Мазмұны М. Тынышбаев: №2370 тергеу ісі бойынша жауапқа тартылған Мұхамеджан Тынышбаевтан



бет9/10
Дата25.01.2017
өлшемі1,73 Mb.
#7935
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10

Бұл өкіметті – бұрынғы қаналған халықтар үшін аса бір қажетті өкіметдеп есептеймін. Мен бұл пікірге дәл қазір түрмеде отырған кезде емес, одан көп бұрын келгенмін. Астық дайындауға, мойынсеріктің малдарын тәргілеуге, коллективтендіру науқандарына кесір келтіруге араласқан жоқпын. Қазіргі көзқарасым өте оңды және жүргізіліп отырған шаралар арамтамақтарды жоюға, жартылай ашаршылықтан, қорлықтан құтқаруға бағытталған деп. есептеймін (Тура осы кезде Қазақстанда жаппай ашаршылық жүріп жатса да осылай „мойындауға” мәжбүр болған – Т.Ж.).Мен өз пікірімді Әлімхан Ермековтің алдында да айтқамын. Егер ұмытып қалмаса. Айтқандарым дұрыс жазылды. (Х.Досмұхамедов). 26 қазан, 31 жыл».
хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

СССР-дің ОГПУ коллегиясына Қазақстаннан жер аударылған Досмұхамедов Халел Досмұхамедовичтен өтініш.



ПП ОГПУ-дің Қазақстандағы коллегиясының қаулысы бойынша ұлтшылдықпен айыпталып 1930 жылдың 14-қыркүйегінен баста 5 жылға жер аударылған едім. 33-жылы өкпе туберкулезінің ашық түрімен ауырдым. Сондай-ақ ұсынылған құжаттарда көрсетілгеніндей бүкіл денемді дуылдататын жүйке қышымасына да ұшырадым. Аурудың себебі – ауыр жұмыс, ауа райының жақпауы, тұрмыстық нашар жағжай (тар және сыз пәтер, еңбекақының тамаққа жетпеуі). Мен 5 адамнан тұратын үйдің жалғыз асыраушысымын, әйелім және 14-16 жастағы 3 балам бар, оның біреуі туберкулезбен, екіншісі туботоксинациямен (?) ауырады. Қазіргі жайсыз жағдайға байланысты менің үй-ішімнің өкпе туберклезін жұқтырып, тарату қаупі бар. Менің дертім барған сайын асқынып, меңдеп барады. СЧО (сслкадағы төтенше орын –Т.Ж.) аймағындағы ем өкпеге қонбайды. Маған жыл сайын бірнеше ай бойы Қырым мен Кавказ санаторийларында емделу қажет. Жер аударылушы ретінде мен ондай мүмкіндіктен айырылғамын. Мұндай жағдайда мен өзімнің жұмыс қабілетімді ғана жойып қоймаймын, сонымен қатар мен мүгедектікке ұшырасам бүкіл жанұям асыраушысыз қалады. Жоғарыда айтылған жағдайларды ескере келіп СССР-дің ОГПУ-нің коллегиясынан мені босатуды не кесімді мерзімді азайтуды өтінемін.

Х.Досмұхамедов. 28 наурыз, 1934 жыл.

Мекенжайым: Воронеж қаласы, Ветеринарная көшесі, 13. Дәрігерлердің анықтамасы қоса тіркеліп отыр”.

ИСА ҚАШҚЫНБАЕВ

«14/Х- жүргізілген тергеудегі айыпталушы Иса Қашқынбаевтің қосымша көрсетіндісі. Жауап алған ОО ПП ОГПУ-дің бастығының көмекшісі Волохов (1 том, 420=422 беттер).

«1). Ұйымның құрылуы. Ұйымды құруға сыртқы интервенциялық күштердің басып кіру қаупінің төніп келе жатуы, сөйтіп Ресейдің аудан-ауданға бөлшектеніп кетуінің мүмкіндігі ықпал жасады. Ресеймен қоса қазақ ұлты да бөлшектеніп кетпеуі үшін және орыстың қанауынан құтылу үшін, Батыс Еуропаның алдында қазақ халқының өкілдігі бар екендігін көрсету үшін ұйым құру қажеттігі туды. Орыстың құлдығынан құтылып, тәуелсіз өмір сүргіміз келді. Біздің бұл тілегіміз интервенттердің де мүддесінен шығады, сөйтіп бізді азат етеді деп үміттендік. Мәжілісті кімнің шақырғаны есімде жоқ. Жаңылысыспасам, бірінші мәжіліс Дулатовтың бөлмесінде өтті. Сонда жиналғандар ұйым құру туралы ұйғарымға келді.

2).Саяси орталығы туралы. Түркістандағы ұйымда саяси және ұйымдастыру құрылымдары болған жоқ. Орталығы Орынбор бола ма, жоқ, Ташкент бола ма, ол мәселе ашық қалды. Ташкенттегі ұйымға: Әділов, Жәленов, Битілеуов, Бірімжанов, Ж.Досмұхамдов, Досмұхамедов Халел, Болғамбаев, Испулов, Кақынбаев, Тынышбаев, Ахмед-сафа (фамилиясы есімде жоқ), Омаров Уәлихан, Омаров Әшім мүше боп кірді. Орынбордағы ұйымның толық құрамын білмеймін, бірақ өзгелерден естуімше Байтұрсынов, Дулатов (қоныс аударған), Садуақасов, Омаров Елдес бар көрінеді.

3). Ұйымның құрылымы. Ташкенттегі ұйымның жұмыстары жалпы жиналыста шешілді, онда бөлімдік құрылымдар болған емес.

4) Біздің ұйымның бағдарламасы есімде жоқ, бірақ та негізгі мақсаты мынаған келіп тіреледі: Қазақстан Президент пен парламент билейтін тәуелсіз демократиялық республика болуы тиіс. Өнеркәсіп саласында жеке меншікке жол беріледі. Ал жер мәселесі қалай шешілуіге тиіс болғаны есімде сақталмапты. Тек жер жеке меншікке берілмейтіні анық...»

«Біздің ұйымымыздың жұмыс істейтінін Рысқұлов білген сияқты. Ал Қожанов пен Садуақасовтың білген-білмегені жөнінде ештеңе айта алмаймын. Ұйымға тарту үшін барған біздің адамымызға Рысқұлов: «Біздің көзқарасымымызбен келісетінін, ұйымды қолдайтынын айтты. Ал Қожанов үзілді-кесілді бас тартып, мұны арандату, саяси екіжүзділік деп бағалады» - дей келіп 1921-1922 жылдардағы саяси оқиғаларға тоқталады.



«Болашақ үкіметтің құрамы туралы. Бұл мәселе бірде-бір рет талқыланған емес. 1924-жылғы жер межелеу кезінде өзбек ұйымының өкілдері Мінауар қари Әбдірашидовпен, Ғұбайдолла Ходжаевпен және Миржалиловпен бірінші және соңғы рет бас қостық. Мәжіліске Тынышбаев және мен қатыстым. Ол кезде біздің ұйымымыз таралып кеткен, оны мойындауға өзбектердің алдында батылымыз бармады. Мінуар қари бізге Қазақстан туралы мәліметтерді беруді ұсынды, ал олар шетелдіктермен парсы елшілігі арқылы байланыс жасап отыр екен. Біз мағлұматтарды беруге келістік, ал өзбектерге қаржылай көмек көрсетуден бас тарттық, ешқандай қаржымыздың жоқтығын айттық. Әрине, кейін оларға ешқандай мағлұмат берілген жоқ (маған солай сияқты). Аталған үшеуінен басқа өзбек ұйымының мүшелерінің ешқайсысын білмеймін. Біздің ұйымда ешқандай қаражат болған емес. Бірақ Әділев пен Бірімжановтың Бұқара барғандағы жол қаражатынан басқа шығын да болған емес. Бірімжанов арнайы іссапардың қаражатын пайдалануы мүмкін, ал Әділев ешқайда жұмыс істемегендіктен де жолақыны қайдан алғанынан мағлұматым аз.

Біздің отырыстарымызда қандай мәселелердің талқыланғанын еске түсіру қиын. 1921 жылдан бастап 1922 жылдың аяғына дейінгі отырыстар қыста өткізілді. Жазда бәрі жан-жаққа тарқап кететін. Негізгі тақырып: кеңес өкіметі мен ақ эмигранттарға көзқарас, жер реформасы болатын. Алғашқы мәселе жөніндегі бастапқы пікірлеріміз бірдей болатын: кеңес өкіметінің күні санаулы, мәңгілік отырмайды, ерте ме, кеш пе, әйтеуір соғыс басталады, ол СССР-дің жеңілісімен аяқталады – дестік. Біздің мақсатымыз – ұлттың негізгі ұйытқысын қырғынға ұшыратпай, аман сақтап қалу. Айтпақшы, төңкеріс бола қалған жағдайда, орыс шовинистері бізді қырып тастамас үшін қырға шығып кету керек дегенге келістік. Кеңес өкіметіне ашық қарсы тұрудан бас тарттық. Бұл шешім жағдайдың өзгеруіне байланысты бірде – алай, бірде – былай ауытқып отырды. Заки Валидов саясат сақнасына шыққанда олармен байланысқа шығып, дипломатиялық амалдау бағыты ұсталды. Ешқандай белсенді әрекетке бармау керектігі айтылды. Заки Валидов оған қанағаттанбай, нақты көмек көрсетуді талап етті. Егерде біздің ұйым оған көмектеспесе, не көмектескісі келмесе, онда қазақ халқына басқаша жол табатынын жариялады. Бұл біздің ұйымның мүшелерінің көпшілігін сескендірді, белсенді түрде араласуға уәде етісті. Бәрі сөз жүзінде қалды. Не қаражат жоқ, не күш жоқ. Валидовті түстікпен қамтамасыз етуге тура келді. Валидовке нақты қолдау көрсетілмеді. Кейіннен бізге, әсіресе, Досмұхамедовке келісімді бұзғаны үшін қатты-қатты сөздер айтты.

Мынадай сөздер: кеңес өкіметі қазақ халқының мәдениетін дамытуды қолға алып жатыр, кеңестік платформаны сөзсіз мойындау қажет, мүмкіндігі барлар партияға өтіп алуы керек – деген сөз жиі айтылып жүрді. Бұл мәселе бірнеше рет талқыланды. Кейіннен партияға өтуден бас тартуға ұйғарылды. Тек біздің халқымыздың игілі үшін жасалған шараларды ғана белсенді түрде қолдау міндеттелді.

Кеңес өкіметінің Жетісудағы жер реформасын толықтай қолдады (бұл: ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуіне алып кетуі мүмкін – дегендер де боды). Бұл салада қызмет істегендер қорыққаннан емес, ар-ожданымен жұмыс істеді».

ххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх



«8/ -30 жыл. 22-жылы біздің мақсатымызды табыспен жүзеге асыру үшін ұйымға көрнекті коммунистерді тарту керек деп шешілді. Күзге қарай Түркістан республикасы халық комссарлар кеңесінің төрағалығына тағайындалған Рысқұлов Ташкентке келді. Рысқұловпен жолығу үшін Әділев және Әуезов (мүмкін) жіберілді. Әңгімелерінің анық-қанығын білмеймін. Бірақ Рысқұловтың: біздің көзқарасымызды бөлісетінін, қал-қадерінше көмектесетінін, қолдайтынын мәлімдегені шындық. Алайда ол: өзбектермен байланыс жасамауды тапсырыпты, Қожановтың (Хожаевтің болуы да мүмкін – Т.Ж.) тар ұлтшылдығы оған жарамайды – депті. Қожановқа Испулов және Әділев (мүмкін) жолықты ғой деймін. Соңғы адамға Қожанов: мұнда рысқұловшылдықтың иісі шығып тұр. Мұның барлығы арандату. Кеңес өкіметінің аясында қазақ ұлты өркендей алады. Сондықтан да сендерді қолдай алмаймын – депті. Екеуіне бұл мақсаттың нақты орындалуы емес, ұйымды кімдер, қалай құратынын білу керек болды. Рысқұлов кеңес өкіметінің арасында жікке бөліну бар екенін айтыпты. Олардың әр қайсысы біздің топты өзіне тартуға тырысты. Өйткені ұйымның қазақтары өте сауатты еді, сондықтан да пайдаланып қалуға тырысты. Біздің мақсатымыз олардың өздерін пайдалануға тырысу еді. Ол кезде, 22-жылдың соңғы маусымында кеңес өкіметін құлатуды армандау да мүмкін емес болатын. Сондықтан да мәдениет майданын қолға алу, шаруашылықты игеру міндеті қойылды. Қызметке орналастыру үшін біздің топтың тізімі Рысқұловқа берілді. Өкіл ретінде Рысқұловқа Әділев және мен бардым. Берілген тізімнің ішінде менен басқалары оны толық қанағаттандырды. Мені еркімнен тыс оқу-ағарту комиссариятының коллегиясының мүшелігіне ұсынған болатын. Мен Рысқұловқа: бұл қызметтің маған қол емес екенін, мені медициналық қызметке жіберуін өтіндім. Ол ашық бас тартқан жоқ...»

«22-жылдың күзінде Рысқұлов үкімет басына қайтып келгенде, Қожанов екеуінің арасындағы араздық біздің ісімізге кедергі келтіруі мүмкін екенін ескеріп, екеуін татуластыру керек деп шештік. Олар менің пәтерімде кездесті. Олар көп ешкімнің болмауын тапсырды. Сондықтан да оған Х.Досмұхамедов және мен ғана қатыстым. Рысқұлов пен Қожанов ұзақ уақыт өзара айтысып, бірін-бірі: ұлт мүддесін сатқаны және жалған солшылдығы үшін айыптады. Рысқұлов ұлт дегенді бүкіл шығыс жұртына қарата қолданды, ал Қожанов: оның қате екенін, қазақ пен өзбектің арасындағы қарама-қайшылық қоныс аударған орыстар мен қазақтардың арасыдағы қарама-қайшылықтан кем емес екенін дәлелдеді. Біз оларға: «Сендердің көзқарастарыңның айырмашылығы неде?» - деп сұрағанымызда, олар нақты жауап бере алмады. Рысқұлов: «Жер реформасымен Қожанов келіспейді, ал мен оның қан төгісіне қарсымын» – деді. Ал Қожанов: «Мен ешкімді атқамын жоқ» – деп еді Рысқлов оған: «Мен өз қолыңмен өлтірдің деп отырғамын жоқ» – деді. Сөйтіп олардың көзқарастарының арасында айырмашылық жоқ болып шықты. Татуласу мынадай негізде жүзеге асты:



Қазақтың мүддесі мен қазақ аудандарына қатысты мәселелерді, қазақ қызметкерлерін тағайындауға байланысты шараларды Рысқұлов Қожановтың келісімінсіз шешпеуге, ал жалпы мәселеде – Қожанов Рысқұловты қолдап отыруға, орынсыз сынап-мінемеуге келісті. Бұл келісім шілде айына дейін, яғни Москвадағы кеңесте Сұлтанғалиевтің мәселесі талқыланғанша күшін сақтады. Осы кеңестен кейін Қожанов Рықұловтың беделі әлсірей бастағанын сезіп, шабуылға көшті. Айтпақшы Рысқұлов маған: «Сталин жолдас маған телефон шалып: Сұлтанғалиевтен хат алғаның рас па? – деп сұрады. Мен бір рет хат алғанымды айттым. Сталин жолдас қатты тойтарыс беріп тастады. Содан кейін оның маған деген қатынасы суый бастады» –деген болатын.

Бірде 20-жылы Рысқұлов мені өзіне шақырды (менің қасымда тағы біреу болды), істің жағдайынан мағлұмдар етіп, қандай саясат қолдану керектігін сұрады. Оның бұл сөзінің астары мынадай: Орта Азия халықтары бірігуі керек...Жеке-жеке күйінде олар өмір сүре алмайды. Өзінің стратегиялық орналасуы жағынан Қырғызстанға қиынға соғады, сондықтан бұған ерекше назар аудару қажет. Ұсақ ұлтшылдықты доғару қажет. Бұл халықтардың өркендеуі тек кеңес өкіметі жағдайында ғана мүмкін. Кеңес өкіметінен бөлініп кетуді немесе оны құлатуды көз алдына елестете да алмаймын. Менің жақтастарым отаршылдықпен күресетін болады, шет жұрттың мүддесін Москва үнемі ескере бермейді. Кейде керісінше түсініп қалады. Сондықтан да Москваның назарын аудару үшін халықтың қарсылық қозғалысы аса қажет. Бұл бағытта «Алашорда» тобы белсенді түрде іске кірісуі тиіс» – деді. Мен бұл мәселені Жаһанша Досмұхамедовке айтып едім, ол: «Пысық бала екен, біреудің қолымен от көсемек. Бұдан мансаптың иісі шығып тұр» – деді. Бұл мәселе жөнінде екеуара әңгіме қайталанған жоқ. Сөз арасында Рысқұлов маған: Менің мақұлдауыммен Жанұзақов басмашыларға қосылып кетті. Ол өте жігерлі адам екен, қырғыздар мен өзбектерді татуластырды, Әндіжан өлкесіндегі басмашылардың басын қосты – деді.

1923 жылдың ақпан айында қатты ауырдым. Сәуірдің аяғына дейін ес-түссіз жаттым. Жазға қарай бетім бері қарады да 15 қыркүйекте қызметке шықтым. Бұл аралықта не істелгенін білмеймін. Сол жылы күздегі кеңестердің құрылтайында Рысқұлов қызметтен кетті. Біздің топ бұған қатты өкініп, Қожановты кінәлады. Құрылтайдан кейін Рысқұлов Москваға кетті, естуімше ол «Алашордалықтарды» сыбап жүрген көрінеді. Қожанов мәлімдеме жазыпты деп естідік. Сенбедік. Жылдың соңында мынадай жағдай болды.

Рысқұлов бір жас жігіттен беріп жіберген бе, жоқ, почтамен жолдаған ба, әйтеуір Сарымолдаевқа хат жіберіпті. Ол хат Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне келеді (Жаһанша Досмұхамедов пен Рысқұлов бажа болатын). Жаһанша Досмұхамедов хатты ашып оқиды. Онда ол өзінің жақтастарына: «Алашордашылармен» ауыз жаласудың қажеті шамалы, қайта олардың үстінен айғақтар жиып, ГПУ-ға хабарлау керек. Қожановты ұлтшыл деп әшкерелеуге тырысыңдар – деп жазыпты (Өз басым ол хатты оқығамын жоқ). Жаһанша Досмұхамедов хатты Халел Досмұхамедовке көрсетіпті. Соңғысы хатты Тынышбаевқа оқыту үшін өзімен бірге алып кетіпті. Сол кезде Әділев те қайтып оралды. Үшеуі ақылдаса келіп хатты Қожановқа көрсетіпті. Соңғысы хатты өзімен алып кететіндігін және Жаһанша Досмұхамедовтің үйіне тінту жүргізетінін, оны оған хабарламауын тапсырыпты. Халел Досмұхамедов мұны Жаһанша Досмұхамедовке айтыпты. Жаһанша Досмұхамедов пен Қожанов Халел Досмұхамедовтің үйінде кездесіпті. Қожанов қасарысып көнбепті. Келесі күні тінту жүргізіп, хатты ГПУ-шілер алыпты. Сол кезден бастап бөліну басталды: бізбенен Рысқұловтың арасында, Халел Досмұхамедов, М.Тынышбаев пен Жаһанша Досмұхамедовтің арасында жік пайда болды. Біздің ұйым мүшелерінің аты аталғандардан басқа сол кезде Ташкентте тұрғандар: мен, Исполов, Әділев. Мен және Испулов екеуміз Жаһанша Досмұхамедовті жақтадық, Әділев өзін қорланған адамдай сезінді. Х.Досмұхамедов пен Тынышбаев: Рысқұловшылардың тыңшылық әрекетінен ертерек сақтандырайық деп ойладық. Сондықтан да Қожановты қостық – деп өздерін ақтауға тырысты. Жаһанша Досмұхамедов: жеке бас пайдасы үшін және Қожановқа жағыну үшін Халел Досмұхамедов мені пайдаланды – деп кінә тақты.

Бір сөзбен айтқанда, осы оқиға Ташкенттегі ұйымның тарқап кетуіне себепкер болды. Алайда оған дейін де ұйымның аты өшіп тынған болатын. Жаһанша Досмұхамедов пен Халел Досмұхамедов екеуі 25-жылы қараша айында менің әйелім қайтыс болғанда көңіл айтуға келгенде татуласты.

...Қожанов пен біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы болды (біздің арамыздағы Жаһанша Досмұхамедовті жақтырмады, сондай-ақ Әділевті үнемі мазақтап отыратын), алайда одан: бізді сатып кетеді деп емес, бізді өзінің мүддесі үшін пайдалануы мүмкін немесе әр қайсымызды әр жаққа қызметке бөліп жіберуі мүмкін – деп сескенетінбіз. Бір мысал келтірейін: 22- не 23- жылы ма, әйтеуір С.Өтегенов маған және бірнеше адамға келіп, қоныс аударушыларға қарсы күресу үшін құмның ішінде қарақшылық топ құрайық – деп ұсыныс айтты. Біз үзілді-кесілді бас тарттық, бізді Қожанов айдап салып отыр деп түсіндік...».

Көрсетіндінің бұдан арғы мазмұны өзгелердің жауаптарында қамтылған жайларды қайталайды.

хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

И.Қашқынбаев пен М. Мурзиннің арасындағы әңгімесі (камера есігінің сыртына қойылған тыңшының жазбасы)


«Мурзин М.: Менің ойымша сені босатып, мені түрмеде қалдыратын шығар.

Қашқынбаев И.: Неге олай деп ойлайсың?

Мурзин М.:Орынборда Сұмағұл Садвақасовтың ұйымдастыруымен Коммунис қазақтардың жиналысы болды. Партияда жоқтардан мен ғана қатыстым. Бұл туралы елдің бәрі біледі. Әсіресе, Байділдиннің баяғыда-ақ айтып қойғанына сенімдімін. Енді менің де сол оқиғаны баяндап беруімді талап етіп отыр. Ол мақсаттарына ешқашанда жете алмайды. …(Досмұхамедов немесе Байділдин ?) аса күдікшіл. Жұрттың бәрін ГПУ-дің тыңшысы деп есептейді. Өткен жылы өзінің соңында тыңшының жүргені туралы әркімге айтқан. Бұл мәселеге ерікті немесе еріксіз түрде болса да Смағұловтың, Қозыбековтың, Байғариннің, К.Тоқтабаевтың, Е.Үрдебаевтың қатысы бар. Жер жөніндегі комисариаттың машинасымен соңына ілесіп отырыпты. Кожевников пен Нұрмақовқа Қадырбаев Сеидазымды іссапарға жұмсаған сияқты. Бұл туралы ГПУ-дің қызметкерлеріне хабарланыпты. Мұндай орынсыз тіміскілеу менің жүйкемді жұқартып, жындандырып жібере жаздады. Бұл тыңшылық маған сабақ болды. Кейін соңыма кімді салып қойғанын айна қатесіз білетін болдым. Олардың жұмыс жүйесі мен қисынын талдай келіп, қалай жұмыс істейтіндерін білдім. Олар әр адамның ақылы мен мінезіне қарай бағалап, жеке-жеке зерттеп, жасырын түрде тапсырма береді.

Қашқынбаев И.: Мен болған жайдың бәрін мойындадым. Ол менің бауырым болғандықтан да не істерімді білмеймін.

Мурзин М.: Мынадай тәртіпті ұстану керек. Ешқашанда, ешнәрсені мойындамау керек. Егер де жан-жағыңнан қысымға алса, онда үндеме, әйтеуір мойындай көрме. Сіздің тәжірибеңіз аз адам екенсіз. Ешқашанда тергеушілірдің сөзіне сенбеңіз. Егер де олар нақты айғақ бар десе, онда құжатты көрсетуін талап етіңіз. Алайда тергеушілер көрсеткен айғаққа сенбеңіз. Бұл олардың тақыстанған тәсілі. Бетпе-бет мойындасуға шақырса да бәрі бір мойындамаңыз. Мен өзім бетпе-бет мойындасу кезіндегі барлық айғақтарды жоққа шығардым.

Қашқынбаев И.: Нақты айғақты мойындамауға (Қашқынбаев) қарсы шықты. Бұл ГПУ-дің сенің сөзіңе сенімсіздік тудыруы мүмкін деді (бұл арада тыңшы Қашқынбаевтың сөзін мазмұндап беріп отыр).

Мурзин М.: Ер жігітке сай мінезді сенімен жігітше сөйлескенде ғана көрсету керек. Адамның жеке басон қорлап, қысым көрсетіп отырған қазіргі жағдайда парасатты көріну нағыз ДонКихоттық, ақымақтық. Жалпы кез келген қысымға шыдай білу керек және өзгеге кінә артпауға тырысу қажет. Ең бастысы, ешкімді шырғалаңға тартпаған жөн. Менің негізгі ұстанған тәртібім – үшінші бір адамның атын атамаймын, тіпті достарыммен отырғандағы әңгімеге де ешкімді араластырмаймын.

Тағыда Мурзиннің айтқаны (Тыңшының жазғаны – Т.Ж.): Сіздердің ұйымдарыңыз бар екенін баяғыда-ақ білген, бірақ та ол кезде қозғамаған. Әуелі бірінші топты, содан кейін екінші топты іріктеп тұтқындаған. Енді үшінші топтың да тізімін жасауы мүмкін. Мұның барлығы сыртқы дүниеге (немқұрайлы адамдарға) қыр көрсетіп: ГПУ тергеушілері тергеу барысында жаңа астыртын ұйымды әшкереледі дегенге сендіру үшін жасалып отыр. Ал тұтқындалғандардың барлығын айыпты етіп, мәселесі шешіліп қойған. Олар тергеуді тұтқындағаннан кейін емес, тұтқындағанға дейін жүргізеді. Сіздер астыртын ұйым құрды дегені жай сылтау ғана, мәселе басқада. Орталық комитеттің былтырғы қаулысында ұлттық интеллигенциямен күресу туралы шешім қабылданған болатын. Бұған не себе болды, мен білмеймін. Бірақ та біздің тұтқындалуымыз сол қаулыны жүзеге асырудың нәтижесі екені анық».

хххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххххх

«Власова Алисаның 1931 жылғы 5 қыркүйек күні берген жауабы.



Алиса Власова: «Әзиз Мурзинді мен 1920 жылдан білемін. Сонымен қатар оның туған ағасы Мұхтар Мурзинді және оның жақын таныстары Садуақасов Смағұлды, Бөкейханов Әлиханды, Байтасов Абдолланы, Сұлтанбеков Жағыпарды, Досмұхамедов Жаһаншаны, Шылалов Мыңайдарды, Басалов Айдарбекті, Телхожин Зейнолланы, Ермеков Әлімханды жақсы білемін. Бұл адамдардың барлығы менің күйеуім Мурзинмен жақсы қарым-қатынаста болды. Ол бұлардың үй іштерін де жақсы көретін. Сондай-ақ Әзиз Мурзиннің болашақ әйелі Жантөрина Зайрамен де таныспын. Жоғарыда айтылған таныстары мен достары, оның отбасымен үнемі араласып тұратын.

1922 жылы Смағұл Садуақасов Қостанайға келіп Әзиз Мурзинді өз жағына тартты. Ол кезде Мурзин Қостанай губерниялық атқару комитетінің төрағасы болатын. Олар байлармен ауыз жаласып, оларға көмектесті. Қазақ қызметкерлері Мурзинің маған, яғни орыс әйеліне үйленгеніне қарсы болды. Сондай-ақ Садуақасов Смағұл мен Мурзин Мұхтар да жақтырмайтын. Қазақтың таза қаны орыспен араласқаннан кейін дүбара тұқым туады дейтін. Олардың дегеніне көнген Мурзин мені тастап кетті де Балғымбаевтің қызына үйленді. 1927 жылы маған Мурзин былай деп айтты: 1922 жылы Смағұл Садуақасовтың Орынбордағы пәтеріне оның сыбайлас достары жиналды, ағайынды Мурзиндер де соның ішінде болды. Кеңес өкіметіне қарсы күресеміз, бір-бірімізге адал боламыз деп ант сөзін жазыпты. Бұл антты бәрі түрегеп тұрып тыңдап, төс қағыстырыпты. Ол мәжілістің мазмұнын білмеймін. Алай да Әзиз Мурзин маған: мұны өкімет мекемелері біліп қойса, біздің көрешегімізді көрсетеді – деді.

Мурзин Әзиз 1923 жылы Садуақасовпен және «ұлштшылдармен) байланысы үшін Компартия қатарынан шығарылды... Шәкеннің .... көмегімен Моквадағы құрылыс жөніндегі қазақ өкілі болып қызметке орналасты. Москвада ол Бөкейханов пен Мұңайтпасовты төңіректеп жүрді. Сол кезде маған Әзиз Мурзин: 1920-жылдардың басында Ташкентте Совет өкіметін құлату үшін қазақтардың жасырын ұйымы құрылды деп айтты. Сол ұйымның мүшесі ретінде Мұңайтпасовқа қару беріп, Қожановты өзінің пәтерінде атып өлтіруді тапсырды. Мұңайтпасов Қожановтың әйелінің бауыры болатын. Қарындасы мен жиендерінен айырылып қалмас үшін ол бұл тапсырманы орындамады. Тіпті бұл туралы Қожановтың өзіне де айтып қойыпты. Бұл оның алдындағы өзінің кінәсін жуғысы келгені болса керек. Мұңайтпасов бас тартқан бұл жұмыс ұйымның басқа мүшесіне тапсырылыпты. Оның аты-жөні есімде қалмапты.

Москвада тұрғанда Мурзин Бөкейхановты үйге жиі шақырды. Садуақасов үшеуі мені бөлмеден шығарып жіберіп, оңаша әңгімелесетін. Олардың қандай да бір өзара құпия әңгімесі болатын. Кей кезде Мурзин Әзиз ісспармен келген ағасы Мұхтар Мурзинге жолығу үшін қонақ үйге кетіп қалатын да, оңаша әңгімелесетін. Менің сұрақтарыма әдеттегідей жалтара жауап беретін. Әзиз Мурзин Әлихан Бөкейхановпен кездескен кезде есі шығып кететін, мұндай жақындық еркектердің арасында өте сирек кездеседі. Ал Бөкейханов маған: Мурзинді туған ұлымдай жақсы көремін – дейтін. 1929 жылы Мурзин Моквадан кетерде Бөкейханов онымен қимай қоштасты, көзіне жас алды. Онымен қоймай олар әлде не туралы қазақша сыбырласып сөйлесті. Ол кезде Москвада Байтұрсыновтың және басқа да адамдардың тұтқындалғаны туралы хабар белгілі болатын. Бөкейханов пен Мурзин, Мурзин мен Мұңайтпасовтар ол жөнінде жиі әңгімелесетін. Мен Москвадан кеткен кезімде Бөкейханов түрмеде жатқан Дулатовқа көмек ретінде оның әйелі Дулатоваға тапсыру үшін 4 мың теңге берді. Бұл ақшаны маған өте құпия түрде тапсырды, әрі өте сақ болуымды өтінді, почта арқылы хат жазбауымды ескертті. Дулатовқа тапсырылған ақша мен хатты Қызылорда қаласында Дулатоваға бердім. Тұтқындағылардың отбасына ақшалай көмек үнемі көрсетіліп тұрды. Ақшалай қаржыны ең соңғы рет Бірімжанов Алматыдан Москваға өзінің қазақ өкілеттілігінде істейтін қарындасы арқылы беріп жіберді.

1928 жылы Бірімжанов шетелден Москваға келді. Шетелде Мұңайтпасовпен кездескен. Бірімжанов Жантөринаға үйленеген болатын. Москваға келген соң Бірімжанов тұтқынға алынды. Бөкейханов пен Мурзиннің кеңесі бойынша Жантөрина онымен ресми ажырасты. Ал шындығында, ол өзінің күйеуіне үнемі қаржылай көмектесіп отырды. Бірімжановтан ажырасуының себебі өзіне тергеушілердің назарын аудармаудан туған. Өйткені Жантөрина помещиктің от басынан шыққан. Әкесі мемлекеттік думаның мүшесі болды. Патша сарайында жиі болып тұрған. Ол әйел Москва мемлекеттік университетінде шет тілі факультетінде оқыған. Германияға өзінің неміс тілін жетілдіру үшін іссапармен жіберілген. Қаражаты жоқ болғандықтан да басында барғысы келмеп еді, бірақ кейін ақша оның қолына жаңбырдай жауды да, шетелге кетті. Оған Мурзин 400, Бөкейханов 600, Сейдалин  200 сом берді. Сейітқали Меңдешев те көмектесті. Оның өз сөзіне қарағанда 4 мың сом жиналған. Әрине бұл оның кемітіп айтқаны. Ол бүкіл Еуропаны аралады, Берлинде, Парижде тұрды, Түркия арқылы қайтып оралды. Онда оның үй, қора-жайы бар ағасы тұратын. Ол Парижде Шоқаевпен кездесті. Әзиз Мурзинмен екеуара әңгімелескенде Шоқаевтің есімі жиі аталатын. Жантөринаның Москвадағы жоғары оқу орнына түсу себебі туралы мынаны айта аламын: Жантөриндердің үй-іші Колчактің штабымен бірге көшіп жүрді. Оның әкесі сол сапарда қайтыс болды. Әкесі өлген соң, сіңілісі екеуі Москвағв оқуға келді. Мұндағы қазақтармен танысып, жөн сұрасады. Құрлыс жөніндегі қазақ өкілеттігінде істейтін Әзиз Мурзинге жолығады. Ол: бұлар менің жерлесім, Сырдария аулынан шыққан деген сенім қағаз береді. Сол құжат бойынша Жантөрина оқуға түсті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет