Көптеген криминалистердің пікірлері бойынша, бұл элемент өте үлкен маңызға ие. Әрбір жекелеген жағдайларда қылмыс жасау тәсілі нақты болады. Қылмыстық-құқықтық ғылымында қылмыс жасау тәсілі қылмыс құрамының обьективтік жағын сипаттау үшін қажет. Ал қылмыстық іс жүргізу құқығында бұл элемент қылмыстық іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайлардың бірі және айыптау қорытындысы мен айыптау үкімінің құрылымындағы міндетті элементердің бірі ретінде қарастырылады.
Криминалистикада қылмыс жасау тәсілі – қылмыс іздерін қайдан, кімнен іздеуді, ол іздер қандай құралдармен қалдырылғандығы, т.б. мән-жайларды анықтауға көмектесетін ақпараттың маңызды қайнар көзі болып табылады.
Қылмыс жасау тәсілі – деп қоршаған орта жағдайлары мен қылмыскердің психофизиологиялық қасиеттерімен анықталған, қылмысқа дайындалу, оны орындау мен ізін жасыру жөніндегі әрекеттердің жүйесін түсінеміз. Қылмыс жасау әдісі криминалистикалық сипаттаманың негізгі элементерінің бірі екендігі туралы барлық криминалистердің пікірі бір болып есептеледі. Қылмыс жасау әдісін танып-білу – іс бойынша қажетті мән-жайларды танудың кілті десекте болар.
Қылмыс жасау тәсілдерін қалыптастыруға обьективтік және субьективтік факторлар негізделеді. Обьективтік факторларға қылмыскер қол сұққан қоғамдық қатынастардың түрі мен сипатын, қылмыскер әрекет еткен жағдайды, қылмыстық қол сұғушылық пәнінің ерекшеліктерін жатқызуға, ал субьективтік факторлардың қатарына қылмыскер мен жәбірленушінің психологиялық ерекшеліктерін, қылмыстың ниеті мен мақсатын кіргізуге болады.
Қылмыс жасау тәсілі – күрделі, әрі жинақтаушы ұғым. Қасақана жасалған қылмыстарға байланысты қылмыс жасау әдісі бойынша мынандай элементті көрсетуге болады: дайындалу, орындау, оның ізін жасыру әдістері. Ал абайсызда жасалған қылмыстарда келесідей екі немесе бір элемент орын алуы мүмкін: орындау немесе орындау және жасыру әдістері.