Қорытынды
Ұзақ жылдар бойы «ұлтшылдық» әдебиетінің өкілі деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен қазақ педагогикасының көрнекті қайраткерлерінің бірі Мағжан Жұмабаев құнды еңбектерінің авторы болуымен дараланған ірі тұлға. Қазақ педагогика ғылымынан ерекше орын алатын М. Жұмабаевтың «Педагогика» атты еңбегі алғаш рет 1922 жылы Орынбор қаласында жарық көрген. Коптеген практик мұғалімдердің сынынан өткен еңбегі туралы М.Жұмабаев былай дейді: «Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым». Оқулықтың бірінші бөлімі педагогиканың жалпы мәселелеріне арналған. Онда дене тәрбиесі мен ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі мен әдеп-құлық тәрбиесі ретінде төрт тұрғыдан сөз қозғалып, олардың бір-бірімен табиғи тамырластығы түсіндірілген. «Баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек заманына лайық қып шығару»,-дейді М.Жұмабаев. Ақынның сол кездегі ой-пікірін қазіргі заманның тәрбие мақсатының талабымен ұштастыруға болады. Оның туған халқының тәлім-тәрбиелік бай мұрасын игеру жөніндегі бағыт-бағдары да құптарлық. «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»,- дейді Мағжан Жұмабаев. Ақын халық тәрбиесін қастерлей отырып, оны да жұрт талқысынан өткізіп қабылдаудың қажеттігін ескертеді. «Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр»,- дей келіп, Мағжан тәрбиешінің педагогикалық шеберлігін ұштау мәселелеріне ден қояды. Жұмабаевтың көшпелі қазақ тұрмысындағы тәлім-тәрбиеге байланысты көзқарасында да ұлттық бояу байқалады. «...Киіз үйдің ішінде баланы ұстай білуде. Шын таза ауа сол киіз үйде болмағанда қайда болады? Тегінде жаратылыспен бауырласып құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік қылып, үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді.... Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл»,-деп жазады Жұмабаев. Оның осы ойлары адамның табиғатпен кіндіктестігін ескере келіп, тәрбие жұмысының жаратылыспен бірлестігіне көңіл аударады. Табиғат-анадан айнып, немқұрайлы салқындықпен сырт айналудың зардабын бүгінде де ғылымдық мәселеге айналып отырған экологиялық алаңдау жақсы айғақтауда. Ғалымның ұстаздық жүрегі, ақындық сезімі ұрпақ тәрбиесін табиғаттан тыс қарастыра алмағаны анық.
М.Жұмабаев – орыс педагогикасының атасы К.Д. Ушинский сияқты педагогиканы психологиямен атастыра байланыстырған тұңғыш қазақ ойшылы. Ол диалектиканың психологиясыз, әсіресе шәкірттердің жан жүйесі (зәйін, ес, қиял, ойлау, сөйлеу т.б.) ерекшеліктерін ескермейінше, оқу-тәрбие процесінің теориялық қисындарын баяндайтын педагогиканың дәрменсіз болатындығын көрсетеді. Педагогика адамды жан-жақты терең зерттеу қажеттігіне нұсқаған ұлы Ушинскийдің пікірімен Мағжан ойлары да ұласып жатыр. Ұлы ақынның методикалық еңбектері дері де психологиялық жағынан ерекше көңіл аударарлық. Бұлар өз алдына бөлек әңгіме ететін мәселе. «Қазақ Пушкині» атанған дүлдүл ақын Мағжан Жұмабаевтың сонау дүрбелең шақта айтқан тәлім-тәрбиелік ойларына қайран қалмасқа болмайды. М.Жұмабаев «Педагогика» атты еңбегің ұстаздарға тарту еткенде мынандай жақсы сөздер қалдырған: « Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Еліміздің азғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі. Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір қазақ мұғалімдері! Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам. Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар» - деген тамаша сөздері ұстаз бойына рух беріп, қанаттандырады. Туған халқының егеменді ел болып, дүниежүзілік өркениет жолына түсуі үшін «Жарты жаңқасы» қалғанша жан кешті еңбек еткен өзінің ардагер замандастары сияқты, Мағжан да елінің ертеңі жас ұрпақтың қалай өсіп, тәрбиеленуіне тікелей байланысты деп қарады.
Бүгінгі білім беру парадигмасы тұрғысынан қарастырсақ, М.Жұмабаевтың педагогикалық идеяларының маңызы, өзектілігі соңда: оны біліктілікті арттыру жүйесін модернизациялаумен тығыз байланыста қарастыруға болады. Сондықтан да М.Жұмабаевтың педагогикалық идеяларын мазмұндық негіз ете отырып және бірқатар ғалымдардың қазіргі біліктілікті арттыру жүйесін модернизациялау шарттарына (Б.Әлмұханбетов, К.Қожахметова, М.Көпжасарова, А.Жайтапова, Ж.Қараев, Ж.Кобдикова, К.Құдайбергенова, т.б.) сүйене отырып және тындаушылардың біліктілігін арттыруға қолайлы дамытушы орта жасау мақсатында біліктілікті арттыру курсының құрылымына өзгеріс енгізу уақыт қажеттілігі деп түсінеміз. Қазіргі таңда білім беру саласындағы түбегейлі өзгерістерге сай өз біліктілігін жетілдіру, әсіресе, ұлттық педагогикалық ой-пікір аясында білім көтеру мүмкіңдігіне зәру болып отырған уақытта бұл - заман талабынан туындаған қажеттілік. Ендеше курстық жұмыс барысында мынадай міндеттерді шешуге баса назар аудару қажет. - М.Жұмабаевтың педагогика саласындағы еңбектерінің бүгінгі білім беру мақсаттарымен үндестігі туралы түсінік беру; - М.Жұмабаевтың педагогикалық ой-пікірлері қазақ тілі мен әдебиетін оқыту құралы ретінде қолдану- - М.Жұмабаевтың педагогикалық идеяларын пәнді оқыту құралы ретінде пайдаланудың маңызын түсіндіру; - М.Жұмабаевтың педагогикалық идеяларының пәнді оқытуда пайдалану жолдарын жасап, тәжірибеге енгізу. Жоғарыда аталған міндеттерді жүзеге асыра отырып, нәтижесінде оқушылардың оқу-танымдық әрекетін ұйымдастыру формаларын М.Жұмабаевтың педагогикалық ой-пікірлеріне сәйкес жоспарлап, сабақ барысында мақсатты пайдалану біліктілігін көтеруге қол жеткізуге болады.
Достарыңызбен бөлісу: |