Жолдауда айтылғандай, 2003 жылдан бастап ауыл шаруашылығын дамытуға бюджеттен жыл сайын қосымша 8-10 миллиард теңге бөлінбек. Ауылды қолдау басты міндет деген идеяның өзін өрбіте түссек, біздің ойымызша, мемлекеттің материалдық-техникалық қорлардың табиғи монополияларының өніміне бағаның тепе-тендігін қамтамасыз ету және мемлекеттік тапсырыс бойынша сатып алынатын ауыл шаруашылық өніміне кепілді баға белгілеу жөніндегі реттеуші қызметін көтеру қажет.
Астыққа мемлекеттік тапсырысты қалпына келтіру немесе өндірушілердің өндірістік шығынын өтеп, қайтарып және белгілі дәрежеде табыс беретін кепілді бағамен «Азық-түлік корпорациясы арқылы» мемлекет мұқтажы үшін сатып алынатын өнім көлемін 50 пайыз көбейту, сондайөақ экспортқа бағдарланған өнімді міндетті түрде мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етеді.
Несие саясаты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге берілетін банк қарызына ішінара мемлекеттік кепілді кқамтамасыз етуге, несие үшін алынатын өсім деңгейін төмендетуге, мемлекет қатысуымен несие серіктері желісін ұйымдастыруға, қысқа мерзімді (ағымдағы шығындарға) және ұзақ мерзімді (негізгі қорларды толықтыруға) несие беру жүйесін қалпына келтіруге бағытталуға тиіс. Қысқа мерзімді несие үшін қолайлы ақы – жылына 10-12 пайыз, ұзақ мерзімді несие үшін – 3-5 пайыз болып табылады, несиені банктер тауар өндірушілерге жыл басында аса сапалы тұқым мен асыл тұқымды мал сатып алуға төмен пайыз бен бергені жөн.
Ипотекалық несие жүйесі тек мүліктік (негізгі қорлар) кепілмен ғана емес, сондай-ақ азаматтардың жеке меншігіндегі немесе пайдалану құқығындағы жерлерді кепілдікке алу арқылы да дамуға тиіс. Ипотекалық қарызды өтеу кепілдігін қамтамасыз етудің көздері мыналар болуға тиіс: жер учаскесін сатқан кездегі және жерді пайдалану құқығы жөніндегі мәмледен алынатын процент; жер салығынан белгілі бір пайыз түрінде түсетін төлем; ипотекалық несие базарына қатысудан алынатын табыстың бір бөлігі; республткалық және жергілікті бюджет қаржылары.
Жеке тұлғалардан және заңды тұлғалардан салық алу жүйесінде бірыңғай әдіс қолдану қажет. Жер және салық заңдары арасындағы орын алып келген қайшылықтар жойылуы керек. Бүгінгі күні шаруа қожалықтарының (фермерлерден) жердің бағаланған құны негізінде бірыңғай жер салығы алынады, ал заңды тұлғалардан (ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтер, ЖШС, АҚ) алынатын жер салығы топырақтың балл-бонитет бойынша жасалған патент құрамында көрсетіледі.
Сөйтіп, жер салығының негізгі кемшілілігі оның мөлшерін бонитет балына сай топырақтың сапалық қасиеті бойынша анықтау болып табылады. Салықты ауыл шаруашылық жерлердің нормативтік бағаланған құнына белгілі бір пайыз мөлшерінде анықтаған пайдалырақ деп санаймыз. Жер сату базарының дамығанын және ауыл шаруашылығының табыстылығын мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету керектігін ескерсек, жердің базар бағасы негізінде салық салу негізсіз болар еді. Жер салығының экономикалық табиғаты салықтың басқа да кез келген түрі сияқты қосымша өнім болып табылады, осыған байланысты жер салығын тауар өндірушілерден дифференциалдық рентаны алу механизмі ретінде қарастыру керек.
Дифференциалдық рентаны жер салығы түрінде анықтаумен алудың әдістемелік жолы-ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді республика аумағында басты ауыл шаруашылық дақылдарды егілетін аймақтар бойынша топтау негізінде жер салығы аумақтарын анықтау. Мұндай әзірлеменің жаңалығы – Қазақстан аумағында бағаның және жер салығының бірыңғай аймағын белгілеу.
Қазіргі жер салығының негізіне жердің биологиялық бағасы мен оның құнын бағалау нәтижесі алынған. Таяу жылдарда, әлемнің көптеген елдерінде қолданып жүргендей, жер салығын жердің нормативтік бағасының немесе базар құнының белгілі бір пайызы мөлшерінде есептеу қажеттігі туындайды.
Жер салығы мөлшерін нақты ғылыми негіздеп белгілеу үшін оның обьективті базасын – жер кадастарын, жердің экономикалық бағасын түбегейлі әзірлеу қажет. Бұл көрсеткіштерге жыл сайын түзетулер енгізіліп отыруға тиіс, ал жер учаскесін бөліп берген кезде жерге орналастыратын органдардың жердің экономикалық бағалануымен бірге сол жер учаскесінде немен шұғылдану, қандай дақыл себу, қашан себу пайдалы деген ұсыныстар бергені тиімді. Мұндай есептік деректерді жер учаскелерінің шын мәніндегі бағасын белгілеген кезде пайдалану керек.
Суармалы егістікте су ақысының мөлшері экономикалық, биологиялық және жағрапиялық жағдайларды, аудандардың мамандандырылуын, республикада суармалы жерлерде ауыл шаруашылығының белгілі бір салаларын дамыту қажеттігін, су көздерінің алыс-жақындығын, табиғи қашыртқылардың бар-жоқтығын, судың сапасын, елді мекендерден қашықтығын, өсірілетін дақылдардың биологиялық ерекшеліктерін, экологиялық қауіпсіздікті және басқа шарттарды ескеруі қажет.
Ауыл шаруашылығы суын тұтынушыларға жеткізіп беретін мемлекеттік құрылымдар арасындағы өзара қарым-қатынастың ыңғайлы да оңай болуы үшін әрбір әкімшілік ауданда Мемлекеттік су инспекциясының заңдық, экономикалық және әлеуметтік өзара қатынастардың барлық жақтарын ескеретін тиісті жарғысы бар филиалдарын ұйымдастыру қажет.
Құнарлы жерлерді ауыл шаруашылығынан өзге мақсатта басқадай қажетке пайдалануға жол бермеу үшін осы ереженің бұзылуына жауапкершілікті қатайта түсу қажет. Мұндай жағдай бола қалған күнде жерді пайдаланушы немесе жердің иесі жергілікті бюджетке жерде басқа мақсатқа пайдалану мәнісін жоятындай мөлшерде айыппұл немесе салық төлеуге тиіс.
Нарықтық тұрпаттағы ауыл шаруашылық кәсіпорындары қалыптасу сатысында екенін ескеріп, оларды қаржылық ауыр жағдайдан шығару үшін 20 бонитеттік балдан төмен бағаланған жер учаскелерін салықтан босатуды ұсынамыз. Бұл шара ұзақ мерзімді болуы тиіс және заң жолымен кемінде 10 жыл мерзімге енгізілуі қажет.
Жоғарыда айтылған принциптерді ескере отырып, салық жүйесін құруға төмендегідей талаптар қою қажет.
Салық қалай болса солай емес дәл анықталуы тиіс, мұның өзі төлеушінің өз жұмысын, оның қаржылай нәтижесін болжай отырып жоспарлануына мүмкіндік береді. Салықтың анық болмауы немесе толық анықталмауы кәсіпкерлік істің қауіп-қатерін көбейтеді, шенеуніктердің заңсыздығына жағдай туғызады.
Төлеу мерзімі салық төлеушілерді толық қанағаттандыруға тиіс. Бұл талап оларға қолайлы жағдай тудыру ниетінен ғана емес, олардың қаржылық мүмкіндіктерін ескеруден де туындайды. Ауыл шаруашылық өндірісі маусымды болғандықтан, ақшалай табыс жыл ішінде бірқалыпты түсіп отырмайды.
Салық салу әдістері мен төленетін сомасы оны төлеуші өте анық және түсінікті болуға тиіс. Бұл жағдай бұзылса, салық қызметінің жүгі қатты ауырлап, ол қызмет пен төлеушілер арасындағы дау-жанжалды жиілетеді.
Салық жинауға жұмсалатын шығын барынша аз болуға тиіс. Бұл талап барлық жүйелер үшін бірдей және олардың тиімділігін анықтайды.