1-тақырып. Тіл білімі туралы жалпы түсінік Жоспар 1 Тіл білімінің зерттеу нысаны
2 Жалпы және жеке тіл білімдері
3 Диахрониялық және синхрониялық тіл білімдері
Тіл білімінің зерттеу нысаны Тіл білімінің ғылым ретіндегі зерттеу нысаны – тіл екенін әрбір адам жақсы біледі. Тіл – қоғамда өмір сүретін адамдардың бір бірімен қарым-қатынас жасау құралы. Тіл біздің ойымызды білдіреді, тіл арқылы адам ойлайды. Тіл – күрделі психикалық, жүйелік-құрылымдық құбылыс, адам дүниетанымының әрекетінің нәтижесі.
Тіл білімі немесе лингвистика (грек linqua-тіл) – әлем тілдерінің құрылымын, әлеуметтік қызметін, тарихи дамуын және олардың жалпы заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы. Әрбір тілдің дыбыс жүйесі, сөздік құрамы және грамматикалық құрылысы болады. Тілдің дыбыстық жүйесі – тіл білімінің фонетика саласында, сөздік құрамы – лексикология саласында, грамматикалық құрылысы – грамматика саласында қарастырылады. Осы аталған салалардан басқа тіл білімінде лексикография, стилистика, фразеология сияқты салалар бар. Тілдің әр түрлі жақтары: дыбыс жүйесі, сөздік құрамы, грамматикалық құрылысы бір-бірімен тығыз байланыста болады. Өйткені, тіл білімі олардың әр түрлі қырларын, салаларын, дамуын, өзара байланысын, тілдің дамуының ішкі заңдылықтарын зерттейді.
Тіл белгілі бір жүйе жиынтығын құрайтыны сөзсіз. Тіл жүйесі туралы ілім неміс ғалымы В. фон Гумбольдтың есімімен тығыз байланысты. В. фон Гумбольдтың бұл идеясын әрі қарай дамытушы швейцар ғалымы Фердинанд де Соссюр болды. Фердинанд де Соссюр тілдің жүйелілігі туралы: «Тілдің барлық элементі – біртұтас болып келетін жүйе, ал жеке элементтердің мағынасы басқа элементтері болғандығы үшін ғана байқалады» – деп қорытынды жасайды [1, 147 б.].
Тілдің жүйелік қасиеті оны меңгере білуге және қатынас құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Тілдің жүйелік сипаты оның барлық салаларынан көрінеді. Мысалы, қазақ тілі фонетикасында дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке, еріндік және езулік, ашық және қысаң болып бөлінуі тілде белгілі бір жүйе бар екенін көрсетеді. Осы сияқты мысалдарды тіл білімінің лексикалық, грамматикалық, синтаксистік салаларынан да келтіруге болады. Тілдің жүйелік қасиеті тілді меңгере білуге, оны қатынас құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Тілді жүйелі түрде қарастыру қазіргі лингвистикада жеке бағыт алды. Осының негізінде тіл білімінде жаңа лингвистикалық бағыттар мен концепциялар, әдіс-тәсілдер пайда болды.