Миуа БАЙНАЗАРОВА
БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновпен әңгімелескен едік
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың сара жолымен Еліміздің егемендігі күрделі кезеңдерден өтіп, «Қазақстан –2030» жолдауында көрсетілген межелерді орындап бүгінгі күні «Қазақстан – 2050» бағдарламасында «Біз қолжетімді және сапалы білім беру бағытын дәйекті жүргізудеміз» деп білім беру саласының жетістіктерін атап өтті. Осы орайда біз Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновпен әңгімелескен едік.
– Қылышбай Алдабергенұлы, өзіңіз басқарып отырған Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Сыр өңіріндегі іргелі жоғары оқу орны. Осы ретте университет туралы ойымызды сабақтасақ...
– Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 75 жылдан астам тарихы бар, білім беру ісі мен ғылымды дамытуда өзіндік дәстүрі қалыптасқан жоғары оқу орны. Осы уақыт аралығында университет түлектерінің арасынан елімізге, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерге танылған ғалымдар, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген іскер азаматтар, ұлттық өнерді өркендетуде өзіндік қолтаңбасы бар өнер қайраткерлері, жазушылар мен ақындар, спорт саңлақтары шықты. Осындай түлектеріміз біздің мақтанышымыз. Бір қуанарлығы, түлектеріміз өз университеттерін де мақтан тұтады. Соның бір ғана көрінісі әр жылдары университетті бітірген түлектердің бастамасымен «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті түлектерінің қауымдастығының» құрылуы. Қауымдастық университет көлеміндегі түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға белсенділікпен атсалысып қана қоймай, өздерінің ізбасарларын жұмыспен қамту ісіне баса назар аударып келеді. Сонымен бірге, университетте 2013 жылдан бастап облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың төрағалығымен қамқоршылық Кеңес жұмыс істеуде. Кеңестің басты бағыттарының бірі – университеттің материалдық-техникалық базасын нығайту. Сондай-ақ университетте аймақ экономикасына қажетті жоғары білікті мамандар даярлауға атсалысу. Осы ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей бастамасымен арнайы білім гранттарының бөлініп отырғандығын айта кетуіміз керек. Бұл аймақ тарихында бірінші рет қолға алынып отырған ізгілікті іс. 2013-2014 оқу жылында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне бакалавриаттың 12 мамандығы бойынша облыс әкімінің осындай 77 гранты бөлінсе, 2014-2015 оқу жылына техникалық және ауылшаруашылық мамандықтары бойынша 49 білім гранты бөлініп отыр.
Университеттегі жағымды жаңалықтың бірі ретінде 2014 жылғы 23 мамырдағы Ғылыми Кеңестің шешімімен «Қазақстан Халқы ассамблеясы» кафедрасының ашылғандығын айтуымыз керек. Кафедра құрудағы негізгі мақсат – ұлттық бірлікті, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, этносаралық мәдениетті дамыту.
– Мұндай биік белестерді бағындыру үшін жоғары оқу орны оқытушы-профессорлар әлеуетінің маңызы да ерекше ғой...
– Әрине, өз ісін жетік меңгерген, нарықтық экономикада бәсекелестікке қабілетті мамандар даярлауды жүзеге асыру ең бірінші кезекте ғылыми әлеуеті жоғары оқытушы-профессорларды талап ететіндігі белгілі. Қазіргі таңда, университетте 30-дан астам ғылым докторы, профессор, 300-ге жуық ғылым кандидаты мен доцент, 200-ге жуық ғылым магистрі еңбек етеді. Университеттің оқытушы-профессорларының арасында алыс-жақын шетелдерге, республикамызға танымал ғалымдар да бар.
Өткен жылы Татарстанның Қазан қаласындағы 5 мемлекеттік жоғары оқу орнымен өзара ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қойылды. Осыған сәйкес, қазіргі кезде университеттің 6 түлегі аспирантурада, 20 түлегі магистратурада, 3 студент бакалавриатта білім алуда. Соның ішінде бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы, органикалық заттардың химиялық технологиясы, пайдалу қазбаларды байыту мамандықтары бойынша мамандар даярлануда.
15
– Ғылым мен өндірісті ұштастыруда университет ғалымдарының атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып өтсеңіз?
– Ғылыми зерттеулерді одан әрі дамыту, алынған ғылыми нәтижелерді өндіріске бағыттау мақсатында соңғы жылдары университетте «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасы, «Технологияларды коммерцияландыру» орталығы, «Аймақтық кәсіпкерлікті дамыту» орталығы, «Агробиологиялық және қолданбалы зерттеулер» ғылыми орталығы, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы, «Педагогикалық зерттеулердің ғылыми орталығы» құрылып, жұмыс жасауда.
Университеттік ғылымның қажеттілігін айқындайтын негізгі ұстаным – оның бизнеспен ықпалдасуы. Университет бұл салада аймақтағы ірі мұнай компаниясы «ПетроКазахстанКумкольРесорсиз» акционерлік қоғамының тапсырысы негізінде 2 ғылыми-зерттеу және тәжірибелік конструкторлық әзірленімдер бойынша жұмыстар жүргізуде. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Микробиология және вирусология» ғылыми-зерттеу институтымен келісім-шарт бойынша нысаналы-бағдарламалық негіздегі 2 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар инновациялық маңызы жоғары жұмыстар қатарында «Жантақ дәрілік өсімдік сығындысын атеросклероздың алдын алу және бастапқы формасын емдеуде қолдану перспективалары» атты жобаны атап өтуге болады. Жобаның негізгі жаңалығы атеросклероздың бастапқы формасын емдеуде қолданылатын таксофолин препараты 1 мг/л концентрацияда қан тамырында жиналған холестеринді және ұйыған қандарды толық жояды. Жантақ шөбінен 70%-дық этил спирті ерітіндісімен экстракцияланып алынған сығындыдағы флавоноидтардың жалпы мөлшері 0,7 мг/л концентрацияда дәл сондай тиімділік береді. Бұған қоса «Гетероциклді қатардағы кетондар негізіндегі жаңа полифункционалды фосфорорганикалық қосылыстар, биологиялық белсенді заттарды іздестіру» атты ғылыми жобаны «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» акционерлік қоғамы бүгінгі күні коммерцияландыруға қабылдап отыр.
Қуаттың балама түрлері, Жасыл экономика және «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі бағыттары бойынша да зерттеулер жүргізілуде. «Күн энергиясын пайдалану арқылы алуан түрлі бетон бұйымдары мен конструкцияларын өндірудің энергоүнемді және экологиялық таза технологиясын жасау және оны практика жүзінде қолдану», «Арал өңірі жағдайында жабық топырақтарда көкөніс дақылдарын өсірудің инновациялық технологияларын әзірлеу және енгізу» ғылыми жобалардың да жаңалығының ерекше маңызы бар. Университет ғалымдары алғаш рет тарихи-мәдени ескерткіштерге археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу үшін мемлекеттік лицензия алды. Аталған лицензия негізінде университет Қазақстан Республикасының аймақтарында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді және ғылыми конкурстарға қатыса алады. Бұл орайда университет жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы кәсіби мамандармен қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылы «Сырдарияның төменгі ағысы қалаларының ортағасырлар кезеңіндегі этномәдени байланыстардағы рөлі» жобасы бойынша Жанкент қалашығында кешенді археологиялық зерттеулер жүргізілуде. Сондай-ақ археологиялық ескерткіштерден алынған жәдігерлерді қайта қалпына келтіріп, оларды өңдеу зертханасы мен уақытша сақтау үшін оқу-көрме залы жұмыс жасайды.
Ұлттық тарих пен мәдениетті зерделеуге «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты да атсалысуда. Қазіргі таңда институттың ғылыми-зерттеу жұмыстары 5 бағытта жүргізіліп келеді. Оның ең негізгісі Түркі әлеміне ортақ тұлға Қорқыт баба мұраларын зерттеу болып табылады. Жақында ғана университет ғалымдарының авторлығымен мектеп оқушыларына арналған облыстың географиясы, өсімдік және жануарлар дүниесі бойынша 3 кітап баспадан шықты.
– Жоғары оқу орындарына қойылар талаптың бірі аккредиттеуден өту. Аймақтарда орналасқан жоғары оқу орындары аккредиттеуден өтудің өзіндік талаптарына жауап бере алады ма?
– Университетте жұмыс жасап жатқан 33 кафедра мен көптілді білім беру орталығы, ғылыми-зерттеу орталықтары мен материалдық-техникалық база, профессор-оқытушылар құрамы, университеттің республикалық, шет елдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланысы, білім алушы бакалавр-магистрант-докторанттардың білім сапасына жоғары баға беріліп, университет 2013 жылы Білім сапасын қамсыздандырудың тәуелсіз қазақстандық агенттігі арқылы институционалдық аккредитациядан өтсе, 2014 жылы аталған агенттік арқылы 47 білім бағдарламасы 5 жылға мамандандырылған аккредитациядан өтті. Оның ішінде 27 бакалавриат, 17 магистратура, 3 докторантура бағдарламасы бар.
– Халықаралық білім беру кеңістігінің негізгі талаптарының бірі – білім алушылар мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын жүзеге асыру. Университетте бұл бағыттағы жұмыстар қай деңгейде жүзеге асып жатыр?
– Университет еліміздегі ұлттық, мемлекеттік университеттермен және 60-тан астам шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатқан. Білім алушылардың сыртқы академиялық ұтқырлығы «Темпус», «Ерасмус Мундус» халықаралық бағдарламалары арқылы қамтамасыз етіледі. Мәселен, өткен оқу жылында сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасымен университеттің білім алушылары Польша Республикасының Лодзь университетінде 30 студент, 3 магистрант, Корея Республикасының Кангвон Ұлттық университетінде 2 студент оқып келді. Қазіргі таңда Кангвон Ұлттық университетінде 3 студент, Ресей Федерациясының Қазан мемлекеттік аграрлық университетінде 3 студент білімдерін жалғастыруда. Ішкі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша университеттің 16 студенті еліміздің ұлттық университеттерінде 1 академиялық кезең мерзімінде оқыды.
Сонымен қатар бүгінгі күні студенттер мен магистранттар екі жақты келісімшартқа сәйкес Америка Құрама Штаты, Канада, Ресей, Түркия, Корея Республикасы, Польша, Украина мемлекеттерінде білімдерін жетілдіруде.
– Студент жастардың шетелдік оқу орындарында оқып, білімдерін жетілдіруі қуанарлық іс. Бұл белгілі деңгейде шет тілін меңгеруді талап ететіні сөзсіз. Университетте бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Әрине, білім алушылардың бірнеше тілді меңгеруі – қазіргі заман талабы. Бүгінгі күні есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер, математика, информатика, биология, химия, экономика, құрылыс, технологиялық машиналар мен жабдықтар мамандықтарында сабақ қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізіледі. 2013-2014 оқу жылында шетел тілі: екі шетел тілі мамандығы бойынша 1-курсқа қабылданған студенттерге екінші шетел тілі ретінде корей, қытай, араб тілдерін оқыту мақсатында ағылшын-кәріс, ағылшын-қытай, ағылшын-араб тілдері бойынша оқу топтары ашылды. Студенттердің таңдауы бойынша мұнай-газ ісі және технологиялық машиналар мен жабдықтар мамандықтарының 3 курстарына қосымша қытай тілі оқытылуда.
– Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті еліміздегі іргелі 20 жоғары оқу орындары арасында 7 орынды иеленіп отыр. Аталған тәуелсіз рейтингте жоғары оқу орындары қандай бағалаулар бойынша іріктелді?
– Жоғары оқу орындарының рейтингісін анықтауда басты назарға оқу орны мамандықтарының институционалдық және мамандандырылған аккредитациядан өтуі, білім гранттарының саны, «Алтын белгі» иегерлері мен жоғары оқу орнының «Үздік оқытушысы» мемлекеттік гранты иегерлерінің саны, ғылыми жобалар мен патенттердің саны алынады. Сондай-ақ студенттердің, оқытушылардың, зерттеушілердің сапалық құрамы, академиялық ұтқырлық, түлектердің сұранысқа ие болуы, профессор-оқытушылардың ғылыми мақалаларының әлемдік ғылыми кеңістікте танымал басылымдарда жариялануы, т.б. көрсеткіштер негізге алынған. Жиырма жоғары оқу орны арасында осындай жетістікке қол жеткізуі университеттің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері еңбегінің нәтижесі.
– Сұхбатыңызға рақмет!
//Айқын.-2014.-21 тамыз,№149(2543).- 30 б.
17
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ қызметкерлері баспасөз беттерінде
Дастан СӘТБАЙ, тарих ғьлымдарының докторы
Соғысты бастау оңай, аяқтау қиын
Өткен тарихқа үңілер болсақ, Қырым түбегі 954 жылға дейін Ресейдің қарамағында болды. Билік басына Хрущев келген тұста президумның кеңесіне, Президумның толық мүшелері жиналмай-ақ, Қырымды Ресейдің құрамынан алу туралы асығыс түрде шешімін шығарады. Осылайша Қырым Ресейдің қарамағынан алынып, Украинаға өтті. Ситуация өзгерді, Кеңес одағы ыдырады. Енді, міне, Қырым мәселесі тағы да саясат мінберінен көрінді. Менің ойымша, Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін тарихшы, саясаттанушы ретінде айтайын, Украина мен Ресей арасында мұндай текетірес, өшпенділік болады деп ойлаған жоқпын. Бұл тіпті әлем елдерінің саясаткерлері мен зиялылары үшін де күтпеген жағдай болды. Жалпы, Украина, Белоруссия, Ресей бір ағайынның үш баласы секілді мемлекеттер болатын. Қазақтың үш жүзі секілді. Украина жұртшылығьнда белорустармен түйткіл болған жоқ.
Украина мен Ресейдегі саяси ахуалдың күшейіп кетуіне екі елдің де кінәсі бар. Шынында да Украинаның оңтүстік облыстарында орыстар басым, яғни халқының 80 пайызы орыс халқын құрады. Украина "патриоттары" үшін Луганскі, Донецкідегі халық "орыстанған украиндықтар" ретінде саналады. Негізінен Украинаның менталитеті өте күрделі. Оларда ортақ менталитет деген жоқ. Себебі батыс Украинадағы русиндар, гутсулдар секілді өзге топтарының ділі мүлдем басқаша. Батыс украиындықтардың орыстарға деген өкпесі қара қазандай. Шын мәнісінде, бұл түйткіл соғыстан кейін басталды. Кеңес өкіметі оларды аямай қырып-жойды. Олардың есінде тек кек. Бүгінгі Украина "патриоттары" Кеңес үкіметіне деген өшпенділікті орыс халқына таңып, қателесіп отыр. Осы өкпе-реніштің арты саяси жанжалға, дау-дамайға ұласты. Тарихшы ретінде топшылайтын болсам, Украинаның кінәсі - максимализмінде, радикализмінде. Украина жұртшылығы радикализмге бармауы керек еді.
Ресейге келер болсақ, 30-жылдары Украина халқы қырылды, орыстар да көп адам жоғалтты. Бұл жерде украиндықтар болышевим мен орыс халқын шатастырып отыр. Халық кінәлі емес, биліктің қолымен от көселді. "Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады" дегендей, украиндықтардың осыны ұмытпауы керек еді. Ал Қырым авантюрасына келер болсақ, оны Ресей халқының едәуір бөлігі қолдаған жоқ. Бүл Путиннің бастамасы. Путин маған тактик ретінде өте шебер, бірақ стратег ретінде әлсіз көрінеді. Біріншіден, ол орыс патриоттарының жетегінде кетті. Ал ағайынды халықтардың арасындағы іріткі, ол бір күндік мәселе емес. Ол - ұрпақтан ұрпаққа кетіп қалатын жанжал. Енді украиналықтардың бірнеше ұрпақтары орыстарды жақсы көрмейді, украиналықтар солай тәрбиеленеді. Бүл - үнді-пәкістан жанжалының славяндық нұсқасы.
Ресей батпаққа мықтап батты. Украина алдағы уақытта Ресей қаражатының едәуір бөлігін "жұтып" отырады. Бұдан Ресейдің өзінде наразылық тууы мүмкін. Бұл мәселе Путин дәуірінен кейін ғана шешілмесе, бүгінгі Украина мен Ресей саясаткерлері бұл мәселені шеше алмайды.
Украина революциясын тудырған мәселе - жемқорлық пен билік. Биліктің іріп-шіруі. Билікке деген сенімсіздіктен туындаған, жек көрушіліктен шыққан дүние. Бұл жағдайдан біздің қазақ елі де сабақ алуы керек. Билік пен қоғам арасында сенімділік бізде де оңып тұрған жоқ. Дегенмен Украина жұртшылығының қазаққа қарағанда азаматтық деңгейі жоғары, халқы белсенді. Сондықган тарихи тығырықтан шығуға әлеуеті жетеді деп сенгің келеді.
//Әлімсақ.-2014.-№7, шілде.-9 б.
18
Қали ОМАРОВ, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі
САНДАЛКӨГІН ОЙНАТҚАН САДЫҚ СҰЛТАН 10 ЖЫЛ БОЙЫНА ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КҮРЕСТІҢ ЖАЛАУЫН ҚОЛЫНАН ТҮСІРМЕДІ
Ғалымдардың пікірінше, соңғы үш ғасырда қазақ даласында жат жұрттықтардың отарлық езгісіне қарсы 300-ден астам ірілі-ұсақты көтеріліс орын алыпты. Аталған кезеңде ұлт-азаттық туын көтерген халқымыздың және оның көшбасшы перзенттерінің тағдыры талайлы болғаны баршаға аян. Бір өкініштісі, тасада қалып қойған немесе ерен еңбектері әлі жете зерттелмеген саңлақтарымыз баршылық. Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері Садық Кенесарыұлы (1837 – 1910 жж.) осы қатардағы отандасымыз.
Ғылыми қауымдастыққа Орта Азия және Оңтүстік Қазақстан аумақтарында Ресей империясының армиясына сан мәрте соққы берген даңқты қолбасшы ретінде танымал күрескердің өмірінің кейбір тұстары мен қайраткерлік қызметінің жарқын қырларына тоқталуды жөн санаймыз.
Ұлт-азаттық қозғалысының алтын діңгегі іспетті Кенесары Қасымұлы көтерілісі басып жаншылғаннан кейін қазақтың соңғы ханының артында қалған әулетінің басына сындарлы күндер туады. Мұның бір мысалы ретінде Кенесары отбасының атамекеннен алыс Қоқан хандығы жерінде тұрақтағанын айтсақ та жеткілікті. Қоқан хандығында жүрген жылдары Садық (кейде Сыздық, Сыдық) ұлт азаттығының қасиетті байрағын қайта көтеру мұратын өмірлік ұстанымы тұтқан тұлға боп қалыптасты. Өзінің қандай жағдайда жүргенін ерте түсінген Садық жат жұрттықтар арасындағы қайшылықтарды азаттық мүддесіне барынша пайдалануды ойлайды.
Дәстүрлі соғыс өнеріне, әкесінің ұрыс жүргізудегі амал-айласына қанық, отарлаушылардың әскери әдіс-тәсілімен де таныс зерделі жігіт мансабы жоғары әскери лауазымдарды жиырма үш жасынан бағындыра бастайды. Қоқан ханы Мәллебек 1860 жылы оған пансатбасы (бес жүз әскербасы) атағын берсе, Мұхаммед Сұлтан – Сейітхан 1864 жылы бүкіл Теріскейдің (қазіргі Созақ ауданының жері) әкімдігіне бекітеді. Ал Бұхар әмірі Абдул Мұзаффар 1868 жылы маусым айында Қызылқұмдағы қазақтар мен хандықтың солтүстік-батыс бөлігіндегі барлық көшпенділерге басшы етіп тағайындайды. 1869 жылдың аяқ кезінде Хиуа ханы Мұхамед Рахимнің әмірі бойынша Әмударияның шығысынан Боқантауға дейінгі аралықтағы және Мыңбұлақ, Дәуқарадағы қазақтар мен басқа да халықтар Садыққа бағынады. Сұлтанның осы өңірлердегі өзін барынша қолдаған қазақ ауылдарынан әскери қорын – адам ресурстары, ат-көлік, азық-түлік, жабдық-сайманмен әрдайым толықтырып отырғаны тарихи ақиқат.
Садықтың азаттық эпопеясының негізгі кезеңдеріне тоқталып өтейік.1860 жылы 21 қазанда құрамында Садық, Тайшық, Ахмет сұлтандардың жасағы бар қоқан әскері Ұзынағаш түбiндегі Қастек бекінісі маңында Ресей әскерлерімен бетпе бет соғысады. Үш күн бойы текетірес нәтижесінде жеңіліп, қашқан қоқандықтарды түпкілікті құртуды көздеген ресейліктер соңдарынан қуа түседі. Міне, сол кезде Садық қазақтардан тұратын шағын атты қосынымен тұтқиылдан соққы беріп, отарлаушылардың жоспарын іске асыртпайды. Подполковник Г.А. Колпаковскийдің: «Сыздық төре мен Сұраншы, Байсейiт, Арыстан, Ақмолда батырлар қазақ-қырғыз қолын бастап шықты» деген мәліметі бұны растай түседі. Қоқан әскерінің сәтсіз соғыстарынан жігері жасыған Ахмет пен Тайшық 1861 жылы Перовскіде Ресей өкiметiне берілсе, Садық өз шешімін өзгертпейді. Ал алдына қойған еңселі мақсатынан таймау, ел қамын жеке бас пайдасынан қашанда жоғары ұстау – дарабоз тұлғаларға ғана тән қасиеттер.
Ресей дереккөздеріндегі Садық сұлтанға қатысты материалдардан оның ұлт мұратына жету үшін еткен еңбегі мен ерлік істеріне қаныға түсеміз. Осындай бір мәліметте 1862 жылғы 22 шілдеде Қоқан ханы Құдиярдың Садықты Торғайға жұмсағаны, тағы бірінде (1863 жылғы 27 наурыз) оның Атбасар округінде көшіп жүргені айтылады. 1864 жылғы 4 маусымда Сырдария желісінің бастығы, полковник Н.А. Веревкин жеке Орынбор корпусының қолбасшысы генерал-адъютант А.П. Безакқа Созақ қамалының бегі Садықтың Түркістанға көмекке ұмтылмақ мақсатта Шолаққорған гарнизонымен бiрiккені туралы ақпар береді. Іле-шала (10 маусымда) орыс әскерлерінің қоршауын бұзып, Түркістан қаласына енген Садық жасақтары ерліктің тамаша үлгісін көрсетеді. Алайда Жантай Өтепов деген
19
біреудің 12 маусымда ресейліктерге қала қақпасын ашып беруі салдарынан Мырза Дәулет бастаған Түркістанды қорғаушылар жеңіліс табады. Кейіннен (1864 жылы 5 желтоқсанда) қоластында 500-дей адамы бар Садық Түркістан маңында (Иқан ауылының тұсында) ресейліктермен тағы да бір айқасып, есаул Серов пен поручик Сукорконың оралдық казактарын көп шығынға ұшыратады. Бұл оқиғаның жаңғырығы заманында алысқа жетті.
1864 жылы шілде айының ортасында Бадам өзенi жағасындағы Ақбұлақ шатқалында Әулиеатадан Шымкентті алу үшін беттеген Ресей әскеріне қосылмақ болып, Түркістан қаласынан шыққан капитан Мейердің құрамасын молда Әлімқұл бастаған қоқандықтар тосып алады. Ұрыста әскердің туын ұстаған Садық қарша бораған оқтан бұқпай, қоқандықтарды бірнеше рет қарсы шабуылға көтереді.
Садық Шымкент қаласын басып алуға ұмтылған генерал-майор М.Г.Черняевтің әскеріне Қатынкөпір тұсында тойтарыс беруді ұйымдастыру арқылы (1864 жылғы шілде айы) қолбасшылық таланты әбден шыңдалған сардар ретінде танылады. Шымкентті алғашқы шабуыл барысында ала алмай, кейін шегінуге мәжбүр болған М.Г.Черняев бұл ойын 1864 жылы 21 қыркүйекте жүзеге асырғаны аян.
Генерал-майор Н.А. Веревкин 1864 жылы 1 тамызда Садық туралы: «...бестамғалы руының биi Жақайдың айтуынша, сұлтандар Садық пен Арыстанбек 400 қолмен бестамғалы және қоңырат руларын тонау үшiн Арысқа келдi...» десе, он күннен кейін: «...сұлтан Садық Арыс өзенiнiң жағасындағы тауда тұр. Ол Шымкенттен келетiн қоқандықтардан көмек күтуде. ... 6 тамызда жүзбасы Ливкиннiң күтпеген жерден жасаған шабуылының нәтижесiнде «шәйкiлердiң» басшысы – қарақшы Өтеген тұтқындалып, 18 адамынан өлiдей айырылды...» деген мәліметтер келтіреді.
Генерал М.Г.Черняев бастаған орыс әскерiнен Ташкентті қорғау барысында молда Әлімқұл қаза тапқан соң (1865 жылғы 9 мамырда) қаланың беделді ақсақалдары орда бұзар отызға әлі толмаған Садықты әскербасы сайлайды. Ол қырық күн бойы қаланы бермей, өзiнiң қолбасшылық талантын тағы да бір дәлелдейді. Садық басқыншыларға бірлесе тойтарыс беру мақсатында Бұхар әмірі Абдул Мұзаффарға елші жібереді. Бұхар әмірінің Ташкентке жіберген өкіліне барлық билікті тапсырған Садық 1865 жылы 17 маусымда Бұхар әмiрлiгiне кетедi. Бұндай шешім қабылдауына бақталас қоқандық ақсүйектердің қаскүнемдік әрекеттерінің ықпалы болмай қалған жоқ.
1866 жылы қаңтар айында Жызақ қамалына бет алған генерал М.Черняевтің әскерінен бұхарлықтар қашып кеткесін, Садық бекіністі қорғау ісін өз қолына алады. Тегеурінді тойтарыс алған ресейліктер 11 ақпанда кері шегініп, сәтсіздікке кінәлі М.Черняев дереу орнынан алынады.
Сырдария бойындағы Шардара қамалы маңындағы қазақтарды Ресей әскері тонап жатқаны жайлы хабар алған Садықтың оларға көмекке аттануы, 1866 жылғы сәуiр айының ішінде отарлаушыларға ойсырата соққы беруі, халықтың тоналған мал-мүлкін қайтартуы, оның елі мен жері үшін жасаған ерліктерінің бір парасы. Алдағы қыспақты күндерді ойлаған Садық мамыр айының бас кезінде Қызылқұмға аттанады. Ондағы негізгі мақсаты – жасақ құрамын толықтыру. Пірәлі би бастаған Түбекбай батыр, Сәден батыр, Молдашер Жамұратұлы, Дос Дәулетбайұлы сынды елге сыйлы азаматтар Қарашұбар, Боқантау, Тамды, Ақбайтал мекендерінен жігіттер жинап, аталған жорыққа белсене араласады. Садықтың Үшқұдыққа қарайтын Құлқұдық аулында тұратын 74 жастағы Жұбан батырды да «азаттық жолындағы абыройлы істе бірге болайық» деп, қасына ерткені ел жадында. Садық өз жасақтарымен генерал Н.А.Крыжановскийдің әскерінен Оратөбе мен Жызақты ұзақ қорғап тұра алмайды (1866 жылғы 23 қыркүйек – 18 қазан аралығында), әйтсе де, 28 қазанға дейін бұл қалалар маңында соғыс қимылын жалғастыра береді.
1867 жылғы 3 мамырда Жаңадарияның сол жағасына Бұхар жақтан Садық сұлтан және Пірәлі би бастаған 800 сарбаз келеді. Бұларға қарсы №1 форттан есаул Г.Анчоковтің (Ончеков) ротасы шығады. Қазалыдан 143 шақырымдай жердегі Сарбұлақтың маңайында 7-9 мамырда екі жақтың қатысуымен үлкен шайқас өтеді. Үш күнге созылған ұрыста Садықтың жасағынан 22, ал орыс әскерлерінен 60-тан астам адам қаза табады. Ресейліктердің 18- і ғана тірі қалғаны туралы да мәліметтер бар. Садық сұлтан мен Пірәлі би жағында Түбекбай батыр, Алмас Пірәліұлы т.б. сарбаздар соғысады. Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының 1902 жылы қартайып, шау тартқан Жолай Алмас биге:
...Садықтың «Сарбұлақта» ұрысында,
Көрсеттің шексіз қайрат-жүрегіңді.
Дұшпанды жөңкілтіпсің қойдай қуып,
Ақырып айбатпенен түсің суып...
* * *
...Садықтан алған жүлде арыстан ең,
Толтырған домалатып алдын басқа, – деп айтқаны бұны дәлелдей түсетіні хақ.
Перовскіден Қазалыға қосымша орыс әскері жіберілгеннен хабардар болған Садықтың Бұхар иелігіне қайтып, Жызақтағы орыс әскерімен шайқасқа түсіп, оларды шегінуге мәжбүрлегені ұлтымыздың соғыс шежіресіне алтын әріптермен жазылуға әбден лайықты.
Гришин деген шенеуніктің Сырдария облысының әскери губернаторына 1868 жылғы 10 сәуірде жазған мәлімдемесінде: «1868 жылы 1сәуірде Сұлтан Садық Кенесариннің басшылығымен Бұхарадан Нұрата қамалына 1000 сарбаз келді. Осы жерде оған Пірәлі бастаған билер өздеріне сұлтан болуға ұсыныс жасады»,– делінеді.
Самарқан үшін шайқасқа Бұхар әскері құрамында Садық жасақтары да қатысады, бірақ қаруы басым генерал К.П. Кауфман әскері 1868 жылғы 1 мамырда қаланы алып, Қаттақорғанға беттейді (30 мамырда). Алдынан шыққан бұхарлықтар зұлмат күшке төтеп бере алмай, бет-бетіне бытырай жөнеледі. Қашқандарды өкшелей түсу қай ұрыстың да заңдылығы. Табыстарын еселей түспек болып, қатары шұбалып кеткен ресейліктерге Садық өз жігіттерімен кенеттен бір бүйірден тиісіп, 70 солдатын өлтіреді. Отарлаушылардың аман қалғандары негізгі күштеріне қарай бас сауғалайды. Бірақ, жеңіс қуанышы ұзаққа созылмай, 2 маусымда Зеребұлақ жотасында ойсырай жеңілуі салдарынан Абдул Мұзаффар хан Ресей протекторатын қабылдайды. Бұхарлықтар қол қойған бітімді сатқындық деп бағалаған Садық 16 тамызда Кермене, Нұрата, Жызақты басып алады және бұл қалаларға бек етіп Түбекбай, Темірбай, Еспенбет батырларды тағайындайды.
Жызақ уезi бастығының Сырдария облысының әскери губернаторына 1868 жылы 9 қыркүйекте жазған хатында Садық пен Назардың 500 кiсiлiк қолмен Нұрата тауының етегiнде орыс отрядын талқандағаны мәлiмделедi. Ресейліктерден қолдау алған Бұхар әмірі Садыққа қарсы бес мың сарбаз бен сегіз мың атты әскер жібереді. Жазалауға жіберілген бұл қосын Садықтың даңқынан қорқып, дереу оның әскеріне қосылса да, шынайы беріле қоймағанын уақыт көрсетті. Олардың 1868 жылғы 13 қыркүйекте Зеравшан өзені бойында Бұхар әмірі әскерімен болған сұрапыл шайқаста майдан алаңынан қашып кетуі нәтижесінде Садық қолы жеңіліс табады.
Боқантауда үш ай жатып, соғыста алған жарақаттарынан жазылған Садық Хиуа ханына барады. Мұхамед Рахим хан Түркістан өлкесі халқының алдында айрықша беделге ие болған табанды күрескерге Сырдарияның сол жағалауын қоныстанған қазақтарға басшылық жасауды жүктейді. 1870 жылғы ақпан – наурыз айларында азық-түлік қорын толықтыру мақсатында Садық сарбаздарымен Жаңадарияның аяқ жағында орналасқан Ақшатеңіз көлінің маңындағы, Еркебай шатқалындағы ауылдарды аралап, Дәуқара арқылы кері қайтады. Генерал-адъютант К.П. Кауфманның аталған тұстағы мәліметтерінен Перовскі мен Қазалыдағы Ресей әскерилерінің біраз дүрліккенін анық байқаймыз.
1873 жылы көктемде Ресей әскері жан-жақтан Хиуаны жаулауға аттанған кезде Хиуа ханы Садықтың 700 сарбазына түркмендерден құралған 500 адамдық жасақты қосып, Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфманға қарсы қояды. Садықтың жасақтары наурыз – сәуір айларында Ташкенттен шыққан бұл әскердің жолын торуылдауды жүзеге асырады. Адамқырылған деген жерде (6 мамырда) Садық 450 сарбазымен генерал-майор Н.Ф.Бардовскийдің колоннасына соққы береді. Ресейліктердің оғынан біраз адамы опат болған ол шегініп, Үшошақта 11 мамырда отарлаушылармен кезекті рет қақтығысады.
Кавказдық (басшысы полковник Н.П.Ломакин) және орынборлық (қолбасшысы генерал-лейтенант Н.А.Веревкин) әскери құрамалармен біріккен Кауфманның армиясы 29 мамырда Үргеніш қаласын шайқассыз алады. Ханның жігерсіздігінен түңілген Садық өз күресін Қашқарға барып жалғастыруды көздейді. Ол Мерв-Герат-Балх-Бадахшан-Қашқар маршрутымен жүріп өтіп, 1874 жылы Шығыс Түркістан билеушiсi Жақыпбекті паналайды. Ондағы бейбіт тіршілігі небәрі екі жылға да жетпейді.Қашқарияға Цин империясының экспансиясы басталған кезде Садық төре қолына ойланбай қару алады. Өйткені ірі державалар ұстанған отарлау сынды қанқұйлы саясатқа жан-тәнімен қарсы қайсар тұлғаның
басқаша қадамға баруы мүмкін емес-ті. Қытай шеріктерімен өткен көп шайқастың бірінде Садық сол қолынан ауыр жарақат алса да, сыр білдірмей, ұрысты шеріктердің беті қайтқанша басқара береді. Бірақ, қанша қарсыласса да, саны орасан зор, әскери әлеуеті одан да мықты жатжұрттық басқыншының ақыры алмай қоймасына көзі жеткен Садық енді өзінің барар жер, басар тауы қалмағанын да айқын бағамдайды. Жарақаты жанына батқан есіл ер 1877 жылы күзде Ферғана облысындағы шекарадан өтіп, 1878 жылғы 10 ақпанда Ош қаласына келеді. Жеті ай бойы алған емнен жарақаты жазыла салысымен, Ташкентке жеткізілген оған (жасы 41- дегі кезі) патша үкiметiнің рақымшылық пәрмені оқылады. Қолға түскен немесе өз еркімен берілген антына адал, сертіне берік, қайсар батырларға дұшпан болса да, құрмет көрсету, олардың ғажайып ерліктерінен сарбаздарын үлгі алуға үйрету дәстүрі қай кезден бар. Бұл – бір. Екінші жақтан, қарсыласына кешірім беру арқылы отарлаушы ел басқа көтерілісшілерге немесе қарсыластарға өзінің беделін, тартымдылығын, мейірбандығын жарнамалайды. Ал, бұл – түпкі мақсатқа шығынсыз жетудің ұтымды тәсілдерінің бірі.
Садық төре мекендеуге Сырдария облысының Шымкент уезіндегі Ханқорған маңын қош көреді. Бабалары тұрған осынау қасиетті мекенде мәңгілік сапарға аттанады. Қолымыз жеткен материалдарды саралау біраз нәрсенің басын ашқандай. Ең бастысы, текті тұлға өмірінің соңғы сәтіне дейін вассалдық немесе мықтының дәргейіне бас ұру дертіне ұрынбаған сыңайлы. Садықтың өз аузынан жазып алынды делінген естеліктерде әлі тірі бірде бір қаруласының есімі аталмайды, тек атаулы оқиғаларды баяндау барысында көзі жоқ жақтастары туралы аз-кем мағлұмат келтіріп кетеді. Оның үстіне соғыс қимылдары кезінде сарбаздарының өмірін сақтау мәселесін ерекше назарда ұстағаны аңғарылады. Ал, адами ресурстарын сарқылмастай көрген Орта Азия хандары мен қолбасшыларының ойына бұл тіпті де келмегенге ұқсайды. Отыз жылдан астам ғұмырын тұрақты ресми бақылауда өткізген Садық әкімшілік рұқсатымен басқа өңірлердегі жақын-жуықтарына барып-қайтуға мүмкіндік алып отырады. Деректерден Арқа жаққа, Шу бойына, Сыр өңіріне барғаны көрінеді. Әсіресе, ат үстіндегі өмірінде елеулі із қалдырған Қызылқұмға сапарының жай-жапсары ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыр. Таратып айтсақ, 1890 жылдардың басында Садық төре Қызылқұмға өзіне алты жыл серік болған, жасы үлкен Түбекбай батырды (1830 – 1902 жж.) іздеп келеді. Жиырма күн қонақ болып, әскери даңқын шығарған жерлерді әбден аралайды. Садықтың Қашқар қаласын қорғау кезінде оқ тиген сол қолының баланың білегіндей болып қалғанын көрген батыр, әлгі жарақат орнын, «періште сүйсе, жазылып кетер» деп ырымдап, өзінің баласы Шахизатқа (1891-1969жж.) сүйгізеді. Түбекбай Садықтың алдына төрт түлік мал салып, екі күндік жерге шығарып салады.
Садық Кенесарыұлының өмір және қайраткерлік жолын зерделеу келесідей қорытындылар мен тұжырымдарды жасауға негіз болды:
Ресей отарлаушыларына қарсы он жылдан астам үздіксіз күресіп, әскери әлеуетіне елеулі шығын келтірген ондай тұлға ұлт-азаттық қозғалыс тарихында санаулы;
Арнайы әскери білімі болмаса да, академия бітіріп, басқыншылық жорықтарда шыңдалған патша генералдарымен майдан алаңында терезесі тең деңгейде шайқасып, соғыс өнеріне жетіктігін сан мәрте паш еткен ірі қолбасшы;
Отандық әскери академиялар мен институттар, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептердегі білімді де білікті жастарды тәрбиелеу және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру ісінде Садық Кенесарыұлының ұлт-азаттық қозғалысына қосқан үлесі, соғыс барысындағы әскери іс-қимыл тактикасы, жеке каһармандығы туралы қолда бар материалдарды пайдалану қажеттігі әлдеқашан пісіп-жетілген мәселе;
Садық Кенесарыұлының тарихи және әскери мұрасы өз зерттеушілері мен насихатшыларын күтіп жатыр. Ұлтымыздың дара тұлғасына қатысты тың деректер, жаңаша пайымдауға зәру ғылыми айналымдағы еңбектер көптеген жарияланымға, диссертациялар мен монографияларға негіз болатыны сөзсіз.
Қай істің де төрешісі – уақыт, бағасын беретін – халық. Азаттық мүддесін мерейлі мұратына балаған, осынау қастерлі жолда жапа шеккен тұлғаларымыз жөнінде жазғанда біздің көздейтініміз өткеннің өрескел қателіктерінен тағылым алу, оның ащы сабақтарының қайталануына енді жол бермеу, қатерлі сәттерді ешқашан болдырмау.
Бүгінгі күні өзіндік өмір өлшемі мен тыныс-тіршілігі бар, бағыт-бағдары айқын Қазақ Елі болашақты баянды етуге бағытталған көптеген жасампаз шараларды атқаруда. Олардың ең маңыздылары қатарында жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру міндеті тұрғаны айқын. Осы тұрғыда ынталы ізденістеріміз «Мәңгілік Ел» сынды ұлттық идеямыздың өміршеңдігін қамтамасыз ететін іргетасына қосылып жатса – мақсатымыздың орындалғаны.
//Түркістан.-2014.-14 тамыз.-8б.
Достарыңызбен бөлісу: |