ҚЎлпыбаев с



бет175/315
Дата25.04.2024
өлшемі3 Mb.
#201374
түріОқулық
1   ...   171   172   173   174   175   176   177   178   ...   315
Байланысты:
каржы-кулпыбаев-2007

16.2. Әлеуметтік арналымның бюджеттен тыс қорлары

Мемлекеттік бюджеттен тыс әлеуметтік қорлар сан алуан әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін мақсатты ақшалай қаражаттарды қалыптастыруға және пайдалануға арналған. Олардың құрамы, бағыттылығы мемлекеттің жүргізіп отырған әлеуметтік саясатымен, қоғам дамуының бұл кезеңіндегі оның мақсаттарымен, сонымен бірге экономиканың мүмкіндіктерімен анықталады.


Қазақстанда қаржылық қатынастарды ұйымдастырудың бұл нысанын қолданудың тәжірибесі жинақталған. 1995-1998 жылдар ішінде мына әлеуметтік бюджеттен тыс қорлар жұмыс істеді:
Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры;
Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры;
Міндетті медициналық сақтандыру қоры;
Жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу қоры.
Олардың жұмыс істеуі «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Азаматтарды медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңдарымен реттеліп отырды, оларда міндетті әлеуметтік сақтандыру қаражаттары жұмыс берушілердің сақтық жарналары мен басқа түсімдердің есебінен қалыптасатыны белгіленді. Жарналардың мөлшері «Республикалық бюджет туралы» жыл сайынғы бекітілген заңда белгіленіп, қорлар арасында бөлініп отырды. Бұл нормалар 1998 жылға дейін тұрақты болды және заңи тұлғалардың еңбекке ақы төлеу қорының 30%-ын құрады. Заңи тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысатын жеке тұлғалар ай сайын әрбір жұмыскерге келетін бір АЕК-нің мөлшерінде төлеп отырды.
Жарналарды төлеу бойынша мүгедектердің, еңбекке қабілеттілігі шектелінген адамдардың, ардагерлердің ұйымдары үшін, бірқатар ізгіліктік, балалардың және басқа ұйымдары үшін жеңілдіктер белгіленді.
1998 жылдан бастап зейнетақы реформасын жүргізумен байланысты бұрынғы Зейнетақы қорының – Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының қалыптасу және пайдалану тәртібі өзгерді.
Міндетті зейнетақы жарналары кәсіпкерлік қызметпен айналысатын заңи және жеке тұлғалардан (жұмыс берушілерден) табысты төлеу көзінен ұсталынды және өнімді, жұмыстарды, қызметтерді өндірудің шығындарына жатқызылды. Жарналардың мөлшерлемесі еңбекке ақы төлеу қорының 15%-ы мөлшерінде белгіленді.
Міндетті зейнетақы жарналарынан басқа мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорларының салымшылары бұл қорларға еңбекке ақы төлеу қорының 10%-ы мөлшерінде қосымша зейнетақы жарналарын аударып отырды. Сөйтіп, жаңа зейнетақы жүйесінің қалыптасу кезеңінде жарналардың жалпы нормативі еңбекке ақы төлеу қорының 25%-ын құрады.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры еңбекке ақы төлеу қорының 2% мөлшерінде Қазақстан Республикасы азаматтарының жалақы қоры бөлігінде шетелдің қатысуымен және шетелдік заңи өкілдікті қоса, жұмыс берушілердің міндетті сақтық жарналары есебінен қалыптасты. Бірқатар ұйымдар үшін жеңілдіктер қарастырылды.
Бұл қорларды қалыптастыруға аударылған қаражаттардың аударымдарын заңи және жеке тұлғалар, ұйымдар мен мекемелер өндіріс пен айналыс шығындарына кіріктірді және өнімнің, жұмыстардың, қызметтердің өзіндік құнына жатқызылды.
Әлеуметтік арналымның қорларын қалыптастыруға басқа көздерден қаражаттар бағытталды.
Міндетті әлеуметтік сақтандыруға төленетін жарналар салық заңнамасына сәйкес жиынтық жылдық табыстан шегерілетін шығыстарға жатқызылды, ал бюджеттік және басқа коммерциялық емес ұйымдар үшін оларды ұстауға жұмсалатын шығыстардың сметасында қарастырылды.
Әлеуметтік қорлардың бюджеттерін Үкімет бекітетін.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорларының уақытша бос қаражаттарын инвестициялау тек мемлекеттік бағалы қағаздарға, Ұлттық банктің бағалы қағаздарына және мемлекеттік банктердің депозитіне жіберілетін.
Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры мыналарды қаржыландырды:
1) көрсетілген қорға олардың пайдасына зейнетақы жарналары төленген зейнеткерлер болғандарға және зейнетақы төлемдерін алушыларға берілетін мемлекеттік зейнетақыларды;
2) егер зейнетақының мөлшері заңнамамен бекітілген ең төменгі деңгейден төмен болса, қосымша төлемдер түріндегі әлеуметтік жәрдемақыларды.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры жұмыссыздық бойынша жәрдемақыларды, жұмыссыздарды қайта даярлауды және қайта оқытуды, мұқтаж азаматтарды қолдау үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыруды қаржыландырды.
Әлеуметтік сақтандыру қоры еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша, жүкті болғанда және босанғанда берілетін жәрдемақыларды төлеуді, бала туғанда және жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақыларды, сауықтыру сипатындағы қызметтерге ақы төлеуді қаржыландырды.
Міндетті медициналық сақтандыру қорының қаражаттары есебінен медициналық ұйымдардың немесе жекеше медициналық практикамен айналысатын адамдардың, келісімшарттардың шарттарына сәйкес сақтандырылушыларға медициналық қызметтер көрсету жөніндегі шығыстар өтеп отырылды. Қор міндетті медициналық сақтандырудың базалық бағдарламасының шеңберінде медициналық ұйымдарда немесе медициналық қызметтер көрсету жөнінде Қормен келісімшарттар жасаспаған, жекеше медициналық практикамен айналысатын адамдарда медициналық қызметтер алған жағдайда сақтандырушылардың шығыстарын өтеп отырды.
Міндетті мемлекеттік әлеуметтік сақтандырудан басқа мемлекеттік емес зейнетақылық сақтандыру – зейнетақылық келісімшартқа сәйкес жұмыскер­лердің және (немесе) олардың жұмыс берушілерінің ерікті жарналары есебінен қосымша зейнетақы қалыптастыру арқылы және мамандандырылған мемлекеттік емес зейнетақы қорлары арқылы зейнетақылар төлеу жолымен азаматтарды әлеуметтік қорғау қатынастары қолданылады.
Қорланымдардың ынтымақтастық негізіндегі жүйесінен дербес қорланымдар жүйесіне өтпелі кезең зейнеткерлердің еңбек сіңірген зейнетақыларын алу құқықтарын сақтау қажеттігімен, сонымен бірге зейнеткерлік алдындағы жасы келген азаматтардың көбінің мемлекеттік емес зейнетақы жүйесінде жеткілікті зейнетақылық жинақтаудың мүмкін еместігімен сипатты болып отыр. Сондықтан зейнеткерлер болғандарға мемлекеттік зейнетақы қорларынан алатын зейнетақылары мөлшерінің сақталуын мемлекет кепілдендіреді. Зейнетақы реформасы басталғаннан кейін зейнеткерлікке шыққан азаматтардың мемлекеттік зейнетақылырының мөлшері олардың мемлекеттік емес зейнетақы жүйесінде мүмкін болған қатысуының жылдар санына үйлесімді түрде қысқартылады.
Сонымен еліміздің тәуелсіздік жылдарынан бастап Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғаудың халықаралық стандарттарымен сай келетін рыноктық экономиканың жағдайларына бейімделген талапқа сай жүйесі құрылып отыр деп сеніммен айтуға болады.
1999 жылдан халықты әлеуметтік қорғауды қаржыландыру мемлекеттік бюджет арқылы әлеуметтік салық алуды және бюджетке оны шоғырландыру есебінен жүзеге асырылды. Бұдан басқа, мемлекеттік емес зейнетақы жүйесінде қаражаттардың едәуір бөлігі мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары арқылы барлық сақтанушылардың (сақтандырушылардың) міндетті зейнетақы жарналары есебінен шоғырландырылып, жұмсалады.
Әлеуметтік арналым қорларын қалыптастырудың екі қағидаты бар:
1) ұрпақтар ынтымақтастығының негізінде; жұмыс істейтін ұрпақ жұмыс істемейтіндерді қамтамасыз етеді, ал, өз кезегінде, еңбекке жарамдылықтан айырылуына қарай оларды еңбек қызметіне кірген жаңа ұрпақ ауыстырады. Бұл қағидатқа негізделген жүйе Қазақстанда 1998 жылға дейін қолданылды;
2) әлеуметтік қорларға, көбінесе зейнетақымен қамтамасыз ететін әлеуметтік қорға азаматтардың дербес аударымдарының негізінде; бұл қағидаттың іс-әрекеті кезінде төлемақылардың мөлшері нақты тұлғаның бүкіл жұмыс істеген кезіндегі салған сомасына байланысты болады. Бұл қағидаттың іс-әрекетіне негізделген жүйе Қазақстандағы зейнетақы реформасының негізіне қойылған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   171   172   173   174   175   176   177   178   ...   315




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет