Сүдігер жырту. Келер жылы көктемде себілетін немесе отырғызылатын жаздық дақылдар үшін осы жылғы жаздың екінші жартысында немесе күзде жүргізілетін топырақты негізгі өңдеу сүдігер жырту делінеді. Топырақтың құнарлылығын және ауылшаруашылық дақылдарының өнімін артыруда сүдігер жыртудың үлкен өндірісітік маңызы бар.
Қазақстанда атмосфералық жауын-шашын мөлшері тапшы, сондықтан сүдігер жырту топыраққа күзгі, қысқы және көктемгі жауын-шашын мен қар суларының жақсы сіңуін, қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сүдігер жырту топырақта микробиологиялық процестің жақсы жүруіне, жырту алдында танапқа берілген органикалық, минералдық тыңайтқыштар мен топыраққа сіңірілетін өсімдік қалдықтарының және жасыл тыңайтқыштардың тез ыдырауына, сөйтіп танапта коректік заттар қорының мол жиналуына қолайлы жағдай жасайды.
Күзде сүдігер жырту танаптардағы арамшөптерді, олардың тұқымдары мен вегетативтік көбеюі мүшелерін, ауылшауашылық дақылдарының зиянды жәндіктері мен ауру қоздырғыштарын жоюға, көктемгі егістік жұмыстарды жүргізу кезінде қарбаластық тудырмауға толық мүмкіндік береді. Сүдігер жырту шаруашылықта техникалар мен аулшаруашылық машиналарын және құралдарын ұтымды пайдалануға мүмкіндік туғызады.
Көптеген ғылыми-зерттеу мекемелерінің, оның ішінде бұрынғы Қазақ ғылыми-зерттеу астық шаруашылығы институты мен Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік институтының жүргізген көпжылдық тәжірибелері күзде сүдігер неғұрлым ерте жыртылса, соғұрлым оның тиімділігі арта түсетіндігін көрсетті. Десекте, кейінгі жылдары құрылған жеке шаруашылықтар, шаруа қожалықтары және басқа кішігірім шаруашылықтарда қаржы тапшылығына байланысты техникалардың, жанар-жағар майлардың жетіспеушілігінен күзде көбінесе сүдігер жыртылмайды, немесе өте кеш және сапасыз жүргізіледі. Сондықтан сүдігер жыртудың тиімділігі онша болмайды.
Дәнді дақылдардан кейін топырақты негізгі өңдеу.
Дәнді дақылдарға жаздық және күздік бидайлар, арпа, қарабидай, сұлы, күріш, тары, қарақұмық және басқалары жатады. Олар көбінесе жай қатарлы, тар қатарлы немесе тоғыспалы әдіспен себіледі.
Осы дақылдардың тұқым себу науқанын сапалы өткізуге, оның жылдам және біркелкі көктеп шығуы мен өсімдіктің кейін қарқынды өсіп-дамуына күзде сүдігердің сапалы өңделгеніне тікелей байланысты.
Егер, сүдігер жырту сапалы жүргізілсе, онда кейінгі орындалатын басқа агротехникалық шаралар тиімді өткізіледі.
Отамалы дақылдармен салыстырғанда дәнді дақылдардан кейін топырақ онша нығыздалмайды, сондықтан одан ылғал көп буланып ұшады. Топырақ үстінде қалған аңыздар мен өсімдік қалдықтары, қыста қардың танаптарда мол жиналуына зор әсер етеді. Мысалы, Қазақ ғылыми-зерттеу астық шаруашылығы институтының деректері бойынша жерді соқамен аударып жыртқан жерлерде қыста танаптағы қардың қалыңдығы 19,2 см, ал жазықтабан сыдыратілгіш культиватормен терең қопсытқанда 24,3 см болған.
Жел эрозиясы болатын жерлерде танаптың бетінде аңызды және басқада өсімдік қалдықтарын сақтау үшін жазықтабан сыдыражыртқыштармен өңдеу дәнді масақты дақылдардың түсімін арттырады. Аталған институттың деректері бойынша сүдігерді соқамен жыртқан танаптарда жаздық бидай өнімі әр гктардан 10,9 центер, ал жазықтабан сыдыражыртқышпен өңдегенде 14,7 центнер болған, яғни екінші тәсіл әр гектардан 3,8 центнер өнімді артық алуға мүмкіндік берген.
Қазақстанның басқада қуаңшыл аймақтарында да осыған ұқсас нәтижелер алынды. Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстарының тәлімі жерлері қуаңшыл ашық далалы аймақта орналасқан. Бұл өңірде ылғал тапшы, жел күшті, топырағының гранулометриялық құрамы жеңіл, сондықтан жерді қайырмалы соқамен аударып жырту жел эрозиясына әкеліп соқтырады. Сол себепті жерді жазықтабан сыдыратілгіш культиваторлармен өңдеген тиімді. Мұны Алматы облысының Іле ауданында орналасқан шаруашылықтардың деректері толық дәлелдеп берді. Дәлірек айтқанда, аталған ауданда сүдігерді соқамен жыртқанда орта есептпен 5 жыл ішінде дәнді масақты дақылдардың әр гектардан түсімі 5,4 центнер, ал жерді жазықтабан сыдыратілгішпен өңдегенде 9,4 центнерге жетті.
Отамалы дақылдардан кейін топырақ өңдеу жүйесі
Отамалы дақылдарға қатараралығы кең тәсілмен себілетін жүгері, мақта, қант қызылшасы, темекі, күнбағыс, картоп, көкөніс, бақша және тағы басқа дақылдар жатады. Аталған дақылдардың көпшілігі Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағының суармалы егіншілігінде өсіріледі. Жоғары өнімді дақылдар болғандықтан оларға органикалық және минералдық тыңайтқыштар беріледі. Жаз бойы дақылдардың қатараралығы 2-3 рет культивацияланды. Осы себепті отамалы дақылдардан кейін танап арамшөптерден біршама таза, топырағында ылғал мен коректік заттары әжептәуір сақталған, топырағы нығыздалмаған, яғни танаптың фитосанитарлық жағдайы дәнді масақты дақылдардан босаған танаппен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Егер танаптағы аталған дақылдарды уақытында сапалы түрде күтіп баптаса, яғни дер кезінде қатарарлықты өңдесе онда осы көрсеткіштері жағынан отамалы дақылдар себілген танап таза парға жақындайды. Сондықтан кейде отамалы дақылдардан кейін танапты терең өңдемей, оның беткі қабатын культивациялау жеткілікті екенін ғылыми-зерттеу мекемелері мен озық тәжірибе көрсетті.
Әрине, топырақ өңдеу тәсілі мен тереңдігі танаптың жағдайына, оның арамшөптерден тазалығна, ылғал мөлшеріне, себілетін дақылдарға байланысты. Егер, танапта атпатамырлы, немесе тамырсабақты көпжылдық арамшөптер басым, топырақтың гранулометриялық құрамы ауыр болса, ондай жерлерді міндетті түрде қайырмалы соқамен аударып тереңге жырту керек.
Келер жылы танапқа отамалы дақылдардан кейін отамалы дақылдар қайталанып себілсе, онда да жерді, әсіресе қант қызылшасы, себілетін танапты, терең жырту керек, себебі жер таяз жыртылатын болса, онда аталған дақылдың тамыр-жемісі қысылып өспей қалады. Картоп отырғызатын жерлердің терең жыртылуы керек.
Отамалы дақылдардың ішінде күнбағыс және жүгеріден кейін жерді соқамен жырту керек. Сөйтіп, отамалы дақылдардан кейін топырақты өңдеу тәсілдері мен олардың тереңдігін дұрыс таңдай білудің өндірістік маңызы зор.
Дәнді дақылдар себілетін жағдайда танапты онша терең өңдеудің қажеті шамалы.
Көпжылдық шөптерден кейін топырақ өңдеу жүйесі
Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы суармалы жерлерде көптеген дақылдардың жақсы алғы егісі ретінде жоңышқа, ал солтүстік өңірінде еркекшөп егіледі. Көпжылдық шөптер бір орында 3-4 жыл тұрғандықтан олардан кейін танапта шым-қыртыс пайда болады, сондықтан топырақ түйіршіктері бірі мен бірі тығыз байланысқан. Көпжылдық шөптерден кейін топырақтың физикалық қасиеттері жақсарады, танап арамшөптерден тазаланады. Біржылдық дақылдармен салыстырғанда көпжылдық шөптерден кейін танаптың технологиялық қасиеттері жақсарады, бірақ көпжылдық шөптер, әсіресе жоңышқа топырақтағы ылғалды көп пайдаланғандықтан оны құрғатып жібереді. Осыған орай, көпжылдық шөптерден кейін топырақ өңдеудің алдына мынандай талаптар қойылады:
- топырақ өңдеу арқылы көпжылдық шөптің жер бетіндегі және жер астындағы органдарының тіршілік қабілетін жою;
- өсімдік қалдықтарының тез ыдырауына қолайлы жағдай жасау;
- топырақтың ылғал, ауа, коректік заттар режимдерінің жақсаруына қолайлы жағдайлар тудыру.
Жергілікті жердің топырақ-климаттық жағдайына, шымның сапасына, көпжылдық шөптерден кейін себілетін ауылшаруашылық дақылдарының биологиялық ерекшеліктеріне және олардың қоятын талаптарына байланысты топырақ өңдеу жүйесі анықталады. Мысалы, көпжылдық шөптерден кейін себілетін дақылдар үшін жер өңдеудің ең жақсы тәсілі оны шолақ түренмен жабдықталған соқамен 25-30 см тереңдікке мәдени жырту. Жер өңдеудің сапасы жақсы болу үшін ең алдымен көпжылдық шөптердің қыртысын қарама-қарсы бағытта екі рет дискілі құралдармен өңдеу керек. Бұл ретте көпжылдық шөптердің жер асытндағы тамыр жүйелері мен танап бетіндегі органдары қырқылады, соның нәтижесінде олардың тіршілік қабілеті жойылып, келер жылы көктеп-дамуын тежейді. Соңғы дискілеуден 1,5-2 апта өткен соң жерді мәдени соқамен жыртады. Гранулометриялық құрамы ауыр топырақтарда, жел эрозиясына аз ұшырайтын аймақтарда, көпжылдық шөптерді пішенге жинап алғаннан кейін ,жердің қыртысын бірден шолақ түренді соқамен 25-27 см тереңдікке жырту жүргізіледі. Жыртылған қыртысты дискілі сыдыражыртқышпен немесе шанышпалы тырмамен өңдейді және бұдырлы сақиналы катокпен нығыздайды.
Ерте пісетін дақылдарды жинап алғаннан кейін топырақты дискілі сыдыра жырқышпен 8-10 см тереңдікте, осыдан 2 апта өткен соң екінші рет 12-14 см тереңдікте сыдыра өңдейді. Сыдыра жыртып өңдеудің саны, тереңдігі және пайдаланылатын құралдарының түрі, арамшөптер мен танап топырағының ерекшелігіне байланысты шешілуі тиіс.
Суармалы егіншілік жағдайында көпжылдық арамшөп өскен аңызды екі, кейде үш рет өңдеу тәуір нәтиже береді.
Егер атпатамырлы арамшөптер егістікте шамалы немесе орташа мөлшерде болса, онда ерте пісетін дақылдарды жинап алған соң топырақ 28-30 см тереңдікке шолақ түренді соқамен бірден жыртылады, ал одан кейін танапта арамшөптер қайталап өсіп шықса, онда 12-14 см тереңдікке дискімен өңдейді.
Егер егістікте тамыры терең орналасқан көгентамырлы арамшөптер (құмай, қияқ, қырықбуын) басым болса, онда топырақты 10-12 см тереңдікте лемешті сыдыражыртқышпен өңдеген кезде көгентамырлары 5-20 см ұзындықта қиылады, әйтседе жерге терең бойлаған тамырлар қиылмай қалып қояды. Бұл жағдайда лемешті сыдыра жырқыштарды 14-16 см тереңдікке түсіріп өңдесе, онда аталған арамшөпердің тамырлары қиылады, әрі олар топырақ бетіне шығарылып тасталады.
Көпжылдық шөптердің қыртысын жырту мерзімінің үлкен маңызы бар. Ол топырақтың гранулометриялық құрамына, ылғалдық дәрежесіне, қыртыстың тығыздылығына байланысты. Көптеген аймақтарда көпжылдық шөптердің қыртысын ерте өңдеу жақсы нәтиже береді. Мысалы, күзі ерте түсетін және салқын болатын Солтүстік Қазақстан облыстары жағдайында көпжылдық шөптердің қыртысын ерте жырту маңызды рөл атқарады. Мұның себебі осы өңірдің қуаңшыл және күзі салқын келетін жағдайында ерте жыртылған жердегі өсімдік қалдықтары баяу ыдырап, көктемге дейін танапта жеткілікті мөлшерде коректік заттар мен ылғал қоры жиналады, яғни жаздық бидай өсімдігінің өсіп-дамуы қолайлы жағдай жасалады.
Республиканың оңтүстік-шығыс өңірінің тәлімі жерлерінде көпжылдық шөптердің қыртысын ерте өңдеу жақсы нәтиже береді. Аталған аймақта жаз-айында жыртылған көпжылдық шөптер қыртысына себілген жаздық арпаның өнімі күзде жырту мерзімімен салыстырғанда әр гектарда 2,1-2,6 центнер артық болған.
Гранулометриялық құрамы жеңіл (құмдық, құмдауыт) топырақтарда органикалық қалдықтар тез ыдырайды, сондықтан мұндай жерлерде көпжылдық шөптерден кейін топырақты кешірек өңдеген оң нәтиже береді.
Егін себер алдындағы топырақ өңдеу жүйесі.
Ауылшаруашылық дақылдарының жақсы өсіп-дамуына топырақты негізгі өңдеу жеткіліксіз. Себебі, күзде топырақты негізгі өңдегеннен келер дақылды сепкенге дейін қардың, ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының, тракторлардың салмағынан топырақ тығыздалады, сондықтан оны егін себер алдында өңдеп, қопысыту қажет.
Егін себер алдында топырақ өңдеудің алдына мынандай талаптар қойылады:
- танапты өсімдік қалдықтарынан, арамшөптерден, зиянды жәндіктер мен ауру қоздырғыштардан тазарту;
- себілген тұқымдардың жылдам және біркелкі көктеп шығуы үшін қолайлы жағдай жасау.
Егін себер алдындағы топырақ өңдеу жүйесі көптеген жағдайларға, оның ішінде топырақтың гранулометриялық құрамына, құрылымына, құрылысына, негізгі өңдеу тәсіліне, дақылдардың биологиялық ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Осылардың ішінен көбіне-көп топырақты негізгі өңдеу тәсілі мен себілетін дақылдардың биологиялық ерекшеліктері маңызды орын алады.
Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағында жерді соқамен жыртқандықтан ерте көктемде жер өңдеу топырақты тырмалаудан басталады. Ол топырақ физикалық «пісіп-жетілген» кезде тісті тырмалар арқылы жүгезе асырылады. Тырмалаудан кейінгі егін себер алдағы топырақ өңдеу жүйесі келер дақылдардың себілу мерзіміне байланысты. Ерте себілетін дақылдарға ылғал жапқаннан кейін топырақты тұқым сіңіру тереңдігіне культивациялайды. Оның негізгі мақсаты – қыстап және көктемде өсіп шыққан арамшөптерді жою, топырақтың беткі тұқым сіңірілетін қабатын қопсыту. Культивациямен бір мезгілде танап тырмаланады. Гранулометриялық құрамы ауыр топырақтарда және арамшөптер басым жерлерде культивациялау тереңірек жүргізіледі.
Ал жылусүйгіш (жүгері, қант, қызылшасы, мақта, көкөністер) кеш себілетін дақылдар үшін ылғал жабылғаннан және арамшөптер көктеп шыққаннан соң танап 8-10 см тереңдікке екінші рет культивацияланады. Топырақтың беті тегіс болмаса, оны катокпен нығыздайды. Егер көктем кеш шығып және салқын болғанда дақылдардың себу мерзімі кешігеді, сондықтан арамшөптер қайта өседі, осы жағдайда топырақты дәл егін себер алдында үшінші рет культивациялау керек.
Қазақстанның далалық ашық солтүстік аймақтарында топырақты негізгі өңдеу жазықтабан сыдыратілгіш култиваторлармен жүргізілгендіктен танап бетінде аңыз бен өсімдік қалдықтары сақталады да мұндай жерде ылғал жабуға тісті тырма жарамайды. Сондықтан, танапта ылғал жабу үшін инелі БИГ-3А, БМШ-15 немесе жазық дискілі сыдыражыртқыштар қолданылады.
Аталған өңірде тұқым СЗС-2,1 А дәнсепкішімен себіледі. Ол бір жүріп өткенде 4 операция жасайды, яғни арамшөптерді қырқады, тұқым себеді, топыраққа түйіршікті тыңайтқыштарды шашады және топырақты жеңіл нығыздайды. Сондықтан, тырмалаудан кейін топыраққа жеке культивациялау жүргізбейді. Дегенмен, тұқым кәдімгі дискілі дәнсепкіштермен (СЗП-24) себілсе, онда әрине дәл егін себер алдында топырақты КПШ-9,КПШ-11 және басқа құралдармен тұқым сіңіру тереңдігіне культивациялау керек.
Республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағындағы эрозия болу қаупі бар тәлімі егіншіліктегі егін себер алдындағы топырақ өңдеу жүйесі дәл осындай.
Дәндері өте майда дақылдар себілетін танапты егін себер алдында катоктармен нығыздайды, себебі ол аталған дақылдардың тұқымын біркелкі тереңдікке сіңіруге, сөйтіп егіннің толық және тез көктеп шығуына мүмкіндік туғызады.
Бақылау сұрақтары:
1. Дәнді дақылдардан кейін топырақ өңдеу жүйесі туралы айтыныз?
2. Отамалы дақылдардан кейін топырақ өңдеу жүйесіне тоқталыныз?
3. Көпжылдық шөптерден кейінгі топырақ өңдеу жүйесіне қойылатын талаптар?
4. Егін себер алдындағы топырақ өңдеу талаптарын атаңыз?
Негізгі әдебиеттер:
1.Әуезов Ә.Ә., Атақұлов Т.А., Сүлейменова Н.Ш., Жаңабаев Қ.Ш., Егіншілік, оқулық, Алматы. 2005
2.Жаңабаев Қ.Ш.егіншілік оқулық 2006
Қосымша әдебиеттер:
1.Жаңабаев Қ.Ш.,Саудабаев Т.С., Сейтов И.С., Өсімдік шарушылығы өнімдерін өндіру технологиясы, Алматы, «Қайнар» 1994
15 Дәріс
Тақырып: Топырақты минималды, нөлдік және жылдам өңдеу және егіншілік жүйелері
Мақсаты:Топырақ өңдеудің жылдам, минималды, нөлдік түрлері жайлы түсінік беру
Міндеті: Топырақ өңдеудің жылдам, минималды, нөлдік түрлері туралы студенттерге жалпы мағлұмат беру
Кілтті сөздер:сүдігер жырту, мәдени жырту ,жырту тереңдігі, фитосанитарлық жағдай, ауыспалы егіс, ,аралық дақыл, , танап
Жоспар:
1. Топырақты минималды өңдеу және оның түрлері
2. Топырақты нөлдік өңдеу технологиясы
3.Топырақты жылдам өңдеу және оның маңызы
4. Топырақты өңдеу сапасына агротехникалық бағалау
5. Егіншілік жүйелері
Топырақтың физикалық, химиялық, технологиялық қасиеттерін, танаптың фитосанитарлық жағдайын жақсарту мақсатында егіншілікте жерді бірнеше қайтара өңдеуге (негізгі өңдеу, егін себер алдында және егін сеуіп болғаннан кейін өңдеу) тура келеді. Бұлай топырақты бірнеше рет өңдеу оны үгітіп эрозияға ұшыратады, өзі аз ылғал топырақтан буланып ұшып кетіп ысырап болады. Топырақ өңдеуге егіншілікте жұмсалатын барлық шығынның 30-40 пайызы кетеді. Сондықтан, ғалымдар егіншілікте қолданылатын жердің әр гектарынан алынатын өнімді төмендетпейтін топырақ өңдеу жүйесін жетілдірудің жолдарын іздестіріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы зерттеулердің нәтижесінде ауылшаруашылық өндірісіне топырақты минималды (аз) өңдеу жүйесі енгізілді.
Энергетикалық шығындарды кеміту мақсатымен топырақты өңдеудің саны мен тереңдігін азайтуды, бір жұмыс процесінде бірнеше топырақ өңдеу операциялары мен тәсілдерін біріктіруді топырақты минималды өңдеу дейді. Топырақты минималды өңдеу оны үгітілуден сөйтіп, эрозияға ұшыраудан сақтайтын, ал экономиклық жағынан алғанда еңбек пен қаржыны үнемдейтін тиімді агротехникалық шара. Осы жазылғандардың бәрін тұжырымдап келгенде, топырақты минималды өңдеу жұмыс уақытын үнемдеуді, агротехникалық шараларды қолайлы қысқа мерзімде жүргізуді, материалдық, жиналған ылғалды сақтау, топырақтың шамадан тыс нығыздалуын, еңбек өнімділігі мен дақылдардың түсімін жоғарылататын тиімді агротехникалық шара. Топырақты минималды өңдеу мына бағыттарда жүргізіледі:
1. Топырақ өңдедуің санын азайту, яғни танапты бір жүріп өткенде бірнеше топырақ өңдеу тәсілдерін бір агрегатпен жүзеге асыратын машиналар мен агрегттарды қолдану. Мысалы С3С-2,1А дәнсепкіші бір жүріп өткенде 4 операияны жүзеге асырады. Атап айтқанда, топырақты культивациялап арамшөптерді қырқады, тұқым себеді, топыраққа түйіршікті минералдық тыңайтқыштарды шашып сіңіреді және танапты жеңіл нығыздайды. Қазіргі кезде бір жүріп өткенде 6-8 техникалық операция жүргізілетін агрегаттар бар.
2. Жер өңдеуге алымы кең ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын қолдану агрегаттардың танап арқылы жүріп өту санын қысқартуға жәрдемдеседі. Мысалы, бұрынғы қолданылып жүрген КПП-2,2 КШП-3;6 культиваторларының орындарына КПШ-5, КПШ-9, КПШ-11 және кең алымды жазықтабан сыдыратілгіш культиваторлары, ал БИГ-3А тырманың орнына ЛДГ-15, ЛДГ-20, БМШ-15 құралы пайда болды.
3. Жер өңдеу тереңдігін азайту. Ол үшін топырақты жылда-жылда тереңге өңдей бермей, оны таяз өңдеумен алмастырып отыру керек. Терең өңдеу топырақты үгітіп, оның құрылымы мен құрылысын бұзады, танаптың төменгі ылғалды қабаты жер бетіне аударылғаннан кейін судың буланып ұшып кетуіне жол ашылады. Академик А.И.Бараев атындағы бұрынғы Қазақ ғылыми-зерттеу астық шаруашылығы институтының ұсынысы бойынша қысқа айналымды, дәнді-парлы, 4 танапты ауыспалы егісте топырақты пар танабында жазықтабан сыдыратілгіш КПГ-250 культиваторларымен 25-27 см тереңдікке қопсытып, ал қалған 3 жылда жердің беткі қабатын кеңалымды жазықтабан КПШ-5, КПШ-9 культиваторымен 14-16 см тереңдіккке өңдесе жеткілікті. Бұл жағдайда атпатамырлы көпжылдық арамшөптер гербицидтер арқылы жойылады.
4. Пар танабында механикалық өңдедуің санын қысқартып, оның орнына гербицид қолдану тиімді. Мысалы, таза парды бір рет механикалық өңдеп, оған қосымша гербицид қолданса, парды 3-4 рет механикалық әдіспен өңдегенде тең екендігін ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері толық дәлелдеді.
Кейінгі кезде топырақ өңдеу кезінде кететін шығын, қаржы мөлшерлерін азайту, еңбек өнімділігін арттыру, күзгі және көктемгі далалық жұмыстарды жүргізудің мерзімдерін қысқарту, топырақтың нығыздалуын азайту, сөйтіп ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында өндіріске нөлдік өңдеу немесе егінді тікелей себу тәсілдері қолданылуда.
Нөлдік өңдеу дегеніміз – топыраққа ауылшаруашылық машиналары мен құралдарының жұмыс органдарымен әсер етпеу немесе тікелей тұқым себу.
Нөлдік өңдеу топырақтың гранулометриялық құрамы жеңіл, желі қатты соғатын республиканың ашық құрғақ далалық аймақтарымен оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жақсы нәтиже береді. Бұл дәстүрден тыс топырақ өңдеу тәсілінің негізгі мақсаты – танапта ылғалды барынша мол жинау, сақтау және оны тиімді пайдалану.
Топырақты нөлдік өңдеу Ақмола, Ақтөбе, Қостанай облыстарында, республиканың оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде орналасқан Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының ылғалмен қамтамасыз етілмеген тәлімі егіншілігінде қолданылады.
Топырақты нөлдік өңдеу тәсілдерін зерттеп, оны өндіріске кеңінен енгізіп жүрген В.Д.Двуреченский басқаратын Солтүстік-Батыс ғылыми өндірістік орталығы.
Республиканың оңтүстік-шығыс аймағында бұл мәселемен Қазақ ғылыми-зерттеу егіншілік тнститутының ғалымдары шұғылдануда.
Топырақты нөлдік өңдеу олардағы арамшөптерді гербицидтердің көмгімен жою арқылы жүзеге асырылады. Бұл деген топырақты негізгі және егін себер алдындағы өңдеулерден өткізбей-ақ СЗС-2,1А типтес дәнсепкішер сияқты машиналармен бірден егін себу.
4.11 Топырақты жылдам өңдеу
Егіншілік пайда болған заманннан бастап бүгінгі күнге дейін топырақ өңдеу жылдамдығы ғылым мен техниканың дамуына байланысты өзгеріп отырды. Алғашқы кезеңдерде, әсіресе өткен ғасырдың 20-30 жылдары, жер өңдеу құралдарын аттың немесе ірі қара малдың күшімен жүзеге асырды, сондықтан жерді өңдеу жылдамдығы сағатына 3-5 шақырымдан аспады. Бертін келе егіншілікте ЧТЗ, ХТЗ, ДТ-54 сияқты шынжыр табанды тракторлар егіншілікте кеңінен қолданылды. Сондықтан, жер өңдеу жылдамдығы сағатына 6-7 шақырымнан 9-10 шақырымға жетті.
Көптеген ғылыми-зерттеу мекемелері мен ғалымдардың зертеулері топырақы неғұрлым жылдам, өңдесе, солғұрлым еңбек өнімділігі артады, ал топырақты өңдеу сапасы сағатына 3-5 шақырым жылдамдықпен өңдегеннен кем болмайды, тіпті кейде артық болатындығын көрсетті.
Сонымен қатар топырақты жоғары жылдамдықпен өңдеу экономикалық жағынан тиімді, себебі машиналар мен құрал-жабдықтар, жұмыс күші, жанар-жағар майлар аз мөлшерде керек.
Топырақ өңдеу жылдамдығы бір орнында тоқтап қалған жоқ, әрі қарай өзгеріске ұшырады. Ауыл шаруашылығында қуатты К-700, К-701 дөңгелекті тракторлардың пайдалану арқасында топырақ өңдеу жылдамдығы сағатына 15-16 шақырымға жетті. Топырақты көрсетілген жылдамдықта өңдеу оның жақсы үгітіліп, өңдеу сапасының көрсеткіштері жоғарылайтындығын ғылыми-зерттеу мекемелерінің жұмыс нәтижелері көрсетті. Сөйтіп, топырақты жоғары жылдамдықта өңдеу барлық агротехникалық шараларды қысқа мерзімде орындауға, еңбек өнімділігін арттыруға, егіншіліктің мәдениелігін көтеруге мүмкіндік туғызды.
4.12 Жырту қабатының қалыңдығын ұлғайту
Топырақтың жырту қабаты қалың болған сайын оның құнарлылығы жоғарылайды, ауыл шаруашылғы дақылдары тамырларының терең бойлап өсуіне, сөйтіп өсімдікті ылғал және коректік заттармен қамтамасыз ету жақсарады. Сондықтан, егіншілікте топырақтың жырту қабатын қалыңдатудың маңызы үлкен. Оны жүзеге асырудың жолдарына мыналар жатады:
- қарашірінді қабаты мүмкіндік берсе, топырақты терең жырту;
- қарашірінді қабатының қалыңдығы жұқа болған жағдайда топырақтың астыңғы қабатын қопсытатын топырақты терең қопсытқышты пайдалану;
- топырақты жазықтабан сыдыратілгіштермен 30-32 см тереңдікке қыртысты аудармай терең қопсыту;
- топырақты екі немсе үш қабатты соқалармен терең етіп қат-қабаттап өңдеу.
Осы және басқада топырақ өңдеу тәсілдерін егіншілікте пайдалану оның құнарлылығын арттырып, мәдение түрге келтіреді, сөйтіп ауыл шаруашылық дақылдарынан мол өнім алуға мүмкіндік туғызады.
4.13 Топырақты өңдеу сапасына агротехникалық бағалау
Егіншілікте топырақты өңдеу сапасын анықтаудың маңызы зор. Біріншіден, сапалы өңдеу егіншілік мәдениетінің жоғары болуымен ауылшаруашылық дақылдарының өнімін арттырудың негізі. Екіншіден, жіберілген кемшіліктерді жою мақсатымен қосымша өңдеудің қажеттілігі жоқ, сондықтан еңбек, жанар-жағар майлар, материалдар үнемделеді. Үшіншіден, топырақты өңдеудің сапасын бақылау мен бағалауды жақсы ұйымдастыру механизаторлардың орындаған жұмысы үшін жауапкершілікті сезінуіне және еңбегінің түпкілікті нәтижесіне ынталандыруға тәрбиелейді.
Егіншілікте жүгізілетін жұмыстардың сапасын бағалау арнаулы нұсқауларда толық берілген. Сондықтан, бұл жерде біз мысал ретінде жер жырту және топырақы жазықтілігішпен өңдеу сапасын бағалауды келтіріп отырамыз.
Жер жыртудың негізгі мақсаты танапқа жеткілікті мөлшерде ылғал мен коректік заттар қорын жинау және минералдық тыңайтқыштарды, арамшөптерді, зиянды жәндіктер мен ауруқоздырғыштарды, аңызды және өсімдік қалдықтарын топыраққа сіңіру. Осыған орай жер жыртудың мына қасиеттеріне сапалық баға беріледі. Агрономиялық ұсыныстарға сай мезгілде жыртылуы, жырту тереңдігі, жылдамдығы, кесектілігі, аңыздық қалдықтарды топыраққа сіңіру дәрежесі, жыртылмай қалған жердің болауы. Алынған деректер мына 5-ші кестеге толтырылады.
5 кесте Жер жырту сапасын бағалау
Өлшеулер
|
Жырту мезгілі
|
Жырту тереңдігі, см
|
Жылдамдылығы, км/сағ.
|
Кесектілігі
|
Аңыздық қалдықтарды сіңіру дәрежесі
|
Жыртылмай қалған жердің болмауы
|
агрономиялық ұсыныс бойынша
|
Нақты-лы
|
Бірінші
Екінші
Үшінші
т-б
|
|
|
|
|
|
|
|
Осы алынған материалдар бойынша орындалған жұмысқа баға беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |