Мақала
Халел Досмұхамедұлының терминжасам принципі
Ұлт зиялыларының елінің ертеңі үшін аянбай еңбек еткен көрнекті өкілдерінің бірі де бірегейі XX ғасыр басындағы дүрбелеңнің бел ортасында жүріп, туған халқының көкірегіне сəуле құюды армандаған, ел көсегесінің көгеруін басты мақсат тұтқан қазақ халқының асыл перзенті, зерделі өкілі Халел Досмұхамедов жұртына көп жұмыс істеп, еңбек сіңірген біртуар азамат болып саналады [1, 275 бет].
Халел Досмұхамедұлының тіл саласындағы еңбектері негізінен емле, фонетика, термин, әліпби, әдеби тіл, жер-су аттары, аударма, түркі тілдерінің тарихы, көне сөздердің мағыналарын, этимологиясын ашуға арналған. Оның 1922 жылы алғаш жарияланған «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы» деп аталатын еңбегі бүгінгі күнге дейін құнды зерттеу болып саналады. «Түркі тілдері туралы», «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы», «Диуани лұғат түрк», «Алаш не сөз», «Жат сөздер» туралы сияқты еңбектері Х.Досмұхамедұлының қазақ лингвистикасының тарихында өзіндік орны бар. Оның терминжасам тәжірибесі бойынша кандидаттық диссертация қорғалды.
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары ұлттық терминологиялық қордың қалыптасуындағы айрықша кезең болып саналса, осы кезеңде еңбек еткен қазақ зиялыларының сол терминдер қорын жасауға, қалыптастыруға қосқан үлесі де мол болды. Х.Досмұхамедұлы осы кезеңде көптеген терминдерді алғаш жасап, қолданысқа енгізді. Ең алдымен, Халел Досмұхамедұлы қазақтың ғылым тілін қалыптастырудың маңызын терең түсініп, бұл іске саналы түрде араласқан ұлт зиялыларының бірі[2].
Сөздің жүйесін келтіріп, көркем қылып жазу да қажет. Ғылым атауларына ылайықты ат қою алғашқы уақытта тым мұқтаж, бүтін ілгері болашаққа жол салатын нәрсе; сондықтан алғашқы жазылған кітептерде, әсем қылып, сөздің жүйесін келтіріп жазудан көрі, ғылым атауларына ылайықты атақ тағу жағын қарастыру керегірек дейміз». Бұл жерде ғалым терминдерді ұлт тіліне дұрыс аудару керектігін айта отырып, ғылыми стилді қалыптастыру мәселесіне көңіл бөлу керектігін алға тартқан. Оның «сөздің жүйесін келтіріп, көркем қылып, әсем қылып жазу керек» деп отырғаны – шығарылатын кітаптардың тілі, стилі де дұрыс болуы тиіс дегені. Алайда ғалым алғашқы кезде кітаптардың стилінен гөрі ғылыми ұғымдарға атау беріп, терминдерді жасап алу (ылайықты атақ тағу) маңызды, басты мәселе деп атап көрсетеді.
Екіншіден, Х.Досмұхамедұлы қазақ терминологиясын қалыптастыруда Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы ұсынған ғылыми қағидаттарды басшылыққа алған, сол бағытты барынша қолдаған, Ахаңдармен ғылыми ұстанымдары ортақ, көзқарастары бір ғалым. Оны ғалымның жасаған терминдерінен, жазған еңбектері мен термин мәселесін талқылау кезінде сөйлеген сөздерінен анық көруге болады. Оның «Қазақ тілінен табылмаған сөздерді басқа түріктерден алу керек» деген сөзі де, қазақ білімпаздарының екінші съезінде ресми бекітілген терминология қағидаттарының бірі. Сондай-кірме терминдерді қабылдау мәселесінде де ол алаш зиялыларынан өзге бағыт ұстанған жоқ. Жалпы бұл мәселеге ол ерекше назар аударып, арнайы тоқталды.
Үшіншіден, Халел Досмұхамедұлы шет тілдерінен термин қабылдаудың, кірме терминдерді жазудың жолдарын ұсынды. Ол өзінің «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» атты белгілі еңбегінде былай деп жазады: «Осы күнгі қазақтың әдебиетінде шеттен кірген сөздер көбейіп кетті. Төңкерістен кейін шыққан журнал-газеталардың іші толған жат сөз. Білім, оқу әдебиеті де жат сөзге байыды. Заманымыздың көркем әдебиетіміз де жат сөзден құр емес. Оқушыға да, үйренушілерге де, үгіттеушілерге де, жазушыға да, білімдіге де, шешенге де, ақынға да жат сөзсіз күнелте алмайтын заман туды. Топан судай қаптап тілімізді жат сөздер басып бара жатқан мезгілде ескерілмей, ұмытылуға айналған тіліміздің бір негізгі заңын еске салғымыз келеді»[3].
Ғалым тілде болып жатқан құбылысты, кірме сөздер тасқынының күшейгенін айта отырып, бұл үрдістен шет қалу мүмкін болмайтын уақыт туындады дейді. Ол өзге тілдерден сөз қабылдағанда өз тіліміздің заңдылықтарын сақтауды ең басты мәселе ретінде көтереді. Бұл орайда тіліміздегі үндестік заңы қатал сақталуы қажет деп есептейді. «Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай хәлге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді... Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге ылайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады... Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұл жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зиян келтіреді.... зорлықпен кіргізген жат сөздер елдің түп қазығы болған тілді бұзады». Өз сөзінен көрініп тұрғанындай, ғалымның жат сөздерді қабылдауға қатысты пікірі айқын. Кірме сөздер тілімізге қабылданғанда танымастай болып өзгеріп, қазақ тілінің заңдарына бағынуы керек дейді. Ол өзі қолданған кірме терминдерді қазақтың айту мәнеріне лайықтап, өзгертіп жазды. Мысалы, оның авторлығымен жарық көрген оқу құралдарында терминдер неріб (нерв),әмөбі (амеба), дезентерие (дизентерия), мекірескөп (микроскоп),пизиелогійе (физиология), доқтыр (доктор), елемент (элемент, мүлиен (миллион) түрінде қолданылады.
Төртіншіден, Х.Досмұхамедұлы терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру жолдарын ұсынып, бұл іске айрықша атсалысқан зиялылардың бірі. Ғалымның өткен ғасыр басындағы терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыруға қатысты пікірлері бүгінге дейін құнын жойған жоқ. Ол қазақ білімпаздарының тұңғыш сиезінде терминология мәселелерін талқылауға қатысты жарыссөзде былай дейді: «Пән сөздерін қабылдау реті мынадай болу керек: бүтін қазақ халқы үшін жалғыз Білім кеңесі болу керек. Ол Білім кеңесінің жанында әр пәннің мамандарынан сайланған кемесиелер болу керек. Пән сөздер әуелі тиісті кемесиенің сынына түсіп, оның қабылдап алған сөздері баспасөз жүзінде жарияланып, көптің талқысына түсуге тиіс, ол пән сөздер сонан соң ғана барып Білім кеңесінің қарауына түсіп, бекіліп шығуға тиіс»[4, 78 бет]. Тілдің бұзылуына ең алдымен оқуы себеп болады. Бұлар жат әсерлерге бағынғыш келіп, ана тілін өзгертуге жол басшы болады. Оқығандар өзіне лайық әдебиет тілі деген тіл түзейді. Түзеген жаңа тілін ел ішіне жая бастайды, көбіне зорлап кіргізеді» деген ғалым пікірі де шындықтан алшақ кетпейді. Ғасыр басында да мұсылманша оқығандар бір жаққа, еуропаша оқығандар екінші жаққа тартқаны мәлім. Орыс тілінің ықпалы күшейіп, орыс тілінде оқығандар саны артқан кеңестік кезеңде біздің ғылым тіліміздің, терминологиямыздың даму бағытын солар белгілеп, үлкен өзгерістер жасаған. Ғалым пікірінің дұрыстығын дәлелдеуге бүгінгі қазақ терминологиясынан жүздеген мысалдар келтіру еш қиындық туғызбайды.
Бесіншіден, Халел Досмұхамедұлы қазақтың биология-медицина, табиғат тану терминдерін жасап, қолданысқа енгізген ғалым. Ол қазіргі кейбір ғалымдарымыз сынды «қазақ тілінің мұндай ұғымдарды білдіруге мүмкіндігі жетпейді» деп өздерінің дәрменсіздігін мойындамай, өз ұлтының тіліне мін таққан жоқ. Керісінше, тілдің мүмкіндігін дұрыс пайдалана алмауды үлкен мін деп санады. «Ғылым атауларын дұрыстап таға алмай, тілімізді ғылым жолына сала алмай, кей жұрттарша араб пен парсыны, латын мен орысшаны араластырып былжыратсақ, бұл тіліміздің жарлылығынан, кемдігінен емес, кітеп жазушыларымыздың нашарлығынан. Өз тілін әбден білмегендігінен болады» (Жануарлар. Бірінші бөлім. Алғысөз.) деген ғалым сөзі соны дәлелдейді.
Ғылыми ұғымды дәл бейнелеп, тіл тұтынушыларының көңілінен шыға қоятындай термин жасау – тілді жетік білуді, шығармашылық шеберлікті, көп ізденісті қажет ететін өте күрделі шаруа. Ғалым оны жақсы түсінді. Сөйте тұрып, жауапкершіліктен, қиындықтан қашқан жоқ. Ол қазақ ұлтына, оның ғылым тілін, терминдер қорын жасауға қызмет етуді өзіне міндет санады. 1921 жылы Ташкент қаласында жарық көрген «Табиғат тану» оқулығының алғы сөзінде ол «Термин табу бек қиын. Сөйткенмен қолдан келгенінше терминдерді нағыз қазақ сөзінен алдық. Қата кеткен терминдер болса, хат арқылы білдірулеріңізді өтінеміз» – десе, «Жануарлар» атты еңбегінің екінші бөлімінің алғы сөзінде «Сөздің көбі жат жануарлар турасында болғандықтан, ғылым атауларын дұрыстап тағу жөнінде көп бейнет шегілді. Ғылым атауларын қолымыздан келгенінше түсінікті қылуға тырыстық» деп жазған[5, 28 бет].
Алаш зиялысының қазақтың өз тілінде термин жасаудың бейнетін көргеніне, ғылыми ұғымдардың атауларын қазақша жасауға шын бас қатырғанына еш күмән келтіре алмаймыз. Өйткені, оның сөзіне істеген ісі нақты дәлел болады. Ғалым қазақ баласына арнап жазған оқу құралдары мен оқулықтарының қай-қайсын ашып қарасаңыз да, кірме атаулар үлесі өте аз. Ондағы терминдердің негізгі басым бөлігін автордың өзі ұлт тілінде жасағанын көруге болады. Ұлт тілінде терминжасам тәжірибесі орнықпаған, терминүлгілер тұрақтай қоймаған кезеңде тыңнан термин жасау батыл қадам, бастамашылдық қана емес, бұл ғалымның асқан ізденімпаздығын, алдына үлкен мақсат қоя білгендігін көрсетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Қабдолов З. Көзқарас.-Алматы,1996. 89-97-б.
2. Нұрпейісов К.Алаш һәм Алашорда.-Алматы, 1995
3. Сыздықова Рәбиға. Халел шыңдары//Халел Досмұхамедұлы.Таңдамалы.-
Алматы,1998.11-26)
4. ӘнесҒ.Халел шыңдары// Халел Досмұхамедұлы.Таңдамалы.-Алматы,1998,
11-26 б.
5. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы.-Алматы, 1998, 13-б.
Достарыңызбен бөлісу: |