Бұлшықеттер адам ағзасындағы әртүрлі қозғалыстарды қамтамасыз ететін тірек-қимыл жүйесінің белсенді бөлігі. Бұлшықеттің қатысуымен адам кеңістікте қозғалып, дененің тепе-тендігін сақтайды. Кеуде қуысын құрайтын қабырғалардың арасындағы бұлшықеттер мен көкет (кеуде мен құрсақ қуысын бөліп тұратын ет) тынысалу қозғалысына қатысады. Жұтыну, дауыстың шығуы, көздің қозғалуы, ішкі мүшелер жұмыстарының барлығы бұлшық еттердің жиырылу, босаңсу әсерінен болады. Сүйектермен бірлесіп денеге пішін беріп, денені тік ұстауға көмектеседі.
Бұлшық ет пішініне немесе бекитін сүйектеріне сай шаршы,үшбұрышты,жұмыр,дельта,жолақ деп аталады. Ал қызметіне қарай-бүккіш,жазғыш,әкелуші,әкетуші ; орналасқан жеріне қарай-төс-бұғана бұлшық еті,қабырға аралық бұлшық еттер,т,б.болып ажыратылады. Бұлшық ет тірек-қимыл мүшесіне жатады. Дененің қозғалысы мен қызметі Бұлшық еттің жиырылғыштық қасиетіне байланысты.