Маметекова Гаухар Серикказиевна



Дата12.12.2021
өлшемі26,99 Kb.
#99722
Байланысты:
Абай қара сөздері мақала


АБАЙ ҚАРА СӨЗДЕРІНІҢ ТӘРБИЕЛІК ТАҒЫЛЫМДАРЫ МЕН АДАМГЕРШІЛІК ӨЛШЕМДЕРІН КОЛЛЕДЖ БІЛІМПАЗДАРЫНА ҮЛГІ ҚЫЛУДЫҢ ГУМАНИСТІК МҰРАТТАРЫ
Маметекова Гаухар Серикказиевна

М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледж


Ұлы Мұхаң атындағы қара шаңырақта ұстаздық жасау ісінде, Абайдай асылымызды айналып өте алмасымыз хаһ. Бүгінде 175 жылдық мерей тойын ел болып атап өткелі отырған ұлт ұстазының қара сөздері біз үшінде, шәкірттеріміз үшін де ғибрат. Абай мұрасы, ғақлия сөздері қазіргі жаһандық өзгерістер тұсында ұлтымыздың маңдай түзер темірқазығы іспеттес. Абай шығармаларында афоризмдік сөздердің болу және мол болу себептерін ұрпаққа адамгершілік тәрбиені тереңдеп сіңіре білуінен іздестірген жөн. Әрбір қоғамдық ой өз дәуірінде ғана туа алады . Ал әдебиетте осы ойды беретін тәсіл – белгілі бір жанр да тарихи қажеттіктер негізінде белгілі бір дәуірде ғана туып отырады. Бұл дәуірді халықтардың бәрі бірдей өз басынан бір мезгілде өткізіп отырмайтындықтан, мұның өзі әрбір халықтың әлеуметік , қоғамдық жағдайларына байланысты ертелі-кеш үздік-создық етіп отыратындықтан, осы қоғамдық жағдайдың әмір – үкімінен туатын ой-пікірді әдебиетте беретін тәсіл - әдеби жанрлардың туып, қалыптасуында да үздік-создықтық бола береді.

Жеке бір ақын , я жазушы әдебиетті белгілі бір мақсатқа пайдаланса , осы мақсат жолында әдебиеттің белгілі жанрын, тәсілін іздесе, мұның өзінде де қоғамдық талаптың сол ақынға деген әмір-билігі жатады. Демек, көп жағдайда ақын да , ол қалыптастырған жанр да , шығарма да өзін туғызған ортадан , ортаның талабынан ұзап алға шығып кетпек емес . Демек , ақынның әдебиеттің қай жанрын тұтынуы мен қай мақсатта шығарма жазуына оның дәуірі үкім айтады. Олай болса, Абай шығармаларындағы афоризмді , оның бесігі – дидактикалық поэзияны әңгіме еткенде , ең алдыменен оны ақынның әдеби жанр ретінде тұтынуына түрткі болған ең негізгі себепті қоғамдық жағдаймен , қоғамдық қажеттілікпен бірлікте сөз еткенде ғана толық түсінуге болады.

Афоризм – бірінші кезекте дидактикалық поэзияның жемісі. Ал Абай шығармаларындағы афоризмдер де, - жалпы әлем әдебиетіне ортақ заңдылық негізінде, - абайлық өсиет сөздердің , дидактикалық – философиялық , тілдік-стильдік тәсіл . Ал ұлы ақын шығармаларынан дидактиканың орын алуына себеп болған жай , яғни сол кездегі қазақ өміріне тән қоғамдық жағдайлар қайсы? Заманымыздың көрнекті ғалымы М.Әуезов Абай бой алдырмай шыққан дәуірді былай суреттеген еді: «Мәдениет , өнер-білімге кенжелеп , артта қалған ел-жұрт бар. Қыс жұты , жаз індетімен аралас ел шаруасының құтын шайқап , барымта жасап , бақталастан туған әлек , лаң әкеліп , соны қалың ел ортасына пәле ғып жүрген , қанап, тонап, сорлатып жүрген атқамінер шонжар бар. Өздері надан , өздері ел тағдыры , халық қамы дегенді ойламайтын дүлей , қараңғы тап. Олар бастаған ел көшінің барар беті – қараңғы , екіталай тығырық ».[1] Міне , табан астынан әріні көрмеген , көруге талпынбаған , осындай күйті де күйбең өмірді місе тұтқан ортаға тап болған Абайды ақындық жолына , - басқашга емес , тіршілігі бастап әкелді.

Абай бұл ақындықты қоғамға азаматтық қарызым деп біліп барып , саналы бастады, өзінің алдына өзгеше зор ақындық міндет бағдарлама қойды.

Абай қара сөздері – кемеңгердiң өз заманындағы отарлау салдарынан туған ұлт бойындағы кеселдi кесiр қылықтарды сынап, еркiн ойға құрылған тағылымдық мәндегi өз ой танымдарын көпшiлiкке түсiнiктi қара сөз түрiнде жазған шығармалары. Олардағы отарлық езгiге қарсы сарын Абайдың этнопедагогикалық, дiни гуманистiк және жадидтiк ойларынан айқын көрiнедi. Ғақлиялардағы этнопедагогикалық пiкiрлер Абай танымының ұлттық бастауларынан хабар берсе, Шығыстық дiни ой тұжырымдары хакiмнiң толық адам жайлы гуманистiк көзқарасын танытады. Абай қара сөздеріның түп мақсаты – халқын жарыққа жетелеу болғандықтан, осы еңбегiнде Абай өзi нәр алған рухани бұлақ көздерiнiң бәрiн де пайдаланған.

Заман өзгередi, дүние көшi тоқтаусыз алға тартады, ғасырлар белесiнде кемеңгер тұлғалардың мәңгi өлмес iстерi мен ғибрат сөздерi қалады. «Естiлердiң айтқан сөздерiн ескерiп жүрген кiсi, өзi де естi болады» немесе «Менi» мен «менiкiнiң» айырылғанын, «өлдi» деп ат қойыпты өңкей бiлмес» - дегенде, Абай осыны айтқан. Абайдың ұлтының бақыты жолындағы iстерi мен сөздерiнiң бәрi де, халқының Абай заманындағы ғана емес, бүгiнгi күндегi де керегiне қызмет етуде. Абай кемеңгерлiгiнiң бiр қыры, оның осындай халық мұрасына айналған ұлт даналарының, халық мақалдарының, елдiң жақсы дәстүрлерiнiң көздерiн ұлт бойындағы келеңсiз жайларды жою үшiн заманға лайықтап қолданғандығында жатыр. Мәселен, отарлық езгiге дейiнгi кезеңдегi халықтың малға ортақтық қасиетi оның салт-дәстүрiн, шаруашылық қалпын ғана емес, ұлттық тұтастығын танытатын жай болатын. Ал, Абай заманында отарлау саясатының кесiрiнен мал қолдан кетiп, халықтың шаруашылық дәстүр жалғастығы үзiлiп, «ортақ өгiзден, оңаша бұзау» артық болған заманға ұшырағанда, халықтың тұтастығын, бiрлiгiн қалпына келтiретiн нәрсе, ақылға бiрлiк болды. Сол себептi, Абай «Алтыншы сөзде»: «Бiрлiк - ақылға бiрлiк, малға - бiрлiк емес» - деген. Жалпы, Абай қара сөздеріндағы ұлттық рухани мұраларға сын көзбен қараған пiкiрлерiн, оның нигилистiк көзқарастары деп емес, жадидтiк ой танымдары, этноцентризмге, отарлық езгiге қарсы пiкiрлерi деп қабылдау керек. Сөйтiп, Абайдың отарлық езгiге қарсы ұлт мұраларындағы этнопедагогиканы насихаттап, бодандық бұғауы әкелген халық бойындағы кемшiлiктердi сынап, басқа жұрттардың жақсы қасиеттерiн үлгi етiп, бiлмекке құмарлыққа шақырған еңбектерiнiң қатарына «Екiншi сөз», «Үшiншi сөз», «Бесiншi сөз», «Алтыншы сөз», «Тоғызыншы сөз» сияқты қара сөздері жатады [3].

Бұл айтылғандар Абай қара сөздеріның бiр қыры болса, Абайдың екiншi бiр хакiмдiк қызметi - Шығыстың исламдық дiни тәрбие көздерiн өз шығармашылығында гуманистiк мақсат тұрғысында пайдалануы болып табылады. Бұл орайдағы Абай сөздерiнiң қатарына «Он екiншi», «Он үшiншi», «Жиырма жетiншi», «Жиырма сегiзiншi» т.б. қара сөздері жатады. Абайдың бұл еңбектерiнiң басты мақсаты – адамды толық адам дәрежесiне жетуге тәрбиелеу. Ал, мұның шарты – имандылық, адамдық ақ ниет, жан мейрiмiн ұштау. Осы жолда Абай дiннiң гуманистiк қасиетiн бұл дүние кiрiн тазарту, адам тәрбиелеу құралына айналдырды. Абайдың дiн арқылы адамға гуманистiк тәрбие беруге арналған қара сөздеріндағы ой-пiкiрлер – оның өзiне дейiнгi Шығыс мұраларымен етене жақын таныс болғадығының кепiлi. Мәселен, Әли ибн Әбу-Тәлiптiң «әл Хасанға айтқан өсиеттерi», Кабус Сушмагирдiң «Кабус намесi», Ғұламаһи Дауанидiң «Жалали этикасындағы» ой-пiкiрлер мен Абай қара сөздеріның өзара үндестiгi осыны танытады [2].

Жалпы Абай шығармашылығының алтын діңгегі адамгершілік тақырыбы екендігіне ешкім күмән келтірмес. Бұл мәселені кемеңгер М.Әуезовтен бастап басқа да кемелдердің бәрі бірауыздан мақұлдаған. Соның бірі

Асыл сөзді іздесең ,

Абайды оқы , ерінбе ,

Адамдықты көздесең ,

Жаттап тоқы көңілге! –

деген Сұлтанмахмұт Торайғыровтың қаламынан туған бұл жолдар данышпан Абай шығармаларының негізгі идеясын ашып көрсеткендей.

Адам өмірінің алтын бесігі – мектептің есігін ашқан жас ұрпаққа адам бойындағы адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір талабына сай заңдылықтарды түсіндіреміз , үйретеміз. Әдептілік , имандылық , инабаттылық , мейірімділік , қайырымдылық құндылықтары қалыптасқан халқымыздың асыл да абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың сана- сезіміне , ақыл-парасатына ұялата білу үшін , әрбір тәрбиеші , ұстаз халық педагогикасын, сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең білумен қатар, өзінің бойына адамдық қасиеттерді терең сіңірген , рухани жаны таза адам болуы шарт. Ол рухани – адамгершілік тағылымдарды әр ұстаз барлық сабақ кезеңдерінде негізге алып, өмірмен байланыстыра отырып өткізсе, көкірегі ояу , мінез-құлқы дұрыс , саналы адам тәрбиелеп шығарады.

Үш-ақ нәрсе - адамның қасиеті:

Ыстық қайрат , нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Сонда толық боласың елден ерек ,- демекші , әр бала өз жүрегінің қалауымен ұстазды қабылдауы , оқушыға әсер ететіндей ұстаздың жеке басыныңмәдениеттілігі , сабырлы , салмақтылық жеке қарым-қатынас кезінде инабаттылық , әдептілік , мейірімділік қасиеттері болу керек.

Осындай мақсатты негізге ала отырып, ұстаздың бойындағы жақсы қасиеттердің оқушыға берілуі , кез келген пәнді оқытудағы ұйымдастырушылық қабілетімен тығыз байланысты. Рухтың мекені – адамның жүрегі.Жүректің жылуы , махаббат, ар-намыс , қайрат-жігер деген сезімдердің барлығы да осы рухтан туындайды.

Біздің мақсатымыз ұлы кемеңгердің аталған тақырып арқылы адамтану іліміне қосқан гуманистік , азаматтық қыруар үлесін оқушы санасына жеткізу, сол бағытта тәлім-тәрбие беру.

Адамгершілік ! Бұл сөздік қорымыздағы сөлі ерекше , мәні мәңгілік айқын , салмағы пара-парсыз парасатты сөз . Сөз ғана емес , адамның ең асыл қасиетін анықтайтын бірден-бір аяулыұғым. Ұғым ғана емес , адамның ең асыл қасиетін анықтайтын бірден-бір аяулы ұғым . Ұғым ғана емес , тіршіліктің мәнін , дүниенің сәнін төрт тағандап ұстап тұрған ең ұлы принцип. Шынын айтқанда , жеке дара принцип қана емес , заңның да, заманның да , адамның да құдіреттілігін танытатын ең ұлы күш! Өйткені адамгершілікке негізделген жерде не нәрсеге де құдірет даритындығы мәлім. Адамгершілік қасиетін жас ұрпаққа сіңіртуді тәрбие үрдісінің басты ерекшелігі деп тануға болады. [4]

Осы ұлы күш – адамгершілік қасиет жеке адамның ғана басындағы емес , жалпы қоғамның да қордалы байлығы. Ал , оның белгілі бір адамдар бойындағы аздығынан айналасындағы адамдарға ғана емес , қоғамға да тиетін зиянның шексіз болатындығын еске алсақ , адамдық қасиеті тапшы бір адамнан көп адам зор зардап шегуі мүмкін .Мәселен , тарихта ойы олақ , сезімі шолақ оспадар бір адам соғыс бастап отырған да ал қарапайым халық бостан-босқақырылып, шығынғы ұшырап келген ғой. Халық еш уақытта соғыс бастамаған , тек жекелеген соғысқұмар сойқандардың кесірінен келеңсіз кесепатқа душар болып отырған . Ондайлар көктен түспеген , олар да анадан туған , тек олардың қанында адамға деген сүйіспеншіліктің орнына, керісінше , жамандыққа бағытталған қараниеттілік сезім басым келеді екен. Міне , бұл жағдай теориялық тұжырым ғана емес, өмірдің өзі дәлелдеген , ғылым растаған тарихи шындық фактілердің негізінде айтылып отыр. Демек , бұдан шығатын қорытынды: адамға деген сүйіспеншілік сезімі жоқ – яғни бойында адамгершілігі жоқ адамның қолына билік тиюі – былайша айтқанда , «қауіпті қару» тиюінен асқан ақ ниетті адамдарға қатер жоқ екен. Сондықтан да ең қауіпті адам – ар-ұяттан ада , адамгершіліктен жұрдай адам... Бар жаманшылық атаулыны тек солардан күту керек.

17- қара сөзіндегі қайрат , жүрек , ақыл үшеуін айтыстырп барып , мықты қайратты да , ақылды да жылы жүрекке жеңдіруінің себебін оқушыларға проблемалық сұрақ ретінде қою керек. Сонда ғана бала ақылдың да күш-қайраттың да жүрекке бағынып, мейірімге бөленсе, жер бетінде еш жамандық болмайтынын ұғады. Мысалы, Сталинді алайық , ол кісіде ақыл жетпеді ме , немесе қайраты аз болды ма ? Жоқ екеуі де бар , бірақ неге ол кісі көп зұлымдық жасады , себебі ол кісіде жүрек болмады , ақыл-қайратын жүрекке бағындырмады , сондықтан да тарихта аты жақсылықпен қалмады ,- деген сияқты қарапайым мысалдармен түсіндірсе , оқушы санасына оңай тиеді.

Абай қара сөздерін балалардың санасына сіңіру керек , көңілдеріне тасқа басқан мөрдей қылып орнату керек. Себебі адамның өзін-өзі танушылығының іргетасы – Абай қарасөздері болып табылады. Ал рухани ілім іргетасының берік қалануы – рухани өсіп жетілуге мүмкіндік тууының кепілдігі. Сондықтан келесі сабақтардың мақсаты руханияттың іргетасы болып табылатын мағлұматарды бекітуге негізделген.

Қарапайым мысал, егер аңшының қолында қаруы , я болмаса басқа құрал-жабдығы жоқ болса , ол аң атып – айлай алмайды. Нағыз құралайды көзге атқан, атқан оғын маздатқан аңшы болу үшін алдымен адамның қолында қаруы мен құрал-жабдығы болуы шарт , сонымен қатар оларды шебер қолдана алуы қажет. Сол сияқты адам нағыз рухани сауатты да , салауатты болуы үшін оның ажадында рухани ілімнің іргетасы берік қаланып , одан іс ала алатын жағдайда болу керек. Рухани ілімді жай ғана біліп , онымен таныс болу ешнәрсеге жарамайды. Аңшының қолында қаруы жоқ болып , алдынан аң кездессе , оны аулай алмайды. Сол сияқты жадында жатталып тұрмағандықтан рухани ілімнен тәрбие алу мүмкін емес.

Ұстаз шәкіртінің санасына «Жаттасаң – сенікі , жаттамасаң -кітаптікі» деген қағиданы жақсылап сіңіру керек.

Ақын өзінің қарасөздерінде әлеуметтілік, ағартушылық , адамгершілік жайлы үлкен ойларын бірде кеңірек таратып айтса , бірде өте қысқартып , қарапайымдатып , жеңілдетіп қана айтады. Міне , осы тұстарда ақын ойыныңы желісін , шығу көздерін т.б. анық байқай қою қиынға түседі. Оқушыларға әрі ақынның бұл сөздеріндегі пікірлері тереңірек жету үшін , әрі олардың ақын өлеңдері мен қарасөздері бір тақырыпта , бір мақсатта жазылғанын жете білу үшін мұғалім бұл сабақтастық бар өлеңдері мен қарасөздерді алдын ала анықтап алады. Және осы шығармалар бойынша оқушылардың қай бағытта жұмыс істеу керектігін белгіліп , нақты ұсыныс , тапсырма-сұрауларын тізеді. Мұның бір үлгісі мынадай болғаны дұрыс: 1) «Үшінші сөз» - «Болыс болдым мінекей». 2) «Жетінші» және «Қырық үшінші сөздер» - «Сыналар , ей , жігітер, келді кезең» , «Көк тұман – алдыңдағы келер заман».

3) «Он жетінші сөз » - «Әуелде бір суық мұз ақыл зерек». 4) «Он сегізінші сөз » - «Адасқанның алды - жөн , арты - соқпақ ». 5) «Он тоғызыншы сөз » - «Бір дәурен кемді күнге бозбалалық» , «Өзгеге, көңілім, тоярсың». 6) «Жиырма екінші сөз» - «Қартайдық , қайғы ойладық , ұлғайды арман». 7) «Жиырма бесінші сөз» - «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» , «Интернатта оқып жүр» .8) «Отыз бірінші сөз» - «Қуаты оттай бұрқырап». 9) «Қырық екінші сөз » - «Байлар жүр жиған малын қорғалатып».

Менің танымымда Абай өз қара сөздеріндегі тәрбиелік асыл мұраттар мен білім-ғылымның гуманистiк сипатын – ұлт тәрбиесiнде қолдану жас ұрпақ үшін рухани тiрек деп бiлемін.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Абай тағылымы.Алматы,1986.

  2. М.Әуезов. Әр жылдар ойлары.Алматы , 1959.

  3. М.Әуезов. Абай ақындығының айналасы. Алматы.Ғылым.1967

  4. Қ.Мұхамедханов.Абайдың әдебиет мектебі.Екпінді.1945

  5. Абай энциклопедиясы. Алматы. 1995

  6. М.Әуезов.Абайды білмек парыз ойлы жасқа.Алматы.1997


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет