И.Ф. Пантелеев пен А.Ф. Савкин қылмыстардың криминалистикалық сипаттамасының құрылымындағы осы элементке көп көңіл бөлген. Олар: “Жалпы алғанда, тергеу ситуациясы – нақ сол сәтте қылмысты тергеу жүзеге асырылып жатқан жағдайлардың жиынтығынан тұрады” – деп көрсетті. Ол обьективтік және субьективтік факторлардың әсерімен қалыптасады. Обьективтік факторлар – тергеудің белгілі бір кезеніңде қолданылатын дәлелдемелік және бағдарлаушы ақпараттың көлемі мен сипатынан құралады. Ал субьективтік факторлар – тергеушімен іс бойынша қатысушы тұлғалардың өзара қарым-қатынасының ерекшеліктері мен психикалық жағдайынан тұрады,” - деп нақтылайды. Профессор Н.А. Селиванов өз еңбегінде: “тергеу ситуациясын тергеу жүргізу үшін маңызы бар ақпараттың қосындысы ретінде қарастырады”.
В.К. Гавло “тергеу ситуациясын белгілі бір тергеу сатысындағы оқиғаның маңызды белгілерін көрсететін фактілік мәліметтердің жиынтығы,” - деп көрсеткен.
Ал Л.Я. Драпкин өз пікірі бойынша: “тергеу ситуациясы тергеушінің өз әрекеттерін жоспарлайтын өзіндік “ақпараттық үлгі” - деп ұсыныс жасаған.
Әртүрлі қылмыс түрлерін тергеудің бастапқы кезеңіне тән тергеу ситуациялары өз сипаты мен сапасы бойынша ерекшеленеді. Дегенімен де, алғашқы тергеу ситуациясы мен тергеу ситуациясы туралы түсініктер әр түрлі мазмұндағы түсінік болып табылады. Тергеу ситуациясы – алғашқы, аралық және соңғы болып бөлінуі мүмкін және қылмыстарды тергеу әдістемесінде елеулі орынға ие. Криминалистикалық сипаттаманың элементі болып тек бастапқы тергеу ситуациясы танылуы мүмкін және осы арқылы тергеуші қылмыс белгілерін анықтау сәтіндегі жағдаймен таныс болады. Осы қылмыстарды тергеудің әдістемесі тергеудің ең тиімді бағытын таңдауда нақты ұсыныстар жиынтығын, негізделінген ғылыми-техникалық әдістер мен құрал-жабдықтарын және тактикалық тәсілдерін қарастырады. Криминалистикалық сипаттамадағы тергеу ситуацияларын дұрыс бағалау – тергеудің тиімді бағыттарын таңдаудағы маңызды шарт болып табылады.