Біріншіден, қалыпты сөйлегенде дыбыстар тез-тез алмасып, сөздер мен сөйлемдер пайда болады. Осыған байланысты бала да дыбыстарды тез-тез айта білуі керек. Бұл икемділік, артикуляция, дауыс шығару мүшелерінің және тыныс жүйесінің жұмысын бағдарлау және басқаруының дамуымен байланысты /26/.
Қалыпты балаларда сөйлеу дағдылары 2-4 айында гуілдеу кезінен басталады. Дауыс қатпарларының тербелісі мен тынысты бағдарлау қалыптаса бастағанда, бала ересектің мәнері мен артикуляциясына еліктей бастайды. 4-6 айында балада былдыр пайда болады (дауыссыз және дауысты дыбыстардың тіркесі), ал жасқа келгенде алғашқы сөздері пайда болады. Ана тілінің дыбыстарын айтуының қалыптасуы 5-6 жасқа келгенде аяқталады /36/. Қалыпты балаларда сөйлеу кезіндегі артикуляция мен дауыс шығару және тыныс жүйесі жұмысының бағдарын қамтамасыз ететін мидың әртүрлі орталықтарының өзара байланысы, бала өмірінің алғышқа екі жылында қалыптасады.
Естімейтін балаларда туа пайда болған қозғалыс реакциясы ретінде гуілдеу мен ерте былдыр пайда болады. Естудің жоқтығынан, былдыр дамымайды, 6-8 айында есту аппаратын тағып, түзету жұмысын жүргізбесе, 1,5 жасында бала мүлде сөйлемейді. Ал егер бала сөйлемесе, мидағы тыныс, дауыс шығару және артикуляция орталықтарының арасындағы байланыстың дамуының сезімтал кезеңі өтіп кетеді, осы мүшелер мен жүйелерді бағдарлап басқару да қалыптаспайды. Сол себептен, имплантацияға дейін естімейтін баланың сөйлеу-қозғалыс және естумоторлы бағдарлауының дамуын көп көңіл бөлу керек. Бала сөйлемей қалмауы керек! Бала сөйлемей қалса, кейін қалыпты сөйлеуін қалыптастыру өте қиын болады.
Екіншіден, бала өзінің дауысын, тіпті анық сөзі жоқ болса да, гуілін, былдырын қарым – қатынас құралы ретінде қолдану икемділігін қалыптастыру керек.
Үшіншіден, бала сөйлеуі үшін, не айту керек екенін білу керек. Бала көптеген сөздердің мағынасын, оларды қалай өзгертетінін және сөйлемде байланыстыра білуі керек. Бұл баланың жадында енжар (импрессивті) сөздігі мен грамматика жайлы білімінің жиналуымен байланысты. Егер біз баланы дыбыстарды дұрыс айтуға және сөздерді қайталауға үйретіп, бірақ айтып отырған сөзі немесе сөйлемі нені білдіретінін түсінбесе, онда ол бала өз бетімен ешқашан сөйлемейді. Егер бала сөздердің мағынасы білсе, оларды қолданып сөйлем құраса, онда қоршаған адамдармен сөйлеу арқылы қарым –қатынас жасайды. Міне, ең маңыздысы осы. Тіпті ол айтқан сөздері немесе сөйлемдері түсініксіздеу болса да. Бұны мынадай жағдаймен салыстыруға болады: бізге тілін білмейтін шетелдікпен сөйлесу керек. Біз оның айтқан сөздерін, асықпай айтса сөйлемдерін де қайталап бере аламыз. Бірақ бірде бір сөзін түсінбейміз және не жауап берерімізді білмейміз. Ал егер біз оның тілін білсек, онда одан сұрап немесе жауап беріп, сөйлесеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |