Қайырлы таң, туған ел!
ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ
Шың басына қызғылт сәуле өрмелеп
Таң келеді ару қыздай еркелеп.
Ақ саусағы шырт ұйқыдан жұлқылап,
Қуып жатыр қара түнді желкелеп.
Атқан таңның естіген соң от әнін.
Қараңғылық шешетін мүлде шапаның.
О, жарық күн! Құтты болсын қадамың,
Қайырлы таң, қазақ елі, Отаным!
Алтын арай нұр шапаққа боянған,
Қайырлы таң! Беу, табиғат, оянған!
Кім бар дейсің мынау жалған фәниде,
Тіршіліктің қызығына тоя алған.
Өткен күнге етіп дәйім қанағат,
Жаңа күннен күту ләзім шапағат.
Қайырлы таң! Тап-таза ауа, мөп-мөлдір,
Туған өлкем, жері – жұмақ, бағы – абат.
Ақ қайыңдар бой түзесе жадырап,
Бас изесіп сыбырласар жапырақ.
Қайырлы таң! Қарлығашы сайраған,
Қызғалдағы жұпар шашқан атырап.
Айдыныңда аққу жүзген көлдерім,
Ай мүйізді арқары бар шөлдерім.
Қайырлы таң! Тобылғылы терең сай,
Қарақаты балдай тәтті белдерім.
Самғап ұшқан сұңқарлары қаланың,
Желден жүйрік тұлпарлары даланың.
Қайырлы таң! Мен тілеймін сендерге,
Нұры жаусын мейірімді Алланың!!!
* * *
Тыныштық тербеп ұйқыда жатқан қаланы,
Тәтті түс көріп жымиған сәби баланы.
Арайлы таңның алқызыл нұры аймалап,
Оятар тауды, құла дүз, қиян даланы.
Уыз ұқысын қимастан жұмыс жанарын,
Тыңдаса қайың бозторғайлардың бал әнін.
Ақ сәуле нәзік саусақтарымен сұлу Күн,
Тас-талқан етер қап-қара түннің қамалын.
Таңғы ауа қандай бүлдірген исі аңқыған,
Тынысың кеңіп, жадырап жүрек шалқыған.
Төрт түлік шұбап өріске қарай бет алса,
Қаз-үйрек көлде мамырлай жүзіп қалғыған.
Қарсы алса Күнді егісте астық жайқалып,
Қуанып желмен билейді бидай шайқалып.
Махаббат толы мүбәрәк таңын сыйлаған,
Мейрімі шексіз Тәңірге тәуба айталық.
Қызықтап күннің өрмелеп көкке шыққаның,
Ғажап қой, шіркін, тап-таза ауа жұтқаның.
Ғанибет шығарм қамшыдай қысқа ғұмырда,
Алтыннан қымбат әр таңның құның ұққаның.
Аспандап ұшып қыран жүр іздеп азығын,
Тыпыршып тұлпар айналып жатыр қазығын.
Ардақты елім, шапағат төгіп бәріңе,
Арайлы таңның бұйыртсын Алла нәсібін!..
БОЗТОРҒАЙ
«Әні бар жаңбыр, қардың, самалдың да,
Алаулап жастық шақта жана алдың ба?»-
Дегендей оятасың түнгі ұйқыдан,
Даламның жыршыл құсы, таң алдында.
Шулаңдар, нәзiктерiм, тыңшымаңдар,
Жүректi шымырлатып шымшымаңдар.
Махаббат сезiм жайлы, өмiр жайлы,
Ғажайып үндерiңде сыршыл ән бар.
Арайлы атқан таңнан жаралғандай,
Даусыңнан бойға шуақ таралғандай.
Көзiме оттай ыстық, бозторғайым,
Кiршiксiз кәусарыңа барам қанбай.
Бабам да әнiңе елтiп жүрдi ме екен,
Әжем де кимешегiн түрдi ме екен.
Он екi саққа ойымды құбылтасың,
Бозторғай ұя салған гүлдi мекен.
Мансабым болмаса да көзге ұратын,
Өлеңмен өрнектеген өз мұратын.
Ауылдың ақыны едiм той-думанда,
Жыр оқып жұрт желiгiн қоздыратын.
Ұлы Отан ұлылығын - . жырлап бәрiн,
Аралап туған жердiң гүл, бақтарын.
Шырқай бер аспанымда, бозторғайым,
Қосылсын саған дауыс, ырғақтарым!..
ТАҢҒЫ ТІЛЕК
Татсам деумен тiршiлiктiң балынан,
Таңсерiден Tәңipгe жалынам.
Жұртым аман, ел бақытты болса eгep,
Жалғызбын деп, жарлымын деп налыман.
Ала көзден қашар дәйiм үркiп ел,
Адамдарға ынтымақ, бер, бiрлiк бер.
О Жаратқан! Күйсiздерден қ ұ т қ а ш а р,
Халқымызды дәулеттi етер тiрлiк бер.
Жастарымды жаны жомарт, пейiлдi ет,
Кеудесiне сәуле шашып зейiндi ет.
Ата-анасын, ағайының, Отаның
Қадiрлейтiн жылы жүрек, мейiрлi. ет.
Ұрпағымыз көрсетпесiн жат қылық,
Төбемiзде тұрсын мәңгi бақ күлiп.
Қасiреттiң құрдымына құлаған,
Пенделердi қуандыршы шат қылып.
Хақ Тағалам! Tiлeгiмдi қабыл ет,
Ар-намысым, иманымды кәмiл ет.
Ақылы - алда, ашуы - артта, момақан
Қазақ дейтiн құлдарыңа рақым ет!..
МІНӘЖАТ
Жер қаптырып талайларды жасытқан,
Жүйкеңдi жеп, қ ан қысымын тасытқан.
Жiгерiңдi құм қылатын пасықтан,
Жаңа өспiрiм жеткiншектi сақта, Алла !
Егер сәл-пәл айбыны асса басқ,а адам,
Ебiн тауып сүрiндiрiп тастаған.
Жақсылығы өз басынан аспаған,
Тоң мойыңды тоғышардан сақта, Алла!
Жетсе дағы пайғамбардың жасына,
«Бiсмiлла!»> деп бата қылмас асыңа.
Арақ, iшiп лепiретiн тасына,
Аузы бейпiл көк сақалдан сақта, Алла!
Ынтымаққа ipiткi сап тұратын,
Оң сөзiңдi терiске ылғи бұратын.
Қыңыр тартып, қысыр кеңес құратын,
Қызыл өңеш даукестерден сақта,Алла!
Мың құбылып отыратын селтиiп,
Мұз жүpeгi қара тастай мелшиiп.
Мұрның көкке шүйiретiн кекжиiп,
Мейманасы асқандардан сақта, Алла!
Бабалардың аманаты, сарқыты
Бай өлкемнiң таусылмасын нәр құты.
Бақытты боп өмiр сүрсін бар жұрты,
Бейбiт күннiң тыныштығын сақта, Алла!
ҚАЗАҚТАР
Бабаларын әулие, пiр тұтатын,
Балалар деп түсiнетiн құт атын.
Туған жерiн, тiлiн, дiнiн әспеттеп,
Өз отауын Отаным деп ұғатын.
«Ұят күшті өлімнен» деп санайтын
Ұлын – нарға, қызын – арға бағалайтын.
Перзентi едiм жаны жомарт халықтың,
Келiмсектiң кем-кетiгiн жамайтын.
Армандарын шырақ етiп жағатын,
Аталарым төрт түлiк мал бағатын.
Жайшылықта қойдай жуас болса да,
Соғысқанда aш қасқырдай шабатын.
Тегi таза қанша өсекке бөксе де,
Tepic айтпас қабырғасын сөксе де.
Түсер отқа шындық үшiн шырылдап,
Тажал келiп улы зәрiн төксе де.
Ана сүтiн абыроймен ақтаған,
Алапатта кiсiлiгiн сақтаған.
Ат жалында, нар қомында күн кешiп,
Құлындарын тұлпар етiп баптаған.
Тау қопарар жастары бар қайратты,
Құла дүзге қала орнатып жайнатты.
Бау-бақшаға айналдырды мәуелi,
Жұмақ етiп сусыз шөлейт аймақты.
Жұлдыздармен ғарышқа ұшып сырласқан,
Жайса қ ұ ш а қ ұ лдарына нұрлы аспан.
Жатуды аңсап табаныңда төселiп,
Жауқазындар жазғытұрым гүл шашқан.
Ал қыздары қарақат көз, ақ маңдай,
Алаулатып махаббат от жаққандай.
Күлiмдесе бүкiл әлем құлпырып,
Қос бұрымы қос өзен боп аққандай.
Ақ, кимешек, ақ күндiгi басында,
Немересi томпаңдаған қ асында.
Әжелердiң екi етпейтiн әмiрiн,
Әп-әдемi дәстүрi бар расында.
Қабақ шытпай шаттығының азына,
Қ ұ л а қ түрген тiршiлiктiң сазына.
Қызығамын рухы биiк қ арттарға,
Көкiрегi - толған алтын қ азына.
Аллаhты бiр, пайғамбарды хақ дейтiн,
Адал ниет аққа тәңiр жақ, дейтiн.
Қиналамын жеткiзе алмай жырыммен,
Қазақтардың қарапайым пәк кейпiн.
Азаттықтың арайынан бақ құшқан,
Шапағымен салды сұлу нақыш таң.
Тында, дүние!
Елiм менiң ертең - ақ
Таразысы асып түсер АҚШ-тан!...
БАҚЫТҚА АПАРАР ЖОЛ ·
Бақыт құсы қашан да қызықтырған халықты,
Өмiр бойы таба алмай қаншама жан зарықты.
Шат тұрмысты аңсаған Меккедегi бiр жiгiт
Сүйген қ ұ лы Алланың Мұхаметке барыпты.
- О, пайғамбар бiлемiн бiр қ ұ дайдың қолыңда
Қуанышым, шаттығым, қасiретiм, сорым да.
Құзырынан Алланың шығуы үшiн шынымен
Құрбандығы болайын тәңiрдiң ақ жолында.
Ақыл айтшы, пайғамбар бақытқа тез жетейiн
Разы болар ұлы Хақ қандай қызмет етейiн?
Деп сұрапты жалынып Мұхаметтен жас жiгiт,
Мынау жалған фәниден армансыз боп ө т е й і н».
«Екi дүние рақатын көрем десең расында
Ата-анаңды ренжiтiп, артық сөйлеп тасынба.
Алғыс алсаң солардан бөленесiң бақытқа,
Қарғыс алсаң қаласың тозақ оттың астында.
Аяғына жығылсаң көзі ашылар сананың
Жәннат деген біліп қой табаныңда ананың.
Қартайғанда қадірлеп төбесіне көтеру –
Қасиетті борышы әр мұсылман баланың!»
Деп осылай Мұхаммет жас жігітке кезінде,
Жол нұсқапты бақытқа бастар ғазиз сезімге.
Мүбәрәк сөз хадисін пайғамбардың ұмыстпа,
Шапағатын Алланың көргің келсе өзің де....
БАҚЬIТ
«Бақыт деген не?» деп қ,арттан сұрап ем
Дедi ол маған: «Балалық шақ – бал кезің».
Бозбаладан бақыт жайлы сұрап ем
Дедi маған: «Ол - махаббат, ә н сезiм».
Бақыт жайлы бойжеткеннен сұрап ем
Дедi ол: «Ғашық жiгiтiммен тiл табу».
Бақыт жайлы келiншектен сұрап ем
Дедi: «Көш бастайтын ұл табу».
Бақыт жайлы саудагерден сұрап ем
Жауап бердi: «Бақыт – байлық, алтын», -деп.
Бақыт жайлы қайраткерден сұрап ем
Дедi ол: «Бақыт – құрметтеуі халқың», - деп.
Ертелi-кеш ем қабылдап тұратын
Сырқат шалдан бақыт жайлы сұрадым.
Ол күлiмдеп, талдап тұрып сақалын
Айтты маған бабалардың мақалын:
- бақыт деген, ең бірінші, денсаулық,
Екіншіден, ақ жаулық,
Үшіншіден, он саулық
Және, қалқам, еңбегімен елену,
Атқан таңның арайына бөлену!...
ҮШ БАЙЛЫҚ ПЕН ҮШ ПАРЫЗ
Тiзе бүгiп, жауға басын имеген,
Батыр бабаң бұлтақтауды сүймег,ен.
Жеткiздi елге сан ғасырды лақтырып,
Өсиетiн арман атты күймемен.
Болғаннан соң дарқан жүрек, жаны iзгi,
Болашағын көп ойлаған тәрiздi.
Ғибрат етiп қалдырыпты мәңгiлiк,
Үш байлық пен үш перзенттiк парызды.
Сайып қыран, cүйeгi асыл iнiлер,
Сынық, мiнез, сөзi майда сiңлiлер.
Үш байлығың: Жерiң, Тiлiң, Дiнiңнен
Ұлт рухының биiктiгi бiлiнер.
Ұрпақ болсаң салт-дәстүрдi сақтаған,
Таптамасын бесiгiңдi жат табан.
Қорғау үшiн туған жерiн, тiл, дiнiн,
Бабаларым белiн шешiп жатпаған.
Аруана тебiренбес тұлыпқа,
Ақша қуып, ардан безіп құнықпа.
Алтыннан да, мансаптан да жоғары
Перзенттiк үш парызыңды ұмытпа.
Туған жерiң - бақыт сыйлар жаннатың,
Ана тiлiң - көкке самғар қанатың.
Дiнiң - иман мұнарасы, Үшеуiн
Құрметтей бiл бiткенше ақтық, сағатың!..
ДОМБЫРА
Қайрат-күшiн қызу қанды халықтың,
Қара дүрсiн ойлай берiп жалықтым.
Қаз мойыңды домбырадан есiттiм,
Құлын даусын шырқыраған тарихтың.
Қос iшeгiн бұлбұл етiп сайратқан,
Қарсыласын оқ шығармай жайратқан.
Қасиетi домбыраның кем емес,
Ақ орданың төрiндегi байрақтан.
Алаулатып сезiм отын жағатын,
Кеуделерге үмiт гүлiн тағатын.
Махаббаттың мәңгiлiгiн дәлелдеп,
Жүректердiң терезесiн қағатын.
Қаhарланса қарғыс -қамыт кидiрер,
Қайғы бұлтын қас қағымда үйдiрер.
Құдiрет бар домбыраның үнiңде,
Алпыс екi тамырыңды идiрер.
Асау уақыт шын талантқа бас ұрар,
Өнерлiге бақыт жолы ашылар.
Кетбұға боп, Құрманғазы, Дина боп,
Болашаққа күйден шашу шашылар.
Сан ғасырдың дауылынан ықпаған,
Соғыс болса бой тасалап бұқпаған.
Cүйегi асыл батыр бабам көзi ол,
Сертiне адал, сенiм туын жықпаған.
Таң қалдырған тәкаппар, паң шың басын,
Тәтті әуенді құйма құлақ тыңдасын.
Тәттімбеттің сұлу сазы тербеткен,
Туған жердің бір шыбығы сынбасын.
Алты алаштың даңқы шықсын жаңғыра,
Атажұрттың аққуындай сән құра.
Арманыңа қолын созған қазақтың,
Абыройын асқақтатшы, домбыра!
Алдиярлап тізе бүккен жыр-таққа,
Ақындық бар пернедегі ырғақта
Азаттықтың арай таңы аманат,
Аман-есен жеткіз келер ұрпаққа!..
ҚОБЫЗЫМ
Махаббаттың шаттығын, наза - мұңын,
Ғасырларға жеткізген - ғажап үнің.
Ағы менен көзінің қарасындай,
Қасиетті қобызы қазағымның.
Әулие ме ен аққуға тіл қатқызған,
Жұлдыздарды ғашық қып жырлатқызған.
Құйқылжыса қоңыр күй құранға ұқсап,
Құйқа тамыр шымырлап тыңдатқызған.
Жусан исі бұрқаған дала ма едің,
Тал бесікке тербелген бала ма едің.
Мәңгі өмірді аңсаған Қорқытқа ұқсап,
Мынау жалған Фәниге нала ма едің.
Айтсам жұртқа ойымның егер шының,
Көнілімнің күй еткен көгершінін.
Ұлы сазгер Ықылас арманы ма ең,
Ұрпағына қалдырған өнер шының.
Құдіретті күш барын жасырмаған,
Қаһарына тағдырдын бас ұрмаған.
Қойлыбайдай бақсының жәдігері,
Қажет боп тұр көмегін қазір маған.
Періштедей құшағын жайып тұрған,
Әруақты ән!
Сырқаттан айықтырған,
Жан мен тәнді тазартшы ластанудан,
Аман болсын азамат - сайыпқыран.
Сақта ұрпақты сұқ көздің соққысынан,
Сұм ажалдан, мезгілсіз оққа ұшудан.
Қыдыр қонған, киелі қара қобыз,
Қорға, қолда халықты от құшудан.
Көбелектей алданып өртенбесін,
Көлденеңге бастырма өр кеудесін.
Азаттық ап бақытқа барар жолда,
Гүлге ора қазақтың көркем көшін.
Сары уайым сарсаңға салынамын,
Қайтсем бұдан, япырау, арыламын.
Қасиетті қобызым! Перзентіне
Бармақтай бақ бере гөр, жалынамын!..
АТА ЗАҢ
Төле, Әйтеке, Қазыбектен кешегі,
Аманаттай аңыз желі еседі.
«Ырыс алды - ынтымақ» деп үшеуі
Өсиет заң қалдырыпты деседі.
Тамыр солса тобылғы да бүр салмас,
Бақшасында мәуесі бар ұғар жас.
Бабалардан қалған мұра - Ата Заң,
Балақтағы битті басқа шығармас.
Бақан тірес, ит тартыстан жадасаң,
Без бүйрекке сын семсерін қадасаң.
Бойға қайрат, дауа болар жаныңа,
Бабалардан қалған мұра - Ата заң.
Желбіресе бейбітшілік байрағы,
Бұзылмаса бірліктің бал қаймағы.
Қырғи қабақ, араздасу жоқ жерде,
Гүлжұмаққа айналады аймағы.
Талаптансаң бақытты өмір сүрмекке,
Онда, қалқам, Ата заңды құрметте.
Асықпасаң ақ күн туар алдыннан,
Абыройлы тура жолдан мүлт кетпе!..
ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ
Әр сүйемі жәннаттағы гүлге тең,
Жерұйықтың өзі шығар бұл мекен.
Ұзағынан сүйсіндірсін еркіндік
Уық қадап, үміт шоғын үрлеген.
Туған елің рухы биік, жаны азат,
Тарыққанға тарту етер қазанат.
Төрт құбылаң түгелденіп келеді,
Тастан берік, гүлден нәзік азамат.
Ақыл құйып сәуесі бар құлаққа,
Жол сілтейсің көзін ашқан бұлаққа.
Жарқыратып жауһар алқа таққандай,
Сарыарқаны айналдырдың жұмаққа.
Жамай біліп жалаңаштың киімін,
Тауып шешкен тоқсан ойдың түйінін.
Төраға боп басқарып тұр Нұрсұлтан,
Европада қауіпсіздік ұйымын.
Ізгіліктің өмірі ұзақ, өшпейді,
Жел айдаған бұйра бұлттай көшпейді.
Жанға толтыр, малға толтыр, Нұраға,
Бабалардың ізі жатқан төскейді.
Ырыс-құтсыз бақыт бетін бұра ма,
Ынтымақсыз ел салтанат құра ма.
Қазағымның ұлан - байтақ даласын,
Әнге толтыр, дәнге толтыр, Нұраға!
Ат мінгізіп,қолға тізгін бергесін
Атажұртты абат етпеу - ерге сын.
Қой үстіне жұмыртқа caп бозторғай,
Тыныштықтың тал бесігі тербелсін!
АСТАНА
Азаттықтың арайланған сазынан,
Айбынды Есіл толқыныңан наз ұғам.
Әл-Фараби ғұламаны өсірген,
Қазақстан - алтын кенім, қазынам.
Абай, Жамбыл жырларындай шуақты,
Пайғамбардын хадисіндей қуатты.
Сарыарқаның төріндегі Астана,
Ұлтымыздын ар-ұжданы сияқты.
Түріп тастап бодандықтың түндігін,
Тапты Есілден ырыс, құттың кіндігін.
Алатау мен Алтай, Көкше, Маңғыстау
Құшағына түгел сиып тұр бүгін.
Тағлым тұтып салт-сана, жөн-жорамды,
Талай ғасыр кешкен дауыл, боранды.
Бабалардың Ұлы Рухы далама,
Күлтегіннің көк тасымен оралды.
Тебірентсе Құрманғазы күйіндей,
Әсемдікке қалай тұрам сүйінбей.
Әділеттің туын тіккен Ақорда,
Жүрекке ыстық өз ошағым, үйімдей.
Алты алаштың асылдары бас қосқан,
Тілегі бір түрлі халық достасқан.
Жерұйыққа ұқсайтұғын ғажайып,
Нән шаһарға көз тігеді көк аспан.
Жұлдыздарды моншақ етіп таққандай,
Гүл жамылған көше қандай, бақ қандай!
Төле, Әйтеке, Қазыбек би оянып,
Ізгіліктің шам-шырағын жаққандай.
Қыз Жібектің салтанатты сәні бар,
Біржан салдың балдан тәтті әні бар.
Қыдыр қонған қазақ елі, жыр елі,
Астананың ажарынан танылар.
Атилланың семсерінің жүзі бар,
Абылайхан тұлпарының ізі бар.
Атажұрттың соғып тұрған жүрегі –
Астанаға бүкіл әлем қызығар!..
***
Бақ нұрының толқыны тербетіле,
Орнатқандай жұмақты жер бетіне.
Ару қала Арқаның төріндегі
Астанамның көз тоймас келбетіне.
Тамыры алтын бәйтерек жайқалуда,
Қонақ түгіл тұрғының таң қалуда.
Баба рухы оралған абат жерге,
Қыдыр дарып жатқаны байқалуда.
Әшекейлі фонтандар шам жаққандай,
Әсем, асыл алқаны таққан жандай.
Алма мойын, аршын төс сұлуға ұқсап,
Асқақтайды ажары атқан таңдай.
Ғимараттар жұлдызбен таласады,
Ерке Есілге нән көпір жарасады.
Салтанатын паш еткен Ақордаға,
Көктегі ай, күн қызығып қарасады.
Ата-анамның аяулы есіміндей,
Ғашықтардың махаббат сезіміндей.
Ыстықсың сен, Астанам!
Көркейе бер,
Өнер, ғылым, білімнің бесігіндей.
Заман озбай, жаңғырмай тұрады ма,
Жаңалыққа жұрт бетін бұрады ма.
Сегізінші керемет әлемдегі
Ару қалам жетсе екен мұратына.
Дариядай тасыған дәулетімен,
Даңқы өрлеген ғажайып сәулетімен.
Тәуелсіз ел байрағын желбіреткен,
Әз Астанам, айналдым әулетіңнен!..
ЖЕР – АНАНЫҢ ТОЛҒАУЫ
Жер - ана едім кеудесін құшқан жалын,
Жазирамнан аққу боп ұшты арманым.
Қасірет пен қайғыны аз шеккем жоқ,
Білем тағдыр сілкілеп күш салғаның.
Ашаршылық тартқызып тауқыметін,
Өлексеге толтырған жердің бетін.
Бір үзім нан таба алмай көзін жұмған,
Анасынан айырылды қанша жетім.
Кеше ғана төсімде сайраңдаған,
Мылтық кезеп тұр бүгін Адамға Адам.
Сыяды ғой барлығы құшағыма,
Не жетпейді, япырау, қайран қалам.
Сұм соғыстан өртенсе орман, тауы,
Лаулап жанса шөлдегі қалың қауы.
Құрт-құмырсқа, аң-құсы ғайып болса,
Жер-ананың мүмкін бе толғанбауы.
Жүрегімнің жөргегі құндақтаған,
Жанды, жансыз әр затым қымбат маған.
Жарып шыққан өзекті перзенттерім,
Тіршіліктің лебізін тыңдат маған.
Қысқа өмірдің әр таңы сынаққа бай,
Мұрат гүлін бүр жарған құлатпағай.
Бір-біріңе жанашыр, дос болсаңшы,
Ар-ұжданның аулынан жырақтамай.
Айдын көлім, бұлағым мөлдіресін,
Алтын күнім аспаннан елжіресін.
Айдарынан жел есіп алты алаштың,
Бейбітшілік байрағы желбіресін!!!
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ ӨРЕНІ
Алтай менен Алатауды жайлаған,
Қымыз ішіп, құлын-бие байлаған.
Қаншама жау сойқан соғыс ашса да,
Атажұрттан тапжылмаған, таймаған.
Түбі-түркі, тегі-хуннан тараған,
Топта - шешен, аузына жұрт қараған.
Текті елдің нартәуекел ұлдары
Құл болудан ажалды артық санаған.
Жауынгерлік көшпелі елдің салтымен,
Тарихқа енген қаһармандық даңқымен.
Теңдік үшін арпалысқан сан ғасыр,
Тілін сүйген, дінін сүйген халқым ең.
Айы туып, әділеттің оты өріп,
Ақ тілектің көсегесі көгеріп.
Арманыңа жетті бүгін қазағым,
Тәуелсіздік туын көкке көтеріп.
Бостандықтың бесіктегі бөпесі,
Ер жетіпті еріп күдік көбесі.
Көрініп тұр Астанадан әлемге,
Ен дәулеттің, ырыс-құттың төбесі.
Ұлы Дала жанарында нұр ойнап,
Бұғауды үзіп, еркіндікті жүр тойлап.
Алып - Ер Тұңға, Күлтегін мен Абылай,
Кенесары жатқан шығар бір аунап.
Зұлмат заман таптап ұлттың құқтарын,
Құлатты атып жүрегінде түк барын.
Құрбан болған Сәкен,Мағжан,Тұрардың,
О жаратқан, асқақтатшы рухтарын!
Асау Ертіс толқыныңдай үкілі,
Ақорданың түзу шыққай түтіні.
Керек бізге сақтау үшін Теңдікті
Тұлпарлардың тұяғының бүтіні.
Ай мен күндей келешегі ғаламат,
Арай төккен Азаттықтың таңы абат.
Бабалардан қалған мұра - туған жер,
Ей, жас өрен, өздеріңе аманат!..
КӨКШЕТАУ
Сауығады сырқаттанып келген жұрт,
Қарағайлы қалың орман - өлкең құт.
Алабұртып шарықтады қиялым,
Арманымды жырларыма желкен ғып.
Жарқыратқан ой-санамды тазалап
Жұмбақтасың, Окжетпесін ғажап-ақ.
Жүрегімнін жарақатын жаздың сен,
Жендет-шердің шеңгелінен азаттап.
Шайқағандай сезімімнің тұнығын,
Көргендеймін асылдардын сынығын.
Көкшетаудың сексен көлін саялап,
Сенде өткізген Абылайхан ғұмырын.
Ақбоз атпен тау ішінде ән салған,
Абат жерге Сәкен талай тамсанған.
Туған айдай толықсыған Көкшеге,
Ғашық болып қызықпады қанша жан.
Шұғыласын шашқан кезде таң нұры,
Алуан түске боянады тау қыры.
Жұмақ мекен болған соң ба, білмеймін,
Дертке шипа ақша қары, жаңбыры.
Саф өнердің өлкесіне төккен тер,
Үкілі Ыбырай «Гәккулетіп» өткен жер.
Ақан сері Ақтоқтысын аймалап,
Баурайында махаббат сыр шерткен жер.
Біржан салдың әнін айтар ескен жел,
Батыр Мәлік, Сұлтанмахмұт өскен жер.
Қазағымның қаймақтары, хандары
Мұз төсеніп, от пен суды кешкен жер.
Жұпар ауаң жаныма әбден жағып тұр,
Келсем деймін, көрсем деймін тағы бір.
Байғазымды қабыл алшы, Бурабай,
Ақ қайыңға іліп кеттім жақұт жыр...
ОТАН
Отан, Отан – ата қоныс, мекенім,
Әлемге аян қасиеті екенің.
Орман, суың, топырағың киелі,
Сенің наның сүйсініп кіл жегенім.
Сенің ауаң мейірлене жұтқаным,
Сенің тауың, әлхамдуллә, шыққаным.
Отан да – анам, анам да – Отан байқасам,
Бұл екеуін бөле алмайсың ұққаным.
Осы екеуі бақытымның қорғаны,
Осы екеуі киіндірген торқаны.
Күндіз-түні тілейтінім Тәңірден,
Екеуінен айырмаса болғаны.
Отан деген ырыс-құтың, берекең,
Отан деген шаттығы мол мерекең.
Отаныңмен шаңырағың биіктеп,
Отаныңмен кеңи берсін керегең!
****
Азаттықты аңсап гүлдер жайнады,
Азаттықты аңсап құстар сайрады.
Желтоқсанда азаттықтың таңы атып,
Желбіреді бостандықтың байрағы.
Өзен мен көл, тау мен дала, атырап –
Бабалардан қалған қара шаңырақ.
Тәуелсіз ел Қазақстан - Отаным,
Әділеттің нұрын шашқан шам-шырақ.
Нұрлы Отаным - мақтанышым, тірегім,
Масаттанып соғып тұрған жүрегім.
Айы оңынан туған алтын ұяма
Шаң жуытпау - менің мұрат, тілегім.
Сен де, оқушым, ата дәстүр жолын ұқ,
Бабаларым артқан бізге мол үміт.
Асқақ рухын төмендетпе халықтың,
Перзенті бол жаны жомарт, қолы құт.
Болашаққа салтанатты сән құрып,
Бостандықтың әні жетсін жаңғырып.
Тәуелсіз ел Қазақстан төрінде,
Көк туымыз желбіресін мәңгілік!...
АСПАРУХ ХАННЫҢ МОНОЛОГЫ
(Аспарадан шыққан Аспарух 643-701 жылдар арасында Болғария мемлекетінде хандық құрған)
Словян халқын аузына түгел қаратқан,
Бұлғардың ханы еткенше мені, Жаратқан,
Қатарда жүрген жай кісі жаса Таразға,
Қазақтың қонақжайлығын жұртқа таратқан.
Мейірімді Алла!
Жаңылдырмашы тобамнан,
Суыды көңіл қатыгез заман, қоғамнан.
Безетін менің жөнім бар ма еді, япырау,
Бабаларымның бейіті жатқан Отаннан.
Сүйікті әжем сүйсініп ішкен бұлақтан,
Аяулы анам гүлдерін терген қыраттан.
Жаныма жалау, сүйеніш таппай, тәңірім,
Кетемін деп пе ем жұбаныш іздеп жырақтан.
Тайпама бақыт тапсам -ау деген үмітпен,
Тұраннан шығып Дунайға жеткен жігіт ем.
Атиллаға ұқсап ерлігім аңыз болса деп,
Армандаушы едім, жасырман оны бүгіп мен.
Ақ сауыт киіп дей алман бірақ марқайдым,
Ата-жұртты аңсап сағыныштардан сарғайдым.
Алтын тақтан да артық екенсің, туған жер,
Аяулы Меркі, өзіңді қору - бар қайғым.
Сұп-суық түпсіз шыңырау ойға сүңгіген,
Өкініш құрты миымды ойып үңгіген.
Байлықты белден кешсем де жаным тыншымас,
Топырағын таппай өспесін дәннің кім білген.
Самалы саумал, шипалы кәусар суы бар,
Сүбелі жерден ержүрек ұлан туылар.
Сұрапыл соғыс сескенте алмас, себебі
Қаһарман елде қайраттың алтын буы бар.
Таулары биік, тәқаппар қарар паңдана,
Жат жұрттық қонақ қызығар оған таңдана.
Қойнауы толған жусаған жылқы, қойларға,
Түсіме дәйім кіреді кербез кең дала.
Ғажапсың, өмір, алдың - той, думан,
артың - мұң,
Даңққа бөлеп мені де біраз шарпыдың.
Тегіміз - түркі, әкемнің аты - Құдірет,
Жолбарыс тектес үш ұлы оның бар-тұғын.
Жауынгер ағам үйреткен тәсіл, амал көп,
Батыр боп, хан боп алмаған менде қамал жоқ.
Қанаты сынған қырандай қазір жатырмын,
Қартайған шақта елімді іздер шамам жоқ.
Маңдайға жазған тағдырдан кім бар аса алған,
Кешегі күнді қайтарып бермес Жасаған.
Шіркін-ай, бір сәт оралсам атамекенге,
Басымды иіп, құшар ем, құтты босағам!
Ардақтап мені туғанда атын сыйлаған,
Аспарам, сенің әр талың - ән, жыр, күй маған.
Алдыңа жетпей көзімді жұмсам кеше гөр,
Перзентің едім ноқтаға басы симаған...
НАҒЫЗ ҚАЗАҚ
Қиыншылық басыңа кеп туса егер,
Қарлығаштай қанатымен су себер.
Азамат көп ардақ тұтар ауылда,
Ақ дауыл боп қайғы бұлтын қусам дер.
Адалдыққа шомылдырып жөргектен,
Әже әлдиі тал бесіктен тербеткен.
Құдайындай құрметтейді қарттарды,
Қариялар батасымен ер жеткен.
Нұрдың тілін үйретті оған нұрлы аспан,
Жастайынан жұпар шөппен сырласқан.
Құт, береке, байлық көзі мал-жан деп,
Қой қайырып, күрең мініп қырды асқан.
Ақ жемденіп күрек қолы тілінген,
Ажарынан ішкі ойы білінген.
Додасында жүр тірліктің және де
Домбырасы керегеге ілінген.
Қонақ келсе қойын ұстап көлденең,
Бата сұрап күлімдейді ол деген.
Көктем келсін, күзде келсін, қыс келсін
Көк аттының көңлі қалып көрмеген.
Жүйрік баптап, құс салудың маманы,
Бісмілласыз басталмайды қадамы.
Сабасынан сары қымыз кетпеген,
Нағыз қазақ сенсің, ауыл адамы!..
ТУҒАН ЖЕР
Туған жер ұқсайды екен күн нұрына,
Мәңгілік сәуле шашар ғұмырыңа.
Көрмесем апта сайын ауылымды,
Жұтқаным жұқ болмайды жұмырыма.
Жайқалтқан тамыр жайып жапырағын
Жағамды жайлау еткен атырабың.
Кілтіндей ырыс-құттың, бақ-дәулеттің
Киелі, қасиетті топырағың.
«Саңғыған тұғырына сұңқар оңбас,
Қаңғыған үйірінен тұлпар оңбас»,-
Деп бесік жырын айтса асыл әжем,
Ұрпағы қалайынша іңкәр болмас.
Қонысы ағайын-жұрт, бауырымның,
Құтқарған бұлтын серпіп ауыр мұңның.
Қытайдың аққуынан артық көрем,
Қаздарын қаңқылдаған ауылымның.
Талықсып қалжыраса күйкі жүрек,
Туған жер әнге - азық, күйге - тірек.
Төскейің ата-бабам ізі жатқан,
Тағынан патшалардың сүйкімдірек.
Ауырсам айықтырар дәрі сенде,
Жұмақтан айтындаршы сәні кем бе.
Париж, Рим, Нью-Йорк мың садаға,
Сұлусың, туған жерім, бәрінен де!!!
АСПАРА
Көлде - аққу, көгінде ұшқан сұңқары бар,
Шаң жұқпас шашасына тұлпары бар.
Айналдым алтын бесік Аспарамнан,
Оқ жонар ата көрген ұрпағы бар.
Батыры ғұмыр кешкен ат жалында,
Аңыз көп Шайсандықтың шатқалында.
Сыпатай, Жауғаш, Аққөз, Асқаровтар
Сенде өсіп айналды жұрт мақтаныңа.
Қаймағы табиғаттың бұзылмаған,
Шыңынан таудың мәңгі мұзын табам.
Қойны құт, суы шипа Аспараның,
Оралған шылауына Қызыр бабам.
Сондықтан Меркі жері қасиетті,
Байлығын, дәулетін ел нәсіп етті.
Білмеймін қандай сиқыр бар екенін,
Сайратып бұлбұлдарды ғашық етті.
Сайында мөлдірейді кәусар бұлақ,
Сусының қандырады аңдар құлап.
Хош иіс гүлі түгіл Аспараның
Қақтырар таңдайынды тасы да ұнап.
Қырдағы қызғалдақтай тербетілген,
Құлпырып құшағында ер жетіп ем.
Қабыл ал бәсіре - өлең, жырларымды,
Қарыздар өнер қуған перзентін ем...
ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР
Қас қағым сәт үнемі қозғалыста болады,
Қызғалдақ та құлпырған күз келгенде солады.
Өзгереді тау мен тас, мұхит, өзен, арал да,
Тек мызғымас салт-сана, дәстүрге бақ қонады.
Ымыраға шақырып ынтымақты жақтаған,
Құлы болмай құлқынның ел сенімін ақтаған.
Алты бақан ала ауыз атанбайды ағайын,
Татулықты қыл өтпес бір ашуға сатпаған.
Арманыңа адамдар жете алмайды діттеген,
Үйге келген қонақты құдасындай күтпеген.
Дастарханың әрқашан кең жайылып жатсын деп,
Бабаларым біздерге ұлы міндет жүктеген.
«Қызыр шығар қырықтың - бірі» деумен әсілі,
Тарылмаған пейілі, таусылмаған нәсібі.
Сан ғасырлық белестен аттап өтіп қазақтың,
Мұра болып келеді меймандостық кәсібі.
Қорған бола білдің бе қысылғанда қосшыңа,
Қиын сәтте қол ұшын бере алдың ба досыңа.
Үш жүз алпыс тамырын мейірлене соқса егер,
Ұлттың рухы бар сенде!
Қуанамын осыңа!!!
АТАЖҰРТ
Қорған болған жеріне,
Қиын-қыстау заманда.
Қыдыр қонған төріне,
Құлан халқы, аман ба?!
Бұзылмаған қаймағы
Бірлігіннен айналдым.
Бақ-дәулеттің аймағы
Тірлігіннен айналдым.
Асқақ рухтан туылар
Дәл өзіндей ел бар ма.
Шөбі - дәрі, суы - бал
Жалпақсаздай жер бар ма.
Айтқан сертте тұра алған
Ұлдарыннан айналдым.
Қызғалдақтай бұралған
Қыздарыңнан айналдым.
Қонақ бол деп шақырған
Пейіліннен айналдым.
Сары қымыз сапырған
Келініңнен айналдым.
Тентектерін құрықтар
Қарттарыннан айналдым.
Ұлт мүддесін ұлықтар
Салттарыңнан айналдым.
Ақылы елдің азығы
Даналардан айналдым.
Үйдің алтын қазығы
Аналардан айналдым.
Жұлдыздарың самсаған
Бабалардың көзіндей.
Асан қайғы аңсаған
Жерұйықтың өзіндей.
Тағлымының бәрі ізгі,
Тілер бізге ырыс-құт.
Аяулы анам тәрізді
Ыстықсын сен, атажұрт!
ЖАЛПАҚСАЗ
Жан анамның атақоныс, мекені,
Жұртқа аян жұмақ өлке екені.
Жотасында жауқазындар жайқалған,
Жалпақсазым - бақытымның бекеті.
Құшағында ынтымақтың желі ескен,
Қияқ мұрт пен қиғаш қастар тен өскен.
Қаймағы еш бұзылмаған Жалпақсаз,
Қыдыр қонған қордалы ауыл емес пе ең?!
Қайда жүрсем көз алдымда елесің,
Қымбат маған ой-шұқырын, белесің.
Ұрпағымның жанса екен деп жұлдызы
Ұл-қызына ұлтарақ боп келесін.
Достарыммен асыр салғам төсінде,
Балалықтын бал дәурені есімде.
Сенін арқаң туған жерім - Жалпақсаз,
Сән түзесем тіршіліктің көшінде.
Бұлбұл құстай, қарлығаштай сайраған,
Арманымның алдаспаның қайраған.
Аңқылдаған әжелерім қаншама,
Нәрлі қымыз баптап, бие байлаған.
Алқабына арпа, бидай сепкізген,
Адал енбек мұратына жеткізген.
Жалпақсаздың ел-жұртынан айналдым,
Шабыт беріп жыр нөсерін төккізген!..
АУЫЛЫМ
Тамыр жайған туыстарым, бауырым,
Тұрымтайдай түлеп ұшқан ауылым.
Жайма шуақ көктем түгіл, жаз түгіл,
Жылы ұшырар қарлы боран, дауылың.
Жуасы мол жоталардың қолтығы,
Жауқазындар, сарғалдақтар толқыны.
Жалпақсаздың салтанатын паш етер,
Қора толы қойларының қоңдығы.
Ауласына беріп дәйім сән, көрік,
Албырайды уылжыған алма, өрік.
Аспандағы жұлдыздар да түн бойы
Кірпік қақпай қадалады таң көріп.
Ырыс-құт боп адал термен тапқаны,
Көсегесін көгертеді баққаны.
Топырағыңнан айналайын, туған жер,
Аяғымнан тік тұрғызған ақ наны.
Ыстық маған қаз-үйрегің, тауығың,
Тілді үйірген қарбызың мен қауының.
Ақордам да, Астанам да өзіңсің,
Атақоныс, алтын бесік ауылым!!!
ҚҰЛАНЫМ – АТАМЕКЕНІМ
Жайқалған жасыл құрағы,
Ырыстың сенсің бұлағы.
Басына қыдыр дарыған,
Бабамның болған тұрағы.
Әкем де сені сүйеді,
Анам да басын иеді.
Құланым – алтын бесігім,
Құшағың құтты, киелі.
Жаннатым болған Құланым,
Қанатым болған Құланым.
Сапарға шықсам келгенше,
Сағынып сені тұрамын.
Шапағат нұрын шашатын,
Жүректің құлпын ашатын,
Жуасы тәтті жұмағым,
Жер бар ма сенен асатын?!
Ұлдарың алтын асықтай,
Қыздарың күміс қасықтай.
Құланым – атамекенім,
Өсірдің бізді жасытпай.
Барқыттай шүйгін беліңе,
Ақбидай еккен еліңе.
Аққу – жыр ұшты кеудемнен
Аяулы туған жеріме!...
СҮГІРБАЙ АТАНЫҢ ӘНІ
Түңілу ақ өліме қазық деген,
Қайғыны пешенеңе жазып па екен.
Басыңа тәуекелдің бөркін кигін,
Көңілге үкілі үміт азық деген.
Болған соң опасы жоқ мынау жалған,
Арманның жанарынан жасы тамған.
«Уәде-құдай сөзі» деп түсінген,
Бабамның айтқан жерде басы қалған.
Не жетсін сертке берік бола алғанға,
Қыран боп шырқау шыңға қона алғанға.
Қол ұшын аямапты бабаларым,
Бақ тайып қазынасы тоналғанға...
МЕРЕЙЛІ МЕРКІ
Су сұрасам бал берген,
Жая берген, жал берген.
Қабағыма қарайлап,
Әр сөзіме мән берген.
Сүйем сені, Аспарам,
Алтын шапақ күн үшін,
Айлы жарық түн үшін,
Әсем, нәзік гүл үшін.
Сүйем сені, құт мекен,
Аппақ жұмсақ нан үшін,
Төсіңдегі мал үшін,
Бұлбұл құстар әні үшін.
Жұлдыздардай жарқырап,
Тапса жырым - жаңа ырғақ.
Сенің арқан тек қана,
Қасиетті шаңырақ.
Сүйем сені, жаннатым,
Ескені үшін жұпар жел,
Өскені үшін бұраң бел,
Сенгені үшін қыранға ел.
Ошағы деп бабамның,
Отаны деп баламның,
Отқа түсіп жанам мың,
Мерейлі Меркім - туған жер
СҰЛУ МЕРКІ - ӘСЕМ ӘН
Әні - Хамит Жұмаходжаевтікі. Сөзі - Ш. Мамасеріқованікі.
Атақ -даңқы асқақтап шалқығандай,
Қасиетті Меркінің халқы қандай.
Қарай қалса қыздары күлімсіреп,
Қара тастың өзі де балқығандай.
Қайырмасы: Жыр-пырағым,қанатым,
Нұр тұрағым, жәннатым.
Сұлу Меркі - әсем ән,
Шырқап кешке салатын.
Шөбі - дәрі, суы - бал құндақтаған,
Алтын бесік Аспарам қымбат маған.
Ақша мандай, айналдым, аруыңнан
Арқасында қос бұрым бұлғақтаған.
Қайырмасы: Қыран толы таулары,
Жеміс толы баулары.
Сұлу Меркі - әсем ән,
Жібек Жолдың жауһары.
Жусан исі аңқыған жұпар далам,
Сендей дарқан болуға құмарланам.
Жүрегімді жаулаған бір гүлің бар,
Ұяң жүзі үлбіреп ұнар маған.
Қайырмасы: Арпа, бидай дәнге бай,
Әдемі, асқақ әнге бай.
Сұлу Меркі ұқсайды
Дәл өзіңе, сәулем-ай!
ЖАС ӘКІМ САПАРҒАЛИҒА
Атқа қонып, алсаң елдің тізгінін,
Айдан анық көрерің сан сүзгінің.
Адал жүріп, тәуір жұмыс атқарған,
Білгің, қалқам, бағы жанар ізгінің.
Табылады арыз құмар, сөз құмар,
Талайы кеп жүйкеңді әлі тоздырар.
Білімділер төрге шығар қашан да,
Бәсекеде рухани күш оздырар.
Сақ адамдар үстем болар,
Босама!
Дұшпан көздер аңдып тұрар тасада.
Іргең мықты, жарық болсын айналаң,
Ұқыпсыздың ісі алға баса ма?!
Қырықтасың - қамал бұзар шақтасың,
Тіл мен көзден Алла жар боп сақтасын.
Асқаровтай алғыр жігіт екен деп,
Сапарғали,
Сені де жұрт мақтасын.
Тағынып ап бес қаруын, жарағын,
Түрініп ап етек-жеңін, балағын.
Туған жерді көркейтуге келіпсің,
Талабыңа нұр жаусыншы, қарағым!
ҚАРАТАУДЫҢ ҚЫРАНЫ
Қасиетті Қаратауға киелі
Аспандағы бұлт та басын иеді.
Ақ жаңбыр боп еміреніп, елжіреп,
Аяулы өлке топырағын сүйеді.
Батырбек те саған ғашық ер еді,
Байтақ жерді жұмақ етсем дер еді.
Балақ жүні жетілгелі сен үшін,
Барын салып терін төгіп келеді.
Асылдықты алдың ба екен бабаңнан,
Асқаныңды көрген жоқпыз сабаңнан.
Біз білетін қыран жігіт өзіңсің,
Қыдыр қонған құт мекенді таба алған.
Тыныштықтың табаныңа тақ тиіп,
Тұрса дейміз бейбіт еңбек, бақ ұйып.
Тауқыметін тартып жүрген мойнымен,
Талабыңа нұр жаусыншы, ақиық!..
АҚЫЛЫ АЗЫҚ АҒА ЕДІҢ ...
Меркідегі Нартаев
Еркелетсе марқайып,
Төбем көкке жеткендей
Жүруші едім шалқайып.
Жүректі улар зіл сөзден,
Пәле-жала, тіл-көзден.
Сақтан дейтін қашан да,
Миды ашытар кіл езден.
Даурығатын құр босқа,
Сабырсызға үн қоспа.
Дейтін және жолама,
Алдап, арбар жылпосқа.
Құрған қақпан, торлардан,
Қазған терең орлардан.
Аман өткін деуші еді,
Асу бермес жондардан.
Қиындыққа бүгілме,
Үміт үзіп үгілме.
Деген ақыл-кенесің
Жеткізді, аға, бүгінге.
Парасатты бағыңнан
Естілмейді лағыл ән.
Ажыратты сұм ажал
Тіршіліктің тағынан.
Түріп қайғы түндігін,
Тәубалайтын күн бүгін.
Бәйтерек боп өсіп тұр,
Артта қалған шыбығың!..
ӘДІЛЕТ ПЕН ІЗГІЛІК
Әділет пен ізгілік бірге туған егіздей,
Ақиқаттың келеді жүзін төмен дегізбей.
Әділет пен ізгілік қарашығы көзіңнің,
Ауытқысаң бұлардан дәмі кетер сөзіңнің.
Әділет пен ізгілік әлде екі қолың ба,
Екеуінен бас тартсаң бола қоймас жолын да.
Әдiлeт пен ізгілік, бәлкім, екі аяғын,
Сүрінгенде сүйенер тіренішің, таяғың.
Әділет пен ізгілік ала жіпті аттамау,
Бейкүнәні бекерге тіл тигізіп даттамау.
Әділет пен ізгілік қымбат тәж бен тақтан да,
Құтқарады шырылдап шындық жылап жатқанда.
Мәуесі мол ағашқа көп тиеді тастар да,
Әділетті болғайсын көшті алға бастарда...
АҚИҚАТ
Ақ пен қара мәңгілік күреседі,
Арпалысып үнемі тіреседі.
Зұлымдықтын өлшеуі өкініш боп,
Ар-ұяттың ізгілік гүлі өседі.
Қанаттары арманның қырқылмасын,
Жағалары үміттің жыртылмасын.
Жүректерге шаншудай қадалатын,
Жалғандыққа бүйрегің бұрылмасын.
Адалдықтын төнсе де бұлт басына,
Тарих кепіл арамдық ұтпасына.
Алмас қылыш жатпайды қап түбінде,
Қол жеткізер ақиқат тұтқасына.
Шапшып күйе жақса да жауыздықтар,
Шындық - жүген бәрібір ауыздықтар.
Шәкәрім мен Ілияс, Мағжандар боп,
Халқыменен қайтадан қауышты ұлдар.
Өрге жүзбес өтірік күдік - қайық,
Шын сөз - шипа екенін ұмытпайық.
Әділеттін ақ туы желбіресін,
Ақиқатқа бас иіп ұлықтайық!!!
ШЫНДЫҚ
«Шындық деген не?» деп менен сұрашы,
«Ол - адамның бағы» дер ем расы.
Толық жауап сауалыңа береді,
Төле, Әйтеке, Қазыбек би мұрасы.
Әділ жаннан ай мен күндей арайлы,
Ізгіліктің шапағаты тарайды.
Алмас қылыш шықпас жасық темірден,
Даналарға жұрт қызығып қарайды.
Кір шалдырмай ата-баба даңқына,
Жиреншедей қызмет еткен халқына.
Қазыбек би, Әйтеке би, Төле би
Мәңгі өшпес сөз қалдырған артына.
Өтіріктің күйдіретін уына,
Жағымпаздың маңайына жуыма.
Ақиқат пен шындық - ердің ырысы,
Дақ түсірме адалдықтың туына!..
АҒА БИІ АЛАШТЫҢ
Ақ едің әділеттің шамын жаққан,
Адалдық арайынан таңың атқан.
Мүмкін бе Мұсабектей ер шықпауы,
Сыпатай батыр туған шаңырақтан.
Ұлтының ұлағаттап мұң - арманың,
Қашан да ақиқатқа құмар жаның.
Алғысқа бөлене бер ізгілікпен,
Тірліктің серпіп түнек тұмандарын.
Шыңынан атақ-даңқтың көз caп тұрып,
Қарайсың жан-жағыңа жұмсақ күліп.
Қақ жарған қара қылды Мұсабекті
Отырмыз Төле биге ұқсастырып.
Көтеріп арқасына заман жүгін,
Патшаның қасында жүр ағам бүгін.
Жамбыл мен Бауыржанның ұрпағына,
Тілеймін тіл мен көзден амандығын!
АЛҒЫС
Жүйкемдегі қуып қарлы боранды,
Жасадың сен азаматтық жоралғы.
Күдер үзіп жоғалғанда сенімім,
Көктем қайта жазирама оралды.
Шарпығанда күміс лебіз толқыны,
Шаттанғаннан көз ілмедім сол түні.
Шырайландым қызғалдақтай құлпырып,
Шашыма әкеп таққандай жүз шолпыны.
Шуағыңнан жапырақ жайып көгердім,
Қайтіп қана жақсылығынды өтермін.
Қасіреттің дауылынан күйреген,
Қайратымның шаңырағын көтердің.
Ұрлатқан ем кербез әуен, сазымды,
Тапқандаймын тәтті науат наз үнді.
Тұтқын болған қаншама жыл қайғыға,
Жүрегімнің шер-шемені жазылды.
Неткен жансың маңдайдағы сорды ұққан,
Кім сүрінсе сүйеп жүрсің қолтықтан.
Жер бауырлап жатқанымда тұрғыздың,
Алғыс айтам Мұсабекке сондықтан!..
ӘДЕМІ ӘЙЕЛ
Атың - Бақыт,
Бақыттысың өзің де,
Сұлулық бар нұрлы қара көзінде.
Уылжыған қызыл шие ерніңнен,
Уыздай боп естілер бал сөзің де.
Алты алаштың ардақтаған арысын,
Пір тұтатын парасатты жарысың.
Тұлпарынды баптау үшін бәйгеге,
От пен суға түскеніңнің бәрі шын.
Асқарына шыққан атақ-даңқтың,
Батыр ұлға лайық құрмет таныттың.
Мәртебелі отбасында жүрген соң,
Әр қадамың назарында халықтың.
Алға апарар әділеттің кемесін,
Ақиқаттың жеңеріне сенесің.
Ар - намыстың ақ байрағын көтерген,
Айбозынды періштелер жебесін.
Алғыс пенен бата алып еліннен,
Абыройын асқақтатқан келін ен.
Хақ Тағалам қарапайым жаратқан,
Қалай ғана жыр етпейін сені мен?!
Қыз баладай құлын мүше, гүл мүсін,
Ұлы Абайдың Тоғжаныңдай түр, пішін.
Тал бойына жарасып тұр бәрі де,
Паш еткендей әдемі әйел үлгісін!..
БАТЫР АНА ОРЫНКҮЛ
Тағзым жасап үлкеннен бата алған жан,
Таза еңбекпен ырыс, құт таба алған жан.
Терін төгіп отыз жыл қызылшада,
Тәтті түбір тарланы атанған жан.
Махаббаты, мейрімі сай еріне,
Мін тағарсың, япырау, қай жеріне.
Қызығамын сегіз ұл туып берген,
Қарапайым қазақтың әйеліне.
Кілең бектер қоршаса айналасын,
Неге ананың нұр жүзі жайнамасын.
Бала берсе тәңірім адалынан,
Ақын жүрек қалайша сайрамасын.
Жас шағыңнан бақ аңсап сусап едің,
Ата жолын перзентім қуса дедің.
Мың қазанның туылған топырағында,
Мың кісіге татиды Мұсабегің.
Болатбек пен Мұратбек, Қазыбектің,
Намазбек пен Жамалбек, Әзімбектің.
Ниязбектің шешесі Орынкүлдей
Батыр ана алдында тәжім еттім.
Жандос, Жанна, Әлия - немерелер,
Нүрила, Іңкәр, Нұрбүбі - шөберелер.
Құшағыңа таласып еркелейді,
Аяулы әже, шаттыққа бөлене бер!
Құрмет тұтар тіл, дінін, әдет-ғұрпын,
Қызғыштай боп қорғайтын елін,жұртын.
Діңі берік ағаштай өзіңе ұқсап,
Келіндерің көбейтсін қазақ ұлтын!..
МАҢҒЫСТАУДЫҢ МҰЗБАЛАҒЫ
(Жамбыл облыстық сотының төрағасы Н. Чиняевқа)
Жаппасын деп шөкімдей бұлт күн көзін,
Жанған отқа лақтыратын кіл өзін.
Аппақ күрес, адал майдан арқылы
Асқақтатқан азаматтық мінезін.
Ақ-қараны өз атымен атайтын,
Арамзаның аяқ-қолын матайтын.
Адасқанды үйіріне қоса алар,
Таразда жүр бір перзенті адайдың.
Ақиқаттың шеңберінен шықпаған,
Аждаһа ашкөз қаһарынан ықпаған.
Әйтекедей асылдардың тұяғы ол,
Әділеттің туын әсте жықпаған.
От шайнаған найзағайдан нәр алған,
Арыстандай айбарлы елден жаралған.
Маңғыстаудың мұзбалағы атанып,
Шапағаты шартарапқа таралған.
Жұрт байлығын жымқыратын, ұрлайтын,
Жемқорларға үнсіз қарап тұрмайтын.
Жең ұшынан жалғасқанды аямас,
Турашыл би туғаныңа бұрмайтын.
Күрмеуі көп тіршіліктен түңілген,
Кездерімде жасып талай бүгілгем.
Бәрі ақшаға сатылатын заманда,
Азбас ерді жолықтырдым бүгін мен.
Таразылар озбырлық пен обалды,
Сені көріп күдік, қайғым жоғалды.
Көбейсе екен Нұрғожадай жігіттер,
Кір-қоқыстан тазартатын қоғамды!..
ҚАРА НАР
Алғыр ұл күткен сағына,
Тудың ба жұрттың бағына.
Абырой, даңқпен жеттің сен
Алпыстың алтын таңына.
Шапағаттөккен шат түсі,
Жүрегі таза, пәк кісі.
Баянды болсын қашан да
Басыңа қонған бақ құсы.
Отанды сүйсең егер шын,
Маңдайдың терін төгерсің.
Алғысын алып халықтың,
Көсегең күнде көгерсін.
Шындарға ұшып бара алар,
Сұңқар да жерден нәр алар.
Әділет көшін бастай бер,
Қас үлек туған қара нар.
Жақсыдан дәйім үміткер,
Ұмытпас дәстүр, ғұрыпты ел.
Ұлағат тұтсын өзінді,
Ұлт қамын жейтін жігіттер!..
ӘЛИ ҚЫЗЫ СӘУЛЕГЕ
Ақ отауы - махаббаттың тұрағы,
Адалдығы - жүрегінің шырағы.
Абыройды артық санар алтыннан,
Алты алаштың аққуы мен қыраны.
Іске асырып арман менен мұратын,
Жақсы әйел шығарады ер атын.
Қандай ғажап жар таба алсаң мәңгілік,
Гүлжұмақта сән-салтанат құратын.
Ханша етер тіршіліктің тойында,
Қанмен енген тектілік бар бойында.
Тебіреніп тәтті ернің төнеді,
Немерелер асылғанда мойынға.
Иман жүзді үр қызындай үзіліп,
Жымиғанда маржан тісі тізіліп,
Нұржаныңның Балжан атты жұбайы,
Шәй құяды өзіңе ұқсап сызылып.
Әуесі жоқ ойын-сауық, сайранмен,
Әуел бастан табанды едің, байсалды ең.
Қар төсеніп, мұз жастанып жарыңның,
Терезесін теңестірдің жайсаңмен.
Құт дарыған босағанды сайлап ап,
Сенсің, Сәуле, досқа құшақ жайған бақ.
Жусаннан да аласа боп кей кезде,
Отырасың қос ұлыңды аймалап.
Өнегелі жанұя боп еліңнің,
Ақтап жүрсің ата-енеңнің сенімін.
Намыс отын найзағайға жаныған
Нұрғожаңмен бақытты бол, келінім!
ПРОКУРОР
Бақыт жолын тапқан жансың біліммен,
Іскерлігің жұрт аузына ілінген.
Жасырсаң да жұпар исі аңқыған,
Адалдықтың балы тамар тіліңнен.
Ізгілікті жасап жүрсің баршаға,
Ақ жаңбырдай алғыс жауды қаншама.
Ақиқат пен шындық үшін күрескен,
Есенжанға дейді халық: «Шаршама!»
Туған жерге арнап қайрат-күшінді,
Таныта бер өнегелі ісінді.
Отаным деп от пен суға түскен соң,
Еңбегіңнің ел бағасын түсінді.
Ауыздықтап қиындықтың белесін,
Әділеттің хақтығына сенесің.
Күшігендей өлексеге қонжиған,
Ашкөзбенен арпалысып келесің.
Жәрдем беріп жәбір-жапа шексе кім,
Жалпақ жұртқа шат тұрмысты көкседің.
Досановтың шәкірті ме деп қалам,
Жазирама сенім гүлін ексе кім.
Мұңаймайтын, шағынбайтын тағдырға,
Алла сыйлар шапағатын алғырға.
Шыққан тауың биік болсын десең сен,
Арманыңды орта жолда қалдырма!..
ЕҢБЕК ЕРІ
Күн ыстаған жүзінде мейірім бар,
Кен жазира даладай пейілің бар.
Құрмет тұтар айбарлы азаматсың,
Құйма құлақ, зерделі, зейіні бар.
Шаттанғандай шуағын шаша қарап,
Білем Сізге құшағын ашады алап.
Көктемде еккен, ағатай, дәніңізден
Өсіп шықты ақ бидай шашын тарап.
Әппақ бидай етегін түріп алып,
Самал желмен билесе мың бұралып.
Биыл тағы молшылық болады деп,
Кәрі-жасы ауылдың жүр қуанып.
Туған жерге арнаған бар қуатын,
Биік қойған бәрінен ел мұратын.
Еңбек Ері Рахимов үлгі бізге,
Жалған, жалтақ мінезді ар қылатын.
Мұрагері сияқты қыр басында,
Мәрттік нұры ойнайды тұлғасында.
Атой салып шығады трақтормен,
Алай-түлей қар көшкін, бұрқасында.
Топырақтың құпия сырын біліп,
Тілдеседі кіршіксіз күйін ұғып.
Көркейсін деп аяулы атамекен,
Кісінейді кеудеде құлын - үміт.
Арманыңың атқызып жарық таңын,
Абзал аға ойлайды халық қамын.
От пен суға түссе де көрсетпейді,
Тар жол тайғақ кешуде тарыққаның...
КӨСЕМ ЕНЕ
Жасынан бақ жемісін терген жеңгем,
Жарына көлеңкедей ерген жеңгем .
Toп жарған кілең көкжал шеттерінен,
Арыстай алты ұл туып берген жеңгем.
Тіл тауып келіндерін ұстай білген,
Бәріне бақыт жолын нұсқай білген.
Айдақүл жеңешемдей енелер аз,
Шашқызбай өз нәсібін құстай ілген.
Мал қолда, жан ұяда, қайғысы жоқ,
Дәл сендей бұл өңірде бай кісі жоқ.
Алдыңнан қия өтпейді келіндерің,
Ананың ақ батасын алғысы кеп.
Ағашқа мәуе бітсе бәсең-бәсең,
Сән берер шаңыраққа әйел әсем.
Патшадай алты отауға бұйрық берер,
Жарасар жеңешемді көсем десем.
ОРЫНБАСАР
Көнліңнің күншуағын
Көпке арнап тыншымадың.
Кеудене жақтың ба екен,
Мейірімнің мың шырағын.
Ұмытпай борышыңды,
Атажұрт-қонысынды.
Жоқ-жітік, кемтарларға
Бересің қол ұшынды.
Ел білер қадірінді,
Жастарға жаның үлгі.
Келесің айналаңа
Түсіріп жарығыңды.
Ерекше келбет-тұлғаң,
Жігітсің ел деп туған.
Отанды көркейтуге
Жас шақтан белді буған.
Малшынып күміс терге,
Айналып жұмыскерге.
Гүлдеттің туған жерді,
Көш бастап игі істерге.
Достықтың қуатын шын
Өзіндей ұғатын кім.
Сен келсең ұшып кетер,
Кеудемнен сұрапыл мұң.
Арманның өріне асар,
Бақыттың төрін жасар.
Әкеге керек екен,
Сендей ұл, Орынбасар!..
КЕЛ ЖАҢА ЖЫЛ – НАУРЫЗЫМ!
Қара бұлттай қаптаған
Қайғы - мұңнан арылта.
Босағадан аттаған
Жаңа жылым, жарылқа!
Айналайын ашық күн,
Шуағыңды үйіп-төк.
Қазақ деген халықтың
Мәртебесін биіктет.
Ақша қардай көңілін
Әппақ еткін, пәк еткін.
Алла берген өмірін
Арайлы еткін, шат еткін.
Рухы биік жандардың
Жұлдыздарын жандыршы.
Жамандықтың барлығын
Ескі жылда қалдыршы.
Бабам өскен өлкенің
Бау-бақшасын миуалы ет.
Бұлғақтаған өркенін
Бауырмал ет, ибалы ет.
Асау ғасыр жылындай
Кел, Жаңа Жыл, төрлеткін.
Алатаудың шыңындай
Елімді алға өрлеткін!..
***
Күміс қазық қақтырған,
Жібек желі тарттырған.
Уығы алтын үй тігіп,
Салтанатынды арттырған.
Омырауы түймелі,
Барша жанға сүймелі,
Табаныңда жұмақ бар,
Анаға бас игелі,
Келші күткен, Жаңа Жыл!
Келші күткен, Жаңа Жыл,
Ашыққандар тойынсын,
Қатыгездік жойылсын,
Күллі қазақ қауымы,
Шариғатқа бой ұрсын.
Төрлет, төрлет, Жаңа Жыл,
Жаңа ғасыр - жаңа жыр,
Сенің аппақ қарындай
Көбейсінші жанашыр!..
***
Дос керек қол алысып, төс қағысар,
Ізгі ойды мөлдіретіп өрге ағызар.
Қорғайтын адал антын жан-тәнімен,
Қызғаншақ іші тардан ірге бұзар.
Дос керек жеңісіңе қуанатын,
Айтқызбай ішкі ойыңды ұға алатын.
Кесірлік, кесапаттың зардабынан,
Тазартып сарайыңды жуа алатын.
Дос керек жақсылығын сатпайтұғын,
Бірліктің бау-бақшасын баптайтұғын.
Дұшпанға сын сағатта жығып бермей,
Сертінде тұрып, сенім ақтайтұғын.
Дос керек жақын тұтар бауырдан да,
Қасыңнан табылатын ауырғанда.
Нарлығын танытатын нұрын шашып,
Нарықтан арқалары жауыр жанға.
Дос керек сүрінгенде сүйейтұғын,
Ыстық пен суығыңа күйетұғын.
Тырнағы қатты батса тіршіліктің,
Тауды да алдыңа әкеп иетұғын.
Жұмсайтын туған жерге сарқып күшін,
Жанкияр дос таба алсаң халқың үшін.
Қаймана қазағымның қамын жейтін,
Қонды де босағаңа бақыт құсын!..
***
Өнердің өлкесінде жарыс құрған,
Дос едік біз үзеңгі қағыстырған.
Аққудай ажырамас айдыныңан,
Тәңірге тәуба деуші ек табыстырған.
Теңіздің толқыныңдай жарасатын,
Тату ек жұрт қызыға қарасатын.
Шаттансаң шашбауыңды мен көтеріп,
Мұңайсам сен қосыла аласардың.
Қайтейін қатал тағдыр ажыратты,
Қамшылап қасірет, мұң қалжыратты.
Ақ тамақ қарлығаштай қатар ұшқан,
Жастық шақ сағындырып сан жылатты.
Күтпесе көгере ме дүмбіл дарын,
Қарғалар түсінер ме бұлбұл зарын.
Өзіндей адал досты таба алмадым,
Арманның асқақтатар шың-құздарын.
Ұршығы уақыттың зырылдайды,
Артына ешқашан бір бұрылмайды.
Аңсаған алабұртып сорлы жүрек,
Аһ ұрып бозторғайдай шырылдайды.
Жұтаған жайлауыма шуақ тауып,
Жолықсаң қалар едім қуаттанып.
Аяулы асыл досым, қайдасың сен,
Айтатын таң атқанша сыр ақтарып...
***
Балалық шақтың көктемін,
Байқамай қалдық өткенін.
Ақ көңіл адал досыма
Айтатын сырым көп менің.
Жарасым тауып жанымыз,
Арайлап атсын таңымыз.
Татулық туын көтеріп,
Шырқалсын шаттық әніміз.
Айдынның қоңыр қазындай,
Жұбымыз жүрсін жазылмай.
Жүректің кілтін табатын
Сезімнің сұлу сазындай.
Өзіңмен өмір тәттірек,
Сапарым болар сәттірек.
Сондықтан саған, досым-ау,
Жүремін ылғи бақ тілеп!
ИМАН
Сезсең де жұртқа жаярын,
Өлеңнен жоқ қой аярың.
Білмейсің бірақ жалғаннан,
Табаның қашан таярын.
Шүкір деп таңың атқанға,
Қуанба күнің батқанға.
Белгісіз, жұмбақ сұм ажал
Түсірер түбі қақпанға.
Тырнақтап жүріп жиғаның,
Артында қалар үй, малың.
Ұмытпа екі жалғанда
Жолдасың жалғыз - иманың.
Ата-анаң сені өсірді,
Қатеңді қанша кешірді.
Әруағы жатсын бір аунап,
Жарылқа жетім, жесірді.
Жайқалған жасыл құрақтай,
Көл-көсір мөлдір бұлақтай.
Көмегің тисін халқыңа,
Кешқұрым жаққан шырақтай.
Ізгінің құтты киесі -
Иманды болар иесі.
Жақсылық жасағандарға
Жаманның жұқпас күйесі...
ДАРҚАН ЖАН
Қиын екен жалғыздық серті деген,
Көп ауырдым кедейлік дертіменен.
Су татырмас сараңды білуші едім,
Жомарттық пен адалдық көрдім сенен.
Жақсыларға жүректің төрі лайық,
Алғыс айтпау оларға болар айып.
Бала, бауыр, ағайын, туыс та емес,
Азаматтық жасады Бөрібаев.
Қалған жоқпыз дұшпанның табасына,
Тасыған қан түскендей сабасына.
Мен тойынсам елімнің ықыласына,
Сен шомылдың халықтың батасына.
Тұсауласа тағдырдың тар төсегі,
Жалаң аяқ кей адам қар кешеді.
«Қолы ашықтың - жолы ашық» деген сөз бар
Дарқан жанның қашан да даңқы өседі.
Инабаттық жазған ба пейіліңе,
Терендікті кім берген зейініңе.
Жетім менен жесірге қолын созған
Бақыт нұры төгілсін мейіріңе!..
АСЫҒЫСТЫҚ
Сапарға шықса жетуге асығады,
Қонаққа барса кетуге асығады.
Автобустардың алдарын орап,
Жолдардан жылдам өтуге асығады.
Кезекте тұрса таласып ұрысады,
Бәрін де шапшаң істеуге тырысады.
Атқармай қойсаң айтқаның тездеп,
Мең-зең боп лезде шекесі құрысады.
Асығыс іске әзәзіл араласар,
Сабырсыз жанды сүмпитіп нала басар.
Сүйрең тіл - сордың тумасы, сүйір найза,
Жазықсыз жапа шеккізіп жара салар.
«Шырайы кетер адамның асыққанда»,-
Деп жазған ұлы Пайғамбар хадис - хатта.
Мүбәрақ сөзін тыңдасын әрбір перзент,
Мұсылмандығы болса егер қасық қанда.
Уысында уақыт тұрмайды, қараңыздар,
Зая өткен әрбір сеқундқа сана мұздар.
Дүниеге қайта анаңыз әкелмейді,
Япырау, қайда асығып барасыздар?!...
НАРЫҚ ЗАМАНЫ
Дағдарыстың тиіп ащы таяғы,
Күйзелді жұрт тәлтіректеп аяғы.
Тұзағына түсіп жемқор заманның,
Кей шаңырақ алақаның жаяды.
Алшаң басып адам қаның жүктеген,
Алаяқ жүр бұзықтығын бүкпеген.
Арам ақша билік құрған қоғамда,
Арпалысы ақ-қараның бітпеген.
Нарық жерді ақ тайлақтай бұйдалап,
Жат-жаранға сатып жатыр құйқалап.
0, Жаратқан! Қанжығада кетпегей,
Бабалардың ізі жатқан гүлді алап.
Жеке меншік салған зәрлі жарадан,
Атажұртқа уайым, мұң тараған.
«Тау мен жер, су - Тәңір берген тегін сый,
Оны сату - күнә!» - дейді әр адам.
Болашағың тас атпасын десендер,
Ойланыңдар, көш бастаған көсемдер.
Ата-бабаң аманаты, мұрасы –
Сатылмасын қала, дала, өзендер!
Ауыздықтап ашкөздігін нарықтың,
Көксегені орындалсын халықтың.
Бай, кедей боп бөлінбейтін, бөлмейтін,
Тусын елге тендік берер жарық күн!...
КӨКТЕМ
Көктем келді құшақ-құшақ гүлімен,
Қикулаған тырналардың үнімен.
Көкірегін рахаттана тосты жер,
Қара нөсер жауған кезде түнімен.
Күн сәулесі шуақ шашса шаттанып,
Бау-бақшалар алқа тағар баптанып,
Ақ сәулесі құздан құлап төменге,
Өрім - бұлақ шапқылайды мақтанып.
Бура бұлттар тау басына қонады,
Боз даланы көк кілемге орады.
Ал аралар қанбағандай құмары,
Қызғалдақтың қызыл ернін сорады.
Тал шыбықтар жаңадан бүр жарады,
Шалғын шөптің шашын самал тарады.
Жапырақты жөргек еткен инелік,
Жан-жағына мейірлене қарады.
Көктем келді табиғатты жасартып,
Кір-қоқысын ақ жаңбырмен тазартып.
Құла таңнан әнші құстар сайрайды,
Тіршілікті той- думан ғып, базар ғып.
Қатал тағдыр кинаса да нешеме,
Көктем барда сезім оты өше ме.
Қыз бен жігіт әзілдері жарасып,
Жайраң қағып бара жатыр көшеде...
**
Бірде тұман, бірде ашық,
Жүректегі сырды ашып.
Жадырасын жанымыз,
Келші, көктем, нұр шашып.
Қызғалдағын сыйлаған,
Көктем - ән, жыр, күй маған.
Қыстың аппақ көрпесін,
Наурыз сұлу жинаған.
Жыл құсындай оралған,
Бүршік жарды мол арман.
Сенің жылы сөзіңнен,
Қайғы, мұңым жоғалған...
ТІЛЕУБЕРДІ БАТЫР
Асқар таудың басын жерге идірген,
Айқастарда жауды жеңіп сүйдірген.
Аспарадан шықты талай батырлар,
Асылзада тектілігін түйдірген.
Дұшпаныңа қара бұлттай түнерген,
Халқым десе кеудесінен күй өрген.
Соның бірі - Тілеуберді бабамыз,
Иығына қалың қазақ сүйенген.
Ата-ананың өсиетін айнытпай,
Ту көтерген жүрегі әсте шайлықпай.
Алты алашқа абыз болған сардар ол,
Қас дұшпанға қарсы шыққан қаймықпай.
Жау келгенде қандай жігіт жата алған,
Ерлігі үшін Сыпатайдан бата алған.
Ел үмітін ақтаған соң сан мәрте,
Еркелетіп «Қарақиік» атанған.
Жұрт бағына ержүрек боп туғансың,
Қоқандарды Шайсандықтан қуғансың.
Аралтөбе берілген соң еншіңе,
Ақ жүзінді Қасқасуға жуғансың.
Дей алмаймын ерлік ісің кем екен,
Майлықожа арыстанға теңеген.
Бір ата боп өсіп-өніп кетсін деп,
Бидастарды қолтығынан демеген.
Болыс болып Қарабалта еліне,
Көктерек пен Қордай, Меркі жеріне.
Бүлінгеннің жамай білдің жыртығын.
Шипа болып түрлі кесел, дертіне.
Меркі жері, тасың - алтын, суың - бал,
Құшағында әдемі өлең туындар.
Сыпатай мен Тілеуберді батырға
Ұқсап өссін ертеңгі жас буындар!
«ЖАҢАҚОРҒАН» ШИПАЖАЙЫНДА
Құшағын қонақтарға жайып тұрған,
Баурында қыз-бозбала сауық құрған.
Шипажай «Жаңақорған» салынғалы,
Қаншама сырқат жанды айықтырған.
Көргенде жұрттың ыстық ықыласын,
Киелі өлке екенін ұғынасың.
Суың да, балшығыңда қасиетті,
Төккен бе Алла нұрлы шұғыласын.
Тигізбес тұлпар қамшы сауырына,
Текті ер шыдар тағдыр дауылына.
Ғажайып ғимараттар салып жатқан,
Ризамыз Аманкелді бауырыма.
Жайғасса жақсы, жайсаң төріңе егер,
Жалғасқан ата дәстүр, өнеге дер.
Аузынан алты алаштың алғыс алып,
Атақ-даңқ, қуанышқа бөлене бер!
Таусылып бойындағы қайрат-жігер,
Дертіне ем таппаған жадап жүдер.
Келгенде үміт артып шипажайға,
Жыртығын денсаулықтың жамап жібер.
Халқының ертеңіне сенетұғын,
Қиямет қиындықты жеңетұғын.
Айналдым, жігіттерден арманы асыл,
Жаннатқа туған жерді теңейтұғын!..
АҚ ҚАЙЫНДАР
Ақ қайындар жайқалып,
Жүректері тулайды.
Самал соқса шайқалып,
Жапырақтары шулайды.
Көкке созып саусағын,
Алтын күнмен сырласқан.
Күтер жазды аңсап кіл,
Махаббаты - жыр,дастан.
Қардан шәлі жамылып,
Қорықпайды ызғардан.
Жылытып тұр шарқ ұрып,
Өмірге іңкәр ізгі арман.
Алшаң басып өткенге,
Ару қыздай сызылып.
Аман жетші көктемге,
Ақ қайындар, тізіліп!..
БАУЫРЫМ
Алдамшы мынау жалғанда,
Армансыз, шіркін, жан бар ма?
Ажалдың ілсе құрығы,
Ақсұңқар көкке самғар ма?!
Жүрегі жұмсақ жұмағым,
Тілеуі мөлдір бұлағым.
Еліне сая болатын,
Еменім, неге құладың?
Үзілді ерте гүлдерін,
Өзінсіз өтті күндерім.
Айырылып сенен, бауырым,
Сопайып қалды-ау сүлдерім.
Тірліктің базар, бағында
Жұлдызын жанған шағында.
Жайқалған қара орманым,
Айналдың неге сағымға?!
Қанатым едің ұшатын,
Жаннатым еді құшағың.
Жападан - жалғыз аралда
Адасқан жанға ұқсадым.
Жұбымыз неге жазылды,
Аңсадым ерке назыңды.
Іздедім сені сағынып,
Тау - тасқа соғып басымды.
Түнере қалса аспаным,
Түсінер сендей басқа кім.
Атажұрт - алтын ұяңды,
Япырау, кімге тастадың?!
Анамның сүтін тең ішкен,
Ақ көңіл адал періштем.
Алладан күнде сұраймын
Төсегің болсын пейіште!..
АНА МҰҢЫ
Сайда саным, құмда ізім қалмады,
Жар дегенде жалғызымды жалмады.
Қу томардай бар бұтағы өртенген,
Қор еткенше неге құдай алмады?!
Қатал тағдыр дегеніне көндірді,
Қайғы бұлтын аспаныма төндірді.
Қап-қараңғы тастағандай түнекке,
Қандай жауыз шырағымды сөндірді.
Таусылғанша соқпағымның белесі,
Тоқтағанша тіршіліктің кемесі.
Мезгіл - өзен толқыныңда тербеліп,
Көз алдымнан кетер емес елесі.
Көк сөгіліп, төгілгендей жұлдыздар,
Шаң-тозаңға айналғандай шың-құздар.
Жон терімді сыдырғандай күй кешіп,
Жан д үниемді билеп алды мұзды ызғар.
Жылай берем, күндіз-түні қапамын
Иығыма шерлі шапан жабамын.
Айтыңдаршы, айналайын ағайын,
Қайдан іздеп құлынымды табайын?!
Таба алмадым...
Сенім, үміт таусылды
Қайратымды қасірет, мұң қаусырды.
Ең болмаса түсіме енші, құлыным,
Естір ме екем «Ана!» деген даусыңды...
***
Аласартып арманды шоқтығынан,
Қабырғамды қаусатып соққылаған.
Қасірет-мұң күндіз-түн уһілетті,
Құлыным-ау, өзіңнің жоқтығыңнан.
Өтіп жатыр күндерім жылауменен,
Бір сүрініп, бір тұрып құлауменен.
Түсініксіз күй кешем кей кездері,
Өзімдікі еместей мынау денем.
Ақылымды алжытып бұраған ба,
Теріс жауап беремін сұрағанда.
Тұңғиыққа уайым батырған сон,
Тұнжыраймын жабырқап гүл алаңда.
Тобығымнан секілді сіңір тайған,
Ақсатып тұр қу тірлік қыңырайған.
Ұлым тірі жүргенде, уа дариға,
Шығушы едім жол тауып шыңыраудан.
Ақырзаман басыма орнағандай,
Тамұқ бұлты көгімді торлағандай.
Қасіреттің құлатар құрдымына,
Не жазып ем, о тәңір, қорлағандай?!
Көкірегімнен төгіліп мұң өлеңім,
Көр азабын тартқандай түнеремін.
Жалғызымды жайратқан жазасыз жүр,
Көрген сайын ыза боп мың өлемін.
Қайғы құрты жегені білінбейді,
Қылышымен жүректі тілімдейді.
«Қамыққандар - қуанар» деуші еді ғой,
Қашан бақыт таңы атып күлімдейді?!..
ОН ЖЫЛ БОЛДЫ
Жылап жатып төсекке жылап тұрам,
Жұбанышым жалғыз -ақ жұтаң жыр-ән.
Тұншықтырып барады шер шынжыры,
Қалай үзіп мойнымнан лақтырам?!
Он жыл болды ұлымды жоқтағалы,
Арманымның сағаты тоқтағалы.
Он жыл болды шаттықтың шамы сөніп,
Қасірет - мұң мылтығын оқтағалы.
Он жыл болды ұлымды сағынғалы,
Омырауым көз жасқа малынғалы.
Он жыл болды қайғылы өлең жазып,
Құдіретіне Тәңірдің бағынғалы.
Он жыл болды сорлы анаң боздағалы,
Қалмады ғой жылаудан өзге амалы.
Үш жүз алпыс тамырын билеп-төстеп,
Қаратауы қайғының қозғалады.
Он жыл болды сені іздеп аңсағалы,
Анаңды аяп өксиді таң самалы.
Өлді деуге қимастан сорлы жүрек:
«Ботақаным қайда?» - деп жар салады.
Жылап жатып төсекке жылап тұрам,
Жұбанышым жалғыз -ақ жұтаң жыр-ән.
Тұншықтырып барады шер шынжыры,
Қалай үзіп мойнымнан лақтырам...
САБЫРЛЫҚ
Үркітсе де мың қайғы,
Үкілі үміт шыңдайды.
Сабырлыға сыйлық бар,
Сағын дейді сынбайды.
Тағдыр көнбей ырыққа,
Түссе басың құрыққа.
Тәңіріге жалынып,
«Тоба!»деуді ұмытпа.
Шер көйлегін шөгеріп,
Шүйделі ойдан от өріп.
Шүкіршілік ап шығар
Шырғалаңнан көтеріп...
**
Жүрегімді жадыратар сөзі бал,
Қос бүлдіршін, қос балапан, қозылар.
Сендерменен жан-жарасы жазылар,
Сендерменен өмір ұзап созылар.
Сендер барда мен қалайша жасимын,
Сендер барда шаттанамын, тасимын.
Таңсәріден бақыт тілеп сендерге,
Жайнамаздың құзырына бас идім.
Сендер барда дей алмаймын сынықпын,
Сендерді ойлап мың қайғымды ұмыттым
Жылату да, қуанту да қолында
Жаратқанның күштілігін шын ұқтым...
**
Сел боп аққан көз жасыма малынам,
Ертелі-кеш уайымға салынам.
Жеткізші деп арманымды Аллаға,
Атқан таңға, батқан күнге жалынам.
О Жаратқан! Өзің жар боп жылатпа,
Сүрінтсең де шыңырауға құлатпа.
Адаспасын үйірінен ақкулар,
Ағыс берші үміті бал бұлаққа.
Қасіретімді жеңетұғын қуат бер,
Шердін шөлін басатұғын суат бер.
Қара тастай қатып қалған қайғыдан,
Жүрегімді жылытатын шуақ бер.
Бақ құшағын жайсын маған жыр-алаң,
Тіршіліктен түңілдірме бұралаң.
Тауқыметін тарқызсаң да тағдырдың,
Қаламыма рақым етші...
Сұранам!...
АППАҚ ҚҰСЫМ ЖЫРЛАРЫМ
Ақ құсымдай арманыма қанық кім,
Алуа-шекер сезімімді сан ұқтың.
Алпыс азап, тоқсан тозақ көрсем де,
Ала жібін аттағам жоқ халықтың.
Арала деп тау, дала, ой-қырымды,
Жеткізші деп жұртқа айтар сырымды.
Жібек баулы томағасын сыпырып,
Ақ тілекпен ұшырдым құс - жырымды.
Аспан - ата, жер - анаға иілсін,
Ағайын, дос, туыстарым сүйінсін.
Қайтса деймін қанжығасы майланып,
Көре алмайтын дұшпандарым күйінсін.
Қабырғасы қақырамай бай алап,
Құшақтарын айқара ашсын сая бақ.
Қанатыңды қатайтып кел, ақ құсым,
Нанның дәмін, сәби исін аялап.
Отауымның ай мен күні батқанда,
Қуат бердің қаусап, құлап жатқанда.
Аппақ құсым - періштедей жырларым,
Сен қымбатсың алтыннан да, тақтан да!..
НӘЗІК НАҚЫШ
Жасырғам жоқ ештеңе өлеңімнен,
Жырмен нәзік нақыш caп келемін мен.
Жайып салған бүкпесіз жан сырымды,
Қабылдар деп халқыма сенемін мен.
Жақынымдай бүкпесіз сырласады,
От пен суды өзіммен бір басады.
Ғашық жардай аймалап бірде өлеңім,
Дос - көңіл боп, ал бірде нұр шашады.
Жүрегімнен тынбаймын төгілмей ән,
Сырым менің сондықтан көбіңе аян.
Боямасыз шындықтың суреті бар,
Өлеңімнің әр жолы - өмірбаян.
Өрем жетпес нәрсеге қатыспағам,
Өмірімді өнерге бағыштағам.
Өрнегімен сүйсінтсе деп тілеймін,
Өлең - кестем ой-сезім нақыштаған.
ГӘКҚУ
Нартәуекел ұшырдым аққуымды,
Жерұйығым тыңдасын «Гәкқуімді».
Жазирамда жібектей сызылтайын,
Жан-дүниемді тербеген тәтті мұңды.
Жасыра алмай жүрегім аптыққаның,
Өріс тілеп қаншама атты таңым.
Жеңіл барып, ауыр қайт лажы болса,
Қанат қақсын, қуаныш, шаттық әнім.
Тіл бітіріп, тау, өзен, бұлақтарға,
Ат тұяғы тимеген құрақтарға.
Мәртебесін көтерші бұлбүл үнмен,
Бәйге беріп, жел жетпес пырақтарға.
Тоқсан тоғыз толғантқан бұрала мың,
Өнер барда тұра ма жанарға мұң.
Тебіренткен тамаша Күләш сазын,
Төмендете көрмеші, сұранамын!
Төсегінен тұрғызып жатқан қызды,
Еріте біл, қаңтарда қатқан мұзды.
Сүйек сыздар сындардан сүрінбей өт,
Риза боп қарсы алсын ақ таң бізді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
СӨЗ ӨНЕРІ – ДЕРТПЕН ТЕҢ
СӨЗ
Арыстандай арқыраған сөздер бар,
Жұлдыздардай жарқыраған сөздер бар.
Шындық үшін отқа түсіп шырылдап,
Қабырғасы қақыраған сөздер бар.
Сөз- алтын кен, ескірмейді, тозбайды,
Ұқпағанның аты мүлде озбайды.
Сөзде жан бар қызыл қанды тулатып,
Ақыл, сезім пернелерін қозғайды.
Кейде бұлт боп көкірегіңді басады,
Кейде күн боп шапағатын шашады.
Қасиетті құдірет бар әр сөзде,
Кілтін тапқан бақытқа есік ашады.
Сау адамды кейде айықпас дерт қылар,
Сөзде у бар, байқамасаң мерт қылар.
Отыз тісті бекер қорған етпеген,
Сөзде от бар, айналасын өрт қылар.
Сабыр сақта, ішің кеуіп бара ма,
Тілге оралған әр сөзіңді сарала.
Жазықсыздан дос жүрегін жылатып,
Айналдырма жазылмайтын жараға.
Ажал келіп құшағына алғанда,
Ей, ағайын!
Кетпейікші арманда.
Қонақпыз ғой бірімізге біріміз,
Сыйласайық мынау бес күн жалғанда...
ҚЫЗЫЛ ТІЛ
Арман оты сөнер ме,
Асау көңіл көнер ме.
Сөз семсерін суырып,
Атой салар өнерге.
Тіл киесін аңғарған,
Қыран құстай самғар жан.
Танытады қаламның
Өткірлігін қанжардан.
Тіл пұшпағын илейді,
Ар арбасын сүйрейді.
Омырауы оянбас
Ойсыздарды түйрейді.
Батыр бабам сұсындай,.
Найзасының ұшындай.
Қара тасты жібіткен,
Қызыл тілдің күшін-ай!
Аттап тарих белесін,
Тауды тескен жебесің.
Іреп сойып ашкөзді,
Ізгілік дән себесің.
Ұстағым кеп жалыңнан,
Татсам-ау деп балыңнан.
Құдіретті қызыл тіл,
Қара терге малынам!..
АҚЫНДАР
Гүл тікенмен бірге өседі емес пе,
Ақ пен қара қатар жүрер демес пе.
Алмағайып күндер туса халыққа,
Ең алдымен ақын қайғы жемес пе.
Үкілі үміт бұтағына ілінген,
Ақыл жолы ашылады біліммен.
Ой теңізін сүңгіп ғауһар сөз тапса,
Өлең болып төгіледі тілінен.
Жұртқа аян жайып салар сырымен,
Жүректердің жасын сүртер жырымен.
Ақын, бәлкім, ақ қанатты періште,
Тазартатын көңіл кірін нұрымен.
Алақайлап адалдықты мақтаған,
Арды оятып, арамзаны даттаған.
Алдиярлап бас иемін ақынға,
Ащы болсын тек шындықты жақтаған.
Ай сәулесін алақанмен жаппассың,
Ақындардай әділ жанды таппассың.
Көз жұмғанша арыстандай ақырып,
Күзететін ақиқаттың қақпасын.
Ескерткіш қып даңқын туған жеріне,
Тартулаған тәбәрік жыр еліне.
Тайыр, Жұбан, Мұқағали, Сырбайлар
Айналғандай поэзия селіне.
Махамбеттің алмас қылыш өлеңі,
Ашкөздерге аждаһа боп төнеді.
Абай, Жамбыл, Ілиястың ізінен
Әлі талай жауқазын жыр өнеді.
Құдіретті тұғырынан түспеген,
Тіл - оттан да, қылыштан да күшті екен.
Сондықтан да алты алашым ардақтар
Ақындарын аузымен құс тістеген.
Әр жырында күн көзіндей жылылық,
Ақын аты – даналық һәм ұлылық.
Өмір сүрер өнегелі өр басын
Өлең деген патшалықтың құлы ғып...
***
Қалауын тауып қарды да маздап жандырар,
Қара тасқа да жан кіргізіп ән салдырар.
Ақындар дейтін ғажайып халық тегінде,
Өз ескерткіштерін өлеңмен соғып қалдырар.
Тербеліп күнде тал бесігінде таланттың,
Қиялмен ұшар Ай, Жұлдыздарға самғап тым.
Тағдырдың ащы тозағын татып тұрса да,
Үмітін үзбей есігін қағар жәннаттың.
Сәбидей сенгіш, мейірімге толы жүрегі,
Айнымас достық - пәк махаббаттың тірегі.
Алланың ақын пендесі шығар сүйікті,
Мұз жүректерге шуағын шашар жыр елі.
Алтыннан артық көрінсін, мейлі, мырыштай,
Ойлары терең, сөздері алмас қылыштай.
Аждаһа ажал омақа асып бас ұрар,
Өр ақындарға қайраты болат құрыштай.
Көктемді дәйім құстармен бірге тойлайды,
Аспанды тіліп найзағай болып ойнайды.
Ақынның жыры мәңгілік дейміз, өйткені
Сезімнің сұлу әніне ешкім тоймайды!..
ПОЭЗИЯ ПАТШАСЫ
Шықпаса да өлеңнен жақсы атым,
Талабымның тұлпарын қамшыладым.
Жығылсам да күреске тоймас жандай,
Ақ жол тілеп бәйгіде бақ сынадым.
Әдемі өлең - әулием, сырласымдай,
Сұлудың сыңғырлаған сырғасындай.
Абай - өлең селдеткен ой тамшысын,
Ой тамшысы - ақ жауын тұр басылмай.
Құдіретті ұлы Абай - жан аңсарым,
Ақылыңды ойыңнан табар шағым.
Жалының жайлап қонып жүрегіме,
Жанымның түкпірінен жағар шамын.
О пірім, мен қалайша оянбаймын,
Жерігімдей жырыңа тоя алмаймын.
Жырыңның түкпіріне үңіліп кеп,
Өлеңді болмай отыр қояр жайым.
Намыс деп жаратылып нар кескенім,
Сен болмай, қараңғыда қалмас па елің!
Алтынның сынығындай жырым болса,
Аспанда бір жарқ етіп алмас па едім.
Қырық жылғы сынақтың шуылына,
Ілінген қатыгездік құрығына.
Оқ тигендей шыңғырып Шыңғыстау тұр,
Отыз екі омыртқа жұлыныңа.
Құнанбайдай қажының балапаның,
Қыран еткен Зеренің алақаның,
Қайдан іздеп табамын Тоғжан қыздың,
«Топайкөкті» шырқаған мақпал әнін?!
Уайымдап ұрпағын, қазақ қамын,
Армандаған алаштың ғажаптарын.
Ұлы ақынның жан-жары Әйгерімдей,
Шын бақыттың татқам жоқ ләззат дәмін.
Аңсап күткен не айтам жыр тыңдарға,
Ой қозғайтын өлеңде сиқыр бар ма.
Өзің айтқан ғибрат жетер ме екен,
Бас-басына би болған қиқымдарға.
Миым қатып жындана теңселемін,
Еңкеймесе екен деп еңселі елім.
Абай туған топырақ аман болса,
Өнерліге өріс кең тек сенерім!..
ҰЛЫ АБАЙ
Ақ қараны айтуға қалыс тұрған,
Бір ойын бір ойымен жарыстырған,
Қойнауы - құт, суы - сүт кең далама,
Гете, Байрон, Пушкинді таныстырған,
Құдіретті ұлы Абай - жыр тәңірім,
Сияр емес өлеңге ғарыш тұлғаң.
Торғай басты, тор көзді кер заманда,
Тарлық жасар қызғаншаққ кей жаманға.
Тағылым айтқан кемеңгер көсем едің,
Кеудесінде сәуле жоқ надандарға.
Мыңмен жалғыз алысқан қайран бабам,
Мейір, шафқат тіледің тек адамға.
Қазынаңды тұяғын бағалар ма,
Шырағыңды өшірмей жаға алар ма.
Жер шарында бар ақын жырласа да,
Саған лайық теңеуді таба алар ма.
Талғамы кемеңгердін таудан асып,
Арманы асқақ ойдың ағады алға.
Қойыны кең қоңыр дала сияқтанып,
Өтті Абай жыр мүсіндеп, күй ақтарып.
Өмір деп өксігенде өлеңімен
Ол өзін жырыменен жұбатты анық.
Еренім еңіреген ел алдында,
Сияқты келе жатқан шырақты алып.
Құдіретті данагөй - жыр тәңірім,
Тәңір - жырдың мен де бір ұрпағымын.
Түсініктің білемін ең биігін,
Кісіліктін білемін тұлпары кім.
Ұрпағыңа нұсқай бер тура жолды,
Уланбасын, солмасын гүл-тамырым!...
ЖЫР АБЫЗЫ ЖАМБЫЛҒА
Аспандап арман Құсым самғар жерім,
Армысың Алатаудай заңғар елім.
Қолдаса ұлы Жамбыл әруағы,
Тамылжып тұла бойым, тарҚар шерім.
Асаңды ұстар тұяғың болсам деп ем,
Жаңа туған айға ұқсап толсам деп ем.
Үзеңгісі үзбе алтын пырағыңның,
Үстіне бір сәт, шіркін, қонсам деп ем.
Жырыңа арттағы ұрпақ әлі де таң,
Әлдилеп келеді елді әрі батаң.
Жебей гөр өнер қуған перзентіңді,
Абызы айтыс - жырдың, әулие атам!
Үлгісі өнегелі өсиеттің,
Қадірлі ләйлі түндей қасиеттім.
Ақиық Алатаудың айбаттысы,
Алдында қазақ-қырғыз бас иетін.
Соғатын cap даладан бір қоңыр леп,
Қаққанда ой қоңырау - ол ірі деп.
Қазақтың қара шалын атады жұрт,
Жиырмасыншы ғасырдың Гомері деп.
Шабыттың ертіп тарлан, жолбарысын,
Мәңгілік ұлы жырау толғары шын.
Миллион ақының да аздық етер,
Ғажайып феноменді сомдау үшін.
Тарихтың бесігінде тербетіле,
Нұр шашып келешектің елбетіне.
Жасайды жыр абызы ұлы Жамбыл,
Қалғанша жалғыз қазақ жер бетінде!..
***
Өнерде өршеленген өмірімен,
Көмейдің от үрлеген көрігімен,
Қазақтың қара шанақ әуенімен,
Қамшыдай қайран жырдың өрімімен,
Сен не деген ғажапсың, Әулие атам,
Айтыс туын қазақтың төріне ілген.
Қара сөз қақса қанат кім ұқпаған,
Қол соққан дүр сілкініп тұрып ғалам.
Аттың жалы, түйенін қомында өсіп,
Халқының азап-шерін ұмытпаған.
Түсімде ұлы Бабам тауда тұрып,
Бетіңді тұр екенсің бұрып маған.
Ниетің ақ! - дедің сен, - Дұрыс мұның,
Көкірегіңнен кетірме Күн ыстығын.
Бірлігіңді іздесін, білек қосып,
Бір-біріне ден қойып, ұғыс бүгін.
Тәңірідей тәуелсіз күндеріңнің
Бұзып алып жүрмеңдер, тыныштығын!
БҰҚАР ЖЫРАУ
Бөбектей жұпар иіс жөргектегі,
Балауса жырларыңды тербеткелі.
Жас шақтан арман қуып кеттің бе екен,
Сиынып ақындарға жер-көктегі.
Арыған арғымақтай болма деген,
Қуарып бәйшешектей солма деген.
Есімде Бұқар жырау өлеңдері,
Түсерсің ажал жетсе орға деген.
Артында қалған мұра - қазынадан,
Естілер даналықтың сазы маған.
Зерттесе Мәшһүр Жүсіп, Мұхтар, Сәбит,
Жырыңды жатқа оқитын Қажым ағам.
Жебесі тастан өтер батыр елдің,
Ай нұрын ұстап мінген ақыны едің.
Алаштың қамын ойлап отқа түскен,
Ұлтымның қамқоршысы, жақыны едің.
Кәпірлер қала салып құрықтауда,
Қазағым, бермеші, - деп, - ырық жауға!
Араша сұрағансың шыр-шыр етіп,
Көкшетау, Есіл, Нұра, Ұлытауға.
Құлпырып гүлдеуі үшін пүліш өңір,
Қажет деп бейбітшілік, тыныш өмір.
Қантөгіс жасатпаған Абылайға,
Табанды төбе би ең құрыш көңіл.
«Сый-сипат бақшасында сайраңдаған,
Бірліктің жүзі жарқын жайраңдаған.
Бірін - жең, бірің - етек болғын!» - деген
Өсиет сөз қалдырған қайран бабам!
Бөлінсең бөрі жейтін сорың бар деп,
Ынтымақ ауылына қоныңдар деп.
Жар салып тұрғандайсың әлі күнге:
«Туғандай бір анадан болыңдар!» - деп...
ҰЛБИКЕ ТУРАЛЫ ЖЫР
Басатын атақ-даңқтың мөрін анық,
Деуші едім шын өнердің жолы жарық.
Қаскүнем күйеуіңді - ай!
Ән аққуын
Қалайша қиды ажалға қолы барып?!
Қыршыннан қияр деуге ауыз бармай,
Тұрса да сен кезіктің жауыз жарға - ай.
Халқының қарғысына ұшырапты ол,
Қызғалдақ үзілген соң қауыз жармай.
Атойлап зұлымдықтың азабына,
Көне алмай сұм тағдырдың мазағына.
Биіктен қарап бүгін тұрсың ба екен,
Өнердің жұлдызы боп қазағыма.
Наданнан қалай нұрлы сөз тарасын,
Өлең боп өрілді кіл көзқарасың.
Қиямет күн туғызды-ау қас талантқа,
Қызғаныш ушықтырып өз жарасын.
Өтті деп талай өрім тар кезеңде,
Аңыздар айтылып жүр әр кез елде.
Ағызды асау толқын қанша арманды,
Үркектеп қарап жүрмін мен де өзенге.
Әуелеп әсем әнің үдер еді,
Әзәзіл қол-аяқты шідерледі.
Асылды ардақтайтын елің болса,
Атыңды бүкіл әлем білер еді.
Есерлер қазір де жүр ісінгендей,
Шамасы жоқ болса да құс ілгендей.
Өзіңді ойыма алсам, Ұлбике ақын,
Боламын ащы өмірді түсінгендей...
ЖЫРДЫҢ ПІРІ – МАХАМБЕТ
Жырдың пірі - Махамбет,
Исатайды ағам деп,
Ақ кіреуке жағам деп,
Қозы жауырын, оқ сөзбен
Сұлтандарды шенедің,
Қараны ханға теңедің.
Тебіңгі теуіп келгенде,
Теңдік алам деп едің.
Сертіне берік тарланым,
Дана ойлы заңғарым.
Асыл бір туған тектім-ай,
Ақ Жайықтай арманың.
Оза шапқан өренім,
Бұрала біткен еменім,
Жез бұйдалы нар едің,
Теңдік сұрап зар едің
Семсер жырдың тойы едің,
Ақ сұңқар құстың сойы едің.
Нағыз намыс, шын арым,
Жайқала ұшқан қыраным,
Кіреуке киген киелім,
Көбе бұзған жыр-әнің.
Ұрпақтарыңөзіңе
Ұқсаса деп тұрамын!..
КЕНЕН АҚЫН РУХЫНА
Арттырып аққу жырмен салтанатын,
Қағатын періштедей ақ қанатын.
Ту қадап атақ-даңқтың асқарына,
Көтерген шырқау шыңға ақын атын.
Дат, Ата, алдиярлап жалынайын,
Жеп жатыр жүрегімді сары уайым.
Жеңілдеп қалар ма екем, құлақ түрші,
Армансыз ақ борандай аңырайын.
Қаланың шуын мен де сүймеп едім,
Киелі қамзолдағы түймең едім.
Лақтырды қатал тағдыр шыңырауға,
Өлеңнің арқасында күйремедім.
Өртеніп қара орманым - шаңырағым,
Айрылып бір жалғыздан аңырадым.
Құлаған бәйтеректің бүршіктері
Әулеттің көтере ме әруағын.
Жібек жал, қос құлыншақ құшағымда,
Білмеймін, құлаймын ба, ұшамын ба.
Қайғының тау толқыны соққылап тұр,
Қайратым жетер емес күш-ағынға.
Күндіз-түн көлегейлеп бұлт мұнары,
Көгімнің жанарына шық тұнады.
Көк кептер көкірегімнен қалай ұшпақ,
Қанбаған кәусар жырға бір құмары.
Орақ тіл сенде болды от қазатын,
Кеудеңде әнге толы жатты азат үн.
Шарама түсер ме екем, шерім тарқап,
Шабыттың сәл мінгізші ақ боз атын.
Барында бал немерем - өз ұраным,
Кетпейді кеудемдегі тозып әнім.
Кенеатам, рухыңмен желеп-жебеп,
Сүйегін қатайта гөр қозылардың.
Даламның сүріндірме тұлпарларын,
Құлатпа құрыш қанат сұңқарларын.
Туған жер төскейінде тауқыметсіз,
Көруге жазсын тәңір нұр таңдарын!..
МҰҚАҒАЛИ АҚЫНҒА
Аз болса да күндері күлімдеген,
Шымылдығы сенімнің түрілмеген.
Аяғынан шалса да қатал тағдыр,
Мұқағали жырлары сүрінбеген.
Туған жерін, Отаның сүйіп өткен,
Алатауға өр басын иіп өткен.
Хантәңірі шыңындай көкке өрлетіп,
Қара өлеңін қазақтың биіктеткен.
Ұлтымыздың өтсе де бағын тілеп,
Әділетсіз жандардан налып, жүдеп.
Қапияда мертіккен Құлагердей,
Тоқтап қалды-ау мезгілсіз жалын жүрек.
Қапаланып ұқпайтын надандарға,
Қайғы өртесе өзегін амал бар ма.
Қадіріне жетпеген тірісінде,
Қалай өкпе артпайын адамдарға.
Жасырмаймын сырым жоқ елден бүгер,
Жабырқасам алушы ем сенен жігер.
Талантыңа табынып тағы келдім,
Қасиетті рухыңмен жебеп жібер!..
ФАРИЗАНЫҢ ЖЫРЛАРЫ
Қазағымның бақ, дәулеті, ырысы,
Балдай жырдан қанар құлақ құрышы.
Үш жүз алпыс тамырыңды идірген,
Өнер алды - қызыл тіл ғой дұрысы.
Айтпаңыздар асырды деп аса тым,
Адалдықтың нұр шапағын шашатын.
Ақындар бар мың батпан жүк көтеріп,
Жүрек құлпын жыр кілтімен ашатын.
Тәңірінің нығыметіне сиынған,
Таңдайына киелі сөз жиылған.
Таңғажайып Фаризаның жырлары,
Терең ойды қиыстырар қиыннан.
Мойындатқан кәріні де, жасты да,
Мойындатқан досы түгіл қасты да.
Фаризаның шуағы мол жырлары
Жібітіп жүр қамшы үйірген тасты да.
Босағадан төрге оздырып өлеңді,
Елдің ыстық ықыласына бөленді.
Абай, Жамбыл жолын кқуып жыр жазған,
Ащы тердің қарымтасы төленді.
Атты арбап, атан жұтып тасқандар,
Арын сатып арнасынан асқандар.
Алдаспандай өткір жырмен түйрелді,
Ала қолдан алданып шоқ басқандар.
Шыншыл адам ешқашан да кішірмес,
Рухы мықты ұнжырғасын түсірмес.
Фаризаның жалын атқан жырлары
Қарлы аяздың бораныңда үсірмес.
Сал сезімнің сан алуан қырлары,
Мөлдіреген махаббаттың сырлары.
Туған жерді, тіл мен дінді сүюге
Баулып жатыр Фаризаның жырлары.
Майыспаған мұқатса да шерлі күн,
Махамбеттің жалғастырған ерлігін.
Жырларында сұр жебенің сұсы бар,
Жұрт мақтайды Фаризаның өрлігін.
Бүгіндері алты алашқа аты аңыз,
Мұңын шаққан Мұқағали ағамыз.
Жаның жеген сан сұрақтың жауабын
Фаризаның жырларынан табамыз.
Берілмеген қасіретке, күйікке,
О Жаратқан! Қайсар қызды иілтпе.
Фаризаның парасатты жырлары
Жас ұрпақты жетелесін биікке!..
ЖАЗУШЫ
(Н.Дәутаевқа)
Жас буынға өмір сырын үйретер,
Желбуаз бен желөкпеден жирентер.
Жазушы деп аталатын халық бар,
Жалғандықтың тас қамалын күйретер.
Өрге жүзіп өнерімен танылар,
Азбас ақыл шуағына малынар.
Ана тілдің мәртебесін өсір деп,
Субхана Алла, Жаратқанға жалынар.
Жинап-тернеп маржан сөздің сұлуын,
Жұпар шашқан суреттейтін қыр гүлін.
Жазушыдай дарқан жанды көрмедім,
Жұртқа берер жүрегінің жылуын.
Ұшқыр қалам жазбай қалай тоқтасын,
Ұмытады шабыт келсе отбасын.
Дос-жараннан, той-думаннан алыстап,
Киіп өтер жалғыздықтың ноқтасын.
Бұл фәнидің жалғандығын ән қылып,
Мезгіл - өзен аққанымен жаңғырып.
Хайдар Дулат, Абай, Жамбыл сияқты
Ұлылардың сөзі жасар мәңгілік!
Ей, оқушым! Дарын даңқсыз жүрмек пе,
Қызғаныштың қызыл шоғын үрлетпе.
Білім - алтын қазынаңды молайтар,
Таланттарды тірісінде құрметте!..
ШЫН ДОС
Іңкәр болып көсем сөзге
Ақындықпен түскен көзге.
Қызғалдақтай қатар өскен,
Құрбым бар ма сенен өзге.
Құттың қайда қонатының,
Туған айдай толатының.
Сен үйреттің жарға ұнайтын
Әйел қандай болатының.
Бұлақ даусы күлкісінде,
Періштедей нұр пішінде.
Сен көрсеттің жаны нәзік
Ана болу үлгісін де.
Тіршіліктің құбылмалы
Қатал заңын ұғынғалы.
Құшағыңнан қуаттапты,
Қайратымның тұғырлы әні.
Тайсам қисық бұралаңда,
Сүйеп жүрсің құлағанда.
Самал жел боп жасым сүрттің,
Қайғы жұтып жылағанда.
Жырдан тіккен қосым бар ма,
Шабыт маздар мосым бар ма.
Әлсіз өлең жазу-күнә,
Күләштай шын досым барда!..
ҚАЙЫРБЕККЕ
Артта қалды жастықтың бал айлары,
Егделікті байқатар самайлары.
Адал, аңғал балаша ақ көңілмен,
Болашаққа Қайырбек қарайды әлі.
Біледі жұрт, ағайын қадіріңді,
Төгіп жүрсің мейірім - жарығыңды.
Өлең туын көтеріп көш бастаған,
Күләшіндей сенің де жаның үлгі.
Ұлағатты отбасы бір өзінде,
Ұлылық бар момақан мінезіңде.
Жан-жарыңның ұсынған сұлу жыры,
Жүрегіңді бөлейді гүл сезімге.
Қарсы алдында қарттықтың құба белі,
Енді соқпас көктемнің жұпар желі.
Алпыс жастан асқан соң төрге озасың,
Аталардың атанып мұрагері.
Өрмелеткен кәрілік жартасына,
Шал болудан, Қайырбек, қорқасың ба?!
Қорықпашы...
Ертең-ақ жасарасың,
Шөберең мен шөпшектің ортасында!..
СЕНЕМ САҒАН
Хадишатай, хош келдің, қарлығашым,
Қуанышың жүзіңнен арылмасын.
Қайырбек пен Күләш тұр мәз-мейрам боп,
Қалай ғана жүрегім жарылмасын.
Алып ұшқан көңілі басылғанда,
Ақтаңдақ күн ұйқысын қашырғанда.
Шаршағаның ұмыттыр, Хадишажан,
Мойыныңа Күләштің асылғанда.
Тәтті сөздер төгіліп таңдайымнан,
Іңгәлаған үніңе жалғайын ән.
Тілеуінді тілеген бір әжең ем,
Сүйейінші иіскеп мандайыңнан.
Шаттық нұрын сепсе деп жүректерге,
Күттік сені күдікті ой жүдеткенде.
«Құт» сыйлаған халқына Күләшұа ұқсап,
«Күшті ақын бол!» жалғыз-ақ тілек менде!
Қызылорда, Таластың елі аңсаған,
Қалаулы қыз болар деп сенем саған.
Бәйдібектей бабаңның рухы қолдап,
Жеңіп шыққын кездессе белес алдан!..
ҚУАНТА БЕР, МАҚҰЛБЕК ТУҒАН ЕЛДІ
Ғазет деген жаңалық жанартауы,
Тіршіліктің жат оған самарқауы.
Аласарған арманды асқақтатып,
Үмітінді үздірмес жан арқауы.
Ғазет деген халықтың ар-намысы,
Ақиқаттың күресі, арпалысы.
Өмір бойы тілшіге табылмайды,
Сайрандауға уақыттың қалтарысы.
Қызыметі қашан да жолға ұласқан,
Оған қуә кең дала, мөлдір аспан.
Арып-ашып барғанда диқандардың
Ақ пейілі түнерген көңілді ашқан.
Жұрттан бұрын қарсы алып таңғы нұрды,
Тыным таппай өткізер сан дүбірді.
Табаныңан таусылып тізе бүкпес,
Тың хабарды ел білсін деп дәл бүгінгі.
Тебіренткен өлкені ән самалы,
Тұрған күтіп жұмыстар қаншама әлі.
Талай мәрте бәрі шын тау мен құмда,
Дәметкеннің дәмді асын аңсағаны.
Асау тағдыр еркіңе бағынған ба,
Атақоныс қызғалдақ тағынғанда.
Жан жүрегі еріксіз елжірейді,
Жуалының жуасын сағынғанда.
Алғыр ойдың домалар өрге тасы,
Алпыс деген жігіттің аға жасы.
Алтын айды адамға алып берер,
Даналықтың, ақылдың баламасы.
Қиындықтың қиратып теперішін,
Шарықтатып шабыттың көгершінін.
Қуанта бер, Мақұлбек, туған елді
Бағындырып өрелі өнер - шыңын!..
КЕУДЕМНЕН ҰШҚАН БОЗТОРҒАЙ
Балауса балғын шағымнан,
Халқымның қамын жеуші едім.
Өскенде туған еліме,
Боламын қамқор деуші едім.
Ақын боп тұлпар мінсем де,
Артымда құйрық, жалым жоқ.
Пердесін бұзар қылмыстың,
Шындыққа шашар малым жоқ.
Жолсыздық пенен жөнсіздік
Маңайды тегіс жайлады.
Күресер менде дәрмен жоқ,
Зығырым әбден қайнады.
Адасқандарды, Жаратқан,
Алып шық қырсық жолынан.
Алласыз шыбық сынбайды,
Айыңды туғыз оңынан.
Не үшін келдім өмірге,
Тауымды биік таппасам.
Несіне ақын атандым,
Дария судай ақпасам.
Киелі дарқан өлкенің
Көркейтсін өнер өңірін.
Кеудемнен ұшқан бозторғай
Көтерсін жұрттың көңілін!..
ТОЛҒАНЫС
Баяғыдан музаға сыр ашқан ем,
Өз әлімше жырыммен нұр шашқан ем.
Поэзия көгінің қос жұлдызы
Мен Фариза емеспін, Күләш та емен.
Соларға ұқсап отты өлең төге алмадым,
Және өнер күмбезін соға алмадым.
Қайдан табам...
Инемен құдық қазар
Қайран алтын уақыттың жоғалғаның?!
Қайдан табам күндерді қайырымсыз,
Қара жартас секілді дәйім үнсіз.
О тағдырым, оралтып берші маған,
Жас күнімді арманшыл, айы мұңсыз.
Жел өкпелі жылдарды жағалайын,
Текке өткен мезгілден ақы алайын.
Қадіріне өмірдің жету үшін,
Қас қағымдай сәтін де бағалайын.
Кімге қажет тірліктің бұлыңғыры,
Ақтарылсын ақынның шырын жыры.
Жұмыр жердін үстінде жүрген жандар,
Құрметтесін, сыйласын бірін бірі...
ӨЛЕҢ
Жатпаса да таңдайымнан бал тамып,
Жүрген жоқпын бос қиялға малданып.
Жыр - тұлпардың тізгініне жармастым,
Ақындықтың ауылына жалданып.
Қайнап тұрған ыстық қанды суытар,
Сиқырлы сөз ішінде бал, уы бар.
Сегіз қырлы, сексен сырлы сұлу жыр,
Тоқсан тоғыз толғатқанда туылар.
Тізе бүгіп, қол қусырып тұрмайтын,
Жалғандыққа әсте мойның бұрмайтын.
Бір ғажайып өлең жазсам деуші едім,
Озбырларды тұзақ құрып шырмайтын.
Жемқорлардың қабырғасын күйретер,
Өсекшіні көкпар етіп сүйретер.
Бір ғажайып өлең жазу - арманым,
Парақорға әділетті үйретер.
Сол сәт туса айтқызбаймын жайдақ ән,
Араздарды тату етем қайтадан.
Достығына сызат түскен бейбаққа,
Ынтымақтың қадір-күшін байқатам.
Бет-пердесін жұлып тастап аярдың,
Пасықтығын жер-жаһанға жаярмын.
Салтанатын асқақтатып шындықтың,
Содан кейін жыр жазуды қоярмын...
ӘЛІБЕК ӘМЗЕЕВКЕ
Қауырсының қатайтқан сан қанаттың,
Шапса қылыш, атса оғысың таланттың.
Ту тіксін деп туған жерге жарыста,
Тұлпарларды танып, баптап, жараттың.
Адалдықтың қуып арман елесін,
Дүниеге бой алдырмай келесің.
Бейнетіңнің зейнеті бар дегенге,
Білем,білем, жас балаша сенесің.
Қас батырдай бойың тіп-тік, сымбатты,
Құшағың құт достарыңа қымбатты.
Көкірегің нұрға толы болған соң,
Сандуғаш та саған әнін тыңдатты.
Балдағы алтын ақ берені өнердің,
Бос өтті деп жастық шағың сөгер кім.
Еткен еңбек желге зая кеткен жоқ,
Ел ағасы болып бүгін көгердің.
Жібітердей көн көңілдің берішін,
Жұлдызы ыстық сегіз қырлы серісің.
Қабағыңды шытпай жүрші, Әлібек,
Қаңтар мұзы шуағыңнан ерісін!..
АУЫЛ ТІЛШІСІ
(М. Исатайқызына)
Бағындырар белес көп қаншама әлі,
Бәйек болар ауылдың жанса бағы.
Мадақтайды ерлігін шопандардың,
Маңдай терін сүртетін таң шапағы.
Мінгеннен соң арғымақ от тұяқты,
Мәрт тұлғаның қайғысы жоқ сияқты.
Мағлұматтар жинаса сұхбаттасып,
Мұң-мұқтажы малшының көп сияқты.
Ақ бидаймен аймақты құндақтаған,
Адамдардың игі ісі қымбат саған.
Қиянат та шегесің кей сәттері,
Қорғаймын деп диқанды күн қақтаған.
Туған жердің қол бұлғар атырабы,
Жаңалықтар жазуға шақырады.
Содан ба екен Мейрамгүл ауыл жайлы,
Сүбелі ойдың қымызын сапырады.
Ұйқышылдың өресі өспейтінін,
Ұқыптыдан ырыс-құт көшпейтінін.
Ұтқыр сөзбен көкейге қондырады,
Ұны бардың ошағы өшпейтінін.
Сақтағандай көзінің карашығын,
Екпіндетсе эфирден дала жырын.
Ел алғысы бөлеп жүр абыройға,
Алтын бесік ауылдың жанашырын!
ЕЗУ ТАРТАР ЕЛУ ЖАСТА СЕЗІМ ГҮЛ
Өткен күнге ой жүгіртсек пайымдап,
Келмес көктен тер төгілмей дайын бақ.
Ерте түсті шаштары да Еленнің,
Туған жердің болашағын уайымдап.
Жан әлемі от пен судай көрікті,
Сендей болса, шіркін, барлық бөрікті.
Адалдықты бөлген кезде Жаратқан,
Үйіп-төгіп жалғыз саған беріпті.
Іштарлық қып біреулерді даттамай,
Ғұмыр кешкен ала жіпті аттамай.
Ай маңдайлы азаматсың нар тұлға,
Айтшы, Елен, қалай тұрам мақтамай.
Аласарып ұсақ-түйек сөзге ермей,
Қаламыңды қару еттің өзгермей.
Жанар таудай от шабытпен жүзге жет,
Кәрілікке тізгініңді тез бермей.
Бұлт басса да жолдарыңды жосылған,
Сен емессің қиындықтан тосылған.
Қызығамын сүйген жарың Зинаға,
Жігіттердің сұлтаныңа қосылған.
Езу тартар елу жаста сезім гүл,
Жұлдызынды жарқыратар кезің бұл.
Жаратқаннан тағы 50 жас сұраймыз,
Одан арғы жағын, Елен, өзің біл!..
КӨСЕМӘЛІ
Алты алашты ардақтап «пірім» дейсің,
Аман болсын киелі тілім дейсің.
«Батыр бала туғызған әке» десем,
Сәл жымиып сыпайы күлімдейсің.
Жарқыратып сезімнің таңғы нұрын,
Жан әлемі жеткізіп жаңғырығын.
Жазушы да атандың, Көсемәлі,
Туған елдің әспеттеп ән ғұмырын.
Қазақтардың танытып тектілігін,
Біз жетпеген биікке жетті ұлың.
Қаламын мен Олжасты көкке өрлетіп,
Бау-бақшаңа елу жас екті гүлін.
Ұлылардың ілесіп дүрмегіне,
Шын таланттар шат ғұмыр сүрмеді ме.
Жамбыл бабаң секілді жүзге жетіп,
Бөлене бер халықтың құрметіне!
ЖАНАШЫР
Халқым десе айдарынан жел есер,
Қайсарлығы Алатаумен теңесер.
Қоғалы көл құрағындай жайдары
Қарапайым, жұртпен жылы кеңесер.
Қажыр-қайрат бұрым болып өрілген,
Сөздің құны сүбелі іспен көрінген.
Ұлттық өнер жанашыры Күлімхан,
Орын алды өлеңімнің төрінен.
Бармағынан бал тамғанды демеген,
Қара бастың қамын мүлде жемеген.
Пәк жүрегін желкен етіп келеді,
Мәдени мол жиһаз артқан кемемен.
Жүк көтерген арқасына мың батпан,
Жолаушыдай шаршап кейде түн қатқан.
Жазираны етемін деп гүлстан,
Жастық шақтың бал дәуренің ұрлатқан.
Әйелдерді құрмет тұтпау - бүгін сын,
Паң дүние аяғыңа жығылсын.
Атан жілік, арқар мүйіз жігіттер,
Аналардың ұлылығын ұғынсын!
АЙША АҚЫН
Бір қолында - қаламы, бір қолында - қазаны,
Оңай емес білемін ақын әйел азабы.
Оқушысын қуантар табу үшін тың теңеу,
Ертелі-кеш инемен жыр құдығын қазады.
Бір қолында - қаламы, бір қолында - қазаны,
Оңай емес білемін ақын әйел азабы.
«Түн ұйқыңды төрт бөліп, бесігімді тербет», - деп,
Жыр перзенті шырқырап күнде алады мазаны.
Шабыттанған шағында өлең билеп санасын,
Ұмытады жан-жарын, әлдилеген баласын.
Падишадай әлемге ақыл көзбен қараса,
Әулиеге ұқсатып кейде тіпті қаласың.
Жазбай жүрсе қиналар айыпкердей жазалы,
Бір қолында - қаламы, бір қолында - қазаны,
Мың - миллион ойланып, толғатқанда оңаша,
Шапағатты, шуақты жыр туады ғажабы.
Аңсағанда кеудеден әдемі өлең ағылар,
Аптап ыстық сезіммен сүйіктісін сағынар.
Ақындарға ғашық боп мұңаю да ғанибет,
Махаббаттың маздаған шам-шырағы жағылар.
Алай-түлей боран боп буырқанар шағы бар,
Аласарса жабырқап күміс моншақ тағынар.
Айналайын, адамдар, мейіріммен қараңдар,
Өлең жазған әйелдің мандайының бағы бар!..
ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ ҒАЛИЯ
Ойыңды шарықтатар әр қияға,
Осындай қыз тілеймін бар ұяға.
Меркінің ең таңдаулы аруы ғой,
Бір өлең арнайыншы Ғалияға.
Жақсының нұры тасысын мақтамақпыз,
Қалайша ішке бүгіп сақтамақпыз.
Мейірім шуағына бөлеп жұртты,
Қарайды ақыл көзбен ақ тамақ қыз.
Биікке таласпайды жүрер төмен,
Еңбексіз бақытты өмір сүрер демен.
Мөлдіреп моп-момақан тұрса дағы,
Зердемен жан дүниеңді білер терең.
Тәңірден бұл жалғанда бар ма күшті,
Жасынан жек көреді жалған істі.
Қазақтың таңғажайып бір қызы ғой,
Алтыннан артық көрер ар-намысты.
Top тоқып, кесте тігіп отырады,
Дәмді аспен дастарханың толтырады.
Бір сырлы, сегіз қырлы жан бар десе.
Басқа емес көкейімде ол тұрады.
Бесіктен ұлттық салтты көргенімен,
Бекзаттық уыз сүттен, жөргегінен.
Ибалы, инабатты бал мінезің,
Жүректің орын алды ең төрінен...
ҚУАНДЫҚҚА
Балдай сөзді балқытып,
Көк сағымдай ойнатар.
Жүрегіңді шалқытып,
Сезіміңді тойлатар.
Шабыт құсы шарықтап,
Шыңырауға бойлатар.
Асыл таспен сапталған,
Алдаспан жыр қолында.
Арғымақтай бапталған,
Қас өнердің жолында.
Өлеңді ту ғып келесің,
Бағың әлде сорың ба?!
Бел ортадан асқан соң,
Би билеуден қаларсың.
Қарттықтың үзеңгісіне
Аяғыңды саларсың.
Өкінішпен өткенді
Есіңе тек аларсың.
Бірақ, бірақ ақынға
Жолай алмас кәрілік.
Айналар ол жалынға,
Жыр жазғанда сарылып.
Паң дүние бас иер,
Шаң-тозаңнан арылып...
ӘРІПТЕС ІНІМ
Қасиетті Құлан жері ғажап-ақ,
Қайғы - мұңнан жібереді тазалап.
Құшағынан шипа табар дертіне,
Қабырғасы қайысқан әр азамат.
Сейсен інім, ет жақының - елің бар,
Сондықтан да қаламыңның желі бар.
Отпен кіріп күлімен бір шыққан соң,
Омырауын ашып Отан сені ұғар.
Ауылдағы өнер қуған жігітсің,
Көп сырыңды сақтап ішке бүгіпсің.
Оңашада жанды тербер жыр жазып,
Өлеңнің де шыңына көз тігіпсің.
Аталы сөз татиды атан түйеге,
Қаламгерді халқы бекер сүйе ме.
Оқырманға тұщымды ойың жетпесе,
Құрметтей ме, арзанға бас ие ме?!
Өмір - өзен ақпай, сірә, тұрар ма,
Асуларға жетелейді ұлы арна.
Жазушы інім, мәртебеңді көтерсін
Қаламыңнан туған әрбір шығарма!
ҮШІНШІ БӨЛІМ
САРЫ УЫЗ САУМАЛ СЕЗІМ ЖЫР ТІЛІНДЕ
ҚАРИЯЛАР
Тәлтіректеп кәрілікпен қауышқан,
Қарт кісіні деме күшін тауысқан.
БуырҚанған теңіз еді бір кезде,
Қайраты оның жас толқынға ауысқан.
Құны түспес сынығындай алтынның,
Қариялар - мақтанышы халқымның.
Қашан көрсем әңгімелеп отырар,
Шежіресін ұлттық әдет-салтымның.
Кеуделері нұрға толы аталар,
Күндіктерін кір шалмаған апалар.
Ақылдарынды азық етсе ұрпағың,
Арман кілтін қиналмай-ақ таба алар.
Атанса да бір әулеттің тірегі,
Сәл нәрсеге жараланғыш жүрегі.
Қартайғанда дана әрі бала боп,
Кемпір-шалдар қызық дәурен сүреді.
Ақ сұңқардай ілетұғын каққызбай,
Ішкі ойыңды біліп тұрар айтқызбай.
Көз жұмғанша қорғаштайды ұл-қызын,
Тіршіліктің ащы дәмін татқызбай.
Елге арнаған жастық жалын шақтарын,
Жаны жомарт, мәуесі мол бақтарым.
Туған жердің қазынасы сендерсің,
Көкірегі алтын сандық қарттарым!..
ӘЖЕ
Арқан есіп, жіп иіріп қаласа,
Өрмек құрып тоқушы еді алаша,
Жібектей ғып жүнін түтіп берсең сен,
Беттен сүйіп қуанатын балаша.
Ағайынның текеметін басатын,
Ауылда одан шебер жан жоқ асатын.
Қол үздігін жоқ-жітікке таратып,
Ақ сұңқардай несібесін шашатын.
Еңбегімен ел көзіне еленген,
Екі жалған бақытына бөленген.
Таудай талап мұратына жетелеп,
Төккен тердің қарымтасы төленген.
Қошемет пен құрмет, атақ тапқанда,
Қайран әжем салынбаған мақтанға.
Қойдан жуас еске аламын мінезін,
Құрақ көрпе төрге төсеп жатқанда.
Парасаттың ұстап өткен тізінін,
Патшасындай көрінетін ізгінің.
Әулиедей әз тұтатын әр әулет,
Сол әжені сағынамыз біз бүгін.
Игі ісінің халық көрген пайдасын,
Асыл әжем,
Аяулы әжем, қайдасың?
Сырдың суы сирағынан келмейтін,
Селтең қаққан қыздарға не айтасың?!
ӘЖЕ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
(Қалқабаева Қантай Төреқұлқызына)
Қатты батты-ау ажалың,
Қайғымды қөайтіп жазамын.
Қасында жүріп сезбеппін,
Жалғыздықтың азабын.
Ойымды айтпай білетін,
Үйімнің жарық күні едің.
Жетелеп жүріп жеткізіп,
Тілеуімді тіледің.
Ырысым едің, кие едің,
Сүрінсем дәйім сүйедің.
Құрбан боп менің жолыма,
Өртенсем бірге күйетін.
Ертеңге үміт артатын,
Сол үшін күшін сарқатын.
Иіріп ұршық, ал кейде,
Күбірлеп тәспі тартатын.
Қамқоршы болған қауымға,
Ақылгөй қарт ең ауылда.
Дастарханың кең жайып,
Дос тұтатын жауын да.
Демеймін қайғың жоқ болды-ау,
Көйлегің бүтін көк болды-ау.
Қуанған шағың аздау боп,
Мұңайған кезің көп болды-ау.
Қадіріне жеттім бе,
Әлде қапа еттім бе.
Қызығын көрмей қызыңның,
Арманда, бәлкім, кетгін бе?!
Мейірім шуақ төгер ең,
Батаңмен дәйім көгерем.
Әжелеп бүгін іздейді,
Артында қалған шөберең.
Қара жер боп тұр хабаршың,
Сағыныш сазын апарсын.
Естісең құлын даусымды,
Бір аунап мүмкін жатарсың.
Сен барда қайғы жемедім,
Мынауың теріс демедің.
Әжетай, пәле-жаладан,
Рухыңмен қорғап жебегін!..
АНАМНЫҢ ӨСИЕТІ
-Тәкаппар болып тасынба,
Достарың жүрсін қасында.
Жақсылық жаса адамға,
- Деп еді анам жасымда.
Өссін деп еркін бауырым,
Кимеппін көйлек тәуірін.
Жеңілді беріп басқаға,
Көтердім жүктің ауырын.
Адалдық үшін жан салдым,
Алғыс пен бата қанша алдым.
Қайғырып өзім тұрсам да,
Қуантып елге ән салдым.
Аларымды әлі алмаппын,
Қиындау бір жол тандаппын.
Тілеуін тілеп өлеңнің,
Өзіме назар салмаппын.
Бақтың да оңай қонуы,
Гүлдің де тез-ақ солуы,
Мақсатым болды -
Ұлымның
Ұйқысы тыныш болуы.
Көтермей дауыс қаттырақ,
Еңбекпен жүрмін көпке ұнап.
Анамның тілін алғаннан,
Қор болған жерім жоқ бірақ.
***
Енді ешкім сипамайды бұрымымды,
Өзіңсіз өтіп жатыр күнім мұңды.
Аяулы асыл анам, кешіре гөр,
Жетпеген қадіріңе құлыныңды.
Шаттанып құшағында күлуші едім,
Медеу ғып көлеңкеңде жүруші едім.
Анашым, қуансам да, қайғырсам да,
Айтқызбай жан сырымды білуші едің.
Жастық қып өстім сенің иығыңды,
Тартқыздым талай рет күйігімді.
Анашым, көз жұмдың ба армандаумен,
Көрсем деп бармақтай бақ биігімді.
Қорғаған қарлығаштай балапаның,
Жаныма ыстық еді алақаның.
Өртеген өзегімді өкініштің,
Япырау, қалай жазам жарақатын?!
Өшірмей өзің жаққан шырағыңды,
Жүректен сағынғанда жыр ағылды.
Алдыңнан шығып дәйім жақсылығың,
Жұмақтан жазсын тәңір тұрағыңды!..
АНАШЫМ
Алабұртқан сезім құйып бойыма,
Анашымды түсіретін ойыма.
Ауылдағы көзін көрген жандардың,
Асылғым кеп тұрады ылғи мойныңа.
Жүрегіме бәрі ыстық солардың,
Жанарыма сағыныштан толар мұң.
Жаны дарқан анашыма ұқсаған,
Бақыт тілеп ұясына қонар күн.
Өлген адам қайтып келмес десе де,
Табаныңның ізі жатыр көшеде.
Жөргегімнен тазалыққа баулыған,
Сүтпен сіңген ізгі өнегең өше ме?!
Жарқын жүзбен кең құшағын ашатын
Жанарынан шапағат нұр шашатын.
Жарқыратып аспаныма анашым,
Жазып кеткен мәңгілікке өз атын.
Жүрегімді жұмарласа мұң -қайғы,
Ойдың лайы оңайлықпен тұнбайды.
Сол мезетте ақ дидарлы анам боп,
Алтын бесік ауылым қол бұлғайды...
АЛАТАУДЫҢ АҚИЫҒЫ
Күшті кісі - құттың көзі емес пе,
«Батыр жауда сыналады» демес пе.
Аты аңыз боп мәңгілікке жол тартты,
Айналғанмен өзі бүгін елеске.
Аждаһадай оқ шашқанда Батыстан,
Ұлы Отан соғысына қатысқан.
Жеңістен соң қара нардай көш бастап,
Егін егіп, малға пішен шабысқан.
Аскаров - ол!
Алғыс алған халықтан,
Қолдау тапқан Қонаевтай алыптан.
Аман шығып тозағынан түрменің,
Әруақты ер екенін танытқан.
Дос шаттанып, дұшпан ішін күйгізген,
Адасқанға шапағатын тигізген.
Адалдығын мойындатып әлемге,
Құзар шыңның басын жерге игізген.
Желтоқсанның жендеттерін шөгерген,
Қаһармансың батаменен көгерген.
Қайран ағам! Тірі болсаң қазір де,
Қалың елге шуағынды төгер ең.
Шан жуытпай耬 шаңырақты құлатпай, -Фатимаң түр мשлдірдгеᐽ бұػақтай.
Қиналғанда қолтығыңнан сүйеген,
ఔѾстары蒣 жүр 萶арғыраған шырақтай.
Айдың нұры, Һүн сәтлесі сөне ме,
Асау толқы䒽 арқандауға кө谽е Ҽе.
Алатауд䑋ң АқиыЛы Асқаров,
Алтో алашқа өмір жолын - өнег5!..
ЁАУЫР萖АННЫҲ( МоНОЛ萞ГЫ
ҚұралҰйды көздеп атып құлатқан,
Ат ֫стіндеဠкүн кешуді ұнరтқан.
аухы биік теԺті ел4ің тұяғы ем,
Басту алған ъаза, кӝусар бұлақтан.
Бақа/шаян, балық аулап көрмег☵н耬
БабаларыЬ жылан етЖн жемеген.
БорДАқылап ту еие耠Լен құ=ин қой
Қымыз, сүттен басқаны ас демеген.
Шақасынан шынықтырған мұз, қары,
Ұя болған қыранға шың-құздары.
Содан ба екен тұлпарға ұқсас ұлдары,
Қойдан момын қызғалдақтай қыздары.
Азаттықты аңсап түскен отқа да,
Адамдарға туған жердей жоқ пана.
Армандаған еркіндігін ежелден,
Арғымақтың сыймас басы ноқтаға.
Кулық, сұмдық, жауыздықтан жиренткен,
Қас дұшпанның қабырғасын күйреткен.
Бабаларым батырлықты, пәктікті,
Бесік жырдың әлдиімен үйреткен.
Көп болса да көлдің шортан, шабағы,
Әр ошаққа тартылар өз табағы.
Ұстараның отырғызды жүзіне,
Ұлы Отан соғысының сабағы.
Даққ түсірмей ата-баба даңқына,
Үлес қосқан қаһармандық салтына.
Басымды ием Қобыландыдай ұл туған,
Жолбарыс көз, жүрек жұтқан халқыма!
Ана тілмен қанға сіңген ару ән –
Адалдықтың қасиеті дарыған.
Ұзағына сүйіндірші, ұрпағым,
Ұлтымыздың уызынан жарыған!..
ӘБІШ – АБЫЗ, КЕМЕҢГЕР
Сан ғасырдың құрдым шөлін қандырған,
Сан ұрпақтың бақ жұлдызын жандырған.
Сарқытындай Гомер, Данте, Абайдың
Асыл сөзбен алтын сарай салдырған.
Ақыл-білім көшеттей боп тамырлап,
Даналықтың айдыныңда мамырлап.
Әдебиет мәртебесін көтерген,
Нұр тұлғасы таңғажайып сабырлы-ақ.
Құт көзіндей көрінетін қауымға,
Абыз келді, Әбіш келді ауылға!
Тәуелсіздік алса екен деп қазағым,
Төтеп берген талай боран, дауылға.
Қорған болған өзің түгіл көлеңкең,
Ауыр еңбек қарымтасы төленген.
Үркердей аз Сіз секілді жазушы,
Бүкіл әлем құрметіне бөленген.
Оңайлықпен иілмейді емендер,
Өнегелі өмірді өшер демеңдер
Кере қарыс маңдайының ырысы,
Қазақ үшін Әбіш - абыз, кемеңгер!..
КЛАРА ЖЕҢЕШЕМЕ
Жаралғандай ұлттың уыз салтынан,
Қия өтпеген үлкендердің алдынан.
Жас келіннің құтты болып аяғы,
Алғыс алған ағайыннан, халқынан.
Алға сүйреп асыл арман кемесі,
Артта қалды сан қиындық белесі.
Жас сәбидей жаның салып күткен соң,
Жүз жасады Айсәуледей енесі.
Қашан көрсең қарапайым, сыпайы,
Күлімсіреп сәлем берер ұдайы.
Бар әлемді талантына табынтқан,
Өзі - ұлы жазушының жұбайы.
Әдептілік ұялаған санасын,
Басқан жерін пейіш жасар анасың.
Тандай білген әдебиет жұлдызын,
Өрімдей жас кезіңнен-ақ данасың.
Ізгі мінез – махаббаттың тұғыры,
Екендігін дәлелдеген ғұмыры.
Кларадай жеңешеме әрқашан,
Шапағатын төге берсін күн нұры!..
ҚАЙРАТКЕР
(К. Аухадиевке)
Биік таудың қос шыңынан бата алған,
Тегеурінді, білгір басшы атанған.
Қайраткерсің қыл көпірлі тар шақта,
Шырғалаңнан шығар жолды таба алған.
Күрмеуі көп тіршілікпен күресіп,
Қыран құстай жүрегінен жыр есіп.
Асқаровты құтқардың сен жаладан,
Аждаһадай жендеттермен тіресіп.
Кеудесіне күннің нұрын жинаған,
Қара орманың жат табанға қимаған.
Алты алаштың ақиығы Асанбай:
«Батырым!» деп, «Бауырым!» деп сыйлаған.
Қазағымның жайлау еткен жағасын,
Қонаев та берген әділ бағасын.
Туған жердің тауқыметін арқалап,
Тасын өрге домалатқан данасың.
Алматыға арнап жастық жалынды,
Қаншама жұрт қара терге малынды.
Қысы-жазы тізе бүкпей еңбек қып,
Таңғажайып ғимараттар салынды.
Етегі гүл, төбесінде мұзы бар,
Алатауға бүкіл әлем қызығар.
Баурайында бой түзеген үйлерде,
Кеңес аға саусағының ізі бар.
Қайрат - күшін халқы үшін жұмсаған,
Қуанатын ажарланып туса ән.
Құдай оңдап бағы жансын жігіттің,
Рухы күшті ұстаздарына ұқсаған!..
СЫПАТАЙ БАТЫР ҰРПАҒЫ
Өктемдік пенен зұлымдықтарды көргенде,
Өкінішке толы өксіген өлең өргенде.
Қолынды созып құтқардың, аға, қаншама
Төбемнен қасқой қайғының құзы төнгенде.
Қайсарлық сіңген қаныңа батыр бабаңнан,
Қайырымды жансың титімтай кінә таға алман.
Тәкаппар тау кеп алдыңа басын исе де,
Алланың сүйген құлысын аспас сабаңнан.
Уақыт - қатал, әр күнің жайлы жаз емес,
Ауаның өзін демей ме кейде таза емес.
Бабаңның даңқын, намысын қорғап жүрсең де,
Қиянаттардан қиналған шағың аз емес.
Қас қырандардай заңғар көк жырын тыңдаған,
Қарт емендердей сан дауылдарда сынбаған.
Бар екен Сізде сүйекке сіңген батырлық,
Күшті ғып рухты қиындықтарға шыңдаған.
Адалдық үшін арыдым демес сөзі шын,
Ауырын жүктің көтерген нардың өзісін.
Абыройы асып алашқа түгел танылған,
Арыстан жүрек, әруақты ердің көзісің.
Ұқсайсың бүгін шипалы көлге жағалы,
Ұрпаққа үлгі істерін ізгі, бағалы.
Абызға балап ардақ тұтады Аспара,
Сыпатай батыр ұрпағы Дәбер ағаны.
МӘРТТІГІ МЕН ПӘКТІГІНЕ ТАБЫНТҚАН
Қуаныш пен қайғы кезек алмасып,
Өтті өмірі күн мен түндей жалғасып.
Сенуші еді келеріне көктемнің,
Жабырқатса жан сарайын қар басып.
Ақылды еді ойы дарқан даладай,
Адал еді жас нәресте баладай.
Қараушы еді шуақ шашып жанары,
Құрақ ұшқан қайырымды анадай.
«Халқым!» деген нар бәйтерек құлады,
Асқар тау да ағыл-тегіл жылады.
Аялаған алақаның аңсаған,
Аспарамның өксіп ақты бұлағы.
Сыпатайдай батыр бабам тұяғы,
Сырбаз еді-ау, бекзат еді-ау зиялы.
Бар қазақты құшағына сыйғызған,
Асыл жанды кім өлімге қияды.
Жетімсіреп жүдесе де даламыз,
Сағыныштан сарғайса да санамыз.
Мәрттігі мен пәктігіне табынтқан,
Жақсылардан өнегелі қалады із.
Дәбер аға! Сөнгенімен жұлдызың,
Көңлімізден кетпес мәңгі нұр жүзің.
«Алдың - пейіш, артың-кеніш болса екен!»
Деп тілейді ел және жарың, ұл-қызың...
АУҒАНДАҒЫ АСЫЛБЕКТІҢ МОНОЛОГЫ
Дос таппадық құшақ жайып қарсы алар,
Қайта бізге: «Кетіңдер!» деп жар салар.
Неге келдік, не іздейміз жат елден,
Айтыңдаршы Ауғанда өскен аршалар?!
Айлар бойы моншасыз тер сасып біз,
Кейде апталап қалмадық па азықсыз.
Ауған жерін қорғаймыз деп қаншама,
Жас жауынгер көзін жұмды жазықсыз.
Дұшмандар жоқ бетпе-бет кеп шайқасқан,
Жасырынып олар тауға жайғасқан.
Бақытты екен Қобыланды, Манастар,
Қас жауымен жекпе-жекте айқасқан.
Көрсетпейтін құрған ажал қақпаның,
Сездірмейтін өзі қайда жатқаның.
Елестетер зымиян жау кулығы
Бекежанның Төлегенді атқаның.
Әкем Асан, асқар тауым, панашым,
Өзіңді ойлап сарғаюда санам шын.
Шер көкірек болмаса екен уһілеп,
Шүберекке жаның түйіп бала үшін.
Аяулы анам пісірмеген жоқ асы,
Тілді үйірер қуырдағы, сорпасы.
Еске түссе шұрқырайды ішегім,
Қазы, қарта, қаймақ, айран, тоқашы.
Сүйіп өскен тау, тас, суын, гүлін де,
Домбыраның күмбірлеген үнін де.
Тұлпары едім мәпелеген Меркінің,
Тозақ көрдім Ауғанға кеп бүгінде.
Көзін ойып, аяқ-қолын балталап,
Кетсе тастап ап келеміз арқалап.
Ауған тауы - ақырзаман орнатар,
Ажал шашқан аждаһадай жар қабақ.
Бірақ хатқа жазғызбайды шындықты,
Айтқызбайды көрген сансыз сұмдықты.
Ең ауыры дұшман сойқан салғанда,
Ата алмаймыз рұқсатсыз мылтықты.
Біздің қанша ұшақтарды құлатты,
Қанша әскерді қапияда сұлатты.
«Атыс!» деген бұйрық күткен сәт сайын,
Жалған намыс жүрегімді жылатты.
«Соғыс өртін өршітуден ығыныз,
Кенес елі - гуманист ел, ұғыңыз.
Сондықтан да оқ атпайды бірінші!» -
Деген антты бұзуға жоқ құқымыз.
Қол байлаулы олар бізді атқанша,
Шыдау керек жанға азабы батқанша.
Бауырларым қыз болғанға қуандым,
Қоғадай боп жапырылып жатқанша.
Нәзипа әкпем және қарындастарым,
Ағайын жұрт, бірге оқыған достарым.
Обалымыз Ауғандағы апатқа,
Быт-шыт еткен іңкәр жүрек жоспарын.
Жиырма жастың жалын атқан шағында,
Махаббаттың балдай уыз бағында.
Алматыда институтта оқушы ем,
Ақ арманым айналғандай сағымға.
Жеңіс дәмін татсам дейтін күресіп,
Тәтті үміттер самал желдей тұр есіп.
Мерт болғанша мағынасыз майданда,
Кетсем, шіркін, ұшқан құсқа ілесіп.
Төрт түлігі өрісінде өретін,
Күн туса егер атажұртты көретін.
Бейбітшілік бесігінде тербелген,
Тіршілікті бағалаңдар дер едім.
Ал әзірге дұшман құзға тығылып,
Біз төменде жасырынып, бұғынып.
Күн кешеміз мысық-тышқан секілді,
Кейде тұрып, кейде құлап, жығылып.
Бұйрық келсе шын қуанып қаламыз,
Ашу, ыза буып ойран саламыз.
Құрбан болған жолдастардың кегі үшін,
Аямастан өшімізді аламыз.
Абыройсыз арам жұмыс сияқты,
Арыстардың адал қаны жиі ақты.
О алтын күн! Жаратқанға жеткізші,
Жегідей жер жауабы жоқ сұрақты.
Дос көрмедік құшақ жайып қарсы алар,
Қайта бізге: «Кетіңдер!» - деп жар салар
Не іздейміз, неге келдік жат жерге,
Айтыңдаршы Ауғанда өскен аршалар?!
Неге осынша мүсәпірміз, пақырмыз,
Неге өлгенше сақтамақпыз сабыр біз.
Heгe жүрміз кеудемізден итертіп,
Кімдер үшін отқа түсіп жатырмыз?!...
ҰЛБОСЫН АПАНЫҢ МІНӘЖАТЫ
Арқалаған перзент ең жұрт алғысын,
Ажал құштың Ауғанстан халқы үшін.
Айналайын, Асылбегім, ақ ботам,
Рухын пейіш қақ төрінде шалқысын!
Ел есінде сақталғанмен ерлігін,
Зар еңіреп қайғы жұтқан шерлімін.
Уыздай жас уылжыған ұлымды,
Уысына сұм ажалдың берді кім.
Тартып келем қан төгістің зардабын,
Тұнжырайды сені ойласам әр таным.
Қаһарманы атансаң да жат жердің,
Өкінішпен көз жұмдың ба, ардағым?!
Қара нардай көтеріп жүк ауырын,
Қаза болдың көріп соғыс дауылын.
Қабырғасы мың-миллион қайысты,
Сағынғанда сені аңсап бауырың.
Қызығынан айырылғандай бар әлем,
Күңгірттеніп бара жатты қарап ем.
Қиямет күн орнағандай кеудеме,
Қайдан табам жүректегі жарама ем.
Тобылғы caп қамшынды ұстап қолыңа,
Тоқпақ жалды тұлпар міндің жолыңа.
Тізгін бермес, тізе бүкпес, тарланым,
Қалай ғана түстің ажал торына.
Балдағы алтын құрыш болат семсерім,
Бұла өскен буыршыным, еңселім.
Безек қағып сене алмаймын қазір де,
Бақилық боп кеткеніңе мен сенің.
Неге өлім салды ерте құрығын,
Бір көруге зар боп қалдым тұлымын.
Тірі жүрсең 50-інді тойлар ек,
Туған күнің құтты болсын, құлыным!
Қаз-тырналар қиқу салған көктемде,
Құйып жаңбыр нөсерлетіп өткенде.
Бұл - анаңның көз жасы деп ұққайсың,
Кемсең қағып мұңын шаққан көк белге.
Сары уайым таусып суын сабырдың,
Сарғалдақпен жаптым үстін қабірдің.
Сегіз жұмақ қақпалары ашылып,
Шапағатын көрсін ұлым Тәңірдің.
Қайғырмасын маған ұқсап аналар,
Қыршыныңан қиылмасын балалар.
Құдіретті патшасына аспанның,
Ей, ақша бұлт!
Мінәжатымды ала бар!..
АҚ КӨҢІЛІ УЫЗ ҚАЛПЫН САҚТАҒАН
Отар деген оттан ыстық есімің,
Балдан тәтті мейірбанды сезімің.
Қуәсі деп артық көрем өзгеден,
Ең бақытты жастық, жалын кезімнің.
Балалықтың балын бірге татқан ек,
Студент шақ қызығына батқан ек.
Албырт мінез, еркелеген алты аққу
Есіңде ме бір бөлмеде жатқан ек.
Қызыл арай күн шапағы төксе нұр,
Қызғалдақтар құлпыруды көксеп жүр.
Қақпан құрып қыл өтпейтін достыққа,
Қатал тағдыр қаншамызды екшеп тұр.
Тіршіліктің толқындары таптаған,
Ақ көңілін, уыз қалпын сақтаған.
Қасқыры мол, түлкісі мол орман да,
Басын иіп пәк жаныңды мақтаған.
Қара көзі сырға толы, Отаркүл,
Көкірегі нұрға толы, Отаркүл.
Жақсылығын шықсын дәйім алдыннан,
Жас жүрегі жырға толы, Отаркүл.
Үлкен-кіші тағлым тұтып тұратын,
Ұлағатты ұстаз болу - мұратың.
Өмір шамың сөнбесін деп тілеймін,
Сұлу арман сән-салтанат құратын.
АСПАРА ҚЫЗЫ
Асығатын арайлы таңға нұрлы,
Аспараның қызы едің арманы үлгі.
Аңсайды іздеп Алматы, Меркі, Құлан,
Ақ сұңқардай аспанға самғар гүлді.
Назиражан, сені еске жиі аламыз,
Өлді деуге қалайша қия аламыз.
Тырнағыңа тұрмайтын кей жылпостың
Жүргеніне жер басып ұяламыз.
Өлді деуге әлі де сенбей жүрек,
Сарғайтты ғой сағыныш желдей үдеп.
Бара жатыр анаң мен бауырларың,
Құрғақшылық жайлаған жердей жүдеп.
Ішкі ойыңды айтқызбай ерекше ұғар,
Іргелі елдің перзенті зерек шығар.
Ырыс-құтқа бөлейтін айналасын,
Аллаға да жақсы адам керек шығар.
Қалды артында қызың мен киелі ісің,
Атажұртың, әз халқың - сүйенішің.
Бейнетіңнің зейнетін көре алмадың,
Соған қатты қайғырып күйеді ішім.
Ар-намысын ту еткен бал үмітке,
Алғыр едің берілмес шаң-күдікке.
Жатқан жерің жаннаттың төрі болсын,
Меркі елі ұмытпас мәңгілікке!
ЕРЖАННЫҢ АЛТЫН БАЛЫҒЫ
Тағдыр шыңдап төзімін алмас қылған,
Тау тұлғалар шығады әр ғасырдан.
Тірек болған шыңдыққа текті әкенің,
Жолын қуып өзіңсің жалғастырған.
Бақ-дәулетің өсуде қарқын алып,
Болашағың білемін жарқын анық.
Александр Пушкиннің жазғаныңдай,
Қармағына түсіпті алтын балық.
Арттыратын қайрат, күш, жігеріңді,
Орындайтын бар арман, тілегіңді.
Үйленіпсің Гүжанға Ержан інім,
Жадыратар жабықсаң жүрегіңді.
Сұм тағдырдың соққанда сұрапылы,
Құлаған жоқ махаббат мұраты ұлы.
Алып шықты жетектеп тозақ, оттан,
Асыл жардың сенімі, нұрлы ақылы.
Алғырлығын тұрған соң көзім көріп,
Арайланып жыр туды сезім өріп.
Абыройыңды асырар жақсы әйелді
Қателеспей таңдаудың өзі де ерлік!
Асқақтайтын биікке көңіл-қыран,
Ана әлдиі - ғажайып жақұт жыр - ән.
Шаңырақтың шаттығы, мәртебесі
Ұл мен қызың - ең қымбат бақыт, мұраң.
От пен суға түссең де ауық-ауық,
Құшағынан Гүлжанның шуақ тауып.
Тізгін ұстап топ жарып жүрсің бүгін,
Туған жердің төсінен қуат алып...
ҰРПАҚ ҮНІ
Азаттықты аңсап жаумен шайқасқан,
Ел қорғаған ерлігімен бағы асқан.
Жауғаш батыр халқы үшін қан кешіп,
Қалмақтармен, шүршіттермен айқасқан.
Алтындаған айшықты ту ұстаған,
Батыр баба!
Жеңісіңнен күш табам.
Абылайдай ұлы ханға елші боп,
Қытай барып бітім жолын нұсқаған.
Рухы биік жанға атар таң күліп,
Аласармас асыл тұлғаң мәңгілік.
Әбиірдей ұрпағыңның нәсілі ем,
Екі ғасыр кейін туған жаңғырып.
Тербетілген тал бесігі бал құндақ,
Түсінгенге атамекен - алтын тақ.
Жауғаш баба!
Таразыла, өтінем,
Атама айтар жан сырымды ал тыңдап.
Көкірегі тұнған дәйім - тәтті арман,
Үміт күткен ұлмын болашақтардан, -
Деп Әбиір атасына сиынып,
Бейсен-Әлі іштегі ойын ақтарған:
Әбиір ата!
Әруағың жар болсын!
Торғайдайын тозған ұрпақ нар болсын!
Тар кезенде тұтқа болар халыққа,
Тектілердің тұяқтары бар болсын!
Бұл жалғанда жоқ-жітіктен зарлы кім?
Кешір ата, кештеу ұқтым барлығын.
Баймыз демей, кедейміз деп мақтандық,
Аяқ-қолды матаған соң жарлы ұғым.
Тіршіліктің теперішін көп көрдім,
Шуағын да, дауылын да өткердім.
Бәлкім, сенің қаның шығар бойдағы,
Жалған сөйлеп, көлгірсуді жек көрдім.
Шау тартсам да сақал шығып иекке,
Дақ түсірмей аппақ, адал ниетке.
Жанталаса арапалысып келемін,
Қалмайды екен біткен мінез сүйекке.
Шыңдықты іздеп тапқан пайдам шамалы,
Сан қирады қайратымның қамалы.
Қанша мәрте сыздап, шаншып ауырды,
Сорлы жүрек көтере алмай жаланы.
Ал сен болсаң асқар шыңдай биік ең,
Асуыңнан асқан сайын сүйінем.
Өрісі кең,
Құрығы ұзын мәрт ердің,
Қолын кімдер қысқартты деп күйінем.
Ауыл-аймақ құрмет тұтқан,
Іздеген,
Қабылбек те сәлемін бір үзбеген.
Аққөз батыр ақылдасқан астыртын,
Жұмбақ бейне біздер үшін,
Сіз деген.
Ақ патшаға қарсы болған жанымен,
Сарбаздарға жәрдем берген малымен.
Голощекин алқымынан алғанда,
Қырғызға ауған жас баланың қамымен.
Маңдайына жазылғанға бағынып,
Қайғы-шердің түймелерін тағынып.
Бар арманы кетті ме екен ішінде,
Көз жұмғанда қайран елін сағынып.
Әлде бақыт бесігінде туды ма?
Әлде бетін бал бұлаққа жуды ма?
«Беларықты» Әбиірдің жері атап,
Сонықі дер қайнардағы суды да.
Сонықі дер мынау шоқы, төбені,
Шатастырсаң қариялар сөгеді.
Табаныңның ізі қалған сайларда,
Таңдай қағар шежіре сыр көп еді.
Жебеп мүмкін жүрген шығар сыртымнан,
Қысылғанда түсіме енер нұр тұлғаң.
Қорға, қолда, ұрпағыңа қуат бер,
Айналайын,
Бабаларым,
Рухыңнан!..
ЖЫР-ШАПАН
Етердей халқы үшін барын құрбан,
Жан-жағын мәрттігімен табындырған.
Кисін деп жарқыратып Ерсін інім,
Арнайы шапан тіктім жақұт жырдан.
Бос өтпей жас шақтағы алтын уақыт,
Жалғасты болашақпен толқын атып.
Ел-жұрттың алғысына бөленді ол,
Көше мен үйге жұлдыз жарқыратып.
Күткендей ұясына қоңыр күнді,
Оятып ұйқысынан қола түнді.
Көк-сары, қызыл-жасыл сәулесі бар,
Аспанға атқылатар болат гүлді.
Нұрлантып жап-жарық қып айналаны,
Шаттыққа толтырып жүр сай-саланы.
Тіршілік - күрес, жарыс болғандықтан,
Жүлдесін ұсынып түр бәйгі алаңы.
Жайдары, жүзі жылы, инабатты,
Желге ұшпас ісі мығым, тиянақты.
Жауырды жаба тоқып көрген емес,
Жек көрер арам пиғыл, қиянатты.
Тағдырдың кім қызықпас жұмбағына,
Үкілі үміт қолын бұлғады ма.
Кей кезде Ерсін маған көрінеді,
Бақыттың оранғандай құндағына.
Жақсы адам әрқашан да дос табады,
Қоғамға өз үлесін қоса алады.
Құрметті ұстаз - Гүлжан жары болса,
Луиза, Ербол - оның қос қанаты.
Бұл жалған төгіп шуақ, не дауылын,
Ұсынар кейде жеңіл, кейде ауырын.
Бұралан соқпағында тіршіліктің,
Жолдасын Қыдыр болсын, ей, бауырым
ҰЛЖАНҒА
Жас шағынан тазалықты сүйетін,
Санасызға жаны ауырып күйетін.
Ұлжан атты ұлағатты ұстаз ең,
Әділет пен шындыққа бас иетін.
Институтта ғылымға ауып аңсарың,
Сусап жұттың білімнің бал, кәусарын.
Самғатпады бірақ тағдыр биікке,
Қолды байлап сәбилерің, жан-жарын.
Қақпан құрған қиындыққа төтеп кіл,
Қияметтей қыл көпірден өтер кім.
Қабырғаңды қақыратып сөксе де,
Қайыспастан нардың жүгін көтердің.
Ұрпақ үшін тау-төзім боп жаралдың,
Үкілі үміт, арманыңнан нәр алдың.
Төрт құбылаң түгелденіп келеді,
Дегені рас: «Сабыр түбі - сары алтын».
Көрсетсем деп бау-бақшаңның жемісін,
Қара терге түстің қанша ел үшін.
Бейнетінен зейнет тапқан құрбым ең,
Еркелетсін енді өмір Сені шын!
Аспарада ақылды қыз атанған,
Алғыр жансын көптің көңлін таба алған.
Асыл келін дәл өзіндей көп емес,
Асанбай мен Фатимадан бата алған...
Арман - тауым түтілгенде жүндей боп,
Аспанымды арайлы еттің күндей боп.
Айналайын, жарқырай бер, жайнай бер,
Туған өлке төсіндегі гүлдей боп!..
ҒАЗЕТ
Өрістетіп жарысты,
Оятатын намысты.
Құдірет бар ғазетте,
Жақындатар ғарышты.
Қиял құсы самғайды,
Үмітіңді жалғайды.
Жайып салар алдыңа,
Әлемдегі мән-жайды.
Қаһарман ер халқының
Күрес толы әр күнін
Жазған сайын ғазеттен,
Естіледі жарқын үн.
Қарлығаштай сайрашы,
Қызғалдақтай жайнашы.
Жаңалықтың жаршысы,
Туған жердің айнасы!
СІҢЛІММЕН СЫРЛАСУ
(Н. Оспанбековаға)
Жалқау жанға, әкпе, халық сене ме,
Жыламаған балаға емшек бере ме.
Бағым жанар ерте тұрып, кеш жатсам,
Сүңгімеген інжу, маржан тере ме?!
Білімсізден береке, ырыс қашады,
Жомарт жүрек жұртқа шуақ шашады,-
Деп сыр шертті Тараздағы бір сіңлім,-
Тер төккенге бақыт есік ашады.
Тәуір айттың, айналайын Нұргүлім,
Қабыл алшы, ұсынайын жыр гүлін.
Бейнетіңнің зейнетін де көр, қалқам,
Ертелі-кеш таппай жүрсің бір тыным.
Ұлық болсаң - кішік ұста көңілді,
Қызған кезде соққан дұрыс темірді.
Қолыңменен от көсейтін шақ туса,
Ізгі істерің жеңілдетер өмірді.
Бұрынғыдан қалған сөздің нұсқасы,
Тірлікте әркім - өз бағының ұстасы.
Бейнетқордың май ағады ернінен,
Байлыққа еңбек жеткізеді, қысқасы.
АСЫЛ АҒАҒА
Қалжындасқан достарына наз артқан,
Қамқоршы боп жан әлемін тазартқан.
Қонақжай деп даңқы шыққан Дәуіттің,
Ғанибет қой туылғаны қазақтан.
Кішіпейіл, төре тәртіп, сыпайы,
Көмектесер өтінгенге ұдайы.
Абылайхан бабасына ұқсайды,
Ақсүйекке тән бекзаттық шырайы.
Алауына жастық шақтың өртеніп,
Әйеліне жасап кейде еркелік.
Жалпақсаздан шыққан тұңғыш дәрігер,
Ғылым қуып ғалым болды тер төгіп.
Өмір-өзен аққан суын бөгемес,
Өткен күннің құның ешкім өтемес.
Сексен мыңдай Меркімізде халық бар,
Бірақ Сіздей асыл аға көп емес.
Алатаудай парасаттыңбиігі,
Қартайдым деп отырған жоқ бұйығы.
Аудан үшін отқа түсіп әлі де,
Жұрттың жүгін көтеріп тұр иығы.
Махаббаттың тұғыры етіп дос әнін,
Жарты ғасыр жаққан бақыт ошағын.
Жасартатын не бердіңіз, жеңеше,
Жетпісінде жап-жас боп тұр қосағың?!..
ӘЙЕЛ, АНА, ДӘРІГЕР
(Р. Қайрақбаеваға)
Атқан таңның арайынан нәр алған,
Жанарынан шапағат, нұр таралған.
Гүлдей нәзік, инабатты, ибалы,
Тұла бойы сұлулықтан жаралған.
Сәмбі талдай қыпша белі бұралып,
Сымбат көркі ақындарға жыр анық.
Судан таза, сүттен аппақ арулар
Серттен таймай уәдесінде тұрар нық.
Ашу - зілі сыртқа шашау шықпаған,
Адалдықтың ақ отауын жықпаған.
Әйелдер бар тәуекелшіл, тәубашыл,
Қиындықтың қаһарынан ықпаған.
Ауыздықтап науқас дертін шөгерген,
Сарсаң болған пәс үмітке от берген.
Раймондадай дәрігерге сүйсінем,
Иығына нардың жүгін көтерген.
Төккен тері алғыс болып ағылар,
Ізгі еңбектен бақыт шамы жағылар.
Әрі басшы, әрі емші, әрі ана,
Депутаттық қызыметі тағы бар.
Жүрегінің тауып іңкәр, қалауын,
Желбіреткен махаббаттың жалауын.
От құшағы пейішке тең әйелдер,
Он сегіздің мәңгі өшірмес алауын!..
АППАҚ ШАШ
Ақыл болып қонатын ер кісіге,
Аппақ шашың даналық белгісі ме.
Алмағайып күнді әлде кештің бе екен,
Араласып ертерек ел ісіне.
От жүректі кірлетіп суындырса,
Ақша жүзді мұң жаспен жуындырса.
Көріп тұрып қалай шаш ағармасын,
Адалдықты алқымдап буындырса.
Сәйгүліктің арқасын жауыр қылса,
Дұшпаныңды туысың бауыр қылса.
Көріп тұрып қалай шаш ағармасын,
Тіршілікті тозақтай ауыр қылса.
Бұзылмаған қаймағы жұрттан ұққан,
Асыл сөздің жалауын бар ма жыққан.
Аппақ шашың, мен білсем, Өмірбекжан,
Пәк сезім ғой ағарып сыртқа шыққан.
Сын сағатта арқалап нардын жүгін,
Сан қамалды, асуды алдың бүгін.
Сүбелі ауыл халқының жырға қостым,
Салтанатпен ұсынған алғыс гүлін!
ҚҰТТЫҢ ҚОНАР ТҰҒЫРЫ
Абыройы артып ізгі ісімен,
Араздасып көрмеген бір кісімен.
Қанатбайдай қариясы бар үйді,
Құттың қонар тұғыры деп түсінем.
Дүниеге келгеніңде шыр етіп,
Айналанды шұғылалы нұр етіп.
Анаң саған мейірімді, иманды
Жан байлығын берді ме, аға, мұра етіп.
Мұнар күнде мұз жастанған асқақ ән,
Мәртебесін түсінер ме басқа жан.
Жерді ойып жіберердей кердеңдеп,
Жүргеніңді көргеміз жоқ ешқашан.
Зұлмат жылдың тізгініне жармаспай,
Ақиқатқа суарылған алмастай.
Аман жеткен ашаршылық - тозақтан,
Бабалардың рухы сіңген марқасқа – ай
Сабақ берсе Сіз секілді мұғалім,
Сергелдеңге түсіп неге бұғамын.
Сағымдай боп құбылса да тағдырым,
Жыр семсері сынбайтының ұғамын
Жауап таппай тірліктің сан сұрағы,
Тарқамаса шер кеудемнің мұңы әлі.
Қаратаудай қадірлі аға Қанатбай,
Өзіңізге ұқсағым кеп тұрады...
ТҰЛПАРЛАРДЫҢ ТҰЯҒЫ
Жанарынан ізгіліктің желі ескен,
Жылы жүрек, көркем мінез тең өскен.
Атасынан асып туған перзент деп,
Ауыл-аймақ ақылдасып кеңескен.
Елде елу, қырда қырық досы бар,
Ер жігіттің бағына бақ қосылар.
Үлгі тұтар үрім-бұтақ, ұрпағы,
Үзеңгісі үзілмейтін көші бар.
Маңдай термен тапқан ырыс жоғалмас,
Мейірімнің күмбезін ез соға алмас.
Ақиқаттың айбарындай жарқырар,
Аты мәшһүр әке соққан ақ алмас.
Арамзаның тас қамалын күйреткен,
Арғымақ па ең алтын шылбыр сүйреткен.
Шарға ұстаған семсерісің анаңның,
Шөже баулып сұңқарлыққа үйреткен.
Жүрегімді қасіретті күй күрмеп,
Жазирамда қалған кезде гүл сиреп.
Есеңгіреп жүрген шақта, Маратжан
Естен кетпес көрсеттің сен сый-құрмет.
Жанған отқа жаңқа тастау қиын ба,
Жылпостар бар көзін тастар тиынға.
Саған тартсын тегі асыл азамат,
Арқалайтын жұрт алғысын жиында.
Теке тірес, қысыр күрес күбірі,
Тізе бүгер қопарылып түбірі.
Туған жердің төскейінен естілсе,
Тұлпарлардың тұяғының дүбірі...
ҚОС ҰСТАЗ
Тоғысқандай Ай мен Үркер аспанда,
Махаббаты арқау болған дастанға.
Отау тікті қос мұғалім Құланда,
Арман таңы арайлап нұр шашқанда.
Серт пен сенім сеңгір тауды қозғайды,
Қас тұлпарлар қалайынша озбайды.
Пәк сезімі Гүлсара мен Нұрбектің
Саф алтындай ескірмейді, тозбайды.
Гүл өспейді сортаң жерге еккенмен,
Бақ жанады маңдай терді төккеннен.
Төрт перзенттің ата-анасы атанды,
Айнымас дәл шуағы мол көктемнен.
Ел деп соққан мейірімді жүрегі,
Екі жастың мұраты да бір еді.
Ұясынан ұшқанымен үш аққу,
Ұлы Айбек - шаңырақтың тірегі.
Дәмира, Алма,Аружанды аялап,
Дәниясы болды бүгін саябақ.
Қос ұстазға бас иіп тұр Қаратау,
Қошемет пен шаттық өмір даярлап!..
СҰЛУ ҚЫЗ
Қастарың қарлығаштың қанатындай,
Жанарың жұлдызға ұқсап жанатындай.
Аспаннан ай түскендей таңырқаймын,
Көркің бар көрген ләззат алатындай.
Қалайша жан сырымды бүгіп қалам,
Қызығып қарайтындай бүкіл ғалам.
Анаңнан сені туған айналайын,
Емізген сұлулықтың сүтін саған.
Аруды қайсарлыққа үгіттердей,
Айдайсың мерседесті жігіттердей.
Билесе сыған қызы жолда қалар,
Уатып жас жүректі үгітердей.
Бояуға тіл бітіріп ән салдырған,
Суретші әрі аспаз тамсандарған.
Сұлулық тәжін, Айжан, алдың ба екен,
Айша ақын шабыттанып жазған жырдан.
Шаттанған бақыт таңы атқаныңа,
Шарапат, шуақ шашып жатқаныңа.
Шоқтығы биік болсын сұлу қыздың,
Айналған Таразымның мақтаныңа.
БЕКЖІГІТ
Парасаттың жаралғандай аулынан,
Перзенттерін бекзаттыққа баулыған.
Бөкен қабақ, бұрыл шашты Бекжігіт,
Айша ақынға шабыт берген тау тұлғаң.
Жүректерің күн көзіндей шуақты,
Жанартаудай сезімдерің қуатты.
Жарты ғасыр қол ұстасып келесің,
Бірің - Қозы, бірің - Баян сияқты.
Ашуланса артық сөзге бармаған,
Арнасынан аспас сендей бар ма жан?!
Бар ғұмырын махаббатқа қорған боп,
Тараз жерін көркейтуге арнаған.
Мақтан етер мағыналы тірлігін,
Үнсіз ұғып толықтырар бір-бірін.
Үлгі болған ағайынға, ел-жұртқа,
Туа берсін қос жұбайға нұрлы күн!..
ӘНШІ БҮРКІТ
Алтын баулы бесікке сап тербеткен,
Ақ сүт беріп әлпештеген, ерке еткен.
Ар-намысқа, адалдыққа баулыған,
Ана әлдиі жұпар иіс жөргектен.
Жан тамырын солқылдатып сәнімен,
Делебеңді қоздыратын әнімен.
Серілердің сарқыты ма ең, Бүркітжан,
Сұлу саздың бүршік жарған дәнінен.
Қоғалы көл құрағындай жайдары,
Қоңыр әуен жел ескендей айдарын.
Қиялымды қырық саққа жүгіртті,
Қуанышқа бөлеп қымбат ғауһар үн.
Қызғалдақтай қол бұлғаған қыраттан,
Сыбызғылы сыр іздейсің жырақтан.
Шие қызыл ерініңнен төгілген,
Шырын даусың кетер емес құлақтан.
Шуақ шашса қаңтардағы ызғарға,
Әсем әнге ерімейтін мұз бар ма.
Уылжыған тәтті сезім құшағы,
Жұлдыздардан алқа тағар қыздарға.
Жез топшылы қаршыға үнің қалықтай,
Жүрек қылын шерте берер жалықпай.
Жарғақ құлақ жастық көрмес, сірә да,
Жер жаһанға қазақ ұлтын танытпай!..
«ЕРКЕ СЫЛҚЫМ» КҮЙІ
Алтын алқа тағып түнде ой кешкен,
Ару қыздай жұлдыздармен сөйлескен.
Қызыр шалған қара шанақ домбыра,
Мәртебесі мерекеде, тойда өскен.
Жойқын күші жолбарыстан қайратты,
Асқар шыңы Алатаудан айбатты.
Кейде жалын, кейде дауыл, кейде мұз,
Пернелері сан бұлбұлды сайратты.
Көлдей толқып, тебіреніп теңіздей,
Тойдырады жал мен жая жегізбей.
Тарихымды жер-жаһанға паш етер,
Қазағыммен бірге туған егіздей.
Іңкәр үнмен құмарларын қандырып,
Ғашықтарды естерінен тандырып.
«Ерке сылқым» оятады таң сайын,
Мұз жүректі елжіретіп, жандырып.
Қартаймайтын, үздікпейтін ізгілік –
«Ерке сылқым» - қасиетті қыз қылық.
Таңғажайып бір құдірет бар сенде,
Көңлі шалқып, көктем болар күз күліп.
«Ерке сылқым» - бал сезімнің пәктігі,
«Ерке сылқым» - махаббаттың ақ гүлі.
Аққуды әкеп домбыраға қондырған,
Күйші адамның ұлылығы, шаттығы!..
САЗГЕР
Саф өнерге деген іңкәр құмарлық,
Сұлу сазды көкірегіне тұмар ғып.
Сүтпен енген қасиеті Дүйсеннің
Қазақ жырын қастерлеп жүр ұран ғып.
Домбыраға қосылып ән салады,
Тәтті әуенмен жұртты баурап алады.
Арнасынан асып-тасып шулаған,
Асау толқын ұйып тыңдап қалады.
Асыр салып балдай үміт бұлағы,
Асау сезім сән-салтанат құрады.
Аспандағы Ай мен Күн де сол мезет,
Аттың басын сұлу үнге бұрады.
Көктем мен жаз салып жарқын көңілге із,
Бақшасына жетті бүгін қоңыр күз.
Оза шауып бағы жанған тұлпардың,
О Жаратқан, ете көрме жолын мұз.
Арман гүлің ешқашан да солмасын,
Алла дәйім ізгі ісіңді қолдасын.
Бабалардың батасында кие бар,
Жорытқанда Қыдыр болсын жолдасың.
Жақсы жансың отырғам жоқ сөзді аяп,
Жүргеніңді көрген емен көз бояп.
Өнер туын желбіретіп жүзге жет,
Деп жырымды аяқтайын созбай-ақ!..
ЖАСТАР
Күн күлімдеп мәңгі бақи нұр шашқан,
Қуә болып тарихыма тұр аспан.
Келеді өсіп болашақтың жастары,
Жауқазындай жазғытұрым бұр ашқан.
Өткен күндер шежіресі - жыр, аңыз,
Сақалы аппақ аталардан сұраңыз.
Болашақтың жастарына аманат –
Бабалардан қалған ұлттық мұрамыз.
Қожалық қып мынау қоғам, өмірге,
Таңғажайып шаһар салар өңірге.
Қайырымды өрен көрсем қуанам,
Қуат берер қобалжыған көңілге.
Желдей ескен мезгіл мойның бұрмақ па,
Жаңа ескірер, тозбай, сірә, тұрмақ па.
Өзен кері ақпайтының түсінсең,
Орныңды бер ойы озық ұрпаққа.
Солар шығар заңғар биік тауларға,
Солар барар біз көрмеген бауларға.
Себебі олар - сарбаздары Отанның,
Жарты сүйем жер басқызбас жауларға.
Туған жерін, ана тілін сүйетін,
Қасиетті Құранға бас иетін.
Құрметтеймін, қызығамын жастарға,
Әже ақылын жүрегіне түйетін!..
ӘЙЕЛ
Сүп-сүйкімді монтиған жүзі еліктей,
Жан шуағың тұра ма мұзды ерітпей.
Ілиястың бақыты сенсің Сәуле,
Қонақтарын күтетін тізе бүкпей.
Заңғар тау мен жазира далам сенген,
Қызғалдақтай тербелген самал желмен.
Мейірімнің саумалын сапырасын,
Жұпар иіс жөргектен санаңа енген.
Әлпештеген адалдық аралында,
Ұлттың уыз сүтінен нәр алдың ба.
Парасаттың кәусарын сусын еткен,
Пейілінен қазақтың жаралдың ба.
Шарықтатып қиялды шалқытатын,
Қанат беріп биікке қалқытатын.
Дастарханның мәзірін үйіп-төгіп,
Қара тастың өзін де балқытатын.
Асыл текті әйелді ханша деймін,
Артқы толқын өнеге алса деймін.
Тереңдігі теңіздей келіндердің
Бақ жұлдызы әрқашан жанса деймін!
ЖЕҢЕШЕМ
Келдім демей таңғажайып шаһардан,
Кемпір-шалға сәлем беріп бата алған.
Кіршігі жоқ әппақ көйлек киіп ап,
Кермиықты кербез келін атанған.
Жарқыраған маржан тісі тізіліп,
Жауап берер сұрағыңа сызылып.
Жеңешеме бармағынан бал тамған,
Жұрт қарайды ауылымда қызығып.
Сүтпен енген ибалықтан нәр алған,
Жанарынан шапағат нұр таралған.
Ар-намысты биік қояр бәрінен,
Арулар бар махаббатқа жаралған.
Ақша маңдай уызынан жарыған,
Адалдықты бесігінен таныған.
Тәкаппарлық тек қыздарға жарасар,
Тектілігі Хауа анадан дарыған.
Қиялдаған арманыңды болдырар,
Құшағынды сәбилерге толтырар.
Асыл жарың отауынды жұмақ қып,
Астына тақ, басына бақ қондырар.
Шаңыраққа шаттық гүлін сыйлаған,
Сұлулықты тал бойына жинаған.
Әйелдердің мұңайғаның көрсем мен,
Жерге кірер тесік таппай қиналам...
ҒАЛЫМ ҚЫЗ
(Г. Омароваға)
Шәкірт кезден білімге құштар едің,
Шоғын көсеп қолыңмен ұстар едің.
Шу дегеннен дәрігер болсам деген,
Шырқап жүрсің арманның күшті әуенін.
Қамын ойлап жүрместен қара бастың,
Ем жасауға жасыңнан араластың.
Бөпелерге толсын деп әр жанұя,
Бедеулікпен күресіп жанталастың.
Жоғалғанда жүректен қарлы күдік,
Төгіледі жанардан жаңбырлы үміт.
Іңгәласа перзенттің періште үні -
Қарсы алғаны арайлы таңды күліп.
Арнасынан шаттық ән аса алғанда,
Ана көңлі аптығын баса алған ба.
Тұңғыш рет сәбиін сен ұстайсың,
Кіндік кесер рәсімі жасалғанда.
Арманыңның жайқалтып жасыл бағын,
Астың ғажап ғылымның асуларын.
Қорғағанда Гүлжаһан докторлығын,
Халқы шашты қуаныш шашуларын.
Қастерлеген бесікті мұрадайын,
Тәңіріден шапағат сұрардәйім.
Алматының жартысын босандырған,
Мақтан етем Меркінің құралайын.
КҮЙЕУ БАЛА
Сарыарқаның самалы ма ең,
Саф алтындай бағалы ма ең!
Отау тіккен ірге құрап,
Махаббаттың қамалы ма ең?!
Маңдайына нұр құйылып,
Таңдайына жыр үйіліп.
Қызғалдағы Аспараның
Бейбіт,
Саған тұр бұйырып.
Айналайын күйеу бала,
Айманға бол сүйеу, пана.
Қайынжұрттың айтар сөзі –
Сендерге бақ тілеу ғана.
Мұң көрмейік қабағынан,
Нан кетпесін табағынан.
Махаббаттың раушан гүлі
Үзілмесін сабағынан.
Сезімдерің пәк болсыншы,
Жүректерің шат болсыншы.
Қол ұстасқан қос ғашыққа,
Алла дәйім жақ болсыншы!
АЙЗАДА
Бақ құшағын жайса да,
Кейде ырысы тайса да.
Бір қалыптан айнымас,
Асыл туған Айзада.
Нұр шашып жан әлемі,
Күлгені де әдемі.
Кер маралдай керіліп,
Жүргені де әдемі.
Сүйеніші жарының,
Тіреніші нарының.
Алты алашты бөлмейді,
Тілеушісі бәрінің.
Аққу мойын қайың нақ,
Ақыл көзбен пайымдап.
Қыдыр қонақ шақырар,
Дәмді тағам дайындап.
Даладай кең жазықтық,
Қояр алтын қазық қып.
Бас идірер әлемге,
Әйелге тән нәзіктік...
НӘЗІКЖАН
Қашан да жұртқа жылы өңің,
Күлімдеп тұрар іреңің.
Қызғалтаққа ұқсап майысып,
Соғады нәзік жүрегін.
Адалдық көрсе - көңіл мәз,
Жаныңа орнар жасыл жаз.
Ауырып кейде тұрса да,
Айтады елге әзіл, наз.
Сүрініп барып тік тұрып,
Кетудің өзі - мықтылық.
Тірліктің жәннат екенін
Келесің, Зуһра, ұқтырып.
Жығылсаң берер қол ұшын,
Құрметтер сені сол үшін.
Ұлың мен жарың еркелер –
Махаббат, мейір молы үшін...
АҚЖОЛТАЙЫ АУЛЫМНЫҢ
Жазар дәйім сырқат-дертті меңдеген,
Жалпақсаздың барша жұртын емдеген.
Қанайлардың келінісің қадірлі,
Қамшы үйірген қыңыр сөзге сенбеген.
Жүрегінің ашып тастап түндігін,
Бақыт табар қуандырса кімді-кім.
Шаңырақтарды шат күлкіге толтырып,
Кестің талай перзенттердің кіндігін.
Мейлі мамыр, мейлі боран ақпанда,
Кейде тіпті шырт ұйқыда жатқанда.
Құрақ ұшып жүгіресің науқасқа,
Қам көңіл боп, қайғы-мұңға батқанда.
Шипа қолды, білгір емші атанып,
Көпшіліктен жүрсің алғыс, бата алып.
Қайырымды қазағымның пейілі
Нұр жүзіңнен көрініп тұр ап-анық.
Алатаудың шыршасындай самсаған,
Арманың көп білем, Рая, аңсаған.
Ардақ тұтқан ақжолтайы аулымның,
Алла бағыңды ашсын деймін мен саған!....
НҰРШАҒА
Мінезіңде кендігі бар даламның,
Ең сүйікті келінісің анамның.
Сұлулығы саған жетпес, Нұршажан,
Жиса дағы барша гүлін ғаламның.
Махаббаттан арайланып нұр-өңің,
Тамырыңды терең жайып түледің.
Өзің еккен қызылшаңдай көгеріп,
Бақыт тапты Жалпақсаздан жүрегің.
Қонақжайлық өнегенді түйінгем,
Қаттама нан, жентіңді жеп сүйінгем.
Әсте есімнен шыққан емес, жеңеше,
Бал қымызың таңдайымды үйірген.
Игі ісіңмен үлкендерден бата алдың,
Үмітті ақтап, көңіл кілтін таба алдың.
Он перзентті бесігінде тербетіп,
Ауылымда «Батыр ана» атандың.
Парасатты ойларыңмен от өрген,
Асыл жансын нардың жүгін көтерген.
Қалт-құлт еткен өлеңіме, шіркін-ай,
Қайратыңның шуағын сәл төгер ме ең?!
Сонда, бәлкім, ғажайып жыр туылар,
Көгімдегі қайғы бұлты қуылар.
Шырғалаңға түскен әлсіз шумақтар,
Шалқар шабыт кәусарымен жуынар...
СҰҢҚАРЛАРДЫҢ ЖҰРНАҒЫ
Асылдарын аждаһа ажал жалмаған,
Жақсыларға неге сонша тар ғалам.
Соның бірі - Ережепов Мұратбек,
Қыран еді-ау қияға ұшса талмаған.
Қырық жаста камал бұзар шағында,
Арман аққу неге айналды сағымға.
Роза қалды қос құлының құшақтап,
Жасын төгіп жесірліктің бағында.
Құлаған соң асқар тауы, тірегі,
Қырық жамау болды нәзік жүрегі.
Ертелі-кеш Тәңіріге жаланып,
Ұлдарына ұзақ ғұмыр тіледі.
Өткір жанар бал-бұлақтай тұп-тұнық,
Нұр шашады тектілігін ұқтырып.
Әкесінің жолын қуған жігіттер,
Атқарып жүр қызыметін тік тұрып.
Тіршіліктің қыза берсін қырманы,
Тәтті әуеннің үзілмесін ырғағы.
Атқан таңы мүбәрақ боп Алланың,
Аман болғай сұнқарлардың жұрнағы!
ДӘРІГЕР
Ауданда аты мәшһүр дәрігерсің,
Ауырған жанды көрсен әбігерсің.
Шебері Өз ісінің атанса да,
Үйде - әйел, шаңырақтын сәні сенсің.
Меркіде махаббаттың шамын жақтың,
Жарыңның құшағынан бақыт таптың.
Ардақтап ата-енеңді жүз жасатып,
Мәпелеп жас сәбидей бағып-қақтың.
Орнатып от басына құт тұғырын,
Көрсеттің арулардың мықтылығын.
Бір кезде күмәнданып қарайтындар,
Абырой, беделіңді ұқты бүгін.
Шашса елге шапағаттың арайын мың,
Қалайша абзал жанға тағайын мін.
Күрең шай қаймақ қатұан күнде ішкізіп,
Көңілін көктем еттің ағайынның.
Отанның жарқыратып бір шырағын,
Киелі отау еткен нұр тұрағын.
Күләштай дәрігерді мақтан етем,
Аямас жүрегінің күншуағын.
Ерекше ғұмыр кешер от-жалынды,
Еңбегің - ізгі ниет топқа үлгі.
Ұлтының әдет-ғұрпын әспеттеген,
Ұрпағың жалғастырсын соқпағыңды!
ҚАЙСАР ҚЫЗ
Арналса да шуақты жыр тармағы,
Дей алмаймын жүзіңді мұң шалмады.
Ұстаздарға көш басшы болу үшін,
Батты қанша ұйқысыз түн салмағы.
Сандуғашын сұсты өмір аяды ма,
Сан кезіктің тағдырдың таяғына.
Бүлдіршіндер бақытты болуы үшін,
Жүрегіңді төседің аяғына.
Жолын қуып ер жігіт- марқасқаның,
Жақсылықтың тіледің жалғасқаның.
Татқызсам деп білімнің шырын дәмін,
Төзіміңнің қайрадың алдаспаның.
Ғылым - жұрттың дәулеті, шам-шырағы,
Надан ғана табанда жаншылады.
Зердесінде сәуле бар алғыр ару,
Арғымағын намыстың қамшылады.
Қанша азап шексең де тарықпадың,
Қайратты қыз екенсің бар ұққаным.
Қабырғалы халқыңа арқа сүйеп,
Ақ сұңқардай биікке шарықтадың.
Адал термен суарған үміт гүлің,
Жауқазындай жайқалып шықты бүгін.
Еңбек ізсіз қалмасын түсіндірген,
Мойындады ел Дәмештің мықтылығын.
Соғып жатқан ізгілік мұнарасын,
Қайсар қыздың арманы құламасын.
Тас қияға өрлесең сен де, оқушым,
Төбе бидей топ жарып жүре аласың!
АТА-АНА
Қатал тағдыр өмірден
Ұшырғанша қаңбақтай.
Перзентіне ата-ана
Бақ тілейді бармақтай.
Мынау жалған фәниден
Сөнсін, мейлі, жұлдызы.
Өкінбейді ата-ана,
Аман жүрсе ұл-қызы.
ҚАРТ ҚҰРБЫҒА
Зәрең ұшар құйқа тамыр шымырлап,
Қонақтаса қарттық деген іңір шақ.
Күш табылмас тоқтататын, бөгейтін,
Көрген түстей жылдар үшса зымырап.
Мезгіл-өзен суы кері ақпаған,
Тәуба айтып дұрыс сабыр сақтаған.
Пайғамбар да, патшаларда, батыр да,
Кәрілік пен ажалға ем таппаған.
Ақ шашыңнан ақылдылақ сезілген,
Әжімдерге бойыңды үйрет төзіммен
Есіңе алшы арманда өткен жандарды,
Егделікке жете алмай көз ілген.
Шаң-топырақ үйірілген құйындай,
Қажеті жоқ тозып біткен бұйымдай.
Өзіңді-өзің мұжи берме,одан да
Қарттықты сүй табиғаттың сыйындай.
Көп қайғырып азып кетпе шөкімдей,
Көктем келмес қар көбесі сөгілмей.
Шамаң жетсе ізгілік іс жаса да,
Шат тұрмыста өмір сүрші өкінбей.
Жастығың жүр немереңнің бойында,
Табиғаттың заңын, құрбым, мойында.
«Қадірлі адам қартаймайды» - дейді ғой,
Қастерлі бол шөбереңнің тойында...
ӘНИПАҒА
Перзенті үшін отқа төсер өзегін,
Асылдардың тұяғы едің, көзі едің.
Абыройын асқақтатып әулеттің,
Жүрегіңді жұрт жолына төседің.
Еске түссе Әлжан атты анасы,
Сағыныштан сарғаяды санасы.
Сарыарқаға жауһар қала орнатты,
Алты алаштың көшін бастап баласы.
Қайрат-күшін туған жерге жұмсаған,
Қайсарлығы ағасына ұқсаған.
Жаны сұлу, тәні сұлу Әнипа,
Жоламасын мәңгі бақи мұң саған!..
КЕЛІН
Шуақ төгіп мұратқа,
Шырша егіп қыратқа.
Ән салдырдың, келінжан,
Күміс шолпы бұлаққа.
Шәрбат тамар тілінен,
Жүрек балқыр үнінен.
Құт қондырған отауға,
Махаббатың гүлімен.
Тоты құстай сыланып,
Тал шыбықтай бұралып.
Ақша маңдай келінім,
Айтқан сертте тұрар нық.
Арайындай жұмақтың,
Адалдығыңды ұнаттым.
Ақ көңілің мен үшін,
Алтыннан да қымбат тым.
Шаң қаптырмай шашасын,
Досқа құшақ ашасың.
Мәрттігіңді мақтаса ел,
Неге ұялып қашасың?!
Тіршілікте бұралаң,
Өзің соғып құраған.
Мәртебеңді көтерсін,
Пәк махаббат — мұнараң!...
ІНІГЕ ІЗЕТ
Жамандардың кешірген ағаттығын,
Жүзі жарқын қашан да тағаттының.
60 жас кеп отауын тікті, інім,
Бірі емес деп көлденең көк аттының.
Өлеңіммен өрнектеп тереңдігін,
Текті екенін жұртқа айтып берем бүгін.
Тауқыметін арқалап ес білгелі,
Туған жердің көтерген ерен жүгін.
Бозбала боп, Қабылжан, желікпедің,
Бақыт құсы қонар деп сеніп пе едің.
Бағлан жігіт атанған кезден бастап,
Асқаровтай ағаңа еліктедің.
Талаптанып арманның елесіне,
Тәуекелдің сан міндің кемесіне.
Қолхоз бастық, инженер, хатшы болдың,
Соның бәрін алады ел есіне.
Жабырқаған жандарды аяладың.
Жүрегіңнің жылуын аямадың.
Жалын шайнап, от тістеп жас жігіттей,
Алшаң басып 60-ты саяладың.
Мойынсұнбай тағдырдың дауылына,
Жарқыратқан жұлдызын ауылына.
Сеңгірінен 80-нің қарғып өтіп,
100-ге жетші! - деймін мен бауырыма...
КЕШІР, ӘКЕ
Әз анама таға алмаймын күнә, айып,
Білім берді хан қызына лайық.
Бірақ жұрттың әкелерін көргенде,
Қалушы едім аласарып, мұңайып.
Батқанменен жесірліктің салмағы,
Қайсар әйел тізе бүгіп қалмады.
Ар-намысын жалау етіп абзал жан,
Ең ақыры алимент те алмады.
Өзің тастап кеткен жарың жақтырмай,
Бізді өсірді қанаттыға қақтырмай.
Аялады, әлпештеді ұл-қызың,
Жетімдіктің ащы дәмін таттырмай.
Бастан талай дауылды күн өткеріп,
Асулардан алып шықты өңгеріп.
Анашымның сонда төккен жасы үшін,
Кешіре, әке, кеттім сені жек көріп.
Дей алмаймын сенсіз көкке самғадым,
Шоғым сөніп қанша жерде жанбадым
Кешір, әке, келмеген соң бір іздеп,
Мен анамның ата тегін тaңдaдым...
ЖҰБАЙЛАР
Қол соққызып халықты күлдіретін,
Жақсылармен қашан да бір жүретін.
Еліктейтін Оспандай дана абызға,
Тереңдігін мақалдап білдіретін.
Жұпар шашқан толтырып гүлін баққа,
Қыз ұзатып, қондырған ұлын атқа.
Сәбит деген Меркіде сері ағам бар,
Ақындардың оқитын жырын жатқа.
Ұл-қыздары жайқалған балқұрақтай,
Асыл жары толықсып таңғы бақтай.
Әп-әдемі күткен соң ертелі- кеш,
Сәбит аға бабында арғымақтай.
Аманкүлі қасында гүл секілді,
Жарқыратқан ғұмырын күн секілді.
Жарты ғасыр жұп жазбай келе жатыр,
Екеуінің жүрегі бір секілді.
ШАҢЫРАҚ СӘНІ
Ақ жарқын Әсемкүлдің жаны да әсем,
Жарасар шаңырақтың сәні десем.
Құдайдай құдалары сыйлап тұрса,
Қалайша естіледі әнім бәсең.
Айырып ақиқаттың ақ-қарасын,
Құшақтап немереңді шаттанасың.
Тәуба айтып Хақ Тәңірге күндіз-түні,
Білемін ұрпағыңнан бақ табасың.
Пәктігің жас сәбидің күлкісіндей,
Мейірімің - кісіліктің үлгісіндей.
Қорғайсың қартайсаң да босағаңды,
Желекті найзаның көк сүңгісіндей.
Нұрлы ақыл, жылы жүрек анасың сен,
Намысын қолдан бермес данасың сен.
Нар жүгін көтеріп ең жас шағында,
Әулетке өнеге боп қаласың сен.
Дәулетің қыдыр қолдап таса берсін,
Дегбірі дұшпаныңның қаша берсін.
Дүние-шыр айналған бір дөңгелек,
Дәрежең күннен-күнге аса берсін!..
ГҮЛЗАДА
Бауырымның бақыты едің, гүлі едің,
Көсегесі көгергенің тіледің.
Талай мәрте еркелігін кешірген,
Асыл жансың ер қадірін білетін.
Іңкәр сезім ықыласын тыймадың,
Отауыңа күн шуағын жинадың.
Төрт құбыла түгел болсын дегендей,
Жан жарыңа төрт перзентті сыйладың.
Айтқаныма қарсы шығар бүгін кім,
Ана болу қасиетін ұғындың.
Аллаға да жалбарынып бақ тілеп,
Бес уақыт намазға сен жығылдың.
Өшкен отты қайта жаққан шырақтай,
Шаңырақты сақтап қалдың құлатпай.
Немерелер томпаңдап жүр қасында,
Жазғытұрым желбіреген құрақтай...
ХАДИША
Қаһарлы дерт от қабақ,
Қаусатқанда ноқталап.
Қиналғандар қаншама,
Үрей билеп, шоқ жалап.
Жүрегіңді тілгілер,
Зілзаладай сілкілер.
Ауырудың шипасын
Хадишадай кім білер.
Қуып ажал елесін,
Арпалысып жеңесің.
Дәрігерлік антыңа
Дақ түсірмей келесің.
Шаршамайсың, талмайсың,
Қыран құстай самғайсың.
Өмір сыйлап сырқатқа,
Үміт жібін жалғайсың...
ШӘРИЯ
Айдай жеңгем, Шәрия,
Болдың әже қария.
Шаңырағыңнан естілді,
Іңгәлаған ария.
Бал немерең - бүлдіршін,
Шаттандырып күлдірсін..
Шай көйлегің етегін,
«Әтір» сеуіп бүлдірсін.
Ырыс-құтың дария
Бола берсін, Шәрия.
Ауылымда көбейсін,
Нәрестелі жанұя!
* *
Сен сүйесің біреуді өліп-талып,
Ол ойлайды басқаны күйіп-жанып.
Ал өзіңді кейбіреу армандаса,
Солар үшін біреу жүр естен танып...
ҚЫЗ ҰЗАТУ ТОЙЫНДА
Той дүрмегі өткенімен бір күндік,
Құда болдық құдай қосқан мың жылдық.
Шат көңілмен қыз ұзату тойында,
Шашу шашам өлең-жырды інжу ғып.
Аққойлының қызғалдағы ең құлпырған,
Ақылына сай келеді нұр тұлғаң.
Бәрі сендей болса екен деп қыздардың,
Мақтан етіп жүруші едім сыртыңнан.
Әке-шеше жатқа қызын қия ма,
Күн көзіндей шапағатын тыя ма.
Жұлдызыңды жарқыратшы, жарығым,
Өскен едің өнегелі ұяда.
Сүйген жарың сынығы екен асылдың,
Шаттығымды келмей отыр жасырғым.
Шойбек атаң жатқан шығар бір аунап,
Сұңқары еді XX ғасырдың!
Жас жүректер тапқан кезде жарасым,
Махаббаттан шуақ сезім тарасын.
Анасының жолын беріп қызына,
Бақытына жұрт қызығып қарасын.
Алты алашқа ақ отауың қосады ән,
Айналайын, құтты болсын босағаң.
Айдақүлдей асыл әжеңе ұқсатып,
Айжаныма алты ұл берсін Жасаған!...
НАҒИМА
Жан сырымды тыңдатып,
Сөйлескем жоқ тіл қатып.
Жүзің нұрлы, шырайлы,
Сені көру - бір бақыт.
Шие ерін, күлім көз,
Балдай тәтті шырын сөз.
Аққуындай айдынның,
Басқан ізің білінбес.
Гүлім болшы, Нағима,
Күнім болшы,Нағима.
Менен гөрі бақытты,
Қолындағы сақина.
Жұртқа ұнауды білесің,
Күндей шалқып күлесің.
Сазгер болсам ән арнап,
Бар ғой сенің үлесің.
Күзде қайтқан қаздармен,
Кетті бірге жаз дәурен.
Өтіп жатыр өмірім
Өзіңді аңсап боздаумен.
Қарамайсың, Нағима,
Жаралайсың, Нағима.
Менен гөрі бақытты
Қолындағы сақина!..
АРАМ ШӨП
Адал төккен терді аямай қанады,
Ақиқаттың көзінен жас тамады.
Арамзаның айдарынан жел есіп,
Зұлымдардың бағы неге жанады.
Ақша көрсе тәубасынан жаңылар,
Сатқын аз ба жемі барға ағылар.
Суық қолды сұғанақтар қаншама,
Тегін асқа тік қасық боп табылар.
Сырты күліп, іші ұлып тұратын,
Қалталы мен шенге мойның бұратын.
Жағымпаз бар озса біреу өзінен,
Тайдырам деп тобығынан ұратын.
Тәтті сөйлеп, өп-өтірік күлетін,
Тіміскілеп пайда қуып жүретін.
Түгіменен түйе жатса тоймайтын,
Жемқорлар бар бақытты өмір сүретін.
Мансап үшін аттап ардың басынан,
Қорықпайтын жетімдердің жасынан.
Қанды шеңгел, қара тастай жүрегі,
Қатыгезді көрген сайын ашынам.
Азса құлқын арман күйреп күл болар,
Асыл жібек түте алмасаң жүн болар.
Қауға тиген өрттей лаулап өршіген,
Қоғамдағы арам шөпті кім орар?!..
СҰҒАНАҚ
Бай билесе тоқшылықтан секіріп,
Кедей жылар жоқшылықтан өкіріп.
Қатыгездеу жастар өсіп келеді,
Ырық бермес арашаға зекіріп.
Арақ ішкен азғын еді жасында,
Қартайғанда қажы бопты расында.
Ақыл айтпақ Алла атын жамылып,
Қолда - тәспі, ақ сәлдесі - басында.
Алшаң басар адам қаның жүктеген,
Қандай заман?!
Түсінбедім текке мен.
Қай бетімен жұртқа қарап сөйлеп тұр,
Ала аяқтар арам ойын бүкпеген.
Парақор мен жемкорларды тыя алмай,
Дөңбекшимін төсегіме сыя алмай.
Құдіреті жетсе олардың ғарышқа,
Ай, Күнді де сатар еді-ау ұялмай.
Ебін тауып ел байлығын жастанған,
Ақшасына, мансабына мастанған.
Тоғышарға жыр семсерін сілтедім,
Тазарсын деп жан сарайын ластанған.
Ей, сұғанақ!
Судың да бар сұрағы,
Алданбайды.
Халық көзі - қырағы.
Ақ-қараны паш етеді ертең-ақ,
Ақиқат пен шындықтың шам-шырағы.
Асып-таспа!
Түкірмегін тұныққа,
Алтын үшін арың сатып құнықпа.
Ашкөзділік - дауасы жоқ дертпен тең.
Қомағайдың қор боларын ұмытпа!..
***
Үйірінен адасқан қаздаймын мен,
Өзді-өзімнен өртеніп маздаймын мен.
Жан сырымды ақтарар дос таба алмай,
Жалғыздықтан жарыла жаздаймын мен.
МЫСЫҚ ТІЛЕУ
Аңырайып мұрның көкке шүйірген,
Арамдықты алшысынан иірген.
Қыр соңыңа шырақ ұстап түсіп ап,
Соққы бере ойламаған бүйірден.
Табанымда жатса екен деп мыжылып
Ойы озыққа отыратын қыжынып,
Мысық тілеу бір кісіні білуші ем,
Игі іс көрсе кетер түсі бұзылып.
Жақсылардың сүрінгенін қалайтын,
Жалғыз өзін данышпанға балайтын.
Жала жауып арыз жазды қаншама,
Жазықсыздан қаның ішіп талайдың.
Оққа байлап абыройын ортаның,
Ойран салар озбырлардан қорқамын.
Опасыздар күйдірсе егер нақақтан,
Опырылып күңіренер әр таңың.
Жазбай танып жүректегі жараңды,
Жік сап досқа ажыратар араңды.
Сақта, тәңір, мысық тілеу жандардан
Сезімі кем, көкірегі қараңғы...
***
Қайғы кернеп күндіз-түн керегені,
Ұмытқан ем той-думан, мерекені.
Бекзатым-ау, бәйек боп сен келдің де,
Босағама кіргіздің берекені.
Жарасып тұр әзілің, ұрысқаның,
Кейде өкпелеп, бұртиып тырысқаның.
Көктемге ұқсап күлімдеп қарадың да,
Атқыздың сен бақ-дәулет, ырыс таңын.
Көптен күткен әнім бе ең шырқатылған,
Көз алдымнан кетпейді нұрлы тұлғаң.
Сенің арқаң құмартсам тіршілікке,
Құлан таза айығып сырқатымнан...
**
Қалай ғана тірілттің, өлген едім,
Өзімді - өзім арулап көмген едім.
Қазанымды төңкеріп, отты өшіріп,
Аққан жұлдыз секілді сөнген едім.
Ай дидарын көргім кеп құлынымның,
Аңсағанда жамылып гүлін мұңның.
Ажал тілеп жатушы ем төсегімде,
Арманымның тарқатып бұрымын мың.
Қалай ғана тірілттің, түсінбеймін,
Құдіреттің көрдің бе күшін деймін.
Үміт шамы жағылып көкірегімде,
Үзілердей уһілеп күрсінбеймін.
Естен шығып махаббат - баяғы әнім,
Сезінген ем тажалдың таяғаның.
Соқпай қалған жүрекке жан кіргізді,
Сәулем, сенің қиналып аяғаның.
Сенім артқан әдемі таңғы елеске,
Сыйластықпен бұл ғұмыр мәнді емес пе.
Сүйіктім-ау, қолынды созшы тағы,
Оянайын сен үшін мәңгі өлмеске...
ҒАШЫҚ СЕЗІМ
Алабұртып алдыңа жүз келемін,
Арналады өзіңе ізгі өлеңім.
Ай дидарлы жүзіңнен таптым, жаным,
Ғашық сезім шуағын іздеп едім.
Басқа ешкімге бағынып иілмес ем,
Бойжеткеннің, жаным-ау, күйін кешем.
Жалын атқан жанарың жаулап алды,
Жыр туа ма өзіңе сүйінбесем.
Бірге өткізген бақытты сағаттарым,
Асқақтатты арманның қанаттарын.
Аққу - ән боп кеудемнен ұшып жатыр,
Бергендейсің сен маған талант, дарын.
Махаббатқа қуә боп самғайды уақыт,
Сен қасымда жүргенің қандай бақыт!
Қол ұстасып өткенде екеуіміз,
Ақ қайындар қарайды таңдай қағып...
**
Домбыраның қос ішегіндей күй пернемде ойнаған,
Қазір менің ақыл-ойым екі арнаны бойлаған.
Шын дос болсаң, айтшы, жаным,қай арнамен ағайын,
Қай өзеннің жағасына үміт отын жағайын.
Екеуі де қымбат маған, жасырайын несіне,
Екі шоққа катар күйем, сен түскенде есіме.
Оның бірі қайратым мен адалдығым төзімім,
Ал біреуі - өзінді аңсап алабұртқан сезімім.
Біріншісі кірпік ілмей ақ гүлімді күзетер,
Екіншісі ертелі-кеш қыздай бойын түзетер.
Пәктігімен біреуі ылғи шақырардай биікке,
Жоқтығымен енді бірі батырардай күйікке.
Екі қайық ортасында суға кетіп қалмайын,
Аспандағы аққуымды шыңырауға салмайын.
Шын дос болсаң, айтшы, жаным, қай арнамен ағайын,
Қай өзеннің жағасына үміт отын жағайын.
МАХАББАТ АЗАБЫ
Кірпігіме мұң маржаны тізіліп,
Сырттай сені ұнатушы ем үзіліп.
Менен өткен бақытсыз жан бар ма екен,
Сыр айта алман оңаша бір сызылып.
Қор қызындай қызықтырар көркім жоқ,
Білем, менде айбар қылар төркін жоқ.
Жас шағымды құрбан еттім жолыңа,
Сөйтсем-дағы көп қарауға еркім жоқ.
Тұрғаныңмен әр жырыма мәйек боп,
Сырқаттансаң күте алмаймын бәйек боп.
Сенің пейіш құшағыңда өртеніп,
Бір қуанып көрмеппін-ау әйел боп.
Іңкәрлығым сан байқалды үнімде,
Өзіңді аңсап қауыз жарды гүлім де.
Жылы сөздер айта алмаймын, аяулым,
Ең ақыры, сенің туған күнінде.
Демесем де мен алтынмын, жақұтпын,
Тәлкегіне түскенім, рас, уақыттың.
Қызыл-жасыл қызығы мол жалғаннан,
Кеткенім бе дәмін татпай бақыттың.
Байқасам да тал бойыңнан серілік,
Наздана алман кер маралдай керіліп.
Менен өткен мүсәпір жан бар ма екен,
Пақыр болған пәк сезімге беріліп.
Елге ырзамын, өлеңіме сенеді,
Ернеуінен асып кетті демеді.
Аққу әнім Алатаудан асқанмен,
Жүрегіңе жол таба алмай келеді.
Жақтырмастан көрсетсең де қанша айбын,
Жан-тәніммен жалғыз сені аңсаймын.
Жауабы жоқ махаббаттың азабын,
Бәрібір мен зор мәртебе санаймын!..
САУАЛ
Мөлдіреген қара көзің,
Көңіліңнің айнасы ма?
Әлде...
ойнақы, арбау сезім,
Қу жігіттің айласы ма?!...
**
Қайтсем екен мынау қатал тағдырды,
Аямастан шыңырауға лақтырды.
Онсыз-дағы қырық жамау жүректің
Күл-талқаның шығаруға шақ тұрды.
Іздеуші едім баянды пәк махаббат,
Тілеуші едім шуағы мол шапағат.
Қолым жетпес бір жұлдызға телміріп,
Көнім кеуіп отырамын каталап.
Өзге ешкім назарыма ілінбей,
Жасым ақты жүрегімнен білінбей.
Қайғы-мұңнан арылушы ем әп-сәтте,
Қарай қалса сәл-пәл ғана күлімдей.
Көгермейді шын ғашықты даттаған,
Адалдықтың ала жібін аттаған.
Әйелі бар сол жігітті әйтеуір,
Көрген сайын мерекедей шаттанам.
Кешіріңдер, сүю күнә болса егер,
Бірақ қандай жан нәзік гүлді солса дер.
Үркітпеңдер айналайын, адамдар,
Айдыныңа аққу сезім қонса егер.
Сен де кешір, күйеуі бар келіншек,
Қиянат қой қимас жаннан жерінсек.
Құштарлықтан қаншама өлең арнадым,
Көз киығын салған емес ерің тек.
Түсінер деп сырымды айттым... қызғанба,
Жырымды оқып, миын шоқып сызданба.
Өтінемін...
ол білмесін...
мен көндім:
Шашымды жұл!..
Жүрекке сал жүз таңба!..
ҚИЯЛ
Алау ернінен сүйдірер ме екен,
Аптап шөлде де күйдірер ме екен.
Махаббатсыз өмір жоқтығын бір күн,
Күнәһар көңілге түйдірер ме екен.
Қырық шырағымды жандырар ма екен,
Шәрбат бұлағына қандырар ма екен.
Отымен өртеп оңаша сәтте,
Есімнен мүлде тандырар ма екен.
Құшағына қысып тұншықтырар ма екен,
Қара түнекті түріп күн шықтырар ма екен.
Қиюы қашып құлазып жатқан,
Құмды шөліме гүл шықтырар ма екен.
Күзім көктемге айналса деп едім,
Беймаза жүрек жайланса деп едім.
Асыл тұлғаңа жалынышпен қарап,
Жанарым жіпсіз байланса деп едім.
Мерекемді бұзбай тойлатарсың ба екен,
Сезім тұңғиығына бойлатарсың ба екен.
Қиял ғой бәрі!..
Ал сен болсаң, күнім,
Мен жайлы мүлде бейхабарсың...
Әттең!!!
ТӨРТТАҒАНДАР
Тастақ жерге арпа, бидай екпейді,
Темір таты тырнағанмен кетпейді.
Төрт бұрышын дүниенің кезсең де,
Туған жердің топырағына жетпейді.
***
Шешесінің ақ сүтінен нәр алған,
Бала әкесінің бел күшінен жаралған.
Сондықтан да ата-анасын ардақтау –
Перзент үшін қасиетті бар арман.
***
Таразылап алыс пенен жақынды,
Дүниені дөңгелетер ақылды.
Өмір - майдан,
Сынақ үшін берілген,
Ұнатады ұғымпазды, батылды.
* * *
Күпшек санды күрең мінген шегір көз,
Ақыл қонса әке жолын қуады.
Қабыланның тырнағындай өткір сөз,
Қаламынан ақындардың туады.
***
Өмір деген ұстараның жүзіндей,
Анықталмас асылдары сүзілмей.
Ақ-қарасын айырады уақыт,
Халқың үшін еңбек етсең көз ілмей.
* *
Білімді адам таза ғауһар сияқты,
Жүрген жері жарық әрі шуақты.
Сондықтан да жақсы оқы, құлыным,
Болам десең құдіретті, қуатты.
***
Ақылды адам тек өзіне сенеді,
Амал тауып қиындықты жеңеді.
Біліксіз бас майсыз жілік секілді,
Бәтуасыз, қуыс кеуде келеді.
* *
Оқы, тоқы ,білім ізде құмартып,
Ойлай білген көзсіз ерден мың артық.
Өтеді екен бұл өмірден надандар
Өзіне емес өзгелерге кінә артып.
* *
Айыра алмас темір менен алтынды,
Сенің дағы түсінбейді парқыңды.
Төрде отырар өнерлі мен білімді,
Ғалым болып қуандыршы халқыңды!
***
Момындық мәртебеңді арттырады,
Тақсырет тәкаппарлық тарттырады.
Жолама бұзықтарға, бәлеқорға,
Шалуға аяғыңды шақ тұрады.
* *
Таусылмас қазына ғой білім деген,
Бақ - дәулет білімдіге күлімдеген.
Ақыл мен біліміңді бірге ұстасаң,
Атақты жан боларсың дүрілдеген.
* *
Жарықтың жарғанатқа жақпасындай,
Жалқаулық - арамтамақ қақпасындай.
Таусылған дәм-тұзыңды ұзарта алмас,
Болса да саф алтының ат басындай.
* *
Уақыттан адамзат жоқ ұтылмаған,
Және де жер бесікке тұтылмаған.
Алланың әміріне шара бар ма,
Ажалдан ешкім қашып құтылмаған!
Қарғадан бұлбұл шықпас сайратқанмен,
Нәр шықпас қара суды қайнатқанмен.
Малы көптің қайғысы көп болады,
Дүние опа бермес жайнатқанмен.
Сараңдар ашкөзденіп сұрап өтер,
Жомарттар көпшілікке ұнап өтер.
Болмаса бауырласың жолдас ізде,
Нағыз дос сарайыңды жұмақ етер.
* *
Темірден алмас қылыш соқпас болар,
Надандар сөз асылын ұқпас болар.
Ел жүгін көтеретін қиын сәтте,
Ер жігіт құты қашып саспас болар.
* *
Ата-ана перзенттерін сүйеді екен,
Ез болса тозағына күйеді екен.
Баласы - балапаны торға түссе,
Асқар тау басын жерге иеді екен.
* *
Жомартқа ел алғысын төгер деген,
Сараңды жұрт жек көріп сөгер деген.
Ашкөзге дүниенің асы жетпес,
Көзінің сұғы тоймай өтер деген.
* *
Ұшқан құсты соңынан қуа алмайсың,
Әппақ арды кірлетсең жуа алмайсың.
Сараң болсаң қарғысқа қалдым дей бер,
Жомарт болсаң ешқашан ұялмайсың.
* *
Батырмағың тізеңді кішіргенге,
Кеуде қағар тәкаппар ісінгенде.
Ұстамды бол дәрежең өскен сайын,
«Ақыл - алла сыйлығы» түсінгенге.
* *
Жолдасыңды жау санап орға жықпа,
Ашу қысқан ұрынар жамандыққа.
«Тумақ бар да өлмек бар» болғанымен,
Бұл фәниде не жетсін амандыққа.
***
Еккеннен де жемісті баптау қиын,
Ана сүтін перзентке ақтай қиын.
Білім - теңіз, түбі де, шегі де жоқ,
Дос табудан досыңды сақтау киын.
***
Қос уыс алтын берсең де тоймас сараңдар,
Құдыққа сені итеріп кетер адамдар.
Бармағын тістер ала жіп аттап жүргендер,
Сыйласын десең әдептен озба, жараңдар!
Есіктен кіріп «менікі төрің» дегендер,
Мансабы үшін қозы ғып жұртты көгендер.
Ел мұңын жоқтар азамат болмас ешқашан,
Сүліктей сорып кедейдің малын жегендер.
* *
Не дейін, қалқам, сүрініп жатып күлгенге,
Ауыр сөз айтпа көңілі қалар үлкенге.
Зерделі кісі жоғары тұрар бәрінен,
Ақылсыз адам мәуесіз ағаш білгенге.
* *
Ғалымды көрсең данышпан оны санағың,
Таусылмас байлық, білімде болар, қарағым.
Надандық деген тозаққа барар жол ғана,
Білім мен өнер болсыншы қару -жарағың!
Адам түгіл тозады екен темір де,
Күлге айналар жанғаннан соң көмір де.
Кетер болсақ мәңгілікке көз жұмып,
Неге келдік мынау жалған өмірге?!
* *
Таяқ еттен, ал сүйектен сөз өтер,
Соқырлар бар саф алтынды жез етер.
Жастық шақты қадірлей біл, жарқыным,
Ұшқан құстай, көрген түстей тез өтер.
* *
Өлгендер жоқ бақ-дәулеттің азынан,
Ажал жетсе ара түспес қазынаң.
Аттап кетпе дүниеге күл болып,
Қасиетті қанағаттың басынан.
* *
Өнегелі артында ұрпақ қалмаса,
Хайуандай өмір сүру далбаса.
Көк тиынға татымайды тіршілік,
Сенетұғын дос-жараның болмаса...
* *
Өсірген мәуелетіп санам гүлін-
Сүйемін анам тілін, бабам тілін!
Өмірден өзге бақыт тілемеймін,
Өзімдей құрметтесе балам тілін!
МӘДИНА
Қиындықтың қыл көпір машақатын көретін,
Қысылғанда сабырдың бұрымдарын өретін.
Қайран қазақ әйелі-ай!
Бесігін де тербетіп,
Бақшасынан заманның бақыт гүлін теретін.
Шаңырақтың шаттығы, ырыс-құты қолында,
Құрбан етер өмірін махаббаттың жолында.
Соның бірі - өзіңсің, айналайын Мәдина,
Салиқалы мінезбен айы туған оңында.
Сейіткүлдей енеңнің қас-қабағын бағасың,
Сүйген жарың Мәмбеттің бақыт шамын жағасың.
Бармағыңнан бал тамып тәтті тағам даярлап,
Қонақтардың көңілін әрқашан да табасың.
Қошеметтен масайрап құрақ ұшқан от жүрек,
Қастерлі ақ батасын нөсерлете төкті кеп.
Қимай кетіп барамын ауылыма, Мәдина,
Қазағымның бар қызы
Сендей болса екен деп...
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
ХИКАЯТТАР, СҰХБАТТАР...
ҚЫМБАТТЫ ҚИМАС ЖЕҢЕШЕМ
(Көрнекті қоғам қайраткері Т. Рысқұловтың жұбайы Әзизамен көзі тірісінде болған сұхбат)
Сөз басы
Шіркін, уақыт не деген жылдам?! Осыдан біраз жыл бұрын ғана қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Т. Рысқұловтың 90 жылдық мерейтойына орай Меркіге келіп кеткен оның зайыбы Әзиза Түбекқызы Рысқұлова бүгінде арамызда жоқ. Тар жол тайғақ кешудің қилы кезеңдерін бастан кешкен абзал жеңгеміз ауыр сырқаттан қайтыс болды. Жерлеу рәсіміне қатысуға шақырған жедел-хат алғаныммен Мәскеуде оқуда жүргендіктен бара алмадым. Жалғыздық жабырқатқан жүрегіме шуағын төгіп, анда-санда болса да ақылын айтып, хат жазып, хабарласып тұратын үлкен жүректі, мейірбан камқоршымнан айрылып қалғаныма қабырғам қатты қайысты, шын егіліп жыладым. Сол бір қаралы күндері өзіме өзім: «Асыл ағамыздың сенімді серігі, адал жары, үйленгеннен бастап көзін жұмғанша пәк сезімін аялап, үлкен отаудың шанырағын құлатпаған Ә.Т. Рысқұловамен сұхбатымды жұрт шылыққа жеткіземін» деп сөз берген едім. Реті енді келіп отыр.
Сонымен, әңгіме Сіз жайлы болмақ, аяулы жеңеше!.. Ақтық сапарға шығарып сала алмай, қабіріңе топырақ сала алмай арманда қалған қайын сіңіліне өкпелі боларсыз, асыл жан?! Талай рет хат жазып, үйіңізге шақырғанда пендешілік себептермен бара алмағандығымды ойласам «Қап!» деп бармағымды шайнаймын. Сіз қайтыс болңан соң барғанымда, есікті кіші қызыңыз Рита ашты. Өзіңіз көп айтып, құлағын талай шулатқан Рита. Ол да ағамыздың аузынан түскендей екен. Бөлмелеріңізді аралап жүріп, суреттеріңізді көріп, тағы да көз жасыма ерік бердім. Жалған дүниенің опасыздығына, елім деп еңіреп өткен ардақты ағаны шын сүйген адал махаббат иесін құрмет тұта алмағаныма қиналдым. Бүгін сіздің рухыңыздың алдында басымды иіп, өзімнің атымнан, күллі қазақ қыздары атынан гүл шоғы етіп жазған естелігімді ұсынамын. Қабыл алыңыз, қымбатты, қимас жеңешем?!..
Тұрардың киелі хаттары
...Қонақ үйдің жеңешеміз жатқан люкс бөлмесіне жүрексіне кіргенімде, ол жаңадан тұрып жатыр екен. Кеше күні бойы бос уақыты болмап еді: ағаның оқыған, тұрған, жұмыс істеген жерлерінде болды, салтанатты кешке қатысып, сөз сөйледі, аудандық музейдегі, Т. Рысқұлов атындағы мектептегі кездесулер, теледидарға түсіру, тағы тағылар түн жарымына дейін созылған.
Бүгін де біраз жұмыстар күтіп тұр. Ал, кешке Алматыға жүріп кетпек. Сонда да жеңешеммен оңаша сырласып, сөйлессем деген құштарлық мені әбден мазалап бітті.
-Жеңеше, жеңешетай! Ағайдың мерейтойында сізбен танысқаныма өзімді бақытты санаймын. Айып етпеңіз, біраз сұрақтарым бар. Мұндай мүмкіндік туа бермес...
-Қалқам, шынымды айтсам, өмірден көп қағажу көргендіктен бе, әлде қарттық па, кешеден бергі жүрісті көтере алмай, шаршаңқырап тұрмын. Дегенмен, Тұрар туып өскен киелі Меркі өңірінде бәлсіну жеңешеңе жараспас. Қоя бер сұрағыңды...
Жеңеше, рас болса, ағаның өзіңізге жазған, Сіз әлі күнге ешкімге көрсетпей сақтап жүрген «махаббат» хаттары бар дейді, сол туралы айтсаңыз... Әрі «халық жауы» атанып, дүние астаң-кестең боп тұрған кезде ағаның бір тәрелкесін, кейбір қолжазбаларын сақтап, біздің аудандық музейге тапсырып отырсыз. Бұл ерлік қой. Ертеңгі ұрпақтың қамын ойлатқан не? Сіздің әр қимылыңызды, әр адымыңызды қатаң бақылап отырған шақта өз өміріңізді қауіп-қатерге тіктірген қандай ғаламат күш?!..
-Қу, қыз! Махаббат жайлы хаттарды саған кім айтты? (Рахаттана күліп алды да, ойлы, салмақты қалыпқа қайта ауысты). Бар екені рас. Кезінде жазушы қайным Шерхан Мұртазаев қиылып сұраса да бермегем! Өзің білесің, ата-бабамыз түрлі ауру-сырқаудан, кесепат-зұлымдықтан, бәле-жаладан, тіл-көзден аман болсын деген ырыммен сәбилердің мойныңа тұмар таққан және ол тұмарды көздің қарашығындай сақтап, кие тұтқан ғой. Мен де ағанның хаттарын, заттарын қолымнан келгенше солай қастерледім, кие тұттым. Тұрардың адалдығына, халқына деген қаяусыз сезіміне еш шүбәм болған емес. Әділеттің, ақиқаттың түбі жеңіп шығатыныңа Тұрар да, мен де имандай сендік. Сондықтан да абақтының ауыр тұрмысында, ауру-сырқаулы шағымда, қыздарымды сағынғанда (оларды менен бөліп, жетім балалар үйіне жіберген, ал ана үшін бауыр еті балаларынан бөлек тұрудың азабынан артық ештеңе жоқ, кейбір әйелдердің бұған шыдай алмай жынданып кеткені де болды), аш жалаңаш кездерімде бойға күш, дәтке қуат берген, өмірден үмітімді үздірмеген осы хаттар еді. Тұла бойыма дейін тінтіп, артық затғар алдырмаған шақтарда Тұрардың хаттарын жаттап ап, мінәжат қып оқитынмын. Осы күнге менің аман-есен жүруіме сол хаттардын сиқырлы шапағаты тигені рас, оған сенуің керек. Сондықтан оны неге жұртқа көрсетемін?! Саған да бермеймін, сұрап әуре болма!..
- Ең бақытты шағыңыз?
- Тұңғышымыз Сәуленің дүниеге келуі. Сондағы Тұрардың қуанғаның көрсеңіз?! Кремльдегі үйімізге Ә. Жангелдин, О. Жандосов, С. Сейфуллин, Қ. Сармолдаевтар келіп, қызымызға «Октябрьдің шұғыласынан болған перзент, аты Сәуле болсын!» деп ат қойған еді. Қайтейін, сол арыстай азаматтарды да «халық жауы» деді-ау...
- Өмірдегі ең қатты қиналған сәттеріңіз жайлы айтсаңыз?
- Қарағым, мен жоқшылықты көрмей өскен жанмын. Әке-шешем зиялы, оқыған білімді азаматтар болатын. Әкем Түбек Есенқұлов - Ұзынағаштың шапыраштысы, 1902 жылы Қазанның малдәрігерлік институтын бітірген, шешем Арифа Манейқызының да 4 кластық білімі болды. Әкем Алматыда, Бішкекте әскери дәрігер болып қызмет істеген. Өзім малдәрігерлік техниқумды бітірген соң Ләйла (Базанова) екеуміз 1929 жылы Алматыға малдәрігерлік институтка түстік, 1 курска 120 студент қабылданды. Онда институтка түскен қазақтың тұңғыш қыздары Ләйла екеуіміз ғана едік. Әрине, жоқшылық болса, бізді кім оқытады. Мұны айтып отырғаным, Тұрар ұсталып кеткен соң мен не көрмедім: тас еденді суық түрме, аш-жалаңаш күндер, былапыт сөздер, ен қиыны - бауыр етің - балаңнан айрылу. Мені түрмеге қамағанда Сәулем 3-4 жаста еді, ал Рита емшектегі кезі, Сәулені бірден жетім балалар үйіне бөліп жіберді. Титімдей қызылшақа нәрестемді иіскеп, барымды аузына тосып, жәудіреген жанарын, шырын былдырын қызықтап, құйтымдай саусақтарын сүйіп отырғанның өзі де үлкен бақыт екен ғой. Онсыз да нәзік, бүлдіршендей перзентімді бір жарым жыл емізген соң, көкірегімнен жұлып алып, жетімханаға өткізіп жіберді. Есім ауып үш күн жаттым. Сәбиімнің емгісі кеп, тамақ сұрап шыңғырып жылаған үні құлағымнан кетпей қойды. Шырт ұйқыдан да шошып оянушы едім. Кейде Тұрар түсіме еніп: «Ританың қарны ашып жатыр» дейтін. Өмірімнің әр күнін, әр сағатын қыздарымның тілеуін тілеуге арнағам. «Оларға жіберер нәубатыңды маған жұмса, олар аш, ауру болғанша, мені ауру, аш ет», - деп тағдырға жалбарынатынмын. Қазақта «көз жасы көлдей болды» деген сөз бар ғой, сол маған арналған сияқты, сол жылдардағы сағыныш көз жасымды жинаса, көл болар еді...
Осыған карамастан Тұрардан қалған тұяқтарды жеткізу үшін, оларға ақыл айту үшін аман болуға, денсаулығымды сақтауға тырыстым. Қыздарымның әкесі жоқ екендігін, енді шешесінен айрылса, тіреніштері мүлде болмайтының анық ұқтым. Әсіресе, әкесінің жау емес, адал патриот екендігі туралы ақиқатты менен басқа кім айта алар деп ойладым. Әкесін де, мені де жазықсыз қарғамасын деген парасатты ұғым ғана алапат күш берген болатын...
Жеңеше, әлгінде өзіңіз айттыңыз, «алғашкы институт түлегі едік, топта 120 студент болды, әрі бәрі де ер балалар, тек Ләйла екеуміз ғана қыз бала едік» деп. Сұрағым ауырлау тисе, ғафу өтінемін, пендешілік те шығар. Өзіңіз жас, ажарлы, сүйкімді екенсіз (күліп), Тұрар ағамыз анау-мынау қызға үйленбейді ғой. Ағаны «жау» деп ұстап әкеткен соң да Сізге өз тұрмысыңызды (осыншама азапқа бас тікпей-ақ) заман ыңғайына лайықтап «дұрыстауға» болар еді ғой, 26 ғана жаста жесір қалдыңыз. Сіздей білімді, зиялы қыздар аз кез. Сізді Тұрар ағадан басқа жігіттер сүймеді дегенге өз басым сенбеймін. Қазір де әдемісіз, ал ол кезде алаулаған от емес деп кім айтар?!..
Қу қыз! (Сәл жымиып алды). Мені тағы қай жакка жетелеп барасың?!
Жарайды, жауап берейін. Рас, инабатты, саналы, білімді қыздарды жек көретін жігіт жоқ. Бірде институтта оқып жүргенде бізді Пахтаралға мақта жинауға апарғаны бар. Өзің айтқандай, жаспын, түрім де нашар болмаса керек, комсомол ұйымының хатшысы, оқу озаты дегендей, несін айтасың, жалындап тұрған шағым. Жұмысты да жанымды caп істеймін. Сонда бірге оқитын Орақ Мәденов деген жігіт маған өлердей ғашық болды. Мақта жинау жарысында мен бірінші орынға ие болдым. Мәденов та менен қалыспаймын деп мақтасына тас салып, таразыға апарған жерінен ұсталып, оны бюрода қараған болатынбыз. Қайран жастық шақ!.. Көпшілік оны алдағаны үшін институттан қуды. Сол жігіт кейін оқуды Омбыда бітірді.
Тұрар ағаң ұсталған соң да: «Маған тұрмыска шық. Фамилияңды өзгертсең болды, қыздарыңды да менің фамилияма ауыстырсаң, бізге түк істемейді. Өзіне бұрыннан іңкәрмін, болашағыңды бақытты етуге тырысамын», - деушілер табылды. Бірақ мен Тұрардың көзіне шөп салудан, онсыз да жазықсыз жапа шеккен аяулы азаматтың атын, фамилиясын өшіріп, шаңырағын құлатудан артық қылмыс жоқ деп есептеймін. Халқы үшін отқа күйген есіл ердің аруағын сыйламау досқа таба, дұшпанға күлкі ету мен үшін өліммен бірдей. Бойымдағы осы адалдықты қыз кезімде-ақ аңғарса керек, Тұрар артымнан бір жарым жыл «жүгіріп» жүріп зорға үйленген, оның өзі бір үлкен хикая, - деді Әзиза жеңешем сәл езу тартып.
«Біз осылай қосылған едік…»
-Жеңеше, сұрауға батпай тұр едім, өзіңіз қозғадыңыз. Тұрар ағаммен қалай таныстыңыз?! Ол кезде қайда қызмет істеуші еді? Кейінгі ұрпақты ағаның арманы, сөзі, жүріс-тұрысы, тіпті киген киіміне дейін қызықтырары сөзсіз. Оны Сізден артық кім біледі? Өзіңіздің жастық шағыңыз туралы айта түссеңіз?! Шындығында, сол кездегі оқыған қыздардың ішінен ағаның тек Сізді ғана ұнатуында нендей гәп бар? - дедім мен кешеден бері көкейімді тесіп жүрген құпия, жұмбақ сауалдардың ілгегін ағытып.
- Е, е, қалқам, ол өмірімнің ең жарқын, інжу- маржан шағы ғой, - деп қалың ой құшағына ене отырып, әңгімесін жалғастырды Әзиза жеңешем,
- Абай атаң айтқандай, дүниеге келген адам мәңгі тұрмақ емес. Демі таусылған күні о дүниеге аттанады. Маңдайға жазылған қамшы сабындай қысқа ғұмырда адам баласының бақытты, қайғылы сәттері, қуанған, күйінген кезеңдері болады. Құдайға шүкір, менің арманым орындалды: Тұрар ақталды, қыздарым түгіл немерелерім де атасының фамилиясымен жазылып жүргенін мақтан тұтам. Жақсының аты өшпегеніне, ақиқаттың, шындықтың түбі салтанат құрғаныңа өте қуаныштымын. Дегенмен, маған біреу: «Бұл фәнидегі ең бір қимас, қызық, бақытты жылдарыңды ата», - десе, ойланбастан «Тұрармен танысып, Тұрармен семья құрған жылдар!» - дер едім. Айтпақшы, дәл сол үшін өмірімнің 20 шақты жылы түрмеде, қамауда өтпеді ме? - деді қабағын шыта мұңайып.
- Жеңеше, негізгі әңгімеге көшейікші, - дедім мен асығып, - Қойған сауалдарыма жауап ала алмай қалам ба деп қорқып отырмын. Уақыт өтіп барады, кісілер келіп, Сізді ертіп кетуі ықтимал ғой...
- Жо-жоқ, ағаңмен қалай танысқанымды айтпай, ешқайда қозғалмаймын, қорықпа, - деді Әзиза нық дауыспен. - Менің шешем Арифа мен Ләйланың (Базанова) шешесі Рабиға бір туған, апалы-сіңілі кісілер. Әкелері приказчик екен, Пржевальский жақта Қарақолда тұрған. Ләйла екеуміз 1929 жылы малдәрігерлік институтка түстім дедім ғой. Кейін оқыған қыздар көбейді: Люся Аспандиярова, София Сейдалина, тағысын тағылар. Бізді жігіттер аса құрметтейтін, сыйлайтын. Бірде біздің семьямен араласып тұратын Алматы темір жолының инженері Мұхамеджан Тынышпаев (1890 жылы «Верный» гимназиясын М. Фрунземен бірге алтын медальмен бітірген жігіт. Петербургтегі I Александр атындағы жол қатынасы инженерлері институтында оқыған, кейін репрессияның құрбаны болды) деген кісінің үйінде Т. Рысқұлов, О. Жандосов, Ә. Жанкелдин, Қ. Сармолдаев бәрі қонақта отырғанда жолдастары Тұрарға «Жасың 34-ке келді, бір қазақ қызын тауып берейік, үйлен», - деп қолқа салады. Тұрар: «Қолымда ұлым бар, мені түсінетін қыз табыла қояр ма екен?» - депті мұңайып. Мұхамеджанның біз құралпы Ескендір деген баласы: «Аға, оның жарасы жеңіл, Алматыда не көп, оқыған қыз көп. Альбомдағы қыздардың суреттерін қарап, біреуіне жіп тағыңыз, мен таныстыруды мойныма аламын», - деп альбомын жайып тастайды. Бәрі күлісіп суреттерді қарай бастайды. Он шақты қыздың арасынан Тұрар мені көрсетіп: «Осы қызбен таныссам қалай қарайсын?» - дейді...
Ол кезде ешнәрседен бейхабармын, 1 курсты тәмамдаған соң, практикада Көкшетауда жүргем. Ләйланы орыс қолхозына, мені қазақ ауылына бөліп жіберген болатын. Комсомол ұйымының хатшысымын. Қоллективтендіру кезеңі, жұмыс деген бастан асады. Бір күні Алматыдан Ескендірдің: «Тосып ал!» деген жеделхатын алдым. Жүрегім зу ете түсті, себебі әкем көптен бері сырқат болатын. «Ойпырмай, тірі болса жарар еді, жағдайы қалай болды екен?!» - деп, қорқа-қорқа вокзалға жеттім.
Вокзал маңы у-шу, «Бір бастық келе жатыр, соны күтіп алуымыз керек», - деп жүгіріп жүрген халық. Онда шаруам жоқ, жүрегім лүпілдеп мен тұрмын. Міне, бәріміз күткен пойыз да келіп жетті. Ескендір мені анадайдан көріп, вагоннан секіріп түсті. Әкемнің хал-ахуалын сұрап, мамамнан хат ала келген екен, соны оқып, мәре-сәре боп қалдым. Біраз уақыт өткен соң, менің көңілімнің жайланғаның байқаған Ескендір: «Әзиза, осы пойызбен кім келгенін білесің бе? Оны мен ертіп келдім», - деді мақтанышпен, «Жоқ. Жұрт әйтеуір бір бастық келеді, деп әбігерленіп жүр ғой», - дедім мен. «Тұрар Рысқұлов! Оның сенімен танысқысы келеді», - деді Ескендір бірден төбемнен қойып қалғандай етіп. Екі бетім ду ете түсті. «Әкем болса ауру, ал, менің оқуым керек, қарай гөр мына Ескендірдің қуын, ата-анамнан хабар әкелген дос па десем, жеңгелікке жүр екен ғой», - деп жыным ұстап кетті. «Келсе, қайтем?! Онда жұмысым жоқ. Ал, менің танысқым келмейді. Керек емес. Қазір үйге бармаймын, жұмыстарым көп», - деп аудандық комсомол комитетіне кетіп қалдым. Онда 1-2 сағаттай болып, үйге келсем, олар үйде екен. Екеуі столдың екі жағында отыр. Көгілдір плащ пен көгілдір қалпақ киген орташа бойлы, қараторы ер кісінің тесіле кқараған салмақты, отты жанарынан именгендей бүкіл денемде майда діріл пайда болды. Ғазет-журналдардан атын, фамилиясын жиі кездестіретін, көпшілік көсем тұтқан ірі тұлғаны өз үйімде, от басында дәл осылай жолықтырам деп үш ұйықтасам түсіме кіріп пе? Сол кездегі комсомол қыздардай шашым қысқа, аяғымда етік, үстімде арнайы тігілген қоңыр сарғыш костюм, басымда кепка.
Мен сәлемдестім, Ескендір: «Тұрар аға комсомолдың жағдайын сұрап білгісі келеді», - деп бізді таныстырып, өзі шығып кетті. Тұрар Алматыдан менің есеп карточкамды ала келген екен, соны берді, комсомол жұмысы жайлы көбірек сұрады. Артық ешнәрсе айтқан жоқ. Біршама уақыт әңгімелестік. Мен өзімнің арам, үркек ойыма ұялғандай болдым. Ескендір фотоаппаратын әкелген екен, далаға шығып суретке түстік. Олар қоштасып, қайтып кетті. Бұл жайлы ешкімге тіс жармадым. Тек бүгін өткен күннің шытырман оқиғаларын көз алдымнан өткізіп, Тұрардың салиқалы, дана сөздерін еске түсіріп, төсекте үнсіз күлімсіреп жатырмын. Содан 3-4 сағат өткендей уақытта есікті біреу қақты. Қарасам жаңағы екеуі. Ай жап-жарық. Есікті аштым. «Пойыз түнгі 12-де жүреді екен. Егер айып етпесеніз Сізбен тағы біраз далада әңгімелессек», - деді Тұрар. Есіктің алдындағы беседкада отырып екеуміз тұңғыш рет ұзақ сөйлестік. Мен қаншама тартқыншақтап, салқындылық танытайын десем де Тұрардың биязы, жұмсақ үні, терең білімділігі, ақыл-парасатқа толы от жанары бір сиқырлы күшпен өзіне баурай берді. Тіпті оның жүріс-тұрысы, отырысының өзінен асқан зиялылық, жоғары мәдениеттілік лебі есетін.
Әзиза, алтын уакытыңызды алып тұрғаныма кешірім сұраймын. Мені ел басшысы деп есептемей, туған халқымның білімді, мәдениетті болуын көксеген өзіңізге ұқсас бір пақыры деп қана ойлаңызшы... Қазақ қыздарының біліммен сусындап, орыстың София Ковалевскаясы секілді Европаға, әлемге танылуын шын жүректен армандаймын. Шебер, іскер, ақылды, парасатты қыздар қазақта аз ба?! Олар да біліммен қаруланса, араларынан небір талантты, даңкты ғалымдар, жазушылар, композиторлар, әнші, биші, дәрігерлер шығар еді. Шіркін, сол күндер ертерек туса?! Бірақ бәрі қыздардың өздеріне, білімге құмартуына байланысты болып тұр ғой...
Қыздар оқымай қойса қайтесіз? - деймін әзілдеп.
- Неге оқымайды?! Оқыту керек! Мысалы, Сіз оқып жүрсіз ғой. Өзініздей жап-жас, әдемі, ақылды қыздар ғылым жолына түссе, қандай ғанибет?! Рас, Алматыда бар екен, оған қуаныштымын. Ал, Мәскеуде мүлде жоқ. Әзиза, Сіз Мәскеуге келіңіз! Мәскеуде оқыған тұңғыш қазақ қызы боласыз. Өзім көмектесем, - деді даусы сәл дірілдеңкіреп.
- Басқа қыздар оқысын...
- Дұрыс. Олар да оқысын. Сіз үгіттеп, бәрін ертіп келіңіз. Болашақ ұрпақтың алғысына бөленесіз. Шын айтам...
Тұрар тұнжырап, үнсіз қалды. Мен атағы қазақ даласында жұлдыздай жарқырап тұрған үлкен азаматпен, яғни РСФСР халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасарымен сөйлесіп отырғаныма енді ғана мән бере бастадым.
- Аға! Қазақтың қай қызы оқығысы, бақытты болғысы келмейді дейсіз. Бүгінде бостандық шуағын сезіне бастағанымен, қараңғы, ескі әдет-ғұрыптың шынжырын бірден үзу оңай ма?! Кейде қысқа жіп күрмеуге келмей, небір аяулы құрбыларымның ауылдан аттап шыға алмай, от басы, ошақ қасында жүргені маған да батады, - дедім ағымнан жарылып.
Міне, бұл ақыл сөз! Қазақ қыздарын оқыту керек! Әзиза, Сізден көптен-көп өтініш, Мәскеуге оқуға келіңізші?! Сіздің орныңыз сонда, тек Мәскеуде оқуыңыз керек, - деді ол қолын білегіме салып. Мен өте шапшаңдықпен білегімді тартып ала қойдым. Бүкіл денемді тоқ соққандай әсер қалдырды, маңдайым тершіп шыға келді. Құдай оңдап, оны Тұрар сезген жоқ. Қоштасарда адресімді сұрады. «Біздің пікір-таласымыз әрі қарай жалғасуы үшін», - деді күліп. Сөйтіп түнгі 12-де олар жүріп кетті...
Содан менің практикам аяқталғанша Тұрардан күнде хат алып тұрдым десем, жалғаны жоқ. Баяғы өзің сұраған махаббат хаттары басталды. Мені көргеннен ұнатқаның, шын сүйетіндігін, тағы да кездескісі, көргісі келетінін айтады. «Менің сорлы інкәр жүрегімнің лүпілі Сізге жетер күн туар ма?!.. Аршыған жұмыртқадай аппақ жүзіңді алыстан болса да бір көрсем деп армандаймын... Әзиза, көп өтініп сұранам, Алматыға Мәскеу арқылы барыңызшы... Қорықсаңыз, дос қызыңызбен бірге келіңіз, жолыққым келеді, тосамын», - дейді хаттар. Мен, әрине, олай еткем жоқ. Алматыға тіке тарттым, үйге келсем, әкем қайтыс болыпты, асқар тауым құлапты. Бейшара әкем көз жұмарында: «Әзиза бой жетті, құтты жеріне қондыра алмай барам, бағы жанса екен, жақсы адамға беріңдер», - деп табыстапты. Әбден қайғырдым.
Тұрар да естісе керек, Алматыға келді, бізге көңіл айтты және үйге күнде кеп тұрды. Менің мұң-шерім серпілсін дей ме, бір-екі рет қаланы аралауға шақырды, хаттарына жауап күтетіндігін айтты. Мен үнсіз қалдым. Ол қайтып кетті. Кейін тағы да бір рет командировкаға келгенде, мені тауға апарды, маңдайымнан, көзімнен ұзақ сүйді. Таудың етегіне дейін мені алақаныңа салып, балаша көтеріп алып жүрді. «Шаршайсыз, жіберіңіз», - деп бұлқынсам, «Өмір бойы осылай көтеріп өтуге бармын», - деп түсірмейді.
Жанарымды көтеруге жасқанып, ұяттан өртеніп алабұртып үйге қалай жеткенімді білмеймін. Кешке анама сыр ашып, Тұрарға сөз бергенімді, оны жақсы көретіндігімді айттым. Сорлы шешем астан-кестен боп қатты ашуланды. «Сенен 16 жас үлкен! Әрі баласы бар, өмір көрген адамның саған қажеті қанша?! Он екіде бір гүлін ашылған жоқ. Өзің теңдес жас жігітгер құрып қалды ма?! Әлде... әккі жігіт алдап қолға түсіріп қойды ма?!» Ай, кетті дейсің тоқтар емес...
Сонымен, ертесінде сөзімді Тұрардан қайтып алдым. «Сізді сүймеймін, үйленгім келмейді, жаспын, оқимын», - дедім. Тұрар мені оқытатының айтса да, тыңдамай қойдым. Ешнәрсе түсінбеген Тұрар жаман мұңайып, шөгіп кетті. Бірақ, сонда да ол бір жыл бойы қайда жүрсе де маған орысша, арабша сүйіспеншілік хаттар жазумен болды. Оның әр хаты, әр сөзі пәк сезім шапағатымен сәуле шашып тұратын. Мұндай мөлдір махаббат суреттелген хаттарды жырту күнәмен бірдей. Сусыз, ауасыз өмір сүре алмайтының сияқты, оның жан жүрегі езіліп жазған сыршыл хаттарын жауапсыз қалдырсам да, ішімнен жаза берсе екен, хаттары келе берсе екен, деп шын тілейтінмін. Тұрар інім Рашидті Мәскеуге апарып, оқуға түсіріп, қолына тұрғызды. Бұл игі әрекетін мені басынғандық деп түсініп, намыстанып, Рашидке: «Сатқын», - деп қатты ренжідім. Енді Тұрарды мүлде ұмытуға, хат жазбауға, хабарласпауға бекіндім. Пахтааралда жұмыста болғанымыз жайлы саған айтып ем ғой, сонда жұмыс істеген 21 студентті аудандық комсомол комитеті Мәскеуге экскурсияға жіберген болатын. Ішінде, әрине, мен де бармын. Мен хат жазбағаныммен С. Сейфуллин, Қ. Сармолдаев сияқты достары Тұрарға мен туралы үнемі хабарлайтын көрінеді. Мәскеуге жүрер алдында Тұрардан тағы хат келді. «Әзиза, сен жақтан жылы самал соқса деген үмітпен таңдар атып, күндер батуда. Бәрі саған байланысты боп тұр ғой... Жаныма қатты батса да, сенің айнымалы мінезіңді жастығыңа балап жүрген жайым бар. Сүйіктім, біздің тұрмыс құруымызға менің ұлымның титтей де кедергісі жоқ. Ол өсіп келе жатыр, бізге еш байланбайды. Тек оны оқытып, ел қатарына қосу керек. Ал, мені мүлде сүймесең, онда сөз басқа. Сені Мәскеуге келеді деп естідім, өтінерім үйге соқ. Мен дачада боламын, Рашид екеуің бірге тұрасыңдар», - деп жазыпты. Тәкаппарлығым ұстап, «Иә, барамын! Өлсем де бармаймын!» - дедім іштей қатты бекіп.
Белгіленген күні жолға шықтық. Жолдан станциядан балмұздақты көбірек жеп қойдым ба, тамағым жаман ауырды. Тіпті температурам 39 градусқа жетті. Пойыз Мәскеуге келді. Тұрар Рашидті машинасымен жіберіпті. Інімнің жалынып өтінгеніне қарамастан, жолдастарыммен жатақханаға кетіп қалдым. Жатақханаға келген соң да орнымнан тұра алмадым. Студенттер дәрігер шақырған екен, мені дереу емханаға жеткізді. Бір аптадай жаттым. Тұрар Рашид екеуі күнде келіп тұрды. Мұзбын, жылыр емеспін. Бір күні мені емханадан шығарды. Тұрар: «Мен дачада болам, Рашид екеуің үйде тұрасыңдар», - деді. Не істерімді білмедім. Жолдастарым кетіп қапты. Алматыға жүріп кетуге әлсізбін, әрі ақшам да шамалы. Ызаланып жылап жібердім. Амал жоқ, Тұрардың Кремльдегі үйіне келдім. Ол бізді үйіне жеткізді де, өзі дереу дачасына кетіп, сонда тұра бастады... Сөйткен Әзиза өз еркімен сол үйде, Тұрар ағаңның босағасында мәңгі қалып қойды, - деді жеңешем әңгімесін аяқтап.
Табысу
- Жеңеше, ең қызықты жерін шолақ қайтарма ңызшы?.. Бізге сол Тұрар ағамен қайтіп тіл табысқаныңыз керек боп тұр ғой, - деймін қиылып.
- Қу қыз! Бәрін білгің келеді, ә... Қой, айтып құтылмасам болмас. Бұл қайын сіңілім қадалған жерінен қан алатын түрі бар...
Сәл жымиып күліп алды да, әңгімесін жалғастыра бастады.
- Мен үйге үрке-үрке зорға кірсем, үлкен төрт бөлме қаңырап бос тұр. Түсте Тұрардың баласы Ескендір мектептен келіп, тамағын ішкен соң сабағын даярлауға кірісті. Бет тұлғасы, әсіресе, көзі Тұрардан аумайтын жас шамасы 9-10-дарға кеп қалған, ұзын бойлы, нәзік денелі қағылез қара бала маған бірден бауыр басып кетті. Мен қандай үй шаруасымен айналыссам да, томпаңдап жәрдемдескісі келіп тұрады. Таңертең Рашид екеуі оқуға кетеді, мен тағы да жалғыз қалам. Ішім пыса бастады. Тұрардың кітапханасынан кітаптар алып оқуға кірістім. Миыма ешнәрсе кірер емес, ойым астаң- кестең, Тұрар үйіне мүлде келмей қойды... Тек кешке қарай телефонға ұлын шақырып алып, сонымен ғана ұзақ сөйлеседі, ішкен тамағы, оқуға дайындалғаны, үйде қандай жұмыспен айналысқаны жайлы қадағалап сұрап тұрады. Еденді жуып, шаң-тозаңды сүртіп, гүлдерге су құю керектігін айтып, еңбекке баулып жатады.
Маған ұлынан сәлем айтып, денсаулығымды күтуімді, еш нәрсеге алаң болмауымды, жақында оқуымды Мәскеуге ауыстыратының, мүмкіндігі болса тәуір пәтер тауып, Рашид екеумізді көшіретінің, әзірше іздестіріп жатқаның айтады. Баяғы өліп-өшкен ынтық хаттардың иесін мүлде жоғалтып алған сияқтымын. Сондай салқын қанды. Кейде киім ауыстыруға, керекті кітаптарын, құжаттарын алуға келгенде де біреу қуғандай асығыс, тез кететін. Онда да тек ұлы бар кезде ғана келіп, Ескендірді сағынып қалғандай құшақтап, аймалап, еркелетіп кішкене кідіретін. Сөйтіп, мен Тұрардың үйге тек ұлын көру үшін ғана келетінін анық аңғара бастадым.
Бөлмелерді мұңтаздай жинап, баласының киімдеріне дейін тазалап, түрлі дәмді тағамдар даярлап, осынау қиын да күрделі қызмет атқарып жүрген, өмірі трагедияға толы болса да, қабағын шытпай өзін бір қалыпты салмақты ұстайтын ер азаматтың қас қабағына қарап, ең болмаса үй жайын ойлап мазаланбауын шын тілеп әрекеттенуім нен түк шығар емес. Оншақты күн өткен соң Тұрар телефон арқылы жақсы бір үй табылғаны жайлы хабарлады, маған машина жіберетінін, барып көруім өте қажет екенін айтты.
- Жарайды... Бірақ Ескендірге арнап түске мәнті істеп жатыр ем, бәлкім, келіп бізбен бірге ең болмаса соңғы рет тамақ ішерсіз... - дедім өзімді өзім зорға меңгеріп. Деуін десем де, телефонды лақтырып жіберіп, еңіреп ұзақ жыладым.
Тұрарды шын жақсы көргенімді сездім, оның биікке самғап еркін ұшуы үшін бар жағдайды туғызатын үйінде қамқор адал жары болуы керектігін іштей ұқтым. Аты әйгілі, аузына дүйім жұртты қарататын асқақ ойлы азаматтың иығындағы жүгін жеңілдету тек менің маңдайыма жазылған болар, бәлкім? Әлде өзіне лайықты өзге жан тапты ма екен?..
Сол екі арада Тұрардың өзі де кіріп, жылағанымды көріп шошып кетті. Мені құшағына тартып, шашымнан сипады. Қолын қағып, итеріп жатырмын.
Жақындамаңыз... Мені жек көрсеңіз неге құшақтайсыз? Үйіңізге неге әкелесіз? Енді неге қуасыз? Өз үйіңізге неге қонбайсыз?.. Кіммен жүрсіз?..
Әйтеуір, жылап тұрып не айтқаным есімде жоқ. Тұрар мені қайта-қайта құшып: «Әзиза, сені өлердей жақсы көретінім рас. Бірақ сен бүп-бүлдіршін, жап-жассың. Әрі анаң да маған беруге қарсы. Менің бүкіл өмірім шытырман қиыншылықтан құрылған. Бүгін тәуір болғанымен ертең ауыр болуы ғажап емес. Ел деп еңіреп жүрсем де, дұшпандарым көп. Сені жанып тұрған қып-қызыл отқа қалай итерем?!.. Бірақ босқа қызғанбашы. Сенен басқа ешкімім жоқ. Ол пәтерге барғың келмесе, өз ықтиярың білсін, осында тұра бер. Оған мен қуаныштымын, тек саған зорлық жасағандай болмайын», - деді салмақты сөйлеп.
- Мені шын жақсы көрсеңіз, бізді қуманыз...
Тұрардың қуанышында шек жоқ. Мені әбден аймалап, мейірлене сүйді де:
- Әзиза бикеш, анаңды шақыртайық, ақ батасын алайық, содан соң ғана үйленеміз, - дегенді кесіп айтты.
- Бүгін шақыртайық!
- Жарайды, - Тұрар қалтасынан қойын кітапшасын алды да бір парағына әлденені жазып маған ұсынды: «Есіктің алдындағы машинаға мініп, мына қағазды Түрксиб бастығы Ивановқа көрсет, қазір Алматыға телефон соғам. Кешкі пойызбен Арифа әни (татарша ана деген сөз) құдай қаласа Мәскеуге карай шығып қалар.»
Бұл қағазды да Әзиза жеңешеміз жоғалтпай сақтаған екен, бүгін де аудандық мұражайда ілулі тұр. Онда мынандай сөздер жазылған:
«Нач... Турксибатов. Иванову.
Ув., товарищ!
Очень прошу Вас, если можно, устроить едущих из Алма-Аты членов моей семьи в каком-нибудь туркестанском служебном вагоне, направляющим в Москву.
Р. С. Ф. С. Р. заместитель председателя Совета народных коммисаров Т.Р. Рыскулов. Москва, Кремль».
Бір парақ кағазға жазылған осы сөздердін айналасында мұражайға келушілер көбірек тұрады. Ол түсінікті де, біріншіден, бұл Тұрар ағаның өз қолымен жазылған түп нұсқа жазу болса, екіншіден, ағаның қандай қарапайым, кішіпейіл екендігін байқатып тұрған жоқ па. Өзінен шені көп төмен кісіден қиылып өтінуінің өзі үлкен парасаттылық емес пе?.. Әкімгершілікті жек көретіндігін тайға таңба басқандай анық айтып тұрған жоқ па ?
Сонымен анамды күтіп алдық. Пойыз бастығы өзін ерекше құрметпен Мәскеуге қалай жеткізгенін жырдай етіп айтып байғұс анам мәз. Жарты айдан бері Тұрардың үйінде тұратынымды естіп:
Тұрар, қарағым, бұларың не? Қызымды тектен тек күйеуден шықты деген атқа қалдырмақсың ба? Ертерек үйленіңдер, - деді күліп. Тұрар қызарып: «Апа, қызыңызды кім алса да, пәктігіне шүбәланбайды. Әзизадай жары бар жігітте арман болмас... Бұралаң тағдырымды ойлап, не әкесі, не шешесі жоқ тұлдыр жетім Тұрарға Арифа ханым қызын бере қояр ма екен деп қауіптенгенім рас. Ұлыңыз бен қызыңызды оқуға түсіріп, орналастырсам, оған ақы тілеп отырғаным жоқ. Менің қызметім осындай. Қолдан келгенше халыққа, адамдарға қамқорлық жасау. Ал, мені өмір есейтіп, біраз шыңдады ғой!.. Қызыңыздың бақытты болуын Сізден кем тілемеймін, содан да шығар гүліңізді үзуге қимадым», - деді мұңайып.
Алабұртып ұяттан өртеніп тұрсам да: «Тұрар, сізбен от пен суға түсуге бармын» - дедім мен жалма-жан. Апам маған жалт қарады да: «Қарағым, Тұрар. Неге тұлдыр жетіммін дейсің, сенің әкең мен шешең өкімет пен партия емес пе? Өкімет пен партия аман болса, перзенттік парызын адал атқарып жүрген өзіңдей ақылды, алғыр азаматтын басы жерге иіле қоймас. Күллі қазақ даласына билігің жүріп, талай азулы арыстандардың тісін қаға білгенде, менің кішкентай шикі өкпеме қалай әлін жетпегеніне таңым бар. Қой, үйленіңдер, бақытты болыңдар, Шаңырақтарың шаттыққа толсын, аумин!» деді шын пейілмен. Сөйтіп, менің бар ғұмырыма шұғыла шашып, жарығын түсірген махаббат, қызық мол күндер басталды, - деді Әзиза.
Тұрардың тұяқтары
Жеңеше, Тұрар ағаның жалғыз ұлы Ескендір туралы бірер сөз айта кетсеңіз. Одан ұрпақ бар ма?
Қалқам, Ескендір де әкесіне тартқан жанып тұрған от еді ғой. Сабаққа да зерек, аңғарымпаз, ақылды боп өсіп жатқан. Қас-қабақтан ішкі ойынды тани қоятын сезімталдығын әкесі де аса бағалайтын. Тұрар ұсталғанда 15-16-лар шамасында болатын. Жайшылықта момындау, үнсіз тұйық баланың Тұрарды жанындай жақсы көретінін кім білген. Ол әкесін «халық жауы» дегенде қандай ашуланды десеңізші. «Менің әкем жау емес! Жала! Әкемдей адал адам жоқ! Алдайсыңдар, өңшен өтірікші, су- айттар!» - деп шыңғырып жылаған құлын даусы әлі құлағымда. «Әкемді «жау» дегендерді өлтірем» деп, милиционерлерге, тергеушілерге тап-тап беріп алас ұрғаны да көз алдымда. «Қой» деп қанша айтсақ та көнбей қойды. Айқайлап, есікті тепкілеп, қарауылдарды, тергеушілерді боқтап мазасын ала берген соң жеке камераға қамап тастаған. 7-8 айға жеткізбей баланы өлтіріп тынды. «Суық камерада өкпесіне суық тиіп, ауырып өлді» дей салды. Ал, негізінде, әкесінің адалдығын, оны қамаушылар шетінен қанішерлер екенін ұрса да қоймай айқайлап айта берген сон жендеттер аясын ба, атып тастапты деген де сөз бар. Шындыққа кім жетіпті?..
Неткен қатыгездік! Қыршын жастың қиылғаныңа қабырғалары қайыспаған екен-ay? Бәлкім тірі болғанда Ескендір де әкесіндей халықтың қалаулы ұлы болмасына кім кепіл, - деймін мен шын күйіне.
Ойбай, олар нағыз тас жүрек қой! Өткір қылыштай ащы тілімен шындықты беттеріне шыңғырып басқан жасөспірім Ескендір тұрмақ, 3-4 жасар қызы Ританың көрген қорлығын естігенде жынданып кете жаздағаным бар...
Немене, титімтай Ританы да ұрып-соққан ба?!
- Жоқ, ұрғаннан жаман. Ританың шашы да әкесінің шашындай көмірдей кара, қайратты, қап-қалың еді. Екі жасқа дейін қайшымен жиі алып, жуып, тарап тұратынмын. Қорлықты сол шаштан көрді ғой. Жетімханаға апарған соң «халық жауының» қызына кім дұрыстап қарасын. Бәрі де үркіп қалған. Бәлкім, содан да шығар... мүлде жуылып, таралмаған шаш киіз боп бітіп, биттеп кетеді. Жас сәби қыши берген соң қаси бермей ме. Әрине, қаси берген соң бастың терісі қанайды. Жаз болса ыстық, оған шыбындар үймелеп қонады, одан құрттайды, оған қарап жатқан ешкім жоқ. «Кейбір жас қыз балалардың басы құрттап, кеулеп миына түсіп кетіпті» дегенді жақын ағайындарымыздың әйелі естіп, барып көрсе, Ританың басы да осылайша құрттап кетіпті. Әлгі әйел Ританың шашын алып, жуып, дәрілеп, қасында 3-4 күн болады. Үйіне ертіп кетейін десе қызды жібермейді. Маған осы жайлы қинала хат жазыпты. Айқайлап жылап тұрып, арызымды алып, түрме бастығына бардым. «Әкесін көрмек түгіл естімеген жас нәрестенің жазығы не? Қызымды дереу басқа жетімханаға, атап айтқанда, Ресейдің бір бұрышына ауыстыруыңызды талап етемін. Өйтпесеңдер Мәскеуге, Сталинге, Қазақстанның ЦК-сына жаза берем, жаза берем. Өзіме бүгіннен бастап аштық жариялаймын. Перзентім өлсе маған да тіршіліктің қажеті жоқ, обалымыз сендердің мойындарыңызда!» деп ашына айттым. Бір апта тамақ ішпедім. Басым айналып жүруден қалдым. Содан кейін ғана Ританы басқа жетімханаға, Тамбовқа ауыстырды. Соны естіп көңілім әжептеуір көтеріліп қалды. Ританы көруге барған туыстарымнан қызымның жағдайы оңалғаның хабарлағанда, төбем көкке жеткендей тіпті қуандым... Е-е, шырағым, жеңешең не көрмеді дейсің? Ондай қаралы күндерді досым түгіл қасыма да тілемеймін...
Әзиза жеңешем тағы да көпке дейін үнсіз отырып қалды. Бөлме тыныштығы бұзылмағанымен, оның көз алдынан Ақмола, Қарағанды түрмелеріндегі қапалы күндер тізбегі өтіп жатқаны ақиқаттын. Еңсеңді басқан ұсқынсыз аласа барақ үйлер, жарқылдай күлуді ұмытқан мұңлы жүздер, тіршіліктен күдер үзген үмітсіз жанарлар, кінәсіз күйген, касіреттен ерік-жігерлері мұқалып тозған мүскін-бейнелер... Жастық шағы Пржевальск жақтағы Қарақолда өткен, төрт жылдық білімі бар Арифа апай да Әзизадай қыз туғаны үшін-ақ 8 жылға кесіліп кете барғаны ақылға сыйымсыз болса да шындық еді. Жоғары білімді әскери дәрігер қызметіндегі қазақ жігіттің бақытты әйелі, күйеуі қайтыс болғаннан кейін 7-8 жылдан соң күйеу баласы Т. Рысқұлов үшін «халық жауының енесі» ретінде сотталыпты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қартайған шағында әр күні азапқа толы түрме лагеріне тап болды. Табиғаты тамаша Қырғыз жеріндегі биік таулардың баурайында асыр салып, еркін өскен Арифа апай приказчик Манеевтың қызы болғанымен қарапайым, еңбеккор, ақылы терең, адамгершілігі мол, ізгі ниетті жан еді. Тал бойындағы сол асыл қасиеттерін Әзиза, Рашид, Шамил, Надия сияқты ұл-қыздарына дарытқан, адалдық пен пәктікті бүкіл ғұмырының туы еткен абзал ана 1945 жылы босануға бір-ақ жылдай қалғанда түрмеде қайтыс болған.
Шамалы үнсіздіктен кейін Әзиза жеңешемнен Арифа жайлы кеңірек айтуын өтіндім.
Мен 1939 жылдың 9 көкегінде, ал Арифа ертесіне 10 көкек күні түрмеге қамалды. Қалқам, сен де перзент сүйіп отырған анасың ғой. Дүниеде анаға теңесер ештеңе жоқ. Бұрынғылар «Анаңды Меккеге үш рет жаяу көтеріп апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деп бекер айтпаған. Шындығында жолда кездесер асқар тау, биік шың, құмды шөлейіт, түпсіз терең өзен-көлдерден азық-түліксіз анасын арқалап ешкім өткізе алмас, сондықтан да айтқан шығар. Иә, бар дәмдісін аузыңа тосып, ыстығына күйіп, суығына тоңатын мейірбан жүректің аялы алақаның аңсамайтын адам болмас. «Адамға баладан гөрі немере тәтті» деген рас екен.
Арифа анам Сәулені жанындай жақсы көруші еді. Немересін құшақтап отырып, татар, қазақ әндерінен небір бесік жырларын тамылжыта шырқайтын. Жас шағымызда Надия екеумізді көп жұмсап, сирек еркелететін салқын қанды анам Сәулені ұйықтағанда болмаса, қолынан түсірмей, әлдилеп, үстіне қыл жуытпай аялап, өбектеп отыратын. Содан да шығар, Сәуле сегіз айлығында-ақ қаз-қаз тұрып, жүріп кетті. Әжесінің исі әбден сіңген бе, Сәуле ұйықтап жатқанда да әжесін іздейтін, жоқ болса жылайтын. Тұрардың туған қарындасы Түйметай көтерсе де, тіпті, Тұрар екеуміз алдымызға алсақ та әжесіне қайта-қайта ұмтылып, жау қолына түскендей, шыр-шыр етіп қашатын. Оған сорлы анам балаша мәз болып қуанушы еді. Көзінің ағы мен қарасындай ыстық немересінен ажырау қабырғасын қайыстырып жібергені хақ. Есеңгіреп, ақылынан шатасқандай мен-зең күйде жүретін. Мен титімдай Ритамды құшып, сүйіп, емізіп отырғанымда жанары жасаурап Сәулесін сағынып отырғаның талай байқағам. Сондықтан іштей езіліп тұрсам да, Сәулемді оның көзінше қызым деуге аузым бармайтын. Бізге айына бір рет қана хат жазуға рұқсат берілетін. Мен қаншалықты қызыма хат жазғым келіп тұрғаныммен, анамды аяғандықтан, қас-қабағына қарап, Сәулеге оның хат жазуын өтінетінмін. Одесса облысындағы Дубки селосындағы жетімханадағы немересіне хат жазу әни (ана) үшін үлкен мереке еді. Ол сол күннін тез келуін сарғая күтіп, санап отыратын. «Енді осынша күн қалды» деп айдың аяқталуын асыға тосатын. Сәуле жақтан келген әр хабар, хатты құрандай қастерлейтін. «Түрмеден шыға саласыммен, ешкі сатып алып бағамын, саған оның майлы сүтін ішкіземін, Әлі-ақ қаймақ беретін болам, құлыным, Сәуле» деп жиі жазатын.
Ал мен Рашидке (ініме), оның әйелі Саидаға хат жазып, Сәулеме жиі барып тұруын, киім-кешек, тамақ апаруын, мүмкіндігі болса, қолдарына алуын, дұрыстап оқытуын үнемі қайталап өтініп, жаза беретінмін. Сөйтіп, екі жылдан соң, Сәулем жетіге шыққанда, інім мен келінім қолдарына алып, бірінші класқа апарды. Оған анам екеуміз қандай қуандық десеңізші! Бірақ біздің қуанышымыз ұзаққа созылмады. «Халық жауының» қызы, әрі фамилиясы Рысқұлова болған соң, Мәскеуде оқу Сәулеге оңай тиген жоқ. Сондай алғыр, зерек, зейінді оқуын «5» пен аяқтаған қызым бір жылдан соң қайтадан Челябинск облысы, Чесик селосындағы жетімханаға ауыстырылды. Енді өзі де әріп танып, сауаты ашылған қызымыздан жиі хат алып тұрдық.
- Жетімхана түрмеден дұрыстау шығар, мектебі, асханасы бар дегендей...
- Қайдан жақсы болсын?! «Бөгденің берген балынан, ананың жегізген қара наны артық» демеуші ме еді. Аштықтан, аурудан қаншама бала көз жұмды...
Айтпақшы Сәуле Оралда жүргенде, Рая Көребаева деген дос қызы екеуі аштықтан өсіп тұрған піспеген күнбағысты үзіп алып, жасырын шикідей сүтін сорыпты. Содан екеуінің де іші бүріп қатты ауырып, қан өтіп, Рая қайтыс болады. Ал, Сәулеге бір орыс әйелі сүт әкеліп беріп ішкізіп, әупіріммен жаны қалып жазылыпты. Әжесінің ақылымен талай рет асханаға аспаздарға барып, картоп тазалауға көмектесіп, қалған-құтқан тамақпен тойғызатынын да айтып жазатын...
Менің малдәрігерлік білімімнің пайдасы тиіп, 1942-1947 жылдары Қарағанды түрмесінде мал дәрігерлік қызметін атқардым. Тамақ, дәрі-дәрмек те табылып тұрды. Бірақ, ауру анамды ажалдан арашалау қолымнан келмеді. Жүйкесі тозған қайғылы қарт әйелге сүйікті немересінің ауырғанда жазған хаты қатты әсер етіп, морт сындырған еді. Бірде қышыма болып ауырып, үсті-басына жара қаптап, қызуы жоғарылап, тамақ ішпей жатып қалған соң 9-10 жасар Сәулені адам болмайтын шығар деп ойлап, кешке қарай подвалдағы қатты аурулар мен өлген балалар жатқан бөлмеге апарып тастапты. «Түнде үлкен тышқандар айналамда қаптап жүрді, мені жеп қояды екен деп таң атқанша кірпік ілмей зәрем қалмай қорықтым. Ертесіне басқа бір ауру баланы алып келген тәрбиешіге жалынып сыртқа шықтым. Қазір тәуірмін, жазылып келем» деп жазыпты қызымыз. Екі айдай хат келмей қалған еді. Мына хабар анамның төбесінен жай түскендей аңыратып жылатты: «О, Құдай, немеремді алғанша мені ал. Қартайған шағымда айналасын жалмаған жалмауыз кемпір атандырма!.. Пендем десең ұрпағымның жаманшылығын көрсетпе, солардың алдында ал» - деп талықсығаны есімде. Содан оңалмады ғой. Менің де қайғы-қасіреттен шүйкедей боп шөгіп бара жатқаным қарт жүрегін ауыртқан шығар. Ақтық демі таусылғанша, «Әзизам, Сәулем, Ритам» деп кетті ғой. Ақымақтық па, жастық па. «Рашид, Нәдияларды неге атамайсың?» деймін. «Олар бостандықта жүр ғой, тірі болса ел қатарлы күн көрер, сендерді айтсайшы... ойпырмай, бір шаңырақты түгел түрмеде шірітпек пе?! О, тәңірім, осы шикі өкпелерімнін ақырын бере гөр, келешегін ондай гөр!» деп шын егіліп тілеуші еді. Анамның тілеуі расында қабыл болды ма, қазір жағдайымыз жаман емес, бұған да шүкіршілік...
«Уһ!» деп қатты күрсінген Әзиза жеңешем: - Маған да оңай тимеді. Ол кісі мен үшін, Тұрар үшін не көрмеді, нені басынан кешірмеді, десеңізші. Аталарымыз «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп бекер тілемейді екен. Ал, сорлы анам үшін бәрі керісінше болды. Жасында бұла өскен жан бойынан күш-қуат, әл кетіп қартая бастағанда, дәмсіз, тұзсыз өлместің тамағын ішіп, тас еденді, лас сасық иісті тар абақтының сұрықсыз бөлмесінде жабырқаумен өтті. Қанша қартайса да ананың аты қашан да ана ғой, туған перзенті маған мейірім шауағын төгіп, қамқорсып отыратын. Күз бен көктемнің жаңбырлы суығында ескі-құсқы киімнің жыртындыларын Ритама жаялық ретінде жуып, шайып, кептіріп көмектесетін. Ауырып, қайғырып, мұңайып отырсам көңілімді көтеруге тырысатын. Міне, осындай дүниедегі ең қимас, ең ардақты абзал жаныңды қайтыс болғанда таза арулап жерлеп, басына ақтас, көк тас қойып перзентгік борышыңды өтеу де бақыт, ғанибет екен-ау...
Жетім баладай кішкентай төмпешіктің астында жатқан анамның қабіріне келіп гүл қойған сайын мүлде аласарып кетуші едім. Жетісін, қырқын, асын беру арқылы өлген адамның әруағын сыйлап, бір парыздан құтылғандай болатын қазақтың әдет-салты неткен керемет. Сөйтіп «қолымнан келгені - осы, разы бол» деп әруақтармен бақұлдасып, қайғысын жеңілдетпей ме... Ал, мен болсам «Анашым, ақ сүтіңді ақтау үшін не істедім? Не деген бақытсыз ем, басқа балаларындай жүрегінді жадыратып, аяғымнан тік тұра алмадым, қайта отыма бірге өртендің-ау, кешір мені, апатай!» деп іштей егілгеннен басқа қайраным болмады. Тек анашымның соңғы қоштасу сағатында: «Әзиза, мен Түбегіме бара жатырмын. Бар жаманшылық менімен кетсін. Сәуле мен Ритаңды оқыт, денсаулығыңды күт. Немерелерім түгіл шөберелерімді азамат қып, ел санатына қосуды аманат етіп тапсырам... Тұрардың жазықсыз жапа шегуі, періштедей немерелерімнің жазықсыз төгілген көз жасы, сенің қызғалдақтай жас ғұмырыңның мезгілсіз солуы бостан-босқа кетпес! Аумалы-төкпелі заман ғой, алма-кезек дүние, ақырын күт. Арты қайырлы болуға тиіс, бағың жансын, қызым. Сенің шын шаттанып, қуанатын кездерің алыс емес...» дегені ойыма түскен сайын қайраттана түсетінмін...
Он жыл отырып, 1948 жылы берілген мерзімді түгел өтеп, жақсы мінездермен туған жерге оралдым. Бірақ «қоңыраулы» әйел болғандықтан, Алматыда, қалада тұруыма жол жоқ, қала сыртындағы «Париж коммунасы» совхозына орналастым. Олардың рұқсатынсыз аяғымды қия баспаймын. Заң солай. Бұған да шүкір дедік. Өткені кішкентай екі бөлмелі үйшігімізде Сәуле, Рита үшеуміз хан сарайындай рақаттанушы едік. Кейде Сәулем бұртиып: «Сенің қызың емеспін, маған әниім ғана хат жазатын, ал сен әниімді сақтай алмадың» деп шын өкпелейтін. Оған ешнәрсе демейтінмін, не айтам, қалай түсіндірем?!
- Иә, сол Сәуле қазір жоғары білімді үлкен адам, медицина ғылымының қандидаты, - деймін мен күліп.
- Е-е, сол бірден ғалым боп шыға келді дейсіз бе? Оны аяғынан тұрғызу маған оңайға соқпады, жарты өмірім қысқарған шығар, сірә.
- Неге олай дейсіз? Ол оқу озаты емес пе еді? Озат оқығаны үшін алған грамоталарын айтып хат жазып, апаңыз екеуінізді үнемі қуантқаны қайда?
- Рас, Сәуле 1951 жылы Алматыдағы нөмірі 34- шi мектепті (қазіргі нөмірі 54-ші мектеп) қазақ тілінен басқа пәндердің бәрін «5»-ке тапсырып, үздік аяқтады. Сонау жылдары Мәскеуде, Кремльде тұрғанымызда Сәуле 3-4 жасында-ақ қазақша тап-таза сөйлейтін. «Кімнің қызысың?», «Әке-шешеңнің атын ата?», «Аталарыңның аты кім?», «Ағаларыңның атын ата?», «Қандай туыстарың бар?» деген сұрақтарға қағылез, пысық, бүлдіршін қыз сәби тілімен былдырлап, тәтті жауаптар беретін. Әниім оңашада үйрететін болу керек, 3-4 жастағы Сәуленің Тұрардың тізесіне отырып алып: «Рысқұл атам күшті», «Рашид пен Ескендір менің ағам», «Түйметай, София, Мая – менің әкпелерім», «Үлкейгенде Алматыға, Меркіге барам» деп ап-анық айтқаның естіп мәз болушы едік. Әсіресе, Тұрар қарқылдап күліп, Сәулені аспанға көтеріп бетінен шөлпілдете сүйіп: «Кішкене өсе түс, бұғанан қатайсын. Ата-бабаларынның өскен ортасын сөзсіз аралатып, таныстырам... Әзиза, балаларды елге апарып, туған жердің топырағына аунату керек екен- ау» - дейтін ойланып. Сөйткен Сәуле Ресейдің сансыз жетімханаларында ана тілі түгіл туған әке-шешесінің түр-тұлғасын ұмытып, олардың шын мәнінде кім болғаның білмей өсті ғой... Оған қалай кінә тағасыз? Оныншы класты үздік бітірсе де, «халық жауының қызы» әрі қазақ тілін білмегені үшін медаль бермеді. Сәуле, әрине, күйіп-пісті. Бірақ мен: «Мейлі, медальдың қажеті жоқ, басындағы білімді ешкім ала алмас, институтқа түссең болды» деп тоқтау салдым. ҚазМУ-дің химия факультетіне құжаттарын тапсырып, екі сабақтан «4», үш сабақтан «5» алған қызымды «халық жауының» қызы болғандықтан, оқуға тағы да қабылдамай тастады. ҚазПИ, АШИ-дағылар алғашында бағаларына қызығып қабылдағанымен, бір-екі күннен кейін жоғары жақта біреулер қарсы ма, білмейміз, шақырып алып, қайтарып жіберіп жатты. «3»-ке зорға тапсырған абитуриенттердің көбі оқуға түскенін көрген Сәуле намыстан өртеніп, кей мұғалімдерге өкпелеп, ерегісіп екі рет трамвайдың астына түсіп өлгісі де келгені бар. Албырт жасты зорға тоқтаттым. Ана жүрегі бәрін де сезеді, ана жүрегі бәріне де көнеді. Қызым үшін мен де қосыла қиналғаным рас. «Әкесі үшін баласы жауап бермейтіні қайда?» деп мен бармаған институт қалмаған шығар, сірә. Бәрі де тас кереңдей мелшиіп, міз бақпайды. «Сәуле бір нәрсеге ұрынып қалмаса екен» деп менде де зәре жоқ.
Ойым онға, санам санға бөлініп жүргенде, бір күні көшеде Ілияс Жансүгіровтың әйелі Фатима Ғабитоваға жолығып қалғаным. «Айлас қатын мұндас» демекші, екеуміз бір-бірімізге жағдайымызды айтысып, шүйіркелесе кеттік. Ілиястан екі қыз, бір ұлы бар Фатиманың Мұхтар Әуезовпен де көңілі жарасып, ұлды болғаның естігенмін. Балаларымыз бен туыстарымыздың Сталиндік қуғын-сүргіннен көрген қияметтерін ашына айтып, сыр шертістік. Фатима сұңғақ бойлы, тіп-тік, ұзын қою қара шашын қақ бөліп жарып, қос бұрым ғып арқасына бос тастап жүретін әдемі, ботакөз кербез келіншек еді. Әлі де сол қалпы өзгермеген екен. Орысша, қазақша өте білімді, өжет, айтқаның орындата білетін Фатима түрменің ұзын құрығынан қашып шығып, 4-5 баласымен Жамбыл жақта жүр» деген хабар еміс-еміс естілетін. Меркі ауылындағы Калинин атындағы орта мектепте ұстаздық етіп, балаларын ашаршылықта қалай асырағаның айтып Фатима да әбден ақтарылды. Мен де түрмеде болғанымды, оқу озаты, класс старостасы, мектепте комсомол хатшысы болып, талай рет аудандық комсомол конференцияларында делегат ретінде қатысқан Сәулемнің «халық жауының» қызы ретінде оқуға қабылданбай жатқаның қинала айтып, жылап та алдым.
Фатима да сөз кезегінде Ілиястан туған Үміттің әдебиетке бейім екендігін, журфакқа түскісі келетінін айта келіп, «Мен Ілиястан Болатты туғанымда «Жазықсыз жапа шегетін жазушы болғанша, еркін өмір сүретін етікші болсын» деген ақылын айтып, жер аударылған отбасының балалары екенін ұмытпауды еске caп, Үмітті қоймастан дәрігерлік институтқа түсірдім» деді. Қоштасарда облыстық партия комитетінің бөлім бастығы болып істейтін Фаина Вольфовна Штеингольц деген еврей әйелге жолығып, жағдайымызды айтуды тапсырды. Мен қуанғаннан алақайлап жібердім. Себебі Фаинамен мектепте бірге оқығанбыз, өте адал, принципшіл еді.
Ертесінде комсомол билетін, делегат болған мандат қуәліктерін, аттестатын, ҚазМУ-ге тапсырған зачеткасын көтертіп, арыз жаздырып Сәулені Штеингольцтің қабылдауына жібердім. Қорқып қалған басым, өзім барсам бүлдірермін, зияным тиер деген қауіппен тәңірге жалбарынып үйде қалдым. Қызымды Штеингольц мұқият тыңдап, құжаттарымен танысқан соң, мединституттың ректоры болуы керек, Наумец деген украйн кісіге телефон шалып, Сәулені табыстапты. Сәуле қайтадан емтихан тапсырып, екі сабақтан «4», төрт сабақтан «5» алып, мединституттың емдеу факультетіне қабылданды. Сөйтіп, қазақтар жасамаған жақсылықты еврей мен украйннен көргеніміз бар!.. Кейде Сәуле: «Мама, менің қазақ болғым келмейді, олар менің әке-шешемді жазықсыз соттады, бізді жетімханаға қаңғыртты, әсіресе ҚазМУ-де емтихан алушы аласа бойлы қара бұйра шашты кісінің «Тұрардың қызына «5» қоя алмаймын» деп физикадан бар сұрағына тамаша жауап берсем де «жаудың қызы» екенімді бетіме салық еткені жүрегіме беріш боп қатып қалды. «Несіне қазақпыз деп шіренесіз» дейтін қапаланып. «Неге олай дейсің? Мен қазақтың қызымын ғой, мен де жаманбын ба? Өрісі тар, көлеңкесінен қорқатын кейбіреулер үшін өз қандастарыңның бәріне топырақ шашпа. Қазақтың төл әдебиетін орыс әдебиетіндей сүйсең, ана тілінді терең меңгеріп үйренсең, осы айтқандарың үшін ұялар едің» десем, ол: «Не хочу и не собираюсь» дейтін безеріп. Осы сөздерден қатты шошынушы ем.
- Сәулеңіз бір кісідей қазақша біледі, түсінеді ғой, - деймін мен сөзін бөліп.
- Кейін бәрін түсінді, үйренді ғой. Институтты үздік бітірген соң аспирантурада оқыды, кандидаттығын қорғады. Маған түрмеден шыққан соң 10 жылдан кейін 1958 жылы Мир көшесінен үй берілді, бақылаудан толық құтылдым. Тұрар ағаң үшін азаппен өткен 20 жылдан кейін бәрі баяғы қалпына келді. Сорлы Арифа анам біздің бүгінгі тұрмысымызды шын сезген екен, бірақ өзі көре алмай арманда кетті ғой, - деді жеңешем.
- Тұрар ағаны 1937 жылы мамыр айында ұстап кеткеннен кейін көрмедіңіз бе?
- Мен Ританы 1937 жылы 30 маусымда босандым. Он шақты күннен соң, түн ортасында телефон шырылдады. Трубканы көтерсем Тұрар екен. Екі-ақ ауыз сөз сөйлестік.
- Мен Тұрармын ғой, Әзиза, не тудың?
- Қыз, - дедім мен даусым дірілдеп. - Қайдан звондап тұрсың? Жағдайың қалай?! - дегенше телефонды біреу кілт үзіп жіберді. Содан кейін Арифа апам екеуміз бір айдай телефон түбінде кезек ұйықтап жүрдік. «Қыз туғаныма ренжіді ме екен, неге қайтадан звондамады, ұл болғанда ұзақ сөйлесер ме едік?» деймін әйтеуір жан далбасамен. Әйтпесе Тұрар орыс әйелдерінен туған София, Мая есімді қыздарын да жанындай жақсы көретінін анам екеуміз талай байқағанбыз. Кейін ол қыздар да жетімханаларда Сәулемен бірге өсті, ашаршылық пен жетімдіктің тауқыметін Сәулемен бірдей тартты. Кейін аналары қайтыс болған соң, мені «мамалап» туған қыздарымдай боп кетті, жиі араласамыз, - деді Әзиза...
Қабылбек Сарымолдаев және оның отбасы
Әзиза жеңешемнін парасат тұнған мейірбан жүзіне қарап отырып тағы да сұрақтар қоя бастадым:
- Жеңеше, Қарағанды түрмесінде жалғыз отырмаған шығарсыз? Қасыңызда қазақтың небір асыл боздақтарының аяулы жарлары болды ғой. Солар жайлы айтсаңыз. Тұрар ағаның сенімді серіктерінің бірі, кластас досы Қабылбек Сармолдаевтың әйелі Майнұрды да лагерьде Сізбен сегіз жыл бірге отырған деседі, рас па?
- Е-е, қу қыз, өзіңнің жерлес жеңгелерің жайлы көбірек білгін келген екен ғой, - деп сәл езу тартты да, әңгімесін жалғады. - Асқақ арман – мұраттары үйлескеннен бе, әлде балалық шақтын бал дәуренін бірге өткізіп, бір бұлақтың суын ішіп, бір таудың етегінде аунап-қунағаннан ба, Тұрар мен Қабылбек тонның ішкі бауындай, егіздің сыңарындай өте тату дос еді. Бір-бірін сағынып, іздейтін, қызмет бабымен бірі ойға, бірі қырға кетсе де хат жазысып, қауышқанша асығатын. Тұрардың достары көп еді. Меркі музейінде ілулі тұрған Болғарияның қоғам қайраткері Георгий Димитровпен Гаграда түскен суретінен-ақ біршама жайды аңғаруға болмай ма... Бірақ Қабылбектің орны ерекше еді. Тұрардың қас-қабағын бағып, айтқаның заң көргендіктен бе, болмаса өзіміздің ішкі жан сарайымыз үйлескендіктен бе, Майнұр екеуміз апалы-сіңілідей едік. Бейтаныс жандар солай қабылдайтын да. Оның себеп-салдары бартын. Майнұрдын шешесі Ғанижамал Әулиеата жақтағы татар қызы болса, өзің білесің, менің анам да - татар қызы. Әкесінен 4-5 жасында айрылған Майнұр ана тәрбиесінде өседі. Жамбылдағы педтехникумда оқып жүргенде Сарымолдаевпен танысып, үйленіпті. 1920 жылдың күзінде Қ. Сармолдаев РК (б) П Әулиеата қалалық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады. Содан кейін қазақ жастарын жас Кеңес өкіметін қорғауға шақырып, үгіт- насихат жұмыстарын жүргізіп жүрген кездерінің бірінде Жамбылдағы педтехникумға келіп, студенттердің кешіне қатысады. Сол кеште Майнұр «Елім-ай» әнін нәшіне келтіре шырқапты. Сыбызғыдай сиқырлы әсем дауыс туып-өскен Ойталын есіне түсірді ме, әлде аршылған жұмыртқадай аппақ әдемі, сұңғақ бойлы, талдырмаш 16 жасар нәзік бойжеткеннің өзі ұнады ма, кім білсін, Қабылбек тез арада осы бір қарақат көз аққұба қызға үйленіп, қалада той өткізеді. Сол тойдың басы-қасында Тұрардың өзі жүріпті. Бірде Тұрардың Қабылбекке: «Саған Майнұрды әперген менмін. Ағайындарың ат-ізін салмай қойғанда «өлі-тірісін» апарып, қарғыбау таққанның кім екенін ұмытпа», деп әзілдеп күлгенін естігенмін. Сөйтсе Қабылбек 18-19-ға келгенде ауру әке-шешесі, ағайындары ұнатпаса да болмай Беларықтағы Тұрысбек дегеннің Нұрқан деген қызына құда түсіп, үйлендіріпті. Үйленді деген аты ғана болмаса, Қабылбек ағайындарына өкпелеп, ауылына бармай қойыпты. Содан Қабылбек өзі Майнұрға қосылғанда ағайындары да алғашқыда араласпай қойса керек. Майнұрдың анасымен тіл табысып, ризашылығын алуға Тұрардың көп көмегі тигенге ұқсайды. Қабылбекті көтермелеп, қолпаштағысы келсе Тұрар: «Атасы Садықұл Сыпатайдың шабарманы болған. Қазақ-қырғыздың төбе биі атанған әулиедей ұлы тұлғаның қасында оңай адам жүруші ме еді. Өз әкесі Сарымолда Сыпатайдың баласы Бірімқұлмен бірге Түркістанда оқыған, текті жердің ұрпағы» деп отыратын. Шындығында, өз ортасында өресі биік Сарымолда өз кіндігінен тараған тоғыз баласының ішіндегі пысықтары Төлей, Қабылбек, Мүсірепбекті орысша оқытып бүкіл Қорағаты болысына аңыз болған. Алғашында ауылдағы Толымбек деген молдадан 2-3 жыл оқып, дәріс алып тіл сындырған Қабылбек Меркідегі орысша-қазақша мектепке түсті. Тұрар Рысқұлов, Мақсұт Жылысбаев, Сыдық Адабаев, Сәдуақас Сатыбалдиевтармен бірге И. Андреевтан білім алады. Сол кезде демалыс сайын Тұрарды ертіп Қабылбек Ойталдағы үйіне келетін. Шөп шабысып, мал бағысып, үй шаруасына жәрдемдеседі. Бос уақыттарында Аспара тауынан бастау ап, Қорағатыға құятын Ойтал өзеніне шомылып, балық аулайтын. Қабылбектің інісі Медербек ақсақал: «Тұрар көп сөйлемейтін, тұйықтау болатын. Бірақ ойын орнықты етіп, дәл айтатын. Әкеміз Сарымолда Тұрар туралы «Ерте есейген, естияр екен» деп таңдана мақтағаның талай естігенмін», - деуші еді. Қабылбектің анасы Мәстүрі 73 жасында қайтыс болғаның, осы бір аққұба ат жақты, ұзын бойлы, мейірбан жанның 9 құрсақ көтергені, Төлейі армияда хабар-ошарсыз кеткенін, Мүсірепбегі 1931-37 жылдары Ростов темір жол институтында оқып, темір жол инженер- механигі мамандығына ие болғаның, наурыз айында диплом алған соң Семей станциясына жұмысқа орналасқаның, 1937 жылдың мамыр айынан 22 қыркүйекке дейін инженер болып жұмыс істегенін, 1937 жылдан 1947 жылға дейін Самара, Воркута түрмелерінде қамауда отырғаның, түрмедегі қасіреттен аурушаң болып елге зорға оралған соң, үйлене де алмай қайтыс болғаның Әзиза күйзеле әңгімеледі.
- Бәрін білем, - дедім мен күрсініп.
- Мүсірепбек, - деп жалғастырды жеңешем сөзін, - әке-шешесі қайтыс болған соң 1920-25 жылдары Меркі интернатында, 1925-31 жылдары Өзбекстандағы Карл Либкнехт атындағы балалар коммунасында тәрбиеленгенің Тұрар айтып отыратын. Каникулдарын Қабылбектің үйінде өткізетін, түр-тұлғасы Қабылбектен айнымайтын қайнысын Майнұр да үлкен ұлындай жақсы көріп, еркелетуші еді. Майнұр түрмеде екі-ақ адамнан хат алып тұрды: бірі - Ташкент жақтағы ағасының қолында оқып жатқан 13-14 жасар қызы Зульфия, екіншісі - Қабылбектін туған інісі Мүсірепбек.
- Майнұр апайдың 16 жасар Мұхтар деген ұлы бар деуші еді. Одан хат келмеді ме?
- Жоқ, келмейтін. Ол бала екі жасынан дімкес, аурушаң еді. Үнемі ауруханадан шықпайтын. 1940 жылы 18 жасында Ойталда қайтыс болды.
- Оны кім естіртті?
- Кім айтушы еді? Бірде маған Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамал мен Тәштитовтың әйелі Сағадат жүгіріп келіп, Майнұрдың тамақ ішпей жылап жатқанын айтты. Мен жас балалы әйелдер тұратын барақта едім, ал олар үлкен, ұзын барақта 50-60 әйел қатарласып жататын. Мен өзіне айтпап па едім, Ленинградтық зоотехникалық-малдәрігерлік институтын 1934 жылы бітірдім деп, сол дипломым әжетке жарап, түрмеде мал дәрігері болдым, ал, Майнұр бақшада істейтін. Екпінді жұмысшы атанған үздік бақшашының бірі.
Гүлжамал мен Сағадатка ілесіп Майнұрға жеттім. Төрт бүктеліп жылап жатыр екен, көзінің жасын сүртіп, маған Зульфияның хатын ұстатты. «Анашым, бізді ойлап қайғырып, қамығып жүрген шығарсың. Жүрегіңді ауыртпау үшін қанша жазбайын десем де, «Мұхтар жайлы хабарла» деп хат жазған сайын сұрай бергеніңізден кейін үнсіз жатуға дәтім шыдамай отыр. Маматай, берік бол! Мұхтар енді бұл жалған дүниеде жоқ... Сонау Меркіде, Ойталда бізді бір көруге зар болып көзін мәңгі жұмыпты. Анашым менің, Мұхтар ағамның сурет салуға әуестігін білуші едіңіз ғой, өлерде сіздің, әкемнің және менің суретімді айнытпай дәл салып, «Қош болыңдар, ең абзал да сүйікті адамдарым!» - деп жазып кетіпті деседі. Туған бауырымның қалған жасын тәңірім әке-шешеме - сіздерге берсе екен. Екеуіңіз есен келсеңіздер, інім де, сіңілім де боларына сенімім мол. Түнде түс көрдім: Биік таудың басында отыр екем. Әкем екеуіңіз төменде тұрдыңыздар. Папам сізді демеп, менің қасыма зорға шығарды. Енді екеуміз екі жақтап әкемді шығаруға кіріскенімізде оянып кеттім. Маматай, қарап тұрыңызшы осыдан, сіздер ақталасыздар, әлі-ақ үшеуіміз осы түсті бірге жоритын боламыз. Маматай, жылама, қуаншы, жұбаншы менің түсіме. Тәңірден түсімнің өңіме айналуын шын тілеймін» деп жазыпты 16 жасар періште қыз. Бұрын да салмақты, мазмұнды хаттар жазатын Зульфияның жазғандарын тебіренбей оқу мүмкін емес еді. Түсі қабыл болып, ниетіне жетсін, аумин!» - деп біз де іштей мінәжат еттік. Бірақ сол сәтте Зульфияның түсі түбінде айна қатесіз дәл келер деп кім ойлаған. Онда тек әр қайсымыз өз Зульфиямызды ойлап егілдік емес пе? Пендешілік қой, іштей, «Менің Сәулем мен Ритам қашан Зульфиядай боп өсер екен, олар да тез есейіп, маған да осындай ойлы, ақылды хаттар жазса» деп армандап тұрған менің қиялымды Майнұрдың зарлы даусы бөлді. Ішқұса болып жүрген ол: «Қарашығым, әкесінен аумай туған, аузынан түскен, құлыным! Жұрт қамын бірінші кезекке қоятын әкеңе ұқсап өз жағдайыңды емес, бізді ойлап, қамығып жүр екенсің-ау, қызым. Шешем мені сенің жасында оқытып, үлде мен бүлдеге орап, қазақтың таңдаулы арысына қосып еді... Құдай-ау, екі жасынан аурудың азабын тартқан Мұхтарыма да жарық сәулеңді көп көрдің бе?! Баяғыда Қабылбек жыл сайын қурорт, санаторилерге жіберіп, қысы-жазы қымызбен емдетуші еді, соны аңсап, Қабылбектің бауырлары Жақып пен Медербек ағаларым кеудемнен итермес, деп Ойталға бардың ба? Мүмкін ата-бабаларың жатқан киелі топырақты иіскеп, қастарына жатқың келді ме?!» - деп шыңғыра жылап, әбден ақтарылды. Менің ойыма Тұрар ағаңның Меркі жайлы айтқан әңгімелері түсті. Аспара бойында Әлімбай деген айтулы би болған екен. Оның ұлы Тұрысбек те аузы дуалы би атанып, дүрілдеп тұрған 27 жасында әкелі-балалы екеуі бір жылда дүние салыпты. Сонда меркілік Қоңырбай деген ақын:
« Тұяқ түгіл жұрнақ жоқ,
Бесік түгіл құндақ жоқ.
Су сепкендей өшірді
Жанып тұрған шырақты.
Көзін бітеп тоқтатты,
Ағып тұрған бұлақты»
деп жоқтау шығарыпты дейтін. Еркек кіндікті тұяқ көріп, шаңырақ иесі санайтын Тұрар мен Қабылбекке Ескендір мен Мұхтардың орны ерекше екенін Майнұр екеуміз айқын сезуші едік. Амал қанша... Алла ісіне шара бар ма? - деп ауыр күрсінді Әзиза.
- Қабылбек атамыз ақын-жазушыларды аса құрмет тұтқан-ау шамасы! Ұлының аты - Мұхтар, қызының аты — Зульфия...
- Қалқам, сөзіңнің жаны бар. Атақты ақынымыз Сәкен Сейфуллин Қолчактың қанды қолынан қашып Әулиеатаға келгенде өзін 22 жасар Қабылбек құшақ жая қарсы алып, қолына мандат, қаржы, құрал-жарақ, қос қоржынбас кітап беріп, екі милиционермен Ақмолаға жеткізіп салғаның «Тар жол тайғақ кешуде» сүйсіне жазбады ма? Қабылбек Сәкенмен бірге өткізген сол шуақты күндерін отырыстарда үнемі мақтанышпен әңгімелеуші болды.
Кейде Тұрар Майнұрға «Сәкеннің заты әйел болмағаныңа құдайға шүкір де, әйтпесе Қабылбектен айырылып қалар ең», - деп бізді күлдіретін. Расында, әдебиетті ардақ тұтқан Қабылбек ұлына қазақтың маңдай алды жазушысы Мұхтардың қызына өзбектің тамаша ақын қызы Зульфияның (қызы 1923 жылы Ташкентте туылған) атын қойса, талантты танығыш көрегендігі, көсемдігі шығар. Әйтпесе ол кезде олардың жұлдыздары бүгінгідей жарқырап тұрған жоқ-тын. Зульфияның сезімтал, парасатты, ақылды болып өсуі де Қабылбек ағаның ақ тілегі кабыл болуынан ба деймін. Өйткені ақын-жазушылар тегін жандар емес, әулие, періштесі бар адамдар ғой.
Менің ойыма Қабылбектің Торғайда жүргенде халық батыры Аманкелді Имановтың көтерілісін зерттеп, ауыл-қыстақтарды аралап, ел аузынан жинаған материалдары бойынша жазған «Қазақ кедейлерінің қолбасшысы», «Аманкелді Иманов» атты екі мақаласы «Казахстанская правда» газетінде 1936 жылғы 8 сәуір, 17 маусымда жарияланғаны түсті. Аманкелдінің ерлігін жас ұрпаққа алғаш рет паш етіп, үлгі тұтуда Сарымолдаевтың көлемді-көлемді қос мақаласының қаншалықты құнды болғаның уақыт дәлелдемеді ме?
Сонымен, бәріміз жабылып жатып Майнұрды зорға тоқтаттық, - деді Әзиза үзілген әңгімесін жалғап. - Майнұр алғашқыда ашумен ұлын сақтай алмаған Меркідегі қайын жұртын, әсіресе, Медербектің әйелі Әлима абысының жерден ап, жерге салғанымен, жеме-жемге келгенде: «Бәрі тағдырдың жазуы да, шыр етіп дүниеге келгенде, бәлкім, Мұхтарымның маңдайына осыны жазған шығар. Егер сау болса Әлиманың жуындысын ішсе де өлмес еді. Ауру жаның азаптай бергенше түбі бір алмай тынбайтын ажалдың ертерек келгені де дұрыс шығар... Тек ақтық демін бітерде аузыңа су тамыза алмадым-ау, құлыным! Әке-шешеңді атап, шақырып жатып көз жұмдың ба екен, шырағым? О, жаратқан ием, ұлымды алсаң да, қызымды қалдыр! Қатарынан қалдырма, ата-анасының орның басар азамат ет...» -деп өзіне-өзі тоқтау айтып, тәубеге кеп шүкіршілік еткені есімде.
Жайшылықта томаға тұйық жүретін Майнұр ән салғанда құлпырып, жайнап кететін. Оның бұлақтай сыңғырлаған кіршіксіз таза, мұңлы-зарлы үнінен әркім өз керегін алатын. Мысалы, мен қос перзентімді еске алып егілсем, біреулері туған жерін, ата-аналарын, бауырларын, екіншілері түрмеде көрген жәбірлерін ойларына ап жылайтын. Іштегі қайғы, мұң-зарын сыртқа шығарып тазару үшін де кейде жылаған пайдалы сияқты. Әрине, Майнұр үнемі ән сала бермейтін, анда-санда бас қосқанда, туған күндерімізді оңаша тойлағанда, ауыл жақтан сирек те болса жылы хабар келгенде, жұмысымызда мақтау естігенде ғана. Бірақ мұндай мерекелі шуақты күндер саусақпен санарлықтай мүлде аз болатын. Ол күнге мейлінше дайындалушы едік: мен қой, ешкі, торайлардың кейбіреулерін өтірік өлді деп ақ тілеп, ауру әйелдерге, жақын дос құрбыларыма ет тауып беремін, ал Майнұр бақшадан көрсетпей картоп, сәбіз, көк-сөк әкеледі. Бейімбеттің әйелі қой бағушы еді, өріске барғанда даладан тамызық, қурай теріп, ет пен картопты отқа қақтап, пісіріп әкелетін. Сөйтіп «Бір аштықтың бір тоқтығы болады» демекші, бәріміз тең бөлісіп рақаттанатынбыз. Қарауылдарымызға да береміз. Ол байғұстар да қайбір жетісіп жүр дейсің, жемей үйлеріне әкететін де, өздері біздің тамағымызға ортақтасатын. Иә, аштық кімге не істетпеді дейсің...
Мен Майнұрды сүйемелдеп өз бөлмеме әкелдім. Азын-аулақ дастархан жасап, басымызға жаулық салып, Мұхтардың рухына бағыштап білетін дұға-құранымызды ішімізден оқып, бетімізді сипадық. Түні бойы көз ілмей Майнұрды қарап шықтым. Жары үшін жапа шеккен сорлы келіншекке ұлының қазасы ауыр тигені рас. Таң атқанша 3-4 рет бастырылып, шыңғырып жылап оянды. «Мұхтарым, жарығым, қымыз іше ғой» дей ме, «Қабылбек Мұхтарды машинамен дәрігерге апарсаңшы, қиналып отыр ғой» дей ме, ақыл-естен айрылғандай сандырақтап шықты. Жұрт көзінше, өзіне-өзі тоқтау caп байсалдылық танытқанымен, нәзік жанды Майнұрды тағдырдың аямай-ақ майыстырғаны сөзсіз-тін. Таңертең ыстығы көтеріліп тұрса да жұмысқа кетті. Мен қарсы болмадым. Күн ұзаққа қызын, ұлын ойлап қамыққанша бір мезет жұмысына алданып, таза ауада сергісін дедім.
Жеңеше, Майнұр екеуіңіздің түрмеде оңаша сырласқан әңгімелеріңізге кеңірек тоқтала кетсеңіз....
Қарағым, түрменің де өз заңдылығы бар. Таңертеңнен кешке дейін жылай бердік десем, әрине, өтірік болар еді. «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді» деген сөз бар ғой, қиыншылықтарды жеңуге, өмір үшін жанталасып күресуге тура келді. Ол үшін бізге ынтымақтасу, бірігу, бір-бірімізге жәрдемдесу ауадай қажет болды. Сондай-ақ өзімізге тапсырған міндетті мінсіз атқарсақ, жау емес адал екенімізді іспен дәлелдесек, бізде кімнің қандай ақысы бар деп ойладық. Осынау ізгі мақсат ауыр еңбегімізді жеңілдеткендей еді. Жоспарын жыл сайын артығымен орындағаны үшін 1944 жылы 11 қазанда Майнұрға 500 сом ақшалай сыйлық беріп, түрменің сыртында бостандықта тұруына рұқсат етілді. Бірақ соғыс бітпей ауылына қайтуға болмайды, әрі күндіз келіп, бақшадағы жұмысын аткаруы тиіс. Бұл да күндіз-түні төгілген адал маңдай терінің арқасында қол жеткен жеңіс болатын. Оған түрмедегі барша әйелдер қауымы қуанып, болашаққа үміт шамын жаққан осынау оқиғаны өзімізше тойлап, бір жасап қалған едік. Сыйлыққа алған 500 сом ақшасын қызына салған еді, кейін Зульфияның жауап хатын көрсетті.
«Маматай, айналайын анашым! - деп бастапты хатын Зульфия, - сіздің әр хатыңызды қалай тосатынымды білсеңіз ғой. Сәл кешіксе әкеме ұқсап - хабар-ошарсыз кетер ме екен деп әбден қорқамын. Сондай қорқақ, үркек, үрейленгіш боп барам. Жатсам-тұрсам ойымда жүресіз. Ауырып қалмаса екен, басқа жаққа ауыстырмаса екен, ашығып жүр ме, суық барақта от жағылмай суықтап қалмады ма... Қойшы, әйтеуір, барлық жаманшылық ойыма оралып, инедей қадалып, шаншудай тиетін. Сіз қаншама «бәрі жақсы» деп жазсаңыз да, мені алдап жақсы оқысын, алаңдамасын дегені шығар деуші ем... Кешір, мама, мен бейбақты...
Сізге сыйлыққа ақша тағайындап, зонаның сыртында еркін тұруға рұқсат бергені мені шын қуантып, мазасыз ойлардан арылтып, жұқарған жүйкемді жадыратып, шат-шадымнан етті. Құдай осы қуанышымызды көп көрмесе екен! Ақшаңызға пальто алып кидім, есіңізде ме, соңғы рет жолығуға барғанда менің тонымды сипап тұрып Қабылбек папамның «Зульфиямның тоны тозыңқырап қалыпты-ау. Енді кім тон әперер екен?» - деп мұңайғаны. Сол тонды алты жыл кидім, әлі күнге киюге жарайды. Сақтап, күтіп киіп жүрмін, тек қысқалау. Енді міне сіздің ақшаңызға пальто сатып алдым, сондай жарасымды. Көп рақмет, мамочка! Сіз армандағандай бухгалтерлік техникумда оқып жатырмын. Құдай қаласа, аман-есен шықсаңыз, мама, тек ақша санап отыратын боласыз (әзіл). Шын айтам. Сізге өмір бойы жұмыс істетпеймін, қолыңызды жылы суға малып коямын».
Бір жыл бұрын Зульфия мектепті үздік бітіргенде анасына ақын не жазушы болғысы келетінін айтып хат жазған болатын. Оған Майнұр келіспей: «Зульфия, үйге жиі келетін Ілияс Жансүгіровтың «Абайдан кейінгі ұлы ақын - Мағжан» деп отыратыны есіңде ме! Сөйткен Ілияс қайда. Мағжан қайда, әкең қайда? Әлде менің жүрегім жарылып, түрмеде өлсін дейсің бе? Сен қазақтың қызы болсаң да менін шыққан тегім татар екенін әрі Әулие- ата мен өзін тұрып жатқан Ташкенттегі өзбек ағайындармен араласып өскеніңді ұмытпа. Бухгалтер ме, кассир ме, қайдам, ақша санап отырсаң аш болмайсың, егер айтқанымды тыңдамасаң, хат жазбай- ақ қой» деп жауап қайтарған. Сол есіме түсті. «Қабылбекпен соңғы жолыққанда не сөйлестіңдер?» дегем сонда Майнұрға.
Сұранып жүріп рұқсатты әзер алдым. Қыстың аязды күні Алматыдағы НКВД-ға таңғы 8-де барып, 12-де зорға кірдім. Қабылбек азып кетіпті, шалбары жыртылыпты, оны ақ жіппен тігіпті. Қасына бір орыс, бір қазақ жігіт еріп кеп отырды.
Көп күттіңдер ме? Бізді дайындады, сақал-мұртымызды алды, - дей беруі мұң екен, ана екеуі ұшып тұрып:
Енді сөйлесең, алып кетеміз, үндеме, - деп ашу шақырды. Біз шыр-пыр болып Қабылбекті құшақтай алып: «Ойбай, сөйлемей-ақ қой, үндеме. Тек жүзіңді көріп, қарап отырсақта жетеді», - деп жылап жібердік. Сол кезде ол Зульфияны бауырына басып, тоның сипалап тұрып, жоғарыдағы сөзді айтқан болатын. Сол екі арада мен Қабылбектің Зульфияның қолбағын алып қараған боп тұрып, бір кішкентай қағазды білдіртпей саусағына кіргізгенін байқап қалдым. Бүкіл денем дірілдеп қорқып кеттім. Қабылбек үнсіз қолымды қысып, жанарымен аймалап, «Батыл бол» дегенді үнсіз ұқтырды. Бар болғаны осы. Шіркін-ай, құшақтасып, сүйісіп, мауқын басып, ішкі сырын ақтарып араздасқан адамдарда арман бар ма екен? - деп мұңайып отырды да: «Үйге келген соң, есік-терезені жауып, қолғап саусағындағы бүктеліп, домалақтанған кішкентай кағазын ашып қарағанда, ұсақтап жазған Қабылбектің қолын таныдық: «Менің еш кінәм жоқ, түбі ақталам. Бармақовтың семьясына айтыңдар, оған тамақ әкеп берсін», - деп жазыпты. Содан кейін кездескен жоқпыз, ешқандай хабар да алмадым, дерексіз кетті», - деп еді Майнұр маған, - деді Әзиза.
Жеңеше, Тұрар, Қабылбек, Мақсұттар ірі әскери күрескер, қоғам және мемлекет қайраткерлері екені шындық, дегенмен ардақты ағаларымыздың біздің рухани байлығымыз өнерге деген көзқарастары жайлы айта отырсаңыз...
Қарағым, Тұрардың Пішкек техникумында оқып жүргенде мондалин тартып түскен суреті Меркі мұражайында ілулі тұрғаны рас. Аздап пианино, мондалин, домбыра да тартатын. Әйтсе де елі үшін етігімен су кешіп өткен осы жайсаң жігіттердің ішінде өнер десе ішкен асын жерге қоятын жалғыз Қабылбек десем қателеспеймін. Қайран, Қабылбек қайным! Әдемі әнді сызылтып салғаны үшін Майнұрға да ғашық болды емес пе?! Өзінің үзеңгілес жолдастары Ілиястың, Мағжанның, Мұхтардың, әсіресе Сәкеннің жазған жаңа шығармаларын үнемі бірінші оқып, көпшілікке сүйсіне насихаттап отырушы еді, тіпті ел ішінде көзі қарақты, көңілі ояу ауыл ардагерлерінің де айтқан аңыз- әңгімелеріне, өлең-жырларына құлақ түріп, жадында ұстайтын. Құлын-тайдай бірге өскен сенімді серіктерінің бірі Әсімов Ысқақтың туған ағасы Қарабаланың шығарған көптеген өлеңдерін жатқа айтқаның естіген ем. Қарабала ағамыз інісі Ысқақ үйленгенде:
Шудың асау өзені Кербұлағы,
Жер жаннаты Жайсаң ғой - ер тұрағы.
Құсан төре аулының қос сұлуын,
Ысқақ пенен Айнақұл жар қылады.
Ғашық жардың құшагы пейішке тең,
Жоқтан құрап жақсы әйел бар қылады,
деп жырласа, Аспара аймағының атақты ақыны Алдаберген молда:
Қызыл төре атанған Есен батыр,
Қызын алып, той жасап Көшек жатыр.
Фатиманың аяғы құт болсын деп,
Жолбарыстың терісін төсеп жатыр,
Абылайдай айбарлы ұл тусын деген,
Ата салтын ұстанған есеп жатыр,
депті. Өлеңде кие бар деген осы шығар, себебі жанағы шумақтарда заман тынысы, дәуір келбеті кестеленіп отыр емес пе? Шіркін, тек «Меркі өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ даласындағы дана қариялардың шежірелерін жинаса ауыз әдебиетіне ғана емес, тарихқа да үлес қосып, қомақты із қалдырар еді, - дейтін», - деген Әзиза жеңешемнің ойлы жүзі әлі көз алдымда.
Мақсұт, Ысқақ, Қарабала жайлы
- Жеңеше, Тұрар ағаның Меркілік Мақсұт Жылысбаев, Ысқақ Әсілов, Сыдық Адабаев секілді сенімді серіктері, достары болды емес пе? Солардың әйелдері жайлы да айтыңызшы?! Әлде Майнұр жеңгеміз татардың қызы болған соң шынымен іш тартасыз ба?! - деймін мен әзілге жығып.
- Қу қыз, қой, олай деме, - деді жеңешем әңгімесін жалғап.
- С. Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуінде» азаматтық бейнесі жоғары бағаланып суреттелгендей Мақсұт Жылысбаев негізінде өте алғыр, пысық, іскер жігіт еді. Меркіде құрылған «Қырғыз (қазақ) жастарының революциялық одағының» мүшесінен Түркістан Совет республикасының басшыларының біріне дейін өскен бұл аяулы азаматтың да Тұрарға деген ыстық ықыласы, ақ ниет адал достығында шек жоқ-етін. Қалқам, қазақта «асылдың сынығы» деген сөз бар, сол осы Мақсұтка арналғандай. Себебі Жылыспайдың арғы атасы Өмірбек атақты Сыпатай батырдың әкесі Әлібектің туған інісі болса, анасы Нұржан құдайғұл руындағы белгілі Тұрлыбай батыр әулетінен.
Сыпатай батыр қайтыс болғанда сол Өмірбек (Әлібектің інісі) мынандай жоқтау шығарыпты:
Жанжал даудың түйінін,
Қазы боп әділ шешсе де.
Адамнан пәре аямаған,
Өлімнің құның кессе де.
Қара қылды қақ жарған
Төле би мен Майқыдай,
Сыпатай бауырым өттің-ау,
Тура жолдан тайқымай,
деп, Тұрар талай рет айтқан. Тектінің тұяғы тегіне тартпасын ба, ел-жұрты әулие санаған Сыпатай батырдың Бердіқожа деген ұрпағы жайлы халық ақыны Алдаберген:
Бүкіл Ботпай руын Бердіқожа билеп тұр,
Қарсыласқан дұшпаның қамыр етіп илеп тұр.
Қасиетін көрдің бе, қара шалдың әруағы,
Шылаудан алып сүйреп тұр, -
деп жырлағанындай Мақсұт та алты ағайынды (Оспан, Ыспан, Омар, Мақсұт, Айдаралы, Сандықбай) әрі қолының кірі бар Өмірбек әулетінің алты алашқа аты танылған зиялы, білімді азаматы еді. Меркідегі орыс-түземдік мектепті бітірген соң Пішпектегі ауылшаруашылық техникумында да бірге оқыпты. Әйелінің аты - Әлпия, меркілік шақшамның қызы. Әлпияны 16 жасында Сыдық, Тұрар, Қабылбектер Мақсұтқа алып қашыпты. Бірақ қыздың атастырған жігіті сезіп қойып, жолдастарымен артынан қуса керек. Мақсұттың ауылы Сұратта, тау бөктерінде екен. Қыз алып қашқан жігіттердің аттары нашарлау болған ба, қуғыншылар Мақсұтты жолдастарымен тез-ақ ұстап апты. Тек Әлпия ғана ары қарай қаша беріпті. Көктемнің таңға жуық мезгілі. Сұрат ауылына таяп қалған Әлпияға күйеуі жетіп енді ұстай бергенде, жігіттің аты сүрініп, омақаса құлапты. Оның қолынан жұлқып босанған қыз ауыл ішіндегі таныс бір кісінің үйіне кіріп, төсекте ұйықтап жатқан кемпірдің қойныңа тығылып жасырыныпты. Дір-дір етіп қорқып кеткен жас қыз қарт ананың қасында бой тасалапты. Күйеу жігіт болашақ қалындығын қанша қарап іздесе де таппапты. Жылысбай атамыз: «Біреудің жесірінің керегі жоқ, өзіңнің де құда түскен қалындығың бар», - деп қинаса да Мақсұт көнбепті. Мұны көрген ағайын-туыстары: «Азар болса екі қыздың қалың малын берерсің, алдыңа келгеннен айрылма, бұйрық шығар, балалардың меселін қайтарма, - депті. Келін ененің топырағынан» демей ме, Әлпия да енесі Нұржанға ұқсап кілең ұл перзент туатын. Жақанша, Шералы, Абылай, Айдархан, Беласар деген бес баласы бар еді, тіл көз болды ма, бүгін де солардан бірде-бір тұқым қалмапты. Жалған дүние-ай, кімге опа берер екенсің?! - деді жеңешем шын езіліп.
Жақанша мен Беласар ауырып, жастай шетінесе, Шералы Мәскеуде оқып жүргенде ұсталып, хабарсыз кетіпті. Абылай әскерден жаралы болып оралып, елде қайтыс болса, Айдарханы 1968 жылы «Жданов» қолхоз бастығының орынбасары боп істеп жүріп сырқаттан көз жұмыпты, үйленгенімен баласы болмапты, - дедім мен.
- Иә, естігем, - деді Әзиза, - Шералысы біздің үйден ұсталды ғой. Ескендірден 3-4 жас үлкендеу, ағасы іспеттес болатын. Қандай сымбатты еді?! Батыр денелі, кен жауырынды, ұзын бойлы, қыр мұрынды, үлкен қара көздері от шашып, ақ құба сопақтау жүзіне жарасып тұратын. Көп сөйлемейтін, мінезі салмақты жігіт еді. Домбыраны шебер тартатын, қазақтын небір күйлерін, халық әндерін нәшіне келтіре тартқанда, қу ағашқа жан біткендей, сиқырлап тастайтын. Шералының әке-шешесі де сымбатты, сұлу жандар емес пе! Қалың қара қасты, бота көзді, сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, ат жақты Әлпия: «Менің абысындарым атымды атамай «ұзын жеңеше» дейді», - деп отыратын. Ал Мақсұтта қапсағай, ірі денелі, қара көз, сұсты қабақ, әр сөзін баптап, маңғаз сөйлейтін жігіттің жампозы-тын.
Мәскеудегі Жоғарғы Заң факультетіне оқуға түскен Шералыны біздің үйге жатсын, Ескендірмен бірге жүрсін деген Тұрардың ұсынысына Мақсұт пен Әлпия жүректері жарыла қуанған. - «Ұлын өссе - ұлы жақсымен, қызың өссе - қызы жақсымен көрші бол» деген, біз де жастай бір-бірімізді тәрбиелеп, біріміз - қанат, біреуіміз - құйрық дегендей, кем-кетігімізді толықтырып тұрушы едік, енді балаларымыз да бірін-бірі жетелесін, Мақсұт, дегені есімде Тұрардың. Ол бір бақытты кезең еді-ау, шіркін?! Бірде үйге конаққа келген Әлпия мен Күлпетай (Ы. Әсімовтың әйелі, ол кезде Ысқақ ағаң ВКП (б) Орталық Комитетінің жанындағы екі жылдық курста оқитын) маған:
- Әзиза, сен қандай бақыттысың?! Білімдісің, әрі әдемісің. Киген киімің, қиылған қысқа шашың қандай жарасады! Біздің де шашымызды кесіп, сәндеп берші, ауылға мақтанып барайық, жұрт қызықсын, - дегені. Ойымда түк жоқ жарайды деп, құрбыларымның шашын қырқып, сәндеп берген ем, осы қылығым үшін ағаң қатты ұрысқан, - деді жеңешем.
- Ойпырмай, аға, сізге ұрысты ма? - дедім мен сенбей.
Тұрардың Меркіде пір санап, аға тұтқан екі адамы болғанын білетінмін. Бірі 1916 жылғы Меркідегі ұлт-азаттық көтерілістің көсемі болған Аққөз Қосанов болса, екіншісі сол көтерілістің белді сарбазы Қарабала Әсімов (Ысқақтың ағасы) еді. Аққөз батыр сол көтерілістің құрбаны болса, Қарабала Әсімов 97 жасқа дейін Дәмелі келінінің қолында құмыраға қымыз ашытып, қазақ үйде түйе мен жылқы ұстап ғұмыр кешіпті. Жас шағында ағайынды Қарабала мен Ысқақ төкпе ақын, қызыл тілдің ділмәрі атаныпты. Күлпетай 18 жасында Ысқақпен тойда танысыпты. Күлпетайдын әкесі - Қоңыр, шешесі - Токаш Шуда тұратын ең дәулетті төрелер екен. Қоңырдың туған інісі Ахмет болыс, би болған адам болатын. Соның баласының сүндет тойына Ысқақ келіпті.
Күн асты, жердің үсті әлем деңіз,
Кулпетай бойжеткенге сәлем деңіз.
Бұл ЬІсқақ қандай жігіт деп сұраса,
Аққұба бидай өңді адам деңіз, -
деп домбыраны безілдетіп отыр екен, ұнап қалды, қашып кеттім, - дейтін Күлпетай. Қайнағасы Қарабала Меркідегі Құлманбет байдың қызымен айтысқанда жеңіп шығып, бәйгесіне бір жылқы алған көрінеді. Ысқақтын Қарабалаға арнаған:
Демес жұрт Қарекеңді бұрыс қылды,
Бүлінген көп жұмысты дұрыс қылды.
Кегімді ақ патшадан аламын деп,
1916 жылы ұрыс қылды, -
деген өлеңі де бар.
Қазақтыңәдет-ғұрпын қатаң сақтайтын, әсіресе әйел затына қаталдау қарайтын төре тұқымы емес пе, Күлпетай ауылға ұзын шашы кесіліп, қысқа жең көйлекпен барғанда, қайнағасы Қарабала:
Алланың бұйырғаның нәсіп қылар,
Адамда ата-салттың сесі тұрар.
Келінім, төрелерге жақпаушы еді,
Шашыңды бекер кестің, кесірі ұрар, -
деп ренжігенін естіп, Тұрардың маған «оқымаған қазақ әйелдің шашын күземей-ақ, ақылын түзесең қайтеді», - деп, катты ашуланып ұрысқаны бар.
Сөйткен Күлпетай 1937 жылы үш баласымен (Ремжан 9 аста, Рақымжан 6 жаста, Сабыржан 3 жаста) Ысқақ ағаң Онтүстік Қазақстан облысындағы Қаратас ауданыңың атқару комитетінің председателі қызметін атқарып тұрған шағында «жаудың жары» атанып, аңырап қалмады ма?! – деді жеңешем.
- Иә, жеңеше, арықша келген, караторы, бойшаң Күлпетай жеңгеміз хат танымайтын кісі екен.
«Күйеуіңді босатамыз, мына жерге бармағыңды бас десе, баса берген көрінеді. Оның барлығы қулық, залымдық екенін аңғармапты. Шымкентте күйеуімен беттестіріп жолықтырғанда Ысқақ: «Сені кінәлай алмаймын, білімің жоқ, оқытуым керек еді... Неге қол қойғаныңды бәрібір түсініп, сезіп отырған жоқсың. Ең болмаса балаларыңды оқыт, өзің жұмыс істе», - депті. Кейін үлкен ұлы Ремжанды да қамаған көрінеді», - дедім мен өз естігенімді ортаға caп.
Бәрінен де Әлпияға қиын бопты, - деді жеңешем. - Бірнеше жыл Әулиеата уездік контрреволюцияға қарсы төтенше комиссияның (ЧК) председателі қызметін атқарған, соңғы жылдары Қазақ республикасының жас өнеркәсібінің қалыптасуына елеулі үлес косып, Қарабалта, Меркіде қант зауытының ашылуына жетекшілік етіп жүрген Мақсұт Алматыда тұрушы еді. Қабылбекті ұстаған күні Мақсұтты да қамапты. Әлпия барып жолыққанда «Бала-шағаңды бақ, құдайдың басқа салғаның көресің, Сандықбай қайныңа ұқсап жан сақта», - депті. Мақсұттың Сандықбай деген туған інісі атақты Бектен болыстың Нысанбай атты бауырының Күлдәріш деген қызын ап, байдың күйеу баласы атанып, бүкіл өмірін қашқында, босқында өткізген жан. Сандықбай мен Күлдәріш кезінде Тұрар, Қабылбек, Сыдықтарға талай рет Сусамыр, Сұратта, Мықынды да қозы қуырдақ пісіріп, қой сойып, қол қусырып күткен Мақсұттың жан бауыры болғанымен, Голощекин заманындағы «аша тұяқ қалмасын» науқаныңда бар малы конфискеленді. Өздері «дұшпан» саналған сон, Сабыр, Нариман атты екі ұлы мен Надежда атты бір қызын жетелеп, жел айдаған қанбақтай соғыс басталғанша еш жерде тұрақтай алмай Орал, Талдықорған, Лепсі, Балқаш, Шу, Соқылық, Карабалта т.б. мекендерде 1-2 жылдан еңбек етіп, мал баққан, шөп шапқан, күзетте тұрған, егіс суарған, әйтеуір кілең қара жұмыстар істеген, сөйтіп балаларын қатарға қосқан. «Қазақ даласы кең ғой, шет елге ауғанша осылай істе», - деген көрінеді Мақсұт та. Көрші тұратын Сарымолдаев пен Құлымбетовтың әйелдерінің ұсталғанын көрген Әлпия тездеп екі баласын сүйретіп Қырғыз жеріне өтіп кетеді. Бейтаныс елге сіңе алмаған Әлпия көп қиындықтар көріп, ақыры Мойынқұмдағы алыс ағайындарын жағалап сонда тұрған. Өзі мектептің еденін сыпырып, отын жағып, балаларын оқытқан. Олардын ақыры не болғаның өзін білесін, - деді Әзиза.
Менің жүрегім сәл шаншып ауырып кетті. Бұл дүниенің азаптарын арқалап, тозақтарын көп көрген, жазықсыз жапа шегіп, перзенттері үшін бастарын тауға да, тасқа да ұрған осынау ұлағатты мейірбан жандардың тағдырдың тезіне, тәлкегіне ұшыраған шытырманды заңғар тұлғаларын жазу қолымнан келе ме, жоқ па, білмеймін, дегенмен келер ұрпақ Әзиза, Әрифа, Майнұр, Әлпия, Күлпетай сынды әйелдердің қиялдан тумағаның тарих төрінде жұлдыздарын мәңгі жандырып кеткен аяулы абзал аналар екенін білуге тиіс деймін іштей.
Алтын сақина сыры
- Жеңеше, жаңа бір сөзіңізде Тұрар ағаның Қарабала Әсімов пен Аққөз Қосановты пір тұтқаны жайлы айттыңыз. Меркі елі Аққөз батырды «Қарадан шыққан ханға» балап төбесіне көтергенін екінің бірі біледі. Шерағаның «Қызыл жебесінде» де тамаша суреттелмей ме? Өз ұлтының қамын жеп, намысын жыртып, қол бастап, көсемдік танытқан Аққөз батыр әлі де тереңірек зерттеуді күтіп тұрған кесек тұлға екені рас. Ал, Қарабала ата жайлы мүдде аз білуші едім, мүмкін болса, кеңірек тоқталсаңыз.
- Шырағым, мен саяси қайраткер емеспін, әйел ғанамын. Әрі Тұрар: «Сыр сақтағанға бәле жоқ, сақтамағанға дауа жоқ» деуші еді. Содан да отбасында, қонақта, көпшілік жиналған ортада ағаң онша ақтарылмайтын, қайта жұртты зейін caп тыңдауды ұнататын. Кезек күтпейтін, аузыңды ашсаң алдыңа түсіп беретін көк езулерді жақтырмайтын. Тек етене жақын, сырлас достарымен ғана кабинетінде оңаша отырып, ұзақ кеңесетін, көлденең көзді араластырмайтын. Бірде ас үйде ыдыс-аяқтарды жуып тұрып, ашық қалған есіктен ашына сөйлеген Қабылбектің даусын анық естідім.
Меркінің астаң-кестеңі шықты. Көлбай, Қайсарбай, Қарабай, Бектен, Нұрманбет сияқты байлардың бар мал-мүлкін тартып ап, өкіметке өткізгенімізбен, көсегеміз көгеріп, қара халық ашаршылықтан құтылған жоқ. «Бала көрмеген уалап, мал көрмеген қуалап өлтіреді», демекші, бірін екі етудің орныңа, дүние қадіріне жетпейтін кейбір жетесіздер тұлпарды жабығып, қойды қотыр ғып өлтіріп, не өзінде, не өзгеге жоқ, жер сыпырып отыр.
Есіңде ме, біздің ауылда тұратын ауқатты Әбиір ақсақалдың көз жауын алар үйір-үйір шұбар ала бәйге аттары? Қайда сол сәйгүліктер?! Қорағаты, Шу бойы тола түйе еді, ай сайын 30-50-ден жинап етке өткізеді екен. Сұмдық қой! Түйе деген төлдің құты, дәулеттің ырысы, малдың киесі емес пе?! Бүкіл Аспара өңірінде біз білетін 5-6 ғана атақты бай бар-тұғын, енді 1930 жылдың қыркүйегінен 1931 жылдың сәуіріне дейін Меркіден 604 байды соттап, 344-ін жер аударып, дүние-мүлкін кәмпескіледік деген ақпар алдық. Одан бері қанша қаймағымыз, майлы сорпамыз төгілді екен? Бүйте берсе сылдыр суымыз да қалмас. Мақсұт та ең ақыры туған інісі Сандықбайға қол ұшын бере алмай, ағайынға қара бет болып отыр, - дегенде Тұрардың:
Тоқтат! - деген салқын даусын естідім. - «Бір адым ілгері жылжу үшін екі адым шегіну» керек боп тұрған жоқ па қазір?! Жалғыз Меркі ме мипалауға түскен?! - деп есікті іштен қатты жауып алды. Ар жағын ести алмадым. Сірә, менің қыбыр етпей тыңдап тұрғанымды сезді-ау деймін. Ыңғайсыздана тұла бойым дірілдеп кетті. Соның аз ғана алдында көптен бері қолымызда бірге тұратын аласа бойлы, аққұба, арықша келген, сарғыш шашты Бекей атты қайнымды ертіп Тұрар он шақты күнге Қазақстанға командировкаға барып қайтқан. Бұларды жолда Қызылорда қаласында бір топ жолдастары қарсы ап, құрақ ұша күтіп, кетерінде Бекейге:
Мынаны жоғалтып алма, ішінде Тұрардың заттары бар, - деп кішкене қара чемоданды ұстатыпты.
Сол чемодан Шымкентте де, Әулиеатада да, Луговой-Меркіде де бірге ілесіп, Мәскеуге әкелініпті. Ешкім ашып қарамаған. «Мына чемоданда сіздің заттарыңыз сақтаулы» деп Бекей берген соң, Тұрар ашып көрсе іші тола қып-қызыл ақша! Көзі бақырайған ол қатты ашуланып:
- Мұны саған кім берді?! Менің рұқсатымсыз неге аласың?! Дұшпандарым мені сотталсын деген шығар, - деп Бекейге зекіп ұрса бастады. Әрифа анам арашалап:
Қой, Тұрар! Өзіңді ұстасаңшы, не болды сонша?! Әуелі ішін дұрыстап тексермейсің бе?! - деді.
Чемоданды төңкеріп тастап еді, шыныңда түбінен керекті қағаз табылды. Баспадан екен. Тұрардың Қызылордадан шыққан кітаптарының қаламақысы төленіпті. Келісім қағазына қол қойып, кері қайтаруын өтініпті. Анам байғұс жүрегі жарыла қуанып:
Жақсы болды-ау, Тұрар, Әзизаға алтын сақина ап берейікші! - деп қояды.
Менің есіме салтанатты бір кеште И. В. Сталинмен қол алысып сәлемдескенімде, саусақтарымды уатардай қысып ұстап тұрып: «Мынадай нәзік, жұмсақ, әдемі саусақтан алтын тұрмақ ғауһар жүзік садаға кетпей ме?!» деп Тұрарға мысқылмен жымия қарағаны жаныма батып:
Иосиф Виссарионович! Қазақта «келін қайын ененің етегінен жаралады» деген мақал бар. Менің енем қолына қара бақыр сақина да салмаған, жұпыны кедей екен. Ал, Тұрардың әкесін байлар Сібірге айдатқаның өзіңіз білесіз, сондықтан тегіме тартып асыл тасқа қызықпасам кінә артпайтын шығарсыз?! - дегем әзілге жендіріп.
Өңменіңнен өтердей мұздай суық жанарлы Сталин басын сәл шайқап, аздан езу тартқан. Осыны естіген анам іштей намыстанып жүрсе керек. «Әзизаш, жұлдызын оныңан туатын болды» деп шаттанған кейпін Тұрар судай басып:
Жоқ, Әрифа апай, «таза сабаның қымызын іш, мейірбан ананың қызын ал» деген. Жұртым аштан қырылып жатқанда әйелімнің алтынға апталғаны жараспас. Меркіде менің атымда жетім балалар интернаты бар, кеше барғанымда көрдім, халдері өте мүшкіл. Қайтіп жәрдемдесем деп күйзеліп кеп ем, тәңір тілегімді берді. Құдай жарылқады деген осы, аш-жалаңаш жетімдер бір тойынсын, - деп, бар ақшаны өз қолымен Меркіге жөнелтіп, екі-үш күн өткен сон сол кездері РИК-тің председателі Байкелов пен Меркі аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Рыспаевқа телефон соғып хабарласты. Анамның Тұрарға шын өкпе артып, ренжігенін сезіп мен де бір-екі күндей түнеріп жүр ем.
Әзизаш, саған не болған? Аяулым, амандық болса әлі талай кітап жазылар. Қазір қазақтын тарихын зерттеп жүрмін, көп тың деректер таптым. Осы кітапты шығарсам қаламақысын түгел саған жұмсаймын. Үлде мен бүлдеге оранасын. Құлағыңды, мойныңды, он саусағыңды алтынға толтырам, падишалардай әлпештермін сені, - деп, аймалап құшып сүйген шақта:
Сіздің шын ықыласпен айтқан әр жылы сөзіңіз мен үшін жүз жүзіктен артық екенін ұмытпаңыз, деп еркелеп назданғанымда, қалай қуанып еді. Ой, дүние-ай!... деді, - Әзиза мұңая күрсініп.
- Жеңеше, қолыңыздағыны Тұрар аға әперді ме?!.. - дедім мен дегбірсіздене жеңешемнін алтын жүзігін саусағыммен сипап.
- Жоқ, қалқам. Бұл сақинаны Шерхан қайнымның үйіндегі келінім сыйлаған.
«Қызыл жебенің» бірінші кітабы шыққан соң үйіне мені, қызым Сәулені, Бауыржан ағасын, Бекей қайнымды қонаққа шақырып, бізге жуып берген. Осы сақинаны қаламақысына арнайы алыпты. Мен: «Қой, Мариям, өзің тақ, сенде де сақина жоқ көрінеді ғой», - дегенім де. Бәукең: «Алдында сіз тұрғанда бұған жол қайда?! Әлде, Тұрар тірі тұрғанда ғауһар тағар еді деп жақтырмай тұрсыз ба?!» деп гүж ете қалғаны.
- Жо-жоқ, о не дегеніңіз?! Ағасынан тақпаған алтынды інісінен алуға жүрексініп тұрмын, - дедім қызарып. Бәрі ду күлді.
Қарағым, бұл - менің таққан тұңғыш алтын сақинам. Қолыма қараған сайын сонау Мәскеудегі окиға есіме түседі. Міне, көрдің бе, бірін айтып, біріне түсіп кетем. Қарабала атаң жайлы да еміс- еміс білем. Бірде үйге келген Ә. Жанкелдинге тамақ үстінде Тұрар Қарабала Әсімов жайлы ұзақ әңгімелеген. Оның 1890, 1900, 1910-13 жылдары Меркідегі орыс чиновниктерінің елден әскерге ат жинау науқаны, жер бөлу т.б. мәселелерде заңсыз әрекеттерін әшекерлеп ұрыс-керіс ұйымдастырғаны үшін Әулиеата, Сібір түрмелерінде 3 рет қамалып шыққанын, 1916жылы көтеріліске басшылық еткендердің бірі болғанын, 1917 жылы Тұрардың өзін өлімнен құтқарып, түрмеден қашырғаның, коллективтендіру кезінде көптеген қызметтер атқарғаның, 1921 жылы партияның X съезіне делегат болғаның тілге тиек етіп, Қ. Әсімовке дербес пенсия тағайындауға жәрдем беруін өтінген болатын, деді жеңешем.
Ақ неке түні
- Жеңеше, ең соңғы сұрағым болсын, айып етпесеңіз, Тұрар ағаммен жолығысқан алғашқы ақ неке түні жайлы әнгімелессек.., - дедім мен сәл ыңғайсыздана жымиып.
- Соңғы түйенің жүгі ауыр деген осы да. Қой, қалқам, ондай нәрселерді жазуға болмайды. «Ұят иманға тән» дегенді ұмытпа, жамандықтың бастапқы шарты ар-ұяттан айырылуда, сондықтан саған айтарым өзің түгіл өзгенің әбес қылығын көрсең де көрмеген бол.
- Жеңеше, екеуміз де соқа басты әйелміз. Жас шағымызды еске түсіріп сырласуға, бізге ерле-зайыптылардың күнделікті ләззат, рақат сезімдері жайлы жай ғана айтуға, ойлап-қиялдауға да құқымыз жоқ па?!
- Қу қыз, өкпелеме. Шырағым, сырлассақ, сырласайық, тек жазбауға уәде бер, одан абырой таппайсың. Қағаз қаламынды таста, дұрыс, сөмкеңе сал. Енді әңгімені сенен бастаймыз. Басынды шайқама. Сен де бір кезде ақ бантикті қыз едің ғой. Бәрін де ұмытуға болар, бірақ бірінші рет бет перденді ашып, шымылдығыңды бұзған сәт мәңгі есте жүрер. Күйеуіңмен тұңғыш жолыққанда қандай күйде болдың, ол не деп еді саған?! Қапыста қойылған сұрақ буынсыз жерге пышақ ұрғандай мені қатты қобалжытты. Мен шынымды айтпасам жеңешемнің де ақтарылмауы хақ. Саса бастадым. Көз алдыма институтты бітірген соң Меркіге, Гранитогорскіге жұмысқа тұрғаным, Жақпарымның әкесі Бейсен Жарылқасынұлы түсті. Денем қызып, терлей бастадым.
- Жеңеше, менің Әзиза болғым келсе де, Бейсен Тұрар емес ғой. Екеуміз де затымыз бір, төмен етек ұрғашы атанғанымызбен Тұрар ағаның орны бөлек, топ жарған арқар мүйіз жұрт көсемі деп қызықтап сұрап ем, кешіріңіз...
- Қу қыз, өйтіп жалтарып қашпа, сұраққа жауап бер! - деп сыңғырлай күлді. - Сенің Бейсенің Тұрар болмағанымен оның туысы, ал сен менің қайын сіңілімсің...
Мен тағы да қызара бөртіп ақырын ғана:
Тәнім ауырғаныңа жылап қалғам.
Бейсен жұбатып:
Есіміңді қалай дәл тауып қойған?! Атыңа затың сай өте тәтті екенсің, құмарым қанбай тұр. Мені үйленді деген атқа ғана қалдырған Тоғжан, Фарида сияқты әйелдерім қыз емес, біреулердің «жуындысы» еді, сонда да «алдандым» деп еңіреген соң аяп алған ем, бәрі-бір опа таппадық. Өмірден қыз пәктігін көрмей өтем бе деп қатты налушы ем, енді арманым жоқ, сондай бақыттымын. Тек тәңірім, дәмін өзім татқан шәрбатымды ешкімге ішкізбесе екен, бұлағымның тұнығын ешкім лайламаса екен?!.. Сені аспандағы ай мен күннен де, соққан самал желден де қызғанам, дүниеден жалғыз екеуміз ғана ғұмыр кешетін жайды қайдан іздеп тапсам екен?!.. - деп құшырлана сүйген дедім мен.
- Сенің күйеуін де бұрын үйленген екен ғой?!
- Заңдысы екеуі болатын, заңсызы нешеу екенін білмеймін, отты жігіт еді, артынан қыз-келіншектердің өздері жүгіретін. Мен де қатты ұнатып ем, - дедім жымиып, Әзиза ойланып үнсіз қалды да мұңая әңгімесін жалғап кетті.
Түнімен ақ төсекте аймалап, өртене өліп-өшіп, қанша құшсам да аузыңнан «сүйем» деген сөзді шығара алмадым-ау, Әзиза?! - деп күлді Тұрар таңертең шашымнан сипап. Екі бетім ду етті. Алдыңғы екі әйелі де қызу қанды орыс нәсілінен екендігі ойыма caп ете түсіп, олардың екі сөзінің бірі «люблю» екенін әрі өздері жабысып, ыстық жалындаған деммен алаулап сүйетінін ойлап, Тұрар соны аңсап тұр-ау деп жүрегім қызғаныштан тыз ете қалды.
Неге ойланып қалдың, Әзиза?! Әлде үйленгеніңе өкініп тұрғаннан саумысың?!
Жо-жоқ, Тұрар! Сізді сүйетіндігімді сөзбен емес, іс жүзінде бүкіл ғұмырыммен, саналы өміріммен дәлелдегім келеді. Сізден перзент сүйіп, көгеріп, жапырақ жайып, құдай қосқан қосағыңыз ғана емес, табаныңыздың күсін иіскейтін күніңіз боп, құзырыңызға құлдық ұрып, шашыммен жер сыпырып, алдыңызда құрдай жорғалап, қызмет етуді армандаймын, арысым! - дедім ұяла.
Көңіліңе ауыр алма, Әзиза. Сені қайтер екен дегенім ғой. «Сүйем» демей-ақ қасымда жай томпиып, мөлдіреп отырғанның өзі де мен үшін зор шексіз бақыт, тек ұзағынан сүйіндіргей... - деп, даусы дірілдеңкіреп толқып теріс айналды. Мен оның қуаныштан көзіне жас алғаның сездім, алғыс сезіммен арқасын алақаныммен аймалап, басымды сүйедім. Ал алғаш рет аяғым ауырлап екі қабат болғанымды естігенде жүрегі жарыла қуанғаның көрсеңіз?! Күнде ішімді сипап, тізерлеп отырып құлағын тосып: «екеуміздің жүрегіміз бірге соғып тұр», - деп, торсиған қарнымнан шөпілдете өбетін. «Өмірге сәби сыйлайтын ана ашуланбауы керек. Себебі, көңіл-күйі көтеріңкі болса, бала да дарқан, мейірбан болады, ал тырысқақ әйелдерден пейілі тар, қызғаншақ ұрпақ туады», - деп мені кино-театр, ойын-сауық қонақтарға жиі апарып еркелететін, әлпештейтін. Әсіресе, аңсаған жерік асымды жеті қат жердің астынан болса да тауып бермей тыншымайтын. «Баланың ақылды, ажарлы өсуі жерік аска көп байланысты» деуші еді, алтыным Тұрар!
Екеуміз де бірдей үһілеп көзімізге жас алдық.
Бақыл бол, асыл жеңешем
Жеңешемді тыңдап отырып мен кешегі Тұрар ағамның 90 жылдық мерейтойының өту салтанатын тағы да көз алдыма келтірдім. Қыстың кақаған аязына қарамай аудандық мәдениет үйінің кең залы халыққа лық толы. Әсіресе, мінбеге Т. Рысқұловтың жан-жары Әзиза Түбекқызы көтерілгенде бүкіл халық тік тұрып, ұзақ қол соғып көшемет көрсетті. Көзі жасаурап, дірілдеген үнмен ерекше тебірене сөйлеген жеңгеміздің әр сөзін ел қалт жібермей зейін коя тыңдағаны шын. - Тұрар осы күнді, халқының бүгінгі бақытты тұрмысын көруді қаншама аңсап, армандады?! Маған үнемі: «Сені туған елге, Меркіге апарып шымылдыққа қайтадан отырғызып, сәлем жасатам» деп әзілдейтін. Тұрардың ізі жатқан киелі Меркі топырағына, осындағы қайын-қайнағаларымызға, абысын-ажын, жеңге- келіндеріме, ұл-қыздарыма иіліп сәлем беруге рұқсат етіңіздер! - деп тағзым еткен еді, қайран жеңешем! Осынау салтанатты мерекеде сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Е. Сауранбаев ел атынан Тұрар ағаның бейнесі тоқылған үлкен түкті кілемді сыйға тартты. Үзіліс кезінде кілемді бәріміз жабылып ашып қарап жатқанымызда, облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы Ғ. Бибатырова: «Жеңеше, бұл кілемді музейге өткізіп жібермей төсегіңіздің тұсына ілуіңізді сұранамын» - деген өтінішіне:
Ермек қайнымның бұл тартуы маған Тұрарымды қайта тірілткендей әсер қалдырды. Үйімде бұдан басқа кілем де жоқ. Тұрар екеуміз жиһаз жиып, алтын-күміске қызыққан жан емеспіз. Үкімет жұмысымен қайда барсақта екі чемодан киімнен өзге мүлкіміз болған емес. Тұрарды ұстап кеткеннен кейін «Алтындарын мен ақшаларыңды, қымбат бұйымдарыңды қайда жасырып тықтыңдар? Айт! Осынша жыл ел басқарған басшыда мал- мүлік жоқ дегенге сене қояр дүмбілез бала біз емес?!» деп, мені талай қатты қинаған еді, - деді жеңешем.
Менің ойыма Әзизаны бірінші рет сұраққа апарғаны жайлы айтқаны түсті. Тұрар ұсталған соң, он шақты күн өтпей-ақ аяғы ауыр Әзизаға ай-шай жоқ бірден намысқа тиер былғаныш-былапыт ащы қорлау сөздермен дүрсе қоя беріпті.
- Әй, қаншық! Халық жауының жәлебі! Өтірік момақансып мүләйімсіме! Бет жылтырың бұл жерге жүрмейді! Одан да байыңның сыбайластары кім?! Он жыл Мәскеуде ойнап отырмаған шығар, жинаған алтын, күмістеріңді, ақшаларыңды, қымбат заттарыңды қайда тықтыңдар?! - деп ақырып қалғанда, өмірі лас, ащы сөз естіп көрмеген, ұрсып үйренбеген, үкінің үлпегіндей үлбіреген Әзиза «Оңбаған» деп есеңгіреп құлап түскен. Әбден жылап намыстан жарылардай ашу-ыза кернеген Әзизаны тек анасы ғана зорға тоқтатыпты:
Қызым, өлі арыстаннан тірі тышқан артық болған мына қым-қуыт, қапас заманда бұлбұлдың жоқтығынан құрбақа құрылдаса не жорық?! Ақылыңды - қазы, ойыңды - таразы етсең, ол сенің өкпеңе, бір тамшы көз жасыңа тұратын кісі ме?! Іріктің аузынан шыққан шірік сөзге үгілетін жасық па едің? Сен Тұрардың, тұлпардың сенімді серігі екеніңді ешқашан ұмытпа! - деген кеңесі өмір бойы ойымда тұрды, қайратымды қамшылап, жігерлендіріп жүрді - деп сырт шерткен болатын.
Иә, бәрі де есімде, бәрі де көз алдымда. Әсіресе, 90 жылдық торқалы тойы құрметіне арналған концерттік программада менің «Тұрар туралы толғауымды» белгілі әнші сіңілім Қарлығаш Қожағазина орындамақ. Қалай шығар екен деп көңілім күпті, көңілім өрекпулі. Қасымда Әзиза мен Сәуле отыр. Бір уақытта ән хабарланды. Жеңешем білмейді екен:
- Сен жаздың ба, Шырын? - деп сыбырлады.
- Иә.
Өзі де үріп ауызға салғандай сүп-сүйкімді Қарлығаштың тұла бойымызды шымырлатар жанға жайлы мұңлы даусы көпшілікті ә дегеннен баурап әкетті.
Айналайын халықтан,
Ұлылығын танытқан,
Уызына жарытқан,
Құдыретін дарытқан,
Қазақтың қайсар ұлдарын,
Жырлауға еш жалықпан.
Ту көтерген көсем бар,
Топты жарған шешен бар, -
деп Тұрар аға жайлы тебірене шырқап кетті. Ағыл-тегіл жылап отырған Әзизаны көріп бүкіл залдың тең жартысы көзіне жас алды десем жалғаны жоқ. Бұл, әрине, менің жырыма емес, жеңешеме, ағаға арналған ел құрметі, махаббаты еді. Ән аяқталғанда жеңешемнің мені құшақтап: «Рысқұловтар әулеті атынан саған көп рақмет, бақытты бол» деп бетімнен сүйгенін де ұмытқам жоқ. Сол мезетте, шыныңда, менен бақытты жан жоқтұғын. Әзиза жеңешемнің Арифа анасына ұқсаған менің де сүрінсем сүйеп, кішкентайымнан жетелеп жүріп жеткізген Қантай деген қарт әжем бар-тын. Досы түгіл дұшпаныңа да жақсылық тілеп отыратын осынау қайырымды мейірбан жан бір жасында әкесі Төреқұлдан, екі жасында анасы Інжуәпиядан жетім қап, Құланның атақты байы, әкесінің туған бауыры Қалқабайдың үйінде ер жетіпті. Дәулетті отбасында бұла өскен ерке қыз Қазан Революциясынан кейін кәмпескеге ұшыраған Қалқабай атамыздың Әбдікәрім, Асан, Сейіт, Тінтай, Шойбек, Бәйтік сияқты балаларымен бірге қырғызға ауып, талай қиыншылықтарды бастан кешіріпті. Перзенттерінің азып-тозып бара жатқаның көрген Қалқабай «топырағымыз туған жерден бұйырсын» деп елге қайтқан екен. Сөйтіп өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей көрген апам Қантай: «Шырағым, сенін Мамасерік атаң бала оқытатын молда еді. Ол: «Құдай тағалам жарық дүниеге әкелген әр пендесінің басына бақыт құсын үш рет қондырады. Оның көзді ашып-жұмғанша тез ұшып кетуі де, айлап, жылдап тұрақтап тұрып қалуы да - жазмыштың ісі. Әрине, ақылды адам шапшаң ұғынып, келген бақты теппей, қайта аялап жібермей ұзақ ұстайды, ал ақымақтар түсінбей өздері үркітіп ұшырады екен» деп отыратын. Сол Қантай анам айтқан бақыт құсы бірер сағатқа болса да басыма қонғаның анық сездім. Жасымда жетім өсіп, енді жетілдім бе дегенде қанатымды қиған жесірліктің суық ызғарынан тоңған жүдеу жанымды жыр шумағымен ғана жылытып, күйкі тіршілік кешкен жетім жүрегім лезде жадырап, айналам жап-жарық нұрға бөленді. Сізді кездестірген Тәңірге, сізбен таныстырып, қасыңызда жүруіме жағдай жасаған аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі Тұралиева Роза сіңіліме сол мезет іштей мың миллион алғыс айтқан шығармын. Қайран, қымбатты қимас жеңешем, Меркіден аттанарда:
- Шырын, саған сенем, әңгімеміз аяқсыз қалмасын жаз. Әлі де айтарым мол. Алматыға, үйіме кел. Құдай қаласа бір-екі жылдан соң Меркіге қайта кеп, Тұрар құрмет тұтқан Аққоз, Қарабала, Сарымолда, Жылысбай, Қырғызбай т.б. ата-бабаларымыздын басына барып, рухына құран оқытсам деймін. Сен үйіне қанша қиылып шақырсаңда бара алмадым, айып етпе, келесі жолы арнайы соғам. Немерелерімді ертіп кеп, Тұрар мақтайтын Сусамырға дем алсам, шіркін! - деген. Хат арқылы жиі хабарласып тұрдық. Бірде: «Шырын, маған арнаған өлеңінді алдым, өте ұнады, рақмет! Келіп домбырамен өзің орындап бергейсің» деп жазса, бірінде: «Өте қатты ауырыңқырап отырмын. Меркі халқын сағындым. Қайындарыма, абысын-ажындарыма сәлем айт. Мүмкіндік тауып келіп қайтшы, Шырын?!» - депті. «Әне барам, міне барам» деп жүргенде Меркіде де құдды Алматыдағы желтоқсан жаңғырығына ұқсас атағы Одаққа жайылғандай кішігірім төңкеріс болмады ма?! Сол аласапыран күндерде жазықсыз жапа шегіп жәбір көргендердің ішінде мен де боп қаншама жас төктім. Әрі құлашыңды жаздырмайтын жесірлердін жоқшылық атты көзге көрінбейтін тарамыс тұсауы адымымды аштырды ма?! Кешіре көр мендей бағы жанбаған бейшара бейбақты, асыл жеңешем! Халқымыздың Тұрар сияқты бір туар, дана, кемеңгер көсемін табындырған, қасиетті биік тұлғаңыз, ай дидарлы аппақ жүзіңіз ақтық демім біткенше өзіммен бірге жасар. Жаныңыз жаннатта боп, Алла тағала арайлы шапағат нұрын төгіп, жарық шұғыласын күллі әйел атаулыға, жетім мен жесірлерге, оның ішінде менің де шикі өкпе, қара теріме шашса екен деп күн сайын жаратқаннан жалбарына шын жүректен тілеймін! Сөзімнің соңын 1985 жылдың 8 наурыз әйелдер мерекесіне орай өзіңізге хатпен жолдаған жыр жолдарымен аяқтауға рұқсат етіңіз, аяулы асыл жеңешем!
Әзиза жеңешеме
Алты алаштың арысын,
Ғашық еткен, Әзиза.
Отқа өртеніп, жары үшін,
Жасып өткен, Әзиза.
Пәк махаббат сезімге,
Ғұмырынды арнадың.
Кез боп тағдыр тезіне,
Шындықты іздеп зарладың.
Үлкен үйдің шаңырағын,
Құлатпадың, жеңеше.
Боталарын аңыратып,
Жылатпадың, жеңеше.
Періштедей, Әзиза,
Адалдықтың өзісін.
Саған мәңгі ел риза -
Тұрар аға көзісің!..
МҰРАНЫҢ ҮЛКЕНІ - МҮБӘРӘК ТӘРБИЕ
(Көрнекті мемлекет қайраткері Қ. Сарымолдаевтың туысы Болат Мұхаметжанұлы Данияровпен сұхбат)
- Болат бауырым, өзің де Меркінің түлегісін, Орхон дәуіріндегі Білге бабамыздың сөзімен айтқанда:
«Төрт құбыладағы халықты
Бейбіт ел атандырған,
Басы барды еңкейткен,
Тізеліні бүктірген»
батыр, данагөй, тарихи тұлғалардың Аспара өңірінде аз еместігін жақсы білесің. Сонау 643-701 жылдары Бұлғар жерінде хандық құрған Аспарухты қазақ халқының тарихын зерттеуші, белгілі жазушы Қ.Салғараұлы Дулат тайпасының Ботпай руынан дейді. Атына қарасақ, Аспарух деген ханның лақап атына, яғни Аспаралық дегенге келеді. Осындай пікірді профессор Әділхан Байбатша «Қазақ даласының ежелгі тарихы» деген 1998 жылы «Санат» баспасынан жарық көрген кітабында қайталайды. Сондай-ақ А. Асқаровтың «Ұлы Тұранның ұлдары» атты тарихи шығармасында да Аспарух хан жан-жақты суреттеледі. Ал бүгінгі мерейлі Меркі жұртшылығы елінің абыройын, жерінің айбының асқақтатқан кешегі Жауғаш, Сыпатай, Аққөз батырларын, Тұрар, Қабылбек, Асанбай сияқты қайраткерлерін орынды мақтан тұтады. «Сыйлықтың үлкені - әкелерден қалған өнеге» демекші, Сіздін аталас ағайыныңыз Қабылбек Сарымолдаев белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың үзеңгілес серігі, тонның ішкі бауындай сырлас досы болса, өз әкеңіз Мұхаметжан Данияров та 1945 жылы фашизмнің ордасы Рейхстагтың шаңырағын ортасын түсірген ерен ерлердің бірі екенін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, атақты жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Бір суреттін тарихы» атты көлемді шығармасында жан-жақты суреттепті. Қысқартып Ә.Нұршайықовтың өз сөзімен айтқанда: «Бауыржан Момышұлы Москваны қорғаса, оның мектептес досы - сенің әкең - Рейхстагты алған! Қандай ғана адамдар десеңші бұлар!» - деген ұлы жазушының уәжін, әңгіменін әуезін бұзбай әрі карай өрбітсек деймін.
Шырын апай, әкесін мақтағанды кім жек көрсін. Қара құртша қаптаған қалың жаудың қардай бораған оғынан аяулы әкемнің аман-сау оралуына Бименді, Сарқұл, Майлыбай аталарымның әруақтары, ет жүрегін елі үшін жұлып берген қадірлі Қабылбек ағамның жазықсыз жапа шегіп, кінәсіз запыран-мұң жұтқан асқақ рухы жебеген шығар. Шынымды айтсам, Кутузов орденді 150 атқыштар дивизиясы 756 Қызыл тулы атқыштар полкінің 2-ші атқыштар батальонына қарасты 6-шы атқыштар ротасының лейтенанты М.Данияровтың омырауына тағылған II дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алған үшін», «Германияны жеңгені үшін» т.б. медальдарына қызыға қарайтынмын, әрі мақтан тұтатынмын.
Болат, әкеңіз жайлы көбірек білгім келеді. Оған XX ғасырдын аса талантты ақындарыныц бірі, Мемлекеттік сыйлықтын иегері Әбілда Тәжібаев: «Бөлек жүретін, орысша киінетін, өзгелер сияқты ойынқұмар емес, сабырлы болатын,» - деген мінездеме беріпті ғой...
- Апай, әкемнің Шымкенттегі Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепте 1926-1928 жылдары Б.Момышұлымен, Ә.Тәжібаевпен, К. Сағындықовпен, Ә.Ысмайыловпен бірге оқығаны рас. Әбділдадай ауызы дуалы мәшһүр ақын әкем жайлы жылы лебіз білдіріп, өнегелі өскенін айтса, бұл бәлкім шыққан тегіне, тәрбиелеген алтын бесігіне байланысты болған шығар. Қазақта «Тұлпардын мықтылығы тағасынан, жігіттің мықтылығы ағасынан» деген мақал бар, кішкентайынанҚКабылбек ағасын пір тұтып, оған еліктеп өскен өрен жас неге сабырлы, салмақты болмасқа. Менің ойымша, әкемнің Ұлы Отан соғысы кезінде ерліктер көрсетуі, совет, кооператив және шаруашылық, өндірістік қызметтерде жұмыс істегенде де, Луговой, Меркіде мұғалімдік мамандық атқарғанда да ұлы Абайдың: «Болма- санда ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз, Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген даналығын өзінің асыл мұраттарына шамшырақ еткен-ау шамасы деймін. Өйткені әкем осы шумақты жиі қайталап айтып отыратын. Сондай-ақ Меркінің Екпінді ауылында туған қоралас Бейсебайдың ұлы Мәсімханның сол кездері жұлдызы жанып Қаз.ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін атқаруы жалғыз менің әкеме ғана емес, сол дәуірдегі көп жастарға үлгі, өнеге болғаны ақиқат.
- Болат, Мәсімхан ағаның Қабылбектің қызы Зульфияға көп көмегі тигені рас па? Зульфияны қашан көрдіңіз?! Алғашқы алған әсеріңіз?!..
- Зульфия қазақтың талантты, қанатты, дана қыздарының бірі ғой, түұлпардың тұяғы, асылдың сынығы тегіне қарай тартпасын. Қабылбектің көзін көргендер Зульфияны әкесінен түрі де, мінезі де аумаған десетін. Алғаш рет Зульфия әкпемді 1956 жылы әкесінің ақталған қағазын алып, анасын ертіп Ойталға келгенде көрдім. Ағайын ел-жұрты қатты қуанып, үлкен ас берді, ат жарыс өткізді. Сол кезде мен 13 жаста едім, ат жарысқа қатынасып, 7- орынды иемдендім. Зульфия әкпем арқамнан қағып, бетімнен сүйген. Ал біздің үйде қонақта отырғанда әкеме жақында Ташкенттен Алматыға көшіп келіп, Республиқалық банкі конторына жұмысқа орналасатының айтты да, бірақ үй мәселесі шешілмей тұрғаның сөз етті. Әкем оған Алматы облысының бірінші хатшысы Мәсімхан Бейсебаевқа жолығуын қатты табыстады. Өйткені кезінде әке-шешесінен ерте айырылған Мәсімханды жетімханаға орналастырып, кейін ол Талғардағы ауыл шаруашылығы техникумын үздік бітірген соң жоғары лауазымды қызметтерге орналасуына Қабылбектің жәрдемдескенің Зульфияға сыр ғып айтқаны жас та болсам жадымда қалыпты. Сондықтан да шығар Мәсімхан аға Зульфияны жылы қабылдап, бұрын Қабылбектің өзі тұрған үйдің орныңа соғылған зәулім жаңа ғимараттан пәтер бергізіпті. Мен барған сайын Зульфия әкпем: «Болат, терезеден қарашы, әкемнің өз қолымен тіккен шыршалары аулада әлі өсіп тұр. Олар маған: «Зульфия, ақ иіліп сынбайды, шындық әрқашан жеңеді!» деп сыбырлап тұрғандай әсер береді», - дейтін. Мен екінші рет Зульфия әкпемді 1968 жылы Владивостоктан әскери борышымды өтеп келе жатқанда көрдім. Үйлеріне соғып, Майнұр апама, Зульфия әкпеме сәлем беріп, бір аптадай қонақ болдым. Қайтарда әкпеме Жамбылдағы технологиялық институттан қант шаруашылығының технологы деген мамандығым бойынша Меркідегі қант заводына қызметке қабылданғанымды айттым. Әкпем маған өте риза көңілмен: «Болатжан, нағыз азамат екенсің! Білесіңбе, Меркідегі қант зауытын салдырған Қ.Сарымолдаев еді, енді ағаңның асыл мұратын іске асыруға сен де үлес қосатын болдың. Халықта «Қазанат қамшы тигізбес » деген нақыл бар, сол есінде жүрсін, тек жақсы атың ғана естілсін!» - деген Зульфияның тебірене сөйлеген сөзінен нағыз жанашырлық, бауырмалдық, мейірім шуағын сезінген едім. Сол күннен бастап, қолымнан келгенше Қабылбек ағаның атына, әкпем Зульфияның есіміне дақ түсірмеуге тырыстым, әлі де тырысып келемін, - деді ол жеңіл күрсініп.
- Болат, Зульфияның ұлт қайсарлығының рухы сіңген қайраткер қыз болғандықтан, ағайын-туыстарының да кіршіксіз таза, мөлдір, адал жанды ар иесі болуын көксегені хақ. Оның ақиқатқа суарылған алмас қылыштай өткір сөздерінен кеудесіндегі жұлдызының жарығын көргендей боп отырмын. Осының өзі-ақ бізге мейірімді, инабатты, иманды жан байлығын мұра етіп қалдырғандай әсер береді. Бұл жалғанда мәңгілік ешнәрсе жоқ. Уақыты келгенді өмір көшінен тірі пенденің бәрі өтпек. Аллах Расулы (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Өзіңді осы дүниеде ғаріп бір жолаушымын деп есепте!» - деген екен. Демек, мынау фәни мейманхана тәрізді де адамзат оған уақытша тұрақтаған жолаушы сияқты болғаны ғой. Рас болса, жердің жасы 6 миллиард жылдан асыпты. Содан бері жер шарының апай төсінде қаншама кісі дүниеге келіп кетті екен?! Басқаны былай қойғанда өз әулетіміздін алғашқы алтын кірпішін қалаған нән бабаларымыз қайтыс болмаса қайда кетті? Ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз ше? Шырмауы көп шырғалаң тұрмыста мұз жастанып аты тарихта қалған атпал азаматтарымыз аз ба?! Олардың таудың бұлағындай таза сезімдерін әспеттеп өскен артындағы ұрпақ әсте ұмытар ма?! Естуімше Зульфия қатты науқастанағанда қасында болған екенсіз, әкпеміздің соңғы сөзін, тілегін естігіміз келеді...
- Шырын апай, өлімнің шоқпарынан кім құтылған?! Дүние жаздың бұлтындай өте шығады емес пе? «Көрген түстей бұл өмір» деген өлең жолында шындық бар. Қайтыс болған әкем ойыма түссе сағынғаннан сай-сүйегім сырқырап, көңіліме ыстық мұң ұялайтыны өтірік емес. Ал, рухани ұстаз тұтқан, асқар таудай қамқор, сүйікті Зульфия әкпем есіме түссе, тамағыма өксік тірелетіні де шындық. Әкпемнің көңілін сұрап барғанымда мәңгілік қоштасып тұрғанымды қайдан білейін. Хал-жағдай сұрасқаннан кейін, бетіме ұзақ бағдарлай қарап тұрып:
Болатжан, әкем Қабылбектің жүрегінің тынысы мен жылуын жеткізетін біраз дүниелерді саған табыстамақпын. Жоғалып кетпесін, ағаңның көзіндей сақта! - деп арнаулы папкілерге салынған мұрағат құжаттарын, жазған еңбек, іс-қағаздарын берген болатын. Өсірген баласына, менен де жақын туыстарына емес, әкесінің асыл мұрасын аманаттап неге маған берді екен деп әлі күнге дейін таңғаламын.
- Болат, филология ғылымының докторы, прфессор Т.Қожакеев кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекеттік қайраткерлер мен жазушылар, журналистер мұрасына арналған 1991 жылы «Жыл құстары» деген еңбегі жарық көрген еді. Оны оқыдың ба?
- Т.Қожакеев қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде 16 жыл журналистика факультетінің деканы, 25 жыл кафедра меңгерушісі болған, қазақ сатирасының дамуына жан-тәнімен пайдалы еңбек сіңірген «Құрмет белгісі» орденінің иегері, жазушы, сыншы ағамыз жерлесі К,. Сарымолдаев туралы көптеген зерттеу мақалалар жазған. Бір қызығы бұл кісі де қайтыс болар алдында Қ.Сарымолдаевтың барлық еңбектерінің тізімі көрсетілген библиографиялық айқындағыш қағаз берген болатын. Аспара аңғарынан өpic ап, арттарына өшпес із қалдырған екі дарабоз тұлғаның маған көрсеткен соңғы сенімін, ақырғы жақсылығын жете түсініп, тұтас тану үшін жіті көз, алғыр ақыл керектей түсіндім. Қ.Сарымолдаевтың ұлылық тұлғасы мен даңқы уақыт озған сайын үдей түсіп, көкейге нұрлы сәуле ұялататының қажырлы да қайратты, қос қайраткер зерек көңілмен тоқыған сияқты, - деді Болат әңгімесін аяқтап.
Менің ойыма үш рет Түркістан Республикасы, үш рет Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитетінің, екі рет өлкелік партия комитетінің мүшесі болып сайланған белгілі мемлекет қайраткері Қ.Сарымолаевтың 90, 100 жылдығы құрметіне ауданда өткен мерейтойларда Зульфиямен дастархандас болған қызықты ұмытылмас күндер түсті. Әкесінің атындағы мектеп алдына ескерткіш орнатып, мектеп сыныптарын жабдықтауға жәрдемдескені де көз алдымда. Әсіресе, мектеп түлектерімен кездесуде көзіне жас алып: «Менің әкем сендердей ізбасарлары тұрғанда ешқашан өлмейді. Аға атына лайықты азамат боп өсетіндеріне сенімім зор», - деген еді елжіреп. Бүкіл аудан жұртшылығы асылдың сынығы, тұлпардын тұяғы Зульфияны төбелеріне көтеріп, аялаған. Сол мерекелі күндерде оның қасында зыр жүгіріп, осы Болатта қызмет көрсеткен. Ал, бүгін сол Болат бауырымның байсалды, маңғаз, сырбаз, ойлы кескініне қарай отырып, Қ. Сармолдаевтың шығармаларын, мақалаларын, мұрағаттағы барлық іс-қағаздарын тірнектеп жинап, кейінгі ұрпаққа мирас етіп қалдыруға жаның салып, тағы да зыр жүгіріп жүргеніне ризашылығымды білдірдім. «Мұраның үлкені - мүбәрәк тәрбие» деген ғибратты сөз Болат сияқты ұлтжандылықты жөргегінен сіңірген атпал азаматтарға арналған сияқты. Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізге тас атпай ма?! Осы орайда қазақ әдебиетінің классигі Ғ.Мүсіреповтың: «Ата-анасының қадірін білмеген, Отанның да қадірін білмес» деген терең философиялық пікірі еске түседі. Ұлтының ұлтаны боп, елім деп еңіреп өткен асыл ағалардың еңбегін елемеуден артық күнә жоқ шығар. Қазақ халқының кемеңгер, көсем ұлдарының бірі Д.Қонаев өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабында: «Елдің елдігін танытатын да, тарихын жасайтын да, артына өшпес із, өлмес мұра қалдыратын да ұлы перзенттері. Ұлылықтың теңдесі жоқ өлшемі де осы», - деп жазғаның еске алсақ, Қазақстанның экономикасының өркендеуіне өз қолтаңбасын өшпестей қалдырған алып жүректі Қ.Сармолдаевтың еңбегін бағалай білу бүгінгі ұрпақтың басты борышы болмақ.
МАЗМҰНЫ
Жыр — тағдыр 4
Өзі - жібек, өлеңі - өткір ақын 7
Бірінші бөлім ҚАЙЫРЛЫ ТАҢ,ТУҒАН ЕЛ!
Қайырлы таң 12
«Тыныштык тербеп» 14
Бозторғай 15
Таңғы тілек 16
Мінәжат 17
Қазақтар 18
Бақытқа апарар жол 20
Бақыт 21
Үш байлық пен үш парыз 22
Домбыра 23
Қобызым 25
Ата Заң 27
Ұлт көшбасшысы 28
Астана 29
«Бақ нұрының толқыны» 31
Жер ананың толғауы 32
Тәуелсіз ел өрені 33
Көкшетау 35
Отан 37
«Азаттықты аңсап» 38
Аспарух ханның монологы 39
Нағыз қазақ 41
Туған жер 42
Аспара 43
Ұлттық дәстүр 44
Атажұрт 45
Жалпақсаз 47
Ауылым 48
Құланым - Атамекенім 49
Сүгірбай атаның әні 50
Мерейлі Меркі 51
Сұлу Меркі - әсем 52
Жас әкім Сапарғалиға 53
Қаратаудын қыраны 54
Ақылы азық аға едің 55
Әділет пен ізгілік 56
Ақиқат 57
Шындық 58
Аға биі алаштың 59
Алғыс 60
Әдемі әйел 61
Батыр ана Орынкүл 62
Маңғыстаудың мұзбалағы 63
Қара нар 64
Әли қызы Сәулеге 65
Прокурор 66
Еңбек Ері 67
Көсем ене 68
Орынбасар 69
Кел, Жаңа Жыл - Наурызым! 70
«Күміс қазық» 71
Дос керек 72
«Өнердің өлкесінде» 73
«Балалық шақ» 74
Иман 75
Дарқан жан 76
Асығыстық 77
Нарық заманы 78
Көктем 79
«Бірде тұман» 80
Тілеуберді батыр 81
«Жанақорған» шипажайында 83
Ақ қайындар 84
Бауырым 85
Ана мұны 86
«Аласартып арманды» 87
Он жыл болды 88
Сабырлық 89
«Жүрегімді жадыратар» 90
«Сел боп аққан» 91
Аппақ құсым - жырларым 92
Нәзік накыш 93
Гәкку 94
Екініиі бөлім СӨЗ ӨНЕРІ - ДЕРТПЕН ТЕҢ
Сөз 96
Қызыл тіл 97
Ақындар 98
«Қалауын тауып» 100
Поэзия патшасы 101
Ұлы Абай ЮЗ
Жыр абызы Жамбылға 104
«Өнерде» 105
Бұқар жырау Ю6
Ұлбике туралы жыр Ю8
Жырдың пірі - Махамбет 109
Кенен ақын рухына П0
Мұқағали ақынға П2
Фаризаның жырлары ИЗ
Жазушы
Шын дос 117
Қайырбекке 48
Сенем саған * 19
Куанта бер, Мақұлбек, туған елді 120
Кеудемнен ұшқан бозторғай 122
Толғаныс 123
Өлең 124
Әлібек Әмзеевке 125
Ауыл тілшісі 126
Езу тартар елу жаста сезім гүл 127
Көсемәлі 128
Жанашыр 129
Айша ақын 130
Қазақ қызы Ғалия 131
Қуандыққа 133
Әріптес інім 134
Үшінші бөяім САРЫ УЫЗ САУМАЛ СЕ31М ЖЫР ТІЛІНДЕ
Қариялар 136
Әже 137
Әже рухымен сырласу 138
Анамның өсиеті 140
«Енді ешкім» 141
Анашым 142
Алатаудың ақиығы 143
Бауыржанның монологы 144
Әбіш - абыз, кемеңгер 146
Клара жеңешеме 147
Қайраткер 148
Сыпатай батыр ұрпағы 149
Мәрттігі мен пәктігіне табынтқан 150
Ауғандағы Асылбектің монологы 151
Ұлбосын апаның мінәжаты 155
Ақ көңілі уыз қалпын сақтаған 157
Аспара қызы 158
Ержанның алтын балығы 159
Ұрпақ үні 160
Жыр - шапан 163
Ұлжанға 165
Газет 166
Сіңіліммен сырласу 167
Асыл аға 168
Әйел, ана, дәрігер 169
Аппақ шаш 170
Құттың қонар тұғыры 171
Тұлпарлардың тұяғы 172
Қос ұстаз 173
Сұлу қыз 174
Бекжігіт 175
Әнші Бүркіт 176
«Ерке сылқым» күйі 177
Сазгер 178
Жастар 179
Әйел 180
Жеңешем 181
Ғалым қыз 182
Күйеу бала 183
Айзада 184
Нәзік жан 185
Ақжолтайы аулымның 186
Нұршаға 187
Сұңқарлардың жұрнағы 188
Дәрігер 189
Қайсар кыз 190
Ата-ана 191
Қарт құрбыға 192
Әнипаға 193
Келін 194
Ініге ізет 195
Кешір, әке 196
Жұбайлар 197
Шаңырақ сәні 198
Күлзада 199
Хадиша 200
Шәрия 201
«Сен сүйесің» —
Қыз ұзату тойында 202
Нағима 203
Арам шөп 204
Сұғанақ 205
Мысық тілеу 207
«Қайғы кернеп» 208
«Калай ғана» 209
Ғашық сезім 210
«Домбыраның қос ішегіндей» 211
Махаббат азабы 212
Сауал 213
«Қайтсем екен» 214
Қиял 216
Төрттағандар 217
Мәдина 224
Төртінші бөлім ХИКАЯТТАР, СҰХБАТТАР...
Қымбатты, қимас женешем 226
Мұраның үлкені — мүбәрәк тәрбие 299
ШЫРЫН МАМАСЕРІКОВА
БАҚЫТ
Редакторы Айша Көпжасарова
Корректоры Ұлжан Керімбекова
Техникалық редакторы Раиса Винокурова
Басуға 21.06.2010 қол қойылды. Қағазы офсеттік.
Офсеттік басылыс. Пішімі 84x108 1/32.
Қаріп түрі «Таймс». Баспа табағы 19,5.
Таралымы 1000 дана. Тапсырыс № 558.
ЖШС РПБК «Дәуір», 050009, Алматы қаласы, Гагарин даңғылы, 93.
Тел.: 394-39-22, 394-39-34, 394-39-42.
E-mail: rpik-dauir81@mail.ru, rpik-dauir2@mail.ru
Достарыңызбен бөлісу: |