Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан − 2030» стратегиялық Жолдауында айтылған: «Біздің жас мемлекетіміз өсіп-жетіліп, кемелденеді, біздің балаларымыз бен немерелеріміз онымен бірге ер жетеді. Олар өз ұрпағының жауапты да жігерлі, білім өресі биік, денсаулығы мықты өкілдері болады. Олар, бабаларының игі дәстүрлерін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі, күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады», - деген пікірінің мәніне дендей үңілер болсақ, елдің жарқын келешегінің келбетімен қатар, сол келешекке жету жолында шешілуге тиісті міндеттердің бірін айқын көре аламыз. Ол міндет − ұлттық құндылықтарымыз – бабалар дәстүрлерін сақтай әрі дамыта отырып, тәуелсіз Қазақстан экономикасын дамытатын білікті кәсіби маман даярлау. Бұл міндеттің мәні ұлттық дәстүрлер мен өркениет жетістіктерін сабақтастыра дарытатып кәсіби құзіреттілігімен арттыратын, әрі патриот, әрі ізгі ұрпақ тәрбиесімен айқындалмақ.
Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «…білім беру жүйесі міндеттерінің бірі ретінде белсенді азаматтық ұстанымы бар жеке адамды тәрбиелеу, республиканың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыруы» атап көрсетілген. Ұрпақ тәрбиесін ұлттық мүддеден, ұлттық мұраттан бөле-жара жүзеге асыру мүлдем мүмкін емес. Ел келешегінің қандай болмағы бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты. Ал бұл орайда назарға алынуға тиісті факторлар аз емес. Солардың бірқатары ұлттық мәдениетпен өзектесе танылады.
Жас ұрпаққа тәрбие беруде құндылығы шексіз халық педагогикасын пайдаланудың әдіснамалық негіздері: Қ. Жарықбаевтың, С.К. Қалиевтың, К.Ж. Қожахметованың, Ж.Ж. Наурызбайдың, Ә. Табылдиевтың, С.А. Ұзақбаеваның, қолданбалы салалары бойынша Қ. Бөлеевтің, Р.Қ. Дүйсембінованың, сонымен қатар Р.М. Айтжанованың, С.Қ. Әбілдинаның, Ш.М. Мұхтарованың, Қ.А. Сарбасованың, Л.С. Сырымбетованың және т.б. ғылыми зерттеулерінде қарастырылды.
Бұл қатарда кезек күттірмес мәселелердің бірі халық өнерін ғылыми тұрғыдан жан-жақты танып-білу, нәтижеде оның жетіле түсуіне, кең арнада дамуына жол табу болып табылады.
Халықтық өнер төңірегінде сөз қозғап, оның түрлері мен үлгілері, кәсіби-көркемдік дәстүрі, өкілдері жайында ой өрістетіп, ғылыми құнды пікірлер айтқан, дәлелді тұжырымдар тиянақтаған зерттеулердің төл топырағымызда да, іргелес елдерде де бар екендігін жоққа шығар алмаймыз. Әсіресе, қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнеріне байланысты арнайы зерттеулер жүргізіп, салиқалы ой-пікірлер түйіндеп, қоғамдық-әлеуметтік ортада халықтық өнерге деген жаңаша көзқарас туындатып, қалыптыстыруда К. Ақышевтың, Х. Арғынбаевтың, Ө. Жәнібековтың, С. Қасимановтың, Ә. Марғұланның т.б. еңбектерін ерекше атай отырып, аталған ғалымдардың ісін әрі қарай дамыта жалғастырған Ш. Әбдуалиеваның, М. Әлімбаевтың, Т. Бәсеновтың, М. Мұқановтың, К. Ыбраеваның т.б. зерттеулерінің мәні зор.
Бұл ретте халықтық өнер мәселелерін еңбек және эстетикалық тәрбиемен байланыстыратын А.С. Макаренко, В.А. Сухомлинский, К.Д. Ушинский сияқты белгілі орыс педагогтарының еңбектерін де ескермеске болмайды. Сондай-ақ, М.С. Каган, Б.В. Нешумов, А.Б. Салтыкова, С.М. Темерина, А.К. Чекалов т.б. да авторлардың еңбектерінде халықтық сәндік-қолданбалы өнердің тарихи-теориялық мәселелері қарастырылса, кейінгі кезеңде эстетикалық тәрбие мен кәсіби-көркемдік білім берудің теориясы мен әдістеріне байланысты ой-пікірлер Т.В. Беданың, Т.С. Комаровтың, Л.Б. Медведевтың, Н.Н. Ростовцевтың, Н.П. Сакулинаның, А.С. Хворостовтың, Т.Я. Шпикалованың зерттеулерінде кеңінен көрініс тапты. Бұл қатарда Орта Азия мен Қазақстан мектептерінің тәжірибелері негізінде мектептен және сыныптан тыс сабақтарда сәндік-қолданбалы өнердің бастапқы орнын айқындауға бағдар ұстанған Е. Асылханов, К. Әмірғазин, Ж. Балкенов, И.С. Быковченко, К.Е. Ералин, А. Қисымова, А.О. Камаков, Э. Мұрадова, А. Сарбағышов зерттеулері де өзіндік орын алары сөзсіз.
Халықтық өнердің жалпы ғылыми-теориялық проблемалары, сондай-ақ оның жекелеген түрлері мен олардың мән-маңызы, мазмұны мен сипаты, ел өміріндегі орны сияқты мәселелер бүгінге дейінгі зерттеулерде қарастырылып келгенімен, халықтық өнерге қатысты әлі де болса зерделене қоймаған жәйттер аз емес. Солардың бірі − халықтың сәндік-қолданбалы өнеріне байланысты.
Әділін айту қажет, халық өнерін насихаттаумен қатар оларды білім беру жүйесінде қолдану мәселелері кеңестік кезеңде де біршама еңбектерге арқау болды. Г.Н. Волков, Е.И. Игнатьев, В.С. Кузин, Б.Ф. Ломов сияқты белгілі зерттеушілер халықтық өнер түрлерін көркемдік білім мен эстетикалық тәрбие беру мақсатында қарастырып, оларды оқу-тәрбие ісінде пайдаланудың әдістемелік жолдары мен тәсілдерін ұсынды. Халық өнерінің педагогикалық мүмкіндіктері мәселесін талдап қарастырған зерттеулер ұлттық ғылымымызда да баршылық. Бұл тарапта М. Балтабаевтың, Ж. Наурызбайдың, Ә. Табылдиевтің, Б. Әлмұханбетовтің, Т. Самұратованың т.б. еңбектерін атау абзал.
Көркемдік тәрбие мәселесін болашақ мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігін арттыру мақсатында қарастырып отырғандықтан, біздің зертеуімізге әдіснамалық бағыт-бағдар беретін жоғары оқу орындары кәсіби білім беру салаларына арналған Қ.Ж. Аганинаның, Б.Р. Айтмамбетованың, Б. Әбдікәрімұлының, Ш.Ә. Әбдіраманның, С.Т. Каргинның, Б.Т. Кенжебековтың, Қ.М. Кертаеваның, С.З. Қоқанбаевтың, Р.М. Қоянбаевтың, К.Қ. Құнантаеваның, Н.Ә. Мыңжановтың, Ж.Ы. Намазбаеваның, Д.Қ. Нұрғалиеваның, И.Н. Нұғымановтың, Т.С. Сабыровтың, А.П. Сейтешевтың, Ш.Т. Таубаеваның, Е.К. Төлемісовтың, Г.А. Умановтың, Ә.Ә. Усмановтың, Э.И. Шыныбекованың, Н.Д. Хмельдің еңбектерінің маңызы өте зор.
Жоғары аталғандардан түйіндейтініміз халықтық өнердің әлеуметтік мән-маңызы, әсіресе оны оқу-тәрбие ісінде пайдаланудың педагогикалық мәселелері толық шешілді деу қиын. Бұл ретте қазақтың қолданбалы қолөнеріндегі түрлі ұлттық дәстүрлер мен нақыштарының өзара үйлесімімен кәсіби-көркемдік ізденіске бауылып, шығармашылық туындатар айшықты ши тоқу өнері педагог-ғалымдардың назарынан тыс қалып келеді.
Аталған мәселенің практикалық нақты жағдайын және ғылыми әдебиеттердегі көріну дәрежесін саралау нәтижесі бірқатар қайшылықтардың бетін ашты. Олар:
этнопедагогикалық және этномәденилік білім беру тұжырымдамаларының жасалынуы мен болашақ мұғалімдердің кәсіби-көркемдік құзіреттілігін айшықты ши тоқу өнерінің құралдары арқылы қалыптастырудың теориялық негіздерінің қажетті деңгейде зерттелмеуі арасында;
жоғары оқу орындарында бұл проблеманы шешуге байланысты педагогика ғылымы ұсынған талаптар мен олардың оңтайлы шешімін табуға мүмкіндік беретін әдістемелік нұсқаулардың жеткіліксіздігі арасында.
Бұл қайшылықтардың шешімін табуға байланысты туындаған мәселе бізге «Ұлттық қолданбалы қолөнері негізінде болашақ мұғалімдердің кәсіби-көркемдік құзіреттілігін қалыптастыру (айшықты ши тоқу мысалында)» деген тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізуге себепші болды.
Достарыңызбен бөлісу: |