ӘОЖ 82.0:37.016; 82:37.016
М.П. Ешимов ф.ғ.к., доцент, Р.С. Нұртілеуова аға оқытушы
Шетелдік аудиторияда қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін оқыту тәжірибесінен
(әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ф.ғ.к., доцент1, аға оқытушы2 Алматы, Қазақстан e-mail: adai75@mail.ru тел: 87013568849, sandu_210380@mail.ru тел: 87017600324)
Тіл үйрету тәжірибесінде, яғни қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуда тілдік курстармен қатар жүретін қазақ әдебиеті аспектілік пәні бар. Мұнда тіл үйренушілердің барлығы дерлік шетелдік азаматтар. Тіл үйренушілер қазіргі уақытта кең қолданылып жүрген шетелдік стандарт бойынша – А1, А2, В1, В2 т.б. деңгейлеріне бөлініліп оқытылады. Алғашқы екі деңгейде қазақ әдебиеті аспектілік пәні 1-семестрдің 7-аптасында сабақ кестесіне енгізіледі. Осы кезден бастап, оқу жылының соңына дейін осы аспектілік пән жүреді. Ал екінші жыл оқып жатқан студенттерге аталмыш пән оқу жылының басынан соңына дейін, яғни 2-семестрдің аяғына шейін оқытылады. Семестр соңында аталмыш пәннен емтихан тапсырады. Оқытудың базалық деңгейінде қазақ әдебиеті пәнін оқу кестесіне қосқаннан кейін бастапқыда көлемі жағынан кішілеу, жай сөйлемдерден құрастырылған мәтіндер оқытыла бастайды. Себебі тіл үйренудің алғашқы апталарында олар үшін көлемді болып келетін мәтіндерді қабылдау қиындық тудырады. Алғашқы апталарда аталған пәнді оқу үшін дайындық сабақтары жүргізіледі.
Қазақ әдебиеті аспектілік пәні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында бастауыш және жалғастырушы деңгейлерінде жүргізіледі. Сабақта студенттер әдеби туындылардың мәтіндерімен жұмыс істейді. Сол арқылы көркем әдеби стильде жазылған мәтіндердің тілдік ерекшелігімен танысады. Сөздердің көпмағыналығына көңіл бөледі, тұрақты тіркестер, теңеу, т.б. көркем әдебиеттің тілді түрлентіп қолдануға қатысты қырларын меңгеруге бағыт алады.
Тіл үйренудің бастауыш, яғни элементарлық деңгейінде жүретін қазақ әдебиеті пәні сабақтарында студенттер қазақ халық ауыз әдебиетінің шағын үлгілерімен, атап айтсақ, ауыз әдебиетінің жанрларымен, мақалдармен, жұмбақтармен, шағын мысал әңгімелермен танысады.
Тіл үйренуші қандай да бір тақырыпқа негізделіп құрастырылған мәтінді (өмірбаяндық деректерге және ақын-жазушы немесе өнер қайраткерінің шығармашылығына негізделген мәтіндер т.б.) оқи отырып, мәтіндегі негізгі мәліметтермен, ондағы негізгі идеямен танысады. Соған қоса, өзінің сөздік қорын молайтып, ой-пікірін анық жеткізуге дағдыланады. Және де мәтінде кездесетін тілдік бірліктер мен тілдік конструкцияларды түрлі жағдаяттарда қолдана алуға үйренеді, әрі қазақ халқының рухани және тарихи-мәдени байлығын тіл арқылы таныту негізінде тіл үйренушілер қазақ мәдениетімен, әдебиетімен, халықтың салт-дәстүрімен танысып, білімдерін молайтады.
Әрине, аспектілік пәндерді, соның ішінде қазақ әдебиеті пәнін оқуда студенттер грамматикалық курста үйренген түрлі тілдік құрылымдарды қолданады, сол курста алған біліміне жүгінеді. Әдебиет сабақтарында тіл үйренуші қазақ тілі курсынан алғашқы апталарда алған білімін пайдаланып қана қоймай, оны әрі қарай дамытады. Сондай мақсаттарды көздеген қазақ әдебиеті аспектілік пәнінің мақсаты – біріншіден, шетел азаматтарын қазақ ауыз әдебиетімен, қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары: ақын-жазушыларымен таныстыру.
Екіншіден, оқушы мен сөйлеушінің коммуникативтік компетенциясын арттыру болып табылады.
Басқа пәндерді оқыту әдістемелері сияқты қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі де белгілі бір жүйеге негізделіп дамиды. Осы орайда әдістемеліктің бай мазмұны мен оның сан түрлілігін ашатын пікірлердің де әр алуан екендігін айту қажеттігі туындайды.
Әдебиет пәні жеке тұлғаның, адамның рухани әлемін, оның адамгершілігін, ойлауын, көңіл-күй сезімін, тілін, шығармашылық әрекет-бастауларын қалыптастыруда ерекше орын алады.
Қазақ әдебиеті аспектілік пәні сабағында қолданылатын негізгі материалдар қоры: мәтін, бейне- және аудиовизуалды материалдар.
Ауыз әдебиетін бастағанда, бірішіден, халық ауыз әдебиетімен таныстыратын мәтіндер оқып, ауыз әдебиеті деген не? сынды сұрақтардың жауабын түсіндіріп, оның үлгілері және түрлерімен таныстырамыз.
Ауыз әдебиеті – халық шығармашылығының ерекше саласы, ауызша шығып, ауызша таралған көркем-әдеби туындылардың жиынтығы. Қазақ халқының мұндай сөз өнерін ғалымдар ауыз әдебиеті деп атаған.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы ауыз әдебиетінің шығарушысы да, таратушысы да, тыңдаушысы да – халық. Сондықтан ол, шын мәнінде, халықтың өз еншісі болып табылады [1, 21].
Ауыз әдебиеті жанрлық құрамы жағынан да сан-салалы болып қалыптасты. Тұрмыс-салт өлеңдері (еңбек-кәсіп, аңшылық, үйлену, жерлеу салты, наным-сенім т.б.), ертегілер, аңыздар, әпсаналар, мифтер, эпостық жырлар, тарихи өлең, қара өлең, лирикалық өлең, өтірік өлең, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, айтыс, шешендік сөздер, жаңылтпаштар, драмалық үлгідегі шығармалар... – міне, ауыз әдебиетінің негізін құрайтын осы бір жанрлардың өзі әрі қарай түр-түрге бөлініп кете береді. Бұлардың қай-қайсысы болса да сөзбен айтылатын шығармалар және олардың негізгі құралы сөз. Сондықтан ауыз әдебиеті, ең алдымен, сөз өнері. Ауыз әдебиеті үлгілерін шетелдік студенттерге оқытуда әртүрлі сызбакесте, слайд түрлерін пайдалану өте тиімді. Соның негізінде төменде арнайы кестелі слайдттар берілді. Жоғарыда айтылғандай, ең алдымен ауыз әдебиетіне толық анықтама беріліп, түсіндіріліп содан кейін түрлерімен таныстырылып, нәтижесінде төмендегіше кестелі слайдттар негізі құрылады.
Тұрмыс-салт жырлары – қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-жораларына байланысты туындаған өлең-жырлар. Тақырыбы жағынан, қандай мақсатта қолданылуына орай бірнеше топқа жіктеледі:
тұрмыс-салт өлеңдері (төрт түлік туралы өлеңдер, наурыз өлеңдер);
дінге байланысты салт өлеңдері (жарапазан, арбау, жалбарыну, бақсы сарыны, бәдік);
үйлену салт өлеңдері (тойбастар, жаржар, сыңсу, беташар);
өтірік өлеңдер, т.б.
Тұрмыс-салт жырларында көне эпостық шығармаларға негіз болған мұң-шер өлеңдері мен саят жырларынан бастап, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне байланысты, қуаныш пен сүйініш-күйінішті көрсететін лирикалық ән-өлеңдер де, тарихи шағын жырлар да кездеседі [1].
Шетелдік аудиторияда оқытылатын ауыз әдебиетінің келесі бір түрі – мақал-мәтелдер. Мақал-мәтелдер ғасырлар шежіресі. Мақал-мәтелдер ой дәлелдігімен, тереңдігімен, ықшамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан құблыстарына баға беріліп, үлкен түйін жасалады. Халық даналығы үлкен ойды аядай қалыпқа сыйғызып, асқан шеберлікпен танытқан. «Көп сөз-көмір, аз сөз-алтын» дегендей, мақал-мәтелдің өн бойынан поэзияға тән жинақылық, үнділік, саздылық, ұйқас, ырғақты кездестіреміз. Онда басы артық бір сөз болмайды. Барлығы өз орнында.
Мақал-мәтел туралы толық ақпарат беріп, өмірде алуан түрлі жағдай мен мағынада кездесетін мақал-мәтелдермен таныстырып, оның қандай жағдайда қолданатындығы туралы ақпарат беріледі. Тыңдаушылар мақал-мәтелдерді оқып, түсініп болған соң, өз ана тіліндегі мақал-мәтел және өздері оқыған, танысқан мақал-мәтелдермен салыстырып, айтып берулерін қамтитын жаттығулар топтамасы іске асырылады. Бұл студенттің тақырыпты қалай меңгергендігін, сонымен қоса ойын еркін әрі тиянақты жеткізуіне септігін тигізеді. Ал осы тақырыпқа байланысты слайд-шоу үлгісін төмендегіше ұсынуға болады. Мұндай иллюстративті материалдар (визуалды түрде берілген) теориялық тұрғыдан алған білімін нақтылай түсуге көмектеседі.
Ертегі – фольклордың негізгі жанрларының бірі. Ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркемделген түрі, яғни фольклорлық көркем проза. Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің атқаратын қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетик. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі сипатынан көрінеді. Сондықтан ертегілік прозаның басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде болған деп дәлелдеуге тырыспайды [2, 33].
Достарыңызбен бөлісу: |