б).Баланың мектепте табысқа жетудегі бағыттары жайлы ақпарат И. Шванцар, Л.И. Божович зерттеулеріне сүйене отырып, мектепке даярлықты жүзеге асыру ісін үш бағытта жүргізу қажет деп тұжырымдайды. Ал Е.Е. Кравцова мектепке даярлықтың төрт бағытын қарастырды:
1 бағыт - балаларды мектептегі оқуға қажетті нақты іскерліктер мен дағдыларды қалыптастыру;
2 бағыт – мектеп жасына дейінгі кезеңнің аяғында байқалатын жаңа құрылымдар мен бала психикасындағы өзгерістерді зерттеу;
3 бағыт - оқу әрекеттерінің алғы шарттары;
4 бағыт - баланың берілген ережелер мен ересектер талабына саналы түрде бағыну іскерлігі
Демек, баланы мектепке психологиялық жағынан даярлау тақырыбын зерттеп жүрген психологтар (В.В. Холмовский, Л.А. Венгер, Н.И. Непомнящая т.б.) даярлықтың төменгі бағыттарын бөліп көрсетті:
1. Ақыл-ойының даярлығы.
Бұл мектепке дейінгі баланың білімі және біліктілігі. Кез-келген бала жазып және санаумен ғана шектеліп қана қоймай, ең маңыздысы салыстыра білуді,талдауды, ойлай білуді, өздігінен қорытынды жасай білуі тиіс. Көрнекі -әрекеттік ойлау қабілеттілігі жоғары бала көрнекі үлгімен жұмыс істегенде,заттардың кейпімен, мөлшерін ұйқастырғанда, қойылған міндеттерді шешуде тиімді әрекеттердің барлық түрін орындап шығады.
Сонымен бірге баланың сөйлеу тілінде кемістіктің болмауы және өзіне сөйлеген сөздің мағынасын түсініп,өзінің ойын жеткізе алуы қажет. Бала өзбетімен сөйлем құрастырып, ұқсас дыбыс тіркестерін анық айта алуы маңызды. Әрбір бала әңгімені құрастырумен қатар әрі бала заттарды, суреттерді, әрекетттерді бейнелеп және оның мазмұнын айтып беруі қажет.
Яғни, баланың сөздік қорының мөлшері, таным үрдістерінің даму деңгейі, логикалық операцияларды орындай алуы, баланың оқуда білімді табысты меңгеруінің негізі болып табылады.
2. Биологиялық кемелденуі.
Мектептегі оқу әрекеті - бұл ағзаның барлық жүйелерінің қатты жұмыс істеуін қажет ететін үрдіс. Баланың ағзасында жаңа ережелер мен іс-әрекеттерге үйрену өзгерістер туғызады. Оқушы мектептің талаптарын орындап, жаңа күн режиміне, сабақтарда тәртіп сақтап отыруыға дағдылануы қажет. Алайда кез-келген баланың денсаулық жағдайы мұндай өзгерістерге бірден бейімделе алмайды. Сондықтан баланың денсаулық жағдайы (дене салмағы, бойының ұзындығы т.б.) нормадағы 6-7 жасар баланың дене көрсеткіштеріне сәйкес болуы тиіс. Сонымен бірге көру ,есту, моторикасының дамуы және жүйке жүесінің физиологиялық жағдайын жатқызуға болады.
3. Жеке басының қалыптасуы мен әлеуметтік даярлығы.
Мектепке келген бала оқимын деген ниетпен мектеп табалдырығын аттайды. Бірақ кейде бала оқуға барғым келеді дегенмен, оның мотиві әртүрлі болады. Біреуі мектепте көп бала бар және онда көңілді десе, біреуі партаға отырғысы келгендіктен мектепке баруы мүмкін. Алайда мұндай ықыласпен мектепке келген балалар, біраз уақыттан кейін мектептің қатал тәртібіне және күнделікті оқу сабақтарына шыдай алмайды. Жалпы, бала оқу үрдісінің өзіне қызығуы қажет. Сонда ғана бұл баланың таным қызығушылықтарының дамуына, жаңа білім алуына мүмкіндік жасайды.
Сонымен бірге бала мұғалімдермен, балалармен қарым-қатынас жасау үшін қажетті қасиеттердің қалыптасуы аса маңызды. Яғни, оқу әрекеті ұжымдық сипат болғандықтан, әрбір бала құрдастарымен қарым-қатынас жасай алуға, бірге жұмыс істеуге дағдылануы керек. Кейбір балалар жаңа ұжымға тез еніп, балалармен тез тіл табысып кетеді. Ал кейбіреулері көпке дейін құрбыларымен тез тіл табыса алмағандықтан, ұжымнан тыс қалып, жалғыз жүреді. Сондықтан баланың ұжымда өзіне тиісті орын алуы, оның қарым-қатынасына әсер етеді. Сөйтіп берілген құраушылар баланың басқалармен қарым-қатынас арқылы мектепте оқытуға, мектеп оқушысының рөлі арқылы балалар тобымен ойлау дайындығын дамытады.
4. Ерік сапаларының қалыптасуы мен эмоционалдық даярлығы.
Бұл баланың шешім қабылдай алып, мақсат қоя білуі. Сонымен бірге баланың әрекеттерді жоспарлап, олардың орындалуын жүзеге асыруда күш жұмсай білуі, қиындықтарды жеңуі баланың психологиялық үрдістердің қалыптасуына ықпалын тигізеді.
Егер баланың мектептегі оқуға дайындығы осы бағыттармен ұштасып жатса, баланың оқуға тез бейімделіп, жақсы оқып кетуіне мүмкіндік туғызады.
Мектепке дейінгілердің негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан, оларға бірден оқу әрекетіне ауысу біршама қиындықтар туғызады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала педагогтармен және балалармен кезіккенде мазаланады, оқу үрдісінің өзіне жағымсыз эмоция сезініп, қорқыныш пайда болады. Осыдан келе нашар оқитын балалар және екінші жылға қалып қоятын балалар пайда болады. Сонымен бірге баланың көңіл-күйінің болмай, себепсізден жиі ауыруы мектеп неврозы сипатында көрінеді, яғни мектепті еске алса болғаны жылап, уайымдайды. Сөйтіп, мектеп бала үшін стрессогендік факторға айналып, денсаулығының нашарлауына әкеліп соғады.
Австрия ғалымы Г. Эберлейн өзінің «Дені сау балалардың қорқынышы» атты еңбегінде «Кейбір балалар алдағы болатын жағдайлардан үрейленеді, олар үнемі «мектепте мұғалім берген тапсырманы орындай алмай қаламын ба?» деген қорқынышпен жүреді», - дейді.