МАТЕМАТИКА ПӘНІН БАСТАУЫШ, НЕГІЗГІ ЖӘНЕ ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕПТЕ ОҚЫТУДЫ САБАҚТАСТЫРУ
Бүгінгі күн талабына сай жан-жақты дамыған, белсенді, өмірге талпынысы,
қызығушылығы бар адамды мектеп табалдырығынан дайындап шығудың ең бір тиімді тәсілі ол-оқытудағы сабақтастық.
Сабақтастық негізі оқытудың біркелкі таным жолы Я.А. Коменский, оқытудың адам дамуына сәйкестігі И.Г. Песталоцци қарастырған. «Сабақтастық» термині өте кең әлеуметтік диапозонды қамтиды. Ұйымдастыру формасына қарай өткендегіге талдау жасай отырып, осы кездегі немесе болашақтағы жоспар тиімділігін арттырудың бір ізділігі мақсатқа алынады. Білім беру және тәрбиелеу процесінде сабақтастықтың қажеттілігі зор. Педагогикада сабақтастықтың идеясы қалыптасқанға дейін жалпы еңбек іс-әрекетінде бірыңғай талаптарды сақтау және әдіс-тәсілдерді тізбектей меңгеру қарастырылған. Бастауыш сыныптардағы математиканы оқыту материалының мазмұны кіші жастағы оқушылардың математикалық дайындығына, білім, білік және дағдылар деңгейіне қойылатын талаптардың өзгеруімен байланысты дәстүрлі модельге елеулі түзетулер енгізген жаңа мектеп бағдарламасымен анықталады. Кіші жастағы оқушыларға математиканы оқыту міндеттері:
1) Балалардың мектептік өмірге бейімделуіне, ұяң болмауға, тілін дамытуға көмектесу, мектепке дейінгі мекемелердегі дайындықтан өтпеуіне байланысты өз қатарластары және үлкендермен сөйлесуге тарту;
2) Әр оқушының мектепке дайындық деңгейін анықтау;
3) Мектепке дейінгі кезеңде алған қарапайым білім, білік және дағдыларын (ББД) айқындау, жүйелеу және толықтыру;
4) «Теңдік» және «теңсіздік» ұғымдарына дайындық ретінде заттардың екі тобын салыстыру;
5) Қосу және азайту амалдарын оқытып үйретуге, сондай-ақ сан ұғымын анықтауға тірек білім болып табылатын заттардың екі тобын біріктіру және топтан бірнеше затты бөліп алуға үйрету;
6) «Шама» және «сан» ұғымдарын оқытуға дайындық ретіндегі заттардың ұзындықтарын салыстыру, заттың, кесіндінің ұзындығын өлшеу және өлшем бірлігі – 1 см-ді енгізу сияқты ұғымдарды меңгеру;
7) Геометриялық фигуралардың қарапайым түрлері, заттардың бір-біріне қатысты орналасуымен және амалдар мен әрекеттің өту ретімен кеңінен таныстыру;
8) Бүтін және бөлшек ұғымдарына дайындық ретінде фигураны бөліктерге бөлу және оны бөліктерден қалыптастыру; Осыған байланысты бастауыш сынып оқушыларының математикалық сауаттылығын қалыптастыруда ең алдымен математикалық ұғымдарды қалыптастыру.
Әрине бастауыш сынып оқушыларына көп көрнекілік дайындау қажет: соның ішінде түрлі суреттер, кестелер, фигуралар. Бұл суреттерге қарап, оқушыларды зейін қоя тыңдауға, әңгімеге тарту арқылы математикалық тілін дамытуға , тапсырма бойынша әрекеттер орындауға үйрету үшін әр мұғалімнің шыдамдылығы, қамқорлығы, сүйіспеншілігі қажет.Сонымен қатар дифференциалдық, жеке-дара жұмыс жүргізу, түрлі бақылау жұмыстарын, ойын-сабақ, ертегі-сабақ , жарыстар өткізу қажет.
Ойнап отырып, бастауыш сынып оқушылары алған теориясын практикада (немесе ойын кезінде) қолданып, жылдам үйреніп кетеді.
Бастауыш мектептен орта мектепке ауысқан кезде оқушылар күрделі психологиялық қиындықтардан өтеді.Бұл көптеген себептерге байланысты: бір ұстаздың орнына бірден бірнешесі болады, көптеген жаңа түрлі сабақтар, кабинеттік жүйе.т.б. Көптеген математика пәні мұғалімдері баланың 4 сыныптан 5 сыныпқа өткен кездегі бағаларымен І тоқсандағы бағаларын салыстырып, білім сапасының төмендеуін байқайды. Менің ойымша , 5 сыныпта осы балаларға сабақ беремін деген мұғалімдер алдын-ала ,олар 4 сыныпта оқыған кезде , жиі сабақтарына қатысып , балаларды байқап, немесе танысып жүрген жөн деп ойлаймын.5 сынып оқушыларына жаңа жағдайларға бейімделу оңай болу үшін мұғалімнің сабақты түсіндіру барысында бастауыш сыныптарда қолданылатын методикалық әдістерді қолдана отырып бастағаны маңызды.
Егер 5 сыныптың материалдарына қарасақ, оның оқушыладың бастауыш сыныптан келгендегі білімдерінің жүйелілігінің бір бөлігі екенін байқауға болады. Уақыт өте келе сандар туралы білімдері кеңее түседі: балалар жаңа класстарымен танысады, содан кейін қарапайым және ондық бөлшектер туралы түсінік алады, 6 сыныпта теріс сандармен де танысады т. с.
Есептер шығарған кезде, алдымен 4 сыныпта шығарған есепті шығартып, соңынан дәл осындай, тек кішкене күрделі етіп беру керек.
Мысалы: Самат велосипедпен қаладан саябаққа дейін (дача) 3 сағат жүріп 12км/сағ жылдамдығымен жетті. Ал қайтарда 2 сағатта жеткен болса, оның жылдамдығы қанша болған? (4 сыныптан) жауабы: 18км/сағ
Бір станциядан екінші станцияға дейінгі жолды жүк поезі 9 сағатта , ал адам таситын поез 6 сағатта өтіп шығады. Егер жүк поезінің жылдамдығы 40 км/сағ болса, онда адам таситын поезінің жылдамдығын тап.(5 сыныптан) жауабы: 60 км/сағ т.б.
5 сыныпта да ойын-сабақ, ертегі- сабақ, жарыс-сабақтарды жалғастыруға болады. Сонымен қатар қосымша сыныптан тыс түрлі шаралар өткізген жөн. Бұл балалардың пәнге деген қызығушылығын оятады және балалардың интеллектуалдық ерекшелерін байқауға маңызы зор.
Ал, енді негізгі мектептен соң 10 сыныпқа келген оқушылар 5 сынып оқушыларындай қиналады деп айта алмаймыз: олар түрлі пәндерге, түрлі мұғалімдерге, түрлі кабинеттерге үйренген. 10 сыныпқа келгенде оларды кішкене қинайтын геометрия пәні. Себебі: стереометрияны көп оқушы дұрыс түсіне білмеіді.Оқушылардың көбі кеңістіктегі фигураларды жазықтыққа суреттей алмайды , немесе дайын суретті түсінбейді. Олар үшін көптеген макет дайындау қажет, сонан соң оқушылардың логикасын ояту керек.
Бәрімізге белгілі, адам көзбен көргенді тез қабылдайды. Сондықтан егер бастауыш және негізгі сыныптарда көп көрнекілік , суреттер пайдаланған болсақ жоғары сыныптарда да мұны жалғастырып, тірек карталарын және т.б. жаңа технологияларды пайдалану қажет.