«Мақтарал ауданының мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп – интернаты коммуналдық мемлекеттік мекемесі» топонимика



бет2/2
Дата17.03.2020
өлшемі278,74 Kb.
#60314
1   2
Байланысты:
Топонимика


Апеннин таулары Еуропаның оңтүстігіндегі Апеннин түбегінде орналасқан. Тау атауы кельт тіліндегі пен («шың, тау») терминіне кеңістік ұғымын беретін латындық ап қосымшасын жалғау арқылы қалыптасқан. Латын тіліндегі нұсқасы Appenninus түрінде болған бұл атау түбектің солтүстігінде алғаш қолданысқа енген болатын. Түбектің ұзына бойын түгел алып жатқан тау жүйесін түгелімен Апеннин таулары деп атауды біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырда ежелгі римдік тарихшы Полибий ұсынған болатын. Қазіргі кездегі жергілікті атауы Appennino болып табылады, ал орыс тілінде көптік жалғау қосылып, Апеннины түрінде жазылады. Қазақ халқында географиялық атауларда көптік жалғау өте сирек кездесетіндіктен, тау атауы жекеше нұсқада беріледі.

Арденн таулары Батыс Еуропада орналасқан, Бельгия, Франция, Люксембург аумақтарын қамтиды. Тау біздің заманымызға дейінгі І ғасырда ежелгі римдік жазбаларда Arduenna silva, яғни «Арденн орманы» деген атаумен белгілі болған. Орталық Еуропадағы көптеген орташа биіктіктегі орманды тау атауларының құрылымында «орман» термині қоса жүруі заңдылық болып табылады. Арденн атауының негізінде кельттік ард («биіктік») термині жатыр. Қазіргі кезде таудың жергілікті атауы Ardennes болып табылады.

Балатон көлі Венгрияда, Орта Дунай жазығында орналасқан. Ежелгі римдіктер бұл көлді Пелсо, яғни «тайыз көл» деп атаған. Славян халықтарында көлдің көне славяндық блато («батпақ») терминімен байланысты Блатенске немесе Блатно деген атаулары болған. Сондықтан көптеген зерттеушілер Балатон атауының шығу тегін осы «батпақ» сөзімен байланыстырады. Атаудың осындай нұсқасы қазіргі кезде словак (Blatenské jazero) және словен (Blatno jezero) тілдерінде сақталып қалған. Немістер бұл көлді Plattensee деп атайды. Жалпы алғанда, көлдегі орташа тереңдік 3 метр, ал ең терең бөлігінің 12,5 метр екендігін ескерсек, көл атауы өзіне сәйкес келеді.

Бен-Невис тауы Грампиан тауларының биік бөлігі болып табылады, биіктігі (1343 м) жөнінен ол Ұлыбританияда бірінші орын алады. Ороним екі атаудан құралған: гэл тілінде бен «тау» дегенді білдірсе, Невис осы маңдағы көлдің атауы болып табылады. Жалпы алғанда, атау «Невис көлінің тауы» деген мағына береді.

Британ аралдары деген атпен Еуропадағы Солтүстік Теңіз бен Атлант мұхиты аралығында жатқан аралдар тобын атайды. Мұнда Ұлыбритания және Ирландия мемлекеттері орналасқан. Аралдардың атауына осы аумақты ерте замандарда қоныстанған ежелгі кельттік бритт немесе бриттон тайпаларының аты негіз болған. Бұл атауды тұңғыш рет біздің заманымызға дейінгі 350—320 жылдарда осы аралдарда болған Массилиялық (қазіргі Марсель) Пифей қолданған.

Гвадалквивир өзені Атлант мұхитына құяды, ұзындығы (657 км) жөнінен Испанияда 5-ші орын алады. Ежелгі Римде бұл өзен ибер тіліндегі Бетис атауымен белгілі болған. Арабтардың Пиреней түбегіне келуі көптеген арабша топонимдердің пайда болуына себепші болған. Арабтар бұл өзенді Уади-әл-Кевир («үлкен өзен») деп атаған. Уақыт өте келе және атауды транскрипциялаудың нәтижесінде бастапқы гидроним бұрмаланып, испан тілінде Гуадалькивир нұсқасына айналды. Орыс және қазақ тілдерінде бұл атау Гвадалквивир түрінде айтылып, жазылады.

Рейн өзені Швейцария, Лихтенштейн, Австрия, Франция, Германия, Нидерланд аумақтары арқылы ағып өтіп, Солтүстік теңізге құяды. Бұл атауды тұңғыш рет Rhenus нұсқасында біздің заманымызға дейінгі IV Массилиялық (қазіргі Марсель) оқымысты Пифей қолданған. Гидронимнің этимологиясын кельт тілдеріндегі «ағын су, өзен» мағынасын беретін renos, rhenus терминімен байланыстырады. Қазіргі кезде немістер бұл өзенді Rhein, француздар Rhin, голландиялықтар Rijn нұсқасында қолданады.

Рона өзені Жерорта теңізінің Лион шығанағына құяды, Швейцария және Франция аумақтары арқылы ағып өтеді. Ежелгі Римде бұл өзенді Роданус деп атаған, атаудың этимологиясын ро («жылдам») деген кельт сөзімен байланыстырады. Бұл атау ағысы баяу Сона («баяу») өзенімен салыстыру негізінде қойылған деген болжам бар.

Шпицберген топаралы Солтүстік Мұзды мұхиттың батыс бөлігінде орналасқан, Норвегия аумағына енеді. Бұл аралдар тобын 1596 жылы голландиялық теңізші В.Баренц картаға түсіріп, оған Шпицберген (Spitzbergen) деген атау берген. Топарал атауы голланд тіліндегі spitz («үшкір») және bergen («таулар») сөздерінен құралған. Теңізші бұл атауды осы аумаққа тән үшкір шыңдарға қарап қойған. Норвегияда топаралды Свальбард деп атайды.

Эбро өзені Жерорта теңізіне құяды, Испания аумағы аоқылы ағып өтеді. Ежелгі римдіктер бұл өзенді Ибер деп атаған, қазіргі испан тілінде өзен атауы Ебро. Испаниядағы көне ибериялық васкон тайпасының ұрпақтары болып табылатын басктер тілінде ebr «өзен» дегенді білдіреді. Сонымен, бұл гидроним географиялық терминнен ғана тұратын, ежелгі атаулардың бірі болып табылады.

Эйвон. Ұлыбританияда Эйвон деп аталатын 6 өзен бар: 2 Эйвон, Эйвон (Бристоль), Севернның саласы Эйвон, Лоуер Эйвон, Солсбери Эйвон. Великобритания. Ағылшын тілінде өзен атауы Avon деп жазылады, атаудың негізінде кельт тілдеріндегі «өзен» термині жатыр.

Эльба (Лаба) өзені Солтүстік теңізге құяды, Чехия және Германия аумақтары арқылы ағып өтеді. Бұл өзен ежелгі римдік жазбаларда Albis деген атаумен берілген, VIII— IX ғасырлардағы еңбектерде өзеннің Alba, Albia деген атаулары келтірілген. Германдық Альба атауынан қазіргі неміс тіліндегі Elbe, славяндық Olba және чех тіліндегі La be нұсқалары пайда болған. Атаудың этимологиясын үндіеуропалық albh («ақ, таза») сөзімен байланыстырады.
Елдер мен қалалардың атаулары.

Еуропа мемлекеттері.
Австрия – ел атауы көне неміс тіліндегі Ostarrichi («шығыстағы ел») атауының неміс тіліндегі бұрмалаған Österreich нұсқасынан қалыптасқан. Аталған топоним ресми құжаттарда 996 ж тіркелген. Қазіргі кезде Австрия атауы бастапқы нұсқасынан аздап өзгертіліп, әлем бойынша ағылшын тіліндегі Austria түрінде қолданысқа енген. Дегенмен әртүрлі елдерде Австрия мемлекетінің өзіндік атаулары сақталып қалған. Мысалы, араб елдерінде бұл мемлекетті Nimsa (славян халықтарының «Niemcy» - немые деген сөзінен шыққан) деп атайды. Нидерландта бұл елдің атауы Oostenrijk деп айтылады. Чехияда Австрияның Rakousko деген атауы бар, бұл екі елдің көршілес ауданында орналасқан бекініс атауынан келіп шыққан. Финндер Австрияны Itävalta деп атайды.

Албания. Албан тілінде бұл елдің атауы Shqipëria («shqip» - қыран бүркіт) деп аталады, яғни «қырандар елі» деген мағына береді. Бұл атауды қазіргі мемлекеттік тудағы қыран бүркіт бейнесі де дәлелдеп тұр. Еуропалық тілдерге еніп, қазіргі кезде дүние жүзі бойынша қолданысқа енген Албания атауы «тау, төбе» мағынасын беретін көне иллириялық «аlb-» түбір сөзінен шыққан. Дәл осы термин Еуропаның ең ірі тау жүйесі болып табылатын Алпі атауына да негіз болған.

Андорра атауы еш өзгеріссіз дүние жүзінің барлық түкпірінде қолданылады. Andorre географиялық атау ретінде бастапқыда баск тіліндегі «andurrial» (қазақша «тақыр жер» деген мағына) сөзінен шыққан деген пікір бар.

Беларусь атауына «Белая Русь» сөз тіркесі негіз болған, ел атауы 2001 ж дейін «Белоруссия» деп аталған. «Белая Русь» атауы өте көне деп есептеледі, ол алғаш рет ортағасырлық латын жазбаларында «Ruthenia Alba» нұсқасында көрініс тапқан. Кейіннен барлық тілдерде оның аударма нұсқалары (White Ruthenia, Russie Blanche, Weissrusland, Wit-Russland) қолданысқа енген. Белая Русь немесе Ақ Русь топонимі қазіргі Беларусь аумағындағы жерлердің тарихи атауы болып табылады. Осы атау құрамындағы «белая» сөзінің нақты мағынасы түспен байланысты емес, «таза» дегенді білдіреді. Ал Русь атауы «Повести временных лет» атты жылнамасында көрсетілгеніндей, 862 ж новгород славяндары әскер дружиналарына шақырған варягтардың русь тайпасының атымен байланысты шыққан. Қазіргі Ресей (Россия) атауын да осы тайпаның атымен байланыстырады.

Бельгия Корольдігі 1830 жылы жарияланған. Оның атауы дүние жүзі бойынша сәл өзгерген нұсқасында (Belgique, België, Belgien, Belgium) барлық жерде бірдей қолданылады. Топонимнің шығу тегі осы аумақты мекендеген бельги деп аталатын кельт тайпасының атауымен (belgae) байланыстырылады. Бұл этноним біздің заманымызға дейінгі 27 жылы Ежелгі Рим империясының Бельгика провинциясына (Gallia Belgica) берілген. Ал тайпа атауы көне кельт тіліндегі «belo» - «ашық, жарқыраған» сөзімен байланысты шыққан.

Бельгияның астанасы Брюссельдің атауы алғаш рет 794 жылғы құжаттарда Brocela нұсқасында келтірілген. Мұнда бұл елді мекеннің батпақтар арасындағы орны туралы да айтылады. Қала атауына фламандтық brock («батпақ») және sela («мекен») сөздері негіз болған, яғни Brocela атауы «батпақ жанындағы мекен» деген мағына берген. Осылайша, бұл атау қала орнында болған елді мекеннің батпақтар маңындағы орнын дәл бейнелейді. Жергілікті атауы Brussel нұсқасында қолданылады.

Бельгияның ірі қалаларының бірі және ірілігі жөнінен Еуропадағы порттар арасында Роттердамнан кейін екінші орын алатын Антверпеннің атауы тұңғыш рет құжаттарда 726 жылы Antiverpo деген латынша нұсқада белгілі болды. Қала атауы фламанд тілінде andwerp «бөгеу, дамба» дегенді білдіреді. Шындығында да, Шельда өзенінің екі жағалауын алып орналасқан бұл қалада судан қорғану үшін дамбалар ерте кездерден бастап салынатын болған.

Болгария (жергілікті аталуы България) атауы дүние жүзі бойынша Bulgaria нұсқасында қолданылады. Булгар (бұлғар) этнонимінің шығу тегі туралы бірнеше болжамдар бар. Бірінші пікір бойынша, бұлғар сөзі түркі тілінен аударғанда «көтеріліске шыққандар» деген мағына береді, екінші көзқарас бойынша этноним славяндық бал («бас»), гар («ру, халық»), яғни «басты халық» дегенді білдіреді. Бұлғар тайпасы туралы алғашқы жазба деректер IV ғасырға жатады. Кейбір зерттеушілер ел атауын германдық burg («бекініс, қамал») сөзі мен түрікше bulgha («құм») деген сөздің тіркесімен байланыстырады.

Босния (Bosna) атауы дүние жүзінің барлық елдерінде қолданысқа түскен. Босния атауы жергілікті Босна өзенінің атауымен байланыстырылады. Ерте замандарда өзен «Bosona» деп аталған, бұл гидронимнің шығу тегі иллириялық деп болжауға мүмкіндік береді.

Ватикан (Vaticanе) атауы Ватикан деген төбе атауынан (Mons Vaticanus) шыққан.

Венгрия венгер тілінде «Magyar Köztársaság», мадиярлар елі дегенді білдіреді. Венгрия сөзі «Hungary» немесе «Hongrie» атауының бұрмаланған түрі болып табылады. Ал бұл атауды түріктің «Onogur» атауымен байланыстырады. Мұның шындыққа жанасатынын тарихи деректер дәлелдейді: VI ғасырда қазіргі Венгрия аумағы оногур империясының құрамында болды. Көне түрік тілінен аударғанда, «on ogur» - он тайпа дегенді білдіреді. «Мадьяр» осы он тайпаның бірінің атауы болып табылады. Қазақ халқында осы халықтың атауы «мажар» үлгісінде сақталып қалған, сондықтан ел атауы кейде Мажарстан деп аталып жүр.

Венгрия астанасы Будапешт 1872 жылы Дунай өзенінің екі жағалауында орналасқан Буда және Пешт қалаларының қосылуынан пайда болған. Славяндық негіздегі буда («үй, құрылыс, мекен») және пешт («ошақ») деген сөздерден қалыптасқан. Бастапқы кезде Пешт-Буда деген нұсқасы көп қолданылған, қазіргі кезде Будапешт (Budapest) атауы орныққан.



Германия мемлекетінің жергілікті атауы «Deutschland». Бұл атаудың шығу тегі ерте замандардан басталады. Алғашында көне гот тілінде "thiuda" (адамдар) сөзі болған, кейіннен бұл сөз өзгерген күйде көне неміс тіліндегі «Deutsch» сөзіне айналған. Сонымен, мемлекеттің жергілікті атауы «адамдардың елі» дегенді білдіреді. Дүние жүзі бойынша бұл елдің толып жатқан атаулары бар. Француздар Германияны Allemagne деп атайды. Бұл атаудың негізіндегі аllemand сөзі латынша «alama» (all – «барлық», mann – «адамдар») дегеннен шыққан. Соңғы жылдары Қазақстанда осы нұсқа бойынша Германияны Алмания деп атаушылар көбейіп келеді. Ал ежелгі Русь мемлекетінде (Ресей) орысша білмейтін адамдардың барлығын немцы (орысша «не мы» деген, яғни бөтен мағынасында) деп атаған. Орыс жазушысы Н.В. Гоголь өз елінде орысша тіл білмейтін кез келген ұлт өкілін осылай атайтыны туралы жазған болатын. Уақыт өте келе, «немец» деген атау тек Германия тұрғындарына ғана қатысты қолданылатын болды. Ресейде ұлтты осылай атағанымен, мемлекеттің атауын Германияд дейді. Ағылшындар Германияны өз тілдеріне лайықтап, Джермани деп атайды. Бұл атау римдіктер германи деп атаған, кезінде осы аумақты мекендеген ежелгі тайпалар одағына байланысты қойылған. Этноним латынша gar («найза») және man («адам») деген сөздерден құралған болатын, яғни германи тайпасының атауы «найзалы адамдар» деген мағына берген. Шығыс Еуропа елдерінде де Германияны әртүрлі атпен атайды: мұнда Niemcy (Польша), Nemti (Румыния), Nemecko (Чехия), Saksamaa (Эстония), Vācija (Латвия), Vokietija (Литва) деген атаулар бар.

Герцеговина - Балқан түбегінде орналасқан Босния және Герцеговина мемлекетіндегі тарихи облыс. Герцеговина атауы дүние жүзінің барлық елдерінде қолданысқа түскен. Герцеговина атауы венгерше herceg («воевода, қолбасшы») сөзімен байланыстырылады. Қазіргі көптеген тілдерде осы сөз герцог нұсқасында сақталып қалған. Осы аумақты XVI ғасырда герцог Степан Вукшич басқарған, сондықтан бұл жерлерді халық Герцеговина («герцог жері») деп атап кеткен. Халықаралық қарым-қатынаста бұл атау Hercegovina деп аталады.

Грекия Балқан түбегіндегі көне мемлекет, батыстық өркениеттің отаны. Ресми атауы Грекия Республикасы, оның жергілікті атауы Hellas (Ελλάδα), Эллада. Көптеген тілдерде Greece деп аталатын бұл мемлекетті Ресейде Греция дейді. Бастапқыда Эллада оңтүстік Фессалиядағы (Грекияның солтүстік-шығысындағы Эгей теңізінің жағалауындағы тарихи аймақ) қала атауы болатын, кейіннен бүкіл аумаққа берілген. Бұл атауға грек аңыздарындағы кейіпкер Эллин патша есімі негіз болған. Ал Грекия атауына грек этнонимі себепші болған.

Дания (ресми атауы Дания Корольдігі) аумағы Еуропаның солтүстігіндегі Ютландия түбегі мен Дат топаралының 400-ден астам аралдарын қамтып жатыр. Жергілікті атауы Danmark болып табылады. Бұл атау жергілікті дан этнонимінен шыққан. Бұл халықтың ата-тегін Упсала королі Юппердің ұлы болған әйгілі Дан корольмен байланыстырады. Дегенмен ел атауының шығу тегіне байланысты тағы бір пікір бар: көне еуропалық dhen сөзі қазақшаға аударғанда «аласа» дегенді білдіреді. Дания Корольдігінің аумағы түгелімен дерлік биіктігі теңіз деңгейінен 100 метрге дейінгі ойпаттарда орналасқандықтан және ең биік нүктесі бар болғаны 173 метрді құрағандықтан, елдің «аласа» деп аталуына толық негіз бар.

Ирландия (ресми атауы Ирландия Республикасы) Батыс Еуропада өзі аттас аралда орналасқан. Арал мен мемлекет атауын жергілікті жерде Эйре (Eire) деп атайды. Атаудың этимологиясын көне ирланд тіліндегі eirinn («батыс», «батыс жер») сөзімен байланыстырады. Географиялық тұрғыдан алғанда, атау аумаққа сәйкес келеді: Ирландия Еуропаның басқа елдері мен Ұлыбританияға қарағанда батыста жатыр.

Исландия (ресми атауы Исландия Республикасы) мемлекеті Атлант мұхитының солтүстік бөлігінде, Ұлыбританиядан солтүстік-батысқа қарай орналасқан. Мемлекет аумағына Исландия аралы мен көршілес шағын аралдар енеді. Ел аумағының 10%-дан астамын (12 мың км²) мұздықтар алып жатыр және осындағы Ватнайёкюдль мұздығы Еуропадағы ең үлкен мұздық болып есептеледі. Құрылымы жағынан Исландия атауы өте қарапайым: ол іce («мұз») және land («жер, ел») деген екі сөзден құралған. Жалпы мағынасы «мұз елі» болғанымен, Исландияда әрекетін тоқтатпаған жанартаулар, жер қойнауынан шығып жатқан ыстық гейзерлер де бар. Ел астанасы 877 жылы негізі қаланған Рейкьявик қаласының атауы «түтіндеген қойнау» дегенді білдіреді.

Италия мемлекеті (ресми атауы Италия Республикасы) оның аумағын ерте замандарда мекендеген италик тайпаларының атымен байланысты аталған. Италия астанасы Рим әлемдегі көне қалалардың бірі саналады. Бұл қала Тибр өзені бойында орналасқан, бұрынғы өткен замандарда өзенді Румо деп атаған. Қала атауына осы гидроним негіз болған: Римнің бастапқы түпнұсқа атауы Roma болған. Италиялықтар қаланы әлі осылай атайды. Ал өзен атауын осы маңда өмір сүрген этруск тайпаларының бірінің атауымен байланыстырады.

Латвия Балтық бойында орналасқан мемлекет, ресми атауы – Латвия Республикасы. Бұл атаудың Летия нұсқасы тұңғыш рет 1209 жылы неміс жылнамашысы Генрихтың «Жылнамасында» берілген. Немістер бастапқыда латгалдар тұрған аумақты осылай атаған. Латвия атауы литва тілінен енген деп есептеледі: олар латыштарды латвяй (Latvija) деп атайды. Бұлай атау өздерін латвиештер деп атайтын ұлысқа байланысты пайда болған. Этнонимді көне балтық халықтарындағы су мен құнарлылық құдайы Латаға сыйыну дәстүрімен байланыстыру да бар.

Лихтенштейн Орталық Еуропада орналасқан шағын мемлекет болып табылады. Оның атауы жөнінде нақты тарихи деректер сақталған. Қазіргі Лихтенштейн аумағы бір кездері Қасиетті Рим империясы құрамында болған Шелленберг және Вадуц деп аталған феодалдық иеліктерге сәйкес келеді. 1507 жылы император Максимилиан бұл шағын иеліктерге айрықша мәртебе берген. Австриялық ежелгі ақсүйектер болып есептелетін Лихтенштейндер әулеті 1699 жылы Шелленбергті, ал 1712 жылы Вадуцты сатып алды. Осылайша, әулеттің қарамағына көшкен жерлерді князь Лихтенштейннің есімімен атай бастады. Лихтенштейн астанасы Вадуц беткейінде қала аттас ежелгі қамал (суретте) тұрған аңғарда бой көтерген. Бұл аңғар Валлис-Дульцис (латынша «тәтті аңғар») деп аталады. Бастапқыда қала аңғар атына байланысты Вальдульц деп аталып, біртіндеп қазіргі Вадуц атауын алған.

Люксембург – Батыс Еуропада орналасқан шағын мемлекет. Люксембург атауы көне неміс тіліндегі Люсилинбург («кіші бекініс») деген атаудың бұрмалануынан пайда болған. Люксембург қаласы ежелгі римдік бекініс орнында салынғандықтан, бұл атау шындыққа жанасымды деп есептеледі. Бұл шағын аумақ 963 жылы тәуелсіздігін алған болатын.

Монако – Еуропаның оңтүстігінде, Жерорта теңізі жағалауында орналасқан шағын мемлекет. Мемлекет атауы ежелгі грек тіліндегі Monoikos («жалғыз үй») деген сөзден шыққан деп есептеледі. Өйткені ерте замандарда қазіргі қала орналасқан жерде жалғыз қамал болған. Осы қамал маңында негізі қаланған қала, кейіннен мемлекет Монако атауын алған. Бұл мемлекетті 700 жылдан астам Гримальди әулеті басқарып келеді.

Нидерланд Корольдігі жергілікті жерде Nederland деп аталады. Бұл атау нидерланд тіліндегі neder («төменгі, аласа») және land («жер») сөздерінен құралған. Шындығында да мемлекет аумағының жартысынан астамы теңіз деңгеінен төмен жатыр. Нидерланд мемлекетін Голландия деп атау да жиі кездеседі. Бірақ Голландия мемлекеттің бір бөлігінің ғана атауы болып табылады. Голландия (Holland) атауы тұңғыш рет 866 жылы қолданысқа енген. Бұл атау жергілікті тілдегі holtland («орманды жер») деген сөзінен пайда болған. Елдің басқа тілдердегі атаулары түрліше болып келеді: француздар оны Pays-Bas, италиялықтар Paesi Bassi, финндер Alankomaat, ирландықтар Na hÍsiltíre деп атайды. Бұл атаулардың барлығының да имағынасы «ойпатты ел» дегенді білдіреді.

Нидерланд астанасы Амстердам атауы алғаш рет 1282 жылы Амстелредамме деп аталатын балықшылар деревнясы ретінде дереккөздерде келтірілген. Атаудың түпнұсқасы жалпы алғанда «Амстел өзеніндегі бөгет» деген мағына береді. Елде осы тәрізді Роттердам («Ротте өзеніндегі бөгет») деген атау бар.



Польша (жергілікті атауы Polska) мемлекетінің негізі 966 жылы қаланған. Мемлекет атауы осы аумақта ерте кездерден өмір сүрген батыс славяндық полян тайпасының атымен байланысты деп есептеледі. Ал этноним славяндық поле (егістік алқап) сөзінің негізінде қалыптасқан, өйткені бұл тайпа басым түрде егіншілікпен айналысқан.

Португалия (жергілікті атауы Portugal) мемлекетінің атауы көптеген тілдерде онша өзгеріссіз айтылып, жазылады. Бұл атауға римдіктердің Portus Cale («кельт порты») деген қаласының атауы негіз болған. Бұл қала қазіргі кезде Порту деп аталады. Порту қаласы елдің Лиссабоннан кейінгі екінші қаласы болып табылады.

Румыния атауы romanus («римдік») деген сөздің негізінде қалыптасқан. Кезінде Рим империясының қарамағында болған Валахия жерін ресми құжаттарда «Romanian Land» деп жазатын болған. Осылайша бұл атау қолданысқа еніп, оның тек «римдік» деген бөлігі ғана сақталып қалған. Румын тілі роман тілдері тобына жатады.

Сан-Марино (жергілікті атауы San Marino) мемлекетінің атауы 301 жылы осы мемлекеттің негізін қалаған далматиндік Марино есімімен байланысты. Марино император мен папа үстемдігінен азат діни қауымдастық құру мақсатын көздеген. Кейіннен бұл аумақта республика пайда болды. Республиканы көзі тірісінде әулиелер қатарына қосылған Әулие Мариноның құрметіне Сан-Марино деп аталды.

Ұлыбритания атауы калька-атаулар қатарына жатады, сондықтан әр тілде түрліше жазылады. Ағылшындар өз мемлекетін Great Britain («Үлкен Британия») деп атайды, сонымен қатар ағылшынша United Kingdom («Біріккен Корольдік») деген атауы да бар. Екінші атау мемлекет құрамында Англия, Шотландия, Уэльс пен Солтүстік Ирландияның болуына байланысты пайда болған. Ұлыбританияның әкімшілік-саяси бөлігі болып саналатын Англия атауына V ғасырда осы аумақты жаулап алып, VI ғасырда алғашқы корольдік құрған германдық англ тайпасының атауы негіз болған. Бейресми тұрғыда бүкіл елді Англия деп атау да қолданыста бар.

Франция (жергілікті атауы France) атауы ежелгі германдық франктер тайпасының атауымен байланысты қалыптасқан. Этнонимнің мағынасы герман тілдерінде «еркін адам» деген сөз, қазіргі ағылшын тіліндегі free сөзі де «еркін» деген мағынаны білдіреді. Франция астанасы Париж қаласының орнында біздің заманымызға дейінгі І ғасырда Лютеция (Lutetia) деп аталған елді мекен болған. Галл тілінде lut «батпақ» дегенді білдірген, яғни бұл елді мекен атауы «батпақтағы мекен» болған. Уақыт өте келе, бұл атауға Сена жағалауында өмір сүрген галлдық паризий тайпасының атауы қосылып, елді мекен Lutetia Parisiorum деген атқа ие болған. Біртіндеп бұл атаудың қысқаруы нәтижесінде Parisium, Parisius, Parius, ең соңында қазіргі Paris (Пари) атауы ғана қалды. Орыстар бұл қаланы поляктар тәрізді, Париж деп атады. Қазақ тілінде де қала атауының осы нұсқасы қолданылады.
Американың физикалық-географиялық объектілер атаулары.
Аляска түбегі Солтүстік Американың солтүстік-батысында орналасқан. Түбек атауы алеут тіліндегі алах'сах', яғни «киті көп орын» деген мағына береді. Бұрынырақта бұл атауды осы тілдегі а'ла'ас'ка («үлкен жер») сөзімен байланысты түсіндіретін.

Аппалач таулары Солтүстік Американың шығысында орналасқан. Бұл тауларды 1540 жылы испандық жаулап алушы Эрнандо де Сото ашқан болатын. Таудың оңтүстік шетіне шыққан испандық оған апалачи тайпасының атауын берген.

Атабаска көлі мен өзені Канада аумағында орналасқан. Үндістердің кри тайпасының тілінде Атабаска атауы «көп сулар кездесетін орын» деген мағына беретін.

Баффин Жері аралы Канада Арктикалық топаралының шығыс бөлігінде орналасқан. Аралды 1616 жылы «Дискавери» зерттеу кемесінде болған ағылшын экспедициясы ашқан. Ағылшындар өздері ашқан аралды экспедиция штурманы Уильям Баффиннің құрметіне осылай атаған.

Бермуд аралдары Солтүстік Америкадан оңтүстік-шығысқа қарай Атлант мұхитында орналасқан Ұлыбритания иелігіндегі аумақ болып табыалды. XVI ғасырда бұл аралдарды испан теңізшісі Хуан Бермудес ашып, өте қиын навигациялық жағдайға қарап Шайтан аралдары деп атаған. 1519 жылы аралдарға оны ашқан теңізші есімі берілді.

Виннипег көлі Канаданың оңтүстігінде орналасқан. Гидроним үндістердің сиу тобына енетін виннебаго тайпасына байланысты қойылған.

Гренландия аралы Солтүстік Американың солтүстік-шығыс жағалауларында орналасқан, дүние жүзіндегі ең үлкен арал. Ол Дания иелігіндегі аумақ болып табылады. Аралды 981 жылы викингтер осы кезге дейін айтып жүрген батыстағы үлкен жерді іздеуге аттанған Исландия тұрғыны Эйрик Турвальдсон (лақап аты Рауди) ашқан болатын. Аралдың оңтүстігіндегі жасыл шалғынды алаңқайлары бар жерлерді көрген Эйрик бұл аумақты Gronland («жасыл ел») деп атады. ғасырдан бастап бұл атау бүкіл аралға қатысты қолданыла бастады.

Гудзон өзені Атлант мұхитына құяды, АҚШ жері арқылы ағып өтеді. 1609 жылы еуропалықтар арасынан тұңғыш рет бұл өзеннің бойымен Голландияда қызмет ететін ағылшын теңізшісі Генри Гудзон жүзіп өткен болатын. Ол өзенге Үлкен Солтүстік өзені деген атау берген. Кейіннен өзенге оны алғаш ашқан Гудзонның аты-жөні берілді.

Гурон көлі Солтүстік Американың Ұлы көлдер жүйесіне енеді, Канада және АҚШ аумағында орналасқан. Гидроним үндістердің ирокез тобына жататын гурон тайпасының атауымен байланысты қойылған.

Мак-кинли тауы Солтүстік Американың ең биік (6193 м) шыңы болып табылады, Аляска жотасында орналасқан. Тауды 1896 жылы алтын іздеуші экспедицияның мүшелері АҚШ-тың 25-ші президенті Уильям Мак-Кинлидің (1843-1901) құрметіне атаған.

Миссисипи өзені Атлант мұхитының Мексика шығанағына құятын, Солтүстік Американың ең ірі өзені болып табылады. XVІ ғасырдың басында бұл өзеннің атырауында испан кемелері еніп жүргенімен, өзенді ұзына бойымен алғаш рет 1681-1682 жылдары француз зерттеушісі Робер Кавалье Ла Саль жүзіп өткен болатын. Ол өз сапары барысында жергілікті үндістерден өзеннің Миссисипи аталатыны жөнінде білді. Сол кезден бастап еуропалықтар өзеннің осы атауын ресми түрде қолдана бастады.

Мичиган көлі Солтүстік Америкадағы Ұлы көлдер жүйесіне енеді, АҚШ аумағында орналасқан. Көл атауы оның жағалауында өмір сүрген алгонкин тайпасының тілінде «ұлы су» немесе «үлкен көл дегенді білдіреді.

Миссури өзені Миссисипи өзенінің оң жақ саласы, АҚШ жерімен ағып өтеді. Осы өзеннің бойында өмір сүрген үндістердің тілінде Миссури «үлкен лайлы өзен» деген мағына береді. Бұл атаудың мағынасы өзеннің сипатына толығымен сәйкес келеді: өзен Миссисипиге лайлы жыныстарды көп ағызып әкеледі.

Ниагара өзені Эри және Онтарио көлдерін жалғастырып жатыр, АҚШ пен Канада шекарасында орналасқан. Эри мен Онтарио көлдері аралығында өмір сүрген ирокездердің тілінде өзен Онгиара, яғни «екіге айрылған жер» деп аталған. Шындығында да, деңгейлері әртүрлі биіктікте орналасқан екі көлдің арсын қосып жатқан өзен жерді екіге айырып жатқан бөгет тәрізді болып көрінген.

Рио-Гранде өзені АҚШ пен Мексика аумақтары арқылы ағып өтіп, осы екі мемлекеттің арасында ұзындығы 2000 км-ден аттам табиғи шекара қызметін атқарады. АҚШ-та өзенді Рио-Гранде (испанша «үлкен өзен») деп атайды, ал Мексикада бұл өзен Рио-Браво-дель-Норте (испанша «буырқанған солтүстік өзені») деген атаумен белгілі.

Юкатан түбегі Орталық Америкада Мексика шығанағы мен Кариб теңізі аралығында орналасқан, Мексика, Гватемала, Белиз мемлекеттерінің аумақтарын қамтиды. 1517 жылы осы маңға келіп жеткен испан конкистадоры Э. Кордоба жергілікті үндістерден бұл жердің атауын сұраған. Олар yukatan («біз сендерді түсінбейміз») деп жауап берген. Юкатан атауының этимологиясы туралы басқа деректер жоқ.

Юкон өзені Беринг теңізінің Нортон шығанағына құяды, Канада және АҚШ аумағы арқылы ағып өтеді. Өзеннің зерттелуі XVIII ғасырда жүргізіле бастады. Осы кездегі орыс карталарында оның атауы Квикпак (эскимос тілінде «үлкен өзен») деп көрсетілетін. 1840-1850 жылдары өзеннің жоғарғы ағысын зерттеген канадалық ағылшындар оған Юкон атауын берді. Бұл атау үндістердің атапаск тайпасының тілінде «үлкен өзен» деген мағына береді.

Аконкагуа шыңы Анд тауының ең биік нүктесі (6960 м) болып табылады, Аргентина аумағында орналасқан. Тау шыңы осы маңнан бастауын алатын Аконкагуа өзенінің атауына байланысты аталған деуге болады. Ал гидронимнің мағынасы кечуа тіліндегі кагуа («су, өзен») және ако («құм») сөздері негізінде «құмды өзен» дегенді білдіреді.

Амазонка өзені Оңтүстік Америкадағы Перу, Бразилия аумақтары арқылы ағып өтіп, Атлант мұхитына құяды. Әлемдегі ең мол сулы өзен болып табылады. Өзен атауына оның сағасындағы қуатты толысу толқындарының үндісше амасуну атауы негіз болған. Бұл толқынды кейде поророка деп те атайды. Алғашқы кезде толысу толқындары байқалатын өзеннің төменгі бөлігінің ғана Амазонка деп аталуы бұл пікірдің шындыққа жанасымды екендігін дәлелдейді. Өзеннің орта ағысы бұрын үндістердің сулима тайпасының атауымен Солимойнс деп аталған. Қазіргі кезде Бразиялияда өзенді тұтасымен Амазонас деп атайды. Ал ағылшындарда бұл гидроним Amazon, француздарда Amazone нұсқасында қолданылады.

Анд тау жүйесі Оңтүстік Американың солтүстік-батыс және батыс бөлігін Кариб теңізі мен Отты Жерге дейінгі аралықта созылып, көмкеріп жатыр. Бұл тау жүйесінің испанша толық атауы Кордильера-де- лос-Андес («Анд Кордильерасы») болып табылады. Испан тілінен аударғанда кордильера термині «тау жотасы, тау тізбегі, тау жүйесі» деген мағына береді. Шындығында да, Анд тау жүйесі орографиялық тұрғыдан жекелеген Кордильералардан тұрады. Ал Анд атауын көбінесе инк тіліндегі ante («мыс») сөзімен байланыстырады. Бұл атаудың этимологиясы негізсіз емес, өйткені орасан үлкен Анд тау жүйесінің бойымен «мысты белдеу» өтеді. Мыс бұл ауданда ежелгі инк өркениеті кезеңінде де өндірілген.

Антиль аралдары Кариб теңізі алабында орналасқан. Оларды Үлкен және Кіші Антиль аралдары деп екі топқа бөледі. Атлант мұхитының отағасырлық карталарында Антилия деп аталған беймәлім арал белгіленетін. Арал атауы латыншадан аударғанда «алдыңғы арал» деген мағына беретін. 1513 жылы тұңғыш рет Антилия атауы Америка құрлығының алдында орналасқан нақты аралдарға қатысты қолданылды. Мұның өзі атаудың мазмұнына сәйкес келетін еді. Кейінірек аралдар Антиль (испанша Antillas) деп атала бастады.

Анхель сарқырамасы Гвиана таулы үстіртіндегі Чурун өзенінде орналасқан, Венесуэла аумағына енеді. Дүние жүзіндегі ең биік сарқырама (судың құлау биіктігі 1 054 м) болғанымен бұл сарқырама тек 1935 жылы ашылған. Венесуэла ұшқышы Д. Анхель кездейсоқ ашқан бұл табиғат ғажайыбы кейіннен осы ұшқыштың есімімен аталған болатын. Сарқыраманың жергілікті жерде Чурун-Меру деп аталады, ол сарқырама орналасқан Чурун өзені атауы мен кариб тіліндегі меру («сарқырама») сөзінің қосылуынан пайда болған.

Аруба аралы Кариб теңізінде, Венесуэла жағалауына жақын маңда орналасқан. Әкімшілік жағынан Нидерландтық Антиль аралдарының құрамына енеді. Зерттеушілер Аруба атауын үндістердің аравак тайпасының атымен байланыстырады.

Асунсьон қаласы Парагвай мемлекетінің астанасы болып табылады. Қаланың іргетасын 1537 жылдың 15 тамызында испан конкистадорлары қалаған болатын. Бұл күні христиандық Әулие Ана құдайдың Успение мерекесі тойланып жатқан болатын. Қала атауында осы оқиға ұзақ сөйлем күйінде берілген болатын. Бірақ уақыт өте келе, осы атаудың тек бір ғана сөзі Асунсьон («Успение») сақталып қалды.

Атакама шөлі Чилидің Тынық мұхит жағалауында орналасқан. XVI ғасырдың алғашқы жартысынан бастап әртүрлі құжаттарда тіркелген. Жергілікті үндіс тайпаларының бірінің тілінде атакама «шөлді жер» деген мағына береді.

Гаити аралы Кариб теңізінде орналасқан Үлкен Антиль аралдарының тобына енеді. Ұлы географиялық ашылуларға дейін осы аралдың байырғы тұрғындары болған үндістердің кариб тайпасы оны Гаити («таулы») немесе Киске я («үлкен жер») деп атаған. 1492 жылы аралды ашқан Х.Колумб оған Эспаньола («испандық») деген ат берген. Колумб бұл атауды Испанияның таулы облысы болып табылатын Кастилияға ұқсату негізінде берген деп есептеледі. Бірақ аралдың карибтер қойған байырғы атауы қолданыста қалып қойды.

Галапагос аралдары Тынық мұхитта орналасқан, Эквадор аумағына енеді. 13 жанартаулық аралдардан тұрады. Бұл аралдарды 1635 жылы Томас де Берланг бастаған испан теңізшілері ашқан. Олар мұнда алып тасбақаларды (суретте) көріп, бұл аралдарды Galápagos («су тасбақалары») деп атаған.

Барбадос аралы Кариб теңізіндегі Кіші Антиль аралдары тобында орналасқан. Арал XVI ғасырдың басында ашылған. Теңізшілер мұндағы сақал тәрізді салбыраған аспалы тамырлары бар өсімдіктерге қарап, бұл жерді Барбадос, «яғни сақалдылар» деп атаған.

Гран-Чако табиғи облысы Оңтүстік Американың орталық бөлігінде орналасқан, Боливия, Парагвай, Аргентина аумақтарын қамтиды. Атау жергілікті гуарани тайпасының жазықтарда топтасып аң аулау дәстүріне («чако») байланысты қалыптасқан. Атау құрамындағы гран сөзі испан тілінде «үлкен» деген мағына береді.

Игуасу өзені Парана өзенінің сол жақ саласы болып табылады. Негізгі бөлігі Бразилия аумағында орналасқан және ішінара Аргентиның шекаралаық аудандары арқылы ағып өтеді. Игуасу атауы жергілікті тупи-гуарани тайпаларының тілінде «үлкен өзен» деген мағына береді.

Ла-Плата шығанағы Оңтүстік Американың оңтүстік-шығыс жағалауындағы Атлант мұхитының шығанағы, осында Парана және Уругвай өзендерінің эстуарийлері орналасқан. Әкімшілік жағынан Аргентина, Уругвай мемлекеттерінің аумағына енеді. Бұл шығанаққа еуропалықтардан алғаш болып 1516 жылы испан теңізшісі Хуан Диас Солис келіп жеткен болатын. Көп ұзамай ол жергілікті үндістер қолынан қаза тапқан. 1520 жылы шығанақты Фернан Магеллан зерттеп, оны алғаш ашқан әріптесінің құрметіне шығанақты Рио-де-Солис («Солис өзені») деп атаған болатын. 1527-1528 жылдары шығанақ пен оған құйып жатқан Парана өзенін зерттеген Себастьян Кабот бұл аумаққа жалпы Рио-де-ла-Плата («күміс өзен») деген атау берген. Жергілікті жерде шығанақ әлі де осы нұсқада аталады, бірақ көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда оның қысқарған Ла-Плата («күміс») атауы қолданысқа енген.

Маракайбо лагуналық көлі Венесуэланың солтүстік-батысындағы тауалды ойысында орналасқан. Маракайбо атауы үндістердің «Мара жері» деген сөзінен шыққан, ал Мара XVI ғасырда осы аумақта болған жергілікті көсемнің есімі.

Мараньон өзені Амазонканың сол жақ саласы болып табылады, Перу аумағы арқылы ағып жатыр. Бұл гидронимнің шығу тегі испан тіліндегі марафла («бұта шоқтары, қау») сөзімен байланыстырылады. Сонымен қатар, өзен атауына тупи-гуарана тіліндегі парана («үлкен өзен») термині де негіз болған деген пікір бар.

Отты Жер топаралы Оңтүстік Американың оңтүстік қиыр шетінде орналасқан. Аргентина және Чили аумағына енеді. 1520 жылы дүние жүзін айналып өткен саяхаты барысында Оңтүстік Америка материгінің оңтүстік шетінен өтіп бара жатқан Фернан Магеллан оңтүстік жақтан сансыз көп оттар көрген. Бұл жағдай осы аралдардың Отты Жер (испанша нұсқасы Тьерра-дель-Фуэго) атануына негіз болған.

Охос-дель-Саладо Анд тауындағы Аконкагуадан кейінгі екінші биік шың, жанартау болып табылады. Оның атауы испан тіліндегі «тұзды бұлақ» деген сөзбен байланысты.

Пампа табиғи облысы Аргентинаның орталық бөлігінде орналасқан. Пампа атауы әдетте 29-39° о.е. аралығында орналасқан, батысын Сьеррас-де-Кордова таулары көмкеріп жатқан жазыққа қатысты қолданылады. Кечуа тілінде пампа – шөптесін өсімдіктермен жабылған үлкен жазық, дала» деген мағына береді. Бұл терминді ландшафтылық термин деуге болады.

Патагония табиғи облысы Аргентинаның оңтүстігінде орналасқан. Бұл атау солтүстіктегі Рио-Колорадо өзені мен оңтүстіктегі Отты Жерге дейінгі аралықта жатқан аумаққа қатысты қолданылады. Әдетте бұл топонимді патагондар (испанша «үлкен аяқтылар») деп аталып кеткен тайпа атымен байланыстарды. 1520 жылы Ф.Магеллан экспедициясының мүшелері аяқтарын ылғи қалың терілермен орап алып жүретін үндістердің туэльча тайпасына «үлкен аяқтылар» деген ат берген болатын. Дегенмен, қазіргі зерттеулер кечуа тілінде патакуна төбелі жазықтарға қатысты қолданылатын термин екендігін көрсетіп отыр. Олай болса, аңызға ұқсайтын «үлкен аяқтылардан» гөрі, ландшафт сипатын көрсететін терминнің топонимге айналу мүмкіндігі жоғары деуге болады.

Попокатепетль жанартауы Мексикада орналасқан. Ацтек тілінде жанартау атауы «түтіндеген тау» деген мағына береді. Шындығында да, әрекетін тоқтатпаған бұл жанартау ұдайы түтін шығарып тұрады.

Пуэрто-Рико аралы Үлкен Антиль аралдары тобына енеді, АҚШ иелігі болып табылады. Байырғы тұрғындары бұл аралды Боринкен деп атайтын. 1493 жылы Х.Колумб бұл аралды ашқан соң, оның солтүстік жағалауындағы қойнауды Пуэрто-Рико («бай қойнау») деп атаған. Біраз уақыттан соң осы маңда бой көтерген қала да осылай атала бастаған. XVI ғасырда қала атауы бүкіл аралға беріліп, арал Пуэрто-Рико деп атала бастады.

Чимборасо тауы Анд тау жүйесіндегі биік таулардың бірі, Эквадор аумағына енеді. Тау атауы жергілікті үндіс тілінде «Чимбо өзенінің қарлы тауы» деген мағына береді. бұл атау географиялық тұрғыдан өзін-өзі ақтайды: осында Чимба өзені бастау алады және таудың 4700 метрден жоғары бөлігін мәңгі қарлар алып жатыр.

Рио-Колорадо өзені Аргентина аумағы арқылы ағып өтіп, Атлант мұхитының Байя-бланка шығанағына құяды. Испан тілінде бұл атау «түсті (қызыл) өзен дегенді білдіреді. Өзен өзі ағызып әкелетін жыныстардың түсіне байланысты осылай аталған. Бұл өзеннен 50-100 км оңтүстікке қарай Рио-Негро («қара өзен») ағып жатыр, ол өзімен бірге өсімдіктердің қара шірінділерін ағызатындықтан осындай атау алған.
Елдер мен қалалардың атаулары.

Америка мемлекеттері.
Америка Құрама Штаттары (қысқаша АҚШ). «АҚШ Тәуелсіздік Декларациясы» деп аталып, 1776 жылы 4 шілдеде Филадельфия қаласында қабылданған ресми құжат негізінде Солтүстік Америкадағы британдық колониялар Ұлыбритания қарамағынан шығып, өз тәуелсіздігін жариялады. Декларация бұрынғы ағылшын колониясы «Америка Құрама Штаттары» деп аталған тұңғыш ресми құжат болатын. Дәл осы күн АҚШ-та Тәуелсіздік күні ретінде мерекеленеді.

АҚШ штаттары. Өз атауына сәйкес, АҚШ бастапқыда 13 штатан құралған федерация ретінде негізі қаланған еді. Қазіргі кезде оның құрамында 50 штат бар. Олардың атаулары әр тілден алынған сөздер негізінде қалыптасқан. 23 штат атауына жергілікті үндіс тайпаларының тілдерінде пайда болған, тағы 2 штат атауы үндістердікі деп есептелетін, бірақ этимологиясы анық емес атаулар болып табылады. 11 штаттың атауы тарихи тұлғалар есімін алған, қалған штаттардың атаулары еуропалық тілдер негізінде қойылған.

Анкоридж қаласы АҚШ-тың Аляска штатында орналасқан. 1913 жылы Шип-Крик («кемелі өзен») деп аталатын шағын өзен жағалауында құрылысшылар тұрағы ретінде пайда болды. Бастапқыда Шип-Крик аталған бұл елді мекенге 1914 жылы Анкоридж (ағылшынша «зәкір тұрағы») деген атау берілді.

Атланта қаласы АҚШ-тағы Джорджия штатының әкімшілік орталығы болып табылады. Қаланың іргетасы 1837 жылы Батыс Атлантика теміржолының бойындағы Атланта бекеті ретінде қаланған болатын.

Буффало қаласы АҚШ-тағы Нью-Йорк штатында орналасқан. XVIII ғасырдың соңында негізі қаланып, Буффало («бизон») деген ат алған. Қала атауы осындағы Буффало-Крик өзеніне байланысты қойылған. Ал гидронимге үндіс тайпасының атауы негіз болған: бұл тайпаның тотемдік жануары бизон болатын.

Вашингтон қаласы АҚШ астанасы болып табылады. 1791 жылы арнайы астаналық қала ретінде іргетасы қаланып, АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның (1732-1799) құрметіне осылай аталған болатын.

Майами қаласы АҚШ-тың оңтүстігіндегі Флорида штатында орналасқан. Қала атауын үндістердің майами тайпасының атауымен байланыстырады.

Канада. Қазіргі Квебек маңында өмір сүрген ирокез тайпаларының лаврентий тілінде Kanata атауы «қоныс» дегенді білдіреді. Бұл атауды 1534 жылы осы ауданнан лаврентий тайпасын алғаш кездестірген француз зерттеушісі Жак Картье естіген болатын. Картье кейіннен бұл атауды осы жерге ғана емес, үндістердің Доннакона көсемінің иелігіндегі бүкіл аумаққа қатысты қолданған. 1545 жылдан бастап, еуропалық әдебиеттер мен карталарда Әулие Лаврентий өзенінің жағалауы мен оған жапсарлас аумақ түгелімен Канада деп беріле бастады.

Канаданың астанасы Оттава қаласы 1827 жылы Оттава өзені мен Онтарио көлін жалғастыратын каналды салып жатқан құрылысшылар тұратын кент ретінде негізі қаланған болатын. Осы құрылысқа жетекшілік ететін полковник Джон Байдың құрметіне елді мекен Байтаун деген ат алды. Осы елді мекен негізінде өсіп шыққан қаланы 1845 жылдан бастап өзен атауымен байланыстырып, Оттава деп атаған. Ал өзен атауына үндістердің алгонкиндер тобына жататын оттава тайпасының аты негіз болған. 1857 жылдан бастап Оттава қаласы Канада астанасы болып тағайындалған.



Акапулько қаласы Мексикадағы Герреро штатында, Тынық мұхит жағалауында орналасқан.Қала батыс жарты шардағы ең танымал курорттардың бірі болып саналады. Оның іргетасы XVI ғасырда Акапулько деп аталатын елді мекен орнында қаланған болатын. Бұл атау жергілікті үндіс тілінде «қамыс шоқтары өскен жер» деген мағына береді. XIX ғасырда қала атауын Мексиканың ұлттық батыры Бенито Хуарес (1806-1872) есімімен толықтыру туралы шешім қабылданды: қаланың жергілікті атауы Акапулько-де-Хуарес (Acapulco de Juarez) болып табылады.

Антигуа және Барбуда Кариб теңізінде орналасқан. Жалпы екі үлкен арал мен бірнеше шағын аралдардан тұрады. Алғашқы аралға 1493 жылы Х. Колумбтың өзі Севильядағы шіркеу атауын берген болатын, ол түпнұсқасында Santa Maria de la Antigua («Кәрі Әулие Мария») деп аталған. Кейін қысқарып, Антигуа («кәрі, ескі») деген бөлігі сақталып қалды. Ал Барбуда аралының атауын португалдар жағалауда бұтақтар мен жапырақтары сақал тәрізді салбырап өскен інжір ағашы шоқтарына байланысты қойған болатын.

Аргентина атауы латын тіліндегі argentum («күміс») сөзімен байланысты қалыптасқан. Перу аумағында өндірілген немесе тонау нәтижесінде табылған күмісті испандар мен португалдар өздері «Күміс жері» деп атаған аумақ арқылы теңіз жағалауына тасымалдаған. Осы жерден кемелерге тиелген күміс Еуропаға жөнелтілетін болған.

Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласының негізі 1536 жылы қаланған болатын. Қаланың іргетасын 1536 жылы Ла-Плата шығанағының оңтүстік жағалауында испан конкистадоры Педро Мендоса қалаған болатын. Бұл елді мекен бастапқыда Сьюдад де ла Сантиссима Тринидад и пуэрто де нуэстра сеньора ла вирген Мария де лос буэнос айрес, яғни «Әулие Троица қаласы және Құдай анасы дева Марияның қолайлы желдер тән қойнауы» деген бейнелі, ұзақ атау алды. Атауды осы күйінде қолдану өте қиын болатын. Сондықтан уақыт өте келе, қала атауында «жақсы желдер» деген мағына беретін соңғы екі сөз ғана сақталып қалды. Бейресми жағдайда аргентиналықтар өз астанасын Байрес деп атайды. Аргентинадағы Байя-Бланка қаласының атауы оның осы аттас шығанақта орналасуымен байланысты пайда болған. Испан тілінен аударғанда шығанақ атауы «ақ шығанақ» дегенді білдіреді, бұл осындағы жыныстардың түсіне байланысты қойылған.



Багам аралдарының атауын испан конкистадорлары қойған. Бұл атаудың испандар қойған бастапқы нұсқасы Baja Mar («тайыз су») болған. Бұл атау табиғат ерекшеліктерін дәл бейнелеген: аралдар маңындағы теңіз сулары өте тайыз болып келеді. Уақыт өте келе, атау бастапқы нұсқасынан бұрмаланған.

Барбадос астанасы Бриджтаун қаласының негізі XVII ғасырда қаланған. Қала атауы ағылшын тілінен аударғанда «көпірлер қаласы» дегенді білдіреді. Атаудың шығу тегін қаланың шығанақ арқылы бөлініп жатқан бөліктерін жалғастыратын екі көпірдің болуымен түсіндіруге болады.



Бразилия (ресми атауы Бразилия Федерациялық Республикасы) Латын Амеркасындағы ең үлкен мемлекет болып табылады, оны бейнелі түрде «тропиктер алыбы» деп те атайды. Еуропалықтар арасынан тұңғыш рет бұл аумаққа 1500 жылы Педру Алварес Кабрал келіп жеткен болатын. Ол бұл жерге Нағыз Крест Жері (португалша Terra do Vera Cruz) деген діни атау берді, бұл атау кейінірек Әулие Крест Жері болып өзгертілді. Дегенмен, осы оқиғадан кейін ширек ғасыр өтпестен бұрын Бразил Жері (Terra do Brasil) деген жаңа атау қолданыла бастады. Бұл атау бразил (португалша brasa «көмір шоғы») деп аталатын қызыл түсті Caesalpinia echinata сандал ағашына байланысты қойылды. Бұл бағалы ағаш түрі аумақтың басты экспорттық тауарына айналған болатын. Сондықтан ағаш әкелінетін ел де Бразилия атауына ие болды.

Бразилиядағы Пернамбуку штатының астанасы Ресифи қаласының атауы португал тілінен аударғанда «рифтер» дегенді білдіреді. Рифтер шығыстағы Риу Гранди ду Норти жағажайынан басталып, Баия штатының солтүстігіне қарай созылып жатқан бразилиялық жағажайдың бойында орналасқан. Ресифи Бразилияның «Венециясы» деп есептеледі, себебі бұнда көпірлер, каналдар және өзендер көп.

Бразилияның Белу-Оризонти қаласының негізі 1897 жылы қаланған, Минас Жераис штатының әкімшілік орталығы болып табылады. Қаланын аты “әдемі көкжиек” (португ. Belo Horizonte) деген мағынаны білдіреді. Елдегі Баия штатының астанасы Сальвадор қаласы Сан-Паулу мен Рио-де-Жанейродан кейінгі үшінші орын алады. Қаланың атауын 1501 жылы португалдық зерттеушілер қойған, толық аты Sao Salvador de Bahia de Todos os Sandos. «Салвадор» сөзі «құтқарушы» дегенді білдіреді.

Боливия (ресми атауы Боливия Республикасы) 1825 жылы тәуелсіздігін алған испандардың Жоғарғы (Таулы) Перу деп аталған отарының негізінде қалыптасқан. Тәуелсіздігін алған бұл аумақ испан отарларының тәуелсіздігі үшін күрескен венесуэлалық қайраткер Симон Боливардың (1783-1830) құрметіне Боливия деп аталды.

Гватемала мемлекетінің атауы Гватемала қаласына байланысты қойылған. Атау ацтек тіліндегі Guauhtemallan («орманмен көмкерілген жер») деген сөзден шыққан.

Гондурас мемлекетінің атауы испан тілінде «тереңдік» (hondura) дегенді білдіреді. 1502 жылы Х. Колумб өзінің төртінші экспедициясының барысында Орталық Америка жағалауынан жаңа мүйісті ашқан болатын. Осы мүйістің маңындағы жағалық сулардың өте тереңдігін байқаған Колумб бұл мүйісті Гондурас деп атады. Кейіннен бұл атау бүкіл жағалау мен шығанаққа берілді. 1821 жылы тәуелсіздігін алған аумақ Гондурас деп аталды.

Доминика аралын да Х.Колумб алғаш ашқан болатын. 1493 жылдың 3 қарашасында, жексенбі күні аралға келіп жеткен Колумб экспедициясы жексенбі құрметіне аралға осы атауды берген. Ортағасырлық латын тілінде жексенбі күні Dies Dominica деп аталатын. Тіпті қазірдің өзінде италиялықтар жексенбіні Doménica деп атайды. Яғни арал атауы өзінің ашылған күнінің құрметіне осылай аталған.



Доминикан Республикасының атауы жоғарыда аталғаннан басқа этимологияға ие болады. Гаити аралының шығысын алып жатқан бұл аумаққа 1492 жылдың 6 желтоқсанында келіп жеткен Х. Колумб оны Ля Испаньола деп атаған. 1496 жылы өзінің екінші саяхаты барысында аралға Колумбтың ағасы Бартоломео де келген болатын. Ол осында қалып қойып, аралдың оңтүстік бөлігінде колонияның негізін салды. Колонияны доминикандық монахтар орденінің негізін салушы Санто Доминика де Гузманның құрметіне Санто-Доминго деп атады. Осы жерде бой көтерген қала қазіргі Доминикан Республикасының астанасы Санта-Доминго болатын. Кейіннен қала атауының негізінде мемлекеті атауы пайда болды.

Колумбия орналасқан аумақты XVI ғасырдың басында испандар жаулап алған болатын. Ұлы саяхатшы Х.Колумб бұл аумақта ешқашан болған емес, соған қарамастан XVIII ғасырдың аяғында осы аумаққа Колумб атын беруді венесуэлалық революционер Франсиско да Миранда ұсынған болатын. Бұл ұсыныс ғасырға жуық уақыт өткен соң ғана орындалды: 1886 жылы тәуелсіздігін алған аумаққа Колумбия Республикасы деген атау берілді. Ал Колумбиядағы Барранкилья қаласының атауы жергілікті табиғат жағдайына байланысты қойылды. 1629 жылы Магдалена өзені бойында негізі қаланған қаланың атауы испан тіліндегі «жар, шатқал» деген мағына беретін барранко терминімен байланысты қойылды.

Перу. 1522 жылы испан конкистадоры Паскуаль Андагоя 1522 жылы қазіргі Перу орналасқан аумақтың солтүстігіндегі Биру деген ұлы империя жайлы хабар естіген болатын. Бұл өңірде әлі күнге дейін Виру аталатын өзен бар, жергілікті жерде оның Пиру деген нұсқасы да қолданылады. Ресми түрде бұл атау тек 1543 жылы Перу вице-корольдігінің құрылуымен байланысты белгілі болды. 1821 жылы тәуелсіздігін алған мемлекет Перу деп аталды.

Сент-Киттс және Невис кейбір карталар мен географиялық әдебиетте Сент-Кристофер және Невис деп беріліп жүр. Бірінші аралдың атауын Әулие Кристофер мерекесінде осы аралға келіп жеткен Х.Колумб қойған болатын. Кейіннен аралдар Британ Корольдігінің иелігіне өтті. Ағылшындар арал атауын қысқартып, Сент-Киттс деп атайтын болды. Ал екінші аралға Х.Колумб 1498 жылы Әулие Мартин күні келіп жетіп, оған Сан Мартин деген ат қойды. Бірақ бұл атау қабылданбай, қоныс аударғандар өздері қойып алған Невис атауы сақталды. Бұл атау аралдағы қар басқан шыңдар мен ақ бұлттарға байланысты берілген болатын.
Африканың физикалық-географиялық объектілер атаулары.
Атлас тау жүйесінің атауы Африкадағы ең көне атаулардың біріне жатады. Страбон, Плиний еңбектерінде таудың Дирис, Аддирис деген атаулары келтірілген. Бұлардың негізінде тау атауын ежелгі берберлік адрар («тау») терминімен байланыстыруға негіз бар. Бұл атаудың термин негізінде қалыптасқандығына тағы бір дәлел – таудың жеке бөліктерінің атауларында да атлас сөзінің болуы.

Бенуэ өзені Нигер өзенінің сол жақ саласы болып табылады, Камерун, Нигер аумақтары арқылы ағып өтеді. Бата тайпасының тілінде өзен атауы «су анасы» дегенді білдіреді.

Виктория сарқырамасы Замбези өзенінде орналасқан. бұл сарқыраманы 1855 жылы ағылшын саяхатшысы Д.Ливингстон ашып, оған Ұлыбритания королевасы Виктория есімін берген. Сарқыраманың жергілкті атаулары да бар. Мысалы, бұрын сарқырама банту тілінде Сеонго («кемпірқосақ») деп аталса, макололо тілінде әлі күнге дейін Моси-оа-Тунья («күркірек түтін») дейді. Бұл жергілікті атаулардың екеуі де еуропалық атаумен салыстырғанда сарқырама сипатына сәйкес келеді.

Виктория көлі Шығыс Африкада орналасқан, әкімшілік жағынан Кения, Танзания, Уганда елдерінің аумағында жатыр. Жергілікті халық бұл көлді Ньянза («көл») деп атайды. 1858 жылы осы көлді ашқан ағылшын саяхатшысы Джон Спик жергілікті атауға королева Викторияның есімін қосты. Осылайша көл атауы Виктория-Ньянза түрінде ХХ ғасырдың 20-жылдарына дейін қолданыста болды. Кейіннен бұл атау қысқарып, королева есімі ғана қалды. Соған қарамастан, көл жағалауында жатқан үш мемлекетте бұл көлдің үш түрлі атауы бар.

Витватерсранд жотасы Оңтүстік Африка Республикасы аумағында орналасқан. Жотаның атауы африкаанс тілінде үш сөзден тұрады, «ақ сулар жотасы» деген мағына береді. Бұл осындағы Витватер («ақ су») өзені атауына ранд («жота») терминінің қосылуынан пайда болған. Жергілікті жерде атаудың қысқарған Ранд нұсқасы қолданылады.

Вольта өзені Батыс Африкадағы Буркина-Фасо, Гана аумақтары арқылы ағып өтіп, Гвинея шығанағына құяды. Өзен алғаш рет 1471 жылы Рио-де-Вольта («оралу өзені») деген атаумен португал картасында берілді. Бұл атаудың шығу тегі еуропалықтардың теңіз жорықтарына байланысты: осы өзеннің сағасында Отанына қайта оралуға тиіс еуропалықтардың кемелері жиналатын болған.

Замбези өзенін алғаш рет XVI ғасырда португалдар ашқан болатын. ХІХ ғасырда осы аймақты зерттеген Д. Ливингстон өзен атауының Зембезе, Амбези, Луамбези деген нұсқаларын келтірген. Бұл атаудың бастапқы үлгісі Амбези банту тілдерінде «үлкен өзен» дегенді білдіреді. Ал Луамбези атауындағы лу-деген префикстің болуы атау мағынасын «ұлы өзен» деп өзгертеді.

Занзибар аралы Африканың шығыс жағалауында, Үнді мұхитында орналасқан. Географиялық орнына байланысты орта ғасырлардың өзінде осы аумақтағы ірі сауда орталығы ретінде белгілі болған. Халықаралық маңызға ие болған бұл аралдағы портты қала құл саудасының да орталығына айналған. Бұл тұрғыдан алғанда, арал мен қаланың иран тіліндегі Зенгибар («қаралар елі») атауын алуы оңай түсіндіріледі. Уақыт өте келе, бұл атау бұрмаланып, Занзибарға айналған. Қазақ әдебиетінің туындыларында да қара нәсілділерге қатысты зеңгі сөзінің қолданылуы кездеседі

Калахари табиғи облысы Оңтүстік Африканың орталық бөлігінде орналасқан, әкімшілік жағынан Ботсвана, Ангола, Замбия, Зимбабве, ОАР аумақтарын қамтиды. Бұл атаудың негізінде готтентот тіліндегі karaha («қиыршық тасты, тасты-құмды жер») термині жатыр. Осы атауды жергілікті тсвана тіліндегі карри-карри («азап жері») деген сөзбен байланыстыру да кездеседі.

Килиманджаро тауы Африканың ең биік нүстесі болып табылады. Тау атауы суахили тілінде жалпылама түрде «суықтық құдайының тауы» немесе «ақ тау» деген мағына береді. Бұл атау таудың сипатын айқындайды: оның 5000 метрден жоғары бөлігінде мәңгі қарлар белдеуі бар. Дегенмен ғалымдар соңғы жылдары таудағы қарлардың өте жылдам еріп жатқанын, осы қарқын сақталса, 10 жылдан кейін түгелімен еріп кететінін айтады.

Мобуту-Сесё-Сёко көлі Шығыс Африкада Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда мемлекеттерінің шекарасында орналасқан. Бұл көлді 1864 жылы ағылшын зерттеушісі С.Бейкер ашып, Ұлыбритания королевасының зайыбы принц Альберт есімін берген. 1973 жылы бұл көлге екі мемлекеттің өзара келісімімен Заир (қазіргі Конго Демократиялық Республикасы) президенті Мобуту-Сесё-Сёко есімі берілген болатын. Бұл президент қайтыс болған соң, 1998 жылы көл атауы қалпына келтірілді.

Рувензори тау массиві Шығыс Африкада Конго Демократиялық Республикасы мен Уганда мемлекеттерінің шекарасында орналасқан. Тауды 1876 жылы ағылшын саяхатшысы Р. Стэнли ашқан. Ол таудың Авирика, Аврука, Рувензуруру, Руванджура, Рунссоро деген бірнеше жергілікті атауларын жазып алған. Осы атаулар негізінде еуропалықтар арасында Рувензори нұсқасытаралып кетті. Бұл атау суахили тілінде «бұлттардың әміршісі» деген мағына береді. Төбесінде мәңгі қарлар жатқан бұл биік тауды көбінесе бұлттар үйірілген сипатында көруге болады.

Сахара шөлінің атауы араб тіліндегі сахра («шөл») терминінің көпше нұсқасы болып табылады. Бұл атауды Солтүстік Африканың барлық шөлдерінің жалпы атауы ретінде алғаш рет XVI ғасырда араб географы, саяхатшы ий (ғалымның Римде өз еркінен тыс католик болғанға дейінгі аты әл-Хассан бин Мухаммед әл-Ваззан) қолданған. Еуропалық карталарда Сахара атауы тек XVII ғасырдың орта шенінде ғана пайда болды.

Шари өзені Орталық Африка Республикасы, Чад аумағымен, ішінара Камерун шекарасы арқылы ағып өтіп, Чад көліне құяды. Бұл өзеннің суы Чад көліне құятын ағынның 90%-ын береді. өзеннің кейбір бөлігі кеме жүзуге жарамды, балық ауланады. Жергілікті тілдердің бірінде оның атауы «өзен» дегенді білдіреді.

Эми-Куси тауы Чад мемлекеті аумағындағы Тибести таулы қыратында орналасқан. Ніл-сахара тілдік семьясына жататын тиббу тілінде эми «биік тау» дегенді білдіреді. Таулы қыраттың оңтүстік-батысында өмір сүретін кусиси деп аталатын халықтың аты тау атауының екінші бөлігін құраған.

Эр-Риф жотасы Атлас тау жүйесінде орналасқан. Жерорта теңізінің жағалау бөлігіндегі бұл жотаның орнына атауы сәйкес келеді: араб тілінен аударғанда тау атауы «жағалық» деген мағына береді.
Елдер мен қалалардың атаулары.

Африка мемлекеттері.
Алжир қаласы Х ғасырда жағалау маңындағы төрт аралда бой көтерген. Өзінің географиялық орнына байланысты қала Эль-Джезаир (арабша «аралдар») деп аталған. Бірақ ХІ ғасырдың өзінде қала құрылысы материкке көшкен. Қазіргі кезде қала жағалау бойымен 15 км-ге созылып орналасқан. Бірақ қала мен ел атауы Алжир күйінде сақталған.

Александрия қаласы Жерорта теңізінде орналасқан, әкімшілік жағынан Египет аумағына енеді. Қаланың іргетасы біздің заманымызға дейінгі 332-331 жылдары шағын балықшылар елді мекенінің орнында қаланған. Қаланың пайда болуы Александр Македонскиймен байланысты, сондықтан қалаға оның есімі берілген. Қазіргі кезде қаланың арабша атауы Әл-Искандерия деп аталады.

Абуджа қаласының негізін 1828 жылы Хауса әулетінің Зария мемлекетінің билеушілерінің бірі Әбу Джа қалаған. Бастапқыда бұл бекініс түріндегі тұрақ болатын, кейіннен оның негізін салған Әбу Джа есімімен аталатын Абуджа қаласы пайда болды. 1975 жылы Нигерия астанасы осы қалаға көшірілді.

Ангола (ресми атауы Ангола Халық Республикасы) Африканың батысында орналасқан. Қазіргі атауы XV-XVII ғасырларда оның орнында болған Ндонга деген мемлекеттің билеушісінің титулы болып табылатын нгола сөзінен келіп шыққан. XVI ғасырда бұл аумақты отарлаған португалдар Нгола атауын Анголаға айналдырған.

Ангола астанасы Луанда қаласының негізін 1575 жылы португалдық отарлаушылар қалаған. Оларды бастап барған әйгілі португал саяхатшысы Бартоломеу Диаштың немересі Паулу Диаш де Новаиш болатын. Ол қалаға осы маңдағы Луанда деген жердің атауын пайдаланып, Сан-Паулу-ди-Луанда атауын берді. Жергілікті тайпалардың тілінде луанда сөзі «салық, төлем» дегенді білдіреді. Өйткені ерте кезден ХХ ғасырдың басына дейін төлем құралы ретінде пайдаланылған каури бақалшағы осы маңда жиналатын. Луанда 1975 жылы тәуелсіз Ангола мемлекетінің астанасы болып жарияланды.



Бенин 1975 жылға дейін Дагомея деп аталды. Бенин атауы екі түрлі себпке байланысты таңдалып алынды: біріншіден жағалаудағы шығанақ осылай аталатын, екіншіден Нигер өзенінің төменгі ағысында бини және йоруба халықтары құрған Бенин империясы 1440-1897 жылдары Африкадағы ең күшті мемлекеттердің бірі болған. Бениннің астанасы да Бенин деп аталған, ол 1170 жылдан бері Убини деген атаумен белгілі болған. Кейіннен бұл атауды португалдар бұрмалап, Бенинге айналдырған. Атау йоруба тіліндегі Ile-ibinu («соғыстар елі») деген сөзден шыққан. Мұндай атау йоруба халқының көршілес тайпалармен ұдайы соғысуына байланысты қойылған. Бенинге дейін осы аумақта Дагомея деп аталған ежелгі корольдік болған, оның атауының этимологиясы беймәлім.

Ботсвана Оңтүстік Африкада орналасқан, мемлекет тәуелсіздігін 1966 жылы алған. Мемлекет атауы «тсвана елі» дегенді білдіреді. Отарлық кезеңде бұл аумақта Ұлыбританияның Бечуаналенд («бечуандар елі») атанған отары болған. Бечуан тсвана халқының ескірген атауы болып табылады.

Гамбия (ресми атауы Гамбия Республикасы) Африканың батыс бөлігінде орналасқан. Мемлекет аумағы Гамбия өзені бойымен жіңішке жолақ түрінде 350 км-ге созылып жатыр. Республика атауы осы Гамбия өзенімен байланысты қойылған. Гамбия өзенінің атауы тұңғыш рет 1455-1456 жылдары Галбия нұсқасында еуропалық карталарда пайда болған. Жалпы алғанда, өзен атауы жергілікті тілдерде «өзен» дегенді білдіреді деген пікір бар

Банджул (Банжул) қаласы Гамбия астанасы болып табылады. Оның негізін 1816 жылы Банджул елді мекенінің орнында ағылшындар қалаған. Бұл жергілікті тұрғындардың португалдар қойған сұраққа берген жауабы болатын. Бастапқыда әскери бекініс түрінде болған қалашыққа ағылшындар 1812-1827 жылдары отарлардың министрі болған Генри Батерстің құрметіне Батерст атауын берген. 1973 жылы қалаға өзінің тарихи атауы Банджул қайтарылды. Бұл атауды алғаш рет XV ғасырда португалдар тіркеген, оның мағынасы жергілікті тілде «алаша тоқып жатырмыз» дегенді білдірген.

Гана мемлекеті Батыс Африкада орналасқан. Бұрын ағылшын отары болған кезде Алтын жағалау атанған. 1957 жылы тәуелсіздігін жариялағаннан соң, IV-XIII ғасырлардағы ежелгі Гана атауын қайта алған. Бұл көне мемлекетті билеушілердің бірінің титулы гана («әскербасы») болған. Сондықтан бұл атауды бірінші осы мемлекеттің астанасы алған, кейіннен мемлекетке осы атау берілген.

Гананың қазіргі астанасы Аккра қаласы XVI ғасырда бекініс ретінде негізі қаланған. Бұл атау жергілікті нкран тайпасының еуропалықтар бұрмалаған атауы болуы мүмкін. Ал этноним «қара құмырсқа» деп аударылады, өйткені бұл жәндік тайпаның тотемі болып табылады.



Гвинея (ресми атауы Гвинея Республикасы) Батыс Африкада орналасқан. Мемлекет атауы Африкадағы ірі географиялық облыстың атауына байланысты шыққан. XIV ғасырдағы еуропалық карталарда бұл атау Ginya, aл XV ғасырдан бастап Guinea нұсқасында берілген. Зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл атау берберлердің игуавен («мылқау») деген сөзінің бұрмалануынан пайда болған. Берберлер өздерінен оңтүстікке қарай қоныстанған қара нәсілді тайпаларды осылай атаған.

Гвинея Республикасының астанасы Конакри қаласы 1885 жылы аралда орналасқан Конакри деген шағын елді мекеннің орнында пайда болған. Бұл атау «судың ар жағы» деген мағына береді. Атаудың мағынасына қарап, Бұл атауды материк тұрғындары қойған деуге негіз бар.



Замбия мемлекетінің атауы Замбези өзеніне байланысты қойылған. Отарлау кезеңінде бұл аумақ Солтүстік Родезия деп аталған. Бұл атау белгілі саяси қайраткер, кәсіпкер және Оңтүстік Африкада алмас өндірісінің негізін салған Сесил Роудстың (1853-1902) құрметіне қойылған болатын. 1964 жылы тәуелсіздігін жариялаған мемлекет Замбия атауын алды.

Зимбабве мемлекетінің атауы нағыз африкалық болып табылады. Бұл атау 1980 жылы қабылданған, шона тілінен аударғанда «билеушінің үйі» деген мағына береді. XV-XVIII жылдары өте дамыған Зимбабве империясы болған, оның астанасы болған Ұлы Зимбабве қаласы тастан салынған сәулет туындыларымен ерекшеленген. Ұлы Зимбабвенің тас мұнаралары осы кезге дейін сақталып қалған және дәл сол ғасырлардағы еуропалық қамалдар үлгілерінен бір де кем түспейді.

Кения мемлекетінің атауы Шығыс Африкада орналасқан Кения тауымен байланысты қойылған. Кения тауы осы елдің орталық бөлігінде орналасқан және мұндағы ең биік нүкте (5199 м) болып табылады. Тау атауы жергілікті тілдердің бірінде «ақ тау» дегенді білдіреді. Оронимдегі анықтауыш тау басында мәңгі қарлар бар екендігін білдіреді.

Кения мемлекетінің астанасы Найроби қаласы 1899 жылы теміржол салу барысында негізі қаланған шағын елді мекен орнында бой көтерді. Бұл атау суахили тілінде «батпақ» деген мағына берсе, масаи тілінде «суық су» дегенді білдіреді.



Кoнго (Конго Республикасы) Орталық Африкада орналасқан. Мемлекет атауы өзенге байланысты қойылған: бұл аумақ Африкадағы ең мол сулы Конго өзенінің төменгі ағысында, оң жақ жағасында орналасқан. Мемлекет тұрғындарының басым көпшілігін конго (баконго) деп аталатын этнос құрайды.

Конго астанасы Браззавиль қаласының негізін әскери бекініс ретінде 1880 жылы француз теңіз офицері Саворньян де Бразза салған. Уақыт өте келе осында бой көтерген қала оның іргетасын қалаған адамның есімімен Браззавиль (француз тілінде виль – «қала») деп аталып кетті.



Лесото Корольдігі Оңтүстік Африкада орналасқан. Отарлық кезеңде бұл аумақ британдық Басутоленд Протектораты құрамында болған. Бұл атау жергілікті басуто этнонимі мен ағылшынша «ел» сөзінің қосылуынан пайда болған. 1966 жылы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін мемлекет өз атауы ретінде Лесотоны таңдап алды. Бұл атау осы аумақта тұратын сото (суто) халқының этнонимінің негізінде қалыптасқан.

Лесото астанасы Масеру қаласы 1869 жылы сото халқының көсемі I Мошвешве салдырған елді мекен орнында пайда болған. Қала атауы жергілікті халықтың тілінде «қызыл құмтастар мекені» деген мағына береді.



Либерия Республикасы Батыс Африкада орналасқан. 1822 жылы АҚШ азаттық алған америкалық құлдарды қоныстандыру үшін сатып алған аумақта пайда болды. Бұл аумаққа Либерия (латынша либер «азаттық» деген сөз) атауы қойылды. 1847 жылы өз тәуелсіздігін жариялаған мемлекет осы атауды өзінде қалдырды.

Либерияның астанасы Монровия қаласы 1822 жылы Америкадан көшіріліп әкелінген құлдардың тұрағы ретінде пайда болды. Елді мекен 1817-1825 жылдары АҚШ президенті болған Джеймс Монро құрметіне Монровия атауын алды. Бұл еркіндік алған құлдарды Африкаға қоныстандыру ісін бастаған мемлекет қайраткеріне қойылған ең үлкен ескерткіш болатын.



Ливия мемлекеті Солтүстік Африкадағы жедел дамып келе жатқан мұсылман елдерінің бірі болып табылады. Ливия атауы Нілден батысқа қарай жатқан шұраттарда өмір сүрген ежелгі либу тайпасының атауынан пайда болған. Бастапқыда гректер бұл атаумен жеке аумақты атап, кейіннен бүкіл материкке осыатауды берген. Уақыт өте келе, оның орнын Африка топонимі алмастырып, Ливия атауы ұмыт болып кеткен. ХХ ғасырдың басында бұл атау қайтадан қолданысқа еніп, 1951 жылы осы аумақта пайда болған тәуелсіз мемлекетке берілді.

Ливия астанасы Триполи Африкадағы көне қалалардың бірі болып табылады. Қаланың іргетасын финикиялықтар біздің заманымызға дейінгі VII ғасырда қалаған. Бастапқыда қала Эя деп аталып, кейіннен өзі орналасқан Триполитания облысының атауын алған. Триполи грек тілінен аударғанда «үш қала» деген мағына береді.



Мавритания мемлекеті Батыс Африкада орналасқан мұсылман мемлекеттерінің бірі, оның тарихи атауы көне замандардан бастау алады. Біздің заманымызға дейінгі ІІІ мыңжылдықта Солтүстік Африканың батысында Мавретания атанған тарихи аумақ болған. Финикиялықтар қойған бұл атау «батыс өлке» деген мағына береді, өйткені олар үшін бұл қиыр батыста жатқан аумақ болатын. 1960 жылы тәуелсіздігін алған мемлекет Мавритания Республикасы деген атау алды.

Мавритания астанасы Нуакшот қаласы 1958 жылы шағын елді мекен орнында салына бастаған болатын. Бұл елді мекен берберше Нуакшот («желді жер») деп аталатын. Қала атауы осы аумақтағы климат ерекшелігінен хабар береді: мұхит жағалауында орналасқан қала пассаттар белдеміне енеді.



Малави мемлекеті Оңтүстік-Шығыс Африкада орналасқан. Бұл аумақта орта ғасырларда Малави тайпа одағы құрылып, көп ұзамай өзара кикілжің әсерінен ыдырап кеткен. Отарлау кезеңінде бұл аумақты еуропалықтар Ньясаленд деп атайтын. 1964 жылы тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекет тарихи Малави атауын алды. Жергілікті тілде бұл атау «жанып жатқан су» деген мағына береді: күн батқан кезде Ньяса көлінің бетіне түскен қызыл сәуле жанған от тәрізді ғажайып көрініс береді.

Танзания Республикасы Шығыс Африкада орналасқан. бұл атаудың пайда болуы мемлекет тарихымен байланысты болады: 1964 жылы материктегі Танганьика Республикасы мен аралдық Занзибар Республикаларының бірігуі нәтижесінде пайда болған біртұтас мемлекетті Танзания деп атау ұйғарылған болатын. 1862 жылы Танзания астанасы Дар-эс-Салам қаласының негізі қаланған. Қалаға берілген Дар-эс-Салам атауы арабшадан аударғанда «бейбітшілік үйі» деген мағына береді.

Эритрея мемлекеті Қызыл теңіздің жағалауында орналасқан. Бұл теңізді гректер ұзақ уақыт бойы Эритрей теңізі (грекше эритрос – «қызыл» деген сөз) деп атап келген, кейіннен бұл атау басқа тілдерде аударма нұсқасы күйінде пайдаланыла бастады. Теңіз атауы оның жағалауындағы Эритрея мемлекетінің (бұрын Эфиопияның провинциясы болған) атауына берілген.

Эфиопия. Ежелгі гректер эфиоптарды терісінің түсіне қарап, айтопи («беттері күйгендер») деп атаған, Эфиопия атауының шығу тегі де осымен байланысты болған. Эфиопиялық зерттеушілер мемлекет атауын ежелгі Аксум империясының негізін салған Хам патшаның немересі Итиоппис есімімен байланыстырады. Бұл онша шындыққа жанасымды емес, өйткені ерте замандарда онша белгілі емес адамның есімімен үлкен аумақты атау өте сирек кездесетін.

Ал Эфиопия астанасы Аддис-Абеба қаласының атауына қатысты мұндай екіжақты пікір жоқ. 1887 жылы Эфиопия императоры өзінің резиденциясын Энтотодан қазіргі ел астанасы тұрған жерге көшірген болатын. Императордың жұбайы бұл жаңа астананы Аддис-Абеба (жергілікті амхар тілінде «Жаңа гүл» деген сөз) деп атауды ұсынды. Бұл атау Эфиопия астанасының сипатына сәйкес келеді, бұл қаланы еуропалық зерттеушілер климаттық ерекшеліктеріне қарай бейнелі түрде «Мәңгі көктем қаласы» деп те атайды. 1889 жылдан бастап Аддис-Абеба ресми түрде астана мәртебесін алды.


Аустралия және мұхиттық аралдар
Аустралия. Ежелгі дүниенің географтары оңтүстікте үлкен құрлық бар деген болжам айтқан болатын. Мысалы, ежелгі грек географы Клавдий Птоломей ІІ ғасырда оңтүстік жарты шарда болуы мүмкін дүние бөлігін Терра аустралис инкогнита («белгісіз оңтүстік жерлер») деп атаған болатын. Аустралияның солтүстік шеттеріне дейін жеткен алғашқы еуропалық саяхатшылар бұл атаумен осы аумақты атап, карталарда белгілей бастады. Оңтүстік Американың ашылуына байланысты белгісіз оңтүстік материк саяхатшылар мен зерттеушілерді қайта қызықтыра бастады. 1522 жылы Польшада шыққан Ян Стобницкийдің географиялық картасында Азиядан оңтүстік-шығысқа қарай үлкен материк бейнеленіп, оның жанына «Белгісіз жер» деген атау жазылды. Еуропалық елдерде жаңа құрлықты табу үшін көптеген экспедициялар жасақталып, мұхит кеңістігін шарлай бастады.

1605 жылы қарашада Тынық және Үнді мұхитында бірнеше жаңа аралдарды ашқан голландиялықтар Виллем Янсзонның жетекшілігмен Ява аралынан Оңтүстік Жерді іздеуге аттанған болатын. Көп ұзамай-ақ 1606 жылы олар Аустралияның солтүстік-батыс түбегіне келіп жетті, бірақ оны Жаңа Гвинеяның жағалауы деп ойлады. Жаңа жерлерді голландиялықтар Жаңа Голландия деп атады. Бұдан соңғы болған экспедициялар Янсзонның жаңа құрлықты ашқанын дәлелдеп берді. Бесінші құрлықтың зерттелуі ол ашылғаннан кейін екі ғасырға созылды. Бірақ оның нақты атауы орнықпаған болатын. Кейіннен Аустралияны айналып шыққан Мэтью Флайндерс 1814 жылы тұңғыш рет бұл жаңа құрлыққа қатысты Терра Аустралис атауын қолданды, бұл атау бірден бекіп қалды.

Орта ғасырларда материктің солтүстік жағалауларына малай және явалық теңізшілер келіп жүрді. 1606 жылы оңтүстік материкті ашқан В.Янсзон оны Жаңа Голландия деп атады. Кейінгі экспедициялар барысында Аустралия жағалауларында голландиялық атаулар қалыптаса бастады. 1623 жылы голландиялықтар Ян Карстенс пен Вилль ван Колстер экспедициясы «Пера» және «Арнем» аталатын кемелермен Жаңа Гвинеядан оңтүстікке қарай жүзіп, үлкен шығанаққа келіп кірді. Шығанаққа сол кезеңдегі Жаңа Голландия Үнідстанының генерал-губернаторы Питер де Карпентье (1588-1659) есімі беріліп (Карпентария), түбек «Арнем» кемесіның атымен Арнемленд деп аталды. Экспедиция жетекшісі Ян Карстенс өз жазбаларында бұл аумақты «Жер шарындағы ең құнарсыз жер» деп сипаттап, мұнда ең қайыршы, ең бейшара адамдар тұратындығын жазған. Аустралия жағалауларында Нидерландтағы Лувен қаласының құрметіне қойылған Лувен мүйісі, Карпентария шығанағындағы Грут-Айленд («үлкен арал») аралы атауларын голландиялықтар қойған. Жалпы алғанда, голландиялықтардың географиялық ашулары кездейсоқ, бытыраңқы сипат алды, сондықтан топонимдер де аз қойылды.

XVIII ғасырдың соңына қарай Джеймс Кук бастаған зерттеу жұмыстарының қарқынды сипат алуы нәтижесінде ағылшын атаулары көптеп пайда бола бастады. Бұл топонимдер арасында белгілі қайраткерлер, зерттеушілердың аты-жөнімен байланысты географиялық атаулар басым болды. Сол кездегі Ұлыбритания билігіндегі саясаткерлер мен қайраткерлер есімдерімен байланысты бірқатар топонимдер пайда болды:

- Виктория (британ тағының кролевасы);

- Йорк (саясаткер Чарльз Филип Йорк);

- Сидней (Ұлыбританиядағы отарлар ісі жөніндегі хатшы лорд Сидней);

- Мельбурн (Ұлыбритания премьер-министрі, Мельбурн виконты Уильям Лэм);

- Аделаида (IV Вильгельм корольдің жұбайы, королева Аделаида);

- Брисбен (генерал Томас Брисбен);

- Дарлинг (Жаңа Оңтүстік Уэльс губернаторы Ралф Дарлинг);

- Муррей (Британдық отарлар министрі Джордж Муррей).

Бұл әсіресе өзен атауларында айқын байқалды, Аустралияда британдық азаматтардың құрметіне қойылған өзен атаулары қосымшаларда арнайы келтірілді

Зерттеушілер мен зерттеу экспедицияларын ұйымдастырушылардың есімдері де номинация үрдісінен тыс қалған жоқ: Аустралияда олардың құрметіне қойылған Эйр, Кук, Флиндерс, Митчелл, Гарднер, Грегори, Огастес атаулары пайда болды. Осы кезеңде дәл осындай француздық атаулар (Жозеф-Бонапарт және Географ шығанақтары, Перонс аралдары, Перон түбегі) қалыптасты.

Қоныс аударушылардың топонимиясына тән тағы бір құбылыс – қоныс аударған топонимдердің пайда болуы. Мысалы, Ұлыбританиядағы қала атаулары (Глостер, Гейтсхейд, Ньюкасл, Страуд, Кардифф, Суонси және т.б.) Аустралия жерінде қоныс тепті.

ХХ ғасырда материктегі объектілерге мәдениет пен ғылымның танымал қайраткерлері есімдері берілетін болды. Сонымен қатар, аборигендік атаулар жинақталып, жаңғыртыла бастады. Мысалы, 1913 жылы Аустралияның жаңа астанасының құрылысы басталғанда бұл қалаға аборигендік Канберра («кездесу орны») атауын беру ұйғарылды.

Мұхиттық Аралдар Тынық мұхиттың орталық, оңтүстік-батыс бөлігіндегі аралдардың (жалпы саны 10 мың шамасында) жиынтығын атайды. Бұл атау дүние жүзі бойынша калька, яғни аударма атау болып табылады. Алғаш рет бұл атауды ғылыми қолданысқа 1810 жылы М.Браун енгізген болатын. 1832 жылы француз теңізшісі Ж. Дюмон д’Юрвиль Мұхиттық аралдарды ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа ажыратып, оларды былайша атауды ұсынған болатын: Микронезия (грекше «ұсақ аралдар»), Полинезия (грекше «көп аралдар») және Меланезия (грекше «қара аралдар»). Кейінірек Мұхиттық Аралдар қатарына Жаңа Зеландияны да қосатын болды. Бірақ біз өз талдауымызда бұл аралдың топонимиясын жеке қарастырамыз.

Еуропалықтар отарлаудың алдында Мұхиттық Аралдардың жеке топтарындағы даму деңгейі, антропологиялық және тілдік құрамы өте әркелкі болды. осы кезеңде бүкіл Аустралия мен Мұхиттық Аралдардың байырғы тұрғындары арасында дамудың жоғары сатысында тұрғандары полинезиялықтар болатын. Қазіргі заманғы зерттеулер полинезиялықтардың аңыздары негізінде олардың нақты тарихын жаңғыртуға болатынын дәлелдеп отыр. Мысалы, әр аралдардағы тұрғындар өздерінің ата-тегі туралы, олардың жорықтары жөнінде әңгімелерді ұрпақтан ұрпаққа беріп отырады. Полинезиялық ғалым Те-Ранги-Хироаның соңғы деректері бойынша, Раротонга аралындағы ең ұзын ата-бабалар тізімі 92 ұрпақты қамтыған. Мұның өзі жергілікті атаулардың күрделі жүйесінің де сан ғасырлар бойы өзгермей сақталу мүмкіндігі болғанын көрсетеді.

Отарлау алдында меланезиялықтарда алғашқы қауымдық құрылыс басым болды. Әсіресе Жаңа Гвинея мен Меланезияның солтүстік-батысындағы тайпалар дамудың төмен деңгейінде қалып қойған еді.

Мұхиттық Аралдардағы еуропалық атауларды испан, португал, голланд, ағылшын, француз, орыс зерттеушілері қойған. Алғашқы кезеңде бір елдің теңізшілері қойған атауды білмеген екінші біреулері дәл сол объектіге басқаша атау беруі жиі кездеседі. Бұл тұрғыдан Таити аралы көзге түсті. XVII ғасырдың басында испандық теңізші де Кирос бұл аралды Саггитариа («Мерген шоқжұлдызы») деп атады, ал XVIIІ ғасырдың орта шенінде осында келген ағылшын Уоллис аралға Ұлыбритания королі ІІІ Георг атын берді. Сәл кейініректе Л.А. Бугенвилль басқарған француз экспедициясы аралды Жаңа Цитера деп атады. Осыған қарамастан аралдың жергілікті Таити («шағын арал») деген атауы сақталып қалды.

1642 жылы Жаңа Зеландия аралдарына келіп жеткен алғашқы еуропалық саяхатшы, голландиялық теңізші Абель Тасман өзінің Отанына ұқсас осы аумақты Жаңа Зеландия деп атады. Өйткені Голландия провинцияларының бірі Зиланд («теңіздік жер») деп аталатын. Голланд картографтары Жаңа Зеландия атауын бірден қабылдап, карталарында белгілей бастады.

Жаңа Зеландияның еуропалықтарға дейінгі халқы маори болып есептеледі, қазіргі кезде олар мемлекет халқының 15%-ға жуығын құрайды. Жаңа Зеландияның осы күнге дейін сақталып қалған жергілікті маори тіліндегі атауы Аотеароа («ұзын ақ бұлт») болатын. Маори атауларының көпшілігі аңыздармен «дәйектелген». Мысалы, Солтүстік арал маори тілінде Икаа-Мауи («Мауи балығы») немесе Агино-Иауи («Мауи туған») деп аталады. Маори халқының танымал аңызы бойынша, Мауи құдай пішіні балық тәрізді бұл аралды балық аулау кезінде мұхиттан алып шыққан. Оңтүстік аралда маори халқы ежелден бері нефрит өндірген, сондықтан бұл аралды Те-ваги-Пунаму («жасыл тас орны») деп атаған.

Еуропалық қоныс аударушылар Жаңа Зеландияға өздерінің тарихи отандарындағы атауларды (Данидин, Темза, Нью-Плимут, Стратфорд, Оксфорд, Крайстчерч), Ұлыбританиядағы қайраткерлердің есімдерін (Веллингтон, Тасман, Кэмпбелл) алып келді.

Сонымен Аустралия мен Мұхиттық Аралдарда топонимиялық жүйенің қалыптасуына байырғы халықтың қоршаған орта туралы түсініктері, сенім-нанымдары, әлеуметтік және шаруашылық өмірі әсер еткен және еуропалық зерттеушілер мен қоныс аударушылардың да ықпалы зор болған.



Аделаида қаласы Оңтүстік Аустралия штатының әкімшілік орталығы болып табылады. Қаланың негізі 1836 жылы салынып, оған 1830-1836 жылдары Ұлыбритания королі болған IV Уильямның жұбайы, королева Аделаида есімі берілген.

Вануату мемлекеті Тынық мұхиттың оңтүстік-батысындағы Жаңа Гебрид аралдарында орналасқан, ел аумағы 83 аралды қамтиды. Жергілікті бислам диалектісінде «біздің жер» деген мағына береді, жалпы полинезиялық вануа («жер, құрлық») деген сөзінен шыққан. Аумақ 1980 жылы өзінің тәуелсіздігін жариялаған кезде Вануату атауын алған.

Кирибати мемлекеті Тынық мұхиттағы Микронезия және Полинезия аумағына енетін 33 атоллды қамтиды. Бұл атаудың шығу тегі өзгеше болып келеді. 1788 жылы осы аралдарға өзінің «Шарлотта» аталатын кемесімен келіп жеткен алғашқы еуропалық Томас Джилберт болатын. 1820 жылы бұл аралдарда болған орыс теңізшісі И.Ф. Крузенштерн аралдарға Гилберт (ағылшынша білмейтін теңізші Джилберт дегенді осылай жазған) есімін беріп, бұл атау Ресей Географиялық қоғамында тіркеуден өтті. Жергілікті халық пен осында тұрып жатқан аздаған ағылшын қоныс аударушылары бұл атауды бірден қабылдады. Бірақ жергілікті тілде айтуға оңай болу үшін халық оны бұрмалап, Кирибати деп атап кетті. 1979 жылы тәуелсіздігін алған аралдар мемлекетке Кирибати атауын таңдап алды.

Мариан аралдары Тынық мұхиттың батыс бөлігінде орналасқан аралдар тобы, Микронезия құрамына енеді. Бұл аралдарды 1521 жылы Ф. Магеллан ашқан. 1665 жылы Испания королевасы Мария Анна Австрийская осы аралдардың тұрғындарын христиан дініне кіргізуге рұқсат беру кезінде аралдарға өз есімін берген.

Маршалл Аралдары Тынық мұхиттағы Микронезия аралдары тобына жатады, мемлекет аумағына 29 атолл мен 5 арал енеді. Бұл аумаққа 1788 жылы «Скарборо» кемесімен келіп жеткен алғашқы еуропалық Джон Маршалл болатын. 1820 жылы бұл аралдарға келген орыс теңізшісі И.Ф. Крузенштерн аралдарға ресми түрде оны алғаш ашқан Маршаллдың есімін берді. 1990 жылы елдің тәуелсіздігін БҰҰ ресми түрде таныған.

МеланезияТынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігіндегі Жаңа Гвинея, Бисмарк, Сүлеймен, Жаңа Гебрид, Жаңа Каледония, Фиджи аралдары тобының жалпы атауы. 1832 жылы француз теңізшісі Ж. Дюмон д’Юрвиль енгізген бұл атау ежелгі грек тілінен аударғанда «қара аралдар» дегенді білдіреді. Бұл атаудың шығу тегін осы аралдардың жергілікті халықтарының терісі қара түсті болуымен түсіндіруге болады.

Микронезия деген жалпы атаумен Тынық мұхиттың батыс бөлігінде орналасқан ұсақ аралдар тобын атайды. Микронезия аумағына Мариан, Каролина, Маршалл, Гилберт және т.б аралдарды қамтиды, олардың жалпы саны 1500 шамасында деп есептеледі. 1832 жылы француз теңізшісі Ж. Дюмон д’Юрвиль енгізген бұл атау ежелгі грек тілінен аударғанда «ұсақ аралдар» дегенді білдіреді. Бұлай аталуы осы топқа енетін аралдардың ұсақ болуына байланысты түсіндіріледі.

Науру шағын мемлекеті Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі өзі аттас маржан аралында орналасқан. Жер шарындағы ең кішкентай мемлекеттердің бірі саналатын бұл елдің тағы бір ерекшелігі – ресми астанасының болмауы. 1968 жылы тәуелсіздігін жариялағаннан соң Науру Республикасы атауын алған.

Папуа-Жаңа Гвинея мемлекеті Тынық мұхиттың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Бұл атаудағы папуас сөзі малай тіліндегі папува («бұйра шаштар») деген сөзден шыққан; 1526 жылы португал теңізшісі Менезеш аралға Папуа атауын берді. . Бұл аумаққа алғаш келгендердің бірі осының алдында ғана Гвинеяға барып келген испан зерттеушісі Иньиго Ортиз де Ретез болатын. Зерттеуші Папуа тұрғындарын алғаш көрген кезде оларды өзі болып келген Гвинеядағы африкалықтарға ұқсатқан. Сол себепті бұл аумақты Жаңа Гвинея деп атаған. 1975 жылы бұрынғы отарлық провинциялар бірігіп, Папуа-Жаңа Гвинея Республикасы деп аталатын тәуелсіз мемлекет пайда болды.

Самоа аралдары Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінде орналасқан, бұл топаралдың батысын осы аттас тәуелсіз мемлекет алып жатыр. Жергілікті тілде «моа мекендейтін жер» деген мағына береді. Бойының биіктігі 3,6 м, салмағы 250 кг-ға дейін жететін алып моа құсы аралдардың байырғы тұрғындары үшін тотемдік құс болып есептеледі. Қазіргі кезде түгелімен жойылып кеткен. Соңғы рет моа құсын бұл аралдардан XVIII ғасырдың соңында көрген.

Сүлеймен аралдары Тынық мұхитындағы Меланезия аралдары құрамына енеді, жалпы саны 992 аралды қамтиды. Бұл аралдарға 1567-1568 жылдары алғаш жеткен испан теңізшісі Альваро де Менданья и Нейра болды. Теңізші бұл аралдардан алтын табылады деп үміттенді. Сол себепті аралдарға Інжілдегі байлығы асып-тасқан, ақылгөй Сүлеймен патшаның есімін берді.

Тувалу жергілікті тілде «сегіз арал» дегенді білдіреді. Шындығында Тувалу 9 аралдан тұрады, бірақ олардың бірі Ниулакита 1949 жылға дейін елсіз, қоныстанбаған арал болатын.
Мұхиттар топонимиясы
Атлант мұхиты. Бұл атау тұңғыш рет Атлантис теңізі деген нұсқада ежелгі грек тарихшысы Геродоттың (біздің заманымызға дейінгі V ғасыр) еңбектерінде кездеседі. ал римдік ғалым Үлкен Плиний (І ғасыр) бұл мұхитты Атлант мұхиты деп атаған. Атаудың этимологиясын көне грек аңызындағы Атлант деген алыптың атымен байланыстырады. Гректердің сенім-нанымдары бойынша, Зевс құдайдың қарғысына ұшыраған осы алып Жерорта теңізінен батысқа қарай жатқан жерлерде аспанды ұстап тұруға мәжбүр-мыс. Орта ғасырларда мұхит Солтүстік теңіз, Батыс мұхит, Сыртқы мұхит деген әртүрлі атауларға ие болды. Мұхит атауын Атлант Мұхиты деп атауды 1650 жылы нидерланд географы Бернхардус Варениус ұсынды. Қазіргі тұрғыда Атлант мұхиты ұғымы тек ғасырдың ортасында қалыптасты.

Солтүстік Мұзды мұхит. Ең солтүстікте орналасқан бұл мұхиттың өздеріне белгілі жерлерін ежелгі орыстар Студеное море («суық теңіз») және Дышащее море («тынысы бар теңіз») дееп атаған. Батысеуропалық карталарда Солтүстік Мұзды мұхитты дербес мұхит ретінде XVII ғасырдан бастап Гиперборей мұхиты деген атпен белгілей бастаған. Бұл атау көне грек тіліндегі «аса үлкен» деген мағына беретін гипер сөзі мен солтүстік желдер құдайы Борей есімінің қосылуы нәтижесінде қалыптасқан. Осы атауды жалпылама түрде аударсақ, мағынасы «шеткі солтүстік мұхит» дегенді білдіреді. Дәл осы кезеңде бұл атаумен қатар, Mare Glaciale («Мұзды мұхит»), Oceanus Septentrionalis («Солтүстік мұхит») деген атаулар қолданыста болды. XVII–XVIII ғасырлардағы орыс тіліндегі жазбалар, жылнамалар мен ғылыми еңбектерде Море-Океан («теңіз-мұхит»), Ледовитое море («Мұзды теңіз»), Северный океан («Солтүстік мұхит») деген атаулар қатаркездесетін болды. XIX ғасырдың 20-жылдарында Арктиканы зерттеген орыс адмиралы Ф. П. Литке Солтүстік Мұзды мұхит деген атауды ұсынды, бұл атау тек 1935 жылы ғана түбегейлі бекіді. Соған қарамастан, ағылшын тілді елдерде кейде Arctic ocean («Арктикалық мұхит») атауы әлі қолданылып жүр.

Тынық мұхит. Әр кезеңдерде бұл мұхит та әртүрлі атауға ие болған. 1513 жылы Панама мойнағынан бұл мұхитты еуропалықтар арасынан бірінші болып испан конкистадоры Васко Нуньес де Бальбоа көрген болатын. Шетсіз-шексіз бұл алып мұхитқа Бальбао «Оңтүстік мұхиты» деген атау берген. Бірақ мұхиттың бұл атауының ғұмыры ұзақ болмады. 1520 жылы өзінің Жер шарын айналған сапары барысында Ф.Магеллан осы мұхитқа шыққан. Ф.Магеллан 3 айдан астам жүзген кезеңінде Жер шарындағы ең тынышсыз бұл мұхит ешқандай сұрапыл «мінезін» көрсеткен жоқ. Мұхит туралы осы алғашқы әсерінің негізінде Ф.Магеллан оған Тынық мұхит деп ат берді.

1752 жылы француз географы Бюаш әлемдегі ең үлкен мұхитқа нағыз лайық болатын Ұлы мұхит деген жаңа атау ұсынды, бірақ бұл қолданысқа енбей қалды. Қазіргі кезге дейін Ф.Магеллан қойған Тынық мұхит атауы дүние жүзі бойынша басым қолданыстағы атау ретінде сақталып қалды.



Үнді мұхиты. Үндістан түбегінің атауына байланысты қойылған. Бұл атау көне топонимдердің бірі болып табылады. Ежелгі гректер бұл мұхиттың өздеріне белгілі жеке бөліктеріне де ат қойған. Ежелгі римдік ғалым Помпоний Мела мұхитты Маге Indicus («Үнді мұхиты»), ал Үлкен Плиний Oceanus Orientalis Indidcus («Шығыс Үнді мұхиты») деп атаған. XVI ғасырдан бастап Үнді мұхиты атауы жиі қолданыла бастады.
Теңіз атаулары
Адриат теңізі Жерорта теңізінің бөлігі болып табылады, ол Апеннин және Балқан түбектері аралығында орналасқан. Атаудың түпнұсқасы ретінде ежелгі иллириялық adur («су, теңіз») термині негізінде қалыптасқан грек атауы Adrias алынады. Дегенмен, гректер Италиядағы По өзені сағасындағы көне Адрия қаласы атауына қарап, теңізге ат берген деген де жорамал бар. Ежелгі римдік авторларда теңіздің Адрия, mare Hadriaticum деген атаулары кездеседі. Кейде Ион теңізімен бірге бұл теңізді mare Superum, яғни «жоғарғы теңіз» деп те атаған. Бұған Тиррен теңізінің Inferum («төменгі теңіз») атауы да себепші болған. Славян халықтарында теңіздің Ядран, Ядранское море деген атаулары белгілі болған.

Арафур теңізі Үнді мұхитының теңіз болып табылады, Аустралия, Жаңа Гвинея және Индонезия аралдары аралығында орналасқан. Теңіз атауы альфура этнонимінен пайда болған. XVI ғасырда Молукк аралдарына келіп жеткен алғашқы еуропалықтар осындағы жергілікті тұрғындарға шартты түрде альфура (alifuru, harafuru – «орман тұрғындары») деген жалпы ат берген болатын. Қазіргі индонезиялықтар тілінде laut Alfur (Алфур теңізі) қалып қойған. Ал атаудың ағылшынша Arafura Sea деген өзгерген нұсқасы басқа тілдердегі нұсқаларға негіз болған: орыстарда теңіз Арафурское море, ал қазақша нұсқасы – Арафур теңізі.

Баб-әл-Мандеб бұғазы Үнді мұхиты алабына енеді, Қызыл және Арабия теңіздерін жалғасырып жатыр. Араб тілінде бұғаз атауы «көз жасының қақпасы» деген мағына береді. Бұл атау бұғаздан өтуге байланысты навигациялық қиыншылықтарға байланысты қойылған болуы мүмкін.

Балтық теңізі Алғаш рет теңіздің Balticum mare («Балтық теңізі») деген атауы 1075 жылы германиялық жылнамада берілген болатын. Бұл атаудың этимологиясы әлі толығымен нақтыланбаған. Осы тұрғыда екі негізгі пікір бар: біріншісі теңіз атауын литва тіліндегі baltas, латыш тіліндегі baits («ақ») дегенмен байланыстыру, ал екіншісі топонимді латынша balteus («белдеу») сөзі негізінде түсіндіру болып табылады. Қазіргі кезде бұл теңізді Германияда Ostsee («шығыс теңіз»), ал Эстонияда Laanemeri («батыс теңіз») деп атайды.

Банда теңізіТынық мұхиттағы Индонезия құрамына енетін аралдар арасындағы теңіз. Теңіз атауы осындағы шағын аралдар тобының жалпы атауынан келіп шығады. Индонезия тілінде аралдардың атауы Pulo Вandan — «қосылған аралдар» деген мағына береді.

Боспор бұғазы Қара теңіз бен Мәрмәр теңіздерін жалғастырып жатқан Түркия аумағы болып табылады. Ежелгі грек тілінде Bosporos «мал өткелі» (bus – «мал», poros – «өткел») деген мағына береді. Бұған түсініктеме екі түрлі болады: бұғаздың жіңішкелігі мал өтуге мүмкіндік береді немесе бұл бұғаздан өтуге төлемді малмен берген. Қазіргі кезде Түркияда бұл бұғаздың Богазичи («ішкі бұғаз»), Истанбул-Богазы («стамбұл бұғазы»), Карадениз-Богазы («қара теңіз бұғазы»), Mapмара-Богазы («Мәрмәр теңізі бұғазы») деген атаулары бар. Көптеген елдерде бұғаздың латынша Боспор нұсқасы таралған, ал еуропалық елдердің бірқатарында Босфор нұсқасы қолданысқа енген.

Эресунн (Зунд) бұғазы Скандинавия түбегі Зеландия аралының аралығында орналасқан. Дат тілінде бұғаз атауы «аралдық бұғаз» дегенді білдіреді. Сонымен қатар, бұғаздың шведтер қойған Зунд («бұғаз») деген атауы бар.

Үндіс тіліндегі АҚШ штаттарының атаулары




Штат атауы


Атаудың мағынасы

1.



Айова

Сиу тобына жататын үндіс тайпасының атауы

2.



Алабама

Атауы «Бұта тазалаушылар» деген мағына беретін тайпа атауы

3.



Аризона

«Кішкентай бұлақ» (тохоно-оодхам және пима үндістері тілдерінде)

4.



Арканзас

«Өзен бойының төмен жағында тұратын адамдар жері" деген мағына беретін тайпа атауы (куапо тілінде)

5.



Вайоминг

«Үлкен аңғар» (делавэр тілінде)

6.



Висконсин

«Мың аралды өзен» (алгонкин тілінде)

7.



Иллинойс

«Жоғарғы адамдар» (алгонкин тілінде)

8.



Канзас

Атауы «Оңтүстік жел адамдары» дегенді білдіретін канза тайпасының атауы

9.



Кентукки

«Шалғынды жазық» (ирокез тілінде)

10.



Коннектикут

«Ұзын өзен» (алгонкиндердің мохеган тілінде)

11.



Массачусетс

Атауы «Биік төбе адамдары» дегенді білдіретін массачусет тайпасының атауы

12.



Миннесота

«Аспан тәрізді су» (дакота тілінде)

13.



Миссисипи

«Үлкен өзен» (оджибве тілінде)

14.



Миссури

«Лайлы өзен» (оджибве тілінде)

15.



Мичиган

«Үлкен су» (оджибве тілінде)

16.



Небраска

«Жайпақ су» (омаха тілінде)

17.



Нью-Мексико

Мехико – «құдай орны» (ацтек тілінде)

18.



Огайо

«Үлкен әдемі өзен» (ирокез тілінде)

19.



Оклахома

«Қызыл адамдар» (чокто тілінде)

20.



Оңт. Дакота

Сиу тобына жататын дакота тайпасының атауы

21.



Солт.Дакота

Сиу тобына жататын дакота тайпасының атауы

22.



Техас

«Достар» (кэддо тілінде)

23.



Юта

«биікте тұратындар» деген мағына беретін үндістердің юте тайпасының атауы


Топоним


Аустралиядағы Ұлыбритания азаматтары құрметіне қойылған өзен атауларының тізімі

Азаматтың аты-жөні



Қызметі


1

Бернетт

Джеймс Бернетт

зерттеуші

2

Гаскойн

Дж. Гаскойн

капитан

3

Гоулберн

Генри Гоулберн

ағылшын қоғам қайраткері

4

Дарлинг

Сэр Ральф Дарлинг

Жаңа Оңтүстік Уэльстің губернаторы (1825-1831)

5

Дейли

Сэр Доминик Дейли

Оңтүстік Аустралияның губернаторы (1862-1868)

6

Дейнтри

Ричард Дейнтри

геолог

7

Диамантина

Леди Диамантина Боуэн

Квинсленд губернаторының жұбайы

8

Купер-Крик

Чарльз Купер

Оңтүстік Аустралияның Жоғарғы Сотының төрағасы (1856-1861)

9

Кэмпасп

Кэмпасп

қызметібелгісіз

10

Лаклан

Лаклан Маккуори

Жаңа Оңтүстік Уэльстің губернаторы (1810-1821)

11

Маккуори

Лаклан Маккуори

Жаңа Оңтүстік Уэльстің губернаторы (1810-1821)

12

Муррей

Джордж Муррей

Британдық отарлар министрі

13

Орд

Гарри Oрд

Батыс Аустралияның губернаторы (1877-1880)

14

Тодд

Чарльз Тодд

Оңтүстік Аустралия почтмейстері (1870-1901)

15

Торренс

Роберт Торренс

Оңтүстік Аустралияның отарлау комиссиясының төрағасы

16

Флиндерс

Мэтью Флиндерс

зерттеуші

17

Франклин

Сэр Джон Франклин

Тасмания губернаторы (1836-1843)

18

Хоксбери

Чарльз Дженкинсон

Ливерпульдің 1-графы




Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет