1.3 Батырлар рухы өшпейді
Адамзат тарихында алапат қасірет әкелетін екінші дүние жүзілік соғыс сан ұрпаққа сабақ болып қалды. Кеңестер Одағын жалғыз Отан деп сенген аға ұрпақ қан майданда қасың қаны қалғанша шайқасты.Қасіреті мен қасиеті мол жеңістің кермек дәмін ұрыс даласында немесе тылда жүріп үлес қосқандардың ішінде біздің жерлестеріміз болды.
Қолда бар мәліметтерге қарағанда, соғысқа облыстық әскери комисариаттан 76 мыңнан астам адам аттанған. Оның 38500-і қаза тапқан және іс-түссіз жоғалып кеткен. Жерлестеріміздің 6500-ден астамы батылдығы, ерлігі және әскери шеберлігі үшін жауынгерлік орден медалдармен марапатталған.Күні кешеге дейін Кеңес Одағының батыры атағын алған Батыс Қазақстандықтардың саны 30 делініп келіп еді. Қазіргі мәліметтерге қарғанда жерлес батыр аға-апаларымыздың саны 39-ға жетіп отыр. Мұндай ауыр кезеңде бүкіл еліміз сияқты Республикамыз, Батыс Қазақстан облысы, оның оннан астам аудандарының бірі Жаңақала жұртшылығы да жауға тойтарыс беріп, кеңес қоғамын, социалистік құрылыстың жемістерін қорғап қалу жолындағы күреске белсене қатысқан.
Осындай қиын қыстау кезінде біздің аулымыздан көптеген азаматтар майданға аттанды. Солардың ішінде елінің ертеңгі үшін білек күшін білеген, найза ұшын тіреген жерлестеріміз Ғалым Талипов, Хамза Кенжеғалиев, Әнес Байғазиев, Ғаббасов Жекен, Исмағұлов Меңдіғұл, Талипов Әділ, Әбілқайыров Жұбаныш, Ізғалиев Қуанғали, Сүлейменов Шаңгерей, Қисахметов Сапар, Ғұбашев Құзырғали тағы да басқалар бар еді. Олар майдан даласында ерліктің небір ғажап үлгілерін көрсетті. Өкінішке орай, олардың тек жартысы ғана елге жеңіспен оралды. Біразына тоқталып кететін болсам:
Талипов Ғалым -1923 жылы 12 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының № 12 ауыл советінде туған.1941 жылдың 29 – шы желтоқсанында Жаңақала аудандық әскери комиссариаты арқылы Қызыл Армия алынып, 1942 жылдың 4қаңтар күні тиісті әскери бөлімге келген. Танкіге қарсы оқ ататын атқыштар мектебінде оқып, осы мектепті оқып бітіргенде кіші сержант,ал,Ақтөбе қаласындағы 2-ші Бердичев әскери училищесін 1942 жылдың күзінде бітіріп,кіші лейтенант атағын алған. 1944 жылдың наурыз айынан 1945 жылдың 9-шы мамырына дейін 1 Беларусь майданы, II танк корпусының,12-ші механикаландырылған атқыштар бригадасының бөлімдерінің бірінде взвод командирі болып соғысқа қатысты. 1947 жылы елге оралғаннан кейін оқытушылық жұмысқа кірісті. I ,II дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, «Варшаваны азат еткені үшін» , «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен наградталған.
Сүлейменов Шәңгерей 1923 жылы 20 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы,Саралжын ауылында дүниеге келді. Жаңақала орта мектебінің 7 класын бітіргеннен кейін,Орал педагогикалық курсына түседі.1941 жылы оқу орны жабылғаннан кейін,1941жылдан бастап Алгай қазақ жетіжылдық мектебінде физика-математика пәнінен сабақ береді. 1942жылы Қызыл Армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты. I дәрежелі Отан соғысы ордені, «Ерлігі үшін» медалімен және бірнеше мерекелік медальдармен наградталды.1946 жылы елге оралғаннан кейін, халық ағарту саласында қызмет етті.1959-1961 жылдары Ф.Энгельс атындағы мектепте директор, оқу ісінің меңгерушісі ,физика-математика пәнінің мұғалімі болып зейнетке шыққанға дейін еңбек етті.Халық ағарту саласындағы сіңірген еңбегі үшін «Халық ағарту ісінің озық қызметкері » белгісімен наградталды. 1993жылы 21 маусымда қайтыс болды.
Кенжеғалиев Хамза 1924 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы №7 ауылда туған. Жаңақала орта мектебінен сегіз жылдық білім алады.1940-1942 жылдары колхозда істеп 1942 жылы тамыз айында әскер қатарына алынады.
1943жылдың қаңтар айынан бастап Калинин майданы «Великое Луки» ды алуға оны қорғауда болған, сол алғы шептен сәуір айында кіші командирлер курсына кеткен. Курсты бітіріп 82 мм минаметте командир расчет
болып «Старая Русо» қаласын жаудан босатуға қатысқан. (1943.18.08).Осы ұрыста жараланып, жазылып 1944 жылдың сәуірінде І-Беларус майданына барған, айжарым қорғану шебінде болып, кейін үлкен шабуыл дайындығынан өтіп 2-Прибалтика майданына келіп 12 июльде Латвия қаласы Ригага келгенде 19 шілдеде жараланған. 1945 жылы 20 мамырда елге оралады 1948 жылы Орал педагогикалық училищесін бітіреді. 35 жыл жұмыс жасаған.
Алайда, уақыт өткен сайын жеңіс сыйлаған ардагерлеріміздің арасы сиреп барады.Республикамызда 2000 жылдың 1 қаңтарындағы деректерге қарағанда, майдангерлердің қатарында 75000 астам адам бар еді. 2005 жылғы 9мамыр қарсаңындағы мәліметте олар 35300-ге түскендігі белгілі.Ал 2009 жылдың 1 қаңтарындағы цифр бойынша біздің Республикамыздағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерден 12879 адам қалған екен. Сонда, қазіргі таңда 12789 асыл ардагерлер ғана тәуелсіздік таңын қуанышпен қарсы алуда. Солардың қатарында қазіргі кезде ауылымыздағы көзі тірі ержүрек қариялар Талипов Ғалым мен Кенжеғалиев Хамза да бар.
Біздің ауылымызда соғыстан кейін 100 шақты майдангер болған. Ал елге оралмағаны 200-ге тарта адам. Оны мектебіміздің алдындағы ескерткіш тақтадан да көруге болады.Осы ерлігі естен кетпес ерен ерлердің қатарында Кеңес Одағының батыры Мәжит Жүнісов те бар.Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ жұртының 96 азаматы Кеңес Одағының батыры атағын иемденсе, солардың ішінде
жерлесіміз Мәжит Жүнісовтың болуы біз үшін ұлы мақтаныш. Сонымен қоса, ұрпағының баянды болашағы үшін жанын шүберекке түйіп, сол жолда өзін құрбан еткен жерлесіміз Арыстан Ахметовпен біз кеудемізді тік ұстаймыз.Ол -жау қолына түссе де, немістер оларды қанша азаптаса да, бірақ берілмеген сегіз батырдың бірі еді. Бақытжан Қанапиянов оның ерлігін, батырлығын, отансүйгіштік қасиетін паш еткен «Сөз соңы» («Послесловие») атты деректі поэмасын жазды.Жаңа ғана аты аталған қаһарман батыр Арыстан Ахметов-қазіргі таңда Саралжын ауылының тұрғыны Арыстанова Мәмпәс шешейдің туған әкесі.Осы қыршын кеткен боздақтардың арасында қайда соғысқаны, қайда жерленгені беймәлім адамдар да бар.Алайда, олардың есімдері есте сақталып, батыр бабаларымыздың ерлік істері туралы мәлімет жинақтап, зерттеу – болашақ ұрпақтың парызы.
Кейінгі ұрпаққа осы есімдер ескерткішінің әр сызығы, әр кірпіші айрықша ардақты, ер есімдері ұрпақ жүрегіне өлшеусіз қымбат болмақ.Аталарымыздың жан қиысқан ұрыста сақтап қалған жерлері келер ұрпаққа, яғни, біздерге, аманат екенін ұмытпайық!
Достарыңызбен бөлісу: |