2 Жеке тұлғаның қалыптасуындағы рухани дүниенің орны
Жоғарыда қарастырған құндылықтар, рухани құндылықтар, құндылықтық сана адамның рухани өмірін, оның қалыптасуын білдіретіндігін атап өттік. Ал енді сол рухани дүние дегеніміз не, оның жеке тұлға қалыптасуындағы орнына тоқталайық. Адам өмір сүретін әлем салыстырмалы түрде екі үлкен әлемге жіктеледі. Оның алғашқысын материалдық болмыс құраса, екіншісі рухани қатынастар, құбылыстар әлемі. Адамның тұлға болып қалыптасуында шешуші рөл атқаратын сала рухани әлем болып табылады. Әрине, адамның денесі, бітімі табиғаттың үйлесімді заңдылықтарына тәуелді болғандықтан, ол әрқашанда бұл табиғи заңдылықты бұзбауы тиіс. Бізді табиғат, заттар мен құбылыстар әлемі қоршап тұр. Материалды әлемнің әрбір заты мен құбылыстары өзара байланыс негізінде біздің санамыз бен ойлауымызда сөздік, тілдік көріністер арқылы бейнеленген. Ал, ойлау, сезім, эмоция, қайғыру, бағалау, пікір, көзқарас, қоршаған ортаны тану, өзін-өзі тану және әлемдегі орнын білу, әдемілік, жақсылық пен жамандық идеалы, эгоизм түсінігі, Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға, бауырларына, туысқандарына мейірімділік сияқты қасиеттер рухани дүниені құрайды. Адамды адам ететін басты қасиет – рухани дүниесінің дамуы. Бұл дамудың алғышарттарын анықтау үшін тарихқа жүгініп көрелік. Адамзат тарихының бастауларына назар аударсақ – діннің пайда болуы өнерді туындатқан болатын, ал өнермен астарласа білім мен ғылымның негіздері қалана бастаған еді. Жеке тұлға руханилығын дамытып ғана өз өмірін үйлесімдендіре түседі. Ол өз жанының сыртқы көрінісі –рухының арқасында биікке көтеріле алады. Рухани дүние тұлғаның дүниетанымымен, іс-әрекетімен тікелей байланысты. Адамның өз бойындағы барлық жақсы қасиеттерін әлемге паш етуге дайындығы, яғни ақылын, дарынын, қабілетін, шеберлігін, ішкі нұрын, жүрек жылуын адамдарға, табиғатқа, ғаламға беруге ұмтылуы – рухани дүниенің бір келбеті. Рухани дүниенің дамуы – ол күнделікті өмірлік асулардан асам деген атқа лайықты түрде өте білу. Сондықтан, үнемі, үздіксіз дамуда болу керек. Міне, осы мәселе жөнінде Индира Зарипованың ойлары көңіл аударарлық. Ол өз ойын былай тұжырымдайды: «Адам әрбір күннің әрекетімен қайта-қайта жаңғырып отырады деген ойға үйрену оңай емес. Біздің қалыптасуымыз – түкке тұрмаушылықтан ұлылыққа дейінгі жолды қайта-қайта өтуден тұрады. Қайта-қайта құлдырау мен асқақтау. Бұндай қалыптасусыз біз тірі емеспіз» (36). Міне осы қалыптасудың негізгі өзегі – адамдардың өзінен басқа әлемге деген қарым қатынасы. Дүниедегі кез келген адамды өз жақынындай қабылдай алған, оған өз бойындағы ыстық ықылас – махаббатын сыйлай алған адам нағыз рухани дамудың жолына түскен адам. Ал, болмысқа басқаша көзқараспен қараушылық – прагматистік әр түрлі есеп көздеуден құрылған қадам болып табылады. Адамның рухани дүниесінің, яғни жеке тұлға қалыптасуының тағы бір көрінісі – оның шығармашылығы. Ол адамға тән еркіндіктің, әркімнің дарындылығының, шынайылылықтың, еңбекқорлықтың әлеуметтік практикада жүзеге асуы болып табылады. Әрбір еңбектің нәтижесі шығармашылықтан туындап отырса, онда дүниедегі көптеген қайшылықтардың шешілгендігінің белгісі болар еді. Бірақ, тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан жеке индивид көп жағдайда өз қалауына сәйкес келмейтін істерді атқару кезеңінен өтеді.міне, осы сынақтардан сүрінбей өту, яғни қандай еңбекті болса да шынайылықпен атқаруға тырысу рухани даму жолына түскен азамат үшін міндетті асу болып табылады. Сынақтың үлкені мен кішісі жоқ, күнәнің де маңызды, маңызсызы болмайды. Адам барлығына да жауапкершілікпен қарағаны жөн. Сонда ған ол өзінің «менін» биік деңгейге дейін жетілдіре алады. Рухани дүниесінің даму жолынан алыстаған адам өзімшілдіктің өзімшілдіктің, менмендіктің қақпанына түседі. Оның ақылы, пайымы мен зердесі, толық өзіндік болмысы жеке бастың сұраныстарын күйттеуге көшеді. Ондай адам ар-ұяттың бақылауынан тыс өмір сүре бастайды, адамның бойындағы рухани қасиеттерден арыла бастағанын өзі сезбей қалады. Руханилықты қалыптастырушы маңызды элементтің бірі – құндылықтар жүйесі дей аламыз. Құндылық – адамның тілегін, қажетін және мүддесін қанағаттандыратын зат пен құбылыс сипаты. Құндылық субьектінің өз қажетін қоршаған дүние заттарын өзіне сәйкес ұғыну салдарынан қалыптасады. Әлеуметтік ортада өмір сүретін субьектінің рухани құндылықтарына мыналар жатады: а) Өмірлік мәнділіктер – ізгілік пен зұлымдық, бақыт пен мақсат және өмірдің мәні туралы ұғым. б) Кешенді құндылықтар: өмір, денсаулық, жеке бастың қауіпсіздігі, отбасы, тұрмыс күйі, туысқандар, білім, мамандық, құқықтық тәртіп т.б. в) Қоғамдық тану (еңбек сүйгіштік, әлеуметтік күйі т.б.). г) Бір бірімен қатынас (адалдық, мейірімділік). д) Демократиялық ( сөз бен ар бостандығы, еркіндік). Аталған құндылықтар түсінігіне сәйкес адам ортасын өзгертуге, өзін де өзгертуге әрекет жасайды. Яғни жеке тұлға қалыптасуының сатылары жүреді. Сондыұтан адамның мәні – рухани дамуда. Ол өз рухани деңгейін көтере отырып, адамдағы терең ақылдың қасиеттерін ашады, бойындағы дарынын тиімді пайдалана бастайды. Ал, енді мұсылман дінінде, жалпы Шығыс халқының дәстүрлі мәдениетінде терең орын алған әқанағат», «тәубе» ұғымдары жеке тұлғаның рухани қалыптасуының үйлесімдендірушісі болып табылады. Бұл мәселелер жөнінде Ғ.Есім былай дейді: «Тәуба деген - адамның бұл дүниеде барлығына қанағат етуі. Тәуба басы – адамның тірі, бар болуы болса, одан кейін Алланың берген несібесіне разылық білдіру, одан әрі бұйрыққа жаратушының әміріне сәйкес ғұмыр кешу» (37). Әрине, бұл жерде бұл құбылыстардың шын мәнінде адамға қызмет етуі үшін – Сабырлылық, Шыдамдылық, Рақымдылық пен Ізгілік сияқты қасиеттер адам болмысының негізін құрай бастауы керек. Олар өзінен өзі қалыптаса салмайды, оған әрбір адам өз өміріндегі қиындықты жеңе білу арқасында, өзін-өзі тәрбиелеу нәтижесінде жетуі тиіс. Міне, сол кезде халықтық педагогиканың да, оның даналығының да, дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың прогрессивтілерінің де рөлі зор. Тағы да айта кететін мәселе адамның рухани дүниесі қалыптасуы үшін этикалық құндылықтардың маңызы зор. Бұл туралы Д. Кенжетай «Адамның адамдық сипаты оның ахлақи-моральдық құндылықтармен сомдалуы» (38) деп жазады. Ал жетілу жолына түскен адам өз болмысындағы жалған құндылықтардың жүйесінен арылып, батыл түрде жаңа рухани даму жолына түсуі қажет. Өйтпесе, рақаттану, «өмір қызығын көру»,жалқаулану, пайда ойлау, даңқ пен атақ іздеу, өтірік айту, өзгелерге агресияңды көрсету, екіжүзділік таныту сияқты қасиеттерді бойға үйір етіп алады. Сондықтан адамгершілік деген рухани құндылықтың не екенін жан дүниесімен қабылдап ғана адами болмысымызды биіктете аламыз. Әлемге деген құндылықтық қатынастар сонау балалық шақтан қалыптасып, адам ғұмырының түгел бойында даму, өзгеру үстінде болады. Құндылықтар жүйесінің тұлға үшін тұтасымен қайта қаралуы өте сирек кездесетін жағдай. Бірақ ондай мүмкіндіктерді де жоққа шығаруға болмайды. Адамның рухани дүниесінің қалыптасып, дамуы үшін қажетті рухани құндылықтарды әр заманның ақындары мен жазушылары, философ, ғалымдары көрсетіп беріп отырды. Әлемді жайлап алған маскүнемдік пен нашақорлық үрдістері адам рухани дүниесі дағдарысының бір көрінісі. Бұл үлкен глобальды мағынадағы мәселе. Оның шешімі әрбір тұлғаның рухани жетілу жолына бетбұрыс жасауымен байланысты. Көптеген мемлекеттер тең құқықтық деңгейде қатынастарды реттеп отыруға, шектеп отыруға тырысады. Шынайы бақыт адамның өзін адам екендігін сезіне білуінде.