§6. Сот сараптамасын бағалау және дәлелдеме есебінде пайдалану ерекшеліктері
Сарапшының қорытындысы дәлелдеменің басты негіздерінің бірі болып табылады. Ол алдын ала дәлелдеме есебінде ерекше күшке ие бола алмайды, тергеуші не сот үшін міндетті емес, басқа дәлелдемелерден басымдығы жоқ. Ең алдымен, сараптаманың қорытындысы іс жүргізу заңдарында қаралған тәртіпке сәйкес және оның дәлелдеме ретінде пайдаланылу сапасына орай бағаланады. Осыған байланысты, тергеуші (сот) ұсынбаған материалдарды пайдаланудағы әділдігіне сезік келтірмей ме, сарапшы құқықтық мәселелерді шешуге жөнсіз араласқан жоқ па, міне осылар тексерілуі тиіс.
Сарапшының қорытындысының шындығын және сарапшының өкілеттілігін ғылыми жағынан бағалаудың маңызы айрықша. Бұл орайда сарапшының төл объектілерді ғана зерттегеніне, яғни оған ұсынылған материалды ғана зерттегеніне, ұсынылған объектінің алмастырылып кетпегендігіне назар аудару қажет. Сонымен қатар, сарапшы сүйенген бастапқы теориялық қағидалардың, оны қолдану әдісінің дұрыстығы, жүргізілген зерттеудің толықтығы, қылмыстық істің нақты деректермен және сараптамалық зерттеу нәтижелерімен тұжырымдаудың негізділігі тексеріледі.
Сарапшының тұжырымдары айқындығымен, жауаптарының оның алдына қойылған мәселелермен сәйкес, істегі басқа дәлелдемелерге қайшы келмейтіндігімен бағалануы шарт. Егер сарапшының тұжырымдары айқын болмай, қайсыбір сезік келтірсе тергеушінің (соттың) бұл туралы сарапшыдан жауап алуына ғана емес, сондай-ақ сарапшыдан бұрынғы жасаған тұжырымдарын толықтыруын талап етуге құқылы (егер қосымша зерттеу жүргізуді талап етпесе). Сарапшының қорытындысын тексерген кезде тек оның тұжырымдарына ғана емес, сонымен бірге зерттеу бөлігінің мазмұнына да назар аудару қажет. Бұл, ішінара айтқанда, сарапшының қорытындысының өзінде қайсыбір ішкі қарама-қайшылықтардың жоқтығын тексеру үшін де керек. Қорытынды мен басқа айғақтардың арасындағы аталған іс жөніндегі қарама-қайшылықтарды байқаған жағдайда қолдағы барлық деректерге сүйене отырып, мұның сарапшының кінәсінен немесе басқа дәлелдемелердің жаңсақтығынан кеткендігін анықтау қажет.
Сонымен қатар, сарапшының қорытындысы мен іске қатысты басқа деректердің арасындағы анықталған қарама-қайшылықтың әлі сарапшы тұжырымының жартыкештігін куәландыра алмайтындығын ескерген жөн. Қарама-қайшы деректер қаншалықты дұрыс сияқты көрінгенімен, олар нақ осылайша оқиға болған жерді қарауда жіберілген кемшіліктерді, оның жекелеген нәтижелеріндегі, куәлердің жауаптарындағы сезік келтірген сәттерді жаңадан тексеруді қажет етеді. Егер сарапшы өзіне жүктелген міндетті толық атқара алмаса, мысалы: жеке нақты белгілерін анықтаудың орнына, сарапшы салыстырылатын объектілердің туыстық (топтық) ұқсастық белгілерін ғана назарға алса, онда мұндай қорытындының сипаты туралы шешім қабылдамас бұрын сараптаманың қорытындысын теріске шығару керек пе, жоқ әлде оны екінші рет тағайындау қажет пе немесе бұл тұжырымды жанама дәлелдеме ретінде пайдалану керек пе (қалыптасқан жағдайдың себебін) сарапшының өкілеттігінің жеткіліксіздігін немесе бұл мәселені ғылыми ақиқат тұрғысынан шешудің мүмкін еместігін анықтау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |