Мазмұны Қазақстандағы жоғары білім, Ғылым



бет5/5
Дата05.11.2016
өлшемі0,81 Mb.
#667
1   2   3   4   5

СӘНДІ САЗДЫҢ САРДАРЫ

Мүлкаманды ойласам, өзімнің шұғылалы шағым, өмірімнің ең аяулы беттері, жарқын күн, жалынды түндерім, қуаныш, қызыққа толы жұлдызды жылдарым – студенттік кезім есіме түседі. Есіме түседі де сол жылдар бүгін екпіні еңкейіп қалған қан тамырларына жаңа ырғақ қосқандай жаным жайнап қоя береді. Жүрек жас құлындай ойнақшып, кеудеме сыймай бұлқына қалатыны бар. Қандай шуақты, қандай алқалы кез еді!

Бойыңды баураған беймәлім бір тасқын тежеу бермей алға ұмтылдыратын. Айналаң толған ажарлы адамдар. Құшақ ашқан ыстық ықыластар. Аспанда қалықтаған әсем әуен. Сыр үстінде толқынмен қолтықтасқан шашбаулы саз, аламан бәйге еліктірген сәйгүлікке тән күнделікті тірліктің алапат қарқыны, сан-саққа жетелеген ұшқыр қиял, сезімді шынар биікке шақырған шалқар шабыт жаныңа тыным бермей өзіңді көкжиекте хас сұлудай сылаңдаған өнер мен ғылым шыңына қарай алқындырып жетелей беретін.

1957 жылдың естен кетпес жалаулы жазы емес пе? Одақ қазан төңкерісінің 40 жылдығына қызу әзірлікке кіріскен кез. Оның үстіне студенттер мен жастардың әлемдік Мәскеу фестивалі де алаңдатады. Сол тұста Қазақстан астанасы Алматыда көркемөнерпаздардың Бірінші Республикалық фестивалі өтетін болып, Мәдениет майданы қауырт қимылға көшкен кез.

Облыс орталығы Қызылорда қаласына өңірдің өнерге қол созған жас перісі түгел жиналды. Солардың ішінде біздің институттан да біраз адам болған. Мен бұл тұста бірінші курсты ғана аяқтағам. 150-ден асатын осынау әр тараптан бас қосып, асау тайша елеріп тұрған Күн құшақты құраманы сабасына түсіріп, өркениетті нұсқаға келтіру үшін Алматыдан Академиялық Абай атындағы Опера және балет театрының симфония оркестрінің бас дирижері Тұрғыт Османов пен атақты хореограф, халық артисі белгілі биші Лидия Чернышева шақырылды.

Тегеуріні қатты адамдар екен, әжептәуір ән салып, би билейміз деп кеудемізді көкке тіреп жүрген біздің мысымызды әп-сәтте басып тастады. «Өнер ойыншық емес» деген Тұрғыт көкемнің даусы құлағымнан әлі кетпейді. Күндіз күлкі жоқ, түнде ұйқы жоқ – бір сүргінге ұшырадық. Сөйтіп ышқынып жүріп, тарамыстай таралып, бір айда жарау аттай ойнақшып шыға келдік те «Иә, Алла!» деп астанаға жол тарттық. Әр облыс бір одақтас республиканы бейнелеп бару жоспарланған екен. Біз түрікмен елінің кейпіне түсіп алғанбыз.

Бұл сапардың бәріміз үшін өте маңызды болғаны даусыз. Бірақ мен ол жөнінде айтқалы отырған жоқпын – ол ұзақ таңға жетерлік айдарлы әпсәна. Осы сапардан алған аяулы әсерімнің ішінде жаныма айрықша жылу берген бір жай болды. Көздің жауын алатын жасындай жарқырап жүрген әрқырлы жас қыздар мен жігіттердің арасында менің көңілімде жас құрақ желбіреткен бір жігіт оқшау ойға сала берді.

Өзі биыл ғана мектеп бітірген екен. Біздің үлкен коллективтің ішіндегі ең жасы да сол болуы керек. Жалын атқан жанары: «Бұл өмірдің қызығы менің қолымда. Адамдар, мен сендерді жақсы көрем, келіңдерші, шаттыққа бөлейін. Қанеки, қаумалап отыра қалыңдар!» деп тұрғандай. Сүйкімді жүзінен тағдырға ризалығы, өмірге құштарлығы, адамдарға деген адал сезімі қанат жайып, үлкен бір имани жайсаң баққа жетелеп бара жатқандай.

Домбыра тартады екен. Жақсы тартады екен.

Алматыға келгесін жатқан жерімізде жиналып алып соған домбыра тартқызамыз. Жалықпай тыңдаймыз. Өйткені ол домбырада әуен әлемін айшықты әрлейді. Құлақ құрышын қандырады. Өзі де ерінбейді екен, үстін-үстін тартады. «Сарыарқа», «Адай», «Алатаудан» бастап, «Сылқылдақ», «Көңілашар», «Кеңеске» дейін құйқылжыта жөнелгенде жаныңды қоярға жер таппай, әуре-сарсаңға тұсесің. Бір күйді мүдірмей, екпіндете тартып келе жатып, келесі бір күйге елеусіз ауысып кеткенін аңдамай қалатын кезің де бар.

Сондайда сенің санаңда беймәлім бір саңылау ашылып, ұшқыр қиял мөлдек әлемге алып бара жатқандай болады. Алдыңда – кең жазира дала, төбеңде – ашық аспан.

32
Екеуінің арасында сен еркін қалықтайсың. Қолдарың қос қанатқа айналып, көкжиекті бетке ұстап ұшып бара жатқандайсың. Төменде желмен жарыса жосып бара жатқан жезкиіктер табыны, ыңсыған үн, ат дүбірі, күркіреген күндей қолбасшының қаһарлы даусы бір-бірімен астасып, әбігерге салады.

Сол бала – халқын сүйген ер, елі тыңдаған ұл – Мүлкаман Қалауов еді.

Сол жолы Мүлкаман оқуға түсіп, Алматыда қалды. Біз сәнді сапарымызға риза болып, сергек сезіммен ауылға оралдық. Бірақ жақсылыққа кәусар бұлақ деп ұмтылатын пәк жүрегіміз өз төрінде Мүлкәманды нық жайғастырып жайраңдап қайттық.

Сонан ол елге келген сайын сағынысып кездесетін болдық.

Мүлкаман жарық дүниемен жұбы жарасып, жасындай жарқырап өткен жан еді. Өмірге құлшынып келіп, күрсініп көрмеген, дабылдатқан дәуіріне, үкілі үмітпен алға ұмтылған ақжүрек замандастарына ақша бұлтпен шұрқырасқан қазыналы кеудесін айқара ашып, тың шұғыла шашып өтті. Сол шұғыла кейінгі ұрпақтың кеудесіне тағдырлық әуен болып орнығып, бақыт кілтін ұстауға қол ұшын беріп келеді.

Мүлкаман консерватория бітіріп келгенде Қызылорда педагогикалық институтында саз кафедрасы болатын. Ол тіл және әдебиет факультетіне жанаса жай тапқан еді. Әуен факультетінің жеке шаңырақ көтеруіне қаржы кемшіндігі жол бермей жүрген. Мүлкаман келе сала сол мәселемен белсене айналысып, аз-кем уақытта оң шешімге қол жеткізді. Сыр бойының мәдени мамандыққа сусап жүрген мектебі көзін осылай ашты. Бұл мектептен шыққан кадрлар қазір жауыннан кейнгі бүршік жарған жапырақтай қаулап келеді.

1965-1967 жылдары мен Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істедім. Жастар арасындағы жұмыстың шегі бола ма? Тәрбиелік мәні бар тірліктің түрі көп. Біз соны барынша жан-жақты пайдалануға талпынамыз. Бұл жұмыс негізінен жастардың өз ортасы – мектебі мен жұмыс орнында әртүрлі іс-шаралар арқылы жүреді. Сонымен қатар олар күнделікті қалалық комитеттен де қол үзбейді. Біз бұл жайды да тиімді пайдалануға тырысамыз.

Кейін мен Алматыға Қазақстан комсомолының Орталық комитетіне бөлім меңгерушісі болып келген соң кешікпей Мүлкаман да консерваторияға ұстаздық қызметке келді. Аса білімді әрі қажырлы адамға және өзі жасырғанмен, біз білетін шығармашылық қабілеті бар адамға Үлкен орта, шығармашылық аура керек-ақ еді. Біз жеңілдеп қалғандай болдық.

Мен оны үйге шақырып ерулік бердім. Өз ортасы жайлы, музыка жайлы, жалпы адамзат мәдениетінің даму жолдары туралы не түрлі әңгімелер айтылды. Мүлкаман пианинода көп музыка орындап, менің музыкаға барып жүрген балаларыма ақыл-кеңесін де беріп отырды. Біздің үйде әлем әдебиеті мен мәдениетінің қайраткерлері жөнінде кітап көп болатын. Соған қатты қызығып, біреуін аударып қарай бастады. Бақсам Балакирев екен. Баяғы «Могучая кучканың» жетекшісі ғой. Қызығып тұр. Өзінің кітапханасында жоқ екен.

«Қаласаң ал» дедім. Рахметін жаудырып жатыр.

Мен Мүлкаманды ойласам, есіме әйгілі «Сыр сұлуы» түседі. 1967 жылдың жазы болатын. Ел тағы да дүрлігіп, баяғы Қазан төңкерісінің кезекті онжылдығына, бұл жолы жартығасырлық мерейтойына әзірлік бастаған кез. Космос пен өндірісте қандай табыстармен қарсы алу межеленіп, өнерде қай биікке қол жеткізгенімізді дәлелдеп беру керек болды. Мұның ең тиімді тәсілі облыс жастарынан фольклорлық ансамбль жасақтап, өңірдің қол жеткен табыстарын әсерлі баяндап беретін қуатты шығармашылық топпен сахнаға сюжетті композиция шығару қажеттігі туды. Бұл топтың бағдарламасында қазақтың ежелгі ойындары, күйлері мен билері, халық әндері мен айтыс өнері орын табу керек еді. Топтың құрамында осы бағдарламаны іске асыру үшін халық аспаптар оркестрі, үлкен хор және болымды бишілер қауымы сұрыпталуы көзделген. Шеңбері кең шара.

Мұндай ұжым бұрын-соңды Сыр бойында ғана емес, тіпті қазақ елінде орын таппаған шығар. Сондықтан да облыс басшылары бұл іске аса үлкен жауапкершілікпен қарады. Қойылымның сценарийін жасау ақиық ақын жерлесіміз Асқар Тоқмағамбетов
пен тарлан журналист Оразбек Бодықовқа тапсырылды.

Өңірдің өнерпаз қауымының осы іске тура келетін ұл-қыздарының ішінен 140 адам іріктеліп алынды. Оған жетекшілік жасау үшін Алматыдан арнайы Қазақстан мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Дәурен Әбіров шақырылды. Ол Абай атындағы опера және балет театрының бас балетмейстері болатын.

«Сыр сұлуының» Алматыға барған сапары сәтті болды. Қаланың ірі мәдени ошақтарында көрсетілген өнеріміз тыңдаушының көңілінен шыққаны сол, ең жоғарғы баға алды. Ансамбль таңдаулы топ деп табылып, сол жерден бірден Мәскеуге жол тартты. Қазақ өнерінің күндеріне қатысты. Шетел баспасөзі «бітімі бөлек өнер» деп әлемге жар салды. Сөйтіп жаңа нұсқа ретінде жалаулатып Сыр бойының даңқын аспанға бір-ақ шығарды.

Ұжым содан кейін Мүлкаманның жеке басшылығымен өмір сүрді. Ұзақ және мағыналы өмір сүрді. Халық ансамблі деген атаққа ие болды. Әлемді шарлады. Елімізде «Гүлдер», «Досмұқасан», «Айгүл», «Алатау» деген эстрадалық ансамбльдердің дүниеге келуіне мұрындық болды. Халық санасында «Сыр сұлуы» мәңгі сақталатынына көз жеткізді.

Бұл, сөз жоқ, Мүлкаманның қолтаңбасы екені де даусыз. Мол музыкалық білім, ұлттық өнердің айшықты қырларын жарқыратып көрсету, дирижерлік біліктілік, саяси сауат – бәрі бір адамның бойында жарасым тауып, жас коллективті өнер шыңына көтерді.

Мен Мүлкаман жайлы ойлансам, Сыр бойының ақын-жырауларын былай қойғанда әнші-жыршылары мен термешілері, қобызшы-күйшілері түгел көз алдыма келеді. Сыр жұртының жан тебіренісі мен жүрек қозғалысының иелері, өзім де араласып, қоян-қолтық жұмыс атқарған Арзымбек Мәдединов, Өтеген Спанов, Төлеу Қосанов пен Набат Айдәулетова, Көпжасар Дәулетияров пен Жұмабек Аққұлов, Сламбек Ысқақов пен Өтеген Райымбеков, Тәңірберген Қалауов пен Жеңіс Өтемісов, Зере Мейірбекова мен Сара Боранбаева, ағайынды Салмановтар мен Әбілаш Нысанбаев, Бексұлтан Байкенжеев пен Әлмырза Ноғайбаев, Әскербек Еңкебаев пен Мәдина Ералиевалар есіме түседі. Есіме түседі де жүректі төтенше мақтаныш сезімі қабындырады. Сыр елінің жұртын еңбек қуанышына бөлеп, табыс шыңына өрлетуде бұл адамдардың да мөлшерсіз үлес қосқанына сүйсінем.

Мүлкаман Қызылорда педагогикалық институтында және Алматы консерваториясында көп жыл жастар тәрбиесімен айналысты. Ұлағатты ұстаз болды, білікті маман, профессор. Оның қамқорлығымен буыны қатайған жас өнер иелері бүгіндері еліміздің түкпір-түкпірінде абырой-атаққа ие болып жүр. Мүлкаман қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер. Оның есімі еліміздің мәдениет тарландарымен қатар аталады.

Мүлкаман әріптесіне жібектей жұмсақ, достыққа берік, ағайынға елгезек, отбасына сүйкімді, адал жар, сүйікті әке, салиқалы қарт болды. Сөзге берік, өмірде де өнерде де жасандылыққа жол бермейтін текті болмысымен абызға айналған абыройлы азамат еді. Оның қызба мінезіне сүйіп қосылған бәйбішесі, өзімізбен жас күнінен партия, комсомол жұмыстарында қатар қызмет атқарған Бибайша Байзақованың орнықты кейпі сындарлы сипат беріп, суреткердің үлкен жүрегін ылғи имандылық әрекеттермен қауыштырып отыратын.

Мүлкаман өнерде шебер орындаушы ғана емес, белгілі дәрежедегі шығармашылық дарын иесі. Оның төл шығармалары: «Сыр елі», «Жайлауда», «Той», «Желіс» (күйлер); «Ана туралы ән», «Желбіре, көк байрағым», «Көл жағада», «Жұлдызым», «Сағыныш» (әндер), тағы басқа тартымды туындылары кейінгі ұрпақ жадында мәңгі үн қатып тұратын асыл қазына.

//Сыр бойы.-2014.-12 сәуір.-10 б.



34


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет