Қосып жазу – құжаттың мәтініне жаңа жазбаларды немесе жекеленген белгілерді, кейде жекеленген штрихтарды енгізу арқылы мәтіннің бастапқы мазмұны мен мағынасын өзгерту әдісі. Қосып жазу көбінесе құжаттың мәтіні жоқ бос жерлерде жазу материалдарының түсіне ұқсастырылып арнайы іріктеп алынып орындалады.
Қосып жазуды анықтаудың екі түрлі белгілері бар: жазудың белгілері және материал штрихтарының физика-химиялық қасиеттерінің белгілері. Жазу белгілеріне – қосып жазылған жеке сөздер мен сөйлемдер жатады. Қосып жазылған үзінділер жазба белгілері бойынша құжаттың негізгі мәтінінен ерекшеленеді. Қосып жазу үзінділері бастапқы мәтінді жазған тұлғамен орындалған жағдайдың өзінде де қолжазудың көлемінде, бағытында, екпінділігінде, жол сызықтары формалары мен бағыттарында, сөз арасындағы интервалдар өлшемдерінде, үзіндінің негізгі мәтінге қатысты ерекше орналасуында да айырмашылықтары болады.
Жазу материалдарының физика-химиялық қасиеттерінің
әртүрлілігіне негізделген қосымша жазудың белгілері: штрихтардың
бастыру дәрежесінің өзгешелігі, бұл қиғаш түсірілген жарықта,
жоғарғы топ жиілігінде анықталады; өлшеуіш лупалардың,
микроскоптардың, көмегімен штрихтардың жалпақтығының (енінің) өзгешелігі; штрихтардың микроқұрылымдарының ерекшелігі жазба материалдарының әртүрлігінен, жазба құралдарының ерекшеліктерінен көрініс табады; жазба материалдар құрамын бейнелейтін белгілердің ерекшеліктері: а) жазба материалдарының түсі мен түрі түс бөлгіш, жарықфильтрлердің көмегімен түс ажырату, спектрофометрлер, лазерлік спектроскопия, әдістерімен анықталады; б) инфрақызыл және ультракүлгін сәулелерін шағылыстыру және сіңіру қабілеттілігі; в) органикалық ерітінділер мен өңделген полимерлі пленкідегі штрихтардың және олардың баспасының люминесценциясы (адсорбционды-люминесценттік әдіс); г) штрихтардың көшірмелік қабілеттілігі анықталады. Олар жазу материалдарының құрамына немесе штрихтарды жазу уақытына негізделеді (кейінірек жазылған штрихтар жақсы көшіріледі, көшіру арнайы ерітінділермен өңделген әртүрлі материалдарына жүргізіледі); құрам бөлшектері мен қоспалары бойынша ерекшеліктері, олар: электрофорез, хроматография, талдау, лазерлі спектроскопия, микроспектрофотометрия, ультракүлгін және инфрақызыл аумағында, спектрофотометрияда қолданылатын кешенді әдістермен анықталады.
Егер салыстырылатын жазуларда штрихтардың қиылысу нүктесі болса, қосып жазуды анықтау мүмкіндігі артады. Бұл үшін микроскопияны, инфрақызыл люминесценциясының суретін, көшіру әдістерін қолданатын арнайы әдістеме құрылған. Сонымен қатар, жазбаларды орындаудың ескіру мерзіміне байланысты арнайы әдістемелер бар.