ІІ. Ұлттық мұраның бай қазынасы – халықтық ұлттық ойындар.
Қай халықтың болмасын, оның ұлттық ойындарының белгілі бір мақсаты мен әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан ерекше қасиеттері болады. Сондықтан халық арасында қалыптасқан ойындар туралы сипаттамалық жинақтар, деректер және құжаттар дұрыс зерттеу мен талдауды қажет етеді.
Ұлттық дәстүрлі халық ойындарының ел арасындағы беделі, тарихи қоғамдағы алатын орны және болашақ ұрпақты өсірудегі қажеттілігі, оның шығу тарихы туралы ғылыми тұрғыдан бізге дейінгі ғалымдар да көп ізденді. Осы мәселеге байланысты зертелеген ғылыми еңбектерді біз хронологиялық шектігіне қарай бірнеше топқа бөліп қарастырамыз.
Халық арасында «Денсаулық – зор байлық» деп тегін айтылмаған. Бұл арқылы халық даналығы тіршіліктің негізгі көзі осы денсаулық екенін тағы ескертеді. Адамның денсаулығы жас кезінен бастап қалыптасуы керек. Демек, кезінде ойындарды көп ойнап, жүгіріп, далада, таза ауада жүру – жас организмнің дұрыс та сергек өсуінің көзі. Онымен бірге бүлдіршіндер ойын ойнаған кезде көпшіл, Отанның болашақ азаматы болуға, халқына адал қызмет етуге бағыт алады.
Қазақ халқының сонау, көне заманнан бергі негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан, мал өсіру, мал басын көбейтуі өндіріс процесінің негізгі мақсаты, сондықтан да «халықтың бар байлығы малда болды». Қазақ халқының тіршілігінде төрт түлік (қой, сиыр, жылқы, түйе) мал шешуші орын алған. Бүкіл өмірі мал өсірумен өткен қазақ халқының этнографиялық даму ерекшеліктері, той-думан, қуанышы мен реніші де осы малмен байланысты болды.
Амандасқанда да жан амандығын сұрамай, мал-жан амандығын сұрауы, қазақтың тіршілігінің тірегі, көзі малға деген көзқарасының ерекше бір сезіммен қалыптасуы болды. Оларды халық ауыз әдебиетінде мақұлықтар дүниесінің өкілі деп ұқпай, адамның өмір сүруінің негізгі тірегі мен жан серігі екендігін шабыттана жырлаған.
Осындай экономикалық құрылыстың негізінде төрт түліктің қасиеті тек қазақ ауыз әдебиетінде ғана жырланып қоймай, барлық мәдениет пен өнердің, соның ішінде ұлт ойындарының дамуының да негізі болды, келе-келе негізгі бас кейіпкерлері осы төрт түліктен тұратын «ақбайпақ», «көк сиыр», «түйе-түйе», «соқыр теке» т.б. сияқты ұлт ойындары да дами бастады.
Бұл ойындардың барлығы дерлік қазақ халқының төрт түлікті аса бір сүйіспеншілікпен дәріптеп, қадірмен тұтып, жануарлардың бойында адам баласының қасиеттері бар, сондықтан жан-жануарлардың бәрі бірдей деген ұғымнан барып шыққан ойындар болды. Ондай қасиеттерді бірі осы ойындардың көпшілігінде дерлік төрт түліктің қай-қайсысы болмасын, аналықтарының өз төлдерін өлімге қимайтындығын аңғартады. Сондай «Ақбайпақ» ойынында, жоғалтқан ботасын іздеген інген қатты күйзеледі. Ақырында ботасын көріп, жаны жай тауып, ботасымен әңгімелесе келіп өзін тыққан ұрылардың кімнен жақсылық, кімнен жамандық көрдің деп, содан ботаның айтуы бойынша інгеннің бұйрығымен ойнаушылар жазасын алады.Қазақ халқының малды соншалықты қадірлейтін себебі сол, халықтың саяси әлеуметтік және экономикалық жағдайының даму процесінде осы төрт түлік арқасында жеке адамның қай-қайсысы болмасын өмірден мұқтаждық көрмеді. Сондықтан да төрт түлік қазақ халқының ауыз әдебиетінің, өнерінің, мәдениеті мен ұлт ойындарының негізгі кейіпкері.
«Бесік жырынан» бастап ұлт ойындарының барлығы халық тәрбиесінің көзі. Қай дәуірдің ұрпағына болмасын тіршілік жолына бағыт сілтеп, өмірге аттандырады. Халық жырлары ата-ананың балаға қойған бірінші сенімі, тілек-талабы. Мұның бәрі баланы ойната, көңілдендіре, бойларын сергіте жүріп айтылады да, өміріне рухани азық болатын өнегелі де ілтипатты сөздерді жас кезінен құлақтарына құя береді. Ал ойындар болса баланың осы айтылған өнеге-өсиет сөздерін күнделікті тіршілікте тәжірибе жүзінде іске асырудың құралы болды. Айталық, ойын үстінде осы айтылған өнеге-өсиет бастан аяқ қолданылады, осы негізде оның бойында адамдық қасиеттер қалыптаса бастайды. Демек, ойын әр түрлі әрекетке қозғалысқа, денешынықтыруға ғана төселдіріп қоймай, өмірдің рухани азығы – үлкеннің барлық қасиетін, яғни баланың жан-жүйесіне әсер ететін этикалық, эстетикалық тәрбиені қабылдауға қалыптастырады.
Аңға байланысты ойындар: ақсерек-көксе-рек, аңшылар, аңшылар мен қояндар, кірпіше қарғу, қас-құлақ, ордағы қасқыр. 2. Малға байланысты ойындар: аларман (қойға қасқыр шапты), асау көк, бура-қотан, көксиыр, соқыр-теке, түйе мен бота. 3. Түрлі заттармен ойналатын ойындар: ағаш аяқ, аққала, ақпа, ақсүйек, ақшамшық, алакүшік, алты-бақан, арқан аттау, арқан тартпақ, арқан тартыс, арынды арқан, асау мәстек, асық, аттамақ, ауыртаяқ, әйкел, әуетаяқ, батпырауық, белбеу соқ, белбеу тартыс, дауыстап атыңды айтам, епті жігіт, жаяу көкпар, жемекіл, жігіт қуу, жігіт ойыны, күзетшілер, күміс ілу, қамалды қорғау, қараше, қимақ, қыз қуу, лек (шөлдік), монданақ, орамал тастау, сақина жасыру, сиқырлы таяқ, тапшы, кімнің дауысы, таяқ жүгірту, тепе-теңдік, тобық, тұтқын алу, түйілген орамал, шалма, шертпек, шілдік, хал қалай?
Ұлттық ойынның бірі – «Ұшты-ұшты». Бұл ойынға ересек балалар мен кішкентай балалар да қатысса қызықтырақ болады.
Ойын ережесі : Бір бала ортаға шығып жиналғандарды дөңгелете, өзіне қаратып бір қатарға отырады. Содан кейін ойынның ойналу тәртібін түсіндіреді. Сөйтіп ойынды бастайды. Ойын жүргізуші «Ұшты-ұшты бөдене ұшты» деп қолын көтереді. Сол кезде ойнаушылар тыңдап отырады да ұшатын затқа олар да қолдарын көтереді. Ұшпайтын затты ұшты қолын көтерсе, ойын жүргізушімен бірге қолдарын көтерген ойыншылар жазасын тартады. Ал ұшатын затты айтқанда, қолдарын көтермей қойса онда да жаза тартады. Сондықтан ойын жүргізушінің әр айтқан сөзіне өте сақ болу, қырағы болу керек.Ойын жүргізуші ұшатын зат пен ұшпайтын затты ұйқастырып айтып ойыншыларды ылғи да жаңылдырып отыруға тырысады. Тіпті көпшілікке таныс емес құстардың атын айтып та, ұшатын жәндіктердің атын айтып та жаңылдыруға болады. Мысалы, ұшты-ұшты кекілік ұшты, ізінше кекілік ұшты, қарға ұшты – сырға ұшты, көбелек ұшты – ебелек ұшты, тауық ұшты, уық ұшты, қаршыға ұшты, қанжыға ұшты деп жалғаса береді.
Алданған ойыншылардың жазасы өлең айтып би билеп, мақал-мәтел, жаңылтпаш, тақпақ айтады. Алданушылар көбейген сайын ойын қыза түседі, ендеше ойын жүргізуші мен ойнаушылардың арасындағы бірін-бірі аңдаушылық та күшейе түседі.
Бала ойындарының мазмұны байып, түрі өзгеріп отырады. Ата-ананың ойлау, қиялдау, армандау қабілетін қалыптастыру үшін халық ауыз әдебиетінің жанрларын – ертегі, жаңылтпаш, жұмбақтар, санамақтарды айтып үйреткен.
Халық мұғалімі Байтоғайұлы Малқай бала өміріндегі ойынды және ермекті «ол - баланың еңбегі»,- дейді, демек бұл жай ермек емес, бала әлеміндегі кәдімгі еңбек. «Сондықтан да бала еңбегі – ойын. Ендеше, ойын балалардың күнделікті тіршілігі адамның басынан өтетін өмірінің әр уақытындағы жазғы, күзгі, қысқы істелетін кәсібі сияқты. Тіршіліктің түрі бар. Сол сияқты балалардың да өзіне меншікті бала кезінде істейтін істері бар. Ол іс – жас уақытындағы ойын». Сондықтан да қазақ балаларының негізгі ойындары асық, құмалақ (түйенің, қойдың), бес тас, доп міне мұның бәрі осы балалар еңбегінің құралдары болады. Өмір мен өнерге деген талаптың түп негізінің өзі осы асық, доп, құмалақ, ләңгі, қуыршақ, мәшине, үй болып т.б. ойнауларда жатыр. Ендеше халықтың бұл дана сөзін тура мағынасында түсінуге болмайды.
Ойын баланың көңілін өсіріп, бойын сергітіп қана қоймай, оның өмір құбылыстары жайлы таным-түсінігіне де әсер етеді. Балалар ойын арқылы тез тіл табысып жақсы ұғысады, бірінен-бірі ептілікті үйренеді. Оның үстінде дене қимылы арқылы өзінің денсаулығын нығайтады. Халқымыз ойындарға тек балаларды алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, жас ерекшеліктеріне сай оларды көзқарасының, мінез - құлқының қалыптасу құралы деп ерекше бағалаған. Қазір бізге жеткен ойындарымыз: тоғызқұмалық, қуыршақ, асық ойындары. Қазақтың көне жыр- дастандарында ұлттық ойындар балаларды тәрбиелеуде ерекше орын алғандығы айқын көрінеді. Мәселен «Қобыланды», «Алпамыс», «Ер Тарғын» сияқты эпостық жырларда елін сүйген батырлардың, жұртшылық сүйіспеншілігіне бөленген ер жігіттердің ең алдымен ұлттық ойындарда сайысқа түсіп, одан кейін көп кісі қатысқан ойын-сауықтарда өздерінің мергендік, палуандық, шабандоздық шеберліктерін көрсеткендері айтылады. «Домбырамен күй шерту», «Аттың құлағында ойнау», «Аударыспақ», «Күлкі ойыны», «Балалар ойыны», «Ақсүйек», «Тоғызқұмалық», «Жұмбақ айтыс», «Асық ойнау» өте ерте заманда пайда болған. Мұның өзі біздің ата-бабаларымыздың ұлттық ойындарының ғасырлар бойы өмір сүргендігін айқын көрсетеді. Балалардың жиі ойнайтын «Ақсүйек» ойыны байқағыштыққа, қырағылыққа, бытылдыққа, ерлікке, шапшаңдыққа баулиды. Баланың ақыл-ойын дамытатын тәжірибелік маңызы зор тағы бір ойынның түрі – «Он бір қара жұмбақ». Оның басты ерекшелігі есеп сұрақтарын қою арқылы балаңың ойлау қабілетін дамытады. Бөбектерді тәрбиелеуде де ұлттық ойындардың берері мол. «Санамақ», «Жылдам айт», т.б. тартымды ойындарды үйрету,тіл өнеріне негіз салады деп есептелген. Балалар негізінен ойын үстінде бір-бірімен тез тіл табысады. Ойынына қарап баланың психологиясын аңғаруға болады. Бес саусақ бірдей емес дегендей, әр отбасынан шыққан балалардың мінез-құлқы бірдей емес.
Балалар ойынында кейде өлең-тақпақтар жиі кездеседі. Ол өлең-тақпақтардың негізгі мақсаты тапқырлыққа, шапшаңдыққа, ептілікке баулу, қиялына қанат беріп,ойын ұштау, өз бетімен іскерлікке, қысылған жерде дұрыс шешім қабылдауға тәрбиелеу. Бұған қоса кез-келген ойынның аяғында жеңу бар да, жеңілу бар. Жеңгендер әрі қарай өз биігінде қалуға тырысса, жеңілгендер айып тартады. Ол көбінесе тақпақ айту, ән салу, би билеу түрінде болады. Бұдан қай ойынның да түпкі нысанасы - балалардың бойында өнердің, білімнің, тәрбиенің нұрын себу, өлең, тақпақ айтуға төселдіру екенін аңғару қиын емес.
Жалпы ойынның қандай түрі болмасын, атадан балаға, ұрпақтан- ұрпаққа ауысып отырады. Халық ойындары өмірлік қажеттіліктен туады да, психологиялық жағынан денсаулық сақтауға негізделеді. Тапқыр да алғыр, шымыр да епті, қайратты да қажырлы бала өсіруді армандамайтын отбасы жоқ. Демек ойынның өзі бала үшін біліктің, тәлімнің қайнар көзі болып табылады. Балаларға ұлттық ойындарды үйретіп, оған өзгеше әр беріп, жаңартып өткізіп отыруды ата-аналар, тәрбиешілер бір сәт те естен шығармағандары абзал. Өйткені жас өндір бүлдіршіндер ойнай да, күле де, ойлай да білсін!
Сонымен түйіндеп айтарымыз, қазақтың ұлттық ойындарының басқа халықтардың ұлттық ойындарынан айырмашылығы - оның шығу, пайда болу тегінің ерекшелігіне байланысты белгілі бір тәрбиелік мақсат бірлігін көздейтінінде Қазақтың ұлттық ойындарының пайда болуы, одан әрі дамуы тікелей өз халқымыздың даму тарихына, басынан өткерген әлеуметтік – қоғамдық жағдайларына байланысты болатыны түсінікті жай.
Қазақтың ұлттық ойындары өзінің мазмұнында халқымызға тән ерекшеліктерді, салт – сананы, дәстүрлерді, әдет – ғұрыптарды енгізе отырып, ғасырдан – ғасырларға беріліп, бүгінгі біздің өмір сүріп отырған уақытымызға дейін жетіп отыр, ол өз эстафетасын бізден кейінгі ұрпақтарға да жал-ғастыра бермек.
Ұлттық ойындарының жалпы қалыптасу кезеңі біздің заманымызға дейінгі VII – VI ғасырлардағы қазақ жеріндегі көшпелі тайпалардың құрылу дәуіріне тура келеді. Мәселен Қазақстан жеріндегі алғашқы қауымдық құрлыс кезеңінде қалыптасқан «аң аулау», «садақ ату», «жамбы ату», «найза лақтыру», «көкпар», «қыз қуу», «бәйге», «аударыспақ», «теңге іліу», «бес тас», «ақ сүйек», «тоғыз құмалақ», мәселен, бүгінгі күнге дейін мәнін жоймаған «асық » ойындары (үштабан, біртабан, хан, шығу, ханталапай) т.б. Асық ойындары қазақ балаларының ең сүйікті ойындарының бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |