Байланысты: ҚАЗАҚ ЖУРНАЛАСТИКАСЫНЫҢ ТАРИХЫ БАҒДАРЛАМАСЫ
НЕГІЗГІ БӨЛІМ №1 ТАҚЫРЫП. Ежелгі төрүк руникалық алфавитімен бәдізделген ескерткіштердегі ұлттық ақпараттың тегі мен түрлері. Ұлттық журналистиканың бастау көзі. Ұлттық журналистиканың ілкі белгісі ежелгі төрүк руна алфавитімен бәдізделген Орхон, Енесай, Талас өзендері бойынан табылған тас бітіктерден көрініс тапқан. Мұндай ескерткіштер қатарына ғылыми ортада белгілі болған Білге қаған (683-734), Күлтегін (684-731), Тониқуқ, Күлі Чор, Мойын Чор, Қар Чор, т.б. жәдігерлердегі сюжеттер мен оқиғалар желісі, образдар бейнесі мен жер-су атауларына байланысты суреттеулерден публицистік белгілердің нышанын, ақпарат таратудың көшпелілерге ғана тән ерекшеліктерін аңғаруға болады. Ежелгі көшпелі түріктер ақпаратты тасқа басу арқылы сол дәуір шежіресін айнаға түскендей болашақ ұрпақтың мәңгі есінде қалдыруды көздеген. Міне, бұл тастан түйін түйген ата-баба қолының табы қалған әрбір кесек-кесек кітәптің эволюциялық өсу қозғалыс-қимылын жан-жақты ғылыми зерделеп, сараласақ, өркениетке қосқан сүбелі жаңалықты бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының іргесі берік қаланған тақ тұғыры деуіміз хақ.