Кім түртті?
Жаздыгүні жастар ауылдың сыртына шығып, ойнап-күліп көңілдерін көтереді. Өз арасынан беделді біреуді ойын басқарушы етіп белгілейді. Ол келген адамдардың бәрін қатарластыра отырғызады. Сонан кейін оларды қайтадан біртіндеп тұрғыза береді. Мұнан соң басқарушы қалаған бір ойыншыны ұстайды да оның басын төмен иіп еңкейтіп, екі қолымен иығынан басып тұрады. Сонда ол төңірегін мүлде көре алмайды.Бұл кезде ойынға қатынасушылардың бәрі жабыла барып, оны кезек-кезек түртіп қалады да, тым-тырыс тұра береді. Ал басқарушы одан: «Сені кім түртті? деп сұрайды. Егер ол бірінші болып түрткен ойыншының атын дәл атаса, түрткіден босатылады да аты аталған адам оның орнына келеді.Егер ол алғаш түрткен ойыншының атын дәл басып атай алмаса, бір ауыз өлен айтып, жазадан құтылады. Түрткен ойыншының атын таба алмаса және өлең де айта алмаса, екі қабаттап есілген сүлгімен бес рет соғылады немесе басқа жаза тартады. Ойын қайталанып, жалғаса береді. Ойын жастарды сезімталдыққа баулиды, өнерпаздық, творчестволық қабілеттерін дамытады.
Көген тартыс
Бұл ежелден келе жатқан көне ойындардың бірі. Ертеде оны малшылар ойнайтын болған. Ойынды кең алаңда, дене шынықтыру залдарында өткізуге болады. Ойынға қатынасушылар тепе-тең екі топқа бөлінеді. Араларынан екі топқа ортақ ойын жүргізуші тағайындалады. Ойынға ұзын арқан таңдап алынады. Ортасынан 1—1,5 метрдей ашық орын қалдырылып, арқан әрбір 40—50 см. сайын түйіледі. Ортадан екі топты бөліп тұратын көмбе сызығы сызылады. Әр ойыншы бір-бір түйіншектен ұстап, бір-біріне қарсы қарап тұрады. Ойын басқарушының белгісімен басталады. Ортадағы көмбе сызықтан қай жақтың ойыншысы тартып өткізілсе, сол топ жеңіліп, оны тартып өткізген жақ жеңіске жетеді. Ойын осылай жалғаса береді. Ойын жастарды коллектившілдікке, бірлесіп іс-әрекет жасауға, дене күштерін молықтырып, білектерін сомдай түсуге, шынығуға баулиды.
Қазан доп
Ойынға қатынасушылар жазық алаңға жиылып келіп үлкен дөңгелек шеңбер сызады да, дәл ортасынан тереңдігі 10 сантиметрдей шұңқыр қазады. Бұл қазан шұңқыр. Шеңбер сызық пен шұңқырдың аралығы жарты метрдей болуға тиіс. Ойынды бес-алты ойыншы ойнай береді. Әр ойыншы өзіне ұзындығы бір жарым метрге жуық, ұшы қайқылау таяқ әзірлейді. Үлкендігі орташа доп пайдаланылады. Ойынды жүргізушілер қазан шұңқырдың сыртындағы шеңбердің бойымен аралығы 2—2,5 метрдей қашықтықта өздеріне кішкене ұя қазады да, таяқтарының ұшын соған тіреп тұрады. Жеребе бойынша бір ойыншы доп ойнаушы болады. Ол допты қазан шұңқырға түсіруге айла іздейді. Басқалар қазанды қорғайды және өзінің ұясын доп айдаушыға алдырмауға тырысады.Егер айдаушы допты қазанға түсіретін болса, басқа ойыншылар орындарын жылдам ауыстыруы керек. Осы қарбаласта доп ойнаушы біреуінің ұясын иеленіп алуға тиіс. Ұясыз қалған ойыншы доп айдаушы болады. Ойынға қатынасушылардың саны көп болса, бірнеше доп айдаушы белгіленеді.Бұл ойынның екінші түрі «Қыз доп» деп аталады. Бұл көбінесе қысы ұзақ, қары қалың түсетін шығыс пен солтүстік облыстарда қыста ойналады. Ойынға жиналғандар қатты қардың үстіне келіп, ортадан үлкенірек шұңқыр қазады да оны «қазан» деп атайды, оның айналасынан дөңгеленте ойыншының санына қарай арасын 1,5—2 метрдей етіп кішкене шұңқырлар қазады, оны «отау» деп атайды. Әр ойыншының қолында басы имек таяқ болады. Ойынға кішкене доп пайдаланылады, ертеде оны ұшқат ағашының безінен ойып жасайтын болған. Сол кішкене допты «қыз доп» деп атайды. Доп қуушыны тағайындау үшін жаңағы кішкене допты ойынға қатынасушылар таяғымен қақпақылдайды, сонда кім аз қақпақылдаса, сол доп қуушы болады да, қалғандары ортадағы қазанды және өз отауларын қорғаушы болады. Ойын басталғанда әркім таяғын өз отауына қойып тұрады. Доп қуушы «қыз допты» қазанға түсіруге тырысады, ал қорғаушылар «қазанды» қорғай отырып, өз отауын да қорғауға тиіс, өйтпегенде доп қуушы допты қоргаушылар «қазанға» түсірмеуге әрекеттеніп жатқанда олардың бірінің «отауын» басып алуға тырысады. Егер ол осыны орындай алса, отауынан айрылған ойыншы доп қуушы болады. Егер доп қазанға түссе, ойын қайта басталады. Ойыншылардың санына қарамастан ойында бірақ доп қуушы тағайындалады.Ойын жастарды бір ортақ мақсатқа жұмыла білуге, коллектившілдікке баулып, таза ауада дем алып, денсаулықтарын жақсартуға, қимыл-әрекетке жаттықтырады.
Достарыңызбен бөлісу: |