Мағжан Жұмабаев. Педагогика



бет5/11
Дата18.02.2023
өлшемі63,07 Kb.
#169236
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
Педагогика

Жалпы педагогика


Жалпы педагогика екі нәрсе жайынан сөйлейді: 1) Дене тәрбиесі 2) Жан тәрбиесі

Дене тәрбиесі


Жаңа туған бала бір кесек ет қана деуге болады. Оның жан тұрмысы әлі білінбейді. Сондықтан ата-ана жас баланы тәрбие қылғанда күшінің көбін баланың дене тәрбиесіне жұмсауға міндетті. Дене тәрбиесіне жеңіл қарауға болмайды. Жан дұрыс тәрбие қылынса болады, дененің қанша керегі бар деп ойлау дұрыс емес. Дене - жанның кабы. Қап берік болса, ішіндегі зат та берік болмақ. Дене - жанның құралы. Құрал мықты болса иесі де мықты. «Сау жан сау денеде ғана болады» деген адамзат дүниесінің ескі мәтелі - шын дұрыс мәтел. Жаңа туған баланы тәрбиелегенде тәрбиеші төмендегі нәрселерді білуге, һәм істеуге тиіс.
Өлшеу. Егерде сау болса, жаңа туған баланың салмағы 8 қадақ шамасында болады. Нашар, ауру бала 6 қадақ шамасында, нағыз сау, таза бала 10-11 қадақ шамасында салмақты болады. Бастапқы 2-4 күн ішінде түрлі себептерден баланың туғандағы салмағынан 1/2 - 3/4 - қадақ шамасында кемиді. Мұнан соң бірте-бірте салмағы арта бастайды. 7-10 күнде туғандағы салмағына қайта түседі. Айдың аяғында, туғандағы салмағынан 1/3 артады. Мұнан соң салмақ арту шабандай береді. Екінші жыл бойына бастапқы салмағының 1/5, үшінші жыл бойына 1/10, ал енді төрт жастан онға шейін жылына 4-5 қадақтан артып отырады. Бала сау болып туды ма, ауру болып туды ма, сау болып өсіп келе ме, жоқ ауруға айналды ма - осыларды дұрыс біліп отыру үшін жоғарғы мөлшер бойынша баланы өлшеп отыру керек. Бастапқы айда күн сайын, мұнан соң жыл толғанша жетіде екі-үш рет, екінші жылда жетіде бір, үшінші жылда айында бір өлшеп отыру мақұл. “Баламды безбенге сал” деп айттың деп қазақтың ыршып кетуінде сөз бар ма?! Тәрбиенің басқа түрлерін ести келе, адуын әжелер ыршымақ түгіл сөгіп тастар. Әйткенменен, амал қанша, көтерерміз. Мойнымыз жуан болғанмен, өзіміз жуаспыз. Біздің бар тілегіміз ыршыса ыршысын, ұрысса ұрыссын, тек біздің айтқанымызды естісе екен. Қайткенмен де біреу болмаса біреу, жүздерін болмаса да мыңнан біреу осы педагогика көрсеткен жолмен жүрер деп сенеміз.
Біз өзімізді ақынның:
Сөзімді біреу алмас, біреу алар,
Құлағын біреу салмас, біреу салар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар, – деген сөзімен жұбатамыз.
Жылылық. Баланың да, жеткен адамның да өлшеулі жылылығы (Цельсий бойынша) 37 – 37.5 градус болады. Бірақ, жаңа туған бала денесінің жылылығы бастапқы күндерде түрлі себептерден мынау өлшеуден 2-3 градус кем болады. Әйткенмен де ұзамайды, бұрынғы қалпына түседі. Және баланың да, жеткен адамның да жылылығы бір тәулік ішінде бір қалыпта тұрмайды. Біресе өлшеуден асып кетеді, біресе төмен түседі. Жылылықтың төмендейтін уақыты – таңертең. Жоғарылайтын уақыты кеш. Дене жылылығы “термометр” деген бір құралмен өлшенеді. Осы құралмен баланың денесін күнде өлшеп тұру керек. Жылылық белгілі өлшемде тұрса, баланың сау болғаны, не жоғарылап, не төмендеп кеткен болса, баланың ауру болғаны. Жылылық өлшеніп отырылса, келе жатқан науқастың алдын алуға болады. Болмаса, науқас билеп алып, баланы қолды-аяққа тұрғызбай шыңғыртқанда, оның науқас екенін білу, көбінесе пайдасыз болып шығады.
Дем алу. Жаңа туған бала бір минутта 44-40 рет дем алады. Мұнан соң бірінші жыл бойынша 40-35 рет, екінші жылда 28, үшінші жылында 25 рет, сөйтіп кеми-кеми, 15 жаста бір минутта 20-17 рет дем алатын болады. Міне, дем алудың осы мөлшерден кем немесе артық болуы баланың сау болмауын көрсетеді. Баланың дем алуын ояу отырғанда санау қиын. Ойнап, қозғалып отырғанда дем алуды мөлшерден арттырып жібереді. Дұрысы, ұйықтап жатқанда санау.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет