ӘОЖ 82: 801.6.42:82-1 (574):297
Ғ.Ә.Тұяқбаев
ф.ғ.к., доцент, Қорқыт Ата атындағы қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан,
Қызылорда қаласы
e-mail: turmagambet@mail.ru
Тұрмағамбет шығармаларындағы мінәжат жанры
Мақалада қазақ әдебиеттану ғылымындағы мінәжат жанры жайлы ғылыми тұжырымдар талданады. Мінәжат өлеңдердің жазылу ерекшеліктеріне қатысты бірқатар мысалдар келтіре отырып, автор Тұрмағамбет өлеңдеріндегі ислами көзқарас, азаматтық ұстанымды айқындайды. Сондай-ақ сопылық поэзия жайлы ғылыми пікірлерді салыстырып, ақын өлеңдеріндегі тәубешілдік, жан, рух тазалығы жайлы ойларына тоқталады. Отаршылдық саясаттың озбырлығы мен дінсіздендіру саясатының астарын ұққан Тұрмағамбет жырлары ұлтты рухани азғындаудан сақтауды ескертеді. Қ.А.Яссауи мен Т.Ізтілеуовтің мінәжат өлеңдері арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар нақты мысалдармен анықталады.
Түйін сөздер: мінәжат, сопылық поэзия, ислам.
Туякбаев Г.А.
Жанр минажат в произведениях Турмагамбета Изтлеуова
В статье аналиризируются научные определния жанра минажат в казахском литературоведении. Особенности стихотворений, написанных в жанре минажат, иллюстрируются примерами из произведений поэта Т.Изтлеуова. Автор характеризует исламское мировоззрение, гражданскую позицию, выраженную поэтом в своих стихотверениях, сравнивает различные научные взгляды на софийскую поэзию, акцентирует внимание на духовных, душевных мотивах произведений поэта. Автор статьи обращает внимание на то, что произведения Турмагамбета необходимо сохранить для национальной духовности.
Также в статье выявляется сходство и различие произведений К.А.Яссауи и Т.Изтлеуова, созданных в жанре минажат.
Ключевые слова: минажат, софийская поэзия, ислам.
G.A.Tuyakbayev
Genre minajat in Turmagambet Iztleuov's works
In article it is analyzed scientific definitions of a genre minajat in the Kazakh literary criticism. Features of poems written in a genre мinajat, it is illustrated by examples from works of the poet T.Iztleuov. The author characterizes Islamic outlook, the civic stand expressed by the poet in the poems, compares different scientific views on the Sufia poetry, focuses attention on spiritual, the sensible motives of works of the poet. The author of article points out that Turmaganbet's works need to be kept for national spirituality. Also in article similarity and distinction of works of Koja Ahmet Yassaui and T.Iztleuov, created in a genre of мinajat .
Key words: minajat, sufia poetry, islam.
Қазақ әдебиеттану ғылымында мінәжат жанры туралы алғаш пікір білдірген А.Байтұрсынов: «Діндар дәуір мұңды, зарлы сөздеріне мінәжат деп ат қойған. Әуелінде мінәжат деп ғұламалардың құдайға айтқан зары, арызы, налысы айтылған. Бара-бара зарлық, мұңлық мағынасына айналып, зарлық өлең сияқты сөздер де мінәжат деп аталатын болған»,-дей келе, нағыз мінәжатқа төмендегідей мысал келтіреді:
Он сегіз мың ғаламның.
Падишасы едің, құдайым!
Құдая саған жырлаймын.
Кешіргейсің, күнайым!
Өзіңнің нашар пендеңмін,
Әр жапаңа көнгенмін.
Ғашірбектей тағама
Медет берер күн бүгін [1,150-151].
Автор бұл өлең шумағына «Ғашірбек соғысып жүргенде, байлауда тұрған Жүсіпбек құдайға, тауларға мінәжат қып айтқан сөзі» деген түсіндірме береді. Ал «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: «Мінәжат – құдайға сыйынушылық, құлшылық етушілік»,-деген анықтама берсе[2,474], әзірбайжан ғалымы Әзиз Миреһмәдов: «Мінәжатта діндар адамдардың Аллаға деген ой-санасы мен түйсігіндегі ризалығы сипатталады. Онда Алла тағаланың құдіреті, ұлылығы жырға қосылады», - деп мінәжат жанрының табиғатын нақтылай түседі[3,145]. Осы тұрғыдан мінәжат өлеңнің жанрлық-мазмұндық табиғатын анықтар болсақ, А.Байтұрсынов келтіріп отырған өлең шумағында мінәжаттың элементтері бар. Бірақ бұны Алла Тағаланың алдында жан, рух тазалығын сұраған мұсылман мүміндеріне тән мінәжатқа жатқыза алмаймыз. Өлеңде басына іс түскен туысқанына жәрдем сұраған пендешілік тілек басым. Ендеше, бұл өлеңді А.Байтұрсыновтың жоғарыдағы пікіріне сүйене отырып, мұң, зар өлеңі деп атауымызға болар еді. Біздің пайымдауымызша, мінәжат Алла тағалаға деген таза сүйіспеншіліктен туған жыр. Онда мұсылмандық-сопылық дүниетаным басым жатады. Яғни, мұсылман мүміндерінің Алла тағаладан бір ғана күтетіні ар, жан тазалығы, о дүние есігін таза ашу т.б.
Түркі тектес халықтар поэзиясында Қ.А.Яссауи мінәжаттарын осы жанрдың көшбасшысы деп бағалауымызға болады. Сопы-ақын өз хикметтерінде Алла тағалаға, оның пайғамбарларына деген сүйіспеншілік төгіліп тұрады:
Жаппар ием, жеңілдеткіл таразыны,
Шапағатшы дос Мұхаммед бізге тілер.
Құлдарыңа рахым еткіл, иә, Алла
Саясатты ұлы күнде не қылғаймын? [4, 200]
немесе:
Ол «Аласт бирраббикум» деді құда,
«Қалу бала» деп аруақтар үн қатты.
Жылап келдік есігіңе Жаратқан Алла,
Рақым етсең, жүз мың есе қуаныш болар[4, 254].
Иә, илаһи, ынсап бергіл, жаным құрбан,
Жаннан безіп отқа түсті пәруаналар.
Көңіліме тоқтау салып, мал-мүлкімді шашайын,
Мал-мүлкін сарп етер диуаналар [4, 248].
Яссауи Алла Тағаладан ешқандай бақ пен байлық сұрамайды немесе басқа да пендеуи тілек тілемейді. Таза сопылық дүниетанымнан туған шынайы жалбарыну. Ол үшін ең қымбат нәрсе – екінші дүние бақыты, одан қалса Хақ дидарын көру. Алла Тағаладан жалбарына сұрайтыны да сол. Осы ретте әдебиеттанушы-ғалым Р.Бердібайдың: «Сопылық поэзияның түпкі мақсаты – адамдарды бір жаратқан Аллаға, оның елшісі Мұхаммед пайғамбардың көрсеткен жолына шексіз берілгендік рухында тәрбиелеу болса, осы ұлы міндетті түркі ақындарының ішінде бірінші рет Ахмет Яссауи атқарғаны оның асқан ерлігі. Аллаға, пайғамбарға деген пәк, таза көңіл күйі ғана адамдар пейілін тазартудың, олардың ісі мен сөзі бірдей шығуының кепілі болмақ», - деген пікірі Яссауи мінәжаттарына берілген құнды баға деп ойлаймыз [5, 14].
Сыр сүлейі Тұрмағамбет діни сауатты, түркі халықтары ақындары мен шығыс шайырлары жырларынан нәр алған ақын. Оның шығармаларынан ақынның исламияттық дүниетанымы анық танылады. Соның бір ғана көрінісі - мінәжат өлеңдері.
Ей, Алла, ғафу айлап тауфиқ-тәуба,
Пендеңді бұлт шөгетін шығар тауға.
Кеуліңнен кетірем деп иман нұрын,
Қылып жүр Ханнас малғұн қатаң қауға...
...Күшейіп күннен-күнге кер бұқадай,
Әл бермей алып барад омырауға.
Құтқар,-деп осылардың пітнәсінен,
Мен келдім қылып Саған басым сауға [6,91].
Мұсылмандық дүниетанымда адамды азғырушы – шайтан, ібіліс. «Шайтан» Құран Кәримде 89 жерде кездеседі. Хақтан ұзақтасқан, әмірге қарсы келген, азғырушы, Ібіліс, ғазезіл деген мағына береді. «Ханнас малғұн» шайтанның бір есімі. Құранның Ниса сүресінің 176-аятында: «Әй, мүміндер. Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке шешелеріңнің және жақындарының зиянына болса да, Алла үшін айғақ болыңдар, бай немесе кедей болса да. Өйткені Алла екеуіне де тым жақын. (Олардың халін біледі). Ендеше әділдік істеуде нәпсіге ермеңдер. Егер тілдеріңді бұрып, шындықты бұрмаласаңдар, шексіз Алла не істегендеріңді толық білуші… Әй, мүміндер, Аллаға, Пайғамбарына және оған түскен Құранға, сондай-ақ, одан бұрынғы түсірген кітаптарына иман келтіріңдер. Ал кім Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне және ахирет күніне қарсы шықса, сонда тым ұзақ адасты…» [7, 100], - дейді.
Көріп отырғанымыздай, Тұрмағамбет дүниетанымының бастау-бұлағы - Құран Каримде жатыр. Адамның ойын бұзып, нәпсіге ерік беруге итермелейтін – шайтан. Ақынның Алладан тілейтіні бүкіл мұсылман қауымының шайтан уәсуәсына еріп кетпеуі, адаспауы. «Уәсуә» шайтанның көңілге күдік салуы, іштей азғырушы, делсалдық деген мағынада қолданылады. Мұнда ешқандай пендешілік тілек жоқ. Ішкі жан-дүние тазалығын сұрау, Алла алдында ақ болу мәселесі ғана. Осы ой өрісі Тұрмағамбеттің «Оңғарса талабымды Тәңірім менің» атты мінәжат өлеңінде нақтылана, ажарлана түседі:
Айыбын ғафу айлап құлдарыңның,
Кеуілге кіргіз тәубе, келмей өлім.
Жәннатта миуадан жай нәсіп қыл,
Сарқылған сағатында өмір гүлім.
Соңына Сәруардың жібер ертіп,
Жұмыла жан болған күні екі бөлім.
Берер деп, иа Алла бұл мүддағамды,
Жаюлы жанабыңа күн-түн қолым [6,135].
Өмір мұраты – тауфих, тәуба арқылы нәпсіні тізгіндеу деп ұғынған ақынның Алладан сұрайтыны да «кеуіл» тазалығы. Ақын осы арқылы нәпсіқұмарлықпен күрескісі келеді. Ол үшін Алла тағаладан медет, тағат сұрайды. Нәпсіқұмарлыққа қанағат пен имандылықты қарсы қою арқылы осы мұратына жетуді аңсайды.
Бақ қондыр басыма, Алла ұшпайтұғын,
Етіме асыл кидір ыспайтұғын.
Кен қылып кеуілімді іліміңе,
Сабыр бер, сірә, ішім пыспайтұғын.
Тілімді тірілікте тіпті ұшты қыл,
Сұлулап сөз сабағын ұштайтұғын.
Ханнастың қармағына іліндірмей,
Тауфиқ бер тура жолды нұсқайтұғын [6,135].
Мінәжат өлеңнің өн бойындағы ақындық мұратты жеткізуші – сабыр, тауфиқ, ханнас. Ақынның шеберлігі мен исламдық сауатының молдығы осы үш сөзді философиялық категория деңгейіне көтере білуінде. Көңілді кір шалмай, жан тазалығы мен ар тазалығын сақтау үшін сабыр мен шүкіршілік, әзәзіл жетегінде кетпеу - ең басты шарт. Ақынның Алладан жалына, жалбарына сұрайтыны да осы.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басы Ресей империясының қазақ даласын толықтай отарлау саясатының барынша асқынған кезі. Отаршыл Ресей тек қазақ жерін ғана отарлауды мақсат еткен жоқ. Отарланған халықтың рухын сындырып, мәңгүрттендіру мақсатын алға қойды. Өйткені рухани санасы мәңгүрттенген халық үшін ел, отан, жер мәселесінің қажеті жоқ болатындығын олар білді. Сондықтан осы мақсатқа қол жеткізу үшін жұмыс жүргізді. Соның бірі және негізгісі қазақ халқын ұлтсыздандыру мен дінсіздендіру мәселесі болатын. Патшалық Ресейдің осындай жымысқы һәм іргелі саясаты сол кезеңдердегі көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматтарын ойлантпай қоймады. Соның бірі Тұрмағамбет болатын. Өз халқының дінсіздікке бет бұруының болашақ үшін қасірет екендігін сезген ақын күңіренді, күресті, халық көзі мен көкірегін ашуды мақсат тұтты. Тұрмағамбеттің осындай азаматтық ұстанымы оның мінәжат өлеңдерінен де көрінеді:
Абат ет Алла менің ду сарамды,
Жүзімді жарқыратып, жу қарамды.
Әр түрлі бұзықтыққа бұрмалайтын,
Кеулімнен Ханнас атты қу арамды.
Қолында қатын менен балалардың,
Қағазы Құраныңның уқаланды.
Ашпасаң әһлі исламның өзің көзін,
Бәрі де болып қалды су қараңғы[6,137].
Ақынды енді жан, ар тазалығымен бірге өз халқының тағдыры, оның болашағы ойландырады. Рухтың азуы, сананың салғырт тартуы - барлығы дінсіздіктен деп түсінген ақын, Алладан өз халқына сабыр, парасат, шүкіршілік, қанағат беруін жалбарына сұрайды. Бұл - жалқыдан жалпыға ауысқан ақынның азаматтық келбеті.
Кейбір әдебиет зерттеушілерінің «ХІХ-ХХ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясының сопылық поэзияға ешқандай қатысы жоқ. Олардың көпшілігі дидактикалық өлеңдер» деген пікірлері сарабдал ақыл сынына қайта бір салуды қажет етеді. Сопылық поэзия өкілдері Алла Тағалаға деген сезімдерін жұмбақтай жеткізді. Өз ойларын жеткізуде жан, жар мен ғашық, бұлбұл мен райхан гүлі, шам мен көбелек, махаббат пен шарап сынды сырлы ұғымдарды қолданды. Бұған қарап сопылық поэзияны тек қана сырлы ұғымдарға толы жұмбақ дүние деп түсіну – бір кездері олар жөніндегі «шарапшыл ақын», «махаббатшыл ақын» деп байыбына бармай айтылған пікірлермен бара бар. Өйткені сопылық дүниетанымның негізгі ұстанған бағыты Алла Тағалаға деген адалдық пен тазалық, шындық (хақиқат) пен әділдік, ұстамдылық пен шүкіршілік, нәпсімен күрес. Е.Э.Бертельс «Сопылық әдебиетті үйренбей тұрып, Орта ғасырлық мұсылман Шығысының мәдени тұрмысын дұрыс түсіну мүмкін емес. Оның классиктері Шығыс халықтары әдебиетіне дәл ХХ ғасырдың басына дейін әсер етіп келді. Бұл жағдай сопылық әдебиетке үлкен жауапкершілікпен қарауды талап етеді, қала берсе мұсылман Шығысының авторларының бірен-сараңы болмаса, қалғандарының бәрі сопылықпен байланысты, демек, сопылық әдебиетті білмей тұрып оларды түсіну мүмкін емес», - деген болатын [8, 54]. Ал Қ.Жәрімбетов: «Сопылық тәлім ислам дінінің ішіндегі үлкен бір ағым болып есептеледі. Оның ортаға қойған басты мәселесі – адам және оның Аллаға бойсұнуы. Сопылық жолға түскендердің бас мақсаты рухани және жисмани тазалану, пәк болу арқылы, рух пен денені бір-біріне сәйкестендіру арқылы адал адам дәрежесіне көтерілу және ең соңында егер нәсіп етсе, Алланың (хақтың) дидарын көру бақытына ие болмақ», - дейді [9, 67]. Зерттеушілер пікірі сопылық поэзия мен мұсылманшылық-ағартушылық поэзия арасындағы тұтастықты, сонымен бірге әрқайсысының өз ерекшелігін анықтап бергендей. Ғалым А. Ахметбекова: «…мұсылман уағыздаған рақымшылық, әділдік, мейірімділік сияқты гуманистік идеялар да сопының ішкі жан дүниесін, адами келбетін белгілейді. Мұсылман өмір сүруде Құран мен шариғат, сүннеттерді басшылыққа алса, сопы да қасиетті Құран мен шариғатты өз сенімінің негізі деп тұжырымдайды. Бірақ мұсылман өлімнен кейін ұжмаққа кіруге үміттеніп, өмір атты сынақтан мүдірмей өтуді мақсат тұтса, сопы ұжмақтан да зоры – Хақ дидарын көруді армандап, «өлмес бұрын өлу» тілегімен бұл дүниені талақ етеді. Мұсылман тән мен рухты біріктірген жаны үшін рух пен тән қасиеттерін бірдей орындай отырып, тепе-теңдікті сақтау арқылы өмір сүрсе, сопы тәнді рух қапасы деп біліп, тәннің нәпсі тілектерінен бас тартып, жанды рухтандырып, өзіне тек рух тұрғысында жасауды талап етеді» [10, 109], - деп осы ой ағысын нақтылай түседі. Ендеше Сыр бойы ақындары, оның ішінде, Тұрмағамбет сопылық поэзия өкілдерін оқып қана қоймай, олардан қажет жерінде үйреніп те отырды.
Сыр сүлейлері Балқы Базар, Оңғар жырау, Тұрмағамбет, Қаңлы Жүсіптер сопылықтың бүкіл танымын қабылдай алған жоқ. Олардың өз ұстанымына арқау еткені – шүкіршілік, қанағат, тәубашылдық сияқты ұғым-түсініктер болатын. Сопылық дүниетанымның теориялық негіздеріне жататын шариғат, тарихат, мағрифат, хақиқат сынды ұғымдарды өз шығармаларында Сыр ақындары да пайдаланды. А.Яссауи мінәжаттары мен Тұрмағамбет мінәжаттарының арасындағы айырмашылықты да біз осыдан іздеуіміз қажет сынды. Екі ақын шығармаларындағы ой үндестігі бір арнаға құйылғандай болып көрінгенімен, «хақ дидарын» көруде ақындық-мұсылмандық ұстаным екіге бөлінеді. Сондай-ақ мұсылмандық дүниетанымда сопылардай бүкіл өмір қажеттіліктерінен бас тарту идеясы жоқ, сабыр, қанағат, шүкіршілік мәселесі алдыңғы орынға шыққан.
Әдебиеттер
Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. –Алматы, Атамұра, 2003.
Қазақ тілінің сөздігі. –Алматы, Дайк пресс, 1999.
Мирәһмәдов А. Әдебиеттанудың энциклопедиялық түсіндірме сөздігі, Баку, Әзірбайжан энциклопедиясы НПБ, 1998.
Иасауи А. Хикмет. –Алматы, Жалын, 2002.
Бердібай Р. Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том. –Алматы, Қазығұрт, 2005.
Ізтілеуұлы Т. Шығармалары. –Алматы, Дешті Қыпшақ, 2007.
Құран Кәрим қазақша мағына және түсінігі, Аударған, Алтай Халифа, Сауд Арабиясы, 1991.
Бертельс Е. Э. Суфизм и суфийская литература. –Москва: Наука, 1985.
Жәрімбетов Қ. Ғашық Зиуар, –Нөкіс, Білім, 1998.
М. Х. Дулатидың ІV Халықаралық оқуларының материалдары. –Тараз, 2001.
References
1 Baitursinov A. Adebiet tanytkish. –Almaty, Atamura, 2003.
2 Kazakh tilinin sozdigi. –Almaty, Daik press, 1999.
3 Mirahmedov A. Adebiettanudin enthiklopedialik tusindirme sozdigi, Baku, Azerbaighan enthiklopediasi NPB, 19987
4 Iasayi A. Xikmet. – Almaty, Zhalin, 2002.
5 Berdibai R. Bes tomdik shigarmalar ghinagi. 4-tom. –Almaty, Kazigurt, 2005.
6 Iztileyuli T. Shigarmalari. –Almaty, Deshti kypshak, 2007.
7 Kuran Karim kazakhsha magyna zhane tusinigi, audargan Altay Halifa, Saud Arabiyasy,1991.
8 Bertel's E.E. Sufizm I sufiiskaya literature, –Moskva:Nauka, 1985.
9 Zharimbetov K. Gashyk Ziuar. –Nokis, Bilim, 1998.
10 M.H.Dulatidyn IV Halykaralyk okularynyn materialdary. –Taraz, 2001.
Достарыңызбен бөлісу: |