ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫ
ЭССЕ ЖАЗУ БОЙЫНША ӘДІСТЕМЕЛІК ҚҰРАЛ
(ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ)
Мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау
Астана, 2018
Алғы сөз
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 16 қарашасында шыққан №660 бұйрығына сәйкес 2016-2017 оқу жылында жалпы орта білім беретін мектептердің 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға өзгерістер енгізілді. 11-сынып оқушылары үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен эссе жазу міндеттелді. Эссе жазу мұғалімдер мен оқушылар үшін жаңа формат болғандықтан, Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан көмекші құрал ретінде әдістемелік нұсқаулық әзірленді. Әдістемелік нұсқаулықта эссе термині, түрлері, құрылымы, ерекшелігі, талаптары және оның шығармадан айырмашылығы жөнінде түсінік берілді. Сонымен қатар эссе тақырыптары, оны бағалау критерийлері және эссе жазу үлгілері ұсынылып, оларға талдау жасалды.
Эссе талаптары және бағалау критерийлері халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, бірнеше дереккөздердегі мәліметтерді қарастырып, сараптап, талдап ұйғарылған қорытынды шешім бойынша құрастырылды.
Әдістемелік құрал жалпы білім беретін мектеп мұғалімдеріне, оқушыларға арналады.
Эссе мен шығарманың айырмашылығы
Мектеп бағдарламасына сәйкес оқушылар әдебиет пәні бойынша шығарма жазуға дағдыланған, ұсынылған тақырыптарды таңдау, оларға жоспар құру, шығарма жазу барысында жоспарды негізге ала отырып, одан ауытқымау сияқты талаптарды игерген. Биылғы оқу жылындағы қорытынды аттестаттаудағы өзгеріске байланысты олардың эссе мен шығарманың өзіндік ерекшеліктерін түсініп, бір-бірінен айқын ажырата алуы – аса маңызды қажеттілік. Екеуі де әдебиет пәні бойынша берілетін жазба жұмысы болғандықтан, оларды жазуға негіз болатын авторлар мен шығармалар да ортақ. Көркем әдебиеттің мақсаты – қоғам мен адам, халық пен жеке адам арасындағы әлеуметтік, психологиялық жанды байланыстарды табиғи суреттеу. Шығарма да, эссе де әдеби жанр, олардың қайнар көздері ортақ, тақырыптары ұқсас болғанмен, мақсаттары, құрылысы, бағыты, тілдік қолданысы, стилі әр түрлі. Осыларды ескере отырып, оқушылардың назарына екі әдеби жанрдың өзіндік ерекшеліктері көрсетілген төмендегі кесте ұсынылып отыр. Бұл кестеде эссе мен шығарманың анықтамасы, құрылымы, мақсаты, оларды жазуға қойылатын талаптар дараланып көрсетіліп, қазақ тілінің бай сөздік қорын тиісінше дұрыс қолдана білу туралы нақты мәліметтер берілген.
|
Эссе
|
Шығарма
|
Анықтамасы
|
Эссе дегеніміз (фр. тіл. Essai –тәжірбие, лат.т. exagium – құрау) – философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтану, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін.
Эссе жазылу мақсатына қарай оған қойылатын талаптар да әртүрлі болады. Эссе жазушы мақсатқа сәйкес эссе түрінің талаптарын сақтап отырып жазады.
|
Шығарма – оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі.
Шығарма – берілген белгілі бір тақырып бойынша жазылатын, міндетті құрылымнан тұратын, пәндік білімге бағытталған шығармашылық жұмыс.
|
Эссенің қатаң түрде жоспарға негізделуі міндетті емес.
|
Шығармада жоспарды жазу міндетті.
|
Эссе жеке көзқарас, сараптама, дәлелдемелерге негізделеді.
|
Шығарма көбінесе көркем мәтінді талдауға негізделеді.
|
Эссенің мақсаты – эссе жазушының өзіндік көзқарасын, сыни ойын жетілдіру, ұстанымын дәлелді бекіту үшін жан-жақты білім алып, ақпараттық қарулану, тақырыпты ашуда метатанымдық білігін тиімді қолдану, шығармашылық қабілетін шыңдау, ой жүйелілігін реттеу, жазу түрлеріне қарай жазу тәсілдерін таңдай біліп, эссе түріне қарай жазу стилін сақтау, ой жүйесінің бірізділігін сақтаудағы сөз оралымдарын тиімді қолдану, шығармашылық жазбаларда сөздік қорының байлығын дамыту, талдау жұмыстарында қажетті термин сөздерді тиімді қолдану.
|
Шығарманың мақсаты – жазылым тілін, логикалық ойлауды дамыту.
Шығармашылық қиялды, нақты нәрсені еркін, қызықты түрде беру, әдебиетті іштей түсіне отырып, оның мәні мен тиісті орнын өз танымымен көркемдеп бере алу.
|
Емтихан жұмысының сипаттамасы
Жазбаша емтихан жұмысы – эссе.
Уақыты: 3 сағат (180 минут).
Оқушылар берілген тақырыптардың ішінен біреуін таңдайды. Жазылған эссе жұмысы жалпы 20 балмен бағаланады. Оқушылар өздері таңдаған тақырып бойынша эссе көлемі 200 – 250 сөз болса, қазақ әдебиетінен тереңдетілген сыныптарда 250 – 300 сөзден тұратын эссе жазады. Оқушылар шимай парақты қолдана алады. Шимай парақты оқушы жұмыспен бірге тапсырады, бірақ тексерілмейді. Емтихан уақытында әдебиет хрестоматиясы, тақырыпқа қатысты көркем әдебиеттер, мақал-мәтел, қанатты сөздер кітаптары аудиторияға қойылады.
Емтиханда жазылатын эссе түрі
Академиялық эссе
Қорытынды аттестаттау емтихан болғандықтан, жазба жұмысы Академиялық эссе түрі бойынша жазылады. Академиялық эссе ұзақ және қысқа мерзімді қамтиды.
Зерттеу жұмыстарына ұзақ мерзімді академиялық эссе тән. Ұзақ мерзімді академиялық эссеге кеңейтілген эссе түрі жатады. Оқушы қызығушылығымен таңдап алған тақырыбына зерттеу жүргізеді. Зерттеу 1- 1,5 жыл мөлшерін қамтуы мүмкін.
Қысқа мерзімді академиялық эссе білім алушының оқыған, талдаған, сараптаған білімін бағалау үшін беріледі. Қысқа мерзімді академиялық эссе емтиханға бөлінген уақытта орындалады. Академиялық эссе кез келген пәндер: жаратылыс, гуманитарлық, тіл, әдебиет бойынша жазылады. Әр пән функционалдық міндетіне сәйкес білім алушының білім нәтижесін бағалауға бағыттайды. Ана тілі мен әдебиеті пәндерінің қорытынды аттестаттау емтиханында әдеби эссе жазады.
Әдеби эссе – эссе түрлерінің ішіндегі ең күрделісі. Ол жазылу мақсатына қарай әдеби-талдау эссе, әдеби-сыни эссе, әдеби-синтез эссе, әдеби-дәлелдеме эссе, әдеби-салыстырмалы эссе, әдеби-шығармашылық эссе болып бөлінеді. Әдеби эссенің әр түрінің жазу әдістері бар. Әдеби-талдау эссені туындыға талдау жасай отырып жазады. Әдеби-сыни эсседе автор көзқарасына, автор бейнесіне, автор үлесіне сыни көзқарасын, пікірін білдіріп жазады. Әдеби-синтез эсседе бір тақырыптың бірнеше туындыдағы көрінісін талдай келе, шешім шығарады. Шешіміне талдау жүргізе отырып, қорытындыға келеді. Әдеби-дәлелдеме эсседе өз ұстанымын көрсете отырып, аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Әдеби-салыстырмалы эсседе туындыны басқа туындымен және сол туындыдағы кейіпкерлерді, оқиғаны салыстыра отырып, талдап жазады. Әдеби-шығармашылық эсседе көркем туындыдағы оқиғаны өз шығармашылығымен оқиға тудырып және кейіпкер рөліне еніп немесе оқиға уақытына, мекеніне түсіп, сезімін, ойын, жай-күйін баяндап, сипаттап, суреттеп жазады.
Әдеби эссенің әр түрінің мақсаты, жазылу ерекшеліктері бар. Мақсат, жазылу ерекшеліктері эссе тақырыптары арқылы айқындалады. Мысалы:
«Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды автордың оқырманына жеткізу тәсілдерін талдап жаз». Әдеби-талдау эссе автордың тосын және қатыгез эмоцияларды жеткізу үшін қолданған тәсілдерін тауып, талдап жазылады.
«Мұхтар Әуезов «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоцияларды оқырманына қаншалықты әсерлі жеткізе алды?» Әдеби-сыни эссе автордың тіл шеберлігіне сыни бағасын бере отырып жазылады.
«Тосын және қатыгез эмоциялардың М.Әуезовтің «Көксерек» повесі және әлемдік әдеби туындылардағы көрінісі». Әдеби-синтез эсседе бірнеше туындылардағы тосын және қатыгез эмоциялардың берілуін талдай келе, өзіндік бағасын шығарады, көзқарасы тұрғысынан шығарылған бағасына талдау жүргізеді.
Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі тосын және қатыгез эмоциялар оқырман психологиясына кері әсер ете ме? Әдеби-дәлелдеме эсседе білім алушы өз позициясын /ұстанымын/ танытады. Позициясын аргументтер арқылы дәлелдеп жазады. Аргумент келтіруде Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесімен ғана шектелмей, неғұрлым өзге дереккөздерден аргументтер келтірген сайын, соғұрлым эссе бағасы жоғарылайды.
«Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесіндегі Құрмашсың. Жоғалып кеткен Көксеректі күтпеген сәтте кездестірдің. Көксерек саған қарсы шауып, сен жараландың. Осы сәттегі сезіміңді сипаттап жаз. Әдеби-шығармашылық эссе жазуда Құрмаш рөліне енеді, сезімін, жай-күйін сипаттап жазады.
Достарыңызбен бөлісу: |