Массаждың зат алмасуына әсері Зертеуге қарағанда, массаж адам денесінде болып отыратын зат алмасулардың бәріне әсер етеді. Организм мен оны қоршаған орта арасында үздіксіз зат және энергия алмасу процесі жүреді. Сыртқы ортамен зат алмасу организмге су және азқтық өнімдердің түсуінен басталады. Олардың бір бөлігі ас қорыту жолында едуір қарапайым заттарға ыдырап, организмнің ішкі ортасы – қан мен лимфаға өтеді. Заттар қанмен бірге клеткаларға түседі. Мұнда олар химиялық өзгерістерге ұшырайды. Организмге тән белок, май, углевод түзетін биосинтез және күрделі органикалық қосылыстардың ыдырау процесі жүреді. Заттардың өзгеруі ферменттердің әсер етуі арқылы жүреді де, жүйкелік – гуморалдық жолмен ретеледі. Зат алмасу процессінің ақырғы өнімдері несеп, нәжіс, тер арқылы және тыныс шығарғанда ауамен бірге сыртқа шығарылады. Сонымен заттардың организмге сыртқы ортадан енуінен бастап, ыдырау өнімдерін шығаруға дейінгі күрделі өзгеру тізбегін зат алмасу деп атайды. Массаждың негізін салып, оның қасиетін түбегейлі тексерген ғалымдардың бірі И. М. Саркизов – Серазини (1963 ж.) массаждың әсерінен зат алмасудың барлық түрі өзгереді деген. Оның айғағы – массаждан соң несептің ұлғаюы, оттегінің 10 – 15 процентке көбеюі. Сол сияқты массаждың әсерінен денедегі тұз, азоттық затттар, сүт қышқылы көп бөлініп шығады. П. С. Васильев, Н. И. Волков және А. В. Троицкий (1961 ж) өз еңбектерніде ауыр жұмыстан соң шаршаған бұлшық еттерге жиналған сүт қышқылын шығару үшін массаждың өте қажет екенін анықтаған. Аламсу процессі клеткаларда үлкен қарқынмен жүріп, ыдырау өнімдері мен артық су организмнен бүйрек, тері және өкпе арқылы үлкен жылдамдықпен шығарылады. Зат алмасу туралы сөз болғанда, денедегі су мен тұздың пайдасы зор екенін айтпаса болмайды. Адам денесінің 2/3 бөлігі судан тұрады. Қанда, лимфада, ас қорыту сөлінде өте су көп. Сыртқа шығарылатын су организмге кіретін су мөлшерімен үнемі толықтырылып отыруы керек. Адам сусыз бірнеше тәулік қана өмір сүре алады. Денеге минералды тұздар да өте қажет. Солардың негізінде ішкі ортадағы тұрақтылық сақталады. Мысалы, қанның ұюы үшін онда кальций тұздары қажет. Сүйек тканінің едәуір мөлшері осы тұздардан тұрады. Организмге қажетті минералды тұздардың бәрі дерлік күнделікті жейтін тағамдарда болады. Онда натрий хлориді ғана жетіспейді. Сондықтан тамаққа ас тұзын ғана қосады. Массаждың әсерінен денеде су мен минералды тұздардың алмасуы аса қарқынды өтеді. Массаж тіпті ішкі секреция бездерінің қызметіне де өз ықпалын тигізеді. Барлық ішкі секреция бездері зат алмасуды реттеу ролін атқаратыны белгілі. Қалқанша безінің гармондары организмнің өсіп – дамуына әсер етеді. Қалқанща безінің қызметінің бәсеңдеуі микседема аурувна әкеп соғады. Сол сияқты балалардың өсуі мен дамуын баяулатады. Егер қалқанша безінің қызметі шамадан тыс күшейіп кетсе, онда безедов ауруы пайда болады. Мұндай адам ашушаң әрі тез шаршағыш келеді. Жүректің жиырылу жиілігі, қан қысымы, жүйке жүйесінің қозғыштығы артады. Безедов ауруына шалдыққан адам үнемі ашқарақтанып, тамақты көп ішеді, бірақ бойға қонбайды, өте арық болады. Олардың қалқанша безі ұлғайып, мойынның сәнін кетіреді және көзі бадырайып сыртына теуіп кетеді. Осындай ауруға шалдыққан адамдар үшін гармондардың түзілуін тежейтін дәрілермен бірге массаж қолданылады. Массаж денедегі тотығу процесін реттеуге, жүйке жүйесінің қозғыштығы мен тежелуін теңестіруге көмек жасайды. Адам организмінде бүйрек безінің де орны ерекше. Ол бірнеше гармондар түзеді. Олар углевод, белок, май алмпсуын бақылап белоктың углеводқа айналуына себепші болады, тұз бен судың алмасуын реттейді. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, массаждың әсер етпейтін жері жоқ. Ол орталық жүйке жүйесіне, гуморалды механизмге, бұлшық ет қан тамырларына, организмнің өзге жүйелеріне үлкен әсер етеді. Массажды физиотерапия немесе емдік гимнастикамен қоса қабылдаса, оның нәтижесі бұрынғыдан да аса түседі. Өйткені ол адам денесіне жан жақты күш түсіреді. Сондықтан массажды қолдану техникасын әр түрлі ауруларға пайдаланады. Өйткені науқастанған мүшенің орталық жүйке жүйесімен үзіліп қалған байланысын жалғастырып, жандандырады. Көптеген ғалымдардың айтуынша, массаж әлсіреген денеге әл береді, шаршаған организмге күш қосады, бұзылған мүшені қалпына келтіреді. Тек методикасын дұрыс білу керек.