МҰҚӘДДӘс мирза


Ас, тамақ тақырыбына қатысты ММ-дер



бет2/2
Дата05.11.2016
өлшемі452,1 Kb.
#815
түріДиссертация
1   2

Ас, тамақ тақырыбына қатысты ММ-дер. Әр ұлт қауымында сан қилы тағамдардың барлығы, яғни өздері үнемі дайындап қолданатын астардың ұлттық тағамдар деп аталатыны белгілі. Осы ұлттық тағамдардың жасалу технологиясы мен сан алуан табиғатын білдіретін, оларға қатысты неше түрлі ұғымдарды сипаттайтын мыңдаған атаулар мен жүздеген тұрақты тіркестердің қатарында ММ-дердің баршасы тілдің ежелгі де байырғы және құнарлы қорына еніп, ұлттық менталитеттің тілдегі бейнелі бір көрінісі болып есептеледі. Яғни олар екі тілде де мотивтік мәні ұқсас, бір-біріне жақын болып келеді.

Ас иесімен тәтті, табағымен сәнді (қазақша)

Аш игиси билән татлиқ (ұйғырша)

Жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын (қазақша)

Йахши аш ешип қалғучә, йаман қосақ йерилип кәтсун (ұйғырша)

Қазақ және ұйғыр халықтары — қонақ күтіп, тамақ әзірлеуге алдына жан салмайтын халық. Сондықтан болар кімге болсын тамақ бергенде жанында үй иесі қоса отыруы шарт. Онсыз астың дәмі де кірмейді. Яғни асты алдына қойып, үй иесі кетіп қалса, келген қонағы «мені жақтырмай отыр ма» деп ойлары әбден мүмкін. Сондықтан ас берген үй иелері дәммен қоса отырып, қонақты сыйлау, күту дәстүрі — қазақ, ұйғыр халықтарында ежелден келе жатқан дәстүр.



Жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын (қазақша)

Йахши аш ешип қалғучә, йаман қосақ йерилип кәтсун (ұйғырша)

мақалы тамақты, оған қаншалықты еңбек сіңірілетіндігін бағалау мақсатында қалыптасса керек. Шынымен де, ас даярлау оңай жұмыс емес. Егер тағам тәтті болса, босқа төгіліп, ысырап болмау үшін айтылған нақыл сөз. Бұның астарында қос халықтың жастарды асты қадірлеуге, босқа төгіп-шашпауға, ананың не болмаса ас дайындаушы адамның еңбегін бағалауға деген тәрбиесі жатыр.



«Қоғам» саласына жататын аңшылық кәсіпке қатысты ММ-дер.

Әрбір сала бойынша қатысқан жүздеген, тіпті маңыздаған тілдік факторлардың қалыптасуына ұйытқы болған дерек сөздерді теріп алып, жүйелеп, мағынасына зерделеп қарайтын болсақ, олардың кейбіреулері тіліміздегі гомоцентристік принцип бойынша жасалған ММ-дерге негіз болып келеді. Тіл факторларының когнативтік дамуының екінші жағы, міне, осы жерден басталады. Аңшылық кәсіпке байланысты қалыптасқан ММ-дер де осындай.



Ерді намыс өлтіреді

Қоянды қамыс өлтіреді. (қазақша)

Әрни номус өлтүрәр,

Тошқанни — қомуш. (ұйғырша)

Қазақ, ұйғыр халықтары қоянды таршылық кезеңдерде тамақ үшін, жай уақытта еті мен сорпасы, өті емшілікке (сары ауруға), терісі жаға, тымаққа қажеттігіне байланысты аулап келген. Жабайы қоянды қазақтар, әдетте, жүйрік ит қосып, не жайылып жүрген жерінен садақпен, не мылтықпен атып алатын болған.

Қазақ, ұйғыр халықтары арасында кең тараған қоянды аулаудың тағы бір түрі — қиылған қамыс ұшына қоянды арандатып аулау. Аңшылар бұл әдісті, әдетте, қыстың жерді қар басқан күндері қолданған. ол үшін өзен-көл бойында қалың болып өсетін қамыс, қоғаларды мұзбен бірге қатып қалған түбірлерін бір қарыстай қалдырып, өткір орақ, не шалғымен қиғаштап орып алып, түбірлердің ұш жағын өткір де үшкір істік етіп тастайды. Сыртқа жайылуға шыққан жабайы қояндар аңшылардың иттері қуып бергенде бар пәрменімен аттап-бұттап қамыс ішіне қайта қойып-қойып кеткенде қамыстың істік түбірлеріне еріксіз арандап, үсті-басып қан-қан болып, соған малтып, шалажансар болып, қолға түседі. Міне, осы тәсілге қатысты халық аузында

Ерді намыс өлтіреді,

Қоянды қамыс өлтіреді (қазақша).

Әрни номус өлтүрәр,

Тошқанни — қомуш (ұйғырша), — деген мақал қалыптасқан.

Көріп отырғанымыздай, жоғарыда келтірілген этнографиялық, этнолингвистикалық факторлардың ішінде жалпы қоян хайуанатына, оның қажеттілігіне, аулау тәсілдеріне, т.б. ерекшеліктеріне байланысты факторлардың кездескені мәлім. Міне, осы мәліметті біз көп ММ-дердің арасынан «Қоянды қамыс өлтірер» деген түрінен кездестіріп отырмыз. Онда: Қоянның ажалы қамыстан, ер-азамат өлімінің намыс үшін болатынын аңғартып отыр. Осы мақалдың о бастағы шығу тарихын білудің бірден-бір дұрыс жолы да біз жоғарыда кездескен қоян аулаудың қамысты түбірін қияқтап шауып, істік теріне арандатып ұстау әдісін білу болып саналады. Яғни, тіл құзырында өмірдің әр саласының тоғысуы деп осыны айтады.

Демек, ҚҰММ-дері уәждік жағынан да ұқсас келіп отырады екен.

Келесі тарауша «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің мағыналық және уәжділік өзгешеліктері» деп аталады.

Ұйғыр тіліндегі тосқа чүшкәнниң һәммиси тарих әмәс мақалын қарастырайық. Қазақша баламасы: тозға түспегенннің бәрі тарих емес. Осы мәтелдің беретін мағынасы хатқа түспегеннің бәрі шынайы тарих емес, яғни «шынайы тарих — хатқа түскен тарих». Сонда қазақ ұғымында тозға түсіп, жылнамалар арқылы жеткен оқиғалар тарих болып саналады да, ауызекі сөйлеу тілімен ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дүниелерді, көбінесе, шындықтан алыстау аңыз-әңгімеге, ертегіге таңу бар.

Ал ұйғырша мағынасы керісінше түсіндіріледі: «хатқа түскеннің бәрін тарих деуге келмейді», өйткені тарих бұрмалануы мүмкін. Бұл сөздің мәнісі жазба тарихтың өзіне шүбәләнуінде, күмән келтіруінде жатыр. Демек, мұндай ұғым, түсінік осы халықтың ерекшелігіне, тарихқа көзқарасына байланысты болуы да мүмкін.



Ине өткен жерден жіп те өтеді (қазақша)

Йиңнә кәйәрдин өтсә, йип шу йәрдин өтиду (ұйғырша).

Қазақ тіліндегі баламасының беретін мағынасы, қысқаша айтқанда, мықтының да, нашардың да ісі не болмаса бастамасы олардың шамасына қарай, өз деңгейінде жүзеге асады. Ал ұйғыр тіліндегі ММ жинақтарында ол «отбасы, бала-шаға» тақырыбындағы ММ-дер тобына кірген. Демек, бұл жерде беретін мағынасы ерлі-зайыптылар жайында (әйелдің еркекке еруі туралы сөз болады) болып тұр. Мақалдық тіркестің екі тілде екі басқа мағына беруінің себебі сөйлемнің синтаксистік құрылымына да байланысты: 1). «Ине өткен жерден...» деп басталса, «жіп неге өтпесін» деген сауал өзінен-өзі берілетін сияқты. 2). «Ине қай жерден өтсе ...» — ұйғырша баламасында ауыс мағынада «не істесе, соны істейді» деген мәнді аңғартып тұр. Яғни «ер-азаматы қайда болса, не істесе, әйелі соны істейді» деген сөз.



Есік көргенді алма, бесік көргенді ал. Қазақ халқына әбден сіңісті болған, ер адам үйленер шағында берілетін кеңес. Негізінен қазақ бесікті өте қасиетті, киелі деп санаған. Яғни бесік — қазақ халқының ұғымында адалдықтың белгісі. Сондықтан әйел алар кезде әке-шеше баласына «есік көргенді алма, бесік көргенді ал» деп ақыл айтады. Мұның мәнісі: біреудің әйелі болғанды емес, тұрмысқа шықпаған қызды ал. Өйткені бұрын отбасын құрып, өмір көрмеген жас қыз –адал, қулық-сұмдықтан ада болады.

Ұйғыр тіліндегі нұсқасы (ишик көргәнни алма, бөшүк көргәнни ал) оған қарама-қарсы мағынаға ие. Жақсы-жаман тұрмыстық өмірдің дәмін татқан келіншекті ал, ол тіршіліктің бағасын біледі. Халықтың пайымдауынша: «келіншек ал» деген кеңес «кері кеңес» болып табылғанымен оның жаны бар, өзіндік мәні бар ақыл. Яғни отбасылық, тұрмыстың бағасын білетін ақылды да қылықты әйел жас, пәк, сұлу қыздан артық болуы мүмкін дегенге саяды.

Бұл тұста бір ақиқатты айта кету керек. әркімнің, әр халықтың бір ММ-ді әр түрлі түсінуі, қабылдауы заңды құбылыс. Өйткені туыстас халық, түбі, тегі бір болғанымен, әр ұлттың өмір-болмысына, кәсібіне, шаруашылығына тереңдей үңіле келе олардың өзіндік ерекшелігі, бір-біріне ұқсамайтын өзгешелігі кездесетіні байқалады. Қатар отырған екі отбасының тұрмыс кешуі де түрліше болатыны сияқты, қос халықтың генеологиялық шығу тегі мен тарихы, географиялық, әлеуметтік ортасына қарай қалыптасқан психологиясы, тіпті мінез-құлқы да өзгеше болары сөзсіз.

Туыстыққа, шығу тегіне қатысты ММ-дер. Қазақ халқында көп елдерде бола қоймайтын өзіндік ерекшелік те бар. Жеті атасын білу деген ежелден қалыптасып, қазақ елінде сақталған дәстүр бойынша әрбір жасөспірім, ержеткен азамат өзінің жеті атасын, шыққан тегін білуге тиісті. Өйткені қазақ салты бойынша ұл бала ата-бабаларының ең кем дегенде жеті буынға дейінгі таралуын, өткен-кеткенін, жасаған ерлігін, жайлаған қонысын білуі борышы болып есептелген. Әрбір ата-ана өз баласына соны көзі тірісінде үйретуге тырысқан. Әке-шешесінен ерте қалған бала бұл тағлымды білмей кетуі де мүмкін. Ал жеті атасын білмеу «жетесіздіктің, тексіздіктің» белгісі деп саналған. Соған сәйкес тілде ММ-дер қалыптасқан.

Жеті атасын білмеген жетесіз,

Арғы тегін білмеген тексіз (қазақша)

Жеті атасын білмеген — жетімдіктің белгісі (қазақша)

Жеті атаның жөнін біл,

Жеті рудың тілін біл (қазақша)

Қазақ елі жеті атаны білуді қатаң қадағалаған. Бұл жерде ел ақсақалдары, қадірлі адамдары қыз алысып, қыз берісуді сегізінші атада жүзеге асырған. Олар қан тазалығын, тек-тұқымның адалдығын қорыған. Осыған байланысты ХІХ ғасырда, тіпті одан да ертеректе сегізінші атаға дейінгі қыз бен жігіт бір-бірін ұнатып, қосыла алмайтын болған. Ел ішінде кездескен ондай бірен-саран оқиғалар болса, қатаң жазаланып отырылған. Өйткені олардың ұрпақтары мүгедек, жарым-жан болып дүниеге келген. Қазіргі күнде де осы дәстүр қатаң сақталып, ел ішінде берік орын алған.



Сауда-саттыққа байланысты ММ-дер. Сауда-саттық тым ертеден-ақ ұйғырлардың қоғамдық және экономикалық өмір-тіршілігінің маңызды салаларының бірі болып келгендігі мәлім. Мұнда ең көне діни көзқарастармен бірге, бүгінде ислам діні қағидалары да сауда-саттық әдет-ғұрыптар ретінде сақтап келеді. Манихей дініне табынған замандарда ұйғырлар Маниді «керуендердің жол бастаушысы», «саудагерлердің қорғаушысы» деп қараған. Бұдда діні дәуірінде Бұдданың бір борышы керуендерге жол көрсетуші, оларды жебеп-желеуші деп есептеген.

Ислам дінін қабылдағаннан кейін ұйғырлар онымен бірге исламның сол дәуірдегі сауда және базар туралы көзқарастарын да қабылдады. Мысалы, сауда кәсібін жаңадан бастаған адам сауданың берекелі және қайырлы болуын тілеп, жұртшылықтың беделді адамдарын, атақты кәсіпкер, саудагерлерді, туған-туысқандарын жинап, қайыр-садақа береді, хатым-құран оқытады. Ұйғырлар ырымға да терең мән берген. Ерте келген алушыға малды арзан сатып, болса да риза қылып қайтарады. Мұны «ырым ету» деп атайды. Сондықтан да «Дәсләпки содидин қайтма» (алғашқы саудадан қайтпа) дейді. ҚХР ШУАР баспаларында шыққан ММ-дер жинақтарында бұл мақал астарлы түрде, ауыспалы мағынада берілген «Дәсләпки мұштин қайтма — алғашқы жұдырықтан қайтпа». Алғашқы саудадан түскен ақшаны «Бисмиллаһирәһмани рәхим!» деп топыраққа аунатып алады немесе жерге тастап, аяғымен таптап алады, одан ауаға қол көтереді «Сауда сақал сипағанша» деген осы. Өйткені ұйғырлар сауда-саттық кәсібін тіршілік жолы деп қараған. Бұл кәсіпке үнемі оң көзбен қараған. Саудагер жоғары мәртебеге ие болып келген. Тіршілікке бейімделмеген адам туралы «Бір жұмыртқаны бояп шығып сата алмайды» дейді. Бұл бірді екі қыла алмайды деген сөз. «Алтыға алып беске сат, атың шықсын, саудагер», «Шақпаққа атын айырбастаған ақымақ» деген мақалдар да сауда жасауды білмейтін адамдарға арналған.

Сауданы «мал сату», «малды қолдан шығару» деп ойлаған қате. Сату - бұл, малмен қатар, оның сапасын да, саудагердің алушыға болған мәдениетті мәмілесін де қоса сату. Сонымен бірге, саудада жарамсыз малды сату, алдамшылық, малдың айыбын жасыру қылмыс саналады. Ұйғыр саудагерлерінде тәуекелшіл рух басым. Осындай ойды беретін төмендегідей мақалдар бар: «Йә қайнамдин чиқсун, йә Сайрамдин» Сайрам мұнда көлдің аты. «Болса болар, болмиса из пули болар». Саудада пайда мен зиян бірге жүреді. Тек пайданы ғана ойлап, қауіп-қатерге қарамай, өз құлқынын ойлаған адам жеңіледі. Оларға арналған тілде «Ойшыл ойлағанша, тәуекелші судан өтіпті», «Мылжың ойлағанша, тәуекелші мақсатына жетіпті», «Жапсам жылдам пісер ме екен, көмсем жылдам пісер ме екен» сынды мақалдар ұшырасады. Бірақ жалғыз тәуекелшілдікпен сауда жасауға болмайтыны анық. «Суды көрмей, етік шешетін» соқыр тәуекелшілді базар өзі «жазалайды». Өйткені «Базар әқиллини бай қилар, әқилсизни хар қилар», «Тәлвини базар оңшайду».

Ас-тамаққа қатысты ММ-дер. Кез келген халықтың өзінің ұлттық тағамдары болары хақ. Соған орай ұйғыр халқының да жеміс-жидектен, көкөністен, дәнді дақылдардан дайындалатын тамақ түрлері қаншама. Оларды тек осы ұлт өкілдері ғана дайындайтын болғандықтан, қазақ халқының ММ-дерінен өзгешелігі де осында.

Чөчүрә йейиштики мәхсәт гөш йемәк. Қазақша баламасы чөчүрә тамағын жасау арқылы ет жейміз дегенді білдіреді. Яғни бұл тамақ етсіз жасалмайтын тағам, сондықтан бұл асты жегендер міндетті түрде ет жеп қарық болады.

Сондай-ақ ұйғырлардың «көкчөчүриси» деген тағамы бар. Наурыз айы кезінде алғаш көктеп шығатын «бедә (жоңышқа)» деген шөп бар. Соның көгін жұлып алып, оны шанап, маймен араластырады, тұшпара сияқты дайындалатын тамақ. Оның ішті тазалайтын емдік қасиеті бар. Осы тамақ жылына бір-ақ рет істеледі және оны халық «жаңалық» деп ырымдап жейді. Осыған байланысты халық аузында қалыптасқан мақал бар: Қонақни дөңгә тери, бедини — ойға (тери).



Оңда йатқан гирдә йәпту, кәтмән чапқан жигдә (жұмыс жасамаған нан жер, еңбек еткен жиде жер). Осындағы «гирдә» сөзі нанның бір түрінің атауы. Бұл қазақ халқында кездесе қоймайды. Тандыр нанның бір түрі: қалың қамырдан жабылады. Тандырға пісіріледі.

Һалвини һеким йәр, таяқни йетим (халваны әкім, таяқты жетім жер). Мақал құрамындағы һалвини (қалва) — ұйғыр тағамы. Алайда бұл күнделікті жеп жүрген халваға мүлдем ұқсамайды. Алдымен су, қант, ұннан жасалады. Қою тамақ. Қонақтарға шайдың алдында береді, қасықпен алып жейді (8: 393).

Тақырыптық белгілері бойынша топтастырып келтірілген жоғарыдағы мысалдардан көрініп тұрғандай, ұйғыр халық ММ-дерінің мотивтік-уәждік бұл топтары халықтың рухани болмысының, өмір-тіршілігінің, дүниетанымының қасиеттері мен ерекшеліктерін көрсетіп тұр.

Екінші тарау «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің құрылымдық және бейнелілік сипаты» деп аталады. Осы тараудың бірінші тараушасында «Қазақ және ұйғыр мақал-мәтелдерінің құрылымдық ұқсастықтары мен өзгешеліктері» талдауға түседі.

ММ-дердің құрамдық — құрылымдық ұқсастықтары мен өзгешеліктері тұрпаттық жағынан ғана емес, ММ-дер компоненттерінің байланысу тұрғысынан, мағыналық деңгейінен, құрамындағы таған, бөлшек сандарынан тұрғысынан қарастырылуы керек. Олардың құрылымдық ерекшеліктерін мағыналық құрылымының заңдылығына сәйкес зерттеген дұрыс. Мұндай зерттеу жолының теориялық та, практикалық та маңызы бар, себебі тілдерара мақалдық оралымдардың қолдану ерекшеліктерін анықтауға, олардың тұлғалық сипатын белгілеуге мүмкіндік береді.



Бір тағанды ММ-дер. Әуел баста ММ-дер халық аузынан қарапайым сөз түрінде таралса, келе-келе ұйқастырыла, қиыстырыла өлең сөзбен берілетін болды. Себебі заманның дамып, өзгеруіне байланысты ММ құрылымы да жетіле түседі. Кей жағдайда көпшілік құлағына жағымды да әсерлі естілуі үшін өлең түрінде қалыптасып дамыды. Сондықтан қара сөз ретінде өмірге келіп, бірте-бірте поэтикалық жанр түрінде үздіксіз толыға түсті.

Қара сөз түрінде пайда болған ММ-дер екі халықта да көптеп кездеседі.



Алма ағашынан алысқа құламайды (қазақша)

Пеләктин хәмәс жирақ чүшмәйду (ұйғырша)

Саяқ жүрген таяқ жер (қазақша)

Саяқ жүргән таяқ йер(ұйғырша)

Осы мысалдардан көрініп тұрғандай, бәрі бір жолдан тұратын ММ-дер. Яғни олардың барлығы қарапайым сөз түрінде қалыптасып қоймай, мағынасы да лексикалық құрамы да бір-бірінің көшірмесі іспетті. Демек, олар абсолютті ұқсастыққа ие.

Туыстас тілдерара балама ММ-дердің әр тіл ерекшелігіне байланысты тұлғалық, құрылымдық айырмашылықтары да аз емес және әр түрлі. Ең көп кездесетін өзгешелік ММ-дердің лексикасына ғана байланысты болып келеді: мақал құрамындағы кейбір сөздер мағыналас басқа сөздермен алмастырылады.

Ат тұяғын тай басар (қазақша)

Ат айиғини тай басар (ұйғырша)

Бір әйелдің айласы қырық есекке жүк (қазақша)

Бир хотунниң һйилиси қириқ әрниң һйилисидин артуқ (ұйғырша)

Жаман дос көлеңке (қазақша)

Йаман дост сайигә охшаш (ұйғырша)

Бұл жерде салыстырыла берілген ММ-дерде тұяқ — айиғи, есекке жүк тіркесінің орнына әрниң һйилисидин артуқ тіркесі қолданылған. Қалғандарында көлеңкесайигә сөзімен алмастырылған. Соңғы мақалда қазақша нұсқасында түсіріліп айтылатын «ұқсас» сөзі ұйғыршасында толық берілген. Сөйтіп, қара сөз түрінде қалыптасқан ММ-дердің мәні өзара бірдей болып келеді де, әр тілдік белгілеріне байланысты кейбір айырмашылықты олардың құрамындағы элементтерден ғана көреміз.



Өлең сөз түрінде қалыптасқан ММ-дер. Заман дамып, адамның ой-өрісі шыңдалған, жетілген сайын қара дүрсін ММ-дердің күрделі де ырғақты өлең түріне ауысуы — заңды құбылыс. Өлең талабына сәйкес олар екі, үш, төрт және одан да көп, сонымен қатар өзара жұптасып, қиюласып, жымдасып келетін жолдардан тұрады. Әрі мұндай халық даналығы екі тілде де молынан жұмсалады.

Тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады (қазақша)

Тағ таққа қошулмайду, адәм адәмгә қошилуду (ұйғырша)

Балалы үй — базар, баласыз үй — мазар (қазақша)

Балилиқ өй — базар, балисиз өй — мазар (ұйғырша)

Осы тектес екі жолдан тұратын, құрамы бірдей мыңдаған ММ-дердің ұқсастық деңгейлері екі тілде де теңбе-тең. Екі тіл бір-біріне қанша жақын болса, оларда қалыптасқан ММ-дер бір-біріне сонша ұқсас келуі заңды да. Сондай-ақ бірнеше жолдан тұратын өлең түрінде келетін халық қазыналары да көптеп кездесіп қалады.

Құрамдық ерекшелігі айқын байқалатын ММ-дер де жоқ емес.

Алмақтың да салмағы бар(қазақша)

Алмақниң бәрмики бар(ұйғырша)

Чиқмаңниң чүшмики бар (ұйғырша)

Қазақ тіліндегі нұсқасы қарапайым сөз түрінде келсе, ұйғыр тіліндегі баламасы екі жолдан тұратын өлең формасында қалыптасқан. Яғни бір жолға екінші жол ұйқасып, жалғасын тапқан.



Алтын тағың болғанша, алақандай жерің болсын (қазақша)

Бир патман алтунуң белғичә, бир тапан йериң болсун (ұйғырша)

Бұл мақалдың қазақшасын ұйғыр тіліндегі нұсқасымен салыстырсақ, лексикалық та, құрамдық та өзгерісті байқадық. Қазақшасында «алтын тақ» пен «алақандай жер» салыстырмалы суреттелсе, ұйғыршасында «алтын» зат есім орнына қолданылып, заттанып барып қолданыс тапқан және «алтын» — «жер» сөздері өзара салыстырылған. Яғни ұйғырлар алақандай жерлерін алтынға балап, көзінің қарашығындай көріп, баптап, күтіп, жемісін ала білген. Сонымен бірге ұйғыр халқының қолданысында «бір патман», «бир тапан» тіркестері бірге жұмсалып, мақалды күрделендіре түскен. Осыдан-ақ екі тілде пайдаланылатын ММ-дердің құрамдық өзгешелігі көзге анық түседі.

Керісінше, білек бір болса да, саусақ басқа-басқа деген қазақ елінің мақалының ұйғырша баламасы «Биләк бир, бармақ башқа» болып келеді. Яғни ұйғыр тілінде қысқа қайырылған дана сөз, қазақшасында «болса да» етістігінің тіркесуі, сондай-ақ «басқа» сөзінің қос сөз болып келуі арқылы күрделеніп тұр.

Бұдан шығатын қорытынды: қазақ тіліндегі ММ-дер көбінесе, ықшамдалу құбылысына ұшырап, нақты ойды жеткізуге бейімделсе, ал ұйғыр тіліндегілердің көпшілігі керісінше, құрамы толық, күрделеніп беріледі. Демек, бір-біріне жақын, туыстас тілдердің сөз қолданыстарында ұлттық ерекшеліктеріне, грамматикалық құрылысына сәйкес құрамдық өзгешеліктер айқын кездеседі.

Тілдің динамикалық құбылыс екендігі белгілі. Соған сәйкес ММ-дер де өзінің тұлғалық, кейде мағыналық тұрақтылығын әрқашан сақтай бермейді. Сондықтан мақалдардың мағыналық тұрақтылық заңдылығы оның құрылымдық өзгерістерінің де заңдылығын қамтамасыз етеді. Осы өзгешеліктердің тағы бір қыры — олардың бір тағанды, қос тағанды және көп тағанды болып келуі. Ілгеріде айтылған үш түрлі сөз тіркесі тілші-ғалымдар еңбектерінде (Ә.Қайдар, С.Сәтенова, т.б.) тағандар, құрамдар деп аталып жүр. Таған пен таған атаулары тілдік категорияның құрылымына сай келіп, ғылымда қалыптасып қалды десе де болғандай. Сондықтан жұмыста «таған» атауын қолдана отырып, ол туралы мәселені келесі тараушада сөз қылмақпыз.

Келесі тарауша «Бір тағанды қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдері» деп аталады.

Қазақ және ұйғыр ММ-дерінің ең көп тараған түрі — бір тағанды тіркестер. Жай сөйлем ретінде қалыптасқан мұндай ММ-дер халық даналығының, оның рухани өмірінің, тіршілік тәжірибесінің айырықша бір айнасы іспетті көрінеді. Сондықтан да халықтың осы көрген-түйгендерін бір ауыз сөзбен түйіндеп, қара сөз — проза тілінде беру мүмкіндігі болған. Расында да, өте ықшам, қарапайым жай сөйлемнің мақалдық, нақылдық тіркеске айналып қалыптасуын, оның бұдан кейінгі дамуы мен күрделенуін халық қазынасының кемелденуімен байланыстыруға болады.

Қазақ мақал-мәтелдері:



Ұстаздан шәкірт озар

Көрпеңе қарай көсіл

Өтпес пышақ қол кесер

Ұйғыр мақал-мәтелдері:



Әмгәк — бәхит булиғи

Издигән тапар

Егисиз йәр — йитим

Келтірілген мысалдардағы сияқты қарапайым қара сөз, жай сөйлем ретінде қалыптасқан ММ-дердің одан кейінгі тұлғалық дамуы деңгейіне олардың ішкі ұйқасқа құрылу үрдісін жатқызуға болады. Мысалы: Таспен ұрғанды аспен ұр (қазақша)



Таш билән урғанни аш билән ур (ұйғырша)

Еңбек ер атандырады (қазақша)

Әмгәк әр атандуриду (ұйғырша)

Жай сөйлем түрінде келген бір тағанды ММ-дер құрамдық бөлшектер санының әр түрлілігімен ерекшеленеді. Бір тағандыларды құрап тұрған әрбір сөз — сөйлем мүшелерінің баламалары. Олар жай сөйлем түрлері — жалаң, жайылма сөйлем болып келіп келе алады. Осыған байланысты халық нақылдарын төмендегі құрамдық бөлшектерге бөліп қарастыруға болады.



Екі құрамдық бөлшектен тұратын бір тағанды ММ-дер.

Қазақ тілінде: Сезікті секіреді



Тіл тиексіз

Ұйғыр тілінде: Тепишмиғичә елишмас



Тил сүйәксиз

Үш құрамдық бөлшектен тұратын бір тағанды ММ-дер.

Қазақ тілінде: Көп тілеуі — көл



Естімеген елде көп

Ұйғыр тілінде: Әзимәт — әлгә ғәнимәт



Әрниң атасы — әл

Төрт құрамдық бөлшектен тұратын бір тағанды ММ-дер.

Қазақ тілінде: Көп бар жер көңілді



Жан сақтағанша, ар сақта.

Ұйғыр тілінде: Ана юртниң қойни кәң



Туғулған йергә тәғзим әт

Жай сөйлем түріндегі бір тағанды ММ-дер екі, үш, төрт құрамдық бөлшектерден тұратындарын көрдік. Ал одан көп құрамды бөлшектерден тұратын ММ-дерде, әдетте, ішкі ұйқас болмайды.



«Қос тағанды қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдері» деп аталатын екінші тарауда сан жағынан мол тұрақты бірліктер – қос тағанды ММ-дер, олардың табиғаты және құрамы жайлы сөз қозғалады. Негізінен, қос тағанды ММ-дердің құрамды бөлшектерді — қос екі жолдың соңғы сөздері әрқашан дерлік ұйқасты келеді, басқаша айтқанда ұйқассыз қос тағанды мақал жоқтың қасы.

Қазақша: Судың жолын құм бөгер,



Елдің жолын сұм бөгер.

Редифті ұйқаспен өрілген мақалдар ұйғыр тілінде де молынан кездеседі.

Ұйғырша: Әлдин әлгә нәп тегәр,

Нәп тәгмисә, гәп тегәр.

Юрт сөймәсниң имани сус болиду,

Юрт сөйгән әр равруст болиду.

Қос тағанды ММ-дер болу үшін қосарланған екі тағанның мағыналары бір-бірімен салыстырылуы немесе бір-біріне қарсы қойылуы тиіс.

Қазақша: Ел жерге қарап өседі,

Құс көкке қарап өседі.

Қайта шапқан жау жаман,

Қайта қозған дау жаман.

Ұйғырша: Өзәңдин төвәндин қиз ал,



Өзәңдин үстүнгә қиз бәр.

Яхши хиш хумдандин чиқиду,

Яхши иш убдандин чиқиду.

Міне, бұл мақалдар екі тілде де өзіндік ырғақпен жымдасқан, екі жолы да өзара үндесіп, қиюласып қабысқан. Дегенмен әр тілдің қос тағанды ММ-дер құрамында ара-тұра ерекшеліктер де, ұқсастықтар да байқалып отырады.



Аз асқа қарауыл болма, Аз елге жасауыл болма —

Аз ашқа бақавул болма, Аз әлгә йасавул болма

мақалы екі тілде де әр жолы ұйқасып, болма сөзі қайталанып келген және екеуі де болымсыз етістік тұлғасы арқылы жасалған. Яғни бұл — ұқсастығы.

Қос тағанды мақалдардың да құрамы бірнеше бөлшектен тұрады. Олардың жиі қолданылатындарының саны біздің жинаған материалдарымызға негізделетін болса, алты бөлшекті, одан сирек жеті құрамды болуы мүмкін. Он сөзге дейін бір тағанды ММ-дер ғана жете алады. Мұндай көп құрамдылар түркі тілдері ММ-дерінің қорында көп кездеседі. Сондай-ақ еңбекте қос тілде қолданылатын үш тағанды, көп тағанды ММ-дердің сипаты, құрамы қарастырылды.

Келесі тарау «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің қысқарған және күрделенген түрлері» деген тақырыпта берілді.

Осы ықшамдалу үрдісіне ұшыраған ҚҰММ-дерінің ауызекі сөйлеу түрінде екі түрлі нұсқасы ұшырасады. Олар – ҚҰММ-дерінің узуалды және окказионалды түрде жұмсалымы. ММ-дердің ықшамдалу құбылысында олардың узуалды жұмсалымы жиі кездеседі.

Қазақ, ұйғыр ММ-дерінің қысқарған түрлері, әсіресе, бір тағанды, сондай-ақ қос тағанды бірліктерде көп кездеседі. Қысқарған ММ-дер олардың тұлғалық дамуындағы нақтылану, ықшамдау процесінде қалыптасады. Әрине, бұдан бір тағанды ММ-дердің кез келгені осы заңдылықпен қысқара алады деген қорытынды болмауы тиіс. Себебі қысқартуға, елеп-екшеуге олардың бәрі келе бермейді. Әдетте, мұндай ММ-дердің тұлғасы онсызда қысқа келеді де, олардың баяндауышы болып келген етістік түсіріліп, хабарлы сөйлем атаулы сөйлемге айналады. Бұдан басқа да кейбір сөздер, мысалы, есім, үстеу, тағы басқа бөлшектер түсіріліп айтылады. Мысалы,

Қаз.: «Қыз – қонақ», «Қыз – қылығынан», «Асқанға – тосқан», «Ашу –алда, ақыл – соңда».

Ұйғ.: «Алтун – қолаштин, қой – бодаштин», «Амут – көлдә, анар–чөлдә», «Еғри – бир, гуман – миң», «Әқил – туғулуштин, һүнәр – үгиништин».

Осы берілген мысалдарды қарастырсақ, «Ел — елінде, гүл — жерінде», «Ашу — алда, ақыл — соңда» мақалдарында «көрікті» сын есімі мен «келеді» етістігі түсіріліп айтылған. Ұйғыр тіліндегі «Алтун — қолаштин, қой — бодаштин», «Амут — көлдә, анар — чөлдә» мақалдарда да «өседі» сөздерінің түсіріліп айту құбылысы байқалады.

Осылар сияқты қысқартылу заңдылығына — эллипсиске ұшыраған ММ-дердің екінші бір ерекше тобы қос тағанды тіркестерде көрінеді: мұнда екі жолдың соңында екі рет қайталанатын сөздің бірі түсіп қалады.



Ер қадірін надан (білмес), жер қадірін хайуан білмес (қазақша)

Әл қәдрини надан билмәс, йәр қәдрини — һайван (билмәс) (ұйғырша)

Жақсы көргенін (айтар), жаман жегенін айтар (қазақша)

Йахши көргинини ейтар, йаман йигинини (ейтар) (ұйғырша)

Бір қызығы, екі тілдегі ММ-дер қысқару құбылысына ұшыраған кезде әр түрлі ықшамдалады. Қазақ тіліне тән заңдылық етістіктер немесе сөйлемнің баяндауышы ойды тиянақтап, сөйлем соңында я болмаса басыңқы сөйлемнің аяғында келіп отыратыны белгілі. Соған орай, алғашқы жолдың баяндауышы түсіріліп, соңғы сөйлемді ол тиянақтап тұрады. Ал ұйғыр тілінде, керісінше, алғашқы сөйлемді баяндауыш тиянақтайды да, басыңқы сөйлемнің баяндауышы түсіріліп беріледі. Бұл жерде ММ-дердің узуалды қолданысы анық байқалады.

Сонымен қатар, кейбір мақалдар, мәселен «Адам тұяқтан азады, Ат тұяқтан азады» мақалы «Адам тұяқтан азады, Көңілден семіреді» деп, екінші компоненті мүлде өзгеріп жұмсала береді. Немесе «Адасқанның айыбы жоқ, өз қазығын тапса» мақалы «Адасқанның айыбы жоқ, өз үйірін тапса» нұсқасымен қолданысқа түседі. Осындай окказионалды ММ-дер қазақ тілінде молынан пайдаланылады, айтушының мақсатына орай түрлене жұмсалады.

Болар бала қонаққа үйір – Болар бала сөзге үйір.

Болар елдің баласы он бесінде баспын дейді,

Болмас елдің баласы отызында жаспын дейді –

Болатын елдің баласы бірін-бірі «батыр» дейді,

Болмайтын елдің баласы бірін-бірі «қатын» дейді.

Бүлдіршін көзін сүзбесе, буыршын бұйда үзбес еді –

Тана көзін сүзбесе, бұқа бұйдасын үзбейді, т.б.

Ұйғыр тілінде де мұндай құбылыс көрініс тауып отырады.



«Бир хотунниң һийлиси қириқ әрниң һийлисидин артуқ» мақалы кейде «Бир хотунниң һийлиси қириқ ешәккә йүк» деп те қолданылады. Не болмаса «Киши йуртида амбал болғучә, өз йуртуңда абдал бол» мақалы «Киши йуртида бәг болғучә, өз йуртуңда сәг бол», «Киши йуртида султан болғучә, өз йуртуңда ултан бол», «Өзгә йуртниң беши болғучә, өз йуртуңниң теши бол», «Өз елидә меһригияһ яқа йуртта шумбуйа» нұсқаларымен ерекшеленсе, «Ат айлинип оқурини тапиду, Мусапир айлинип юртини тапиду» мақалы кейде «Ат айлинип қозуғини тапар» түрінде де айтыла береді. Ұйғыр халқында мұндай мақалдар саны шексіз көп.

Келесі тарауша «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің бейнелілік сипаты» деп аталып, онда ММ-дердің көркемдік табиғаты, үндесу құбылыстары зерделенеді.

ММ-дер бойынан образдылық, бейнелілік қасиеттерді анық көруге болады. Бұл қасиеттерді, әсіресе, қос тағандылық құрылыс күшейте түседі. Олардың бойынан қайталау құбылысы жиі байқалады.

«Жүйелі сөз жүйесін табады», «Жүйесіз сөз иесін табады», «Есі кеткен ешкі жияр», «Ешкіменен есін жияр» (қазақша).

«Устиниң йенида қолуңни тарт», «Устазниң йенида тилиңни тарт», «Аптап чиқип ямғур яғқандин қорқ», « Күлүптуруп аччиқлиғандин қорқ» (ұйғырша).

Сонымен бірге, ҚҰММ-дері бойында үндестік, эвфония, аллитерация, ассонанс, эпифора, т.б. құбылыстар ұшырасып отырады. Бұлардың барлығы да ММ-дердің бейнелілігін арттырып, образдылығын, адамға деген әсерін күшейте түседі.


ҚОРЫТЫНДЫ

1. Қандай тарихи дәуiрде болмасын халықтар тiлдерiнiң қоғамдық даму барысындағы атқаратын қызметi өте зор, өйткенi ұлттық мәдени дүниенiң даму деңгейi тiлдiң даму шеңберiмен тығыз байланысты. Ал осы әдеби тiлдiң байлығын, мәдениетiн, оның көркемдiгiн, бейнелiлiгiн артыратын лексикалық категория — бұл ММ-дер.

ММ-дердiң қалыптасуына белгілі бір жағдаяттар негiз болады да, әр халықтың мәдени дәстүрiн, әдет-ғұрпын, мекендеген географиялық ортасын, дiни нанымы мен дүниетанымын, психологиясын көрсетедi. Сондықтан қазақ және ұйғыр халықтарының тарихи, мәдени өмірін салыстыру арқылыолардың қалыптасып, даму жолдарына қысқаша шолу жасалынды. Ұйғыр халқының қалыптасу, даму тарихының бірнеше кезеңдері көрсетіле отырылып, жан-жақты қарастырылды. Әрі әр кезеңде екі тілдегі ММ-дердің қалыптасуы сөз болды.

2. Қазақ-ұйғыр тілдеріндегі ММ-дердің этномәдени сипаты айқындалып, оларға контекстік әрі этнолингвистикалық талдау жасалынды. ҚҰММ-нің мағыналас, тұлғалас түрлері қарастырылып, одан әрі екі тілдегі ММ-дердің мағыналық ұқсастықтары нақты тілдік деректерді талдау арқылы дәйектелінді. Сәйкестiк құбылысының себеп-салдарын, заңдылығын дәлелдейтiн қағида баршылық. Ол — халық даналығының қандай да бір дәуiрде барша халықтар үшiн ортақтастығы.

Осыған байланысты айрықша тоқтала кететін бір мәселе — қазақ және ұйғыр ММ-дерінің ұқсастық деңгейлері. Ұқсастық немесе сәйкестік, барабарлық — әр түрлі. Сәйкестік сөзбе-сөз, толық болуы мүмкін, не болмаса жартылай, толық болуы мүмкін. Сонда ұқсастықты үш деңгейдегі ММ-дердің қазақ және ұйғыр тіліндегі мағынасы да, құрылымы да толық сәйкес келеді. Мұны абсолюттік ұқсастық деп те атайды. Екінші деңгейдегі өзара сәйкестікте, құрылымындағы сыңарларында бір-екі сөз мағыналас екі басқа сөзбен беріледі. Үшінші деңгейдегі ұқсастықпен келген қазақ және ұйғыр ММ-дерінің мағыналары жалпы түрде ғана сәйкес, ал құрылымы әр тілдің өз логикасы бойынша қалыптасып, едәуір ерекшеліктерімен өзгешеленеді.. Демек, мұндай ММ-дердің жалпы мағынасы сақталады да, құрылымындағы өзгерістер молырақ болады.

3. Түркi халықтары, оның iшiнде қазақ және ұйғыр ММ-дерiнiң тақырыптық ұқсастықтары жұмыста академик Ә.Қайдар ізімен «Адам», «Қоғам», «Табиғат» атты микротоптарға бөлініп қарастырылды. Мұндағы тақырыптық топтар әр халықтың өмiр-тiршiлiгiне, дүниетанымы мен рухани болмысына байланысты. Отан, туған жер, ел-жұрт, халық - барша ұлттарға ортақ, мәңгi тақырып. Ол қазақ және ұйғыр ММ-дерiнде де ұқсас бейнеленедi. Бұларда отан мейiрбан анаға, отанның аялы құшағы алтын бесiкке баланады. Сондай-ақ адам болмысына, туған-туысқа, т.б. тақырыптар, олардың қалыптасу уәждері екі тілдегі ММ-дерден мысалдар келтіріле отырылып, зерделенді.

4. Қазақ және ұйғыр ММ-дерiнiң ең көп тараған түрi – бiр тағанды тiркестер. Жай сөйлем ретiнде қалыптасқан мұндай ММ-дер халықтың тiршiлiк тәжірибесiнiң, рухани өмiрiнiң айнасы iспеттi, өйткенi қарапайым жай сөйлемнiң қысқа да нұсқа нақылдық тіркеске айналуы халық даналығының кемелденуiмен, халық тiлiнiң сипаттық дамуы және күрделiнуiмен салыстыруға болады. Мұндай ММ-дер қалыптасқаннан кейiнгi олардың тұлғалық дамуы барысында күрделiлiктiң жаңа деңгейi — ММ-дердiң iшкi ұйқасқа құрылу үрдiсi басталады.

ММ-дердiң осылайша даму бағыты осымен тоқтап қалмайды. Ендiгi жерде қос тағанды ММ-дер қалыптаса бастайды. Бұл деңгейде, бiр тағанды тiркестердегi iшкi ұйқастан басқа, мақал жолдарының аяғында келетiн өлең сөзге тән ұйқас пайда болады.

Құрылымдық үрдiстiң дамуы тағы да жалғаса түсiп, көп тағанды ММ-дер қалыптасады. Әрине, көп тағандылардың дамуы қос тағандыларға байланысты болмауы да мүмкiн, олар айрым ақын, жыраулар, шешендер шығармаларынан ММ-дер қорына ауысқан болуы мүмкiн. Қалай болғанда да, көп тағанды ММ-дер өте сирек кездеседi. Сонымен қоса бұл тарауда қос тағанды ММ-дердің құрамы, яғни олардың бір, екі, үш, төрт, бес, алты, жеті бөлшектен тұратындығы арнайы сөз етілді.



5. Кей жағдайда ҚҰММ-дері бірде ықшамдалу, бірде күрделену процесін басынан кешіріп отырады. ММ-дердің мұндай түрде қалыптасуының узуалды және окказионалды қолданысы қазақ және ұйғыр тілінде тілінде көрініс тапқан.

6. ММ-дердiң көркемдiк, поэтикалық заңдылықтарының түрлерi көп. Олар: аллитерация, ассонанс, анафора, эпифора, тағы басқалар.

Қазақ ММ-дерi мен ұйғыр ММ-дерiнiң ерекшелiктерiнiң бiрi осындағы аллитерация және ассонанс құбылыстарының мысалдарында айқын көрiнедi. Бұл дыбыстық қайталау тәсiлi қазақ ММ-дерiнде де көп кездеседi. Ұйғыр ММ-дерiнде дыбыстық қайталау әуездiлiгi онша дамымаған. Қос тағанды, үш тағанды, көп тағанды ҚҰММ-дер бойынан кездесетін поэтикалық заңдылықтар осы тарауда нақты мысалдармен дәлелденді.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі


  1. Қайдар Ә., Оразов М. Түркітануға кіріспе – Алматы: Арыс баспасы, 2003 – 305 б.

  2. Аблез Әмәт. Уйғур хәлқ мақал-тәмсиллири изаһлиқ луғити – Қәшқәр: Қәшқәр уйғур нәшрияти, 2001 – 430 б.

  3. Қайдар Ә. Халық даналығы – Алматы: Тоғанай, 2004 –558 б.

  4. Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасының дамуының этимологиялық негіздері. Алматы: 1998, -69 б.

  5. Манкеева Ж. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты – Алматы: 1997, – 272 б.

  6. Қасым Б. Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негіздері – Алматы: 2002 – 312 б.

  7. Пермяков Г.Л. О смысловой структуре и соответствии классификации пословичных изречений // Паремиологический сборник – М.: 1978, –

  8. Абдурахман Әбәй. топлам баш муһәррир. Уйғур хәлқ еғиз әдәбияти қамуси –Үрімжі: Шинжаң хәлқ нәшрияти, 2000, 7-том – 400 б.

Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған еңбектер:




  1. Қазақ және ұйғыр мақал-мәтелдерінің ұқсастық деңгейлері // Тілтаным. 2005, № 4. – 6-11 бб.

  2. Уйғур вә қазақ мақал тәмсиллиридики әрәп вә парис сөзлири // «Уйгуроведение в казахстане: традиция и инновация». Материалы международной конференции. Алматы – 2005. С. 200-204.

  3. Гүлді өсімдіктерге байланысты ұйғыр мақал-мәтелдері // «Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Алматы – 2006, – 705-708 бб.

  4. Тілдерара балама мақал-мәтелдердің тұлғалық дамуы туралы // Тілтаным. 2006, № 4. – 130-135 бб.

  5. Қазақ және ұйғыр мақал мәтелдерінің мағыналық өзгешеліктеріне қатысты кейбір пікірлер // Хабаршы. 2006, № 6. – 68-72 бб.

  6. Түркий тиллиқ хәлқләр вә башқа хәлқләр мақал тәмсиллиридики тәпәккур охшашлиқи // Шинжаң тарих мәдәнийити. 2006, № 40. – 72-74 бб.

  7. Қазақ және ұйғыр мақал-мәтелдерінің көркемдік табиғаты // ҚазҰУ-дың Хабаршысы. Филология сериясы – Алматы: 2006, № 96. – 56-58 бб.

  8. Қазақ және ұйғыр тілдеріндегі тұлғасы ұқсас, мағынасы бөлек мақал- мәтелдер // «Әлемдік білім кеңістігіне ену жағдайында қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың көкейтесті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалыық конференция материалдары. Семей. 2007. ББ. 63-64.

  9. Қазақ және ұйғыр тіліндегі кейбір мақал мәтелдерінің мифологиялық астары // ҚазҰУ-дың Хабаршысы. Филология сериясы – Алматы: 2007, № 1. – 27-29 бб.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет