МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫҢ ТҮРКІЛІК ТАРИХТЫ ЗЕРТТЕУДЕГІ ҮЛЕСІ
Ф.К. Қайырханова
Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясы Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институты, Алматы қ.
Қазақстанның қазіргі тәуелсіздік кезеңіндегі тарихи дамуында қоғамның мәдени саласының маңызы ерекше күшейіп, салмағы арта түспек. «Өткенсіз болашақ жоқ» немесе «тарихтан тағылым» деген қағидаларға сүйенсек, қоғам өміріндегі барлық құбылыстардың себеп- салдарын өткен тарихтан іздеуіміз қажет. Осы тұрғыдан алғанда, мәдениетіміздің өткен тарихын жан-жақты сараламай, рухани өміріміздегі оң өзгерістер мен шешуін таппаған мәселелерді қарастыру мүмкін болмас еді. Кеңес дәуірінде қыспаққа ұшыраған төл мәдениетіміз неден ұтылып, нені жоғалтқанын тарихи тұрғыдан объективті түрде зерделеу қажет-ақ. Осы орайда, Француз тарихшысы Ж.Мишле атап көрсеткендей, «кімде кім, егер тек бүгінгіні ғана ұстанса, ол болашақты түсіне алмайды».
Кезінде В.И.Лениннің «қазіргі әрбір ұлттың ішінде екі ұлт бар... әрбір ұлттық мәдениетте екі түрлі ұлттық мәдениет бар» деген ұлт мәселелеріне байланысты айтқан пікірі, таптық көзқарас тұрғысынан мәдениеттің өзін екі бөліп қарауға және осы демократиялық халықтық мәдениет пен қанаушы топтардың (отаршыл үстем тап өкілдерінің) мәдениеті арасынан ымыраға келмейтін антогонизм құбылысын іздеуге әкеп ұрындырды. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында жүрген футуристік және пролеткульт ағымдары тартысынан кейін, өткен мәдениеттің озық үлгілерін қалдырып, оны жаңа социалистік мәдениетте сабақтастықпен дамыту қажет деген көзқарастар бірте-бірте қысымға ұшырай бастады. Кез келген өнер өзінің табиғатында- әлеуметтік, яғни ол әлеуметтік ортада жасалады және қызмет етеді. Мәдениет айнала өмірдегі ақпараттық деректерді сана-сезімге жеткізуші және оны дамытып, тәрбиелеуші де. Кез келген халықтың ежелгі замандардан бергі рухани - мәдени тәжірибесін саралап салмақтауға мол мағлұмат беретін басты байлығы- сөз өнері, әдебиет. Өйткені, өздері қабылдаған болмыс- бітімдерін ойлы образдар немесе образды ойлар арқылы айшықтауға бейім көшпенділер жұрағаты-қазақтардың тағдыр-талайын зерттеп-зерделеуде әдеби мұрадағы қыруыр қазынаға жүгінудің жөні бөлек.
Қазақ халқының тарихы мен әдебиетінің мәдени мұраларын жинастыру ісі, бұрынғы ғасырлардағы зерттеу-деректерді айтпағанда, Х1Х-шы ғасырдан бастап Ресей ғалымдары мен шетелдік зерттеушілер тарапынан үнемі жүргізіліп келді. Фольклорлық барлық мұраларды, әсіресе ауызша халық шығармашылығының үлгілерін жинау және оларды жариялауда демократиялық бағыттағы зерттеушілермен қатар, қазақ халқына, оның тарихы мен мәдениетіне астамшылдықпен менсінбеушілік тұрғыдан қарағандар да болды, осының бәрі олардың еңбектерінде өз көрінісін тапты. Дүниежүзіне аты мәлім қазақтың атақты ғалымы, филолог, тарихшы, саяхатшы-географ Шоқан Уәлиханов қазақ халқының өткен өмірін қазақтардың ауызша шығармашылығының әдеби үлгілерімен тығыз байланыста қарастыруды және қазақтардың көршілес халықтармен тарихи байланыстарын да осы тұрғыда зерттеуді жолға қойған еді. /1/ Бірақ осы дәстүр өз жалғасын кеңестік кезеңде біраз үзіп алды. Ауызша халық шығармашылығы миф-аңыздан немесе ұлтшылдықпен бұрмаланған фактілерден тұрады деген қате концепция әдебиеттанушылар ғана емес, тарихшылардың да ұзақ уақыт тарихи оқиғалар мен жеке тұлғаларды зерттеуде әдеби деректерге мән бермеуіне, тіпті қолданбауға әкелді. Ал мұндай жағдай тарихты жартылай шындыққа немесе бұрмалауларға сүйенген талдауға ұрындырады.
Х1Х ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы озық ойлы, көзі ашық ұлт зиялылары мен қазақ оқығандары өз қызметімен және зерттеу мақалаларымен қазақ халқының тарихы, әдебиетін зерттеп, жинауға және сол арқылы бай мұраларымызды кейінгі ұрпаққа жеткізуге көп үлестерін қосты. Ежелгі заманнан бергі жинақталған халқымыздың асыл мұрасы- ауыз әдебиетінен бастап, кеңестік дәуірде саяси қудалауға ұшырап, кейіннен ақталған барлық ақын-жазушылардың мұраларын жинау мен зерттеу ісінде, халыққа насихаттауда әдебиетші-ғалымдардың еңбектері зор. Сондай-ақ белгілі қайраткерлер мен танымал шығармашылық өкілдерінің өмірбаяны мен шығармашылық қызметін зерттеу ісіне маман тарихшылар да өз үлестерін қосуда. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ғылыми кітапхана қорында (1299 бума), Әдебиет және өнер институтының қолжазба бөлімінде (963 бума) әр кезеңде түрлі экспедициялар мен жеке адамдардың ел аузынан жинақтаған қазақ әдебиеті мен тарихы деректері сақталған. /2/
Мұраны сақтау осымен шектеліп қалу деген сөз емес. Мұра кейінгі мәдениетің дәстүріне айналып, ары қарай толысып, жетілгенде ғана бағалы. Х1Х-ХХ-шы ғасырдағы қазақ әдебиетінің жаңашылдық сипаттары мұны растай түседі. Ауызша әдебиет жасаған махаббат пен әділдік кейіпкерінің типі- Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды, Қыз Жібек-Төлегенді, туған жері мен халқын қорғаған батырлар-Алпамыс, Қобыландыны, елдің зар-мұңының тілшісі Асан Қайғыны, Жиренше мен Аязбилерді және тағы басқа кейіпкерлерді ерекше жандар типі деп ұға білген қазақ кейінгі заманда да ұға алады, ұқпақ түгілі өміріне үлгі қылып ұрпақтарға жеткізуге, еліктеуге де жарайды. Сондықтан мәдени мұраны жинау-зерттеу, осы асыл қазыналарымызды толықтай игеру және толықтыра түсу басты міндет. Былайғы жерде байқай бермейміз, әйтпесе біздің жат-жұрттық өктемдікке наразылық білдірген әдебиетіміздің туған тілімізде өсіп-өркендеуінің өзі ұлттық кемелдіктің мызғымас айғағы сияқты.
Жазба тарихы көне заманнан желі тартатын сақ, ғұн, үйсін-қаңлылардың мәдени мұрасы туралы сөз қозғағанда, оның ең алдымен материалдық және рухани қазына ретіндегі маңызы арта түседі. Археологиялық деректер көрсеткен андронов адамдарының киіз үйге ұқсайтын төбесі дөңгелене жабылған мекен-жайлары кейіннен дамытылып, алты-төрт доңғалақты арба үстіндегі үйлері бүгінгі киіз үйдің алғашқы баспалдақтары түрінде сақтарда кең тарағаны жайлы Геродот жазбаларында дәлелдене түсті. /3/
XVII-ғасырда голланд ғалымы Н.Витзен, ағылшын саяхатшысы Джон Белл Сібір жеріндегі ескі мола, қорымдардан көп алтын, қола бұйымдар табылып жатқанын және оларды тапқан адамдар қыруар алтын, күміс, қымбат тастарды өзара бөліске салатыны туралы хабарлаған еді. Осындай қымбат заттың бірін Оралдағы ірі завод қожасы А.Н.Демидов I-Петр патшаға сыйға тартады. Осыдан кейін I-Петр патшаның Сібір губернаторына түсірген жарлығына сәйкес мұндай ескі бұйымдарды Петербургке жіберуді және оларды тапқан адамдар үкімет орындарына тапсырса, оларға мемлекет тарапынан ерекше сый- құрмет көрсету ісі қолға алынды. Осының нәтижесінде 1726 жылға дейін Тобыл, Тюмень, Ертіс, Құлынды даласы, Обь, Енисей аңғарынан табылған қымбат бағалы 250 бұйым, оның 30 килограмы таза алтын заттар Петербургке жіберілді. Бұл көне бұйым-ескерткіштер кейін Эрмитажда ұзақ жылдар сақталды. Сібір жерінен табылған осы қымбат бұйымдар ішінде өте-мөте назар аудартатыны алтын белдікке салынған ағаш түбінде отырған бір жігіт пен қыз және қызға басын қойып жатқан еркек суреті. Алтын кемердегі бұл көрініске белгілі Ресей тарихшылары бұл суретте түркі-моңғол халықтарының көне дәуіріндегі эпостарының оқиғасы бейнеленген деген пікірге тиянақтайды. /4/
Сібір коллекциясында «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырындағы кейбір сюжеттерді еске түсіретін мұндай алтын суреттердің бар екенін қазақ ғалымдарының ішінен тұңғыш рет академик Әлкей Марғұлан хабарлады. Бұл сурет XVIII -ғасырда Ертіс пен Обь өзендері арасынан табылған. Археологтар оны б.з.б. V-I I I ғасыр мұрасына жатқызады және 1948 жылы ашылған Алтайдағы Пазырық қорғаны бұйымдарының жасалу мәнеріне жақындатады. Бұдан «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» аңызының оқиғалары скиф-ғұн шеберлерінің өнеріне арқау болғаны байқалады. Олай болса, «Қозы Көрпеш- Баян Сұлу» жыры тек әдеби құнды мұра ғана емес, көне дәуір адамдарының, ру-тайпаларының шежіресінен сыр шертетін тарихи шоқтығы биік туынды болып табылады.
Бізде бір кездерде түркі тілдес халықтардың VIII-ХV ғасырларда туған ортақ әдеби мұраларын қазақ халқы үшін жат дүниедей көріп, күдікпен қараушылық басым болғаны белгілі. Тіпті тіл ғылымы саласындағы зерттеулерде түркі тілдеріндегі тірек-негіздерді дұрыс тани алмаудан, ғалымдар бізге V-VIII ғасырлардан жазбаша нұсқада жеткен жазба ескерткіштерді поэзия деп танып, ұзақ жылдар бұл жазба ескерткіштер туралы жаңсақ пікір өріс алды. Өздері көшпелі өмір салтын білмейтін, біле қалса, оны оңай схема-формулаға айналдыратын зерттеушілер эпос тарихын халық тарихынан бөліп алып қарастырды. Сондықтан мұндай жаңылыс пікірдің ақ-қарасын анықтар ғылыми зерттеулер елдегі саяси идеологияға байланысты ұзақ уақыт жүргізілмеді. Тек 70-ші жылдарда шыққан зерттеулер нәтижесінде «Күлтегін жазуы өлең-жыр емес, шежіре» екенін және оның дәстүрге айналып, стилі жағынан ХIV-ХV1 ғасырлардағы қара сөзбен жазылған хан жарлықтарында жалғастық тапқанын ашып берді. Қазақ эпосына түркі қағанаты кезінен бастап енген тарих элементін 1935 жылы Қаныш Сәтбаев Ұлытаудан тапқан Ақсақ Темірдің тасқа жаздырған ескерткішінен де толық көреміз./5/ Орхон-Енисей жазба ескерткіштеріндегі деректерді жан-жақты қарастырып талдау арқылы түркі қағанаты тұсындағы ел билеудің өзекті ережелері әз Тәуке заманындағы «Жеті жарғының» басты ережелерінен дәстүрлік жалғастықта жатқанын көрсеткен зерттеу еңбектер де бар. Бұдан мың жарым жыл бұрынғы жазба мұраның ғажайып нұсқасы Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесінің Қазақстанға, ел ордасы Астанаға әкелініп қойылуы- ұлттық мәдени болмысымызды әлемдік өркениеттік биікке бағыттаған қозғалыс болды және бұрынғы дәуірлерде туған әдебиет үлгілері- біздің халқымыз ғасырлар бойы жасаған мәдени мұраның ажырамас бөлігі екенін дәлелдей түсті. Көне жазба ескерткіштерді зерттеу нысанасына алғанда комплексті тұрғыдан зерттеу әдісіне сүйенбейінше, оларды танып білу және оның бүгінгі күн қажетіне қызмет ету мүмкіндігі де қиындай бермек.
Қ.И.Сәтбаев қазақ арасында кең тараған халық эпосы «Едіге» жырының белгілі бір нұсқасын кітап етіп бастыруда оған ауқымды алғы сөз жазуы, оған оның үлкен дайындықпен келгенін осы жырдың маңызын жақсы түсінгенін және кейінгі тағдырына жанашырлықпен қарағанын нақты көрсетеді. Ғалымның белгілі мөлшерде халықтық музыкаға, әдебиетке, жалпы рухани мұраға деген ықласы өзі өмір сүрген және өскен ортасында қаланған еді. Ш.Уалихановтың еңбектерін талдау үстінде Томскіде оқып жүрген студент Қ.Сәтбаев тарихтағы белгілі тұлға, аты аңыза айналған асыл бейне Едіге батыр (1352-1419) жайындағы эпосқа тап болады. Бұл жырды 1841жылы әкесі Шыңғыс Уәлиұлы мен Шоқан Аманқорғой округіндегі Жұмағұл мен Арыстанбай ақындардан жазып алып, қағазға түсіріпті. Осыдан кейін Шоқан оны орысшаға аударды. Сол аударманы, эпос жобасын орыстың шығыстанушы-тюркологы профессор П.М.Мелиоранский алғашқы рет қазақ тілінде баспадан шығарғанда (қазақша) сауатты адам ретінде кағазға түсіріп, аққа көшіріп берген Ахмет деген татар азаматы болса керек. Міне сөйтіп, бұл аңыз-әңгіме Қ.И.Сәтбаевтың өңдеуімен және алғы сөзімен 1927 жылы Мәскеуде қайтадан жарық көрді . Онын себебі Қ.Сәтбаевтың өзі айтқандай: Мелиоранскийдің «Едігесі» аты қазақша болса да, заты ноғайшаға жуықтанқыраған түрі бар. Мұның үстіне әңгіменін ішінде келетін түрлі толғаулардың да аяқ алысы тасырқаған малдың тұяғынша, сандыраққа айналынқырағаны көрінеді». Бұдан артық далел болмас-ты. Қателік Шоқаннан да, Мелиоранскийден де емес, «қағазға түсіріп, аққа көшіріп берген» Ахмет мырзада. Ол кісіні де аса қатты сөкпей, сол кездегі «ноғайша» сөйлеуді «сән көргіштік» ғадетке жүктеп өткен дұрыс. /6/
Сол кездерде жиырманың ішіндегі жас жігіт тарихи оқиғалар мен тарихи кейіпкерлер ісіне тереңдей барып былай деп жазған болатын: «Тарих жағынан алғанда Едіге батырдың әңгімесі ХІУ- ғасырдың ішінде басталуы керек. Ол кезде «қазақ» атауы жеке отау тігіп, «қазақ» атын қиып айдар такпаған мезгіл… Бұл қауым үлкен үш ордаға бөлінетін: Ақорда, Көкорда, Алтынорда. Ұлы хан Алтынордада тұратын. Әңгімеде келетін Тоқтамыш осы Алтын орданың ең соңғы ханы. «Сатемір» хан әлемді қанға бояған атақты Ақсақ Темір. Оны орыстар кейде «Тимур», кейде «Темірлан» деп атайды. Ақсақ Темір мен Тоқтамыш басында дос болыпты. Достығының себебі былайша: «ХУІ-ғасырдың аяқ шенінде Көкорданы билейтін Орыс дейтін хан болған. Оның қол астына қарайтын «Толой» (Домбауыл) дейтін сұлтан Орыс ханмен бақ-күндес болып, қыпшақ жұртын ыдырата береді екен. Осы Толойдын баласы Тоқтамыш әкесі өлгеннен кейін орыс ханынан есесін алу үшін өз еркімен Ақсақ Темірге бағынып, күш-көмек алады. Орыс ханды жеңіп Көкорданы иемденеді.Мұнан кейін 1380 жылы Куликово соғысында Алтын Орданың батыры Мамай орыс жұртынын князі Дмитрий Донский дейтіннен жеңіліп қалған соң, Мамайдың әлсіздігін пайдаланып, Тоқтамыш ханның тұсында бүкіл «Дешті қыпшақ » түгелімен бір адамның ұлысына кірген екі орданы жеке иемденген . Тоқтамыш бака мастанып Ақсақ Темірді мүқату үшін әскер жинап, 1383 жылы Түркістан жағына қарата шеру тартады. Сол жолында 1389 жылы жаз Темірдің қолына түсіп, женілгеннен кейін еліне қайтқан… Едіге әңгімесі Арқадағы түрік қауымдарының ең ескі, ең ертекті әңгімелерінің бірі. Бұл ертектің бір шеті Алтайдың төлеңгіттері мен қырғыздарда, бір шеті қазақ, бір шеті қырым ноғайларының аузында шұбатылып жүр…Едігенің бойында асылында батырлықтан гөрі билікке арнаулы сипаттар күштірек болған». /7,18/ Бір ғажабы осы ғылыми еңбектің көптеген тұжырымдарының дәлділігі кейінгі қазақ эпосын арнайы зерттеген ғалымдар еңбектерімен дәлелденіп отыр.
Ноғай ордасының атақты әмірі, Алтын Ордада 1396-1412 жылдарда іс жүзінде билеуші болған Едіге туралы эпос-ноғайлы жырларындығы өзекті туынды. Ол туралы эпикалық аңыз Ноғай ордасында оның тірі кезінде-ақ жайылған. Одан кейін де ол жөніндегі түркі-қыпшақ халықтарында әр түрлі аңыз-әңгімелерде фольклорландырылған эпикалық өмірбаяны жазылған. Бұған көп жағдайда оның жеке басының қасиеттері мен қолбасшы және билеуші ретіндегі жоғары беделі себеп болған, өйткені ол белгілі уақыт бойы Алтын Оданың саяси бірлігін қалпына келтіріп, елде тәртіп орната алған еді, ал мұны Мамай да, Тоқтамыс та істей алмаған болатын. Халық түсінігінде ол өз мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күресуші және оны сыртқы басқыншылардың шапқыншылықтарынан қорғаушы ретінде көрінген еді. Едіге басқарған «манғыт жұрты» Алтын ордадан бөлектенген елеулі феодалдық иеліктердін бірі болды. ХІУ-ғасырдың аяғында саяси аренаға шығып, Алтын ордаданың белгілі билеушісі болып алған Едіге өз қолымен қойған хандар арқылы Алтын орданы басқара отырып, «беклер-беги» немесе «ұлы әмір» атағы бар Едігенің билігі зор болған және көрші ұлыстардың өміріне зор ықпал еткен. Кейінде Алтын ордадан бөлектенген бір қатар иеліктердің аумақтарында Шыңғыс ұрпақтарынан қайсыбір адамды хан көтеру Едіге ұрпактарының келісімінсіз жарамсыз деп танылатың дәстүр болған. /8, 235/
Бізде кезінде үлкен дау тудырған сол «Ноғайлы жырлары» тобындағы «Едіге» жырының кейіпкері Едігенің шыққан тегі кім деген мәселе толық анықтала қоймаған. Бір зерттеушілер оның тегі қыпшақ десе, біреулері маңғыт, ноғай деп жорамалдайды. Түрліше ноғай сюжеттері осы кезеңде пайда болды. Ол кезде ноғайларда эпос дәстүрі жазбаша түрде дамиды. Сол жазбалардан ноғай сюжеттері далаға, көшпелі қыпшақтарға тарайды. Еділдегі ортақ сюжеттердің бірі- Асан қайғы аңыздары оларға қазақ даласынан барған. ХІІІ-ХІУ ғасырдағы Алтынорда әдебиетіне түркі тілдес халықтардың қай – қайсысы да бір дәрежеде ортақ мұрагер. Дегенмен де сол әдебиетті тұтынған, ілгері дамытқандар қалалық мәдениет пен мұсылмандық дінді ұстанған халықтар еді. Көшпенді тұрмысқа байланысты қазақ даласында мешіттік–медреселік әдебиет жасалмады. Бұл дәуірден, ХУІ- ғасырдың аяғы мен ХУІІ-ғасырдың басында Жалайыр Қадырғали Қосынұлы жазған «Шежіре (жылнамалар) жинағы» («Жамиғ-ат тауарих») ғана осы күнге дейін сақталып жеткен, жазба әдебиетінің ақырғы үлгісі ретінде танылмақ. /9/ Қазақ халқында ауыз әдеби тілінің үстем қызметі ХІХ- ғасырдың соңына дейін созылып келді. Дегенмен, ХІХ- ғасыр қазақ даласы үшін ислам шығысының да, әрі классикалық шығыс жазба әдебиетінің де ықпалы молынан болған ғасыр болды.
ХІХ-ғасырдың соңы – ХХ-ғасырдың басында жазылған қиссалардың негізгі ерекшелігі- олардың Шығыста бұрыннан белгілі сюжеттерге құрылуында еді. Шығыс әдебиеті мен тілін жетік білетін, Сыр өлкесінде ғұмыр кешкен атақты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов 1936 жылы Орта Азия халықтарының тамаша мұрасы, Х-ғасырда өмір сүрген тәжік ақыны Әбілқасым Фердаусидің «Шахнама» дастанын қазақ тіліне аударып шыққан. Бірақ түрлі себептердің салдарынан ақынның бұл қымбат қазынасы жарыққа шықпай, жалпы көлемі 40 мың өлең жолынан тұратын жалғыз дана қолжазбасы жоғалып кетіп, тек 1957 жылы 15 желтоқсанда әдебиетші-фольклорист Мардан Байділдаевтің көмегімен Қызылорда облысы жерінен табылады. Сөйтіп, халқымызға қайта оралған бұл төрт томдық асыл қазына қазақ «Шахнамасын» толық түрде кітап етіп басып шығаруға мүмкіндік берді./10/ ХІХ-ғасырда жер жүзі оқи бастаған бұл шығарманың кейбір бөлігін 1870 жылы Сарысулық Ораз молда аударған еді. «Рүстем-Зарап» деген бөлімін 1914 жылы М.Сералин «Айқап» журналында В.Жуковскийден аударып бастырған. Тұрмағамбет Ізтілеуовтің еркін аудармасы бұл мұраны тұңғыш рет қазақтық сюжет етті. Бұрынғы белгілі мазмұнды өз тұрғысынан қайталап, не жаңаша жырлаудың өзі (М.Әуезов атаған «нәзирашылдық әдіс»), шын мәнісінде, ежелгі жазба әдебиетіміз дәстүрінің қайта жаңғыруы іспетті еді. Бұл туралы Мұхтар Әуезов кезінде:”...Бұлайша, әр тақырыптың әр ақында қайталануы ешуақытта аударма деп таңылу керек емес. Ол өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-салым сынасып, жырмен жырласу іспетті бір салт еді. Шығыс поэзиясы бұл салтты заңды деп біліп, осы дәуірде «назира», «Назирағөйлік», деген атауда берген”,-деп түсіндіреді. /11,150/ Мысалы, «Манас» жырының кейбір сюжеті Түрік қағанаты дәуірін суреттесе де, өзі ХІХ-ХХ ғасырларда қайта жырланды. ХХ-ғасыр басында Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәді Жәңгіров, Әріп Тәңірбергенов, Әсет Найманбаев, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Кете Жүсіп Ешниязов және тағы басқа, үлкен бір ақындар тобы ежелгі әдебиетіміздің гуманистік идеяларын, Шығыста бұрыннан белгілі сюжеттерді жаңғырта жазып, шайыр-ақын кейде қиссашыл ақындар атанған еді. Олар жазған «Жүсіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық», «Гүлшат-Шеризат», т.б. көптеген қиссалар «Қыз Жібек», «Қобыланды батыр» жырларымен қатар сүйіп оқитын және тындайтын туындылар болды. Белгілі жазушы Сәбит Мұқанов өзінің ертеректе баспаға ұсынған «Халық мұрасы» деген еңбегінде қазақ қиссалары туралы: «Бозжігіт» кітабының қағаздары татардың көз жасынан шіріді» деп Ғабдолла Тоқай айтқандай, бізге жеткен махаббат жайындағы қисса-кітапшалар қазақ оқушылары мен тыңдаушыларының көз жасынан «шіріді». Ауыр еңбектен қолдары босаған шақтарында қиссаларды сүйсіне тыңдаған топтарды өзіміз талай көрдік... Қазақ халқының рухани мәдениетінде қиссалар елеулі орын алады»-деп жазған еді. /12,140/
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ халқының әдеби-поэмалық және музыкалық мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы мен оларды жақсарту шаралары туралы» қаулысына (1957 ж. 8 шілде) сәйкес, 1959 ж. 15-19 маусым аралығында болып қткен қазақ әдебиетінің негізгі проблемаларына арналған ғылыми-теориялық конференцияда зар-заман ақындарының мұралары туралы жан-жақты сөз етіліп олардың өмірбаяндық және өнернамалық даралықтарына біршама ден қойылған болатын.
Көпғасырлық әдебиетіміз бен өнеріміз – біздің ешкімде жоқ рухани байлығымыз. Сол мұраны игеру, сонда туған идеяларды бүгінгі тәуелсіз халқымыздың қолына ұстату біздің алдағы міндеттерімізді нақтылайды.
Әдебиеттер:
1. Уәлиханов Ш. Таңдамалы.5-т. Алматы,1985.
2. Нусупбеков А.Н. Вопросы истории Казахстана. Избранные труды.Алма-Ата,1989.С.270
3. Қазақстан тарихы. Алматы1996.1-т., 33-34 б.б.
4. Хасенов Ә.Қ. Қазақ өнері мен мәдениеті тарихы. Алматы,1992. 52–б.
5. Марғұлан Ә.Х. Таңбалы тас жұмбағы. //Білім және еңбек. 1982. №9. 12-б.
6. Сәтбаев Қ.И. Жезқазған ауданының тарихи ескерткіштері.Таңдамалы.5-т. Алматы. 1970
7. Сәтбаева Ш.Қ. Тарихшы, әдебиетші. //Зерде.1989. 04.18 -б.
8. Қазақстан тарихы. Алматы. 1998.2-т. 235-б.
9. Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және Түркология. Алматы.1988.- 193-194 б.б.
10. Қыраубаева А. Ғасырлар мұрасы. Алматы,1988.-163б.
11. Әуезов М.О.Әр жылдар ойлары.Алматы, 1959.150 б.
12. Мұқанов С. Халық мұрасы.Алматы, 1974. 140- б.
Достарыңызбен бөлісу: |