Дәріс №11-12. Жылқы малын ұстаудағы орындарға қойылатын санитарлық-гигиеналық нормалары
1. Жылқыларды жұмысқа пайдаланудың гигиенасы
Жылқыларды негізгі үш түрлі шаруашылық жұмыстарына пайдаланады: міну, жеңіл-орташа және ауыр жұмыстарға жегу және теңдеу.
Жылқыларды мініп, көбінесе малдарды жайғанда, бір жерден бір жерге айдағанда (көшкенде, етке айдағанда), ауыл аралық қатынастарда және спорт ойындарында (бәйге, жорға, кедергілерден секіру т.б.) пайдаланады.
Жеңіл жұмыстарға жегіп пайдалану кезінде жылқыға өз салмағының 10 % ауыр жүк тартпауы керек және жұмыс уақыты 4 сағаттан аспай, барлық жүретін жолының қашықтығы 15 км артық болмауы керек. Мұндай жеңіл жегу жұмыстарына жас тай, құнандарды, кәрі (14 жастан асқан) жылқыларды, құлынды биелерді, тууына екі ай қалғанға дейін буаз биелерді пайдаланады.
Құлындағаннан кейін екі айдан соңғы биелерді, орташа жеңіл жұмыстарға (тасымалдау, жырту, тырмалау, шөп шабу т.б.) жегіп, ауырлығы өз салмағынан 13-15 % аспайтын жүктерді 25 шақырым жол жүргізіп, жалпы жұмыс күннің ұзақтығын 6 сағаттан асырамай пайдаланады.
Ауыр жұмыстарға аттарды, айғырларды, қысыр биелерді пайдаланып, тәулігіне 9 сағат, 35 шақырым жол қашықтығы, жүгінің ауырлығы өз салмағының 20 % асырмауын қадағалап отырады.
Жылқыларды тең артып пайдалану таулы, жол қатынасы нашар жерлерде кездеседі. Жылқы үстіне теңделген жүктің ең жоғарғы салмағы өз массасының үштен бір бөлігінен артпауға тиіс. Тиелген теңнің салмағының 75 % жылқының қабырға жағына, ал 25 % арқасына түсуі керек. Тиелген жүк ілгері-кейін жылжып және бір жағына қарай ауып кетпейтіндей етіп, мықты бекітілген болуы қажет. Әсіресе тау ішінде біресе өрге, біресе еңіске қарай жүргенде, жүк қозғалса, жылқының арқасын жарақаттап, жауыр жасап, мазасын кетіріп, төзімділігін төмендетеді. Жылқыға жүк дұрыс тиелген болса, сағатына 2-5 км, күніне 16-36 км дейін жол жүреді.
Жылқының жұмыс күші және төзімділігіне, оның денсаулығы, жасы, салмағы, жұмыс режимі, күндік реті, азықтандыру жағдайы, қолданылған жабдықтар, хамыт-саймандардың дәлдігі т.б. елеулі әсер етеді.
Жылқылардың тиісті функционалды дайындығы жеткіліксіз болса, олар ауыр жұмыстардың кезінде тез шаршап, қозғалыс жүйелерінің қызметтері бұзылып, денесінен артық мүшелерде терімен бірге тұз шығып, демігіп, жүрек соғысы, қан айналысы бұзылады.
Жас жылқыларды мініске, жегінге жұмыстың мөлшері мен ауырлығын біртіндеп асыра отырып үйреткен жөн. Жылқыны мініспен жегінге үйретудің негізі организмнің физиологиялық мүмкіншіліктерін біртіндеп кеңейте келе, олардың қан айналысы, тыныс алу, қозғалыс рефлекстерін ретке келтіре отырып, жұмысқа деген күшін жоғарғы шамада пайдалану болып саналады.
Жылқыларды үйрету жыл бойына тұрақты түрде жасалып, олардың конституциялық ерекшеліктерін, тұқымын, жасын, жынысын, физиологиялық жағдайын салыстыра отырып, белгілі бір мезгілдерде жүргізу керек.
Жұмыс жылқыларын пайдалану кездерінде оның физиологиялық шамасынан артық жүк салып, ұзақ жол жүріп, әсіресе ауа райының қолайсыз өте суық немесе ыстық мезгілдерінде, қинауға болмайды.
Жылқылардың денсаулығының қалыпты жағдайда екендігін көрсететін белгісі – дене температурасы болып саналады. Жылқының қалыпты жағдайдағы дене температурасы 37,5-38,5ºС болса, жұмыс кездерінде 39ºС дейін жоғарлайды, ал ауыр салмақ түскенде одан жоғары көтеріледі. Сондықтан олардың дене температурасы 40 ºС дейін көтерілсе, жылқылардың денсаулығының бұзылып, нормадан ауытқығандығын көрсетеді де, ондай жағдайда жұмыстан босатып, тиісті шара жасау қажет. Жұмыстан шаршаған жылқылардың белгісі болып, олардың айдауға, бұрылуға, айғай-шуға жауабының (реакциясының) төмендеп, селқос жағдайда болып, терлеп, тыныс алуы жиілеп, қан тамырларының соғысы шапшаңдап, дене температурасы жоғарлап, жүрісі шатқаяқтап, аяқ, иық бұлшық еттері дірілдеп, азықтан бас тартып т.б. саналады.
Жылқылардың жоғарғы жұмыс қабілеттері оларға арналған хамыт-саймандар, ертоқымдардың дұрыс таңдалып, белгілуіне байланысты болады. Бекітілген хамыт-саймандар жұмыс атына размерлері бойынша сәйкес келмесе, олардың денесіне жарақат түсіріп, тынысын тарылтып, жұмысқа қабілетін төмендетіп, кейде ауруға шалдығуының себебі болады.
Сондықтан жұмысқа пайдаланатын жылқыларға хамыт-саймандармен ер-тоқымдарды олардың физиологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, таңдап, дұрыс жегіп, дұрыс міну ең басты мәселе болып есептеледі. Ол кездерде негізгі көңіл аударатын бөлшектерге мыналар жатады: жүген, хамыт, шлея, доға т.б. Осылардың ішінде жылқының денсаулығына және жұмыс қабілетіне елеулі әсерін тигізетін бөлшек – хамыт боп саналады. Жылқының мойнына киіліп тұрған кезде, асты кеуде алдында алақан жалпағынан өтетіндей, ал үстіңгі жағы шоқтығынан 1-2 см жоғары тұруы керек (астына екі саусақ кіретіндей).
Шлея – жегін жылқылардың биіктен ойға қарай түскен кездерінде хамутты мойнына ұстап тұратын бөлшек. Оның жылқы қабырғасымен жанаса өтіп, хамуттың екі құлақ бауына бекітіледі. Жегілген кезде оның қайысымен жылқының жаясының аралығына алақан қырынан тұра алатындай бостық қалуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |