Еңбекпен тапқан тиын
Біреудің ерке ұлы болыпты, өзі жалқау екен. Әкесі оны бағып-қағып, асырапты. Ақыры кәрілік жеңіп, сырқаты күшейген әке әйеліне айтыпты:
-Ұлыма ештеңе қалдырмаймын. Ол – жалқау. Барды ұқсату, табыс табу бұның қолынан келмейді.
Жаны ашыған анасы ұлына он сомдық алтын береді: «Мынаны еңбегіме алған едім», - деп, әкеңе алтынды сыйлағайсың.
Кешке алтынды әкесіне ұсынады. Алтынды шал лаулап жанып жатқан пешке лақтырып жіберіп:
-Бұл сенің еңбекпен тапқан ақшаң емес, - депті.
Қулықтан ештеңе шықпайтынын білген анасы:
-Біз әкеңді алдай алмайтын көрінеміз, балам. Онан да ақшаны жұмыс істеп тап, - деп ақыл айтыпты.
Бала үйінен кетіп, апта бойы жұмыс істейді. Тапқан тиынын әкесіне әкеп береді. Қария алтынды тағы да отқа лақтырып жібереді. Бұған ұлы шыдай алмай, жалаңаш қолымен ақшаны суырып алады да:
-Әке! Мен бұл тиынды апта бойы шаршап-шалдығып жүріп таптым. Мұныңыз қалай? – деп айқай салыпты.
Әкесі тұрып:
-Бұл ақшаны өз еңбегіңмен тапқан екенсің, балам. Көзім енді жетті, - депті ұлына. (145 сөз).
Құсбегі
Құсбегі – бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи сияқты жыртқыш құстарды аңға, адал құстарға салу үшін үйрететін бапкер адам. Ол қыран құстарды тор құрып ұстап алады немесе балапан кезінде ұядан алады. Оның аяғына балақбау мен шыжым тағып, көзіне томаға кигізеді. Одан кейін құсты ұшырып, қайыруы жеткен соң, семіртіп түлетеді. Жеңіл ұшып, жеңіл қонатын күйге келтіру үшін оны «ақ жеммен» асырап, бос керілген арқанға қонақтатып ұйқысын алып, қайта арытады.
Құсбегілердің аса жоғары бағалайтын құсы – бүркіт. Аққу мен бүркіт қасиетті, киелі құстар болып есептеледі. Бұл екеуі екі жұмыртқадан артық жұмыртқаламайды.
Құсбегілер бүркіт балапанын алу үшін неше түрлі қиындықты бастан кешіреді. Олар үшін әсіресе тау бүркіті бағалырақ. Өйткені олар алғыр, өжет, қырағы болады. Қоян, борсық, түлкі, қарсақ сияқты ұсақ аңдарды оңай, тез алады. Ең алғыр, өжет, қырағы тау бүркіттері аталады. Құсбегілердің айтуынша, бүркіт ірі аңдарға түсіп, тоқтауға шамасы келмей бара жатса, бір аяғын аңға, екінші аяғын кез келген затқа не ағашқа қадайды екен. (147сөз).
Достарыңызбен бөлісу: |