Емшектен айыру. Бала аурулы болмаса, бір жасқа толғанда ана сүтінен басқа ас ішіп, біраз тісі (8-12) шыққан болады. Міне, осы уақытта баланы емшектен айыру керек. Айырғанда күл, көмір сеуіп, насыбай жағып әурелемей- ақ, емізуді сиретіп, баланы бірте-бірте (3-6 жеті ішінде) бездіру керек. Ал енді кейбір қатындардың еркелеткеннің жөні осы екен деп, 5-6 жасар балаларын арда емізіп қоюлары тым-ақ ұнамсыз іс. Ұнамсыз ғана емес, балаға да, анаға да зиянды іс.
Екі жасар һәм үш жасар баланың тамағы. Екі жасар баланың денесі әжептәуір берік болады. Сондықтан бұл жаста балаға бірте-бірте ет, нан сықылды күшті ас беруге мүмкін. Ет бергенде жеңілінен бастау керек. Ешкі, қой, сиыр еті. Жылқы еті ауыр. Оны 2-3 жасар балаға бермеген дұрыс болар. Баланың асқазанына лайық нан – бидай ұнынан пісірілген нан. Балаға май ішкізу тіпті дұрыс емес. Кәмпит, пряник, өрік, мейіз сықылды тәтті беруге де жарамайды. Бір жасқа толмаған бала түгіл, 2-3 жасар балаға да қымыз ішкізу мақұл емес. Қымыз баланың тынышын алып, мең-зең беймаза қылады. Екі-үш жасар балаға тәулікте төрт рет тамақ беру керек. Түнде емес, күндіз, төрт сағатта бір. Балаға тамақты бөлек үйде беру артық (дұрыс). Үлкен кісілермен бірге ішіп, бірге жесе, үлкендерді еліктеп, мөлшерден артық ас ішеді. Мұның зиян екені белгілі.
Баланы шомылдыру. Баланы шомылдыру оны кірден тазартады. Бойын жеңілдетеді, еңсесін көтереді. Жаңа туған баланы шомылдыратын судың жылылығы үш айға дейін Рьюмер бойынша – 29 градус. Үшінші айдан жыл аяғына дейін 28 градус, екінші жылда 27 градус, мұнан былайғы жылдарда 26-25 градус болып, бала өскен сайын төмендей берсін. Ең төмендегенде 22 градустан кем болмауға тиісті. Жаңа туған баланы су ішінде 5 минут, ай жарымдық баланы 8 минут ұстау керек. Бұдан артық ұстауға болмайды. Бала әлсіреп қалады. Әуелгі тоғыз күн ішінде тәулікте екі рет, ай жарымға дейін бір рет, 6 айға дейін жетіде 3-2 рет, екі жастан соң жетіде бір шомылдырып отыру керек. Баланы тамақ берердің, ұйықтаудың алдында шомылдыру артық. Баланы шомылдыратын үйдің жылылығы 17-18 градустан жоғарырақ болсын. Баланы шомылдырып болған соң, әсіресе, қолтықтарын, мойнын, шабын жақсылап қарау керек. Көзін, құлағын, басын таза ұстау керек. Былық қолыңмен баланың көзін тазалаушы болма. Неше түрлі көз ауруы осыдан болады. Тамақ бергеннен кейін баланың аузын тазалап отыру керек. Таза шүберекті қайнаған суға малып, шынаяққа орап тазарт. Есін білген баланы ас ішкеннен кейін аузын шайқауға үйрету керек. Аузы иісті болмайды, тісі бұзылмайды. Пісуіне, шынығуына тұзды судың пайдасы бар. Ал енді, баланы маймен сылау тіпті де дұрыс емес. Май терінің тесіктерін бітеп тастайды. Еңсені көтертпейді. Ауырайтады, кірлетеді, терлетеді. Баланы “өс, өс, өс!” деп денесінің құрыс- тырысын жазу аса теріс болмас. Бірақ еп керек. “Өс, өс, өс!” деп баланың бір жерін шығарып алып жүрме.
Киім. Баланың дұрыс өсуінің негізгі бір шарты киімнің дұрыс болуы. Баланы желге, күнге тигізбеймін деп орап, шымқап, үлбіретіп өсірудің де қажеті жоқ. Бұлай өскен бала аурымпаз болады. Шынықтырамын, денесін берік қыламын деп, жалаңаш-жалпы ұстау да жарамайды. Шынықтырамын деп жүріп, ауруға шалдықтырып, жазатайым өлтіріп алуы да мүмкін. Киім дененің жылылығын сыртқа, сырттың суығын денеге жібермейтіндей болуы керек. Сондықтан да, бала киімі жұмсақ, жеңіл нәрседен тігілуі қажет. Бала киімін үлкен кісілер киімімен бірге жууға жарамайды. Үлкен кісі киімінен бала киіміне бір нәрсе жұғуға мүмкін. Жеткен адам денесіне зиян келтірмеген нәрсе жас баланың денесіне зиян келтіруі оп-оңай. Баланың киімі қолпылдаған кең, денені қысып тұрғандай тар да болмасын, шақ болсын. Балаға биік өкшелі етік кигізу, белін белбеумен қысып тастау жарамайды. Жалпы айтқанда, бала киімі әдемі болсын деп емес, ыңғайлы болсын деп білу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |