Дәрістің мазмұны: Әкімшілік жауаптылық институтына жалпы мінездеме. Әкімшілік жауаптылықты қолдану әдістері. Әкімшілік жауаптылықтың маңызы. Әкімшілік құқық субьектілерін, әртүрлі категориядағы тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тартудың ерекшеліктері. Әкімшілік жауаптылықтан және әкімшілік жазадан босатылған тұлғалардың жағдайының құқықтық сипаты. Заңды жауапкершілік – жеке адамның, қоғамның, мемлекеттің мақсат - мүддесін қорғаудағы өте күрделі, өте маңызды шара. Оның әрбір салға байланысты бөлінетін түрлері бар, солардың ішіндегі ең маңыздысы - әкімшілік жауапкершілік болып табылады. Әкімшілік жауапкершілік дегеніміз - әкімшілік құқық нормаларына сүйене отырып үкіметтің арнайы органы немесе лауазымды өкілінің құқық бұзушыға әкімшілік жауапқа тарту, қалпына келтіру шараларын қолдануда көрініс табатын заңды жауапкершіліктің маңызды түрі. Басқа заңды жауапкершіліктің түрлеріндегідей, әкімшілік жауапкершілікттің өзіне тән қағидалары бар. Бұл қағидалар заңды жауапкершіліктің негізінде құрылып, әкімшілік құқықтың қағидаларымен айқындалады. Сол сияқты, әкімшілік жауапкершіліктің нақты мақсат – мүдделерін және міндеттерін айқындайды.