ӘОЖ 811.512.1 Қолжазба құқығында
МҰҚӘДДӘС МИРЗА
Қазақ–ұйғыр мақал-мәтелдерінің паремиологиялық жүйесі
10.02.06 – түркі тілдері
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
Жұмыс ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.
Ғылыми жетекшісі: ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының
докторы, профессор Ә.Т.Қайдар
Ресми оппоненттері: Филология ғылымдарының докторы,
профессор Т.Талипов;
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент Қ. Рысберген
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университеті
Диссертация 2007 жылы «19» қазан күні сағат ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10.02.02-қазақ тілі және 10.02.06 – түркі тілдері мамандығы бойынша филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д.53.38.01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29).
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28).
Автореферат 2007 жылы «19» қыркүйекте таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Ж.А.Манкеева
КІРІСПЕ
Тiл халықтың қоғамдық, әлеуметтiк өмiрiмен, саяси-экономикалық жағдайымен тығыз байланыста дамиды, кемелденедi. Сондықтан да қоғам өмiрiнiң даму қарқыны түрлi тарихи дәуiрде түрлiше деңгейде көрiнетiнi сияқты, әдеби тiлдiң де даму шеңберi бiрде кеңейiп, бiрде тарылып отырады. Бұл заңды өзгерiстер тiлдiң барлық категорияларын өз iшiне алады. Бiрақ қандай өзгерiс болмасын, тiл қалай дамымасын, ол өзiнiң адамдар арасындағы қатынас құралы ретiндегi қызметiн өз дәрежесiнде атқара береді. Әсiресе, егемендiк алған көптеген халықтардың әдеби тiлдерiнiң бүгiнгi кемелденген кезiнде тiлдiң атқаратын қызметi орасан зор, себебi тiл неғұрлым кемелденген болса, тiл мәдениетi, сол тiлдi дүниеге келтiрген халық менталитетi де соғұрлым жоғары болмақшы. Ал бұл әдеби тiлдiң мәдениетiн, байлығын, көркемдiлiгiн, бейнелiлiгiн арттыратын лексикалық категория –мақал-мәтелдерге (әрі қарай ММ) де байланысты. Басқаша айтқанда, тiлдiң лексикалық құрамының бөлiнбес бiр сыңары саналатын ММ-дер де ұлт тiлiнiң ғана емес, ұлт мәдениетiнiң де көрсеткiшi болып табылады.
Қазақ және ұйғыр тілдеріндегі мақал-мәтелдер (әрі қарай-ҚҰММ) тек сан жағынан ғана емес, сапа, мазмұн тұрғысынан алғанда да алуан түрлі. Оның басты себебі: ұлттық менталитеттің тілдегі ерекше мәнді де маңызды өрнегі болып саналатын ММ-дер қазақ, ұйғыр этносына тән дүниетаным мен тарихи сананың айқын айғағы, халық даналығы мен философиялық толғанысының, эстетикалық танымы мен тағлым-тәлімнің, өркениетінің, мәдениетінің — барша болмысының бұлағы. ММ-дер сан ғасырлар бойы екшеленіп, қырланған мазмұны түрліше сан түрлі тақырыпты қамтумен қатар, адам өмірінде, тұрмыс-тіршілікте, әр қилы қоғамдық жағдайларды кездесетін құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға.
Зерттеудің өзектілігі. Қазiргi кезде түркi халықтарының тiлдерiнде әлi зерттеле қоймаған мәселелер аз емес. Солардың iшiнде әр халықтың ұлттық болмысын танытатын бай мұралардың бiрi — ММ-дердi жан-жақты салыстыра зерттеуге бағышталған еңбектер. Сондықтан халықтың мәдени дүниесін дәрiптейтiн бұл тұрақты тiркестердiң тiлдiк табиғатын тану үшiн жүйелi зерттеу жүргiзудiң қажеттiлiгiнде күмән жоқ.
Жаңа ғасырдың басынан бастап түркi тануда, ММ-дердiң лексикалық, семантикалық және синтаксистiк жақтары ғана емес, сонымен бiрге көркемдiк ерекшелiктерін, олардың тiларалық ұқсастық деңгейлерiн, әр тiлдегi өзiндiк айырмашылықтары да қарастырыла бастады. Олардың iшiнде кандидаттық, докторлық диссертациялармен бiр қатарда монографиялық зерттеулер де, ММ-дерде түсіндірме сөздіктері де бар. Бұл еңбектер ММ-дердің біздің еңбегiмiзге негiз болып отырған тiларалық ерекшелiктерi де бiршама қарастырылады. Дегенмен, ММ-дiң осы ерекшелiктерiн, олардың тiлдiк басқа да мәселелерiн қамтыған еңбектердiң аздығы байқалады. Осы ақиқаттың өзi бiздiң тақырыбымыздың өзектiлiгiн дәлелдей түседi.
Сондай-ақ ММ-дерді қазақ тіл білімінің жеке-дербес жаңа бір саласы –паремиологияның нақты зерттеу нысаны ету, оларды ұлттардың рухани мәдениетімен, тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен, ділімен сабақтастықта қарастыру енді ғана қолға алынуда. Яғни ҚҰММ-дерін этнолингвистикалық және этномәдени бірлікте қарастыру – бұрын-соңды зерттелмеген іс.
Бiздiң зерттеуiмiздiң өзектiлiгi бұлармен ғана шектелмейдi. Жоғарыда аталған ғылыми жұмыстар қазақ халық ММ-дерiн зерттеуге арналған, ал ұйғыр ММ-дерi туралы деректер жоқтың қасы. ММ-дер әрбiр халықтың ауызекi тiлiндегi өзiне ғана тән ерекшелiктерге ие, құрылымы ықшам, образдары бейнелi тiркестер болғандықтан, салыстырылатын ұйғыр ММ-дерiнiң өзiндiк ерекшелiктерiн айырып-айқындау, түсiндiру бiз үшiн, ұйғыр паремиологиясы үшiн әрi тың, әрi қызықты зерттеу болып отыр деп айта аламыз. Осы мәселелерді ескерсек, қазақ және ұйғыр халықтарының ММ-дерін жан-жақты зерттеп, танып-білуге, олардың мән-маңызын бағалауға бағытталған терең зерттеулердің құндылығы даусыз.
Демек, тіл және ұлттың бірлігін танытатын қазақ және ұйғыр ММ-дерін тілдік әрі этнолингвистикалық тұрғыдан қарастыра отырып, олардың астарындағы ұлттық болмысты айқындау, тіл арқылы ұлттың тарихи санасын, мәдениетін таныту жұмысымыздың өзектілігін көрсетеді.
Зерттеудің нысаны. Тілдік әрі тарихи-мәдени деректерге сүйене отырып, қазақ және ұйғыр ММ-дерінің өзара ұқсастық, ерекшелік жақтарын этнолингвистикалық және этномәдени тұрғыда қарастыру.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ және ұйғыр тілдеріндегі ММ-дердің ұқсастық, ерекшелік және этномәдени табиғатын айқындай отырып, олардың қалыптасуына негіз болған экстралингвистикалық факторлар мен әр алуан уәждерді анықтау – жұмыстың басты мақсаты.
Осы мақсаттың мүддесінен шығу үшін жұмыста мынадай міндеттер алға қойылды:
- тақырыпты толық ашу, жан-жақты түсіндіру мақсатында талдауға қажетті
екі тілдегі ММ-дерді жинақтау;
- ҚҰММ-дерінің қалыптасу кезеңдеріне шолу жасау;
- қазақ және ұйғыр тілдеріндегі ММ-дердің этномәдени сипатын анықтау;
- екі тілдегі ұқсас ММ-дердің сәйкестік деңгейін айқындау;
- қос халықтың ұқсас ММ-дерінің өзара сәйкестігін танытатын уәждерін
сипаттау, ұқсастық деңгейлерін көрсету;
- қазақ және ұйғыр тілдеріндегі мағыналас, тұлғалас, ұқсас ММ-дерді сұрыптап, тақырыптық топтарға жүйелеу;
- екі тілдегі ММ-дердің өзара ерекшеліктерін таныту;
- ММ-дер құрылымындағы поэтикалық бейнелілік пен көркемдікті ашу.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері. Жұмыста қазақ тіл білімі және ұйғыр тілінің мұрагерлік қоры мен рухани қазынасын молынан пайдалана отырып, олардың жан-жақты қырларын анықтап, таныту мақсатында төмендегі нәтижелерге қол жеткізілді:
туыстас түркі тілдеріне жататын қазақ және ұйғыр тілдеріндегі мақал-мәтелдер этнолингвистикалық, этномәденилік тұрғыда алғаш рет зерттеліп, олардың жұмсалу шеңбері, ішінара тақырыптық топтары алғаш рет қарастырылды;
тіларалық мақал-мәтелдердің құрамы мен құрылымы, мағынасы және тілде қалыптасып, пайда болуы тұрғысынан ұқсастықтары зерделенді;
туыстас ұлттар танымдарындағы ортақ ұғымдарға ұйытқы болған мақал-мәтелдерге этнолингвистикалық талдау жасалынды;
қазақ және ұйғыр халықтары мақал-мәтелдерінің уәждік сипаты көрсетілді;
екі халық тілінде қалыптасқан халық даналығының өзіндік ерекшеліктері де анықталды;
мақал-мәтел құрылымының көркемдік образдылығы, бейнелік көріністері, құрылымы талданды.
Зерттеу пәні. Қазақ-ұйғыр паремиологиялық жүйесінің тіларалық ұқсастықтары мен ерекшеліктері.
Зерттеудің дереккөздері. Қазақ және ұйғыр тіліндегі ММ-дердің этнолингвистикалық және этномәдени табиғатын ашу үшін Ә.Қайдардың осы саладағы еңбегі, ұйғыртану саласындағы зерттеу еңбектері, сондай-ақ қазақ ММ-деріне түсіндірме сөздігі Ә.Диваев, Досмұхамедов, Ө.Тұрманжанов, Ә.Құрышжанов және ұйғыр тілінде жарық көрген Аблез Әмәттің «Уйғур ММ-дер түсіндірме сөздігі», Аблез Ғопуридың, Абдурахман Әбәйдың бас редакторлығындағы «Уйғур хәлқ еғиз әдәбияти қамуси» (7-том), осы тақырыпқа қатысты жазылған еңбектерден пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының теориялық маңыздылығы. Түркітану ғылымында екі түрлі тілдер ММ-дерінің табиғаты аз зерттелініп келе жатқандықтан, тілдік мәселелердің біріне жатады. Олар тұрақты сөз тіркесі, фразеологиялық бірлік ретінде этностың ұзақ тарихи даму барысында қалыптасқандықтан біршама ғылымдар саласына – тарихқа , этнологияға, этнолингвистикаға, лингвомәдениеттанымға, фразеологияға, этнопедагогикаға, философияға, логика мен психологияға тікелей қатысты. Сондықтан да аталған ғылымдар саласының ілімін дамытуға өзіндік үлесін қосады. Әсіресе, ұйғыр тіліндегі ММ-дер категориясы мағынасы мен қызметін толықтырып, оны теориялық тұрғыдан дамытуға бағыт-бағдар нұсқайды.
Зерттеу жұмысының практикалық мәнділігі. ММ-дер халықтар арасындағы этномәдени үрдістердің нәтижелерін тіларалық қарым-қатынастар арқылы анықтаудың сенімді жолдарының бірі болып саналады. Соған орай туыстас екі тілдің, сол тілдерді пайдаланушы халықтардың туыстас-жақындығын, тарихи даму үрдісінің сәйкестігін, өзара тарихи-мәдени араласуын не болмаса өзара көршілестігінің нәтижесінде қалыптасуын анықтау тіл білімі үшін маңызды болмақ. Сондықтан бұл еңбек филология факультеті студенттеріне көмекші оқу құралы, этнолингвистика, тарих, этнопедагогика пәндеріне көмекші құрал бола алады. Сондай-ақ арнайы курс ретінде дәріс оқуға пайдалануға болады.
Жұмыстың зерттеу әдістері мен тәсілдері. Зерттеудің мақсатына орай, дәстүрлі сипаттамалы, тарихи-этимологиялық талдау, топтау, жүйелеу әдістері қолданылды. Кейбір атаулардың тілдік мәнін халықтық ұғым-түсініктерге сүйене отырып, сипаттау үшін этнолингвистикалық тәсілге де көңіл бөлінді.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.
бұл еңбек әрбір тілдің сөз байлығындағы құнарлы да ауқымды саланың бірі — ММ-дерді екі тіл фактілерін салыстыру арқылы олармен жіті танысудың, тақырыптық мазмұны мен теориялық негізін меңгерудің бірден-бір ғылыми-практикалық құралы болып саналды;
қарастырылып отырған ММ-дер қалыптасуының этнолингвистикалық және этномәдени негізі зерделенді;
зерттеуде қарастырылып отырған екі тілдің — қазақ және ұйғыр тілдерінің құндылығы болып саналатын ММ-дерінің жалпы байлығы мен өзара өте жақын мағыналастарының сандық, сапалық ерекшеліктері сипатталды;
тұрақты тіркестің бір түрі – ММ-дердің екі басқа туыс тілде бір мағына-ұғымды білдіретін ортақ, сәйкес, ұқсастықтарының қалыптасу заңдылығы көрсетілді;
екі тілге ортақ және өзгеше ММ-дердің тақырыптары екшеліп, сараланды;
ММ саласындағы ұқсастыққа негіз болып саналатын обьективті факторлардың екі тілге ортақ заңдылықтарының тарихи, мәдени, т.б. қырлары анықталды;
ММ-дердің о бастағы алғашқы жасалу, қалыптасу сатысында қарапайым сөз тұлғасынан жалпы сөз өнерінің біртіндеп дамып, өлең сөзге ауысу процесі дәйектелді;
халық даналығының «әрі ақыл, әрі нақыл түріне», көркем де бейнелі сипатқа ие болуын, қолданыс барысында «әрі нұсқа, әрі қысқа» түріне айналып, біртіндей ширай түсуін нақтылайды.
Жұмыстың жариялануы мен мақұлдануы. Зерттеудің негізгі тұжырымдары мен нәтижелері «Уйгуроведение в казахстане: традиция и инновация» атты халықаралық конфереция материалдарында (Алматы. 2005ж.) «Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 30 тамыз 2006 ж.), «Әлемдік білім кеңістігіне ену жағдайында қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың көкейтесті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалыық конференцияда (Семей. 2007. 7-9 желтоқсан, ББ. 63-64) баяндалды. Диссертацияның мазмұны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жанындағы «Лингвистикалық жұма» атты лингвистикалық семинарда (2007 ж., мамыр) баяндама ретінде тыңдалды және этнолингвистика бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланды. Жалпы осы тақырып бойынша 11 мақала жарық көрді.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тарау, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттерден және қосымшадан тұрады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, негізгі мақсаты мен міндеттері, дереккөздері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы анықталып, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар мен зерттеу жұмысының құрылымы туралы мағлұмат беріледі.
Бірінші тарау «Қазақ-ұйғыр халықтарының мәдени-тарихи қарым-қатынасының мақал-мәтелдердегі көрінісі» деп аталды. Ол төрт тараушадан тұрады. Оның «Тарихи кезеңдерге сәйкес қазақ-ұйғыр мақал–мәтелдерінің қалыптасу сипаты» деп аталатын бірінші тараушасында қос халықтың әрбір басынан кешкен тарихи кезеңдеріне сәйкес ММ-дердің қалыптасып отырғандығы сөз болады.
Тіл білімін зерттеуде бір ғылымның құзырында кейде бірнеше ғылымның тоғысу процесін зерттеу мәселесі туындайды. Солардың біріне ММ-дер категориясы жатады. Оның басты себебі қатар, туыс, көрші-қолаң өмір сүріп келе жатқан, мәдениеті, өмір-тіршілігі ұқсас, тілі ортақ этностардың болмысында міндетті түрде бір-біріне әсерін тигізу, өз ықпалын жасау процесі байқалып отырады. Қазақ халқы мен ұйғыр халқының бір топ ММ-дің мағыналас, тұлғалас, қалыптасу уәждерінің, бейнелілігінің ұқсас болуына негіз бола алатын көптеген себептерінің бірі –бұл екі тіл иесінің ұзақ замандардан бері географиялық жағынан бір-біріне жақын кеңістікте, Орталық Азия ауқымында, Қытай елі мен оның Солтүстік батысын жайлаған Ғұн империясымен қарым-қатынаста өмір сүргендігіне байланысты болса, соған сәйкес ұзақ замандардан бергі өмір-тіршілігінің жіті араласуына, әдет-ғұрып, танымдарындағы ұқсастығына да байланысты болса керек.
Туыстас тілдердің сатылай байланысуы, алыстауы мен жақындауы сол қауымдағы әрбір халықтың тарихына тікелей қатысты. Бұл жөніндегі ойымызды ғалым Ә.Қайдардың «Түркітануға кіріспе» атты еңбегінде: «Алғашқы ру, тайпалар одағының қосылуы тарихи қоғамдық процесс болса, әрбір ру мен тайпалардың қалыптасуы да сондай процесс. Кейбір тайпалар жеке рулардың бірлестігі негізінде құралады да, олардан бірте-бірте қол үзіп кетеді.Осыған орай, тайпалар одағы қолданған жалпы тілде жеке рулар тіліндегі ерекшеліктерді сақтауы да, сақтамауы да мүмкін», - деп жазғаны одан әрі дәлелдей түседі ( 1:65).
Осындай түркі тектес туыс тілдер ішінен заманның даму барысына орай, бертін келе қазақ, ұйғыр, қырғыз, түркімен, қарақалпақ және т.б. тілдер, сол тілдерді тұтынатын, сол тілде сөйлейтін қауымдар, этностар өз алдына бөлініп шыққандығы бәрімізге белгілі. Солардан бөлініп шыққан қазақ және ұйғыр халқы қатар тұрып, біте қайнасып жатқан этнос болғандықтан, олардың өзара қарым-қатынас негізі ертеден-ақ дамыған.
Қыпшақтар ХІІІ ғасырға дейін өз үстемдігін Кавказ етектеріндегі халықтарға, оңтүстігінде Хорезм мемлекетіне дейінгі, Шығысында Талас өзенінің бойларына дейінгі өлкеге жүргізіп тұрды. ХV ғасырда жеке халық болып бөлініп шыққан қазақ, қарақалпақ, құмық, ноғай, қарачай, малқар, татар, башқұрт, өзбек халықтарының этникалық құрамына енді. Халық ретінде қыпшақтар монғол шапқыншылығында Алтын Орда үстемдігін де, орыстардың қыспағында да, өз билеушілерінің тақ таласын да көрді. Бірақ өз ерекшелігін сақтап қалды.
Қараханидтер этникалық құрамы жағынан аралас түркі тайпаларынан құралса да, олардың ұйытқысы қарлұқ, шығыл, яғма, тухси тайпалары болғандығы анық. Ал бұл тайпалар Ұйғыр қағанатының да негізгі ұйытқысы болып саналған.
Ертеректе олардың, әсіресе, қазақ тайпаларының — үйсін, қаңлы, қыпшақ, арғын, найман, керей, таңғұт, алшын, қоңырат т.б. тайпалары ғұн әулетіне қатынасы жоқ деп келген зерттеушілер кейінгі кездері, көне қытай жазба ескерткіштерінің кең түрде айқындалып, қазақ, ұйғыр, орыс тілдеріне аударыла бастауына байланысты, олардың көпшілігі ғұн империясымен тығыз байланысты, солардың құзырында өсіп-өніп, өз алдына мемлекет болып дамыған тайпалар екендігін мойындай бастады. Мәселен, “Ғұн тарихынының жылнамасы” атты басылымда (Түркістан, 2004) Ғұнның құзырына үйсін, қаңлы тайпаларының кіші хандықтары қарайтыны сөз болады. Демек, сол бірлестік құзырында жасайтын ұйғыр, қазақ тайпаларының өзара бір-бірімен жіті араласып, ортақ дүниелерді тілдеріне тиек ететін жағдай болғандығын аңғартады. Осы тұстарда қазақ халқында:
Көкте күн жалғыз,
Жерде ғұн жалғыз, - деген мақал қалыптасты. Бұл мақалдың беретін мағынасы: Бүкіл Еуразиялық жазықтықта Ғұн империясы аспандағы Күн сияқты сонша елді жалғыз бір өзі билеп-төстеген еді. Осы мақалдың ұйғырша баламасына келетін болсақ, оның мағынасы мүлдем басқаша. Яғни «Көктә күн ялғуз, йәрдә - һун» деген бұл ғұндардың сымбатты келбеті, көріктілік сипаты туралы мәнге ие. Ұйғыр мақал-мәтелдерінің ішінде ғұндардың, Ғұн империясының соғысқұмарлығын, шапқыншылық саясатын паш ететін, қазақ тіліндегі осы мақалмен мағыналас, ұқсас балама мақал да қалыптасқан: Һұн йоқимиғунчә жаһан тинжимас (Ғұн жоғалмай жаһан тынышталмас).
Бұдан басқа түрік қағанаты тұсында, орта ғасыр дәуірінде және ХІХ ғасырлар кезеңдерінде қалыптасқан ҚҰММ-дер туралы баяндалады.
«Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің этномәдени сипаты» деген тақырыптағы тарауша аты айтып тұрғандай ҚҰММ-дерінің ұлттық-мәдени қырларын қамтиды. Сондықтан ғылымда «этникалық мәдениет» және «этнос мәдениеті» деген түсініктер қалыптасқан. Осыған сәйкес әркімнің ұлттық-этникалық көзқарасын, салт-санасын берік сақтап, атадан балаға мирас ретінде жеткізетін - халық ММ-дері.
Кез келген этнолингвистикалық және этномәдени тұрғыдан зерттеу — белгілі бір халыққа тән ерекшеліктерді жан-жақты қарастырады. Ал әр халықтың өзіндік өзгешелігін танытатын тарихы, өмір сүру ортасы, дүниені тану көзқарасы мен наным-сенімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы сол халықтың тіліндегі тілдік бірліктерде, оның ішінде мақал мен мәтелдерінде ізін қалдырады. Мәселен, қазақ тілінде: Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар,
Бәрінен де қой бағып
... жеген озар.
Барымталап алған мал емес,
Қуып алған - құн емес.
Бірінші мақалды қарастырсақ, қазақ халқының ежелгі шаруашылығы мал бағу болғандықтан, балаларының күні ұзақ асық ойнап, доп теуіп өткізгенін қаламайды. Керісінше, пайдалы іс – қой бағып, тамағын тауып жегенді мақұл көреді. Соны бүкіл жас ұрпаққа уағыздай отырып, уақытты тиімді де пайдалы іске жұмсаңдар дегенді аңғартады.
Келесі мақал қазақ даласына кең тараған «барымташылықтан» хабар беріп тұр. Алайда бұл әрекеттің дұрыс қылық еместігін, барымтамен алған малдың иесіне мал болып жарытпайтындығын, біреуді шырылдатып жүріп, құн алғандық та нағыз құн болып есептелмейтіндігін тура мағынада түсіндіріп тұр. Бұл мақалмен танысқан адам қазақ жұртының сайын даласында ежелден қалыптасқан «барымтадан», «құн дауынан» дерек алары анық. Міне, талданған мақалдардың қай-қайсысын алмайық, бірі күн көріс әрекетінен, келесі бірі ел ішіндегі ұрылардың айналысқан ісінен хабардар етеді. Яғни бүкіл этностың мәдениетін, салт-санасын таныстырып тұр.
Ұйғыр халқы да ММ-ге бай. Бірнешеуін мысалға келтірелік:
Һүнири бар қол өлмәс
Тазға тағақ бәрсәң, йелим тіләйду
Алғашқы мақал қолөнерші кәсібіне арналған. Ұйғыр халқы ерте заманнан бері қолөнер кәсібін жетік меңгеріп, тоқымашылық, зергерлік, етікшілік, ұсталық кәсіпті жақсы дамытқан. Қалың бұқара ішінде ежелден «он саусағынан өнер тамған» адамдар өте қадірлі болған. Халық арасында үлкен беделге, сый-құрметке ие жандар болған. Сондықтан болар, өнерлі адам ешқашанда өлмейді деген дана сөз қалыптасқан.
Жиде ағаштарынан, әдетте, сұйықтық алынады. Бұл ағаштың сұйықтығын алып, оны кептіріп, қатырып алған соң жыл бойы керек кезінде жібітіп, шашқа жағады. Мұны ел ішінде «желім» деп атайды. Ұйғыр қыз-келіншектерінің шашына жағатын бұл желімінің қасиеті – шашты табиғи азықтандырады, шаштың ағару, түсу және оған қайызғақ түсірмеу, сондай-ақ шаштың тозып кету құбылыстарының алдын алады. Бағзы замандарда бұл сұйықтық қазіргі дәуірдегі лак, гельдің қызметін атқарған. Күні бүгінге дейін шашы ұзын қыз-келіншектер бұл затты әлі қолданады. Осыған орай ел аузында мысқыл, әжуа ретінде айтылған «Тазға тарақ берсең, шашына желім тілейді» деген нақыл пайда болған.
Қарап отырсаңыздар, аз ғана сөзге не болмаса бір, бірер сөйлемге қаншама дерек сыйыстырылған. Аз сөзбен көп жайды аңғартатын ҚҰММ-дері бүкіл екі этностың болмысын көз алдыңа елестете алады екен. Демек, ҚҰММ-нің этномәдени сипаты олардың әрбір ММ-нің бойынан көрініс табады деп нық айтуға болады.
Үшінші тарауша «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің мағыналық және уәжділік ұқсастығы» деп аталды.
Қазақ және ұйғыр тілдеріндегі ұқсас әрі ортақ ММ-дерді басқаларынан бөліп алып, салыстыра қарастыруымыздың мақсаты — бұл тілдердің туыстық жақындығынан ғана емес, мүмкін болғанынша сол тілдерде сөйлеуші Орта Азия халықтарының ең көнелерінен саналатын ұйғырлар мен қазақтардың рухани, мәдени, тарихи жақындығын да осы ММ негізінде анықтай түсу. Ал бұл мәселені анықтау деген сөз — аталмыш екі халықтың барша өткен тарихын шолып өтіп, рухани-мәдени өміріндегі қарым-қатынастармен, әсіресе, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт, күнделікті тірлік-тіршілік ыңғайында , алыс-беріс, сауда-саттық, егін, мал шаруашылық саласындағы елдердің арасында болатын қарым-қатынастарды шолып шығуды талап етеді.
Бұл мәселені біз кейінгі жылдары жарық көрген екі ғалымның — ұйғыр ММ-дері бойынша Аблез Әмәттың «Уйғур хәлқ мақал-тәмсиллири изаһлиқ луғити» сөздігін және қазақ ММ-дері бойынша академик Ә.Қайдардың «Халық даналығы» сөздігін өзара тең деңгейдегі еңбектерінің материалдары негізінде қарастырамыз.
Екі тіл бойынша салыстыра отырып, жинақтаған ұқсас ММ-дерді зерделей қарастырғанда ұқсастықтың үш түрлі деңгейі болатындығы байқалады.
Бірінші деңгей — ММ-дердің мағынасы мен құрам-құрылымы жағынан толық сәйкес болып келетін абсолютті (толық) ұқсастық.
Екінші деңгей – компоненттерінде азды-көпті өзгерістер бар, бірақ мазмұны ұқсас ММ-дер.
Үшінші деңгей — құрылымы толық сәйкес болмаса да, жалпы түрде ұқсастығын сақтаған, бірақ екі тілдің өз логикасы бойынша қалыптасқан, құрамы-құрылымы елеулі өзгеріске түскен ММ-дер.
Бірінші деңгейдегі мақалдарға мысал:
Адам адаммен адам (қазақша)
Адәм адәм билән адәм (ұйғырша)
Асы піспестің қазаны оттан түспес (қазақша)
Еши пишмасниң қазини оттин чүшмәс (ұйғырша). Бұл жерде екі тілдегі ММ-дер өзара, сөз жоқ, абсолютті ұқсас.
Екінші деңгейлі ММ-дер қазақ және ұйғыр халықтарында молынан кездеседі.
Ат айналып қазығын табар, Су айналып жазығын табар (қазақша)
Ат айлинип оқурини тапиду, Мусапир айлинип юртини тапиду (ұйғырша)
Ағайын тату болса — ат көп, Абысын тату болса — ас көп (қазақша)
Ағинә инақ болса — ат тола, Игичә-сиңил инақ болса - аш тола (ұйғырша)
Екінші деңгейге жатқызылған жұп ММ-дердің бәрі де мағына жағынан ұқсас, бір ғана ұғым-түсінікті білдіретін ММ-дер. Бірақ олардың құрам-құрылымы жағынан байқалатын айырмашылықтарына, мәселен, бірінші жұптағы қазақшасында қазығын, су, жазығын деген компоненттері ұйғыршасында оқурини, мусапир, юртини сөздерімен алмастырылғандығы жатады.
Тағы ескертеріміз, бұл өзгеріс олардың жалпы мағынасына әсер етпейді. Екінші жұпта қазақшасындағы тату, абысын компоненттері ұйғыршасында инақ және игичә-сиңил деген сөздермен ауыстырылған. Олар – ұйғыр тіліндегі балама сөздері. Сондықтан одан мақалдың жалпы мағынасы өзгеріп тұрған жоқ.
Үшінші деңгейдегі ММ-дер, әдетте, құрылымы, құрамы өзгеше, бірақ екі халықта да мазмұны өзара ұқсас келеді . Мысалы: қазақтың «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген мақалына ұйғырдың «Бир бекарчи миңни бекар қилур» мақалы мәндес келеді.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді»-нің беретін мәні бір адамның істеген жаман қылығы көптің, ұжымның атына кір келтіреді.. «Бир бекарчи миңни бекар қилур» мақалының аудармасы — «бір жалқау мыңды жалқау етеді». Екі тілдегі мақалдың беретін ортақ мағынасы — бір нәрсенің көпке теріс әсер етуі. Бір қызығы, қазақ халқы өз мақалына негізгі шаруашылық кәсібінде пайдаланылатын «құмалақ», «қарын» сөзін қолдана отырып, қалыптастырған. Ал ұйғыр халқы үнемі еңбек етіп, терлеп-тепшіп жұмыс істеуді қалайтын болғандықтан, өз лексикасындағы «жалқау» сөзін мақалдың тірек сөзі етіп алған. Демек, осы мақалдардың да өн бойынан халықтың тіршілігінің исі аңқып тұр. Сыртқы құрылымы мүлдем бөлек, алайда мазмұндас. Бір түсінікті, бір ұғымды береді.
Түркі халықтарының, оның ішінде түркі тектес халықтардың ММ-дері уәждік сәйкестік пен айырмашылықтар олардың ұлттық тілдерінің өзіндік айшықтарымен, белгілерімен тығыз байланысты.
Түсінік, таным, ұғым, ойлау, әдетте, тіл арқылы бейнеленіп, көрініс табады. Ұғым мен атаудың арасында табиғи байланыс міндетті түрде болады. Сондықтан атауларда олардың уәжділігі адам танымымен тығыз байланыста қарастырылады. Заттың белгілі бір бастапқы қасиетіне бағытталған сөз уақыт өте келе тілдік эволюция жолында алғашқы мағынасын жоғалтуы мүмкін. Кез келген сөздің атауы адам психологиясында қалай қабылданып, қай жағынан әсер ететіндігіне байланысты. Сондықтан кез келген сөз бен оны тудырған себеп арасындағы мағыналық байланыс үзіле береді. Жоғарыда келтірілген адам психикасының бітімі кейбір түсініксіз сөздерді қайта өңдеу арқылы оның басқа бір баламасын тауып, жаңа уәждеме жасай алады (4:69). Бұдан шығатын қорытынды балама құбылыстарға негізделген сөз бойындағы бейнелілік. ММ-дер бойында кездесетін уәждеме, бұл — семантикалық уәждеме. Аталмыш терминді қазақ тіл білімінде кезінде ғалым Ж.Манкеева қолданған болатын және өз еңбегінде уәжділікті үшке бөліп қарастырады және де атаулардың дәрежесін былай жіктеп көрсетеді: «1) Бірінші дәрежелі немесе алғашқы атау (первичная номинация). Ол – атаудың аталушы заттың қасиеттерімен уәжделуі немесе «шындық фактілерінің тілдік жүйенің фактісіне айналуы».
2) Екінші дәрежелі немесе кейінгі атау (вторичная номинация). Онда сөздің семантикалық дамуы нәтижесінде өзін тудырған түбірімен мағыналық байланысы үзіледі, яғни «жаңа атаулар үшін тілде бұрыннан бар атауыштық құралдарды пайдалану» (5:245). Ал уәждемені сөзжасамдық тұрғыда зерделеген Б.Қасым: «Уәждеме — шындық болмыстағы заттар мен құбылыстарға туынды атауға қажетті негіз болатын тілдік бірліктер», - дейді (6:110). Шынымен де адам заттар мен құбылыстарды танып білу нәтижесінде жаңа атаудың ұғымдық қасиетіне тән белгісін таңдауы оның дүниетанымына, тәжірибесіне байланысты айқындалады. Сол арқылы атауды белгілеудің танымдық қасиеті анықталады. Осы тіл қазыналарының бойында мотивтік құбылыстың бейнеленіп, қалыптасуын Г.Л.Пермяков та: «Мақал-Мәтелдердің ұзақ тарихи жасалу, қалыптасу жолы бар, өзіндік уәжділік негіздері бар, құрамдық-құрылымдық қалпы тұрақты, көркем де әуезді, поэтикалық заңдылық бойынша құрылып, негізгі мағынасы абстракцияланып, ауыс мағынасында қолданылатын, гомоцентристік принцип бойынша, негізінен, Адамға ғана қатысты жұмсалатын этнолингвистикалық күрделі құбылыс», —дей отырып (7:35), ММ-дердің мотивтік негізде қалыптасқанын растайды.
Енді осы пікірлерді басшылыққа ала отырып, қазақ және ұйғыр тілдеріндегі көненің көзі, ғасырлар жемісі ММ-дердің уәждік ұқсастықтарына тоқталып өтелік.
Этнолингвистік топтастыру принципі бойынша жіктелетін «Адам», «Қоғам», «Табиғат» топтарына қарай сараланатын ММ-дердің басым көпшілігі антропоцентристік принцип негізінде өзінің ауыс мағынасында болса да, адам болмысына қатысты болып келеді. ММ жоғарыда көрсетілгендей, әр тілдегі мақал-мәтелдердің баршасы антропоцентристік принцип бойынша қалыптасып, қалай жасалып айтылса да, адам баласының өзіне, яғни әрбір халықтың өкіліне бағышталып, соның бойындағы не жақсы, не жаман қасиеттерін сипаттауға арналады.
Сондықтан ММ-дердің уәждік ұқсастықтары мен өзгешеліктерін сараптар алдында «біз барлықтағы барша заттар мен құбылыстарды үлкен үш салаға топтастырып, ішкі жүйесі мен мағынасына қарай шоғырландырып қарағанда көре аламыз. Оларды біз шартты түрде «Адам», «Қоғам» және «Табиғат» деп атауды ұсынамыз», — деп академик Ә.Қайдар көрсеткендей (3:134), жұмыста осы ғалым еңбегінің ізімен ММ-дер үш топқа бөлініп қарастырылды.
Барлық түркі тілдеріндегі ММ-дердің тақырыптық топтары әр халықтың өмір-тіршілігіне, дүниетанымдық қасиеттері мен рухани болмысына байланысты. Бұл топтардың мазмұны мен уәждік негіздері де әр түрлі.
Еңбекте «Адам» бөліміне әке-шеше, бала тақырыбына қатысты, Адам болмысына қатысты, туған-туысқа қатысты, Ас, тамақ тақырыбына қатысты, туған жер тақырыбына қатысты, т.б. тақырыптарға қатысты ММ-дер топтастырылды. Ал «Қоғам» тобы өзіне мал шаруашылығы, аңшылық кәсіп, егін шаруашылығы тақырыптарын қамтыды. «Табиғат» деп аталатын салаға табиғи түр-түске, жыл мезгілдеріне, табиғат құбылыстарына қатысты ММ-дер жатқызылды. Бұлардың әрқайсысын талдап көрсету мүмкін болмайтындықтан, кейбіреуін ғана беруге тура келді.
Достарыңызбен бөлісу: |