Мажит З., Тұрниязова Н. Б.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰЖАТТАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ
АУДАРУДА КЕЗДЕСЕТІН МӘСЕЛЕЛЕР
Егемендігіміздің туын биікке көтеріп, бүкіл әлемге қазақ елін, қазақ халқын танытып, еңсемізді көтеріп келгенімізге 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде елімізде, жерімізде болған өзгерістер аз емес. Солардың бірі – мемлекеттік тіліміздің мәртебесінің өсуімен байланысты өзгерістер. Елбасының бастамасымен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Мемлекеттік тілдің ресми мәртебесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-ші бабында анықталған, яғни, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі қолданылады [1]. Дегенмен, бүгінгі Қазақстанда мемлекеттік тілдің бекітілген мәртебесіне сай болмай отырғаны жиі байқалады. Бұл әлі ашық та, өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл жағдайдың көрінісін заң құжаттарын әзірлеу барысында алғашқы мәтін орыс тілінде дайындалып, кейін мемлекеттік тілге аудару жолымен жүргізілетін тәжірибе нәтижесінде көреміз. Соның салдарынан, мемлекеттік және ресми тілдеріндегі мәтіндер арасында мағыналық сәйкессіздіктер мен олқылықтар міндетті түрде пайда болады. Ол заң қолдану жағынан да қиындықтар туғызады, өйткені, екі тілдегі заңнаманың күші бірдей болғандықтан, мағыналары қарсы болған жағдайда қай тілдегі заңды қолдану қажет екені белгісіз.
Мемлекеттік тілдің аясында болып жататын олқылықтардың көріністері тек ішкі заң құжаттарын аударуда ғана емес, сонымен қатар, сыртқы, халықаралық құжаттарды аударуда да байқалады. Қазіргі жаһандану үдерісі кезеңінде халықаралық қатынастар орнату, байланыстарды нығайту барысында халықаралық келісімшарттар белсенді түрде қабылдануда. Соның негізінде, лексикалық қорымызға көптеген жаңа атаулар, ұғымдар енгізіліп, мүлдем жаңа терминдер туып жатады. Жалпы терминдер, атап айтқанда, заң терминдері сол заңнамалық құжаттардың негізгі құраушы элементі болып табылады. Себебі, заңдар, әсіресе, халықаралық құқық құжаттары заң терминдеріне толы. Сол себепті, бұл мәселенің өзектілігі - құқықтық қоғамда заң саласына қатысты терминологияның атқаратын ерекше рөлімен түсіндіріледі.
Алайда, өкіншісі – халықаралық құжаттардың, еліміздің басқа мемлекеттермен жасасқан келісімшарттары мемлекеттік тілімізге тікелей емес, орыс тілі арқылы аударылып жатады. Мұның себептері әр түрлі болуы мүмкін: мемлекеттік органдарда қазақ тілін меңгерген білікті аудармашылардың жетіспеуі, жұмысты жеңілдету, уақытты үнемдеу мақсатында орыс тілі арқылы аудару немесе қазақ тіліндегі аудармашылық сөздіктердің, тірек болатын материалдардың аздығы.
Халықаралық құқық құжаттарын және жалпы заңнамалық құжаттарды аударуда сол салаға қатысты терминдерге сапалық талдау жасап, қолдану ерекшеліктерін, мағыналарын анықтап алудың маңыздылығы зор. Қазіргі таңда заңнама терминологиясында шешілмей жүрген бірқатар өзекті мәселелер бар. Олардың бірі – нормативтік-құқықтық актілердегі атау сөздердің, терминдердің бірізділігі мәселесі. Терминдер бірізділігі мәселесінің өзектілігінің себебін мысал келтіріп көрсетуге болады.
«Қылмыстық әрекеттен түскен табыстарды жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы» Конвенциядағы (Страсбург, 1990 жылғы 8 қараша) «statutory provision» термині құжаттың аудармасында «заңды ұйғарым» деп берілген [2]. Заң терминдерінің сөздіктері көбіне орысша-қазақша болып, ағылшыннан тікелей аударманың болмауынан орыс тілі арқылы аударуға тура келеді. Ағылшынша-орысша сөздіктегі аудармаға қарасақ, бұл құрамдас термин «законоположение» деп аударылған [3, 355 б.]. Ал осы терминнің орыс тілі арқылы аударылған нұсқаларын қарасақ, әр сөздікте әр түрлі баламалар берілгенін байқаймыз. Яғни, бір сөздікте «заң қағидасы» [4, 414 б.], келесіде «заң ережесі», «заң үкімі» деп берілген [5].
Өкінішке орай, біздің мемлекеттік тілдегі заң мәтініне тезаурус тән емес. Жасыратыны жоқ, құқық саласында да, кейбір терминдерді, олардың кәсіби мән-мағынасын жете зерделеместен, халықаралық қолданыстағы атау екеніне қарамастан «қазақыландыру» әрекеті заң шығару процесінде бірсыпыра қолайсыздыққа ұшыратып, құқықтық нормативтік актілердің ресмилік мазмұны мен стильдік-орфографиялық, заң тұрғысынан алғандағы сауаттылық деңгейіне нұқсан келтіріп жүр.
Мәселен, genocide термині қазақ тіліне геноцид деп аударылады. Бұл термин халықаралық қолданыстағы терминдердің бірі. Алайда, кейбір жағдайларда бұл терминді зұлмат деп қазақыландыра аудару кездеседі. Зұлмат термині араб тілінен енген сөз. Мағынасы – саңылаусыз, қараңғы әлем; түрлі табиғи апаттар мен төтенше саяси, әлеуметтік қиыншылықтарды білдіретін ұғым. Бұл анықтамаға қарасақ, терминнің мағынасы жалпылама түрде берілген. Ал геноцид терминіне орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздігінде ұлттық, этникалық, нәсілдік, діни топты осы топтың мүшелерін өлтіру, денсаулығына ауыр зардап келтіру, бала тууға күшпен бөгет келтіру деп анықталған [5, 95 б.]. Сондықтан, бұл терминді аудармаған жөн секілді.
Басқа мәтіндерге қарағанда, заң мәтіндерін аударушылардың қателесуге құқығы жоқ. Өйткені, бұл аудармалар заң күшіне ие болғандықтан, яғни қоғам мүшелерінің әрекеттерін реттейтініне, сондай-ақ, ережелерді бұзған үшін жауапкершілік көздейтініне байланысты заң терминдерін нақты және бірыңғай қолданбау тәжірибеде үлкен олқылықтарға әкеп соғатыны сөзсіз. Заң мәтіндерінің аудармасы аударылып жатқан тілдерді толық, әрі жан-жақты білуін талап етеді. Кері жағдайда заң мәтіндерінің аудармасы бұрыс мән беріп, оның нәтижесінде, халықаралық келісімшарттарға қатысты айтсақ, алдында келісілген барлық шарттардың бұзылуына әкеп соғуы мүмкін.
Өзге тілде жасалған халықаралық құжаттардағы заң мәтіндерін аудару барысында мәтіннің түпнұсқасы басқа елдің түсініктеріне байланысты құрастырылғанын естен шығармаған жөн. Заң терминдерін аударуда мәдени ерекшеліктерді де ескеру қажет. Бұл халықаралық құжаттарда қолданылатын халықаралық терминдерді аударуда жиі байқалатын құбылыс. Бұған мысал ретінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 226-1 бабындағы «рейдерство» сөзін алсақ, бұл сөзді «озбырлық» деп аударылу ұсынылды [6]. Рейдерство сөзі орыс тіліне ағылшын тілі (raider - «шабуылға қатысушы») арқылы енген. Оның мағынасы – белгілі бір мекемені оның иесінің немесе басшысының ерігінсіз күшпен басып алу. Алайда, «озбырлық» - «насилие» сөзінің қазақша баламасы болып табылады. Ең алдымен, «raiding» немесе «corporate raid», «рейдерство» түсінігі көшпенді қазақтың өмірі мен мәдениетіне тән не тән еместігін айқындап алған дұрыс. Озбырлық деп аудару арқылы рейдерство сөзінің негізгі мән-мағынасы бұрмаланатын секілді. Сондықтан, бұл сөз халықаралық термин ретінде «рейдерлік» деп енгізілген.
Жалпы айтқанда, мемлекеттік тілімізде заң мәтіндерін құрастырған кезде халықаралық тәжірибеде қалыптасқан терминдерді қазақ тіліне беталды аудару құбылысын байқауға болады. Оның куәсі ретінде тағы мысал келтірсек:
«Jurisdiction» заң термині халықаралық термин ретінде қолданылады. Бұл терминді кейбір жағдайларда транскрипция тәсілімен юрисдикция деп аударылса, кейбір жағдайда қазақыландырып аудару өте жиі кездеседі. Оның қазақ тілінде – «хүкім», «құқықтық өкілет» [4, 651 б.] деген баламалары пайда болды. «Доңғалақты көлік құралдарына, доңғалақты көлік құралдарында орнатылуы және/немесе пайдаланылуы мүмкін жабдықтау заттары мен бөлшектерге арналған жаһандық техникалық ережелерді енгізу туралы» келісімінде бұл термин «юрисдикция» деп аударылған [7]. Ал, «Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы» шартында «құзыр» деп аударылған [8].
«Медиация туралы» Заңдағы медиация терминін татуласу деп аудару ұсынылған [9]. Медиация ағылшынның mediation сөзінен орыс тіліне енген термин. Негізгі анықтамасы – жай татуласу емес, дау-жанжал барысында екі тараптың үшінші бейтарап тарап, яғни, медиатордың қатысуымен дауды альтернативтік шешімін тауып реттеу. Мұндай құбылыс қазақ халқының түсінігіне таныс бола тұрса да, бұл халықаралық термин болғандықтан, оны аударудың қажеті жоқ. Сондықтан, заңда бұл термин аударылмай, сол күйінде қалған.
Бұдан қорытынды жасайтын болсақ, заңнамалық құжаттарды аударуда жоғарыда келтірілген мысалдардағыдай қайшылықтар кездеспесі үшін халықаралық қолданысқа ие терминдерді аударудың қажеті жоқ деуге болады.
Осы секілді халықаралық тәжірибеде қалыптасқан тілдік бірліктердің қазақ тіліне аударылуының өзге де мысалын қарастырайық. Мәселен, «Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы» шартында «аrbitral awards» тіркесі құжаттың ресми аудармасында «төрелік шешімдер» деп берілген [8]. Осы тіркестегі «аrbitral» сын есімі сөздіктерде «төрелік» деп берілсе, «arbitrage» зат есімі - «арбитраж» деп аударылған [4, 45 б.]. Ендеше неліктен зат есімнен туындаған бұл сын есімді тіркесті де арбитраждық деп аудармасқа?
Жоғарыдан көретініміз – терминдерге халықаралық сөздер болу қасиеті тән. Саясат, ғылым, техника, құқық салаларында халықаралық байланыстар орнатылады, сондықтан, әр түрлі ұлттар мен тілдер иелері арасында өзара түсінусушілік қалыптастыру маңызды. Әр саланың дамуында ортақ терминологияның болуы ұлттар арасында түсіністік қалыптастырып, істің дамуын жеңілдетеді.
Заң саласына қатысты мұндай терминдер мен тіркестер өте көп. Бұл терминдер мен тіркестердің аудармаларына қарасақ, кейбір жағдайларда оларды сәтті деп айту қиын. Осы халықаралық құжаттан мысал келтірер болсақ:
Достарыңызбен бөлісу: |