ІІ. М. Жұмабаев педагогикасы - ұлттық тәлім-тәрбие өрнегі ретінде
2.1 М. Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегінің құндылығы
Мағжанның аталмыш кітабы «Педагогика» деп аталғанымен, түгелдей дерлік психология мәселелерін сөз етіпті. Мәселен, шағын еңбектің 17 тарауының 13 тікелей психология мәселелеріне арналған. Мұнда тікелей педагогика қисындары екі-ақ тақырып («Педагогика бөлімдері», «Жалпы педагогика») арналып, оларын автор бар болғаны 13 бет көлемінде баяндапты. Сөйтіп, барлығы 106 беттен тұратын кітаптың қалған таруалары адамның жан дүниесінің әр түрлі жақтарын сипаттайды. М.Жұмабаев орыс педагогикасының білгір классигі К.Д.Ушинскиймен педагогиканы жан сырының заңдылығын зерттейтін психология ғылымымен байланыстара қарастырған тұңғыш қазақ ойшылы. Ол педагогиканы психологиясыз, яғни тәлімгер атаулы шәкірттердің жан жүйесі (зейін, ес, қиял, ойлау, сөйлеу, т.б.) ерекшеліктерін ескермейінше, оқу-тәрбие процесінің теориялық қисындарын баяндайтын педагогиканың дәрменсіз болатындығын ерекше ескертеді. М.Жұмабаевтың осы кітабындағы педагогикалық ой-түйіндерінің негізгі арқауы «... адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам баласының, әсіресе жанын, тәрб ие қылу керек деп ұғу керек... Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең... Адам тілі арқасында ғана жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады... Ұлттың тілі кеми бастауы құри бастағанын көрсетеді... ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай анық көрініп тұрады. Ата-ана қатал болса, бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ. Сондықтан баланың маңындағы адам дұрыс мінезді болу керек... адамның өзін-өзі тексеруі оның жан тұрмысының өркендеуіне түзу жолға түсуіне бірінші шарт. Қазақтың қаны бір – жаны бір жолбасшысы – мұғалім. Тәрбиешінің табансыздығын сезсе, бала онымен сөйлеуден, тілін алудан қалады ...» [9;12б.] т.б. дегендерге саяды. Ұлы ақынның әдістемелік еңбектері де психологиялық жағынан ерекше көңіл аударарлық. Мәселен, оның қазақ мектептеріне оқу құралдарын қандай етіп жазу керектігі жайлы «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз», «Бостандық туы» (1921), сондай-ақ «Сауатты бол» (1926), «Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы» (1925), «Әліппе» ересектерге арналған, (1929) т.б. газет-журналдарда жарияланған ғылыми методикалық мақалалары өз алдына әңгіме етуді қажет ететін тақырып. Кезінде «Қазақ Пушкині» атанған дүлдүл М.Жұмабаевтың сонау дүрбелең шақта тұжырымдаған тәлім-тәрбиелік ойлары арнайы зерттеуді қажет ететін проблема. Педагогы-зерттеуші А.Қыраубаева айтқандай «... болашақ мұғалімдерді қазақ баласының жан дүниесі мүлде ескертілмеген орысша оқулықтардың аудармасымен оқытпай, Мағжан «Педагогикасындағы» ойлармен нәрлендіретін кез келді. Мағжан педагогикасы – аса сезімтал, саясаттан тыс, бала жүрегін жаралайтын адамгершілікті педагогика». («Қазақ әдебиет», 1992, 14 тамыз). Педагогика — тәрбие жөніндегі ғылым. Оның басты міндеті адам тәрбиесі жөніндегі ғылыми білімдерді жинақтау және жүйелестіру. Педагогика адамдарды тәрбиелеп, білім беріп оқыту заңдылықтарын ашып, ең пайдалы педагогикалық жолдарын көрсетеді.
ХХ ғасырдың басында бір кезде Шоқан, Ыбырай, Абай көтерген ағартушылық қозғалыстың туын Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтар жалғастырды.
Жерлес ақын, әдебиет зерттеушісі Мағжан Жұмабаев: «Тәрбие — кең мағынасымен алғанда, балаға тиісті азық беріп, сол баланың дұрыс өсуіне көмек көрсету деген сөз. Тәрбие, негізінде, төрт түрлі болады: 1) дене тәрбиесі, 2) ақыл тәрбиесі, 3) сұлулық тәрбиесі, 4) құлық тәрбиесі. Бала тәрбиесі — бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Жалпы тәрбие пәні — педагогика деп аталады. «Педагогика грек елінің сөзі. Пед — бала, агоги — жетектеу деген екі сөзден құрылған. Бұрын Грецияда балаларды бағып, мектепке алып келіп жүрген адамды педагог деп атаған екен» — деп айтып кеткен.
Мағжан – лирикалық өлеңдермен қатар бірнеше көркем поэмалар жазған ақын. Атап айтқанда, «Қойлыбайдың қобызы», «Батыр Баян», «Қорқыт», т.б. поэмалары ақын талантының ерекше қырын танытады. Әдеби шығармаларымен бірге Мағжанның қаламынан туған ғылыми еңбектер, оқу құралдары да кезінде халқының қызметіне жарап, елеулі мәнге ие болды.
Әрi лирик ақын, әрi аудармашы, әрi ұстаз-ғалым Мағжан Жұмабаев ондаған поэма, жүздеген лирикалық өлеңдерiмен бiрге жастарды оқу, білімге шақырған оқытушылық қызметтi атқара жүрiп, тұңғыш педагогикалық оқулықтар жазып қалдырды. Ақынның “Бастауыш мектепте ана тiлi” (1925), “Сауатты бол” (1926), “Педагогика” (1922) атты оқулықтары бүгінгі күннің өзінде педагогика және әдiстеме ғылымдарына қосқан тың үлес болып саналады. М.Жұмабаев орыс, батыс педагог-психолог ғалымдар еңбектерiн оқи отырып, сонымен бiрге тәрбиенiң ұлттық ерекшелiктерiн ескере өзiнiң “Педагогика” атты оқулығын жазудағы ұстанымын былайша сипаттайды: “Тәрбие ғалымдарының пiкiрлерiн таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым… Бiзде бұрын пән тiлi болмағандықтан түрлi терминдерге тап басқанда қазақша сөз табу көп күшке тидi. Қалайда курстарда оқыған мұғалiмдердiң жәрдемiмен таза орыс сөздерi қазақшаға айналдырылды. Ал ендi жиһан тiлi болып кеткен сөздерi қазақшаға аударам деп азаптануды тиiс деп таппадым”.
Шынында да ол кезде қазақша педагогикалық терминдар жоқтың қасы едi. М.Жұмабаев жүздеген педагогикалық жаңа терминдердi ойлап тауып, тiлiмiзге енгiзген. Оқу құралының бiрiншi бөлiмiнде педагогиканың жалпы мәселесiне арналған. Оның пiкiрiнше тәрбие саласы төртке бөлiнедi. Олар: дене, жан, ақыл тәрбиесi, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесi. Тәрбиенiң бұдан басқа да бiрнеше түрлерi бар. Автордың төрт тәрбиеге баса көңiл бөлуi сол заманның талабынан туған көзқараспен астасып жатыр. Бүгiнгiдей экономикалық, экологиялық және құқықтық тәрбие ол жылдарды, яғни 1930 жылдары онша өзекті мәселе болмаса керек. Автор тәрбиенiң осы төрт түрiн жан-жақты түсiндiре келiп, былай дейдi: “Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегiс берiлсе, оның тәрбиесi түгел болғаны. Бала берiк денелi болса, түзiк ойлайтын, дұрыс шешетiн, дәл табатын ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемi түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиренiп, жақсылықты жаны тiлеп тұратын құлықты болса ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы… Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын…” Баланы келешек заманына лайық қылып шығару” – деген пікірі арқылы М.Жұмабаев тәрбие мақсатын айқындап бередi. Автордың туған халқының тәлiм-тәрбиелiк бай мұрасын игеру жөнiндегi бағыт-бағдары да құптарлық. “Ұлт тәрбиесi – деп жазды ол, – баяғыдан берi сыналып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбiр тәрбиешi сөз жоқ, ұлт тәрбиесiмен таныс болуға тиiс. Сол ұлт тәрбиесiмен тәрбие қылуға мiндеттi”. Мағжан сонымен бiрге ұлт тәрбиесiне сын көзiмен қарап, тозығынан озығын айыра бiлуге шақырады. “Киiз үйдiң зиянды жағы болғаны сияқты, – деп жазды ол, – пайдалы жағы да бар. Әңгiме сол киiз үйдiң iшiнде баланы ұстай бiлуде. Шын таза ауа сол киiз үйде болмағанда қайда болады? Ал балаға таза ауа аса қажет… Малмен бiрге жүрiп, бiрге өскен қазақ баласын аса нәзiк қылып, үлбiретiп тәрбие қылмағаны дұрыс болмас… Қазақ баласының тәрбиесi қазақ тұрмысына қабысуы мақұл”,- дегендi айтады. Яғни, баланы жастайынан шыңдалып, өмiрге бейімдеп үйрету қажет дегендi айтады. Автор“Қазақ бесiгi-аса ұқыптылықпен жасалған нәрсе. Жөргегi, тартпалары, астындағы тесiгi, шүмегi, түбегiмен баланың таза, жинақы жатуына көп себепшi” дей келе, қазақ бесiгiнiң құрылымын жетiлдiрудi (қол, аяқ бауларды жалпақ жасамау және қатты тартып байламау секілді) ұсынады.Мағжан Жұмабаевтың “Педагогикасы” он төрт тараудан тұрады. Соның он тарауы ұлттық психологияны сөз етедi. Ал жан көрiнiстерiн ол “бiлу, яки ақыл, сезiм яки көңiл, һәм қайрат” — деп үшке бөлiп қарастырады. Олардың өзара табиғи үйлесiмiн Абай тұжырымымен байланыстырып, Абайдың “Ақыл, қайрат, жүректi бiрдей ұста, Сонда адам боласың елден ерек” – деуi ақыл (ми) мен ерiк, жiгердi байланыстыру деп қарастырады. Ол сыртқы сезiмдердi: көру, есту, иiскеу, тату, сипау (ет сезiмi) деп беске бөлiп қарастырып, олардың атқаратын қызметiне, ерекшелiктерiне сипаттама бередi. Оларды дұрыс жетiлдiрудiң жолдарын көрсетедi. Бұларды жетiлдiруде ұлттық дәстүрге сүйене отырып жүргiзудi, мәселен құлынның кiсiнеуiн, қойдың маңырауын, түйенiң боздауын ажырата бiлу арқылы тәрбиелеудi ұсынады. М.Жұмабаев: “Адамның әдемiлiктi сүю сезiмiн тереңдететiн де осы есту сезiмi”, [10;54б.] – дей келiп өз пiкiрiн гректiң Орфейi, қазақтың Қорқыт күйлерi туралы ойларымен тиянақтайды. М.Жұмабаев адам өмiрiндегi қиялдың (фантазияның) рөлiне тоқтала келiп “Қиялы дамымаған адам мылқау адам… Қиял адам ойын дамытады… Ол үшiн балаларға жастайынан қиял-ғажайып ертегiлер айтқызып үйрету керек” дейдi. Мағжан ой-қиялдың өрiстеудегi тiлдiң рөлiне тоқтала келе “Бiр ұлттың тiлiнде сол ұлттың жерi, тарихы, тұрмысы, мiнезi көрiнiп тұрады… Ұлттың тiлiнiң кеми бастауы – ұлттың құри бастауы… дегендi айтады. Мағжан орыс педагогикасының атасы К.Д.Ушинскийше, педагогиканың жан сырын терең зерттейтiн психология ғылымы мен байланыстыра қарастырады. Сөйтiп, ол қазақтың халық педагогикасын ғылыми тұрғыда қарастырып, тұңғыш этнопедагогика ғылымының теориясын жасаушы болды.
Сөзімнің соңында ақынның поэзиясына аздап тоқталайық. М.Жұмабаев өзінің шығармалары арқылы да жастар тәрбиесіне аса көп назар аударады. Болашақ ұрпақтың жасқаншақ, қорқақ, жалтақ болмай өсуін аңсауын ақынның өлеңдеріндегі жалындатқан ұранды сөздерінен пайымдауға болады. Туған халқының, түркі дүниесінің басындағы ауыр халді, мұңдана баяндаған өлеңдерінің өзін Мағжан айрықша оптимизммен қорытып отырады. Ақынның лирикалық кейіпкері – аса батыл, нені болса да кесіп айтатын өткір жан. Бір ғана мысал ретінде «Мен кім?» өлеңін алайық:
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте – бұлт, жерде желмін гулеген,
Жер еркесі - желдің жөнін кім сұрар? Жоғарыда аталғандай, бұл шығарма Мағжанның лирикалық кейіпкерінің дәл осынд ай айбатты да қайратты, адал да қайсар бейнесін ашып береді. Ақынның «мені» өзін көктегі күшке, түпсіз теңізге, қызуы мол жалынға, жүйрік тұлпарға теңейді. Патшадай қаһарлы, қазыдай әділ, бидей шешен де өзі.
Олай болса, оған қарсы тұрар күш бар ма?
Өзім – тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім-кұран, бағынамын сөзіме!
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,
Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе, [11;108б.] - деген лирикалық кейіпкер сөзінде.
Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш –жастар. Олай болса, өмір бойы «алаш» ұранын көтеріп өткен Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің «Мен жастарға сенемін» деп аталатын өлеңінде де ол жас жеткіншектерге үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан қыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен сүйкімді мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанады. Шабыттана жырлайды. «Мен жастарға сенемін!» деп асқақтай сөйлейді.
Достарыңызбен бөлісу: |