Мазмұны кіріспе І. МҰсылмандық ҚОЗҒалыстың пайда болуы және қазақ ҚОҒамы


Отарлық езгіге қарсы наразылықтың күшеюі



бет2/6
Дата26.06.2018
өлшемі452 Kb.
#44681
1   2   3   4   5   6

1.2. Отарлық езгіге қарсы наразылықтың күшеюі.

«Ресей мұсылмандары одағының» құрылуы
Патша өкіметінің озбыр отаршылдық саясаты, қоғамдық өмірдің барлық салаларын орыстандыруға бағытталған әрекеті империядағы мұсылман халықтардың тұрмыс-тіршілігін тығырыққа тиеп, олардың өркениетке қарай даму процесін тежеді. Мұндай жағдай Ресей мұсылмандарының наразылығын туғызып, азаттық жолындағы күресіне алып келді.

ХІХ ғасырдың соңына қарай азаматтық дамуда тоқырауға ұрынған Ресейдегі түркі мұсылман халықтарының саяси оянуына ықпал еткен орасан зор күштің бірі жәдидшіл қозғалыс болды. Жәдидшіл қозғалыстың көш басында мұсылман халықтарын өркениетке тартып, оларға европалық білім мен озық идеяларды тартуды көздеген И.Гаспринский тұрды. Оның 1881 жылы Ресей мұсылмандары арасында ұлт бостандығы туралы идеяның таралуына түрткі болған «Русское мусульманство» атты саяси памфлеті жарық көрді. Бұл памфлетте патша үкіметінің орыстандыру саясаты, білім беру жүйесі батыл сынға алынып, мұсылмандардың рухани өсуіне мүмкіндік беру талап етілді. Түркістан семинариясының қазақ шәкірті қолынан аталмыш памфлеттің табылуы [59] оның сол кезде-ақ мұсылман халықтары арасына кеңінен таралғанын аңғартады.

И.Гаспринский мектеп, медреселерде діни сабақтармен қатар, дүниеуи ғылымдар – математика, жағрафия, тарих және т.б. пәндерді оқыту заман талабы екенін насихаттады. Сондай-ақ жас баланың тәрбие алатын жері мектепті түзеп, ұлтшылдық тәрбиесін мектептен бастау керектігін баса көрсетті. Ол осы мақсатта алдымен араб алфавитін түркі халықтарының тіліне лайықтап, дыбыстық естілу ерекшеліктеріне сәйкес бір ізге түсірілген жазу ісін – еске «қадымшылықтан» «усул-жәдидке» көшуді ұсынды. 1883 жылдан бастап өзі түзген әліпби негізінде «Тілде, пікірде және істе бірлік» деген ұранмен «Тәржіман» газетін шығарып, Ресейдің түркі тілдес халықтары арасында ортақ әдеби тілдің қажеттілігі мәселесін алғаш рет көтерді. «Тәржіман» газеті осы әдеби ортақ түркі тілінде шығарылды [60]. Ортақы түркі тілінің османдықтар мен Ресейдің түркі халықтарына түсінікті болуына көп көңіл бөлінді. Ортақ түркі тілін жасаудағы мақсаттың бірі түркі халықтарын бір-біріне жақындастыра түсуі еді. Азербайжан халқының ХХғ. басындағы көрнекті саяси қайраткері Расул Заде: «Түрікшілдік саяси қозғалыс емес, ол ғылыми-философиялық, этикалық мектеп. Мәдени бірігу жолындағы күрес тәсілі. Европалық ұлтшылдық-идеология, саясатта агрессия, ал Шығыстағы ұлтшылдық-әлеуметтік жағынан прогрессивті құбылыс, саясатта қорғаныс болып табылады» [61], - деп көрсетеді.

Діни-схоластикалық мұсылмандық оқу жүйесін дүниауи білім алуға сәйкестендіріп қайта құруды ұсынған И.Гаспринскийге пікір қосушылар да шықты. Еділ бойындағы алдыңғы қатарлы татар зиялылары арасында И.Гаспринскийдің пікірі үлкен қолдауға ие болды. «Тәржіман» газеті Түркістан өлкесіне де жетіп, ондағы жастарды оятып, жәдидтер тобын тәрбиелей бастады. ХІХғ. соңына қарай мектеп, медреселердегі өз беделдерінен айырылып қалғысы келмеген консервативтік пиғылдағы дінбасылардың қарсылығына қарамастан жәдидшіл қозғалыс кең өріс алды. Мұсылман дін иелері жәдидшілдерді дұрыс түсіне алмай, олардың әрекетін шариғатқа қарсы деп бағалады. Алайда жәдидшілер мұсылман дінін теріске шығарған жоқ, керісінше «Құранды» әр ұлттың өз тіліне аударып, оның мағынасын түсінуге көп көңіл бөлді.

Жәдидшілтердің ағартушылық қызметі реформаторлық сипатта болып, ол негізінен қоғамдық өмірде орын алған феодалдық тәртіпке және патша өкіметінің орталық саясатына қарсы бағытталды. Мұсылман халықтарының фабрика, заводтары және оқу орындары болып, олардың ерікті, әрі өркениетті болуын, басқа халықтармен қатар тұруын қалады.

Ресейдегі барлық мұсылман елді мекендеріндегі секілді ғасыр басында қазақ даласында да жәдидшілтік мектеп болса, 1903 жылы Қазалы мен Перовскіде де мұндай мектептер ашылып, саны жағынан көбейе түсті [62]. Түркістан 1905 жылы жәдидтік мектептердің саны 35-ке жетті [63]. Жәдид мектептеріне мамандар тәрбиелеуде Уфадағы «Ғалия», «Хусаиния» медреселері, Орынбордағы «Мұхаммедия», Қазан медреселері елуді қызмет атқарды. Онда оқитын басқа да мұсылман халықтарының баларымен бірге қазақ жастарының саны да жыл өткен сайын өсе түсті. Оның үстіне аталмыш медреселердің мұғалімдері мен шәкірттері қазақ даласында көшпелі төтте оқу мектепрін ашып, қазақ балалрына дүниауи білім берді. Мұндай мектептердің ашылуына байланысты орыс-түзем мектептеріндегі қазақ оқушыларының көшпелі жәдид мектептеріне ауысу оқиғалары байқала бастады. В.Бартольд атап көрсеткеніндей ендігі жерде Европа мәдениетін насихаттауда Еділ татарлары орыстардың бірден-бір бақталасына айналды [64]. Патшалық өкімет европалық өркениетке мұсылман халықтары тек орыстану арқылы жетеді деген көзқараста болса, ал жәдидтер бұған қарсы шығып, ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, өркениетті елдер қатарына қосылу мүмкін екендігін дәлелдеуге тырысты.

Екпін алған жәдидтік қозғалысқа патша өкіметі үреймен, сескене қарады. Оны полиция Департаментінің 1900 жылы желтоқсан айында Жетісу әскери губернаторына жіберген мына бір нұсқау хатынан аңғаруға болады. Онда: «Соңғы кезде татар әдебиеттерінде орыс мемлекетінің 14 миллионнан астам мұсылмандарының көп ғасырлық өмір салтын өзгеріске түсіретіндей күшті ықпал байқалуды. Бұл ықпал Гаспринскийдің 1884ж. жарияланған әліппесінен басталады. ...Орта Азиядағы оқығалар әсіресе Әндіжан көтерілісі бізге мұсылмандар арасындағы кез келген қозғалысқа асқан сақтықпен, әрі қырағылықпен қарауды көрсетіп отыр», - делінген.

Жергілікті әкімшілік орындарынан Ішкі істер министрлігіне: «Қазіргі уақытта қазандық және басқа да татарлар бөле болды. Олар орыс мәдениетінің нағыз жауыздары, қарсыластары ретінде, өздерінің зиянды ықпалымен, діни уағызымен, сондай-ақ түрлі басылымдары арқылы тыныш жатқан тамаша қазақтарды азғындық жолға түсіруге тырысуда» [65], - деген шағымдар түсіп жатты. Қазақтар арасында мектептер ашқан татар мұғалімдері ауыл жастарын патша өкіметіне қарсы тәрбиелеп отыр деген желеумен елден қуыла бастады. Олардың қазақ даласына келіп-кетуіне шек қойылды [66]. Алайда, патша өкіметі ұлттық сана-сезімнің оянуын барынша тұмшалауға тырысып, жәдидтік қозғалысқа қарсы күресте өзінің барлық күшін жұмылдырғанымен одан елеулі нәтиже шықпады.

Ресей мұсылмандары арасында отаршылыққа қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу онан әрі өрістей түсті. Бұл істе Орынбор діни басқармасында қызмет атқарған саяси күрескер, татар азаматы А.Ибрагимов ерекше көзге түсті. Ол 1893 жылы діни қызметін тастап, Түркияға кетті. А.Ибрагимов Түркияда жүріп шетелдік басылымдар арқылы патша өкіметінің отаршылдық саясатын сынға алып, әлем жұртшылығының назарын Ресей мұсылмандарына бұруда елеулі еңбек сіңірді. 1895ж. Түркияда өзінің әйгілі «Шолпан жұлдызы» атты кітабын жариялады. Оның бұл аітабы мұсылман халықтарының ұлттық-саяси мәселелерін көтерген тұңғыш эмигранттық шығарма болды. ХХ ғасыр басында А.Ибрагимовтың «Шолпан жұлдызы» Ресейге жетіп, мұсылмандар арасында зор беделге ие болды. Патша тыңшыларынан жасырын түрде қолдан қолға өтіп, мұсылман халықтарының саяси оянуына өз септігін тигізді.

А.Ибрагимов 1904ж. Стамбул қаласында орыс үкіметінің шешіміне орай қолға түсіріліп, абақтыға жабылған кезде, бұл хабар бүкіл Ресейге тарап, халықтың талап етуімен көп ұзамай босатылды. Ол 1904ж. қыркүйек айынан 1905 жылға дейінгі мерзімде мұсылман елді мекендерінде, атап айтқанда Қазанда, Перьмде, Уфада, Тройцкіде, Петропавлда (Қызылжарда) болып мұсылмандардың жалпы жағдайымен танысып, өз үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. 1904ж. Петропавл (Қызылжар) қаласында болған кезінде сол өңірдегі казак, татар өкілдерін жинап, мәжіліс өткізіп, өлке мұсылмандарының талап-тілектерін тұжырымдап, Министрлер Комитетінің төрағасы граф Витте атына өтініш жіберуін ұйымдастырды.

Бірінші орыс революциясы қарсаңында А.Ибрагимов сол кезде құрылған саяси партиялардың бағдарламаларына талдау жасай отырып, «Автономия» атты кітапша шығарды. Ол бұл кітабында мұсылман халықтарының азаттық қозғалысындағы басты міндет автономия алу мәселесі болу керек екендігін атап көрсетті [67]. Белгілі ғалым, әрі саяси қайраткер Зеки валиди Тоган өзінің естеліктерінде А.Ибрагимовтың «Автономия» атты кітабының шығуына Ғалиасқар Сыртланов пен Сәлімгерей Жантөрин секілді қайраткерлердің белгілі дәрежеде қолғабыс еткенін айтады.

1898ж. Петерборда мұсылман жастарының білім алуына материалдық жәрдем беруді алдына мақсат етіп қойған «Мұсылмандық қайырымдылық қоғамы» құрылды. Мұның артынша «Шығыстану қоғамы» бой көтерді. Бұл қоғамдар қайырымдылық жасау және мәдени шаралар өткізумен қатар саяси істерге де араласты. «Мұсылмандық қайырымдылық қоғамының» ел арасында зор беделге ие болуына оның жетекшілері қатарында азербайжандық саяси қайраткер А.Топчибаев, С.Жантөрин секілді қазақ азаматтарының тұруы өз ықпалын тигізді. Соғыс министрлігінде қызмет еткен орыс әскерінің полковнигі сұлтан Уәлихан да бұл қоғамдардың жұмысына қызу атсалысқан.

Шеткері аймақтарда да бұл кезеңде түрлі қоғамдық ұйымдар құрылды. Мәселен, қазақ даласында ағартушылық жұмысын жүргізген ұйым «Жамиғати мағариф» («Ағарту қоғамы») болды. Бұл ұйым ХІХғ. соңына қарай құрылып, Қазақстанның көпшілік қалаларында өз бөлімшелерін ашқан болатын. «Жамиғати мағариф» қоғамы мектеп, медреселерде оқитын жастарға жәрдем ұйымдастырып, түрлі кітаптар бастырып шығарып, оны таратумен шұғылданған.

Ресей мұсылмандарының саяси өміріне ғасыр басындағы тарихи оқиғалар да әсер етпей қоймайды. Бұл жерде орыс-жапон соғысын атап өткен жөн. Полиция департаментінің директоры губерниялық жандарм басқармаларына жіберген нұсқау хатында мұсылмандар арасында үкімет тәртібіне наразылық орыс-жапон соғысы кезінде ерекше күшейе түсті деп көрсеткен. Жергілікті әкімшілік орындары соғыс жылдары өз патриотшылдығын көрсетіп қалуға тырысып, жаралыларға жәрдем ретінде қазақ қауымынан ақша жинады. Күштеп алынған мұндай жәрдемдер қазақтардың ашу-ызасын тудырды. Ел арасында орыс-жапон соғысына байланысты орыс қаруының күшіне күмән келтіретін, түрлі қауесет сөздер тарады. Мұндай оқиғаның өріс алғаны соншалық, орыс әкімшілігінің алаңдатушылығын тудырды [68].

Белгілі саяси қайраткер Г.Исхаки өз естелігінде: «Орыс-жапон соғысының тұтануы бүкіл түркі әлемінің, әсіресе Еділ-Орал түркі-татарларының рухын көтерді. Жапондықтардың тамаша жеңісі мен орыс қаруының моральдық, әрі күші жағынан жеңіліс табуынан бүкіл Ресей түркілері ұлттық-саяси мәселені шешу мүмкіндігін аңғарды. Соғыс күндері жасырын түрде радикальды-ұлттық бағдарламасы бар, құрамына көптеген түркі-татар интеллигенциясы енген «Хурият» («Бостандық») партиясы құрылды. Бұл ұйым сол кезеңдегі түркі-татар өміріне белсене араласып, үкіметке қарсы күшті үгіт жүргізді», - дейді.

Отаршылдық тауқыметін, ұлттық езгіні бастан кешіріп жатқан мұсылман халықтарының пісіп жетілген наразылықтың сыртқы шығуына түрткі болған оқиға 1905 жылы басталған орыс революциясы болды. В.И.Ленин «Азияның оянуы» атты еңбегінде шығыс елдеріндегі революциялық өрлеуге сипаттама бере келіп: «Дүниежүзілік капитализм мен 1905 жылғы орыс қозғалысы Азияны біржола оятты. Езілген,ортағасырлық тоқырауда тағыланған жүздеген миссион халық оянып, жаңа өмірге, адамның ең қарапайым праволары жолындағы, демократия жолындағы күреске ұмтылып отыр», - деп көрсеткен болатын. Бұл пікірдің сол кезеңдегі Ресейдегі мұсылман халықтарының азаттық қозғалысына да тән екендігі күсән тудырмаса керек.

Басталған революцияның өршуін әлсірету мақсатында Николай ІІ 18 ақпанда «халықтан сайланған» адамдарды заңдық жобаларды дайындауға және талқылауға қатыстыру туралы Ішкі істер министрі А.Булыгин әзірлеген рескриптке қол қойды. Сол күні жеке адамдар мен ұжымдарды мемлекет қызметі мен халықтың әл-қуатын жетілдіре түсуге байланысты өз ұсыныстарын орталық билікке жеткізуге шақырған құжат та өмірге келді. Мұның ортынша 17 сәуірде дін еркіндігі жөнінде жарлық шықты. Бұл құжаттар халықтың көңіл-күйін көтеріп, олардың саяси өмірге құлшына араласуына жол ашты. Ресей империясында 1905 жылы қалыптасқан саяси ахуал ұлттық езгіні бастан кешіріп жатқан халықтардың азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді.

Ресей мұсылмандарының көңіл күйіне әсер еткен «дін еркіндігі» жөніндегі жарлықтың шығарылуына шоқындыру ісінде аса белсенділік танытқан Қасиетті Синодтың оберпрокуроры К.П.Победоносцев барынша наразылық танытты. Мұны К.П.Победоносцевтің іс-қағаздары ішінен табылған император атына жазылған төмендегі хат мазмұны айғақтайды. Онда: «Мұсылмандық насихатқа ерік берілмекші. Бұл іс өте қауіпті. Ислам бір сәтке де өз қаруын қолынан тастамайтын орасан зор күш, бұл күшпен үздіксіз күрес жүргізу керектігі ғасырлар бойғы тарихтан қалған өсиет. ...Онымен рухани негізде күрес жүргізу мүмкін емес, себебі діни миссиялар нәтижесіз, жеміссіз болуда... Мұсылмандық ілімге еркіндік берген кезде барлық бұратаналар біртіндеп мұсылманға айналып, орыс губернияларында орасан зор күшке айналады», - делінген.

1905ж. саяси оқиғалар туралы алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен Ә.Бөкейханов атап көрсеткендей «бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді». Сол кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: «Патша үкімдерә жариялануынан бері қарай жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барлардың көпшілігі астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-соңды болмаған құбылыстар байқалуда», - делінген. Қазақ даласында байқалмаған мұндай құбылыстардың бірі өлкенің барлық елді мекендеріне қазақтардың үлкенді-кішілі жиылыстарының өткізіле бастауы еді. Мұндай жиылыстарда қазақ жұртының көкейтесті мұқтаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық өкімет орындарына тапсыруға петициялар (тілек-арыз) әзірленді. Осылайша қазақ даласындағы саяси күрес патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрініс ала бастады.

Қазақ елінің мұң-мұқтажын білдірген петицияларды жазып, оны тиісті орындарына тапсыру ісі 1905ж. көктем айларында-ақ қолға алынған еді. Мәселен, 1905ж. сәуірде 2-інде Ақмола қаласындағы Халфин деген қазақ саудагерлерінің үйінде жиналыс етіп, Петерборға барып петиция тапсыру үшін арнайы делегация сайлап жіберу мәселесі қарастырылған.

Қазақ даласынан петициялар арнайы делегация жіберу арқылы да, сонымен бірге жеделхатпен де жолданған. Петицияларды жазып тапсыру ісіне сан жағынан аз болғанымен, саяси күреске ысыла бастаған ұлттық интеллигенция өкілдері де атсалысты. Ол жөнінде М.Дулатов: «1905 жылдан бері қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдік пен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары сенімсіз болып қалды», - деп жазды.

1905 жылы Семей облысы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болған. Осы жылы сәуір айы ішінде Торғай және Орал облыстары қазақтарының петиция тапсыруға жіберген делегациясын Б.Қаратаев бастап барды.

Қазақтардың орталық билік орындарына тапсырған петицияларында жерді тартып алуға, салықтың ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша чиновниктерінің тарапынан озбырлық, қиянат, қоқан-лоққы жасалуына наразылық білдірді. Сонымен бірге өздерінің діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату, қазақ арасындағы оқу-ағарту ісін ретке келтіру және әлкеге земство енгізу сұралды.

Орталық өкімет орындарында петициялар тапсыру тек қазақ даласында ғана емес, империядағы барлық түз халықтарында да етек алды. Кавказ өңіріндегі, Қырымдағы, Еділ бойындағы және т.б. жерлердегі мұсылман елді мекендерінен 1905ж. наурыз-сәуір айларында петиция тапсырушылар Петерборға ағылып келіп жатты. Ол петициялардың мазмұны көп жағдайда қазақтардың талап-тілектерімен үндесіп жатты.

Осы кезеңде Ресей мұсылман халықтарының талап-тілектерін тұжырымдап, олардың саяси әрекеттерін бір ізге түсіру ниетінде жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу мәселесі көтеріле бастады. Бұл мәселені А.Ибрагимов 1905ж. наурыз айында Қазан қаласында татар азаматтары бас қосқан жиналыста көтерген еді. А.Ибрагимовтың ұсынысын Ж.Акчурин, С.Алкин секілді татар зиялылары тарапынан қолдаушылық тапты. Болашақ съезге Қырым, Кавказ, Түркістан, дала облыстары, Сібір өкілдерінің толық қатысуына басты назар аударылды. Жиналыста съез жасау үшін алдын ала мәжіліс өткізіп алу қажет деген шешім қабылданды. Ол мәжіліске съездің өткізілетін орны мен мерзімі белгіленуі тиіс болды. Бұл мәжіліс 1905ж. сәуір айының басына қарай Петербор қаласында өтетін болып белгіленді. Жиналысқа қатысушылар атынан И.Гаспринский мен А.Топчибашевқа жеделхат жолданып, Петерборда өтетін мәжіліс кешікпей келулері хабарланды.

Осылайша жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу мәселесін қарастырған мәжіліс 1905ж. 8 сәуірде Петербор қаласында өтті. Оған И.Гаспринкий, А.Топчибашев, Ж.Акчурин секілді қайраткерлермен бірге Петербор қаласындағы «Мұсылмандық қайырымдылық қоғамы» мүшелері де қатысты. Мәжілісте болашақ съездің өткізілетін орны мен мерзімі белгіленді. Мәжілістің ұйғарымы бойынша жалпы ресейлік мұсылман съезі Нижний-Новгород қаласында тамыз айында өтетін болды. Съездің тура осы мерзімге қойылуында төмендегідей себептер ескерілді: біріншіден, Нижний Новгородта тамыз айында түрлі елді мекендерінен саудагерлер ағылып келетін жәрмеңке өтетін, екіншіден, жәрмеңке кезінде съез жасау патша тыңшыларының, үкімет орындарының назарын көп аудартпайтын-ды. Мәжілістің бұл шешімі Чистопель қаласында (Қазан губерниясы) мамырда өткен мұсылмандар жиналысында да қаралды. Бұл жиналысқа негізінен татар-башқұрт зиялылары қатысқан еді.

Міне осындай әзірлік жұмыстарынан кейін «Тәржіман», «Каспий» газеттерінің бетінде жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу жайлы мақалалар жарияланып, мұсылман елді мекендеріне, соның ішінде қазақ облыстарында да жеделхаттар жөнелтіле бастады [69].

Жалпыресейлік мұсылман съезін өткізу жайлы Петербор қаласына петициялар тапсыруға келген делегациялар арқылы да тарады. Петербор қаласында мұсылман съезін өткізу жайлы мәжіліс өтіп жатқан кезде және одан кейін де Қырымнан, Кавказдан, қазақ даласынан және т.б. жерлерден петиция тапсыруға келген делегация өкілдері А.Ибрагимовпен жолығып, кеңесіп отырған. Мәселен, Торғай және Орал облыстарынан келген, құрамында Б.Қаратаев бар қазақ делегациясының өкілдері А.Ибрагимовпен жоққан. Оған қазақтардың бастан кешіп жатқан ауыр халін баяндап, діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату басты талаптырының бірі екендігін білдірген. Сонымен бірге А.Ибрагимовке бұл делегация өкілдері өздерінің барлық әрекетте мұсылмандармен болғысы келетіндіктерін айтқан.

Жалпы ресейлік мұсылман съезін өткізу туралы хабарлар империядағы мұсылман елді мекендеріне жетісімен 1905ж. тамыз айына қарай Нижний Новгород қаласына Түркістаннан, Сібірден, қазақ даласынан, Қырымнан, Кавказдан жіберілген өкілдер жинала бастады. Нижний-Новгород қаласында осы кезде өтіп жатқан жәрмеңке негізінен 1500 мұсылман жиналған еді.

Съездің ашылу қарсаңында, 13 тамызда, делегаттардың А.Ибрагимов, И.Гаспринский, А.Топчибашев секілді белсенді өкілдері алдын-ала бас қосқан съездің бағдарламасын жасады. Онда Ресей мұсылмандарын өзара байланыстыратын ұйым құру мәселесі ең басты мәселе етіліп қойылды. Бұдан соң съезді өткізуге рұқсат алу үшін бірнеше делегаттар Нижний-Новгородтың губернаторына жіберілді. Бірақ губернатор қаланың әскери жағдайда екенін желеу етіп, съезге рұқсат етпеді.

Әйтсе де делегаттар алған беттерінен қайтпай, 15 тамыз күні жасырын түрде Оқа өзеніндегі «Гыстав Струве» кемесінде тұңғыш жалпыресейлік мұсылман съезін өткізді. Съезге қатысушылардың жаопы саны 150-ге жуық болды. Оның ішінде қазақ өкілдерінен көкшетаулық молда Шаһмардан Қосшығұлов та бар еді.

Ресей мұсылмандарының тұңғыш съезінің төрағасы И.Гаспринский болды. Съезд азербайжан халқының өкілі А.Топчибашевтың: Уа, дінге берік бауырлар! Осы күн мәңгі есімізден шықпас. Бұл күн бұдан соң да Ресей мұсылмандарының жыл сайынғы ұлттық мейрамдарының біріболатынын шүбә келтірмеймін. Біз тегіміз, дініміз, тағдырымыз бір түрік балаларымыз», - деп, мұсылман халықтарын бірлікке шақырған сөзімен ашылды.

Өзі бас аяғы бір-ақ күнге (дәлірек айтсақ 13 сағатқа) созылған съезде сөйлеушілер мұсылман халықтарының отаршылдықтан ғана емес, шоқындыру саясатынан көрген жәбірін, тұрмысының ауырлығын, азаматтық құқығының бұрмаланып келе жатқанын тілге тиек ете отырып, бұдан былай Ресей азаматтарының тіліне, дініне, жынысына, ұлтына қарамай тең құқықта болу қажеттігін баса көрсетті. Делегаттар 6 тамызда шыққан патша манифесіне өз ризашылықтарын білдірді. Бұл манифест бойынша Ресей мұсылмандарына да Мемлекеттік думаға сайлау құқығы берілген еді. Осыған орай делегаттар атынан императорға «6 тамыздағы манифест мұсылмандарға рух беруде» деп, өз ризашылықтарын білдіре жеделхат жолдады.

Делегаттар бұл съезді Ресей мұсылмандарының өміріндегі тарихи оқиға деп бағалап, әр жыл 15 тамыз күні мұсылман елді мекендерінде мейрам ретінде аталып өтсін деген қаулы шығарды.

Мұсылман съезіне жиналған делегаттардың барлығы Ресей мұсылмандарын өзара байланыстырып, іс-әрекетін бір ізге түсіріп отыратын саяси ұйым құру қажеттігін бір ауыздан қолдады. Бұл ұйымның бағдарламасы мен жарғысын әзірлеу А.Топчибашев пен А.Ибрагимовке тапсырылды. Съездің қабылдаған қарарында:

«1. Ресейдің барлық облыстарындағы мұсылмандарды қазіргі орыс өмірінің қоғамдық-мәдени және саяси сұраныстары мен міндеттері негізінде жақындастыра түсу қажет.

2. Бұл міндетке қол жеткізіп, оны жүзеге асыруда мұсылмандардың прогрессивті тобы алдыңғы қатарлы орыс қоғамының идеалдарын бөлісе отырып, елде құқықтық тәртіптің орнығуы жолында іс-әрекет етеді...

3. Алға қойылған мақсатқа мұсылмандар орыс тұрғындарымен бірдей құқықта болғанда ғана қол жеткізуге болады. Сондықтан мұсылмандардың прогрессивті тобы осы күнгі ережелер, үкімет орындарының нұсқаулары негізінде мұсылмандарға жасалатын шектеушіліктер мен кемсітушіліктерді алып тастауда барлық заңды шараларды қолданып, мұсылмандарды орыс тұрғындарымен саяси, азаматтық және діни құқықтары жағынан толық теңестіру жолында іс-әрекет етеді.

4. Мұсылмандар өз қызметін жалпымемлекеттік мүдделер мен сұраныстарға сай бағыттайды. ...Мұсылмандардың қажетіне сай әртүрлі мектептер ашуға талпыну керек. Бүгінгі өмірді кітап, газет-журналдар арқылы.... кітапхана, оқу залдары секілді мәдени ағартушылық бағыттағы ұйымдар арқылы кең насихаттау керек.

5. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін мерзімді түрде өтіп отыратын мұсылман съездерінің басшылығына негізделген жергілікті жерлерде ұйымдар (меджлистер) құрылсын», - деп көрсетілді.

Қабылданған бұл қарардан съез делегаттарының мұсылман халықтарын тапқа, жікке бөлмей, олардың орыс хылқымен тең құқықта болуын талап еткенін; отаршыл жүйемен күресте орыс және басқа да халықтардың демократиялық күштермен бір болу қажеттігін ұғынғанын: мұсылман халықтарының мүддесін қорғауды қарулы күрес тәсілімен емес, тек заңды орындар (Мемлекеттік дума) арқылы шешуге басты көңіл аударғанын және бұл істе бүкіл Ресей мұсылмандарының саяси күштерін біріктіруге ерекше мән бергенін аңғаруға болады.

Революциялық өрлеу барысында өмірге келген 1905 жылғы 17 қазанда жарық көрген манифесттің тек метрополия тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар ұлттық аймақтарға да үлкен ықпалы болды. «Бостандық манифесі» атанған бұл құжатта жеке адамның құқығына қол сұқпу, ұждан бостандығы сияқты мызғымас принциптер негізінде халыққа азаматтық бостандықты сыйлау, кешіктірмей Думаға сайлау өткізу жөнінде айтылған болатын. Бұл манифест жарық көрісімен барлық мұсылман елді мекендеріне орыс тілінен аударылып таратылды. Мұсылман зиялылары бұл құжатты халықтың саяси белсенділігін арттыру, саяси сауатын көтеру үшін пайдаланып қалуға тырысты. Сол мақсатта 1905 жылдың соңына қарай Орынборда, Семейде, Петропавлда (Қызылжарда), Астраханьда мұсылмандық қоғамдар құрылып өз жұмысына кірісе бастады. Бұл қоғамдар Орынбор мен Семейде «Мұсылман қоғамы» [70], Астрахань мен Петропавлда (Қызылжарда) «Жамиғат исламие» («Ислам қоғам») деп аталды. Құрылған қоғамдардың атаулары әртүрлі болғанымен атқарар қызметтері бірдей еді. Орынбор қаласында құрылған мұсылмандық қоғамының мақсаты жайлы оның жарғысында былай делінген: «Мұсылман қоғамының мақсаты 1905ж. 17 қазандағы манифеске сәйкес туындаған саяси, экономикалқы ахуалмен мұсылман дініндегілерді жан-жақты таныстыру. Материалдық көмекке мұқтаж мұсылмандарға жәрдем ұйымдастыру» [71].

17 қазан манифесінен кейінгі ірі оқиғалардың бірі түз халықтарын азаттық күресте жақындастыра түскен «Автономистер одағының» құрылуы болды. Бұл ұйым Ресей империясының қол астындағы ұлттар мен ұлыстардың өзін-өзі билеуін, яғни автономия алуын жақтаған саяси күрескер поляк лингвист ғалым, профессор И.А.Бодуэн де Куртэненің ұйымдастыруымен 1905ж. қараша айында құрылған болатын. Мұсылман зиялы қауым өкілдерінің бір тобы соның төңірегінде топтасты, А.Ибрагимов «Автономистер одағының» қызметіне тікелей араласып, автономистер съезін өткізу үшін елдің түпкір-түпкіріне хаттар жазып, ел арасындағы беделді азаматтарды шақырды. 1905ж. 19 қарашада Петербор қаласында өткен автономистер съезіне М.Тынышбаев қатысқан еді. Бұл съезге азербайжандықтардан 2, армяндардан 17, грузиндерден 5, белорустардан 5, еврейлерден 7, қазақтардан 1, латыштардан 1, литвалықтардан 8, поляктардан 5, татарлардан 3, украиндықтардан 18, эстондықтардан 1 өкіл қатысты. Жалпы съезге 83 кісі жиналды.

Автономистер съезінің күн тәртібіне империяны федерациялық негізде құрып, әр ұлт автономия әперу, езгідегі ұлттардың одағын құру секілді маңызды мәселелер қойылды. Үш күнге созылған бұл съезде мұсылман халықтарының өкілінен А.Ибрагимов пен М.Тынышбаев сөз алып, өз ұлттарының бастан кешіп жатқан ахуалына көпшілік назарын аударды. А.Ибрагимов өз сөзінде езілген ұлттардың одағын құру мәселесіне тоқталып, мұндай одақтың мұсылман халықтары арасында қалыптасып келе жатқандығын айтты. М.Тынышбаев болса отаршыл үкіметтің «біріншіден, қырғыздардың (қазақтардың) тілін, салт-дәстүрін, діни сенімін, жалпы ереже болмысын тағылық және айуандықпен жазалау және қуғындау арқылы оны тәуелсіз ұлт ретінде жойып, бүтін өлкені орыстандырырып жіберуді; екіншіден, түрлі шаралар, нұсқаулар және ережелер арқылы қырғыздарды құқықсыз, заңнан тыс тобырға айналдыруды, үшіншіден, оларды өздерінің қаны сіңген, ата-бабасының сүйегі жатқан ата мекен жерінен айырып, нәрсіз шөлге ығыстырып, өлім халіне жеткізуді көздейтінін айтып, ендігі уақытта халыққа автономиялық дәрежеде болса да еркіндік беруін талап еткен еді [72].

Автономистер съезі Ресейдегі мекендеген барлық ұлттар орыс мемлекетін республикалық негізде құруға атсалыссын; әрбір ұлт бостандықта болып, оның құқықтарына қол сұғылмасын; Ресей мемлекеті бір орталыққа бағындырылмаған (децентрализованный) түрді болып, әр ұлт өз істерін өздерін басқаратын автономия алсын деген қарар шығарды.

«Бостандық манифесінен» кейінгі мерзімде мұсылман басылымдары қаулып өсе бастады, әсіресе татар тілінде газет-журналдардың саны күрт өсіп, 1905-1906жж. 50-ден астам мерзімді баспасөздер шықты [73]. Олардың ішінде А.Ибрагимов редакторлығымен 1905ж. желтоқсан айынан бастап шыға бастаған «Үлфәт» газеті мен 1906 жылдан Орынборда татар елінің көрнекті ойшыл ғалымы, қоғам қайраткері Ф.Каримовтың атсалысуымен шыға бастаған «Вакыт» газеті қазақ даласына танымал бола бастады. «Үлфәт» газеті бетінде М.Тынышбаевтың автономистер съезінде сөйлеген сөзі [74] және «Тар заман» атты мақаласы, Ж.Сейдалиннің қазақтарға бас қосып съез жасауға шақырған үндеуі және т.б. қазақтарға қатысты материалдар үзбей жарияланып тұрды. 1907ж. Ш.Қосшығұлов пен Х.Ыбыраймовтың жетекшілігімен шығарылған қазақтың «Серке» атты газеті де осы «Үлфәт» газетіне қосымша ретінде жарық көрді [74].

Мемлекеттік думаға сайлау науқаны таяп қалуына байланысты жалпыресейлік мұсылмандық қозғалыс алдында мұсылман халықтарының сайлау кезіндегі тактикасын, олардың сол кезеңдегі саяси партияларға көзқарасын айқындау, жеке мұсылман партиясын құру үшін оның бағдарламасы мен жарғысын қабылдау секілді мәселелерді қарастырып, талқылау қажеттілігі бұл кезеңде басты мәселеге айналды. Осы тұста «Үлфәт» газетінің 1905ж. 29 желтоқсанындағы санында Орал қаласында қазақтардың «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру туралы шешім қабылдағанын, оның бағдарламасы Б.Қаратаевтың аясалысуымен жазылғаны жөнінде хабарланды. Бұл ұйымның 9 адамнан тұратын Орталық комитетінің құрамына Б.Қаратаев, Х.Досмұхамедов секілді т.б. қазақ зиялылары енді [75]. Орал қаласында К.Тухватулиннің редакторлығымен шығып тұрған «Әл-аср-ул жәдид» («Жаңа ғасыр») журналында берілген аталмыш партия бағдарламасында қазақ жері халықтың өз меншігі етіп жариялайтын заң қабылдау, ішкі Ресейден көшіп қоныстануды тежеу, халыққа еркіндік, теңдік беру, қазақ баласы үшін мектеп, медресе, жоғары оқу орнын ашу», «степное положениені» жою, қазақ даласына земстволық басқаруды енгізу қажеттігі туралы мәселелер көтерілді.

Алайда, бұл ұйым жалпы ұлттық дәрежеге жете алмады. Дегенмен патша үкіметіне оппозицияда болған кадеттер партиясын қазақ зиялылары белгілі дәрежеде үлгі тартты. Біз қарастырып отырған кезеңде Б.Қаратаев, Ә.Бөкейханов, С.Жантөрин осы партияға мүше болған. Мұндай жағдай тек қазақ зиялыларына ғана емес, басқа мұсылман халықтарының өкілдеріне де тән еді. Мәселен, азербайжандық А.Топчибашев, татар халқы арасында С.Алкин, Қ.Тевклелев, Ж.Акчурин, С.Мақсұдов және т.б. кадеттер партиясы құрамында болды. 1905ж. желтоқсанда Ж.Акчурин кадеттердің Орталық комитетіне енді.

1905ж. желтоқсанда «Үлфәт» газеті редакциясына Орынбор губерниясының мұсылмандары жеделхат арқылы Мемлекеттік думаға сайлау науқанында «Конституциялық-демократиялық партиямен» ынтымақтаса әрекет жасау жөнінде шешім қабылдағанын білдірді. Бұл ұсыныс кейіннен 1906ж. қаңтарда өткен жалпыресейлік мұсылман съезінде арнайы қаралды.

Кезекті жалпыресейлік мұсылман съезін шақыруды мұсылмандардың саяси ұйымының бағдарламасын әзірлеуді мойнына алған А.Ибрагимов пен А.Топчибашев Қазандағы Ж.Акчурин төңірегінде топтасқан зиялы азаматтарға тапсырған еді. Олар съездің 1906ж. қаңтардың 12-інде Петербор қаласында өтетінін хабарлаған жеделхаттарды барлық мұсылман елді мекендеріне жөнелтті. Мұның артынша үкімет орындарының съезд өткізуге рұқсат бермеуіне байланысты, съезд үш күнге кешіктірілетін болды деген хабар да жіберілді.

1906ж. қаңтардың 13-іне қарай Петерборға мұсылман делегаттары келе бастады. Қаңтардың 14-іне Сібір мен Еділ өңірінің, 15-іне Түркістан мен дала облыстарынан және Қырым мен Кавказдан жіберілген өкілдер келді. Съезге 100-ден астам делегат жиналды. Олардың тізімі «Үлфәт» газетінде жарияланды. Онда Бөкей Ордасынан У.Танашев, М.Исмағұлов, Семейден З.Құлаев, Сырдариядан И.Абуов, М.Оразаев, Уфадан С.Жантөрин келгендігі көрсетілген. Бұл съезге өзбек халқының өкілдерінен Х.Ғафуров пен Қ.Таһиров қатысты.

Мұсылман съезіне келген қазақ өкілдері алдымен Петербордағы оставкадағы генерал Шыңғысханмен жолығып, елдің ахуалын білдуді жөн көрді. Осы кездесу барысында сұлтан Шыңғысхан қазақ өкілдеріне «татарлармен қосылмаңдар, бүгіннен қалмай Петербордан кетіңдер» - деген қоқа-лоқылық танытты. Бірақ қазақ өкілдері оған мойын бұрмастан, қаңтардың 15-і мен 23-і аралығында өткен жалпыресейлік мұсылман съезіне қатысты.

Бұл съездің өткізілуіне де үкімет орындары рұқсат бермеген еді. Сондықтан да съезді жасырын түрде мейманханалар мен пәтерлерде өткізуге тура келді. Съезге жиналған делегаттар үкімет орындарының съезге рұқсат бермеуін әділетсіздік, 17 қазан манифесі жариялаған бостандық негіздерін аяқ асты етушілік деп бағалады. Съездердің жұмысы барысында әлі де болса ресми рұқсат алу мәселесі көтеріліп, 18 қаңтар күні Ішкі істер министріне арнайы делегация жіберілді. Ол делегацияның құрамында С.Жантөрин де бар еді. Бірақ бұл делегацияны Ішкі істер министрі қабылдамады. Үкімет орындарының мұндай қырын қарауына ашынған делегаттардың біраз бөлігі съезді Финляндия жеріне барып өткізуді ұсынды. Алайда, делегаттардың басым бөлігі мұндай ұсынысты уақыт көтермейді деп, съезді Петерборда жалғастыра беруді жөн көрді.

Съезде қаралған басты мәселенің бірі жеке мұсылман партиясын құру болды. Делегаттар А.Ибрагимов пен А.Тоичибашев әзірлеген партия бағдарламасы мен жарғысын талқылауға көп уақыт бөлді. Олар мұсылман партиясының қалай аталу қажеттігіне де ерекше мән берді. Көпшіліктің ұсынысымен мұсылман партиясы «Ресей мұсылмандарының одағы» деп аталатын болды. Осы жерде «Ресей мұсылмандары одағының» ғылыми әдебиеттерде «Иттифак» ұйымы деп аталып жүргендігін айта кеткен жөн. Ол сол кезеңдегі татар басылымдарында «Иттифак-ул муслимин» («Мұсылмандар одағы») деп аталып, көпшілік қауымға да «Иттифак» атауымен танымал болуына байланысты еді.

Съезде «Ресей мұсылмандары одағының» 23 тармақтан тұратын жарғысы қабылданды. Ресей мұсылмандарының мүддесіне сай бір саяси партияға бірігуге үндейтін жарғыда Ресейдің 16 қаласында оның ішінде Орынборда, Астраханьда, Оралда, Омбыда, Қызылжарда, Семейде, Верныйда (Алматы), Ташкентте, Ашхабадта «Ресей мұсылмандары одағының» бөлімшелері құрылатындығы; мұндай аудандық ұйымдар жергілікті жиналыста құрылу керектігі; ұйым мүшелерінің 50 тиыннан 5 сомға дейін жарна төлейтіндігі; ұйымға мүше болып енгендердің жалпы және аудандық жиналыстың шешімдерін орындауға міндетті екендігі және т.с.с. ұйымдастыру мәселелері көрсетілді.

«Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасының жобасы 80-ге жуық тармақтан тұратын. Оның көптеген тұстары, әсіресе мемлекеттік құрылыс пен жер мәселесі төңірегіндегі талап-тілектері кадеттер партиясының бағдарламасымен үндесіп жатты. Делегаттар бағдарлама жобасын талқылауда оның мемлекеттік құрылыс мәселесі төңірегінде қызу пікірталас жүргізді. Мұсылмандардың өзін-өзі басқару мәселесін бағдарлама жобасын енгізу керектігін ұсынды. Сонымен бірге оқу ісіне байланысты тармақтарына да сын ескертпелер жасалды. Съездің шешімі бойынша «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдау келесі мұсылман съезінің қарауына қалдырылды.

Съезде Мемлекеттік думаға сайлау мәселесі арнайы қаралды. Бұл мәселе төңірегінде сөйлеушілер 1905ж. 11 желтоқсанда шыққан сайлау заңының мұсылмандарды кемсітіп отырғандығын айтты. Бұл заң жобасы бойынша шеткері ұлттық аймақтардың тұрғындары Ресейдің басқа тұрғындарымен бірдей сайлауға қатысты алмайтын. Олар үшін ерекше ережелер шығарылатын еді.

Жарысөзде сөйлеген кейбір делегаттар Думаға байкот жариялау керек деген ұсыныс та жасады. Мұндай ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау таппады. И.Гаспринский, Ж.Акчурин және А.Ибрагимов өз сөздерінде Думаға байкот жариялау мұсылмандар үшін зиянды екені, мұсылмандар мүддесін қорғауда Дума өздерінәің бірден-бір мүмкіндіктері болып отырғандығын айтты. Міне осындай пікірталастардан кейін съез «мемлекеттік думаға мұсылман өкілдері халықтың санына қарай пропорциональды түрде жіберілсін» деген қаулы шығарды.

Делегаттардың барлығы да сайлау науқанында мұсылмандар орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы оппозицияда тұрған саяси күштердің қолдауына сүйенуі қажет деген пікірде болды. Осыған байланысты съезд делегаттары ішкі губерния мұсылмандарының осы сайлау науқанында «Конституциялық-демократиялық партиямен» ынтымақтаса әрекет жасауға шақырған ұсынысын қуаттап, ол жөнінде арнайы қарар қабылдады.

Съездің соңғы күні мәжілісінде миссионер В.Череванскийдің іс-әрекеті жөнінде мәселе көтерілді. В.Череванский қазақтарды мұсылман емес, шариғатпен өмір сүрмейді, олар шамандар деп үкіметті нандыруға тырысып баққандығымен көпшілікке танымал еді. Съезд жұмысы барысында В.Череванскийдің Мемлекеттік кеңеске мұсылмандардың дін істері жөнінде «записка» тапсырғаны және ол бойынша заң жобасы әзірленетіндігі туралы хабар келіп түскен болатын. Міне, осы мәселені анықтау үшін делегаттар Министрлер кеңесінің төрағасы Виттеге делегация жіберу қажет деп тапты. Съездің шешімі бойынша бұл делегацияның құрамы 8 адам болып белгіленді. Делегация құрамында И.Гасприский мен А.Топчибашев та болды. есейРеролллдлоль


Бұл делегация съезд жұмысы аяқталғаннан кейін, 29 қаңтарда Витте қабылдауында болды. Делегация өкілдері граф Виттеге мұсылмандарға қатысты ешқандай заң жобасының мұсылмандардың ризалығынсыз, Мемлекеттік думаның қарауынсыз заң болып қабылданбаса екен деген өтініш білдірді. Бұл делегацияны граф Витте: «Мұсылмандарға ешқандай да қысымшылық жасалайын деп жатқан жоқ, бұл жайлы барлық мұсылмандарды хабардар етіңіздер. Череванский үкімет емес. Барлық заң жобалары Мемлекеттік думада қаралады», - деген жылы сөзбен шығарып салды.

Граф Витте мұсылман делегациясын осылайша жылы сөзбен шығарып салғанымен, көп ұзамай Халық ағарту министрлігі 1906ж. 31 наурызда «Ресейдің шығыс және оңтүстік шығыс бөлігіндегі түз халықтарының бастауыш училищелері туралы ережені» бекітті. Халық арасында «31 наурыз ережесі» деген атпен әйгілі болған бұл ереже мұсылман халықтарының ана тілінде білім алуын барынша шектейтін. Сонымен қатар бұл ереже олардың жазу ісін орыс албфавитіне көшіруді заңды түрде бекітіп, барлық мұсылман оқу орындарын Халық ағарту министрлігінің қарамағына өткізді.

Мұның артынша барлық мұсылман халықтары зор үміт артқан Мемлекеттік дума 1906ж. 9 шілдеде Николай ІІ жарлығымен таратылды.

1906ж. 16-21 тамыз аралығында Нижний Новгород қаласында жалпыресейлік ІІІ мұсылман съезі шақырылды. Үкімет орындарының ресми рұқсатымен ашылған съезге 800-ге жуық делегат қатысты. Олардың арасында Ш.Қосшығұлов (Ақмола), Ж.Алдаоңғаров (Семей), А.Қойбағаров (Жетісу), Н.Дауылбаев (Жетісу), Н.Жапаров (Сырдария) секілді қазақ облыстарының өкілдері болды. Съезд делегаттары ішінде С.Жантөрин, С.Алкин, А.Топчибашев, Қ.Тевкелев, Ш.Сыртланов секілді Мемлекеттік думаның мүшелері де бар еді.

Съездің күн тәртібінде оқу ісі, діни басқарма және «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы туралы мәселелер қойылды. Съездің алғашқы күні төралқа құрамы сайланды. Төрағалыққа А.Топчибашев, оның орынбасары болып И.Гаспринский сайланып, төралқа құрамына қазақ өкілдерінен С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұло енді. Күн тәртібінде қойылған мәселелер бойынша арнайы комиссиялар құрылды. 15 адамнан тұратын оқу ісі комиссиясының құрамына қызылжарлық Нияз Сүлейменов, Түркістандық Нияз Жапаров кірді. Діни басқарма мәселесін қараған комиссия құрамында семейлік Жаңғали Аллаоңғаров, жаркенттік Ғабдолрахман Мұхамедиев қызмет етті. Съездің көкейтесті мәселесі – «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдауға әзірлеу комиссиясы құрамында Ш.Қосшығұлов болды.

Съезге түрлі мерзімді баспасөз орындарының тілшілері де қатысты. Татар тіліндегі «Үлфәт», «Вакыт», «Юлдуз», азербайжан тіліндегі «Хаят», сондай-ақ «Тәржіман» және орыс тіліндегі «Новое время», «Речь» секілді газеттердің тілшілері схездің жұмысы барысында бастан-аяқ қатысып, съездің жария түрде өтуінің куәсі болды.

Оқу мәселесі бойынша съезде 33 тармақтан тұратын қарар қабылданды. Онда мұсылман балалары үшін барлық елді мекендерде бастауыш және орта мектептер ашылсын, оқу араб графикасы негізінде ана тілінде өткізілсін, балалар 8 жастан оқуға барсын деп көрсетілді. Тек оқу ғана емес, оқыту мәселесі, оқытушылар мәселесі де съезд делегаттары назарынан тыс қалмады. Ресейдің мұсылман мектептерінде бірдей оқу бағдарламасы болу қажет, ол үшін 1907 жылдың мамыр айында Қазан, Қызылжар, Ташкент, Бақшысарай қалаларында мұғалімдер съезі шақырылсын делінді. Мұсылмандар біолігін арттыра түсу мақсатында съезд «ортақ түркі тілін» барлық мектептерде арнайы пән ретінде оқытылсын деп шешті.

Съездің оқу мәселесі жөнінде қабылданған қарарлары Халық ағарту министрлігі бекіткен «31 наурыз» ережесіне мүлдем қайшы келетін. Сондықтан да съезд делегаттары «31 наурыз ережесін» тез арада өзгерту жөнінде үкімет орындарынан өтініш жасау керек деген шешімге келді. Бұл жөнінде съезд атына Жетісу облысынан жеделхат та келіп түскен еді. Жетісу өңірінің мұсылмандары өз жеделхатында съездің «31 наурыз ережесіне» наразылық танытатындығына сенім артатындығын білдірген болатын.

Барлық Ресей мұсылмандарын толғантқан дін ісі мәселесі бойынша да съезде маңызды қарарлар қабылданды. Съезд дін ісін реформалау арқылы ғана мұсылмандардың діни-адамгершілік деңгейін көтеру мүмкін болатындығын баса көрсетті. Сонымен қатар съезде Ресейде барлық муфтилер сайланбалы болсын, әрі бес жылға сайлансын, діни басқарма «Махкама-и-исламия», ал муфти «Шейх-ул-ислам» аталсын деп шешті.

Қазақ ауылдарындағы діни жағдайдың тоқыраушылығын, ондағы орыс әкімшілігінің ислам дініне қарсы жүгенсіздігін ескер отырып, съезд барлық қазақ ауылдарында мешіттер ашылсын деп көрсетті.

Съезде діни мекемелер бойынша Ресейдегі бұрынғы діни мекемелермен (Кавказдағы екі муфтилік, Тавриялық пен Орынбор муфлитігі) қатар Түркістан да өз алдына жеке муфтилік ашылсын деген шешімге келді. Қазақ делегаттарының Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстары мен Бөкей ордасының діни істері Орынбор муфтилігіне қосылсын деген талап-тілектері де ескерілді.

Мұсылмандардың діни істеріне әкімшілік орындарының қол сұқпауы, вакуфтардың ұлғайтылуы, дін иелерінің міндеттері съездің қарарларында арнайы көрсетілді.

Съезд делегаттары жоғарыда қабылданған қарарларды Министрлер кеңесінің төрағасы атына жолдау жөнінде шешім қабылдады. Соған орай осы қарарлармен бірге телеграф арқылы жіберілетін хат мазмұны әзірленді. Онда үкімет тарапынан күнделікті өмірде мұсылмандардың азаматтық және діни құқықтарының шектеліп, кемсітушілікке ұшырауы, сондай-ақ христиан миссионерлеріне мемлекеттің қолдау көрсетуі мұсылмандардың ашу-ызасын туғызып отырғандығы айтылды. Сонымен қатар 17 қазан манифесі жариялаған бостандық негіздерін қалпына келтіру үшін тез арада Мемлекеттік думаның шақырылу керектігі атап көрсетілді.

«Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы осы съезде бір жола бекітілді. Бағдарлама 72 тармақтан тұрды. Бағдарлама жобасын талқылау барысында съезд делегаттарының солшыл топтары («Таң» газеті төңірегінде топтасқан Г.Исхаки мен Ф.Туктаров секілді татар зиялылары) барлық мұсылмандар бір партияға біріге алмайды деген пікірді алға тартты. Олар мұсылмандар арасында таптық жіктелу болғандықтан, мұндай партияның құрылу мүмкін еместігін айтты. Қазіргі жағдайда тек мәдениет пен дін мәселесінде ғана мұсылмандар бір қоғамға біріге алады деген пікірлерін білдірді. Г.Исхаки мен Ф.Туктаровтың мұндай пікірлеріне делегаттардың басым көпшілігі наразылық танытты. Ж.Акчурин қазіргі жағдайда таптық мүддені қорғаудан гөрі «ұлттық және діни негіздерді» басшылыққа алу керектігін ұсынды.

Съездегі қазақ бағдарламада орыс қоныс аударушыларының легі тоқталсын, олар қазақ жерінен кері қайтарылсын деген өтініштерінің көрсетілуін талап етті. Олардың бұл ұсыныстары делегаттардың көпшілігі тарапынан қолдаушылық тапты.

Қабылданған бағдарлама «Ресей мұсылмандары одағының» мақсаты, саяси, әлеуметтік, экономикалық, діни және басқа да реформаларды жүзеге асыру жолында Ресейдің барлық мұсылман азаматтарын нақты іске жұмыслдырып, біріктіру екендігі көрсетілді.

Барлық Ресей азаматтарының дініне, жынысына, нәсіліне, ұлтына қарамай заң алдында тең болуын талап ете отырып «Ресей мұсылмандары одағының» кадеттер партиясы секілді конституциялық монархия идеясын жақтады. Бағдарлама: «Ресейдің қазіргі жағдайында мемлекеттік басқарудың лайықты формасы конституциялық-монархия, жоғарғы мемлекеттік билік конституция арқылы шектелген монарх қолында болсын», - делінді.

«Ресей мұсылмандары одағы» кейбір ғылыми әдебиеттерде айтылып жүргендей мұсылман халықтарын Ресейдің қол астынан бөліп әкетіп, Түркияны паналауды емес, керісінше біртұтас орталықтанған Ресей мемлекетін сақтап қалуды көздеді. Империядағы мұсылман халықтарының орыс халқымен тең құқықта болып, Ресейдің толық азаматтары болуын қалады. Сондықтан «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасы кадеттер партиясының бағдарламасымен үндесіп жатты деп тұжырымдауға да болады.

Жер мәселсінде де «Ресей мұсылмандары одағы» кадеттер секілді жерге жеке меншікті жақтады. Сондай-ақ бағдарламада мұсылман халықтарының ерекшеліктерін ескеретін қоныс аударуды тоқтату секілді талап-тілектер де болды.

Дегенмен «Ресей мұсылмандары одағы» ұлттық мәселе бойынша кадеттерге қарағанда солшылдық танытты. Ұлттық-мәдени автономия идеясын қолдай отырып, съездің оқу, дін мәселелері бойынша қабылданған шешімдерін басшылыққа алатын болды.

Жалпыресейлік ІІІ мұсылман съезі «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдауымен қатар, оның 15 мүшеден тұратын Орталық комитетін сайлады. Олардың ішінде А.Топчибашев, И.Гаспринский, А.Ибрагимов, М.Бигиев секілді қайраткерлермен бірге С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлов сияқты қазақ азаматтары да болды. Съезде Орталық комитетке сайланған 15 мүшеден басқа тағы да 5 мүше сайлау жөнінде шешім қабылданған еді. Бұл бес мүшенің үшеуі Кавказдан, қалған екеуі Орынбор өңірі мен Түркістан өлкесінен сайланып жіберілуі тиіс болды.

Съезд келесі кезекті жалпыресейлік төртінші мұсылман съезін 1907ж. 10 тамызда Нижний Новгород қаласында өткізуді ұңғарды. Сондай-ақ съезде мұсылман елдеріндегі саяси ахуал да назардан тыс қалмады. Кавказ өңірінде етек алған ұлттық жанжалға байланысты армян және азербайжан халықтарын бейбіт өмір сүруге шақырды.

Осы кезеңдегі Ресей мұсылмандарының азаттық қозғалысына қатысты В.И.Ленин былай деп жазды: «Россияның езілген халықтары арасында ұлттық қозғалыс бұрқ ете түсті... Россияның ондаған миссион халқы болып отырған мұсылмандар таңқаларлық жеделдікпен сол кезде мұсылман одағын қүрды – бұл кез жалпы алғанда түрлі ұйымдардың орасан зор өскен заманы болып еді» [76].

«Ресей мұсылмандары одағына» түрлі қоғамдық-саяси ұйымдардың көзқарасы әртүрлі болды. Мәселен, солшыл (социал-демократиялық) бағыттағы, татар тіліндегі «Орал», «Азат халық» газеттері біртұтас мұсылмандар ұйымының құрылуына қарсы шығып, оны тапсыз ұйым болғаны үшін сынға алды [77].

Ал жәдидтік қозғалыстың көрнекті қайраткерлерінің бірі М.Бехбуди бұл құбылысты зор ризашылықпен қарсы алып, Түркістанның барлық мұсылмандарын осы одаққа кіруге шақырды [78].

Қазақ қоғамындағы әлеуметтік тегі әркелкі зиялы қауым өкілдері бірінші орыс революциясы кезінде саяси күрес аренасына шыққан либералдық-демократиялық партиялар мен топтардың жағында болумен қатар сол уақытта өрлеу алған мұсылмандық қозғалысқа де тікелей атсалысты. С.Жантөрин мен Ш.Қосшығұлов секілді қазақ азаматтары осы қозғалыстың бел ортасында болып, қазақ халықының талап-тілектерін білдіріп, мүддесін қорғауды басшылыққа алды.



Каталог: wp-content -> uploads -> 2013
2013 -> Ф 7 –007-02 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
2013 -> Мазмұны Кіріспе–––––––––––––––––––––––– 3-9
2013 -> Мазмұны Кіріспе Тарау -I. Кеңестік шығармашылық интеллигенциясы калыптасуының бастапқы кезеңІ
2013 -> Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының
2013 -> Әл Фараби дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған. Ол данышпан философ, энциклопедист ғалым, әдебиетші ақын, математик. Әл Фараби 870 ж
2013 -> Өмірбаяны ІІ негізгі бөлім
2013 -> Ф 15-07 Қазақстан Республикасының білім ЖӘне ғылым министрлігі
2013 -> Кіріспе. Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Дипломдық жұмысының өзектілігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет