Ұлт ұстазы нұСҚАҒан қазақ Өркениетінің дара жолы е. Маралбек



бет1/2
Дата20.06.2018
өлшемі472,9 Kb.
#43724
  1   2
ҰЛТ ҰСТАЗЫ НҰСҚАҒАН ҚАЗАҚ ӨРКЕНИЕТІНІҢ ДАРА ЖОЛЫ
Е.МАРАЛБЕК

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс докторанты


XX ғасырдың басында қазақ ұлтының басына төнген қауіп бұрынғыдан мүлде бөлек сипатта еді. Бұл дәуірде халық пен халықтың күресі білек сынасудан руханият жүзіне ауысқан. Күрестің тәсілі де, сипаты да бұрынғыдан мүлде бөлекше еді. Осындай сындарлы кезеңде де қазақ жұрты, кеш те болса, өзіне қажет ардақты ұлдарын дүниеге әкелді. Олар – Алаш арыстары болатын. Бұл рухани күресте алаш азаматтарының рухани көсемі –Ахмет Байтұрсынұлы болды. Ұлт басына төнген осы қауіпті еңсерудің бірден-бір жолы мәдениет жолындағы өркендеу екенін олар түсіне білді. Мұндағы мәдениет деп отырғанымыз ұлттық бірегейліктің дәстүрлі сипаты емес, заман талабынан туындаған адамзат тіршілігінің ең жаңа формасы мен озық үлгісі – өркениет.

Түркі жұртының тікелей мұрагері саналатын қазақ халқының ілкі дәуірден жалғасқан шаруашылық тәсілі мен мәдениеті капитализмнің қазақ топырағына да келуімен өз өміршеңдігін жойып, ендігі жерде ұлт ретінде жойылмай сақталып қалуы үшін тіршілік тәсілі мен мәдениетін батыстық өркениет жолына салу қажеттілігі туды. XX ғасырдың басында қазақ жұрты дөп келген осы мәселеге төл тарихымызда тұңғыш рет түбегейлі жауап іздеген Ахмет Байтұрсынұлы болды. Тарихтың таңдауы ағат кетпеді. Ол бір жағынан ғасырлық ұлы сұрақтың өз тұлғасын тауып түскені де еді. Әлем тарихы мен мәдениетінің даму жолынан терең мағлұматы бар білгір ғалым қазақ топырағында озық мәдениеттің туын тіктеп, әлемдік өркениет көшіне ілесуі үшін оған сай шаруашылық тәсілі, даму жолы қалай болу керек деген сұраққа жауап іздеді. Соның нәтижесінде есте жоқ ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі адамзат мәдениетінің даму жолын саралай келіп, оның қайсысы қазақ өркениетін ілгері бастыруға себеп болатынын жалаң түрде емес, терең философиялық пайыммен анықтап берді. Міне, біз ғылыми маңызын сөз еткелі отырған «Шаруалық өзгеріс» атты мәдениет тарихын баяндайтын ғалымның еңбегі осылай дүниеге келді. Біз ендігі жерде сөз ауанын тіке мақсатқа қарай бұрып, аталмыш еңбектің ғылыми құндылығын тәуелсіз еліміздегі өркениет жолындағы бүгінгі бастамаларымен ұштастыра отырып баяндаймыз.



Бұл еңбек, ең әуелі, тілі жатық, мәдени ұғымдар мен атаулары қазақша дәл берілуімен ерекше. Мысалы, аңсымақ жұрттар (алғашқы қауымдағы адамдар), шаруалық қырқалары (қоғам дамуының эволюциялық кезеңдері), мәдениеттің жоғарғы қырқасы (дамыған мәдениет), мәдениеттің орта қырқалары (даму үстіндегі мәдениет), мәдениеттің төменгі қырқасы (мешеу мәдениет), кәсіп (жеке кәсіп), шеберлік (өнер, иновация), ел жиілігі (халық тығыздығы), өнерлік кәсіп (өнеркәсіп, индустрия), ауыл шаруалығы (ауыл шаруашылығы), қол өнер (қолөнер) сияқты мәдениет ұғымдарының атаулары кездеседі. Бұл терминдердің кейбірі бүгінде қолданыста. Еңбектің жазылуына арқау болған негізгі ұғымдар арнайы терминдер арқылы берілуі шығарманың жүйелі әрі ғылыми еңбек екендігін көрсетеді. Мұнда, бір қызығы, ғалым адамзат қоғамын сипатына қарай алғашқы қоғам, құлдық қоғам, феодалдық қоғам, капиталистік қоғам, социолистік қоғам, коммунизм деп стихиялды түрде жіктемейді, керісінше тіршілік ету тәсіліне қарай жіктейді. Қоғам дамуының эволюциялық кезеңдерін шаруалық қырқалары деп атап, неміс ғалымы Ф.Листтің тұжырымы негізінде оны алты қырқаға (кезеңге) бөледі. Мұны өз сөзімізбен қысқаша баяндасақ: 1) жеміс-жидек, аңмен тіршілік еткен дәуір; 2) малды қолға үйретіп, малмен тіршілік еткен дәуір; 3) егін егуді игеріп, дәнді-дақылмен тіршілік еткен дәуір; 4) қолөнер кәсібін нәсіпке айналдырған дәуір; 5) сауда-саттықпен тірлігін тапқан дәуір; 6) өндіріс машиналанып, өнеркәсіптенген дәуір. Бұдан басқа екінші түрлі жіктеу бар. Ол да тағы бір неміс ғалымы Бюхердің бөлуі болып, оны А.Байтұрсынұлы төрт түрлі деп таратып баяндайды. Ол қысқаша төмендегіше: 1) өндірілген өнім әр отбасы тұтынуынан артылмаған заман; 2) өндірілген өнім әр қаланың тұтынуынан артылмаған заман; 3) өндірілген өнім әр елдің өзінен артылмаған заман; 4) әр елдің шаруашылығы тұтасқан заман. Бұл – адамзат қоғамының эканомикалық тұрғыдан жаһандануының төрт сатысы. Мұндағы соңғы сатыны ғалым XIX ғасырдан бастау алады деп көрсетеді. Ал адамзат өркениеті басталуының ұлы бастамасы ретінде «от жағуды тапқанынан артығы жоқ» деп тұжырады. Ғалым тұжырымын ары қарай тереңдете түсіп: « Жалғыз шаруалық өзгерісі дүниедегі басқа істерден де шабан болмақшы. Мұны Еуропа тілінде эволюция деп айтады. Дүние ісі қарғып, секіріп ілгері баспайды, эволюция жолымен жылжып, жылысып өзгереді» -дейді. Демек, өркениет – армандап отырып атқара салатын немесе ойдан шыққан таңдаулы тұжырымға сүйеніп өзгерте қоятын іс емес, тарихи тамырын, болашақ бағдарын терең танып барып, жүзеге асыруға тиіс шаруа болғандығы. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы мәдениеттің түп тамырын таратып, даму тетіктерін тексеріп, оның қайсысы қазақ өркениетінің ілгері басуына жарайтындығын қалың зиялы қауымға түсіндірмек болады. Әлемдік деңгейдегі ірі ойшылдардың адамзат өркениеті жайлы тұжырымдары мен ойларын сараптай отырып, өркениетке қадам басуға себепші болатын мынадай 10 түрлі тетікті анықтап береді. Олар: 1) табиғат; 2) тек; 3) ел жиілігі; 4) шеберлік; 5) басқа елді алу; 6) салт, саясат, заң; 7) дін, мінез, құлық; 8) білім һәм оның көп аз таралуы; 9) өнеге; 10) мемлекет мақсаты. Өркениет жолындағы елдің өзіндік ерекшеліктеріне қарай бұл факторлар бәрінде бір деңгейде емес, әр елге әртүрлі деңгейде әсер етеді. Бірінде ел жиілігі жетекші орында болса, бірінде тек ең маңызды, ал енді бірінде дін алғашқы орында тұрады. Бірақ жер бетінде өркениет ошағының оты басқадан бұрын көрінуіне себеп болған ең негізгі фактор – табиғат деп көрсетеді. Мұнымен қоймай, табиғат өркениет қай деңгейде, қай сатыда болмасын, ұдайы әсер етуші ең негізгі фактор екенін айтады. Бұл шын мәнінде философиялық таныммен айтылған ақиқат тұжырым еді. Табиғат – адамзат санасынан тыс жатқан объективті нәрсе. Сондықтан оның өркениетке тигізер әсері де объективті болады. Жоғарыда айтылған өркениетке себепші он түрлі фактордың ішінде дараланып, адамзаттың субъективті әрекетінен тыс жатқаны да осы табиғат.

«Адамзат тарихында мәдениеттің басталуы мен өркениеттің орнауына ең негізгі себеп не?» деген философиялық сұрақтың жауабын табу үшін ғалымның көп ізденгені байқалады. Оны шығармадағы жан-жақты, терең талдаулардан бөлек, әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылдардың көзқарастарын оқырманға білдіріп отыруынан да көрінеді. Мысалы: «Осы даналардың сөзі бір жерден шықпағанмен, біріне-бірі жоламай, тым алысқа да кетпейді. Көбі-ақ осы айтылғандардың бірі емес, бәрі мәдениет жолында себепкер нәрселер дейді. Басқасын шығарып, біреуін ғана себепкер деп айтатындары аз. Мысалы, Францияда мәдениет барысында себепкер болатын жалғыз ғана табиғат жағдайы дейтін Мужол, мәдениет барысы жұрт асылына қарай дейтін Левон, мәдениет барысы заң қуатынан ғана дейтін неміс философы Гегель». Ғалым мұнымен қоймай, Гректің Гиппократ, Геродот, Фукидид сынды ойшылдары мен Бэкон, Монтескье, Гердер, Риттер, Рацель, Мечников сынды өзге де Еуропа ойшылдарының пікірімен де таныс. Осы күрделі мәселе жайлы көп пікірді ғалымның: «мәдениет деген үйдің киізін талғап конатын қонақ сияқты, көп нәрсенің жағдайына қарап орнайтын болса керек» деп қазақы таныммен тұжырымдауы кім-кімді де таңдандырмай қоймайды.



Енді табиғаттың адамзат өркениетіне, оның ішінде қазақ өркениетіне әсері жайлы ғалымның терең талдауларына қарай ауысайық. Ең әуелі еңбекті оқып отырып ғалымның географиялық білімі мен танымына таңданбасқа шараңыз қалмайды. Бұл өз алдына сөз етерлік бөлек тақырып. Сөз жазудың Байтұрсынұлына тән дәстүріне сәйкес, ғалым табиғат тақырыбын сөз ету үшін де ең әуелі ондағы басты ұғымдарды анықтап, оған қазақша ат қояды. Еңбекте күн ауасы (климат), үйек (жер белдеуі), ыстық үйек (ыстық белдеу), жылы үйек (жылы белдеу), салқын үйек (қоңыржай белдеу), суық үйек (суық белдеу), темір қазықтық (жер полюсі) сияқты ұғымдар мен терминдер кездеседі. Ғалым жер шарын осындай географиялық белдеулерге бөледі де, қазақ жері салқын үйекте (қоңыржай белдеуде) орналасқанын атап өтеді. Одан ары бұл белдеулердің өсімдік қабаты, суы мен жан-жануары климатқа, яғни күн жылуына тәуелді болатынын қысқаша баяндайды. Ал өркениетке әсер ететін табиғат жайына нақты нелер кіретіні жайлы: «Табиғат жағдайына саналатын нәрселер: климат (күн ауасы), жердің топырағы, беті (ой-кыры), суы, кені, түгі, жан-жануары, халық қалыңдығы. Жер жүзінде өсіп-өнетін нәрселерге, яғни жер түгі мен жан-жануарға, онсыз болмайтын, керек заттар: ауа, жарық, жылылық һәм су. Бұлар тіршілігімізге керек заттар болған соң, тіршілік жүзінде істейтін ісіміздің бәрі де бұларға қарайды» -дейді. Күллі тіршілік табиғат таңдайтын болғандықтан, олар негізінен жері ырысты ыстық үйекке шоғырланатыны даусыз. Солай болған соң адамзат баласы да жан-жануар, өсімдікке тартып осы өңірде тіршілік етуі заңды. Ал адамзат осы ырысты өңірде көбірек тіршілік еткендіктен, өркениет те осы арадан бастау алуға тиіс болады. Бірақ ғалым өркениет ыстық үйекте емес, жылы үйектен бастау алатынын айтады. Яғни тарихта ең әуелі төбесі көрінген Мысыр мәдениеті, Ассирия мен Вавилония мәдениеті, Үнді мәдениеті, Қытай мәдениеті сынды төрт ірі мәдениеттің бәрі де жылы үйекте орналасқан дейді. Мұның себебін ғалым былай түсіндіреді: «жер түгі мен жан-жануарға ең бай жерлер ыстық үйекте болған себепті мәдениет әуелі ыстық үйектен басталарға керек еді. Тарих жүзіне қарасақ, мәдениет төбесі әуелі жылы үйектен көрінеді. Ыстық үйектен басталмау себебі жемісі мол, аңы көп жерде тамақ асырап, күн көру жеңіл болған соң, тіршілік етуге көп тәсіл керек болмаған. Бүгін тамағы тойса, ертеңнің қайғысы аз болған. Алдын ойлап, дүниелік молайту үшін еңбек ету дегенді білмеген. Өте ыстық болған соң, жұмысқа да ауасы жайлы болмаған. Мәдениет ми мен аяқ-қол қатар жұмыс істеген жерге орнамақшы». Шын мәнінде, ғалымның бұл қарапайым түсіндіруі ірі философиялық қағида еді. Ол – «адамды адам еткен еңбек» деген Маркстік философияның тұғырнамасы. Қажеттілік бар жерде еңбек бар, еңбек бар жерде өркениет бар. Қажеттілік оңайлықпен өтеліп тұрған соң, қиындықпен еңбек етілмейді, қиындықпен еңбек етілмегеннен кейін, тіршілік тәсілі жетілмейді. Тіршіліктің тәсілі жетілмеу деген сөз өркениеттің жетілмеуі деген сөз болып шығады. Ол – жаратылыстың заңы. А.Байтұрсынұлының мәдениет жайлы тұжырымдамаларынан тіршілік, мәдениет, өркениет сынды үш ұғымды ажыратып алуға болады. Оны өз тұжырымымызбен ұштастырсақ, ыстық үйектің өмір сүруге жағдайлы болғанымен, мәдениет пен өркениеттің орын тебуіне жағдайсыз. Жылы үйек өмір сүруге де, мәдениет пен өркениетке де жағдайлы. Ал салқын үйек пен суық үйек өмір сүруге де, өркениетке де жағдайсыз болып шығады. Жылы үйектің өркениет пен мәдениетке жағдайлы болуы онда қажеттілік те көп, қажеттілікті қанағаттандырушы еңбек те көп, әрі өзара сәйкесе білуінде.

А.Байтұрсынұлы мәдениет ошақтарын және оның туу себептерін түсіндіргеннен кейін, ендігі жерде оның таралу жолын сөз етеді: «Онан әрі мәдениет тараған жолына қарасақ, дариялардан соң мәдениет туын тіккен жерлер Ақтеңіз жағалары: Мәселен, Финикия, Карфаген, Грек, Рим мәдениеттері. Онан кейін мәдениет күн батыс бағытына барып Испания, Франция, Голландия, Англия жерлеріне туын тігеді. 18-ғасырдың аяғында Америка мәдениеті үдей бастайды. 19- ғасырдың орта шенінде Австралияда мәдениет орын тебе бастайды». Ендігі бұл мәдениеттер негізінен субъективті факторлардың, яғни адам факторының әсерінен бірден-бірге жұғысып тараған және ол солай өркениетке ұласқан. Оған табиғаттың себебі аз болған да, адам себебі көп болған. Ал өркениет үшін ең бірінші себеп табиғат та, қол еңбегі де емес, рухани еңбек болып шығады. Өзгесі өркениеттің қарқынын арттырушы қосымша факторларға айналады. Міне, бұл – Маркстік философияның «материя сананы белгілейді, сана қайта айналып материяның дамуына әсер етеді» деген тағы бір ұлы қағидасы. Ғалым мұны да шеберлікпен таныта білген.

Енді осы айтылғандардың қазақ мәдениетіне қатысын сөз етіп, ғалымның бізге нені меңзетіп тұрғанына келейік. Ғасырлар бойы жалғасқан көшпелі мал шаруашылығы, ең әуелі, бір халықтың тірілігін сақтау, күнін көру, яғни тіршілік жолы. Оны сол халық жақсы көріп, сан түрлі шаруашылықтың ішінен саналы түрде таңдап алғаны емес, керісінше өмір сүрген өңірінің географиялық ерекшелігіне сәйкес табиғат өзі таңдап берген. Осы тіршілік ету формасы ұзақ уақыт жалғаса келе көшпелі мәдениетті қалыптастырған. Сондықтан жер жүзінде бүгінге дейін белгілі мәдениеттің бәрін бір-бірінен төмен деп айтуға келмейді. Мәдениет – тек қана ерекшеленетін нәрсе. Бұл жағынан қазақтың көшпелі мәдениеті де жер бетінің өзінше бір мәдениеті болып, ол қандай да бір халық пен этностың мәдениетінен төмен емес, керісінше өзінше ерекше. Адамзат тіршілігінің бір топтық шоғырынан белгілі мәдениеттің ерекшеленіп шығуы сол халықтың тұтастығын, тарихилығын, мықтылығын көрсететін белгі. Осы арада айта кететін бір нәрсе: табиғат тауып берген осы көшпелі шаруашылық пен көшпенді мәдениетке қандай да бір түбегейлі өзгеріс жасау сол халықты рухани және табиғи апатқа ұшыратуы бек мүмкін. Оны тек өркениеттің күшімен ғана орындауға болады. Ал өркениет басқа. Оны қарапайым тілмен жаратылыстық дүниені, табиғатты тану мен бағындыру жолындағы адамзаттың рухани ізденістері деп атауға да болатын шығар. Бұл ретте қазақ халқы көшпелі мәдениетпен ХХ ғасыр басына жеткенде, өркениет көшінің соңында қалғаны жасырын емес. Біз жоғарыда А.Байтұрсынұлының пайымына негізделе отырып, өркениетке бастаушы негізгі себеп – рухани еңбек деп атадық. Көшпелі шаруашылық пен көшпенділер мәдениеті қазақ даласында өркениет ілгері басуына аздап жағдайсыз болған болуы да мүмкін, бірақ негізгі себеп рухани еңбектің қазақ жерінде болмауында. Сондықтан қазақ халқын өркениетке бастау арманы шаруашылық, тіршілік формасын өзгертіп, мәдениетіне түбегейлі реформа жасауы арқылы орындалмайды. Олай болса, мал шаруашылығын егін шаруашылығына, көшпелілікті отырықшылыққа ауыстыру өркениетке апаратын дұрыс жол болмағандығы. Міне, бұл А.Байтұрсынұлының «Шаруалық өзгерісін» (Мәдениет тарихын) жазудағы идеялық өзегі. Ғалымның ХХ ғасырдың басында қазақ халықын рухани сауаттандыру, білім-ғылыммен сусындату жолындағы бірегей қызметі мен жанкешті күресінің негізгі себебі де осында жатыр. Бұдан біз қазақ көшін өркениетке бастайтын ең негізгі күш білім-ғылым екендігін түсінеміз. Әрі өркениет жолында қазақ халқы үшін көшпелі мал шаруашылығы негізгі тіршілік көзі болу маңызын жойса да, көшпенді мәдениет ешқашан да ажырауға болмайтын рухани тұғырымыз екенін түсінеміз. Оны тек заман талабына сай жаңғыртып отыру керек.

Ғалымның пайымдауынша мәдениеттің ілгері басуына себепкер болатын фактордың ендігі бірі – ел жиілігі. Мұны екі түрлі мағынада түсінуге болады. Бірінші, бір халықтың демографиялық өсімі яғни халық санының көп болуы. Екінші, белгілі жер нысанына халықтың тығыз орналасуы. Халық санының өзге халықтардан салыстырмалы түрде көп болуының экономикалық маңызынан гөрі, саяси маңызы күштірек. Ел мен жердің тұтастығын қорғайтын адам санының көп болуы қашан да тиімді. Бұл «көп қорқытады» деген қазақ сөзінен де көрінеді. Ал жерге адамның тығыз орналасуы саяси мақсаттан гөрі экономикалық тұрғыдан өзекті. А.Байтұрсынұлы халық тығыздығы мәдениет дамуының алғы шарты деп жалаң пайым жасамайды, қашан да әр түйіннің шешуін тауып айтады: «Сөйтіп ел өсіп, адам көбейіп, жер тараюы адам баласының шаруалық тұрмысын өзгертуіне, дүниелік табу тәсілін күшейтуіне себепкер болады. Адам баласының шаруалық жүзінде тәсілі күшейген сайын, табиғаттың қожалығы кеміп, қайта адам табиғатқа қожалық қылмақ. Мәдениет жоғарылауының мағынасы сол адам баласының табиғат үстінен жүргізетін қожалығы күшеюінде». Адам баласы түрлі қажеттіліктен тұрады. Адамның көп болуы қажеттіліктің көп болуы деген сөз. Қажеттіліктің көп болуы қайшылықтың көп болуына әкеледі. Ал қайшылық көп, бәсеке көп болған жерде даму болады. Даму дегеніміз өркениеттің дәл өзі. Бұл да «қайшылық дамудың басты алғы шарты» деген философияның ірі қағидаларының бірі. Осыған қарап ғалымның ел жиілігін табиғаттан кейінгі екінші орынға қоюында үлкен мән, терең таным бар екенін болжаймыз. Оны айтпас бұрын ғалымның ел жиілігі жайлы айтқан кейбір ақпараттарына тоқталып өтейік.

Осыдан бір ғасыр бұрынғы қазақ ұлтының санын «Әлһамдулилла, аз емеспіз, алты миллион қазақпыз» деген Ақаң сөз арқылы білетініміз баршаға аян. Бұл, бір жағынан, қазақ ұлтының өсімі ғалым назарындағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін де түсіндіреді. Ал ғалым сол тұстағы жер шарындағы адам саны туралы да есептеушілердің мәліметтеріне сүйене отырып 1миллиард 660 миллион деген ақпарат береді. Мұнымен шектелмей: «Елі қалың жерлер: Қытай, Үндістан, Мысыр, Күнбатыс Еуропа, Америка Штаттарының күншығыстағылары. Бұл жерлердің алабы, бүкіл жер жүзін алғанда, жетіден бірі ғана болады. Осы жердің жеті бөлігінің бірінде тұратын адамның саны бір миллиард 200 миллион, басқа алты бөліміне 400 миллион ғана адам келеді. Адам қалың жерлердің бәрінде де мәдениет жоғары. Ел сирек жерде мәдениет төмен. Егерде бір нәрсеге екінші нәрсе қосарланып, дәйым (ұдайы) қалмайтын болса, ол екі нәрсенің арасында сабақтастық барлығын көрсетеді. Сондықтан ел қалың жерлердің бәрінде де мәдениет жоғары болуы ел жиілігі мәдениет жоғарылауына себепкер нәрсенің біріне саналады» дейді. Бұл ғалымның ел іші емес, әлем демографиясынан да терең мағлұматы бар әмбебап білімді тұлға екенін түсіндіреді. Әрі ұлт өркениетінде демографияның тигізер пайдасы орасан зор деген тұжырымды одан сайын нықтай түседі.

Демография, яғни мемлекет құрушы ұлттың ішкі өсімі еліміздің ширек ғасырлық тәуелсіздік тарихында бір күн де күн тәртібінен түспеген, табанды түрде жүргізіп келе жатқан ұлттық саясатының бірі. Елбасы Қазақстанда мемлекет құрушы ұлттың үлес салмағы өзгеден көп болуын қашан да назардан тыс қалдырған емес. Сондықтан ұлттық демография осы ғасырдың соңына дейін ел саясатында өзгере қоймайтын бағыттардың бірі деп есептейміз. Дегенмен, еліміздің демографиялық саясатының бір тармағы саналатын ішкі және сыртқы көші-қон саясатында ғалымның ұстанымдарына қайшы келетін тұстар бар. Соның бірі – ел жиілігінің бір өңірде салыстырмалы артуына өңірлік шектеулер. Бұл жасырын емес. Ел саясатындағы ішкі, сыртқы көші-қонды реттеу, бір өңірге халықтың шоғырлануын азайту, аз жерін көбейту саяси тұрғыдан тиімді болып, экономикалық ауыртпалықтарды жеңілдеткенімен, одан да маңызды ел өркениетінің дамуына тиімсіз шешім. Халықтың игілігін, тұтыну мақсатын көздеп, Қазақстан аумағында ішкі және сыртқы көші-қондарға шектеу қою, бөгет жасау ғалым айтқан дамудың табиғи жолына қайшы келетін сияқты. Қазақстан аумағында халық саны жиі деп саналатын Өңтүстік өңірлерді өзге дамыған елдердегі халық саны тығыздығымен салыстырғанда, әлдеқайда сирек. Бұл бізге шектеу қоюдың қазірге күн тәртібіндегі мәселе еместігін түсіндіреді.

Ғалым ел жиілігінің өркениетке әсерінен бөлек, бір ұлттың демографиялық өсіміне әсер ететін факторларға да тоқталады. Ол ең бірінші сол халықтың сол кезеңде айналысқан күн көріс, шаруашылық түріне байланысты болатынын айтады. Мұнда аңшылықпен күн көретін жұрттардың өсімі ең төмен болады, оған себеп табиғат пен тіршілік тәсілінің жағдайсыздығы дейді. Ал малмен кұн көретін халықтардың өсімі күшті болып, оған жер де көп керек екенін айтады. Дегенмен шаруашылық түрімен қоса, тәсілінің де жетіліп, шеберлік артып, экономикалық тұрғыдан көтерілуі халық өсіміне әкелетін ең негізгі фактор болатынын ескертеді. Халықтың демографиялық өсімін айтқанда, ғалымның мына бір мәліметі тіптен таңғаларлық: «Англия данасы Томас Мальтус айтады: Ел өсуіне басқа бөгет болмаса, бір елдің адамы 25 жылдың ішіңде 2 есе кебеймек, оның арғы 25 жылдың ішінде 4 есе, онан арғы 25 жылдың ішінде 8 есе, 16 есе, 32 есе ... сол бағдармен». Бұл ретпен санағанда сол тұста 6 милион деп шамаланатын қазақ саны жүз жыл өткенде, бүгінде 96 миллион болуға тиіс. Ал бүгінде қазақ халқының әлем бойынша саны 15 миллион деп шамаланады. Қазақ халқының өсуіне қаншалықты бөгеттер болғаны осыдан да анық көрінеді.

Мәдениеттің ілгері басуына себепкер болатын фактордың ендігі бірі – шеберлік, кәсіп. А.Байтұрсынұлы мұны ұлт демографиясына әсер ететін факторлардың бірі деп те көрсетеді: «Шеберлігі жоқ жұрт аз жерден күн көре алмайды. Күн көре алмаса, құру болмаса, өсу жоқ. Сөйтіп, шеберлік артылуы ел қалыңдығьнан болса, ел өсуі шеберлік арқасында екендігін ешкім бекер дей алмас». Демек, бұлар бір-біріне байлаулы, бірінсіз бірі жоқ. Шеберлікті қазіргі заманауи тілмен иновация деп атауға болады. Аздан көп өнім алатын, азды көпке сеп қылатын, қысқасы, өндірістегі өнімді, тұтынудағы тиімді тәсілдер сол заманда шеберлік деп аталса, қазір иновация деп аталады. Осы шеберліктің немесе иновацияның әсерінде халық шаруашылығы түзеліп, өндіріс артып, экономика қуаттанады. Ол өз кезегінде жұмыс кұшіне деген сұранысты тудырып, халық өсіміне алып келеді. Шеберлік пен иновацияның айырмашылығы сол – заманға сай, бірінің ұғымы кең, енді бірінікі тар.

А.Байтұрсынұлы шеберліктің артуы өнеркәсіпке, яғни индустрияға апаратын бірден-бір жол екенін айтады. Әуелі ұлт тіліндегі өнеркәсіп терминінің авторы да Ақаң екені көпшілікке белгісіз. Бұған ғалымның: «өнерлі кәсіп деп ат қойғанымыз завод, фабрика сияқты кәсіптер (промышлен-ность). Бұрынғы мәдениет ту тіккен Мысыр, Грек, Рим жұрттарында табиғаттан қолмен алып, қолмен ұқсату шеберлік һәм сауда кәсібі қандай биік дәрежеде болғанмен осы күнгі дүниені дүрілдетіп, басынан айналдырып, байлық тетігін қолына алған өнерлі кәсіп болмаған, яғни завод, фабрика жоқ болған. Олардың шеберлері біздің қазақтың ағаш ұста, темір ұсталары сияқты. Біреу келіп бір нәрсе істеп бер дегенде ғана істеген» деген сөзі дәлел. «Өнерлі кәсіп» сөзі айтыла келе ықшамдалып, өнеркәсіп болып кеткен. Ғалым көрсеткендей, өнеркәсіптенудің ең негізгі белгісі – өндірістің завод-фабрикалануы. Мұнда өндірушілер тұтынушысы белгсіз артық өнім көптеп өндіреді. Бүгінгі таңда да индустрияның сипаты дәл осымен сәйкес. Өндірістің индустрияландырылуы экономиканың дамуына өлшеусіз серпін береіп, халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекет қуатының артуына айрықша әсер етеді. Ол туралы сол кездің өзінде ғалым: «Осы заманда ел өскенмен жұмыс табылмау жоқ. Жұмыс табылып тұрғанда нан табылмау жоқ. Сөйтіп «өнерлі кәсіп» адам баласының өсу жолындағы бөгеттерді бұзып, ашып жіберді» деп тұжырымдаған. Міне, бұл тұжырым қазақ топырағында осыдан бір ғасыр бұрын алғаш айтылған болса да, әлі күнге маңызын жоймады. Мұны Елбасы жүзгізіп отырған бүгінгі экономикалық саясат та көрсетіп отыр. Яғни ҚР-ның индустриялық-иновациялық даму бағдарламасы соның айқын дәлелі. Ғасырлық маңызы бар бұл экономикалық саясаттың түп мақсаты – мемлекет құрушы ұлттың рухани, мәдени өрлеуне жол ашып, демографиялық өсімін ұлғайту, сол арқылы «Мәңгілік ел» тарихи миссиясын жүзеге асыру. Екі дәуірде ел тізгінін ұстаған тұлғалардың ойлары бір жерден шығуы олардың ниеті бір, мақсаты айқын, мұраты асқақ екенін түсіндіреді.

А.Байтұрсынұлы жоғарыда айтылған табиғат, ел жиілігі, шеберлік сияқты факторларды ұлт өркениетінің ілгері басуына себепші болатын бірінші дәрежелі факторлар деп есептейді. Бұлардан бөлек өркениетке себепші екінші дәрежелі факторларды да сөз етеді. Бұлардың ішінде көш басында тұрғаны – ел тізгіні. Оны бір жұрттың тізгіні екінші жұртқа ауысу немесе хакімшілік ауысу деп те атайды. Мұны бүгінгі тілмен айтқанда тәуелсіздік немесе бодандық болады. Ғалым ең әуелі әкімшілік жүйенің өзі де елде мәдениеттің дамуына себепші нәрсе деп таниды. Ал осы әр елде әртүрлі әкімшілік жүйенің пайда болуы сол елдің ғасыр бойы жалғасқан ішкі табиғи, тарихи, рухани факторларының нәтижесі дейді. Ол туралы: «Қиын болатыны жұрт тұрмысы түрлі салт-дағдысынан, түрлі қалыптан, түрлі адамнан, түрлі амалдан құралады. Оның үстіне дін, ахлақ, ақыл һәм көңіл күбі сияқты нәрселер жамалады. Заң, саясат, шаруалық, дін, ахлақ қандай түрлі болса, хакімшілік сондай түрлі-түрлі» дейді. Бұл арқылы ғалым мәдени дамудың, өркениеттің жалпы заңы ортақ болғанымен, оны жүзеге асырудың формалары, тәсілдері әр елде әртүрлі болатынын байқатады. Яғни бір елде атқарылған мәдени, экономикалық реформалар түрін, тәсілін сәйкестендірмей, екінші елге көшіріп қолдану сәтті бола бермейтінін аңғартады. Бұл өркениет жолындағы ірі бастамалар, саяси шешімдер сол елдің ішкі ерекшелігін, ұлттық, этностық, дінни т.б. көптеген факторларын ескере отырып жүргізілуі тиістігін ұғындырады. Шындығына келсек, бұл бүгінгі ел саясатының жиі ұмыт қалдыратын тұсы.

Мәдениеттің ілгері басуына әсер етуші әкімшілік жүйе ауысқанда, онда да ел тізгіні бөтен халықтың қолына өткенде, сол халықтың тұрмыс-тіршілігі, өмір-салты, болмыс-психологиясы өзгеріске түсіп, ол өз кезегінде сол халықтың рухани-мәдени болмысын қайта құрылымдауға дейін жететінін ғалымның пікірлерімен таныса отырып ұғынамыз. Бұл барыста сол халық мүлде жойылып кетуі де ықтимал. Ал мұндай жағдайда халықты жойылудан аман сақтайтын – мәдениет пен өркениет деген тұжырымға келеді. Мұны өз сөзімен дәйектесек: «Жаңа тарих жүзінде ұлық патшалар соғысып, бірін-бірі тұтасынан бағындыру болған жоқ. Үлкен патшалар соғысып, бірін-бірі жеңсе, жерінің шет-пұшпағынан алып олжаланбаса, тұтасынан өзіне қаратқан жері жоқ. Жаңа тарих жүзінде үлкен патшалар я ұсақ патшалықтарды я ірі болса да мәдениет жүзінде төмен жатқан жұрттарды бағындырумен болды. Мәдениеті кем жұрттар мәдениеті жоғары жұрттардың қожалығына қарағанда я солар мәдениетін алуға жарап, шаруалық тұрмысы ілгері басты я олармен қатар тіршілік етуге қолынан келмей жоғалып бітті». ХХ ғасыр басында қазақ елі өркениеттің төменгі сатысында болды. Осы терең тұжырымдары арқылы ғалым сол тұстағы қазақ зиялыларына туған халқының тағдыры қаншалықты қыл үстінде тұрғанын аңғартқысы келеді. Ұлт басына төнген бұл қауіпті қайтарудың бірден-бір жолы білім-ғылым болғандықтан, Алаш зиялыларын сол жолға шақырады.

Ғалым мәдениет дамуы тек бағыну-бағындыру жолымен ғана келмейтінін, одан өзге сыбайластық, колонизациялау сияқты жолдарменен де болатынын айтады. Мұндағы сыбайластық – көрші ел халықтарының өзара мәдени-рухани қарым-қатынасқа түсуі. Мұны мәдениеттің әлемдік сипат алуының негізгі жолы ретінде санайды. Ол туралы: «Тарих жүзінде бұған сыпат көп. Орта үндістан мәдениеті арқа Үндістанға, Халдей мәдениеті Ассирияға, Ассирианікі Финикияға тарады. Финикия мен Мысыр мәдениеті Грецияға тарап, Грециянікі Римге тарады. Римнен әрі тағы солай сыбайлас Галилия, Испанияға тарады. Күншығыстағы славяндардан ығысқан Германдар барып Риммен сыбайлас болып еді. Оларға да Рим мәдениеті тарады. Солтүстік жағынан Римге сыбайлас болған Франция, Англиялар Рим мәдениетін алды. Күншығыс жағынан сыбайлас болған Поляктер, басқа славяндар, Балти алабындағы жұрттар – олар да Рим мәдениетін алды» -дейді. Бірақ бұл жол өркениеттің дамуына ілесіп өз маңызын жойып бара жатқанын, оған себеп көрші емес елдерді де бір-бірімен байланыстыратын түрлі коммуникациялық құралдар мен техинкалардың пайда болуы екенін айтады. Ал бұл жолдың сол заманда тәуелсіздігінен айрылған қазақ жұрты үшін қайырлы болмағаны айтпаса да түсінікті. Бірақ тәуелсіздік жылдары ел дамуындағы маңызы ерекше болды. Еліміз алыс-жақын елдермен мәдени-рухани, саяси диполматиялық қарым-қатынас орнатуды мықтап қолға алды. Айталық, Қазақстанда ашық экономикалық кеңістік құру, шетелдік ірі кәсіпорындармен сауда-экономикалық қарым-қатынас орнату, шетелден инвестиция тарту, жоғары білікті кадр-мамандарды шақыру, болашақ бағдарламасы бойынша шетелде маман тәрбиелеу т.б. Бұл да Қазақстан дамуы ғалым көрсеткен жолға түскенін көрсетеді.

«Шаруалық өзгерісінде» айтылған мәдени дамудың ендігі бір жолы – колонизациялау. Аталуынан да білініеді бұл жолдың қазақ халқына мүлде жат екені. Калонизация – жоғары мәдениетті елдің өкілдері төмен мәдеиниетті елдің арасына енуі. Ғалым ең әуелі бұл жолды қолданумен аты әйгілі ел ретінде Грецияны айтады. Мәдениет таралуының бұл жолы жергілікті халықтың еркінен тыс және көбіне алалаушы сипатта болады. Пайдасы аз, зияны орасан мол, халықты рухани, материалдық жақтан талан-таражылау сипатында жүзеге асады. Бұл туралы: «сондықтан да колонизация барғандарға болмаса, тұрғын елге жағымды бола бермеген. Көбінесе мәдениет жерге жайылса да елге жайылмаған. Солтүстік Америкадағы тұрғын халықтар индейстер жылдан-жылға құрып барады. Мұнан байқалады жоғарғы мәдениет төмен мәдениетті жұрттың көтерілуіне дайым себепкер болмайтындығы. Мәдениет те қонатын тұғыры даяр, даяр емесіне қарайды» дейді. Байқап қарасақ, бұл баяндаулардың астарында айтылмаған ақиқат жатыр. Ол – қазақ өркениетінің туа тап болған тағдыры. Қазақ жеріне батыс өркениеті алғаш осы колонизация жолымен енді. Қазақ елінің содан бергі өркениеті бұл жолыдан бір күн де бөлекше болған емес. Басы байлы мұжықтардың патша үкіметі кезінен бастап қазақ даласының ең шұрайлы жерлеріне лек-легімен ағылып, қоныстанғаны баршаға аян. Ішкі Ресей болмаса, шет аймақтан келген бұл мұжықтар еуропалық мәдениет, өркениет атаулыдан құралақан еді. Ал қазақ жеріне қоныстанғаннан кейін Еуропа мәдениеті ең әуелі солар арасында қанат жайған. Бұл әрине өгей үкіметтің ішкі саясатымен жүзеге асты. Жергілікті қазақ халықы байырғы қалпымен жемірдің жеңсік асы болып қала берген. Оны сол заманда қазақ халқы үшін бір де бір мәдени орындар, оқу орындары, университеттер салынбауынан да көруге болады. Бірақ тарихта тұңғыш рет түрме салынған. Және осы халықтан Хандар алмаған алым-салықты патша алған. Қазақ арасында Еуропа мәдениеті жайылуы былай тұрсын, күн санап жадап-жүдеп, құрып бара жатқан. А.Байтұрсынұлының үндістердің тағдырын тарта отырып, «көбінесе мәдениет жерге жайылса да, елге жайылмаған» деген сөзінің мәнісі осы еді. Ұлт басына төнген бұл қасретті ұлт ұстазы көре білді және оны туған халқына, өзге алаш зиялыларына ұғындырмақ болды. Ал шын мәнінде ХХ ғасыр басында қазақ елінде Еуропа өркениетінің отын тұтатқандар Ы.Алтынсарин ашқан екі сыныптық орыс-қазақ мектептерінің түлектері мен медреселерден ескіше білім алған шәкірттер болды. Олардың қатарында ішкі ресей мен орыс отарында ертеректе қалған Орынбор, Қазан сияқты қалаларда ізденіп барып орысша оқыған қазақ жастары да болды. Міне, бұлар кейінде Алаштың маңдай алды азаматтарына айналды.

Мәдениет дамуының жоғары шегі де өзіне тән сипатымен ерекшеленеді. А.Байтұрсынұлы мәдениет дамуының жоғары шегі адамдарды класқа, топқа, жікке бөледі дейді: «Мәдениет жүзінде жоғарылаған халықтардың жүрген жолына қарап тұрсақ, мынау көрінеді: мәдениет жоғарылап белгілі бір күйге жеткен шағында адамдар арасына жоғары-төмен жік түсіп, жұрт қабат-қабат тапқа бөлінген. Ол таптар Еуропа тілінде класс, орыс тілінде сословие деп аталады. Класқа бөліну реті біздің қазақтың төре-қара бөлінуі сияқты, билеуші класс, көнуші класс болып бөліну. Бірақ Еуропа кластарының арасындағы жігі біздің төре мен қара арасындағы жігінен зор болған». Бұл бір жағынан сол дәуірде үстемдік алып тұрған буржуазиялық капитализмнің саяси-экономикалық тұжырымы ретінде көрінсе де, енді бір жағынан, адамзат қоғамының экономикалық даму сатысы жөнінен алғанда ақиқат та. Бірақ рухани мәдениет дамуының ең соңғы шегі емес. Ғалымның айтуынша осы тапқа, жікке бөліну аңсымақ жұрттарда болмайды, малмен күн көретін жұрттарда одан күштірек, ал егін егумен күнелтетін жұрттарда нағыз күшті. Бұлардың ішінде тап пен класқа бөлінудің өршіп тұрған ортасы өркениеттің отын лаулатып, капитализмнің қайнауында жатқан Еуропа жұрты екенін айтады. Осы класқа, тапқа бөлінудің түп себебі мемлекет қамы, яғни мемлекет билігін нығайту үшін экономикалық өсуге деген қажеттілік дейді. Адамдар арасындағы тап пен кластың пайда болу, даму, қалыптасу сатысын тереңдей түсіндіре келіп: «Мемлекет қамы жұрттың пайдасын тегіс көздесе, жұртқа пайдалы, тегіс көздемесе, халықтың бір парасының ғана пайдасы табылып, басқалары ауыршылықта болса, ол мемлекет қамы бақ орнына сор» деп түйіндейді. Осы жөнінде айтылған пайымдауларын қорыта айтқанда: өзінің болашағын ойлаған қандай да бір мемлекет, ел ертеңін ойлаған қандай да бір билеуші сол мемлекеттегі көпшілік халықтың қамын күйіттеп, солардың мүддесін қорғай алса, ол мемлекеттің ғұмыры ұзақ, тұғыры биік болатыны. Ал ықпалды шағын тап пен топтардың мүддесін көздесе, ел ішінде түрлі саладағы монополияға жол берсе, мемлекеттің күні ұзаққа бармайтыны, ең әуелі мемлекетке қауіп сол тап пен топтардан келетіні тұжырымдалады. Ғалымның бұл ойы тәуелсіз еліміздің түпкі саяси, экономикалық мүддесі қай жақта болуы керектігін айқындап береді.

А.Байтұрсынұлы Еуропа елдерінің мәдени-экономикалық серпілуіне түп себеп болған еркін сауда қалалары деп көрсетеді. Бұл еркін сауда қалалары еркін бәсекелестікке жол ашып, ондағы халықтың экономикалық жақтан бірдей көтерілуіне тең мүмкіндіктер жасайды. Ол өз кезегінде шаруашылықтың көп секторлануына түрткі болып, сол өңір шаруашылығын шалқытады. Бұл жекелеген аймақтардың экономикалық өрлеуі ел ішіндегі өзге аймақтарға жайылып, мемлекеттің тұтас экономикалық серпілуіне себепші болатынын айтады. Бұл тұжырымдар соңғы жылдары елімізде қолға алынған кейбір экономикалық шараларымен сәйкес келеді. Айталық: моно және шағын қалаларды дамыту, арнайы экономикалық өңірлер құру т.б. Бір өңірдің табиғи ресурстарына, өңірлік ерекшеліктеріне негізделген экономикалық шағын қалаларды дамыту өндіріс өнімділігін арттырып, өндірістің арнайылануын іске асырады. Ол өз кезегінде ел экономикасын алға сүйреп қоймай, елдің әлемдік нарықтағы бәсекелестік бәсін жоғарлатады. Ал экономикалық өрлеу ұлттың рухани, мәдени өрлеуіне әсер етіп қоймай, Қазақстанның әлемдік геосаяси кеңістіктегі салмағын арттырады. Сөз реті елдің экономикалық дамуы жайна келгенде ғалымның мына бір сөзін айтпай кетуге болмас: «осы күнгі аңсымақ халықтарды алсақ, бұлардың да құрал тұтынбайтыны жоқ. Рас, құралдары дөкір. Мәдениеті жоғары жұрттардың құраларындай ыңғайлы, ісі жатық, істелуі әдемі емес, бірақ жаман да болса, құр қол емес». Ғалым атаған мәдениетті жұрттардың құралыдарына тән сапа Елбасы айтқан Қазақстанда жасалған деген брент маркасында болуға тиіс сапалы, әдемі, ыңғайлы, арзан деген төрт сапасымен дәл келіп тұрған сияқты.

Аталмыш еңбекте саясаттың да ел мәдениетінің өрлеуіне тигізер ықпалы зор екені айтылады. Бұл жайлы ғалым тәуелсіз мемлекеттің ел ішінде жүргізетін саясатын емес, тәуелді елдің билігін ұстаған өзге жұрттардың сол елде жүргізген саясатын баяндайды. Сол кезеңде қазақ елі бодандықта болғандықтан, саясат жайлы сөйленер сөздің бетін осы жаққа бұра сөйлеуі де заңды. Бұл тақырыпта Англияның отарында болған Индияның сол кездегі жағдайын, бұл елде қолданылған түрлі құйтұрқы саясатты мысалға келтіре отырып баяндайды. Бұл тақырып мәдениет дамуына әсер ететін ел тізгіні, хакімшілік, колонизация деген себептерімен мәндес келетіндіктен, оның ішкі қырларын терең талдау қажетсіз. Мұнда ғалым бодан қазақ елінің бұлыңғыр тағдырын индейстерді мысалға келтіру арқылы ұғындырғандай, өркениет жолындағы бұраң жолын үнді халқын (Индияны) мысалға келтіру арқылы көрсетпек болады. Түпкі тұжырымға келсек, тәуелді саясатта тек алу ғана көзделіп, бодан халыққа беру көздемейтіні айтылады. Тәуелсіз саясаттың ел мәдениетіне тигізер пайдасы қаншалықты зор болатынын түсіндіреді. Әрі тәуесіздіктің алтын таңын аңсайды. Ұлт ұстазының бұл арманы дәл сол кезден 75 жыл өткеннен кейін ғана орындалғаны баршамызға белгілі. Бұгінде Тәуелсіз еліміздің Президенті, Елбасы: «тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз, тәуелсіздік болса, бәрі болады» деп тәуелсіздікті туған халқының есіне ұдайы салып отыруы да осы ұлы құндылықтың мәнін терең түсіне білуінен еді. Ұлт руханиятының ұстазы мен Елбасының ұлтқа тиесілі ұлы құндылық көзқарастарының бір жерден шығуы ұлт мұраты асқақ, мақсаты айқын, ұлт өркениетінің түскен жолы дұрыс екенін көрсетсе керек.

А.Байтұрсынұлының адамзат шаруашылығын, мәдениет тарихын бұлайша тереңінен сөз етуі ғылыми-зерттеушілік мақсаттан тумаған. Қазақ халқы ғасыр басында дөп келген ең өзекті сұраққа жауап іздеуден туған. Ол сөз басында айтылғандай, «қазақтың мәдениетке, өркениетке жетуінің жолы отырықшы болып егін шаруашылығымен айналысу ма? Әлде көшпелі мал шаруашылығымен айналысу ма?» деген сұрақ еді. Бұл даулы мәселеге сол замандағы қазақ зиялылары жарыса үн қатты. Бірақ көпшілігі мал шаруашылығын тастап, отырықшы болу керек деген пікірді қуаттады. Ал патша үкіметінің 15 диситинадан жер беріп, қазақты отырықшылыққа шақыру, шын мәнінде, қазақ халқын өркениет жолына түсіру емес, оларды жерден айырудың құйтұрқы саясаты еді. Мұны көп қазақ зиялылары түсіне бермеді. Өгей ұкіметінің қазақ халқына жасаған бұл қиянаты мен залым саясатының астарын терең түсінген А.Байтұрсынұлы оны қазақ зиялыларына дүниедегі мәдениеттің даму тарихын сөз ету арқылы байқатпақ болды. Сол мақсатта мәдениеттің даму тарихын, оған әсер ететін негізгі себептерді баяндай келіп, сөз ретін қазақтың шаруашылық тәсіліне қарай ауыстырады. Ғалым атадан жалғасқан көшпелі мал шаруашылығын тастап, отырықшы болуды құптамады. Бір қарағанда отырықшылыққа қарсы шығып, мал шаруашылығын жалғастыра беруі керек дегені мәдениетке талпынушы халық жөнінен алғанда оғаштау пікір сияқтанады. Ал шын мәнінде бұл пікірдің ғылыми негізі бар еді. Біріншіден, қазақ халқы ата кәсібін тастап, егін шаруашылығымен айналысуға дайын емес еді. Бұл біртіндеп және оның тәсілін меңгеріп барып жүзеге асатын іс. Екіншіден, отырықшы болып күн көруге жарайтын егіншіліктен басқа кәсіп түрлері сол қазақ арасында дамымаған. Үшіншіден, қазақ халқы жаппай егіншілікпен айналысуға қазақ жерінің табиғаты мүмкіндік бермейтін. Бүгінгідей техинкалар, технологиялар жоқ сол заманда қазақ жерінің ерекшелігі оған жағдайлы емес еді. Ғалым мұны сол кездегі қазақтың он облысын жер ыңғайы, климат ерекшеліктеріне қарай оңтүстік және солтүстік аймақтар деп екіге бөліп, бұл өңірлердің топырқ, су, шөп, ауа, күн райы сиықты жаратылыстық-географиялық ерекшеліктерін сөз ету арқылы дәлелдеп көрсетеді. Сөз сарыны қазақ жерінің табиғатын сөз етуге ауысқанда, бұл еңбек аяқталады. Сол заманда қазақты малдан ажырату – тіршілік көзінен ажырату деп білді. Яғни малынан ажыраған қазақ егіннен өнім ала алмай, азықтан тарығып, ашаршылыққа ұшырау қаупін ғұлама ғалым көре білді. Мұны малынан айрылған қазақтың 1918-1922, 1932-1933 жылдары аштықтан қырылған тарихи наубеті-ақ көрсетіп берді.

Сөз құдыретін меңгерген ұлы ғалым әлденеше томға арқау болатын тақырыпты аз сөзбен шағын кітапша көлеміне сыйдыра біледі. Ал ғалым сөзін біздің одан сайын сығымдап, бір мақаланың шегінде сыйдыруымыз ақылға сыймайды. Сондықтан ғалымның мәдениет тарихы жайлы айтылған ойларын «Шаруалық өзгерісін» түп нұсқадан оқығанда ғана өз деңгейінде ұғуға болады. Ғұлама ғалым ұлт өркениеті жайлы бұл ойларын Алаш үкіметі құрылмай тұрып-ақ айтқан. Сол заманда әлемдік ойшылдардың пікірлерімен санаса отырып қазақ өркениетінің даму жолы, болашақ бағдары жайлы ой айтатын зиялы қазақ арасында саусақпен санарлық болатын. Солардың да көш басында тұрғаны – А.Байтұрсынұлы. Біз әдетте А.Байтұрсынұлын «ұлттық рухтың ұлы тіні», «ұлт руханиатының көсемі» деп жатамыз. Бұл, әрине, ғалым жайлы асыра айтылған сөз емес. Алайда осы айтылмыш сөздің нақты мәнін таратып берушілер аз. Қазақ қоғамы бүгінде ғалымды көбіне тілші ретінде ғана қабылдайды. Және осы айтылмыш сөздердің мәнін осы тілшілік қызметімен байланыстырғысы келеді. Сол себепті зиялы қауым арасында А.Байтұрсынұлы оқу-біліммен айналысты, саясатпен айналыспады деген сыңаржақ пікір үстемдік құруда. Ал, шын мәнінде, Ақаң саясаттың көзге көрінбейтін түп-тамырын ұстаған тұлға. Саясатпен айналысқан болу үшін мінберлерден билік айтып, биік орында отыру шарт болмаса керек. «Ел тағдыры» саясаттан тыс жатқан тақырып емес. Қашан да кез келген түйіннің тамырын тауып айтатын ғалым ХХ ғасыр басында қазақ даласына келіп жеткен глобализация (жаһандану) сынды ғасыр індетінің де тамырын табады. Бұл індеттен ұлт руханиятын аман сақтайтын тіл болса, халықты аман сақтайтын мәдениет, өркениет. Ал өркениетке бастайтын – білім-ғылым. Сондықтан да ендігі ұлт тағдырын белгілейтін осы екі тізгінді өз қолына алды. Тіл мен оқу- білім саласындағы оның қызметінің мәні осында жатыр.

Міне, осылайша А.Байтұрсынұлы тарих толқынында тарыққан туған халқын тұманды тағдырдан тура жолға бастап, өркениеттің ұлы көшіне жетеледі. Тұтас бір ұлттың бір дәуірдегі ең биік рухани шыңына айналды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Байтұрсынұлы А. «Шаруалық өзгеріс» (қолжазба). (РК 894.342-3. Б20)

2. Қазақ газеті. №145-167. (РК 894.342-3. Б20)

3. Байтұрсынұлы А. 6 томдық шығармалар жинағы. -Алматы «Ел-шежіре», 2013ж.

4. Байтұрсынов А. Жаңа низам.-Алматы. Жеті жарғы, 1996.- 128 б



5. Жұлдыздар отбасы, «Аңыз адам» журналы. №11, 2010 ж.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет