткізуге болады: «Коммерцияланған және
әлеуметке қарсы бұл денсаулық сақтау жүйесі нашар әрі қатігез, бірақ ол
осы күйінде әлі де көп уақыт қалатын сияқты, себебі оны өзгертуге ешкім
де тырыспайды және оны өзгерте алмайды» (мысалы, қараңыз: Алехова,
2020a; Алехова, 2020b). «…Бұл жүйе бұзылған, бірақ оны жөндеуге ешкім
асығар емес. Өзгерісті талап ететіндер бар, бірақ шынайы трансформация
жасайтын саяси жігер мен қолдау жоқ. Ахуалдың сәл болса да жақсарғанын
жұрттың бәрі қалайды, бірақ тәртіп орнату құнын төлеуге ешкім де
құлықты емес» (Алехова, 2020a). «Бұл жүйенің әлсіз және күйреуге бейім
екені сонша – ол өзгермейді» (Ашимбаев, 2020).
Біздің пікірімізше, коммерциялануға қарсы бағытталған, бірақ сонымен
қатар пессимистік сипаттағы бұл дискурстың шығу тегін мынадай үлгіде
түсіндіре аламыз: денсаулық сақтау жүйесінің коммерциялануын сынға
алған мемлекеттік қызметкерлер болсын, сарапшылар мен журналистер
болсын, мейлі қарапайым азаматтар болсын, тіпті шетелдердегі
мамандардың көпшілігі және адам құқығын қорғаушылар неолиберал
капитализм мен денсалық сақтау саласының (білім беру саласы да осыған
ұқсас) коммерциялануын жүйелі түрде және ғылыми тұрғыда сынап,
өміршең баламалар ұсынатынынан көп хабардар емес сияқты. Көп адам
неолиберал капитализм қағидалары – «шәк келтіруге болмайтын ғылыми
шындық», «осы қағидаларды ұстануға қажет нарықтық экономиканың
функциясы» деп ойлауға бейім болуы мүмкін (іс жүзінде бұл қағидалар
саяси экономиядағы көп теорияның бірі – неолиберал капитализмге ғана
тән). Басқа сөзбен айтқанда, посткеңестік елдердегі көп адам неолиберал
капитализмнің саяси экономиядағы теориялардың бірі ғана екенін, бірақ
127
ол адам құқықтарының сақталуына (соның себебінен өзге жайттармен
қатар денсаулық сақтау және білім беру салаларын жекешелендіру және
коммерцияландыру) зиянын тигізіп, қауіпті болуы ықтимал екенін
білмейтіндіктен, енді не істеуге болатынына байланысты пессимистік
күйге түсуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |