Қожанасыр
Қожанасыр жарлы болған адам екен. Бір күні жаяу кіре тасып, кәсіп қылып, тамақ асырамақ болды. Базарға келіп, жаяу кірешілердің жанында тұрса, бір мырза келіп, дүкеннен жаңа сатып алынған бір сандық кесе, шыныаяқ, тас-табақ сияқты ас ішетін ыдыстарды үйіне жеткізіп беруді сұрайды.
— Үйіңізге алып бару ақысына не бересіз? — дейді Қожанасыр.
— Алып бару ақыңа мен саған үш ауыз бек мағыналы, қасиетті сөз үйретемін, — дейді мырза.
«Ақша басқалардан да табылады ғой! Мұның бек қасиетті, зор мағыналы сөзін есітіп қалайын» деген оймен Қожанасыр:
— Жарайды, — дейді.
Қожа ауыр сандықты көтеріп, иесіне еріп келе жатып біраз жер жүрген соң: «Кәне, мырза, қасиетті, мағыналы сөзіңізді айтсаңыз екен», — дейді Қожанасыр. Жалдаушы айтады:
— Бірінші сөз мынау: егерде біреу аштық тоқтықтан жақсы десе, ешуақытта нанбағайсың!
— Жақсы, бұл бек мағыналы сөз екен, — дейді Қожанасыр.
Тағы біраз жүрген соң:
— Енді екінші сөз мынау: аттан жаяу жүру жанға тыныш десе, ешуақытта нанбағайсың, — дейді мырза.
— Бұ да зор мағыналы сөз екен, — дейді Қожанасыр.
Үйдің жанына келіп тұрып қақпаға кірердің алдында:
— Мырза, енді үшінші сөзіңді айтсаң екен, — дейді Қожанасыр.
— Үшінші сөзім: егерде жаяу кірешінің сенен ақылсыздырағы бар деуші болса, оған да нанбағайсың! — дейді мырза.
Сонда Қожанасыр төбесіндегі сандықты жерге тастап жіберіп:
— Егерде біреу бұ сандықтың ішінде сынбай қалған нәрсе бар десе, сен де ешуақытта нанбағайсың! — деп қайтып жүре берген екен.
Ахмет Байтұрсынұлы «Алты томдық шығармалар жинағы» Алматы «Ел-шежіре» 2013 ж, 104-бет
Достарыңызбен бөлісу: |