Ұлттық ойын элементтерін сабақта пайдалану арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту



Дата15.09.2017
өлшемі102,24 Kb.
#33107
Отырар ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ботабаева Г.
Ұлттық ойын элементтерін сабақта пайдалану арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту
Ұстаз жай ғана қарапайым сөз. Бірақ болашақ ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуы – осы ұстаздың қолында.

Халқымыздың бір тума перзенті Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз болады. Олар – адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек. Бұл сапалар адамды дүниеге келген күннен бастап тәрбиелейді», - деген еді. Шәкәрімнің осы бір пікірі ұстаз туралы айтылған секілді. Себебі, осы қасиеттер өз бойынан табыла отырып, оны болашақ ұрпақ бойына дамытатын да, өрбітетін де ұстаз.

Баланың бойына мінез-құлық пен әдеп, ибалық жарасымды талғам мен таңдау қасиетін, сөйлеу мәдениетін, таза қазақи тәлім-тәрбиелерді сіңіре білу ұстаз қауымының басты міндеті.

М.Әуезовтың «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін - білім», - деп атап көрсеткеніндей, білімді ұрпақ тәрбиелеу, терең қазыналы білімді ұстаздың ғана қолынан келеді.

Тәуелсіздік таңы еркін атқан еліміз ертеңгі күніне, болашағына үлкен үміт артып келеді. Елбасымыз «Қазақстан-2030» стратегиясында жастарға деген сеніміне ерекше тоқталып өтеді, үлкен сенім артады. Қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанның әлем елдер арасында беделі биік, абыройы асқақ Елбасымыз межелеген дамыған, өркениетті ел болу үшін азаматтарымыз білімді, тәрбиелі болып жетілуі тиіс. Бұл тұрғыда білім саласының алар орны бөлек. Бүгінгі дамыған қоғамға сай адам ресурстарын даярлау сапасын арттыру жеке тұлға мен қоғамның, қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін білім берудің ұлттық жүйесін жаңғырту басты мақсат болып отыр. Ұлттық тәрбиені қолға алу ұстаздардың басты міндеті.Өсіп келе жатқан жас буындарға ұлттық тәрбие бере отырып, ата-бабамыздан қалған асыл қасиеттерді сіңіре білсек, біз ұстаздардың еліміздің өркендеуіне қосқан үлкен үлесіміз деп білген болар едік.

Қазақтың ұлттық тәрбиелік тағлымы.

Ғасырлар бойы еркіндікті, елдікті аңсаған атам қазақ өзгенің шылауында, жат-жұрттың бодауында теперіш көріп келді. Бертінде 70-жылдан астам санамызды улаған кеңестік жүйе әке мен баланы, аға мен ініні, туған туыс бауырды, бір-біріне жау етті. Қайтпас қайсар қазақ халқы бүкіл болмыс бітімімен өзгеге тәуелді болды. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тіл мен діл, діннен ажырап қала жаздаған қазақ ғасырлар бойы жоғалтқан жоғын түгендеуге кірісті. Ата бабаның найзаның ұшы, білектің күшімен жаудан қорғап қалған қазақ жерінде егемен елдің көк байрағы желбіреді. Тәуелсіздік бүкіл әлемге жер шарында «қазақ» деген ұлттың, «Қазақстан» деген мемлекеттің бар екенін жариялауға мүмкіндік берді. Тәуелсіздіктің арқасында туымыз, әнұранымыз, елтаңбамыз бар. Н.Назарбаев айтқандай «Қазақ халқы қара жерге тамырын терең жайған құдіретті ағашқа ұқсайды» - деген.

Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау керек» деп көрсетілген. Сол себепті де қазіргі таңда болашақ жас жеткіншектерге ұлттық тәрбие беру қолға алынып жатыр. Бұл туралы елбасымыз Н. Назарбаевта болашақ жас жеткіншектерге ұлттық тәрбие беру басты міндетіміз деп атап көрсеткен.

Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихының даму барысында жан-жақты дамыған адамгершілікті тұлға тәрбиелеуге ерте кезден-ақ зор мән берген. Мәселен: бала дүниеге келген кезден бастап айтылатын бесік жыры, тұсау кесер, атқа мінер, санамақ, мақал-мәтел, жұмбақ, жанылтпаштар, ертегілер т.с.с. балаларға халықтық тәрбие бере отырып өз халқының мәдениетіне, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне деген құрметін арттыруға болады. Өзге елдің мәдениетін, салт-дәстүрін сыйлай білуге үйретеді.

Қазақ санасының шамшырағы Ахмет Байтұрсынов «Қазақша оқу жайлы» еңбегінде – «Әуелі бізге елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек». Неге десек, болашақ та, билік те, халық та оқумен түзеледі деген болатын. Бұл ұлағатты ойдың құндылығы бүгінгі таңда барған сайын айқын сезілуде. Сондықтан білім берудегі ұлттық моделімізді «Тәуелсіздіктің тірегі – білім» деп атадық.

Дүние жүзіндегі әр елдің өзіне ғана тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері бар. Оларды екі ауыз сөзбен халықтың рухани келбеті, тәрбиелік ережесі деуге де болатын сияқты. Бұл мирас ата-бабалардың сан-ғасырлық көш керуені арқылы ұрпақ алмасқан сайын үзілмей жалғасып, асыл аманаттай кешеден бүгінге ардақ қалпында ұласып отырған. Салт-дәстүр дегеніміз, сайып келгенде ұлттық болмысты өзгелерден айрықшалап, даралап тұратын ішкі бір рухани айна іспетті. Онсыз халық болмайды. Кешегісіз бүгін де, ертең де тұл. Тіпті дәстүрді адамның қай ұлтқа жататындығының маңызды белгісі ретінде қарастырған жөн. Заманында Ғ.Мүсірепов жазғандай «мал баласын бауырында өсіреді, ағаш жапырағын ығына қарай төгеді, адам баласы қоғамның шылауында өседі».

Батыр атамыз Б.Момышұлының да «Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлері бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс» деуі де сондықтан. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері осы міндеттердің толық қанды орындалуына барлық жағдай туындап отыр. Бұл тұрғыда қазақ халқының әдет-ғұрыптарын танып білудің жас буынды ұлттық рухта тәрбиелеп өсірудегі маңызы ерекше. Өз ұрпағының өнегелі, өнерлі, еңбек сүйгіш абзал азамат болып өсуін армандаған қазақ халқы бұғанағы қата бастағанынан-ақ қыз баланы үй сыпыру, төсек жинау, ыдыс-аяқ жуу, шай құю, ас пісіру, сиыр сауу, өрмек тоқу, ал ер балаларды қозы-лақ қайыру, мал жайлау, суғару, бағу секілді шаруашылықтың алуан түрлеріне, ата кәсібіне үйреткен. Әр бір әке баласына өзі жетік меңгерген өнер түрлерін үйретуге, мысалы: күйшілік, бишілік, әншілік, мергендік, аңшылықты игеруге баулыған. Ал қыз баланы келешек ана, нәресте тәрбиешісі, әулет ұйтқысы деп түсінген. Халқымыз оның өнерлі де, әдепті, еңбекқор да сымбатты болып өсуіне, сәнді киінуіне көңіл бөлген. Сондықтан ұлттық тарихымызды кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету бүгінгі күннің өзекті міндеті.

Ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды дәріптеуге үйрету арқылы қазіргі жас бүлдіршіндерге халықтық асыл қасиеттерді сіңіру кезек күттірмейтін іс. Осы ретте шәкірттеріме халқымыздың асыл мұра, салт дәстүрлерін қадірлеп, ұлттық сана қалыптастыру жайында аз да болса істеп жатқан жұмыстарымды айтып өтейін. Шәкірт бойына халқымыздың сан ғасырлар бойы жасалып келген сарқылмас асыл мұрасын сіңіру әр сабақ сайын, сыныптан тыс шаралар кезінде де үздіксіз жүзеге асу керек.



Көрнекілік арқылы халықтық тәрбие беру.

Әр бір мұғалім әр сабақта өтілген тақырыпты меңгерту үшін өз білгенінше көрнекіліктер жасайды, ізденеді. Тиімді жасалған көрнекілік жүйелі сапалы білім берудің бірден-бір жолы. Ал ол көрнекілікті ата-бабадан қалған асыл мұраға негіздеп, ұлттық бояуда жасаса, шәкірттерге біліммен қоса халықтық тәрбие берудің таптырмас құралы болары анық.

Бұған дәлел ретінде желтоқсанның он үшінші жұлдызында өтілген ашық сабағыма тоқтала кетейін.

Тақырыбы: М.Мақатаев «Сарыжайлау»

Тапсырма: ұлттық тәрбие беру, ұлттық ойын элементтерін сабақта пайдалану.

Сабақты ұйымдастыру кезеңінен бастадым. Оқушыларды екі топқа бөлдім.

І – Ақан серінің тұлпары «Құлагер»

ІІ – Қобыланды батырдың тұлпары «Тайбурыл»

Топқа тұлпарлар есімін берудегі мақсатым:

Қазақ ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Малдың еті, жүні, түбіті, қылы, шудасы, терісі, мүйізі тіпті сүйегіне дейін өз қажетіне жарата білген.

Мінсе көлігі, ішсе-сусыны, жесе-тамағы, кисе-киімі, тұтынса-бұйымы, байлығы, мақтанышы, салтанаты осы мал болған. Олай болса кейінгі жастарымыз қасиетті төрт түлікке қатысты ұлтымыздың ұғымдары мен бай тәжірибиесін ұмытпауға тиіс. Олардың бәрі бірдей малды бағар, бәлкім бақпас, бірақ аталарымыз қадір тұтқан мұраларымыздың ерекшеліктерін жадында сақтаған жөн. Осы жағдайларды ұрпаққа оқытып, үйрету олардың ой-өрісінің өсуіне де малға деген ынта ықыласына да жақсы әсер ететіні сөзсіз.

Қазақ үшін ең қасиетті мал жылқы. Жылқы малын ерекше қадірлеп, отбасы мүшесіндей аса құрметпен қараған. Бұрынғы ел қорғаған ерлер жылқы ішіндегі таңдаулыларын жорға, жүйрік, тұлпар, қазанат, сәйгүлік, бедеу, дүлдүл, арғымақ деп сипаттап, ерекше дәріптеп бағалаған. Өзінше есім қоя білген.

Үй тапсырмасын «Ат жарысы» ойыны арқылы сұрадым.

Ауыл суреті бейнеленген плакатты тақтаға іліп қойдым. Ат жарысына қатысып жатқан алты шабандоз бейнеленген. Жарысқа қатысатын оқушылар шабандоз арқасындағы нөмірлерін алып, жарысқа дайындалады. Жарысқа қатысатын оқушылар Қасым ауылында қалады да, қалған жігіттер түйеге жүгін артып, Алматы облысына бет алады.

Түйеге жүктерін артып сал-серілер, ақындар келе жатыр.

Түйе малы қазақ үшін, өте киелі саналатын, көшуге қолайлы, ұзақ жолға шыдамды жануар. Қазақ халқы көшпелі ел болғандықтан көшу барысында қолданылатын көлігі осы түйе болған.

1-Түйенің үстінде киіз үй бөліктері орналасқан. Екінші ауыл бейнеленген плакаттың бетін ашып көрсетемін. Біз мына ауылға қоныстанамыз. Жарысқа қатысқан жігіттер келгенше киіз үй тігеміз. Киіз үй бөліктерінің арқасында сұрақ жазылған, сұраққа жауап беру керек.

1 кереге, 2 шаңырақ, 3 уықтар, 4 сықырлауық. Киіз құру арқылы ақынның өмірі, шығармалары жайлы білдік. Енді ат жарысындағы жігіттерден хабар алайық «Ат жарысы» ойыны арқылы өлеңді жатқа сұраймын.

Киіз үй көшпелі халықтардың негізгі баспанасы болған. Мал шаруашылығымен айналысып, көшпелі өмір сүретін адамдар үшін киіз үй ыңғайлы да жеңіл, қолайлы баспана. Оны жарты сағатта жинап, жарты сағатта құруға болады. Киіз үйді сәмбі талдан жасайды.

Кезекті 2-түйенің үстіндегі жүктерге береміз. Біз кімнің аулына келіппіз. Біз әлі білмейміз, ол үшін түйенің үстіндегі жүктерді түсірейік.



1-Сандық – киім кешек салуға арналған ыдыс.

2-Күбі – малды ауылдың қысы-жазы пайдаланатын ыдысы. Қымыз, шұбат, айран, ашылған көже құйылады.

3-Қазан – басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны мүлде жоғары. Қазақ дастарханына түсетін тағамдардың барлығы ең алдымен осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана қазан демей оны «қара қазан» деп қастерлейді. «Қара» дегені киелі, қасиетті дегені. Қазан тоқшылық пен берекенің, ырыс несібенің айғағы, қасиетті киелі ыдыс.

4-Домбыра – Тек қана қазақ халқына тән ұлттық музыкалық аспап. Қазақтың қазақ екенін білдіретін қасиетті, қара домбыра.

5-Қол-диірмен – Бидайды тартып ұн жасайтын қасиетті зат.

6-Текемет – қойдың жүнінен дайындалатын қазақтың ұлттық төсеніші.

7-Бесік – Дүниеге келген нәрестенің отауы, әр бір үйде болады. Бесікті қадірлеп, қастерлейді.

8-Торсық – жылқы терісінен жасалған, сыйлымдылығы 5-10 литрлік ыдыс. Сусын құюға арналған.

Суреттерді түйе үстінен түсіріп, қандай зат екеніне түсінік беріп, теріс қаратып іліп қойған кезде Мұқағали Мақатаев деген жазу шығады. Демек біз М.Мақатаевтың ауылына келіп қоныстаныппыз. Жаңа сабақты түсіндіріп болғаннан соң Сергіту сәті, Поэзия минуты, Шығармашылық жұмыстар жасадық. Сонан соң «Ақ сүйек» ойыны ойналады. Тақтаға жұлдыздар жымыңдаған тамыздың мақпалдай айлы түнінің суреті ілінеді. Ақсүйек ойынына жиналдық деп есептейміз. Екі оқушы сөзжұмбақ шешуден жарысады. Сөзжұмбақты шешкен кезде ортадағы жолақтан «Ақсүйек» деген сөз шығу керек. Қайсысы бірінші болып шешсе, сол ақсүйекті тапқан болады.



Атбақыл ойыны. Асықты иіреді. Асық қайсы қағазға түссе. Сол қағаздағы сұраққа жауап береді. Ол қима қағаздарды ашып қарағанда киіз екенін біледі. Ауылға қоныстанған кездегі құрған киіз үйдің сүйегін киізбен орау керек.

Берілген сұрақтар:



  1. Қара шаңырақ дегенді қалай түсінесің?

  2. Киіз үйге байланысты тыйымдар мен тілек сөздер айтып бер.

  3. Малға байланысты қандай ырымдар мен тыйымдарды білесің?

  4. Түс жору ырымдары туралы айтып бер.

1.Қарашаңырақ деген ұғым атадан балаға мирас болып келе жатқан, бірнеше отау үйлер бөлініп шыққан қасиетті үй.

2. Шаңырақ көтеріп жатқанда ешкім сөйлемейді. Өйткені ұлы іс атқарылып жатқанда ешкім сөйлемейді. «Жеті уық қадалғанша жетесіз сөйлейді» деген сөз бар.

3. Малға байланысты тыйым сөздер өте көп. Тыйым мейіріммен қарауға баулиды, тәрбиелік мәні күшті. Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі тыйым сөздер.

4. Әдет ғұрыптардың бір түрі түс жору. Түс жору арқылы болашақты болжап оған мән беріп отырған. Көпшілігі шындыққа сәйкес келеді. Ата-бабаларымыз түс жору арқылы болашақты болжап, шешім шығарған.

Қыз қуу – ойыны.

І-топтың жігіттері мен ІІ-топтың қыздарын мақал-мәтел, жұмбақ, жанылтпаш айтудан сайысу. Қыздар жеңілсе қамшының суреті салынған қима қағаз сыйлайды. Қима қағаздың сыртында қыздардың тапсырмасы бар. Жігіттер міндетті түрде орындау керек. Ұлдар жеңілсе қыздарға ақ моншақ, кестелі орамал сыйлайды. Ол дегеніміз қыз-қонақ, қыз-қыдыр, қызды ренжітпеу керек, лайым көңілін табу керек деген ұғым болатын. Сол арқылы қыздарды сыйлай білуге тәрбиелеу еді.



Көкпар ойыны – арқылы сабақты қорытындылау. Ежелгі ата-бабаларымыз «зұлымдық атаулының аты өшсін» деген ұғыммен көк серкені сойып додаға тастайды. Додадағы жігіттер епшілдікпен, күш жігер, қайратын ортаға салып белгіленген жерге апару керек немесе ауылдағы ең сыйлы адамның үйіне апарып ас дайындауды бұйырады. Үй иесі де көкпаршы жігіттерге сый-құрмет көрсету мақсатында қой сойылып дәм тарту етеді. Қазақты бұл ұлттық ойыны әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатыр.Серке жүні секілді матадан сопақша доп тіктім, сұрақ қоямын да допты лақтырамын. Білетін оқушы тез арада қағып алып, жауап беру керек. Мен сұрақты айтамын жауап берген оқушы лақтырады. Осылайша 4-5 рет қайталаймыз.

Бағалау: сабаққа зейін қойып, ат салысып отырған оқушыларға көз тимесін деп ұлдарға «тұмар», қыздарға «тоғыз көз» немесе «көзмоншақ» беріп марапаттадым.

Топ жеңімпазын анықтау. Екі топ оқушыларының жинаған оюларын санап, қайсы топ жеңіске жеткенін анықтаймын.



Үйге тапсырма: «Сарыжайлау» өлеңін мәнерлеп оқу, М.Мақатаевтың өмірі жайлы біліп келу.

Қорытынды:

Ұлттық ойындардың балаларға әсері.

Ұлттық тұрғыда, ұлттық ойын элементтерін сабақта пайдалану арқылы оқушылардың бойында қызығушылықты байқадым. Ата-бабадан қалған асыл қасиеттерді бойларына сіңіре отырып, сөйлеу шеберлігі артқанын, ой-өрісінің кеңейгенін сездім. Ұлттық ойын элементтерін пайдалану арқылы халқымыздың сипат ерекшелігін, көзқарасын көрсете алдым деп ойлаймын. Халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған асыл мұраларын, асыл қасиеттерін жас ұрпаққа жеткізе білдім деп ойлаймын.



Ұлттық тұрғыда сабақ бере отырып, мынадай нәтижеге қол жеткіздім.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет