М.Миразов
ТӨЛЕ БИ ТАШКЕНТТЕ ЖЕРЛЕНГЕН
В статье исследуется жизнь, выдающегося казахского общественного деятеля XVIII века Толе би, а также вопрос локализации место его захоронения и период правления городом Ташкент
Туған халқымыздың ежелден-ақ ынтымақ бірлігі жарасқан, босағасы берік ел болуды аңсап келгені, бірақ осы асқақ арманына жету жолында талай-талай қатерлі асуларға тап болғаны белгілі. Болашақ ұрпақтың сезім түйсігі, дәстүр-тағылымы халықтың тарихи жадымен сабақтаса, берік ұштаса отырып дамығанда ғана өзінің табиғи тұғырына көтеріле алатынына қазірде көзіміз жетіп отыр. Тарихи тұлғаларды, ел басына күн туған шақта етігімен су кешкен батырларды, халықтық үрдістерді ту ғып көтерген данагөй қарияларды, қара қылды қақ жарған әділ билар мен орақ тілді шешендерді терең танып, үлгі тұтудың қажеттігі де осында.
Қазақ халқының тарихында қанша уақыт өтсе де ұмытылмайтын есімдер көп-ақ. Халық мұндай тұлғаларды әрдайым ауыздарынан тастамай, кейінгі ұрпаққа өнеге тұтқан, әақайсысының қасиетін ерекше қастерлеген. «Білімдіден сөз қалған, тігіншіден бөз қалған» деген ұлағатты сөздің де астарында терең мағына жатыр. Артында өлмес сөз, көнермес даналық қалдырған алып тұлғалардың ішінде шоқтығы биігі – Төле би Әлібекұлы.
Туған халқының зердесіне ақыл-ойдан ғажайып шам орнатқан асыл туған бабамыз Төле бидің туған топырағы мен өскен ортасы, жерленген жері туралы әр кезде даулы әңгімелерге жол беріп, дерек-дәйексіз сыңаржақ пікірдерді туындатып келеміз.
––––––––––
Миразов М.– М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Түркология» ғылыми-зерттеу орталығының директоры (Қазақстан, Шымкент қаласы)
Төле би өз дәуірінде қазақ, орыс, қытай, қырғыз, өзбек, қарақалпақ халықтарының тарихнамасында ірі қайраткер, дипломат, айтулы шешен ретінде елеулі орын алған. Ал өз елінің өмірінде мәмілегер, қолбасшы, реформатор және ұлтының бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жан аямай күш салған ірі мемлекеттік тұлға ретінде танылды. Төле бидің өмірі мен даналығы туралы құнды мәліметтер қалдырған шығыстанушы ғалымдар: А.Левшин, Н.Аристов, Я.Гавердовский, Л.Баллюзек, патшалы Ресейдің саясатын жүзеге асырушылар П.И.Рычков, И.И.Неплюев, Г.Ф.Миллер, А.И.Добросмыслов, қазақтың айтулы білімпаздары Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, М.Тынышпаев, Ә.Марғұлан, атақты ақындар Қ.Байболұлы, Майлықожа т.б. зерттеулері мен еңбектеріне зейінді түрде назар аударсақ олардың баба туралы көзқарастарында алшақтық жоқ екендігін аңғарамыз. Тарих деген қазынаны көздің қарашығындай сақтаған Қытай мұрағаттарынан табылып жатқан жазбалар да Төле би жөнінде құнды деректер береді.
Менің зерделеуімше, түйткілді ойға түрткі болған негізінен сәулет ескерткіштерін зерттеуші ғалым Г.А. Пугаченкованың ХХ ғасырдың ортасында ғылыми жинақта жарық көрген мақаласы еді1.
Төле би жайында жазба деректер жұтаң деп айтуға болмайды. Дегенмен оның өмірбаяны мен реформаторлық-басқарушы қызметі толық дәрежесінде зерттеліп, зерделене қойған жоқ. Төле би жөнінде бірнеше құнды еңбектер, көптеген мақалалар (С.Дәуітұлы, М.Қойгелдиев, Ж.Рсымбетов, Ж.Дәдебаев) жарық көргені белгілі. Мұндай ізгі қадам, алғашқы ғылыми талпыныстар, әрине, Төле би сияқты аса ірі тұлғаның барлық ғұмырлық, үлкен мемлекеттік деңгейдегі қызметін толық қамти алмайды.
Тәуке хан заманында қазақтың төле биі болған Төле XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы Түркістан топырағындағы ең ірі, ең беделді тұлғаның бірі еді. «... Ташкентке барып қайтқан Мансұр Асановтың атақты қазақ биі Төле биді Ташкентте ханнан бетер қадірлейді»2 дейтіні де сондықтан.
Әз Тәуке хан тұсында «Жеті жарғы» әдет заңын шығарушылардың бірі – Төле би. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін, жоңғарлардың Қазақ даласы мен қалаларына жасаған шапқыншылығы тұсында, Қазақтың үш Ордасын басқыншыларға қарсы соғысқа ұйыстырған ардагерлердің бірі.
Үлкен Орданың Жоңғария шапқыншыларына уақытша тәуелді болған кезінде, Төле би тиісті алым-салық төлеуден басқа, келелі саяси істерде тәуелсіздікті берік сақтауға ұмтылып отырған. Сол бір тарихи жағдайда бұл күрескерлік, табандылық және саяси жағынан дипломатиялық іскерлік еді.
Сол кезде Үлкен Орданың хан тағы Ташкент шаһары болатын. Ұлы бидің сүйегі өзі ғұмырының соңына дейін қызмет еткен кенттің төрінде – Шайхантаур аталатын мазаратта жатыр.
Төле би Ташкентте билік құра отырып, өзі Ташкент маңындағы Сартөбе деген жерде тұрған3. Бидің негізгі тұрақ жайы Шыршық өзенінің бойында, Бозсу арығының басында болады. Бозсу арығы осы Шыршық өзенінен тарайды. Бұл арық Ташкентті сумен қамтамасыз ететін бірден-бір жүйе болғандықтан, қала өзін су иесі Төле биге тәуелді деп таныған4. Сөзіміз дәлелді болу үшін «Ташкент тарихы» еңбегіндегі мына жолдарға назар аударайық: «... Вместе с тем Тюлебий, ставка которого была расположена на берегу реки Чирчик, у начала канала Бозсу, обеспечивавщего водой Ташкент мог в любое время изменить направление воды и оставить город без нее»5.
Қазақтың ардақты ақыны Қазанғап Байболұлы «Төле бидің тарихы» атты жыр-дастанында бұл кісінің Ташкенттің түбінен тоғыз арық үлкен каналдар қаздырып, егін салдырғанын айта келе, бұл мезгілдің 1718 жылы екенін тиянақтап жазып қалдырыпты6.
Ал, орыс тарихшысы А.Левшин өзінің шығармасында Төле бидің Жолбарыс хан өлген соң, Ташкентті алты жыл бойы билегенін айтады7.
XVIII ғасырдың 30-40 жылдары бұл өңірді жоңғарлардың басып алғаны белгілі. Бірақ Ташкент қаласы дербестігін сақтады. Онда жоңғарлардың толық билігі орныққан жоқ. Қалада қазақ хан-сұлтандарының билігі үстем болды. Соның ішінде атақты Төле бимен барлығының санасуына тура келген. Оны мұрағаттан алынған мына жазбадан да айқын аңғаруға болады.
«В 1742 г. русский караван, возглавляемый Кубай Арслановым, прибыл через Туркестан в Ташкент. В период его пребывания в Ташкенте правил представитель местной знати Кусекбек, сумевший отобрать власть у казахского хана Тюлебия, который располагался в окрестностях Ташкента. Однако как Кусенбек, так и Тюлебий были вассальными правителями калмыцкого хана. Оказывается еще в прежние годы казахский хан Джулбарсхан «обще» с Тюлебием управлял городом и оба ежегодно брали с Ташкента дань в 40 тысяч тенек»8.
Біз бұл мәліметерден Төле бидің Ташкент шаһарында өз әмірлігін жүргізіп келгендігін, қала өміріне қатысты өзекті мәселелердің бидің шешімінсіз шешілмегендігіне анық көз жеткіземіз.
«Төле би Ұлы жүздің Ресеймен қарым-қатынасына байланысты ірі істерді де ретіне қарай шешіп отырған. Ол Ташкентті он екі жыл бойы билеген. Қайтыс болған соң оның сүйегі Ташкенттегі Бабырдың нағашы атасы Жүніс ханның жанына қойылған. Бидің құрметіне үлкен ескерткіш орнатылған», - деп қытайдағы қазақ ғалымы тарихи деректі алға тартады9.
Төле бидің Ташкентте тұрып билік жасағанынан, оның өмірі осы қаламен тікелей байланысты болғанын қазақтың тамаша қайраткері М.Тынышбаев та атап көрсетеді. «... Один из знаменитейших биев киргизского народа Толебий Алибеков (Дулат, отделение Жаныс), фактически повелевавший Старшей Ордой, жил у самого Ташкента; в 10 верстах от Ташкента по Чимкентской дороге, в местности Каракамыс мальчик-бродяга, впоследствий знаменитый Абылайхан пас в 1725 году верблюдов Толебия. На месте нынешнего кишлака жил родственник Толебия Кыбрай-батыр»10. (1925-1927 жылдары жазылған материалдар бойынша жинақталған – М.М.).
Қоқандықтар билік басына келгенге дейін Ташкент Ұлы орданың астанасы, бауырлас қазақ-өзбек халықтарының ортақ бас қаласы болады. Он екі қақпалы Ташкент бірнеше дахаға, қазіргіше айтқанда іргелі ықшамаудандарға бөлінеді. Ташкентті билеу кімдерді қызықтармаған. Онда негізінен қазақтар мен қожалар арасында тартыстар өршіп отырған. Бірақ қаланың билік тізгіні 1749 жылға дейін Төле бидің қолында болған. Оған Мәскеу мұрағатынан алынған төмендегі дерек айқын мысал бола алады.
«Позднее Толе-бий сделался наместником хана в Ташкенте, с которым до 1739 года разделял власть. Эти владельцы Ташкента собирали с города ежегодную подать. Башкир Тюкан Балтасев в своей «сказке» характеризует Толе-бия, как одного из крупных феодалов: «Нынешней же весны находящийся в Большой Орде знатнейший Тюлебий ... пребывание свое более в Ташкенте имеет и около оного городки свои заводит»11.
XVII ғасырдың аяғы XVIII ғасырдың басында барлық үш жүздің құрамына 112 шамасында рулар кірген12. Осы буындарды құраған қазақ халқының жалпы санын зерттеушілердің көпшілігі сол кезеңде 3 миллиондай адам деп көрсетеді13.
Ол кезде қазақ хандары мен сұлтандарының саяси ықпал өрісі дәстүрлі көшпелі аудандарға ғана емес, сонымен қатар Сырдарияның төменгі және орта ағысы бойындағы көршілес отырықшы – егінші және сауда, қолөнерші аймақтарға да таралды, онда 1695 жылы Ташкент жазирасымен бірге 32 қала мен оларға жапсарлас жатқан жер қазақтарға бағынды. Ташкент, Сығанақ, Сайрам, Аққорған, Отырар, Қарнақ, Иқан, Сауран, Женд сияқты қалалардың тұрғындары қазақ билеушілерінің пайдасына жыл сайын ақшалай және тауарлармен алым-салық төлеп тұрды14. Бұл дәстүрді Төле би де жалғастырып, Ташкент қаласы мен оның айналасындағы тұрғындардан алым-салық жинатып, оны сол халық мүддесі мен әскерлерді қаржыландыруға жұмсап отырған.
Ғұлама ғалым Ә.Х. Марғұлан Ташкенттегі Шайхантаур әулиесіндегі кесененің XV ғасырда салынғанын, оның Қалдырғаш бидің кесенесі екендігін жазады. Қалдырғаш бидің Моғолстанның Есенбұға, Жүніс хандарының замандасы болғандығына назар аударады. Біздің айтпағымыз, академик Ә. Марғұлан кесененің Төле биге қатысты жоқ деген пікір білдірмеген. Керісінше, ол Төле бидің Шайхантаурда жерленгендігін дәлелдеп жазып кеткен. Оған айғақ ретінде біз Ә.Марғұланның белгілі ғалым М.Е. Массонға 1982 жылы жазған хатынан үзінді келтіріп отырмыз. «...К ним, в частности относится старинный мавзолей, где хранятся останки выдающихся деятелей Казахстана. Ими особенно отличаются древние пантеоны Ташкента. Академик В. Бартольд отмечает, что Ташкент и многие города Средней и Нижней Сырдарьи на протяжении значительного времени находились во владений Казахского ханства (Бартольд В. Т.V. с.220), по описаниям Дженкинсона Ташкентом владел Казахский хан Хакназар, сын Касымхана и его потомки, мудрейшим бием Хакназара и его сыновей был Калдыргач би. В ХVІ веке важнейшую роль в Ташкенте сыграл Казахский Турсын хан с катаганами, в ХVІІІ веке знаменитый би Тауке хана Толе би, один из создателей казахского кодекса «Жеты жаргы».
Остатки мавзолея Толе би находятся в пантеоне Шайхантаур, старые Ташкентские жители (узбеки, казахи) это хорошо знают...»15. (Хат мазмұны түсінікті болу үшін аударма жасамай сол күйінде беріп отырмын. Хаттың көшірмесі толықтай менде сақталған. - М.М.).
Кезінде Өзбекстан басылымдарының бірінде сол елдің ғалымының қысқаша мақаласы жарық көрген болатын. Онда ғалым бұл кесенеге Төле бидің жерленгендігін, оның ішкі күмбезінде ертеректе Төле бидің аты жазулы болғандығын анықтап көрсеткен еді.
Бізге белгілі орыс және қытай жазбаларындағы тарихи деректемелер де осы ғылыми тұжырымдармен үйлеседі.
Біз мұны дәлел ретінде алға тартпасақ та, тарих мәселелерінде жекелеген адамдар қателессе де, бүтін бір халық қателесуі мүмкін еместігіне көпшіліктің назарын аударғымыз келеді.
Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов та жоғарыдағы айтылған дәлелдемелерді нақтылай түседі. «Истинным провидцем был Тулабий, которого вы, наши казахские братья, называет еще и Карлыгаш бием... Последняя воля Тула-бия была такова: он завещал себя похоронить в Ташкентской святыне Шайхантаур, сделав тем самым нашу столицу местом паломничества и для узбеков, и для наших братьев»16.
Қарлығаш-Төле би мавзолейін тұңғыш зерттеген профессор Г.А. Пугаченкова құрлыстың шығу тегін, сәулет стилін талдай отырып, шатырлы және шошақ төбелі ғимараттардың әсіресе көшпелілерге (яғни дала халықтарына – М.М.) тән екендігіне баса назар аударған. Галина Анатольевна өзінің зерттеу мақаласының соңында былай дейді: «... Тағы бір тұспалдау бойынша, Қалдырғаш би қазақтың әскербасы болыпты. Қазақтар XVI-XVIIғ.ғ. тас қала Таскентті бірнеше рет билеген, сол кезде бағзы ұмытылып қалған мавзолей, сәулет тұрпаты солтүстік түркістандық қабір құрылыстарына өте жақын болғандықтан екінші рет пайдаланылуы мүмкін..» 17
Қазақта сақталған ескерткіштердің басым көпшілігінің күмбезді болып келетіні, ал күмбездің, сәулеткер Т.Бәсенов айтқандай, белгілі бір дәрежеде киіз үйдің қаңқасына еліктейтіні белгілі. Сәулеткерлікте кеңінен тараған күмбезді құрылғыны, ондағы дарбазалы кіре берісті, мәнерлеп құйылған қыштардан құрастырылатын әшекейлілігі жалпы Орта Азия құрлыстарына тән үш ерекшелік деп есептей отыра, белгілі орыс ғалымы А.Н. Бернштам мұндағы күмбез тұрғызу, оның біртұтастығын қамтамасыз ету идеясы көшпелі қауым мекендеген теріскейден (яғни Түркістан өңірінен –М.М.) келген деп бөле-жара айтқан18.
М.Е.Массон өткен замандардың архитектуралық пошымын қайталау қазақтарда ежелден бар, сол себептен қазақтың Хақназар заманынан келе жатқан мазарына Төле бидің жерленуі әбден ықтимал деген жорамал айтады. Біздер осы пікір шындықтан алыс емес деп санаймыз.
Ал Қарлығаш би жөнінде нақты тарихи дерек жоқ. Алғаш рет бұл жөнінде қалам сілтеген ғалым. Г.А. Пугаченкова болатын. Ол Хафиз Таныштың «Абдулла нама» еңбегіне сілтеме жасаған еді. Одан кейінгі зерттеушілер Галина Анатольевнаның жазғанын басшылыққа алып аталған кітапты аударыстыруды назардан тыс қалдырды. Атақты ғалым Ә. Марғұлан да соның салдарынан жаңсақтыққа жол берді. Менің зерделеуім бойынша Хақназар ханның тұсында Қарлығаш деген би өмір сүрмеген. Ғалымдардың бұл дәйекті қайдан алғанына таңым бар. Менімен дауласатындар болса Қарлығаш бидің Ташкентте жерленгендігі туралы айғақты деректі алдыма тартқаны жөн.
Біздің анық білетініміз, Төле бидің Шайхантаур мазаратында жерленгендігі. Оны барлық ауызша және жазба тарихи деректер бұлтарыссыз дәлелдейді. Төле бидің Ташкентте жерленгендігін мынадан да аңғаруға болады. Атап айтқанда Орынбор көпесінің приказчигі Төле бидің Ташкенттің толық билеушісі екенін, баласын Қытайға аманатқа бергенін баяндайды19. Ал бұл оқиға 1750 жылдарға саяды.
Сөйтіп, өмірінің соңғы жылдарындаТөле би өзінің Ташкенттің билеушісі екенін орысқа да, қытайға да таныта білді. Осынау айғақты деректерден Төле бидің Ташкентте жерленгендігіне ешқандай күмән келтіруге болмайды. Президент И. Каримовтың «базарымыз да, мазарымыз да бір» - дегенін ұғынатын туысқан ұлыс емеспіз бе. Әрине бұл мәселені «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес мемлекеттік тұрғыда шешсек ғанибет болар еді.
Заманының кемеңгер саясаткері, сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем Төле бидің артында даналығына куә болып билік шешімі, асыл сөздері, сырты күміс, іші алтын шешендік толғаулары қалды, солардың бәрінің өзегінде күн нұрындай жарығын шаша балқыған арман, бидің алдындағы ел - жұртын басы біріккен іргелі, егеменді ел етсем деген ұлы арманы қалды.
Жүздеген жылдар бойы армандаған асыл мұратымызға жетіп, міне, бүгін өз алдына егемен елге айналып, ірі мемлекет болып отырғанымыз сондай жау жүрек батырларымыздың, дана билеріміздің арқасы, оларға біз мәңгі өмірлік қарыздарымыз.
Ендігі мақсатымыз – мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап қалу, көгілдір туын биік, қолда берік ұстау. Бұл – бүгінгі таңдағы әр азаматымызға үлкен міндет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Пугаченкова Г.А. Мавзолей Калдыргач-бий. // Известия АН КазССР. №80. – «Серия архитектурная». – Вып.2. – Алма-Ата, 1950. – С.90-94.
2 Отчет о поезд. в Ташк. «Вест ИРГО» - 1851., ч.1, кн.1. – С.53-54.
3 Валиханов Ч.Ч. Собрание соч. В 5-и томах. – Т.4. – Алма-Ата, 1985. – С.173; Гродеков Н. Киргизы и каракиргизы Сыр-Даринской области. –Ташкент, 1869. – С.25.
4 ЦГАДА ф.248., кн. 5/136., л.193-194.
5 История Ташкента. – Ташкент: Изд. «Фан» АН УзССР, 1988. – С.83.
6 Қазанғап Байболұлы. Төле би. – Алматы, 1991.
7 Левшин А. Описание Киргиз-Казачьих или Киргиз-Кайсацких орд и степей.
– Алматы, 1996.
8 ЦГАДА СССР. ф.248 Сената, кн.5/136, л.193.
9 Мырзаханұлы Ж. Қазақ халқы және оның салт-санасы. – Үрімжі: Шыңжаң халық баспасы, 1992.
10 Тынышпаев М. История казахского народа. – Алматы, 1993. – С.71.
11 ЦГАДА «Киргиз-кайсацкий дела», 1744, д.4, л.116-123.
12 Султанов Т.И. Кочевые племена Приаралья в XV-XVII в.в. – Москва, 1992. – С.25.
13 Левшин А. Описание Киргиз-Казачьих или Киргиз-Кайсацких орд и степей. – Алматы, 1996.
14 МИУТТ СССР (Труды историко-археологического института в Институте востоковедения. – Л.,1932.– Вып.3.– Ч.1.– С.263-265; История Узбекистана в пяти томах. –Ташкент, 1993. – Т.3 (ХV – первая половина ХІХ в.). – С. 239-240; 245-246.
15 ЦГА УзССР. Ф. 2773, оп. 1, д. 741, л. 17-18.
16 Каримов И. Туркестан наш общий дом. – Ташкент: «Узбекистан», 1995. – С.33.
17 Пугаченкова Г.А. Мавзолей Калдыргач-бий. // Известия АН КазССР. №80, «Серия архитектурная».– Вып.2. – Алма-Ата, 1950. – С.93.
18 Бернштам А.Н. Архитектурные памятники Киргизии. – М., 1950.
19 Хафизова К.Ш. Китайская дипломатия в Центральной Азии (ХІV-ХІХ вв.) – Алматы, 1995. – С.179.
Достарыңызбен бөлісу: |