Медеубекұлы С.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан Республикасы, Алматы қ.,
E-mail:medeubekuly.sagatbek@kaznu.kz
Баспаға түскен қолжазбаны бағалау мен саралау
Баспа қоржынына түскен қолжазбаны бағалау үдерісі болашақ кітаптың жолын ашады. Бағалау екі жолмен жүзеге асады.
Біреуі- редакторлық бағалау; екіншісі - сарапшылық бағалау. Сарапшылық бағалау жабық немесе ашық түрде болады.
Баспа редакциясы қабылдап алған қолжазба ең алдымен әдеби редакторға табыс етіледі. Әдеби редактор қолжазбамен танысып шыққаннан кейін қандай баға береді, соған қарай редакциялық жұмыс үдерісі басталады. Егер редактор қолжазбаға дұрыс баға бере алмаса, нашар жұмысты жақсы деп таныса, онда ол редактордың білігінің төмендігі немесе, «бармақ басты, көз қысты» жасағандығы болып шығады. Әу баста жарымжан қолжазба қанша толықтырғанмен, түзеткенмен, әдеттегіден екі -үш есе артық күш жұмсағанмен, бәрібір ең тамаша кітап болып шықпайды. Өйткені, ол қолжазбаның әу баста тақырыбы мен идеясы, яғни мазмұны мықты болмаған.
Редактор өзіне тапсырылған, өзі қабылдап алған қолжазбаға баға берудің алдында мынадай мәселелерге мән береді:
-Автор туралы толық мағлұмат алу. Редактор автор туралы - оның шығармашылық әлеуеті, ізденістерінің бағыты, кәсіби машығы, тіпті жазу стиліне дейін алдын-ала білуге тырысады;
-Автордың қолжазбаға қатысты мақсаты мен мүддесін білу. Автордың осы қолжазба арқылы қандай нәтижеге жеткісі келетіндігі, нені көздейтіндігі редакторға белгілі болуы керек. Автор мен редактордың қолжазбаға қатысты ойлары бір жерден шықпаса, кітап жарық көрмей де қалуы ғажап емес.
-Автордың болашақ кітаптың құрылымына, мазмұнына, пішініне, безеніне қатысты көзқарастары мен жоспарларын, ұсыныстарын білу.
Автормен ашық әңгімеден кейін, оның қолжазбаға қатысты арман - мүддесі мен талап-тілектерін, қосымша пікірлерін білгеннен соң редактор тікелей қолжабамен танысуға көшеді.
-Қолжазбаның атына мән береді;
- Аңдатпасына зейін қояды;
- Құрылымына назар аударады;
- Тарауларының мағынасына ықылас бөледі;
-Бөлімдерінің тақырыптарына ыждаһатпен қарайды;
- Қосымша мәліметтермен, деректермен, жанама сурет, фото затындармен танысады. Мәтінді оқуды бастамастан бұрын редактор қолжабаның ішкі мазмұнына кірісуге осылайша өзін өзі дайындап алады.
Редактор қолжазбаны қандай шарттарға сүйене отырып бағалайды?
Әрине, ең алдымен қолжазбаның тақырыбына назар аударады. Яғни, бұл еңбек «не туралы», «кім хақында», «не мәселе қозғайды» деген сұрақтарға жауап іздейді. Келесі кезекте осы қолжазба арқылы автор не айтпақ болды, түпкі мақсаты не, қандай мүдде көздеп отыр, жазғандарының астарында қандай мән мағына бар, ол мемлекеттік мүддеге қайшы емес пе, ұлттық мұратқа сай ма, заңда тиым салынған ақпараттар ескерілген бе, осы сұрақтарға жауап табуға тырысады, бір сөзбен айтқанда, идеясына баса мән береді. Одан кейін редактор қолжазбаның ішкі композициясына құлық қояды. Құрылым жүйелі ме, басты идеялық желіге құрылған ба, осы жағына көңіл бөледі. Келесіде сюжетіне дендейді. Сюжеті тақырып пен идеяны ашуға құрылғандығын айқындайтын детальдар іздейді. Одан кейін тіліне назар аударады. Автордың тілі қаншалықты көркем екендігіне баға береді. Сөз, сөз тіркестерінің орналасуы, қазақ тілінің нормаларына сай ма, өзіндік стилі бар ма, бар болса, ол қандай сипатта екендігін анықтайды. Осылардан соң мәтіндегі мазмұн мен пішінді толықтыратын қосымша затындарға, яғни кестелерге, суреттерге, фотоларға, сызбаларға, схемаларға, т.б., зер салады. Егер бұлардың бәрі бірін-бірі толықтырып тұрса, жарық көргеннен кейін оқырманды қызықтыратындай болса, кітапқа қоятын талаптарға сай деп есептеледі де аталған шарттарға несімен жауап беретіндігін нақты мысалдармен дәлелдей отырып, редактор қорытынды пікірін жазады.
Қолжазбаны толық оқып шыққаннан кейін редактор мынадай шешімдер қабылдауы мүмкін:
Қолжазба кітап етіп басып шығаруға жарайды;
Редактор көрсеткен кемшіліктерді толықтыру үшін қолжазбаны авторға қайтару керек;
Қолжазбаны жабық сарапшыларға жіберген жөн;
Қолжазбаны ашық сарапшыларға жіберген дұрыс;
Сарапшылардың пікірінен соң редакциялық кеңесте талқылауға салу қажет;
Қолжазбаны мамандардың назарына талқыға ұсыну ләзім;
Қолжазба кітап етіп шығаруға жарамсыз, сондықтан авторына қайтарған абзал.
Қолжазба кітап етіп шығаруға жарамсыз болғандықтан, автор мен баспа арасындағы келісімшартты бұзған мақұл;
Ал егер автор мен баспа арасында Келісім-шарт жасалмаған болса, онда редактор мынадай да шешім қабылдауы мүмкін:
Қолжазбаны сарапшыларға жіберу керек;
Қолжазбаны тақырыптық жоспарға қосу керек;
Қолжазбаны редакциялық кеңестің қарауына ұсыну керек;
Қолжазбаны авторға қайтару керек.
Байқап отырғанымыздай қолжазбаның негізгі бағалаушысы, ең басты сыншысы - редактор. Сондықтан, оған үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Редактордың біліктілігі, білімділігі, парасаттылығы, алғырлығы мен сұңғылалығы қолжабаның тағдырын шешуге көп септігін тигізеді.
Редактордың біліктілігі деп нені айтамыз?
Редактордың біліктілігі деп біз оның өз мамандығының кәсіби құзыреттілігіне толық жауап бере алатындығын айтамыз. Яғни редакторлық мамандықтың теориясын тәжірибемен ұштастырған, кәсібіне қатысты кез келген мәселенің түйінін шеше алатын машығы зор, өз мамандығының һас шеберін айтамыз.
Редактордың білімділігі деп оның көп оқығандығын, сол оқығандарын көкейіне тоқығандығын және тоқығандарынан өзіндік көзқарас пайымдағандығын, сол пайымдарын іске асыру машығын айтамыз. Оқығаны көп, бірақ оқығанын көкейіне тоқи алмаса, тоқығанының өзінен қорытынды шығара алмаса, ондай редакторды білімді деу- қате. Білімді редактор - білгенінің бәрін пайдалы іске жарата алатын, кәсіби машығы қалыптасқан маман. «Пайдалы іс» деп отырғанымыз - қалың оқырманға қажетті, «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» кітап дайындап шығару ісі.
Редактордың парасаттылығы деп – біліктілігі мен білімділігі және мәдениеттілігінің тоғысын айтады. Редактор білікті болсын, білімді болсын, бірақ парасаты кәсіби машықтарға сәйкес келмесе, нағыз редакторлық биікке көтеріле алмайды. Өйткені, ол нақты адамдармен, ең алдымен автормен жұмыс істейді. Осы тұста оның білімі мен білігінен автордың білімі мен білігі асық болуы мүмкін. Мұндайда ол авторды мойындата алмайды, сөзін өткізе де алмайды. Осы тұста редактордың ішкі мәдениеті, яғни мінезі мен ақыл-парасаты көмекке келеді. Инабаттылық, ізеттілік, кішіпейілділік, қарапайымдылық, адалдық, әділеттілік, шынайылық, шыншылдық, турашылдық редактор бойынан табылып жатса, уақыт, тәжірибе арқылы келетін білім мен білік туралы мәселені автор екінші орынға қояды да редактордың парасатын бағалай бастайды.
Редактордың алғырлығы деп – қолжазба мәтінінің астарынан автордың ішкі ойын немесе сөйлеген сөзінен көкейіндегі пиғылын дәл тауып, соған қатысты өз пікірін анық та дәл жеткізіп қана қоймай, сол бойынша нәтижелі іс тындыратындығын айтады. Автордың алдында «үстінен бөзі, аузынан сөзі» түсіп тұрған редактордың еш беделі болмайды. Не айтса да тиянақты да салмақты ойын сабырлы жеткізуге дағдыланған редактордың алдында автор менмендікке бара алмайды. Өйткені редактор автордың қолжазбасындағы негізгі ойды бірден біліп, соған қатысты өз пайымын салиқалы сөзбен дәлелді әрі дәйекті айтып тұр.
Редактордың сұңғылалығы деп– қолжазбаның қандай кітап болып шығатынын, қайтсе, қандай амал-тәсілдерді қолданса, нендей міндеттерді жүзеге асырса, өтімді кітап болып, баспаға пайда әкелетіндігін алдынала ішкі сезгірлігі мен түйсігі арқылы біліп, сол бойынша әрекет етуін айтамыз. Редактордың бұл қасиеті кейде қолжазбаны толық оқып шықпай-ақ, тақырыптарынан, құрылымынан аңғаруы арқылы көрінеді, кейде қолжазба мазмұнымен толық танысып шыққан соң байқалады. Редактор сұңғылалығы - көп жылғы тәжірибе нәтижесі. Егер редактор қолжазбаның болашағына күмәнмен қараса(күманданудың өзі сұңғылалықтың бір көрінісі) сырт сарапшыларға ұсынады. Міндетті түрде қолжазба мазмұнына терең бойлап бара алатын, танымы да, тағылымы да мол, сол саланың білгіріне береді. Рецензенттерді тағайындаған соң, олармен баспа Келісім-шартқа отырады. Еңбекақы түрін келісіп алады. Шартта ол нақты көрсетіледі. Рецензияның көлемі мен қолжазбаның көлемі ескеріледі. Егер рецензенттер пікірі редактор пікіріне қайшы келсе, редакциялық кеңес шақырылады. Оған автор, редактор, рецензенттер және баспа басшысы қатысады. Осы жерде әр кім өз пікірін ортаға салады да қолжазбаның баспа жоспарына енуі не енбеуі анықталады. Рецензия ( лат. recensio «қарастыру») – жаңа көркем шығармаға немесе ғылыми,яки ғылыми-мәшһүр туындыға берілген баға, талдау, пікір. Рецензияның көлемі шағын болады және оған қысқалық тән. Өйткені, рецензия өзнің табиғи жаратылысымен сын жанрларының біріне жатады. Ол сондай-ақ әдебиеттің және баспасөздің де жанры болып есептеледі. Рецензентке қандай талап қойылады? Әрине, ол бұған дейін ешкім жазбаған және әлі ешкім оқып үлгірмеген жаңа шығарманың түпнұсқасын
бірінші болып оқиды. Әлі ешкім оқымаған соң ол қолжазба туралы бұған дейін ешкім пікір айтпаған, ол туралы ешқандай көзқарас та білдірілмеген. Сондықтан да рецензентке бір жағынан оңай, екінші жағынан, жауапкершілігі өте жоғары болғандықтан, ауыр да азапты жұмыс. Қандай жаңа жаратынды болмасын, рецензент оны осы күннің талабы мен талғамы тұрғысынан бағалауға міндетті. Себебі, жаңа қолжазба тың туынды болған соң жаңа құбылыс санатында бағалануы керек. Рецензентке қойылатын басты талаптың бірі- сол.
Кей рецензия еркін шығарма секілді жазылады. Оның мынадай ерекшеліктері бар:
-көлемі шағын әдеби-сыни немесе пікірталас рәуішіндегі замансөздік мақала-рецензия түрінде кездеседі. -қолжазбаны талдап, саралағаннан гөрі рецензент одан алған әсерінен туған лирикалық толғамдарын ортаға салған шығарма сипатында кездеседі;
-шығарманың мазмұны ашып көрсетілген, композициясының ерекшелігі талданған, сюжетінің жүйесі талқыланған, тілдік-стилдік ажары сараланған және соның бәріне баға берілген кеңейтілген аңдатпа тұрпатында кездеседі.
Шартты түрде рецензияларда мына мәселелер қамтылғаны жөн:
Қолжазбаның библиографиялық сипаттамасы (авторы, шығарманың аты, жазылған жылы т.б.);
Қолжазбаның қысқаша мазмұны (не туралы және не үшін жазылғандығы);
Қолжазбадан алған әсері;
Мәтінге талдау, кешенді талқылау:
-қолжазба атауының мағынасы;-қолжазба мазмұны,яғни тақырыбы мен идесының тұтастығы;
- қолжазба пішінінің (композиция, сюжет, тіл) жүйелілігі;- кейіпкер тұлғасын сомдаудағы автор шеберлігі;- автордың өзіне ғана тән жазу стилі.
5. қолжазбаға дәйекті де дәлелді әділ баға және рецензия авторының жеке пікірі.
Әрине, жоғарыда аталған шарттардың бәрі түгел болуы керек деуден аулақпыз. Ең бастысы - рецензия әділ, шынайы әрі сауатты жазылуы керек.
Кез-келген адам қолжазбаны оқып шығып, «ұнады» немесе «ұнамады» деп өз бағасын бірден бере алады. Ал рецензент қолжазбаны жан-жақты талдау, саралау, салыстыру, тарату, жинақтау нәтижесінде туған өз пікірі мен бағасын нақты дәлелдермен айқындап беруге тиіс. сараламаның сапасы рецензенттің теориялық танымы мен тәжірибелік білігіне, тақырыпты қаншалықты жан-жақты әрі терең білетіндігіне, сонымен қатар оның әділеттілігіне де байланысты.
Саралама жасаушы нені ескеруі тиіс?
Қолжазба мазмұнын толық қайталап айтып шығу- артық жұмыс;
Қолжазбаның аты затына яғни мазмұнына сай қойылуы керек;
Қолжазбаның композициялық құрылымы қаншалықты жүйелі, мәтінді басқаша қалай бөшектеуге болады, олар әу баста қалай орналастырылған, осы жағы ескерілуі тиіс;
Автордың жазу стилі қандай, өзіндік ерекшелігі неде деген сұраққа тиянақты жауап іздеу;
«Рецензия көлемі аз да, көп те болуы мүмкін. Кейбір рецензиялар әңгіме болып отырған шығарма мен оның авторы аясынан асып түсіп, ғылым мен техниканың, көркем әдебиет пен өнердің, т.б. саланың толып жатқан мәселелерін қамтып, жазылуы да мүмкін.Ондай рецензиялар ғылыми-зерттеу жұмысы не көркем шығарма, я көсемсөздің шын биігі дәрежесіне жетуі де ықтимал»,- (https://kk.wikipedia.org/wiki/) деген пікірге біз де қосыламыз.
Рецензия екі түрлі жолмен жасалады. Біреуі ашық, яғни автор рецензенттің кім екенін, рецензент те автордың кім екенін біледі. Ал жабық рецензияда автор мен рецензент бірін бірі білмейді. Оларға редактор ешқандай мағұлымат бермейді. Тек қолжазбаныың сыртқы бетін алыптастап, ішкі мәтінін ғана ұсынады. Сонда «ашық рецензияның атқаратын қызметі не», «жабық рецензияның міндеті қандай» деген заңды сұрақтар туады. Мұнда таңқаларлықтай құпия жоқ. Өмірде адамдар мінезі әртүрлі болады. Біреулер ашық әңгімелескенді ұнатады, кейбіреулер жұрт алдында сырын ашқысы келмейді. Енді біреулер арасында бұрыннан келе жатқан көзқарас қайшылықтары болуы мүмкін. Редактор осының бәрін автормен қоянқолтық әңгімелесе жүріп біліп алады да қолжазбаның нақты болмысын әділетті түрде тану үшін, қолжазба туралы обьективті яғни шынайы бағаға қол жеткізу үшін де не ашық, не жабық рецензия әдейі ұйымдастырады.
Қолжазбаның бағасы анықталған соң тақырыптық жоспарға енгізіледі де кітап етіп шығару үдерісі басталады. Алдымен басуға дейінгі үдеріс қолға алынады, Оқу, саралау, өңдеу, түзету, теру, қалыптау-беттеу, безендіру, техникалық-баспаханалық талаптарға сәйкестендіру істері бірінен соң бірі атқарылады.
Білікті де тәжірибелі әрі әділ редактор қолжазбаны рецензентке авторының аты жөнін көрсетпей ұсынады. Ондағы мақсаты - қолжазбаға әділ баға алу. Кейде рецензент авторының кім екенін алдынала біліп алса, онда адами факторлар әсерінен қолжазбаға әділ баға берілмей қалуы мүмкін.
Әдебиеттер:
1.Антонова С.Г. и др. Редакторская подготовка изданий: Учебник / Антонова С.Г., Васильев В.И., Жарков И.А., Коланькова О.В., Ленский Б.В., Рябинина Н.З., Соловьев В.И.; Под общ. ред. Антоновой С.Г., д.ф.н. М.: Издательство МГУП, 2002. 468 с.
2. Козлова М.М. Редакторская подготовка литературно-художественных изданий. Учебное пособие для студентов специальности «Издательское дело и редактирование». Ульяновск: УлГТУ, 2000.
3. Медеубекұлы С. Басылымды редакторлық даярлау. Оқу құралы. Алматы, «Қазақ университеті», 2014
References
1.Antonova S.G. and others. The editorial preparation of editions: Textbook / SG Antonova, Vasiliev VI, Zharkov IA Kolankova OV Boris Lensky, Ryabinin NC, Soloviev VI ; Under the total. Ed. Antonova SG, Ph.D. M .: Publisher MGUP, 2002. 468 p.
2. Kozlov M.M. Editorial preparation of literary publications. Textbook for students of specialty "Publishing and Editing". Ulyanovsk: UlSTU 2000.
3. Medeubekuly S. Basylymdy redaktorlyk dayarlau. Oқu қuraly. Almaty, «Kazakh universiti» 2014
Достарыңызбен бөлісу: |