Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
МӨЖ
Орындаған: Ұлттық тарих 1 курс магистрант Тұрғынбаева Ләзиза
Тексерген : Нургуль Абдразакова
Алматы 2023
“Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары”
Таңдамалы трактаттарына философиялық тұрғыдан шолу жасау
Әбу Насыр әл-Фараби бұл кітаптың алғашқы нұсқасын «Китаб ас-сийаса ал-маданиййа» деген атпен 942 жылы жазған. Ал толық нұсқасын 948 жылы Мысырда аяқтаған екен. Кітаптың көшірілген нұсқалары әлемнің бірнеше музейлерінде, мұрағаттары мен кітапханасында сақталған. Атап айтқанда Британия музейінде және Оксфорд университетінің Бодлиан кітапханасы қорында бұл еңбектің бірегей нұсқалары бар. Аталған еңбек орта ғасырларда Еуропада кеңінен танымал болған. Ал кейінгі кезеңде алғаш рет 1895 жылы ғылыми айналымға біржола енгізілді. Осы жылы бұл еңбек Голландияның Лейден қаласындағы «Бирбил» баспасында арабтанушы ғалым Фридрих Дитрицидің баспаға әзірлеуімен жарық көрген.Бұл кітаптың маңыздылығы – автордың өз еңбегінде қала болып қауымдасып өмір сүретін адамзат баласының өзара ешбір қайшылықсыз, мінсіз идеал қоғамы қандай болуы керектігін жан-жақты сипаттауында деуге болады. Бұл ірі құнды шығарма қоғамға әлі де ыстық күнде су іздеген жолаушыға қажеттілікке ие. Иә, адамзат тарихында меншік пайда болуымен мемлекет құрылып, оның өзіне тән сипаттары туып қалыптасқаны белгілі. Мемлекеттер өзінің құрылымы, басқару формасы, ұстанымы, күш-қуаты тұрғысында қаншалықты сан алуандыққа ие болса, олардың тарих сахнасындағы жетістіктері мен өзіндік ішкі қайшылықтары да соншалықты әрқилы болады. Адамзат баласы әрқашанда басқару механизмі барынша жетілген, мемлекетті құрушы барша халықтың көңілінен шығатын мемлекет құруға әрдайым талпынумен болды. Бұл тұрғыдағы әрекеттерге ой жүгірте отырып алғашқы ой-пікірлер білдіріп, зерттеу жүргізген – антикалық дәуірдің ойшыл-философтары болды. Атап айтқанда грек философтары Платон, Аристотельдер мінсіз де ізгілікті қоғам құру жолдары туралы өз идеяларды ұсынып, трактаттар жазды. Біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда жасаған грек ойшылы Платонның «Республика» еңбегі мен қытайдың философ ақыны Тао Юаньминнің «Шабдалы қайнары» атты туындылардында қайырымды қоғам мәселесі көтерілді. Дегенмен, мұны біз ізгі қоғам құру жөніндегі адамзат ойының ілкі бастаулары деп қарастыра алмаймыз. Себебі, мұндай ой-арман адамзат қоғамындағы алғаш мемлекет қалыптасқан кезден-ақ пайда болғанына еш күмәніміз жоқ.
«Әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фараби өзіне дейінгі грек философтарының идеал мемлекет туралы идеяларын дамыта отырып, өзіндік тұжырым-қорытындыларын ұсынады. Ғалым қайырымды (ізгі) қала тұрғындары қалай болуы керек, оның жағымды-жағымсыз, дарынды-дарынсыз басшысына тән сипат-белгілер қандай т.б. жайлы жан жақты талдау жасайды. Біз бұл турасында төменде кеңінен тоқталатын боламыз. Және де «Қайырымды қала тұрғындары туралы» кітапта жазылған ой-тұжырымдарды біз бір қырынан алып қарағанда, орындалу мүмкіндігі бар, шынайы теория деп қарастырамыз. Және сонымен қатар, Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл ой-пкірлерін орындалуы еш мүмкін емес қиял-ғажайыпқа толы жазба ретінде де қарастыра аламыз. Жалпы алғанда, адамзат баласының ең ұлы арманының бірі де осы қайырымды, идеал қоғам ғой. Дүниежүзіндегі барлық дерлік халықтардың фольклорында, әсіресе, ертегілері мен аңыздарында мәңгілік бақытқа кенелген ел мен жер суреттелетіні – санадағы осы аңсар күй, асқақ арманның сөзбен жасалған сұлу суреті екендігі анық.
Түркілік таным аясындағы қазақ әдебиетінде де осы сипаттағы аңыздар мен ертегілер, кейіпкерлердің шоғыры қомақты. Мәңгілік өлмейтін қалып күйді іздеп сар далада тентіреп мәңгіліктің күйін тартқан Қорқыт, жерінің түгі кілемдей, күн райы жыл бойына қоңыржай, жігіті мәңгі жиырма бесте, қызы мәңгілік он сегізде болатын, жастықтың қуаты сөнбей маздаған Жерұйықты желмаясына мініп алып желіп жүріп іздеген Асанқайғының арманы мен ілкідегі Әл-Фарабидің ізгі қоғам құру туралы ойлары – айналып келгенде сол баяғы адамзат қоғамының бақытты тұрмыс кешуі жолындағы ізденістер емес пе?
Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қоғам құрудың қолайлы жолдарын іздейтін алты бөлімді «Қайырымды қала тұрғындары туралы трактаттар» кітабының әр бөлімінде не туралы қарастырылатынын бір-бір сөйлеммен айтып өтелік.
Бірінші бөлімде Алла-Тағаланың болмысы және оның сипаттары, есімдері туралы қарастырылады.
Екінші бөлімде рухани жандар мен періштелер болмысы және аспан денелері туралы қарастырылған.
Үшінші бөлімде аспан денелері мен ғаламшарлық материалдық денелердің өзара байланысы туралы айтылады.
Төртінші бөлімде адам және оның жан, тән қуаттары, еркек пен әйел және олардан жаратылатын баланың морфологиялық, физиологиялық, психологиялық даму ерекшеліктері туралы қарастырылады.
Бесінші бөлімде адамның өз қалауы арқылы бар болған нәрселер мен адам қоғамы және оған не қажет, осы қоғамның жіктелуі т.б. жағдайларға сипаттама беріледі. «Қайырымды қала тұрғындары» кімдер, бұл қаланы құрайтын адамдардың ерекшелігі туралы айтылған.
Алтыншы, соңғы бөлімде надан көзқарастар мен қоғамдар, надан қалалар мен надан басшылықтар, олардың іс-әрекетінің салдарлары туралы баяндалады.
Кез келген мемлекеттің күш-қуаты мығым, бірлігі бекем, тірлігі түзу болуы үшін қажет жағдайдың бірі – биліктің мығым болуы екендігін сонау грек ойшылдарынан бастап, қазақ даласында туған ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби мен Еуропадан шыққан билік теоретигі Никколо Маккиавелийге дейін айтудайын айтып, жазудайын жазып кеткен екен. Бұл ой-пікірлердің бәрі қай заманда болсын, өзекті болып келген және біздің жас мемлекетіміз үшін де ерекше маңызды. Фарабтық Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз мемлекет басшысының бойынан табылуы тиіс он екі ізгі қасиетті атап көрсете отырып, «Қайырымды қаланы» (біздің қазіргі ұғымымыздағы мемлекетті) дәл осындай адам билеуі керек деген ойды айтады. Әл-Фарабидің ізгі қоғам туралы ойларына қарап, «қайырымды қаланың» яғни мемлекеттің лайықты гүлденіп, өмір сүруі үшін жеке тұлғаның қаншалықты маңызды екендігіне баса мән бергендігін аңғарамыз. Жеке тұлғаның немесе ел басшысының мемлекет дамуындағы рөлі қашан да жоғары болып келген және қазір де солай десек қателеспеспіз. Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала» туралы еңбегінде қала бақытты болудың үлкен кілті – бірінші басшыға байланысты екендігіне баса назар аудартады. Қайырымды қаланың бірінші басшысы – ол қайырымды халықтың, тіпті жер жүзін мекендейтін барша жұрттың басшысы да бола алатындығын айтады. Ол үшін бірінші басшыға тән он екі бірдей қасиет оның бойында жинақталған болуы тиіс.
Біз төменде Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, «қайырымды қала» басшысының бойынан табылуға тиісті қасиеттердің мағынасын аша отырып, әрбірінің қысқаша анықтамасын ғана беруді жөн көрдік. 1. Басшының он екі мүшесі бүтін, дені сау болуы керек; 2. Ақыл-есі бүтін, айтылған сөзді ұғатын болуы керек; 3. Есте сақтау қабілеті мықты, алғыр да аңғарымпаз болуы керек; 4. Сөзі өткір, тілге шешен болуы керек; 5. Өнер-білімге құштар, оқып үйренуден шаршамайтын, білімпаз болуы керек; 6. Тамақсаулықтан, артық ішіп-жеуден, орынсыз сауыққұмарлықтан аулақ болуы керек; 7. Шыншыл болуы, маңына шыншыл адамдарды жиюы, өтірікшілерден аулақ болуы керек; 8. Рухы биік, ар-намысты биік ұстайтын болуы керек; 9. Пасықтықтан аулақ, игі істерге ынтызар болуы керек; 10. Байлыққа құмарлықтан, ашкөздіктен аулақ болуы керек; 10. Әділетсүйгіш болуы, озбырлар мен әділетсіздерді жақтаудан аулақ, ел-жұртқа қайырымды, мейірімді болуы керек; 11. Бір сөзді, бірақ қыңыр болмауы тиіс, жаман қылықтарға ымырасыз болуы керек; 12. Өзі дұрыс деп тапқан істі жүзеге асыруда шешімшіл, қорқып жасқануды білмейтін батыл да ержүрек болуы керек.
Әбу Насыр әл-Фарабидің пікірінше «қайырымды қала» басшысы болу үшін жоғарыдағы қасиеттерге қоса, билеуші болуға деген бейімділік, дарын тіпті ұмтылыс болуы керек екен. «Қайырымды қаланы әрбір кез-келген адам билей бермекші емес, өйткені, ел билеу – екі бірдей нәрсеге байланысты: біріншіден, билемек адамның өз жаратылысында ел билеуге қаншалық әзір екеніне байланысты, екіншіден, билеуші адамның еріктен қуат алып отыратын жағдайы мен қабілетіне байланысты. Жаратылысында ел билеуге кім бейім болса, билік соның үлесіне тимек.»
«Жиырма беске келгенде, бақыт берді басыңа, тақыт берді астыңа, Отыз жасқа келгенде, дүниеге кең едің... Елу жасқа келгенде, үш жүздің баласының атының басын бір кезеңге тіредің», - деп Бұқар жырау жырлағанындай, жаратылысынан ел билеуге бейім, жігерлі де жалынды жас жігіт Әбілмансұр майданда көрсеткен ерлігінен соң аз жылда басқарушылық талантымен жарқырай көрініп, елу жасқа келгенде үш жүзге ықпалы жүретін ханға айналғаны белгілі. Мұндай тұлғаларды жай ғана басшы емес, феномен тұлғалар десек болар. Әл-Фараби өз туындысында феномен басшының даналық, көрегендік қасиетін әрдайым жоғарыға қояды. Басшының қабілетсіздігінен, біліксіздігінен қаланың құрып та кету мүмкіндігін жоққа шығармайды: «Егер әйтеуір бір кезде басшыларда даналық болмай қалса, онда бұлар басқа шарттардың бәріне сай келе тұрса да, қайырымды қала ағзамсыз қалмақ, сөйтіп қаланы билеуші басшы бұл ретте ағзам бола алмайды, ал қаланың өзі құрып кету қаупіне ұшырайды. Ал егер осы басшыға ақылшы етіп қоярлық бір дана табылмаса, қала біраз уақыттан кейін сөзсіз құритын болады».
Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фараби өз трактаттарында қала басшысының дара билігімен қатар, топтық биліктің түрі салтанат құру мүмкіндігі барлығын да атап өтеді. Мұны біз парламенттік-президенттік басқару үлгісі деп ұқсақ болады: «Жақсы қасиеттердiң бәрiн өз бойында ұштастыратын адам болмаса, бiрақ бұл қасиеттер бiр топ адамның арасында жеке-дара дарыған болса, онда бұл топтың мүшелерi бiрлесе отырып, әкiмнiң орнына ие болады, оларды жұрт жақсы басшылар және қадiрлi адамдар деп атайды, ал олардың басқаруы қадiрлi адамдардың басқармасы деп аталады». Сонымен қатар Әл-Фараби жазып қалдырған трактаттар жинағында «қайырымды қаламен» қатар, «қайырымсыз қалалар да бар. «Ол қаланың тұрғындары ешқашан бақыт дегенді білмеген, оған жету олардың ойына да кірмеген», - деп «бақытсыз», «қайырымсыз» қалаға сипаттама береді. Бұлардың ең үлкен қателігі – бақыт жолына бірге жұмылып ұмтылмауында: «Бақыт – әрбiр адам ұмтылатын ұлы мақсат», - деген тұжырым жасаған Әбу Насыр әл-Фарабидің бұл идеялары орта ғасырлық Еуропадағы мемлекетті басқаруға қатысты гуманистік ілімдердің туып-қалыптасуына зор ықпал етті. Әл-Фарабидің қайырымды қала» турасындағы ойларымен үндестік ағылшын гуманисі Томас Мордың (1478-1535) моральдық-философиялық трактаттарында көрініс тапты. Болашақ қиял жүзіндегі социализмнің негізін қалаушы болып саналатын Томас Мордың басты еңбегі – «Утопия» деп аталды. Ол өз еңбегінде жеке меншікке негізделген қоғамды, өз заманының әлеуметтік-саяси қатынастарын негізге ала отырып, қоғамдық меншікке негізделген қоғамдық құрылысты бейнеледі.
Томас Мордың қиялдағы қоғамы еңбек бөлісіне, оның ішінде отбасы қолөнеріне негізделді. Адамдар демократиялық басқару, еңбек теңдігі жағдайында өмір сүріп, күніне алты сағат жұмыс істеп, қалған уақытында ғылым мен өнермен айналысып, үнемі өзін өзі рухани жетілдірумен шұғылданбақ. Томас Мордың «Утопиясындағы» бұл идеялар болашақтағы утопиялық социализмнің бастамасы болды. Қазіргі күні тіпті Еуропаның кейбір елдерінде Томас Мор ұсынған идеялардың толықтай болмаса да негізінен жүзеге асқаны да өмір шындығы емес пе? Әл-Фарабидің «Қайырымды қаласы» Томас Мордың утопиялық туындысына әсер етсе, өз кезегінде бұл туынды да өзге еуропалық философтарға үлкен әсер еткені анық. «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам», - деген Әл-Фарабидің тұжырымы италиялық социал-утопист Томазо Кампанелланың (1568-1639) ұжым туралы ой-пікірлеріне негіз болды. Томас Мордан кейінгі еуропалық ең көрнекті утопист-социалист Кампанелла өзінің «Күн қаласы» атты еңбегінде осындай тұжырымдарды көтерді. Томас Мордың «Утопиясынан» «Күн қаласының өзіндік ерекшелігі – өндіріс ұясы отбасы емес, бригада немесе ұстахана болады. Кампанелланың бұлай деуі бүгінгі еңбек ұжымының құрылымын дәл бағамдағандық еді. Күн қаласындағы билік пен басқару азаматтарды тәрбие арқылы бағындыруға; ғалымдардың рөлін арттыруға; мемлекетті басқарудағы халықтың қатысымдылығын жоғары ұстауға негізделеді деп санаған Кампанелла құлдықты, құл иеленушілікті сынады. Мемлекет құқық, әділ сот және жазаға негізделеді деп көрсетіп, тирандыққа ешбір жол жоқ деп нақты белгіледі. Кампанелла ұсынған бұл ой-тұжырымдардың да бүгінгі демократиялық қоғамда көрініс тауып отырғанын анық сезінуге болады.
Арғы дәуірлерден келе жатқан, жүзеге асуы күрделі, қиялдағы дүниелердің жиынтығы утопия деген ұғымның өзі қоғамдық қарым-қатынастардың арманы ретінде, рухани өмірде жалпылама ойды білдіреді десек, қала мәдениеті ауқымындағы арман мен дала мәдениеті аясындағы аңсардың да онша айырмасы болмаса керек-ті. «Қайырымды қала» ұғымын біз, Еуразияның жалпақ даласында емін-еркін көшіп жүрген, сонымен қатар қала салу дәстүрінен де тым аулақ болмаған халқымыздың түсінігінде алып аумақта өмір сүретін, бағынышты билеушісі бар жұрт ретінде танимыз. Бақуатты тұрмыс кешкен мұндай «қайырымды қауымды» біз Қазақ хандығы дәуіріндегі жыраулар поэзиясынан көбірек кездестіреміз. Мысалы, Қарға бойлық Қазтуған жыраудың «Ақ ала орда қонған жұрты мынадай қалыпта болатын:
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер,
Жатып қалып бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер,
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Бірөңкей дыбыс аллитерациямен өрілген осынау толғау жолдарында суреттелген ел мен жер – қазақ танымындағы «қайырымды қала». Шынымен де, бүгінгі күннің ұғым-түсінігімен алып қарасақ та Қазтуған жырау айтып өткен қоғамды құру дегеннің өзі – мемлекеттегі бай мен кедейдің материалдық игіліктерді иемдену мүмкіндігі аса алшақ болмауы ғой. Біздің мемлекетіміздегі бұл мүмкіндік өлшемінің қандай деңгейде екенін бәріміз де жақсы білеміз.
Қазақ даласында өмір сүрген ақын-жыраулардың, абыздардың толғауларындағы «қайырымды қаланың» басты критерийі – қалай болғанда да, тоқшылыққа меймілдеген алаңсыз, бақытты қоғам. Қазақ даласын желмаясымен желіп жүріп, әрбір өңірге қатысты бір шумақ өлең мөлшеріндегі сын-пікірін айтып, сапарын әрі қарай жалғастыра жүріп, мәңгілік жасыл кілеммен көмкерілген ғажайып өлке Жиделібайсынды іздеген Асанқайғы толғауларында да «бақытты қала» сипаты молынан ұшырасады:
...Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын...
Бұл – жыраудың атақонысының, жағасы нулы Жем өзенінің және осыған қанаттас өзен-сулардың бойын сипаттаған үзінді. Мұндай утопиялық сарын әсіресе, қазақ даласын отаршылдықтың қара тұманы тұмшалай бүрекеген ХІХ ғасырда тіпті көбірек көрініс тапқанын байқауға болады. Мұндағы ерекшелік – бұрынғы жырларда «қайырымды қоғам» нақты бар және болған делінсе, ендігі ақындар осы қоғамды құру жолында екендіктерін танытады. Мысал үшін Махамбет Өтемісұлы былай деп толғайды:
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Отаршылдық қамыты қапысыз кигізіліп, салқар далада емін-еркін көшіп-қонып жүрген қазақ жұрты енді нағыз кіріптарлық – рухани бодандыққа ұшырай бастаған тұстағы ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып, намысын жоқтап шыққан ерлердің ортақ аңсар-арманы еді бұл. Өктем жұрттар өгдеп келіп бөліске салуының салдарынан туған жердің төсіндегі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мамыражай тіршіліктің тұнығы анық шайқалған болатын. Осы тұста, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап, кешегі керімсал күнді аңсаған шығармашыл тұлғалар шоғыры «зар заман ақындары» деп аталған болатын. Ал олардың туындыларында қазақ сахарасындағы «қайырымды қаланың» яғни Тәуке ханның «Жеті жарғысын» жосық қылған дәстүрлі көшпелі елдің Дала демократиясы ауқымындағы мемлекет туралы түсінігі анық таңбаланған.
Билік тізгінін нық ұстау ілімінің классиігі Маккиавелли өзінің «Патша» шығармасында: «Билеуші қандай әдістермен мемлекетті басқара алады және билікті ұстап тұрады?» - деген сұраққа: «Биліктің мықты негізін қалау арқылы қол жеткізуге болады», - деп жауап берген екен. Демек, ХҮІІІ-ХІХІ ғасырлар – қазақтың феодалдық патриархалды көшпелі қоғамы үшін «қайырымды қала орнату» арманы орындалмас қиял болып қалды. Себебі, биліктің мықты негізін қалаған Бірінші Петр бастаған солтүстік көршінің айы оңынан туып тұрған еді.
«Осы кезеңде еуропалық мәдениет там-тұмдап болса да жетті, оқыған азаматтар туып шыға бастады деп қанша жақауратқанымызбен, Ресей патшалығы қоластындағы бұл ғасырлар қазақ даласы үшін – Еуропалық капиталистік мемлекеттермен салыстырғанда анағұрлым артта қалған аграрлық мемлекеттің мешеу шет аймағы ретінде сипатталары сөзсіз. Мұндай мешеу ел тұрғындарының бақыт, игілік тұрғысындағы мақсұттарын Әл-Фараби былайша қарастырады: «Игілікті алатын болсақ, олар жұрттың ойынша игілік ретінде саналатын алдамшы нәрселерді ғана, жұрттың ойынша өмірлік мақсат болып көрінетін нәрселерді ғана біледі, мәселен, денсаулық, байлық, ләззат, құштарлыққа салыну бостандығы, құрмет пен даңқ осындай нәрселер. Осы игіліктердің әрқайсысы надан қаланың барлық тұрғындарының пікірінше бақыт болып табылады». Ұлы философ сипаттаған, бақыт туралы бұл түсінік қазіргі қоғамымызға да тән емес деп айта алмайтынымыз да анық қой?
Әл-Фараби материалдық құндылықтарды ту еткен надан қалаларды бірнеше топқа жіктейді. Мұның біріншісі – ділгер қала. Оның себебі: тұрғындары тән қажеттілігіне қажетті нәрселер болушы тағам, сусын, киім, баспана, сұқбаттасу және осыған жету үшін бір-біріне көмектесумен ғана шектелетін бей-жай қоғам. Екіншісі – алыс-беріс қаласы. Мұның ерекшелігі: тұрғындар дәулет пен байлыққа жету үшін ғана бір-біріне көмектесуге тырысады. Өзге мақсаттарды көздемейтін саудагерлік сипаттағы қала. Үшіншісі – пасықтық пен бақытсыздық қаласы. Бұл қаланың ермегі – тұрғындары тағамнан, ішімдіктен, сұқбаттасудан ләззат алуға тырысады, сезім мен қиялға әсер ететін ләззаттарға, сауық құрып, сайран салуға құштар келеді. Төртіншісі – даңғой қала. Даңғой қала тұрғындары өзге жұрттың сый-құрметіне бөленіп, мақтау алу үшін, өздері жайында басқа халықтар біліп, айта жүруі үшін, сөзбен де, іспен де мадақтап, дәріптеуі үшін, өздерін не жат көзіне, не бір-біріне сән-салтанатымен жарқырата көрсетуге құмар болмақ. Надан қалалардың әміршілері де осы қалалардың өздеріне ұқсас болады. Олардың әрқайсысы өздері билейтін қаланың ісін жүргізгенде жеке бастарының құштарлықтары мен ниеттерін қанағаттандыруды көздейді», - деп анықтама берген Әл-Фараби қайырымсыз қалалар жіктемесін бұдан әрі қарай мансапшыл қала, құштар қала, өнегесіз қала, құбылмалы қала, адасқан қала сияқты қалаларға бөліп, әрқайсысына жеке-жеке сипаттама береді. Қысқаша айтқанда, мұның бәрі – «бақытсыз қаланың» алуан сипаттары болмақ.
Ендеше, мұндай «бақытсыз қаланың» лас батпағына батып, қайырсыз қоғамда өмір сүрмеудің жолын неге іздемеске? Иә, адамзат қоғамының бастамашыл, азаткер тұлғалары бұл мәселеге әрдайым бей-жай қарамаған. Мұны біз әр дәуірдегі көркем шығармалардан анық аңғарамыз. Зорлық пен зомбылық, арсыздық, жауыздыққа жол бермейтін, бейбітшілік сүйгіш азаматтардан құралған «қайырымды қоғам» құруға деген аңсар өзге дәуірді айтпағанда тіпті коммунизмге әне-міне жетеміз деп сендіріп, социалистік реализмнің шеңберіне шектелген кеңес дәуірі қаламгерлер шығармаларында да көрініс берді. Оралхан Бөкейдің «Атаукере» романында иен тауда екі баланы тәрбиелеп жататын бір кейіпкер бар. Шынайы өмірде мұндай адамның болу-болмауы екіталай шығар. Бірақ ақсақалдың асырап-баптап отырған ұл мен қызы Әл-Фарабидің тілімен айтқанда адами шынайы қарым-қатынастан аулақтап бұзылған «қайырымсыз қаланың» жағымсыз әдет, салттарынан қашық ортада өсіп жатады. «Ұлымның аты - Қозы, ал қызымның есімі – Баян, ырымдап әдейілеп қойдым. Егер тегін қуаласаң, бірі – батыстан, бірі – шығыстан. Әдейі Қазақстанның екі қиыр шетіндегі балалар үйінен алып келдім. Қандары араласып, балталаса бөлінбейтін ұжымды ел болсын дегенім», - дейді ақсақал. Бұл да болса, ұлтымыздың мінезіне тән қазақы утопия емей немене? Оралхан Бөкейдің саяқ шалы өзінің елден жырақ жүрген бұл қылығын мына сөзбен нықтап түсіндіреді: «Егер мен елден қашсам, баламның саудайы қылық, арзан қызықтан таза өссін дегенім», - дейді.
Мұндағы әбден былық-шылыққа батқан немесе құлдық сана жан дүниесін әбден сансырата жаулап, тобырлық күйге түскен қоғамнан қашу, сөйтіп біртіндеп азат ойлы, өр халық тәрбиелеу идеясы адамзатқа түскен қасиетті кітаптарда көрініс табатын көне еврейлік аңыздарға жетелегендей. «Бұзылған халықтан» аулақ кетіп, жоғарыдағы Алтайдың қусындағы қазақ шалдың мақсатымен бағыты үндес Мұса пайғамбар: «Я, Раббым! Мен сөзімді өзіме және бауырларыма ғана өткізе аламын. Бұзақы елден арамызды ажырата гөр!» - деп Исрайыл ұрпақтарын ертіп жөнелу үшін жалбарынып дұға қылып, Алла-Тағала сол дұғасын қабыл қылмаушы ма еді. Исрайыл ұрпақтары қырық жыл бойы Тиһ сахарасында саяқ өмір сүріп, Мұса пайғамбар осы қырық жылда туған сәбилердің барлығын өзі тәрбиелеп шыққаны туралы аңызға сену-сенбеу – өз еркіміздегі дүние. Бірақ бәрібір де мұның астарында «қайырымды қала» идеясы жатқандығы айдан анық.
Қорыта айтқанда, Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала туралы» трактаттар жинағы – әлемдік ақыл-ой қазынасының қымбат жауқарының бірі ретінде адамзат баласының игілігіне қызмет ете бермек. Сонау орта ғасырларда аталған еңбекке қандай қызығушылық танытылса, қазіргі адамзат қоғамы да бұл еңбекті кәдеге жаратып, ондағы ой-тұжырымдардан сабақ ала берері сөзсіз. Әл-Фарабидің «қайырымды қала тұрғындары» мен қазақтың кешегі көшпелі қоғамы өкілдерінің халыққа ұнамды мемлекет ұғымы турасындағы ой-пікірлердің ұқсастығына да тоқталдық. Мұны адамзат қоғамына жайлы да мінсіз мемлекет құруға деген мәңгілік ұмтылыс, аңсармен түсіндіруге болатын шығар, бәлкім.
Достарыңызбен бөлісу: |