1.8 «Оқжетпестің қиясында» поэмасы
«Оқжетпестің қиясында» поэмасы 1923 жылы жазылған. Поэма Кенесарыға арналған.
Арқада Бурабайға жер жетпесе,
Алашта Кенекеме ер жетпейді.
Көкшеде күңіренген Кенем қайда?!
Дәриға, жүрегімді дерт өртейді.
«Мағжанның «Оқжетпестің қиясында» поэмасының тууына Көкшетаудағы «Кенесары үңгірі» деп аталатын жер аты себепкер болса керек. Екіншіден, Мағжан Кенесарының ұрпақтарымен қоян-қолтық араласқан адам». [3, 175 б.].
Мағжан да сол үңгір туралы айта кетеді:
Алашта талай-талай ерлер өткен,
Ерлерде Кенекеме кім бар жеткен?
Сүйремей елін өрге, көрге сүйреп,
Ер емес «ершіктер» ол елді еңіреткен, –
деп, шен-шекпенге елін сатқан «ершіктер» болғанын ескертіп, ары қарай:
Жалғыз-ақ Кенекем ғой қайрат қылған,
Қазақты құтқарам деп қалың өрттен…
Бір кезде Кенекемді ойлар билеп,
Бір өзі Бурабайда кезіп кеткен,
Артында Оқжетпестің үңгір тау бар,
Сол тауда бірнеше күн мекен еткен, –
деп, Кенесарыны ардақ тұтады. Кенесары көтерілісіне әділ баға береді. Ал, С.Сейфуллин «Көкшетау» поэмасында Кенесарыны ел талаушы етіп көрсеткен.
Сол құзда жатқан мошап үйілісіп,
«Жат болған» Көкшетауға күйінісіп.
Шаппақ боп, дуан менен таудағы елін,
Күштерін жиып, тастай түйінісіп, –
деп, Кенесары орыстардың қолында бекініске айналған Көкшетау дуанын тартып алу үшін қол жиды дегенді айтады. Кенесары көтерілісін халық бостандығы үшін деп бағаламайды.
Кенесарының ел талау жағына келсек, Б.Қанарбаева мынадай деректерге сүйенеді: «Көтерілісті терең зерттеп жазған тарихшы, профессор Е.Бекмахановтың пікірінше оның өзіндік себептері болған. Мәселен, көтерілісті қазақ руларының бәрі бірдей қолдамаған.
Екіншіден, үнемі ат үстінде жүрген Кененің қолын азық-түлік, қару-жарақпен жасақтайтын тегеурінді тылы болмағандықтан, елден зекет жинаған, оны бермегендердің аулын да, малын да шауып алып отырған. Кенесарының қолында болып қайтқан тыңшылардың бірі орыстарға берген мәліметінде «Кенесарының қолы тым жүдеу, арам өлген жылқының етімен қоректенеді» дейді» [3, 177 б.].
Сонда, Кенесары қарақшылықпен айналысқан жоқ, ел мүддесі үшін жүргендіктен, елге сүйенеді, бермеген соң тартып алуға мәжбүр болады.
Поэмадағы қария – аруақ, пір. Мағжан Кенесары бейнесін ашу үшін және идеясын жеткізу үшін әдейі кірістірген. Ол Кенесарыға былай деп тіл қатады:
Кенежан, берірек кел, сырттан балам,
Ел үшін елсіз жерде жортқан балам.
Сақтайтын көзден-тілден сендей ерді,
Ата – пір, қасиетті мен қарт бабаң.
Өз қолыммен төменнен тартып алдым,
Қияда күтіп сені сансыз заман.
Мағжанның аруақты алып отырғаны: бұрынғы кезде қазақ аруаққа, пірлерге қатты сиынған. Олар туралы неше түрлі аңыздар да бар. Пір Кенеге тағы былай дейді:
Алаштың алдын қара тұман жапқан,
Мынау орыс обыр ол еміп жатқан.
Заман азған шағында адам азбақ,
Көп ерлер жаумен бірге елін шапқан.
Кенежан, елің қалды жау қолында,
Алып кет алашыңды осы жақтан.
Жау қалың: азғантай ел, азғантай сиақ,
Болғай ед аруақ жар, құдай панаң.
Мерт болсаң мақсұтыңа жетпей егер,
Сол сағат мен осы жерде тасқа айналам.
Алашта тағы сендей ер тууын,
Төбеде тас боп шөгіп күтіп қалам».
Мағжан қазақ елінің тағы да отарлануын пірге айтқызып отыр. Оқиға ХІХ ғасырда болғанымен, Мағжан өз заманынан жақсылық күтпейді.
Арыстан Алатауда мерт болғанда,
Оқжетпесте тұрған қарт тасқа айналды.
Содан бері бірталай заман өтті,
Алашты улай-улай жаман өтті.
Тұлпар-тулақ, ел арып, аруақ боп,
Сарыарқа сайран жердің сәні кетті.
Жолбарыстар жортатын сар далада,
Қорсылдаған доңыздар мекен етті.
Жалғыз-ақ Оқжетпестің қиясында,
Шөккен қарт Күншығысқа түзеп бетті,
Көп заман талмай-тозбай тау басында,
Алаштан Кенекемдей бір ер күтті.
Құдай-ау, мәңгілікке қарғамасаң,
Кенедей енді неге ер тумайды?!
Кене жоқ, ізін басар іні де жоқ,
Дәриға, жүрегімді дерт улайды, –
деп, Кеңес өкіметі кезінде Мағжан осылай түңілді. Қашан Кенесарыдай ер туып, қазақ бодандықтан құтылады деп армандады. Мағжан осы поэмасын жазып, зарлағаннан кейін 63 жылдан соң желтоқсан оқиғасы бұрқ етті.
Достарыңызбен бөлісу: |