Куә мен жәбірленушілерден жауап алу. Бірінші кезекте, ең әуелі қылмысты көзімен көрушілерден, өртті бірінші көрген адамдардан, оны өшіруге қатысушылардан (өрт сөндіруші топтардың қызметкерлерінен, құтқарушы топ құрамдарынан және т.б.), содан кейін өртеніп кеткен объектінің лауазымды тұлғалары мен жұмысшыларынан және басқа да куәлардан жауап алынады. Өрттің пайда болу себептері мен жағдайлары туралы маңызды мәліметтер жөніндегі деректерді жәбірленушілерден жауап алу кезінде алуға болады. Бірақ, жәбірленушілер қорқу салдарынан және басқа да мән-жайларға немесе адамдарды, заттарды құтқаруға және өрт сөндіруге ойларының бөлінуіне байланысты шын мәнінде (ешқандай арам ниетсіз) қателесіп жауап берулері, яғни өрттің болу жағдайларын бұрмалап айтулары мүмкіндігін ескеру қажет.
Негізінде куәлар мен жәбірленушілерден жауап алу кезінде келесідей үш түрлі топтағы мәселелер анықталып, төмендегідей сұрақтар шешіледі: 1) өрттің шығуын, пайда болуын, сөндіру жағдайларын ашатын мән-жайлар; 2) объектідегі өртке қарсы қауіпсіздік жағдайларына қатысты мәселелер; 3) өрттің болуына қатысты сезік келтірілген нақты тұлғалар.
Өртті көзімен көрушілерден, сондай-ақ оқиға болған жерге бірінші болып келген тұлғалардан, өртті сөндіруге қатысушылар мен жәбірленушілерден жауап алу барысында төмендегідей сұрақтар анықталады:
қай уақытта олардың әрқайсысы өрт орнына келді, және қандай жағдайда тап болды, өртті кім бірінші болып көрді және хабарлады;
қашан, қай жерде, қандай себептерге байланысты өрт шықты, ол бір уақытта, бірнеше жерде туындады ма; олар өрттің шығуына қатысты болған басқа белгілерді кездестірген, болмаса аңғарған жоқ па;
өртің пайда болу және таралу жағдайлары, желдің бағыты, үдеуі мен күшею қарқыны қандай;
түтіннің, оттың түсі мен қоюлығы; өрттің, жалынның сипаты; оның иісінің сипаты қандай;
оқиға болған жердің жағдайына қандай да бір өзгерістер енді ме, өрт сөндіру қалай жүргізілді;
қандай заттай дәлелдемелер және олар нақты қай жерлерден табылды;
мұндай заттарды (мысалы, жанатын) куәлар объектіге жіберілетін тұлғалардан көрді ме;
қалай және қандай жағдайда жәбірленушілер, сондай-ақ мәйіттер мен жануарлардың өліктері табылды;
өрттің әсерінен қандай мүліктер жойылды;
объектідегі өрт сөндіруге қолданған құралдардың алғашқы жағдайы қандай болды;
өрт шықпастан бұрын зақым, залал келтірілген объектінің аумағында, айналасында сезік келтіретіндей тұлғалар болды ма;
өрт болған жерге (өрт басталған кезде) кіруге кімдердің мүмкіндігі, рұқсаты болды;
өрттің болу себептері мен шығуы оны кім істегені туралы қандай болжаулар айтылды және олар қандай негіздерге сүйеніп айтылған;
осы объектіні өртеуге байланысты қандай да бір адамның ниеті болды ма, оны өртеу туралы сөздер қозғалды ма; өрттің болуына кім мүдделі болуы мүмкін;
куәлар өрт болмас бұрын объектіден жиһаз, мүлік және т.б. заттарды біреулердің шығарып жатқанын байқады ма немесе көрді ме.
Объектідегі өртке қарсы қауіпсіздіктің жағдайын білу үшін куәларға: өрт қауіпсіздігіне қарсы қандай ережелер бұзылды және бұл ережені кімдер бұзды, жылыту, жарықтандыру, желдету жүйелерінің, газ-су және т.б. жағдайларды қамтамасыз ету құбырларының, өрт қауіпсіздігіне қарсы қолданатын құралдардың жағдайы қандай күйде болғандығы, өртенген объектіде өзінен-өзі тұтанатын, жанатын, атылатын немесе жарылғыш заттардың болған-болмағандығы жөнінде және де өрт жарылғыш құралдарынан пайда болды ма, әлде өрттің пайда болуына басқа да себептер болды ма деген сұрақтар қойылып, олардан жауап алынады.
Достарыңызбен бөлісу: |